Жұмасаев Бейсен Алашбайұлы
Бұл кітапты Алла ризалығы үшін әкем Алашбай
анам Торғай
Рухтарына арнаймын.
«Құдайдан қорықпағаннан қорық»
«Алланың ақ жолына түскенім...»
Мен Жұмасаев Бейсен Алашбайұлы 7 қараша 1955 жылы дүниеге келдім. Туылған жерім осы Шу ауданы Коммунизм совхозы қазіргі Ақтөбе ауылы. Ел қатарлы 1974-76 жылдары әскер қатарында Отан алдында борышымды Венгрияда өтеп келдім. Әскерден кейін ауылда көлік жүргізуші болып жұмыс істедім. Бұдан кейін 1981 жылы орман шаруашылығында тракторист болып жұмыс істедім.
Әкем Алашбай Шешем Торғай
Бала кезімнен өте бұзық болып өстім. «Шаш ал десе бас алатынмын». Әкем мен шешемнің еркесі болатынмын. Әкем Алашбай соғыстан 1942 жылы бір қолын беріп келді. Шешем Торғай бала туып-бағып, үй шаруашылығымен болды. Біз алты ағайындымыз, үш ұл, үш қыз. Әке-шешеміз шамасы келгенінше балаларын оқытты. Көбіне бізді шындыққа, әділдікке, біреудің ала жібін аттамауға, ұрлық жасамаңдар деп тәрбиеледі. Құдайға шүкір, ұлдары ұяда қыздары қияда демекші өздері қартайып, немере сүйіп отыр.
Кеңес заманында құдай жоқ, әруақ жоқ деген атеизм уақытында арақ ішіп, темекі шегіп жүргенімде менде бала тұрмады. Бала 6-7-8 айлық болғанда шетіней берді. Алғашқы екі келіншегімнен бала баға алмайсыңдар деп ажырастым. Осы үшінші әйеліммен тұрып жатқанда да солай болды. Бұны бір баласымен алып едім,. майкөтен болып артынан бала ілесер деп. Бұл әйелден алтыншы баламды жерлеп келіп, бір досымның үйіне барып, сол үйде арақпен мені жұбатып отырғанда 6-7 жасар қызы келіп,досымның мойнына асыла кетті, құлағына бір нәрсе сыбырлады. Сол-ақ екен, досым дастархандағы тәттіден бір уыс алып берді. Сол кезде ойыма шешемнің сөзі түсті.
- «Балам, арақты неге ішесің? Арақ сендерге жақпайды. Әкелерің де шарап ішіп жүргенде бала тұрмай қойған. Әкең де 6 бала жерлеп, шарабын қойғаннан кейін көрген мына сендерсіңдер»- деп айтушы еді. Сол жерде достарыма:
- Мен бүгіннен бастап арақты қойдым, балам қай күні босағама келін әкеледі, сол күні өлгенше ішемін - деп кеткен едім. Содан арақты қойып кеттім . Көргенім үлкенім – Еркебұлан 1990 жылғы, кейінгі – Ғалымжан 1992 жылғы.
1991 жылы асқазан ауруы айналдырды. Алғашқыда гастрит, язва деп арты ракқа айналды. Дәрігерлер, хирургтар операция ұсынды. Жараны кесіп алып тастаймыз, кейін мүмкін жазылып кетерсің, 2-3 жыл өмір сүресің деген еді. Бұрын ішіп жүргенімде 2-3 рет операцияға түскенім бар еді. Осыны алдырмай-ақ пышаққа түспей-ақ қояйыншы деп жүрдім. Алғашқыда ішкен асым бірде тамақтан өтіп, кейде өтпей қалып жүрді. Кейін қара судың өзі өтпей қалды. Бауырларым өлетін болды деп малымды, ұнымды дайындаған болатын. «Өлмеске өлі тауық жолығар» деген мақал бар. Бір күні жиенім Жамбыл келіп:
- Көке, Жамбыл қаласынан бір құмалақшы келіпті. Мамам екеуіміз сол кісіге барып едік. Ол кісінің құмалағына сіз түстіңіз. Жүріңіз, алып барайын, - деді.
- Мейлі, барсам барып көрейін- деп үйден шықтық. Сөйтіп Сатпаева көшесінде біреудің үйінде квартирада тұрып жатыр екен Қарлығаш деген жас келіншек. Мен кіре беріп едім:
- Аға, не өлемін деп жүрсіз бе?-деп сұрады.
- Өлмегенде нем қалды. Бір қасық су өтпей қалды- дедім.
- Аға, өлмейсіз, өмір-жасыңыз ұзақ, сізге намаз- құран оқу керек. Әулие аралау керек- деді.
Мен ойланып тұрып:
- Больница ракты жаза алмаған, мынау не далбаласалап тұр- деп ойлап едім.
- Аға, не далбасалап тұр дейсіз бе, өмір сізге керек маған емес. Міне адресім, мен Таразға қайтамын, 2-3 күннен кейін әулиеге жүремін - деді Қарлығаш. Үйге келіп Рымкүлге айттым.
- Барып көр, өлмейсің деп отыр ғой.
Әрі бері ойлап, ақыры өлемін ғой, барсам барып көрейін деп Жамбыл қаласына жиналдым.
Жас та өтер бірте-бірте кәрі де өтер,
Баянсыз бұл жалғанда бәрі бекер
Жаһанда мәнгі жасар жан жоқ сірә
Кетеміз; кетті, келер, тағы келер.
Кеңес Одағы тарап бензин жоқ, автобустар тоқтап дүкендер босап жатқан кез еді.Мен Жамбылға барған күні жер сілкініп, ел деген уап-шуап далада жүрген еді.Мен адрес бойынша Қарлығаштын үйіне бардым , тамырымды ұстап бүгіннен қалмай кетуіміз керек ,кешігіп қалмайық - деді.Жүгіріп жүріп біреуден сатып алып, біреуден сұрап алдық , әйтеуір сол күні Жаңатас тас жолына шығып, «Біссіміллә» деп Баба Түкті Шашты Әзиз әулиеге шықтық. Барғаннан кейін көргенім киіз үйде отырған ақсақал Рахымбай деген кісі мен кемпірі екеуі. Сөйтсем жаңағы Рахымбай ақсақал сол әулиенің шырақшысы екен. Әулиенің басына барып, құран оқыды. Біраз отырдық, сыртқа шыққан соң бұлағына бардық. Құран оқыды.
- Аға, «Бісмілләһи Рахман-Раһим» деп ниет қылып, мына судан ішіңіз, Алла шипасын берсін- деп. Қарлығаш кесемен су алып берді. Мен кеседегі суды: «Бісмілләһи Рахмани-Раһим» деп ниет қылып ішіп едім, су тамағымнан тастай болып өтіп, ішімді аралап кетті. Сонда ғана ішегімнің ұзын екенін байқадым. Сондағы дүниенің рахатын-ай десеңші! Тағы да екі кесе іштім. Сөйтіп киіз үйге келіп, керегеге сүйкеніп отырып ұйықтап қалыппын. Бір уақытта, ауызым кеуіп тілім таңлайыма жабысып шөлдеп тұрдым. Далаға шықсам таң қылаң беріп келе жатыр екен. Есіктің алдында шырақшының кемпірі есік алдын сыпырып жүр екен.
- Апа, шөлдеп кеттім, қайдан су алсам екен?-деп сұрадым.
- Е, сен кешегі ауырып келген баламысың? Бар, әулиеден атаңнан барып алып іш,-деді. Сондағы зәремнің ұшып, қорқып жан-жағыма қарамай әйтеуір жүгіріп отырып барып, апыл-ғұпыл су ішіп алды-артыма қарамай қайта шықтым. Егерде сол кезде біреу алдымнан шыға қалса жүрегім жарылатындай болды. Келгеннен соң дәрет қышады, барып едім қан өтті. «Е, өлген жерім осы екен ғой, адам өлер алдында тазаланады деуші еді» деген ой келді. Таңғы шайға отырдық. Сонда көптен бері тамағымнан өткені бір кесе шай іштім, бір бауырсақ жедім. Сол күні әлі есімде «Бісміллә» деп қолыма құран ұстаған күнім 27 тамыз еді. Сол күннен бастап Қарлығаш маған ұстаз болып, жол көрсетті. Қазір Қарлығаш ақ жолды тастап кеткен,базарда сауда жасап ақша-дүние қуалап кетті.
Аяндықпен әулиеге барып жүрдім. Суынан әкеліп ішіп жүрдім. Соның өзінде су бірде өтіп, бірде өтпеді. Қиналдым. Ауыр жұмысқа жарамай, балаларым кішкентай, әрі жас. Тамақ керек, отын-су керек дегендей жұмыс істеп жүргенімде жинаған-тернегенімді арзанға сатып сөйтіп әйтеуір күн көрдік.
Намаз-құран оқып жүріп, Алла нәсіп етіп жәйлап құмалақ ашып, адам қарай бастадым.
«Ат басындай алтын...»
1994 жылы жетінші рет аян көріп, Баба Түкті Шашты Әзизге әулиеге шықтым. Барып түнеп жатқанымда түсімде бір үлкен ата келіп: «Балам, ат басындай алтының бар астында арабша жазуы бар ұстайтын жері найзаның ұшы Әскербек ағаңның үйінен барып ал». Ояна кетсем, түсім екен. Таң атып қалыпты, намазға тұрдым.
Ауылға келгеннен кейін ертеңіне Алға совхозына Маңғаз апамның үйіне бардым. Есіктің алдында жүр екен. Малына жем- су беріп. Аман-саулықтан кейін айттым:
- Апа, мен аяндықпен келдім. Бір кісі ат басындай алтының бар, астында арабша жазуы бар, ұстайтын жері найзаның ұшы Әскербек ағаңның үйінен барып ал деді.
- Қарағым, қай әулиеден көрдің?
- Баба Түкті Шашты Әзизден.
- Қанша рет бардың?
- Жеті рет.
- Өлім аузынан қалдың, ә? – деді.
- Иә, апа. Рак болып бір қасық суға зар болдым ғой.
- Е, сондай адам келеді деп еді. Саған нәсіп еткен екен ғой.
---Жүр үйге-деді.
Үйге кіріп, дастархан басына келіп отырдым. Маңғаз апам арғы ішкі бөлмеге кіріп кетті. Біраздан соң қолында кішкентай ғана түйіншегі бар келіп отырды да, түйіншегін шеше бастады,. 5-6 бет орамалға ораған кішкентай ғана жылтылдаған таза күмістен жасалған мөрді алып шықты.
- Балам, әкелерің осы үйде «ат басындай алтын бар, көреміз» деп көре алмай кетті. Ешкімге көрсетпей, Ақмоншақ әжелерің тығып ұстап еді, өлетіннің алдында маған «аманат» деп табыстап кетті. Қыздарға, жиендерге беруші болма! Ұрлатып алма! Бұл мөр Қайдауыл бабаларыңн ан келе жатқан аманат. Әкеден балаға бір-бірінен сұрап алып отырған. Бұл мөрдің жарыққа шығатын күні бар. Дін тозып, дін аяққа басылған кезде аяндықпен жарық көреді деген еді әжең. Балам, қанша өмірім қалды дейсің, Әскербекке айтып кетем, мен өлгеннен кейін аларсың, көзімнің қарашығындай сақтап едім, - деді Маңғаз апам.
- Апа, бұл мөрдің қасында кішкентай ғана құран кітабы бар еді. Ол қайда ?-деп сұрағанымда:
- Бар, бұл мөрмен бірге құраны да бар еді. Сауытбек ауылындағы күйеу бала Сауранбай қызым Құндызкүлде. Балалары тұрмай өле бергеннен кейін сұрап алған еді. Ол құранды алғалы балалы болды ғой, қарағым. Ол қыздан сұратайын,-деді. Сөйтіп біраз отырып, мен мөрді әрі-бері ұстап көріп:
- Ат басындай алтын деп еді, алтыны қайсы?-деп неше түрлі ойға кеттім. Жаңадан құран үйреніп жүрген кезім. Құран оқып үйге қайттым. Көп ұзамай Маңғаз апам қайтыс болды, қайтыс болғаннан кейін бір жылдан аса аталарым:
- Бар, сұрап ал аманатыңды! - деп мазалай бергеннен кейін Әскербек ағадан барып сұрап алдым. Үйге әкеліп, тығып ұстап,
анда-санда шығарып құран оқып, қайта тығып қойып жүрдім.
1273 жылғы шаңырақтан түскен мөр. (Жабық түрі)
1273 жылғы шаңырақтан түскен мөр. (Ашық түрі)
«Асауан бабамыздың өмір тарихы»
Баба Түкті Шашты Әзизге барғаннан кейін Шымкент облысының әулие-әмбиелерге қысылғанда аяндықпен барып тұрдым. Бәйдібек ата, Домалақ ана, Гауһар ана, Арыстанбаб, Қожа-Ахмет Яссауи баба және тағы да көптеген әулиелерге, көптеген аналарымыз бен бабаларымызға. Суларынан шипа іздеп, Алладан тілек тілеп, әруақтарға бата жасап жүрдім. Сөйтіп жүргенімде 1996 жылы Арыстанбаб бабаның басында түнеп жатқанымда:
- Қарағым, балам, «әулие» деп әулие кездің. Әулие аяғыңның астында (Төле би ескерткіші мен тас жолды көрсетті) құмырсқаның илеуінде төртте алты күмбезім, төрт метр жерде өзім жатырмын. Төрт тал алдым, бесінші тал жамбасым тиген жер. Келіп белгіңді қой,-деген аяндық көрдім. Содан ауылға келгеннен көп іздеп, жатқан жерін таба алмай жүрдім. Бірақ әркімге айтып жүрдім. Біреулер: «Бар болса бар шығар. Тегін емес шығар. Өйткені авария көп болады». Ал басқалары: «Сен қуасың, қайдағы әулие?» дегендер де болды. Біреулер: «Сен намаз-құран оқимын деп кеңкелес болған екенсің. Қайдан келген әулие?» -дегендер де болды.
Күндердің күнінде әулие қысып, үйден шығып кеттім. Кешке талдардың арасын қарап келе жатсам, Төле би жақтан көлікпен досым кетіп бара жатып тоқтады.
- Әй, әулие кел, отыр. Не, әлі қуалап жүрсің бе?-деді де қаңылтыр банкідегі пивосын ішіп болып терезеден лақтырып жіберді де:
- Кел отыр, үйіңе апарайын,- деп қалжыңдап неше-түрліні айтып үйге апарып салды. Сол түні таңға осы Асауан ата келіп: «Қарағым, балам, тұсымда тұрып арақ іштіңдер ғой» деп жоқ болып кетті. Ояна кетсем, таң атып қалыпты. Дереу дәрет алып, намазымды оқып , үйден шығып талдар арасымен келдім. Келсем тұп-тура айтқанындай, алдында төрт тал бесінші талдың түбінде құмырсқаның илеуі. Талдар тұп-тура күмбез сияқты төртте алты болып тұр екен. Осы жер шығар деп, шүберек байлап, құран оқып үйге қайттым. Келіп жатып едім, көзім ілініп кетті. «Балам, қабыл болсын!»-деп бетін сыйпап ғайып болды. Ояна кетсем, түсім. Жатқан жерін тура тапқан екенмін деп қуандым. Өйткені сол кезден мазалағанды қойды.
Асауан бабамыз Меккеден келген, ислам дінін таратып, біз сияқты қараларға намаз-құран үйретіп, Алланың барлығын уағыздап, бір әріп үйретсе, бір мұсылман келтірдім деп қуанған екен. Бұл кісі біздің ұстазымыз. Осы жерде дінсіздер, дұшпандар көп болғандықтан тұрақталынып қалған. Бір ауыл болып отырған кезінде бір түнде жаулары келіп, қырып кеткен екен. Бала-шаға, әйел, ақсақал деп қарамай. Қазіргі атаның жатқан жері бұл кісінің үйі болған екен. Сол жатқан үйінде жаулар басып кіріп, сонау жақтан осы аяқпен келдің деп екі аяғын шауып, осы қолыңмен әріп үйреттің деп екі қолын шауып қансырап жатқан Асауан бабамыздың аузынан «Аллах» деп өзін қинап басына қылышын көтеріп тұрған дұшпанына «жақыныңнан бастап артында жалғыз қал» деп лағынет қарғыс айтып, шейіт болып кеткен екен. Содан бұл ауылдан хабар болмаған соң көрші ауылдан адамдар келіп осы ауылдың адамдары тегіс өліп жатқанын көреді. Содан кейін жатқан-жатқан жерінен күмбез көтеріп, кейін мешіт салып, медресе салып, кітапханасы салынған екен. Совет өкіметі келгеннен кейін бұл жердегі күмбез тегістелініп кеткен екен .
Бұл жерге келіп белгісін шүберекпен қойып кеткеннен кейін нәсіп етіп Қанат деген Тараздық жігітті ең алғашқы қондырып едім. Қатты ауырып, жолы болмай жүр екен. Сол баламен келіп, кешке түнеп кеттік. Кейін осы әулие ашылып Тараз қаласынан Әбдіқадір мешітінін медресесінде Қанат ұстазы Садықов Серікпен бірге және басқа шәкірттермен бірге келіп түнеп жатқанында Қанат әулие ашылмай тұрып, түнеп кеткенін дәлелдеп айтқан еді.
Осы жердегі тас жол 1958 жылы салынған екен. Ол кезде МТС Ленинский қазіргі Қонаев ауылында болған. Сол кезде жас маман Тұрғанов Сырғабай Далабайұлы главный механик болып жұмыс істеп жүрген. Ол кісінің айтқан әңгімесі:
- 1958 жылы осы үлкен тас жолды салуға бульдозер, машина, тракторлар бөлінген. Осы жердегі күмбездің ортасынан арба жол өтетін. Сонда бір үлкен бульдозерист кісі:
- Мен ол жерге бармаймын, - депті.
- Неге бармайсың? - деп сұрағанда
- Ол жерде Меккеден келген әулие бар, бармаймын, – деп қасқайып тұрып алды.
- Қазақтың бабайын мен көрейін, - деп орнына бір орыс кетіпті. Сонан соң жаңағы бармай қалған кісіге
- Коммунистсің, сотталасың ғой сорлы, бара салмайсың ба?- дегенге
- Маған не істемесе оны істесін. Мені өлтіре ме, шаба ма, артымдағы ұрпағыма кесірім тимесе болды, - деген еді. Жаңағы кісіні партсобраниеге саламыз, соттаймыз деп жатқанында осы жерден хабар келді. Кеткен бульдозерист орысты топырақ түсіріп жатқан машина қағып, миын шашып жіберген екен. Бауырым, содан бері мен қаншама өлік көрдім. Қаншама қыршын кеткен боздақ көрдім, осы әулие ашылғанда жан-жабыла, молдасы бар, аудан басшылары бар не болар екен? деп ойлап едім. Әруақ-құдай бар екен , қолдап- қорғап қалың жаудың ішінен сені алып шықты - деп осы әңгімесін айтып кетті.
Осы әулие жаңадан ашылғанда Төле би ауылында тұратын Әріп деген түрік молда келді. Жөн сұрасып, өзі құран оқыды:
- Қарағым, қабыл болсын, - деп кетті.
Үш күннен кейін Әріп молда қайта келді. Мен алдынан шығып сәлем беріп едім:
- Балам кешір мені, кешір, – деп қайта-қайта айтып қоймады.
- Ата, нені кешірейін, келдіңіз, құран оқыдыңыз? Не үшін? – деп едім:
- Балам, құран оқып болайын, содан кейін айтайын, – деп ұзақ отырып құран оқыды.
Біраз отырғаннан кейін:
- Ух, енді жіберді ғой, - деп әңгімесін бастады.
- Балам, мына жерде бесінші тал бар ма еді?
- Иә, ата. «Бесінші тал жамбасым тиген жер» деген.
-Балам, өткенде келгенімде күмәнданып едім. Құранды жөндеп білмейді, тракторист болған, біреуден естіп, авария көп болғаннан кейін белгісін қойды деп ойлап едім. Қарағым, балам қателескен екенмін. Талдың түбінде құмырсқаның илеуі бар ма еді?
- Иә, ата. Бар болатын. Қазір құмырсқалар мына жаққа төбеге қарай жотаға көшті.
- Е, солай деп еді. Қарағым, балам 1937 жылы Кавказдан көшіріліп, осы Қазақстанға жер аударылғанда әкелеріміз осы Новотроицкое жаққа сұранған екен. Кейін орныққаннан кейін Шу мен Төле би екі ортасында арба жол өтетін. Бес күн түнеп, шырақ жағып, бес күн бес мал сойып, үзбей құран оқып Алладан тілек тілеп еді. Сонда бұл кісі жатқан жерін айтпай қойып еді. Балам, саған нәсіп еткен екен ғой. Әкелеріміз айтып кетіп еді: «Әрбір құрбан айтта осы жерлерге мал сойып тұрыңдар, біз болмасақ сендерге нәсіп болар. Егерде осы әулиені тауып алсаңдар бүкіл қазақ қоластыңда болады. Бұл кісі Меккеден келген «әулие» деп айтушы еді. Балам, үш күн- түнімен қысып барып балама айт білгеніңді дегеннен, жаныма батқаннан кейін келдім. Балам, осы әулиенің жатқан жері тура осы болса, адал отыр, шындықпен отыр. Бірінші Алла, екінші осы жатқан атаң саған келіп тұрған бәле-жәледен алып шығады, - деп айтып еді.
Жақсы да өтті, жаман да өтті жалғаннан,
Кетті олар өз орнына арналған.
Қу топырақты кеудесіне басты да,
Не жақсылар түсті сыз жер астына.
Ең алғашқы ашылғанда осы әулиеге дәлелмен келген Байжанов Аманжол атам еді. Немере баласымен келіп, құран оқытып, мән-жайды сұрасты. Осыдан кейін бұл кісі қайтыс болар алдында 3-4 күн бұрын баласы Көлбаймен бірге келді. Сонда да құран оқытып, біраз әңгімелесіп отырғанда айтқаны:
- Балам, бұл әулие бары рас. Әкелеріміз 1929 жылы Арқадан келгенде бұл кісінің жатқан жерін іздеген еді. Меккеден келген әулие деп кетіп еді. Қанша өмірім қалды дейсің? Бірақ тірі жүрсем, мына балаларыма айтып отырамын. Балам, мына атаңның жатқан жері осы болса, рас болса, сен адал шындықпен мынаның ақшасы бар, мынаның дүниесі бар деп, елді бөлмей таза отырсаң, бұл кісі қандай да болмасын саған келіп тұрған жаманшылықтан қорғап тұрады.
Балам, дұшпандарың көп Шудың имамы Әбдірәсіл Рысмендиев Болатқа айтқанын естідім:
- Әруақ жоқ, ақша - дүние үшін отыр – дегенін.
-Балам, халықпен бірге бол, халқың сені көтереді, – деп өсиет қылып айтып еді. Аманжол ата кеткеннен кейін үш күннен кейін қайтыс болды дегенін естіп мен қатты қайғырдым. Қабырғама батты, жан-жабыла талап жатқанда Аманжол атамның сөзі маған демеу болып еді.
Бұл кісіден кейін бір « жұма намаздан келе жатырмын» - деп
Қонаевта тұратын Әзиз молда келді. Келіп:
- Жұма намазда мешітте, жиналған елден естідім. Құдай-әруақ бар ата. Осы жерде әулие ашылды деп ел шулап жатыр. Әулиенің жатқаны рас болса, сіз адал болсаңыз, әулие алып шығады. Бірақ имам айтты:
- Көрінген жерге топырақ үйіп әулие дей берсе, жердің бәрі мола болып кетпей ме? – дейді.
- Ата, қас-дұшпандарыңыз көп болады -деп ескертіп кетті. Сол кезде ең алғашқы ашылғандағы әңгіменің бірі менің досым Даукеев Серік айтып кетті:
- 1982 жылдары ЖОС-та шофер болып жүрдім. Бір күні ішіп қойып, ГАИ тоқтатып, правомды алып қойды. Беретін ақшам жоқ болып, қазір әкеліп беремін деп келе жатыр едім, осы тұсқа жақындағанда жолдан бір ақ киген кісі шапаны бар, басында сәлдесі бар тура машинаның алдынан өтіп бара жатқан жерінен қағып кеттім. Тоқтай қалып, машинаның асты-үстін, капотын қарап, таппай қойдым. Бірақ анық «гүрс» етіп машинамен қаққанымды көрдім, таба алмадым. Бұл не болды екен деп таң қалдым. Содан ақшаны қайта келіп, гаишниктерге беріп правомды алдым. Осыдан кейін тағы да арақ ішіп алған едім осы тұста ақ киім киген,таяқ ұстап жолдың шетінде тұрған ақсақалды көрдім. Содан кейін арақ ішіп алғанда бұл жолмен жүрмейтін болдым – деді. Сол келгенде досым бір самаурын әкеліп берді. «Халыққа қызмет етсін» деп. Алғашқыдағы қиын-қыстауда дүниесінен ешнәрсе бөліп бермесе де осы Аманжол ата, Әріп ата, Әзиз молданың айтқан сөздері маған үлкен күш-қуат демеу болды. Әкемнің айтып кеткен өсиетін ылғи есімде сақтап жүрдім.
- Арлы-ожданды бол!
- Елге деген парызыңды ұмытпа!
- Намысыңды жастан сақта!
- Халқыңды алалама!
- Жақыныңды жаралама! – деген сөздері.
«Құдайдан қорықпағаннан қорық...»
Құмалақ ашып, ел қарап жүргенде, бір күні бұрынырақта Коммунизмде көрші тұрып, әрі десе жақын нағашым болып келетін Өткелбаев Асылбек әйелі Ләззат екеуі келіп құмалақ аштырды:
- Бейшен, жолым болмай жүр – деді.
Құмалаққа түскенін айттым:
- Қалай жолың болады, әкелерің үлкен молда еді, намаз-құран оқы, жолың ашылады – дедім.
- Қалай жолым болады, істілі болдым авария жасап екі адам қайтыс болды, Күншасов Болат жұмыстан қудалап, соттаймын деп жатыр. Мойным мынау бұрылмайды. Бішкекте білікті хирургтар қолхат жаз, біз гарантия бере алмаймыз» - деді. Не істеймін ?-деп ренжіген еді.
- Ештеңе жоқ, құран оқы, ақ жолға түс, бәрі болады.
Сонымен дем салып оқылатын болды, оқылып, қаралып жүргенде кіші балам Ғалымжан ойнап жүріп қолын шығарып алды. Енді Алғадағы қырман жақта тұратын мақау атаға шығайын деп тұрғанымда Асылбек машинасымен келді:
- Не болды? - деп сұрады.
- Мынау қолын шығарып алды, енді соны сынықшыға апарайын деп отырмын – дедім.
- Велосипедті таста, жүр мен апарайын – деді.
Бардық. Атам үйінде екен, Ғалымжанның шыққан қолын салды. Сонан соң айттым:
- Ата, мына баланың мойнын көріңізші - деп ол кісінің әйелі ымдап түсіндіріп отырды. Ыммен басын изеп «жарайды» деді.
Атам мойнын уқалап массаж жасап отырды. Біз әңгімелесіп отырдық. Бір уақытта «шарт» еткен дауыс шықты. Ата ымдап «оңға» қара деді, сонан соң «солға қара» деді. Асылбектің қозғалмай қалған мойны әрі-бері қозғалды. Рахмет айтып шықтық, шығып бара жатып.
- Асылбек, енді ем қонарыңды бер мына кісіге. Әнеугүні Бишкек гарантия бере алмаймыз деп айтты деп едің ғой. Ұят болмасын - деп едім, жарайды деді. Осы жағдайдан кейін Асылбек пен Ляззат екеуі екі-үш күннен кейін келіп айтқаны:
- Бейшен, лесхоздың бергі шетінде 5-6 машина бір-бірімен соғысып 7-8 адам өліп жатыр, масқара асфальттың үсті қып-қызыл қан- деді.
- Асылбек ол жерде Меккеден келген үлкен әулие кісі жатыр - дедім.
- Сен қуасың, қайдағы әулие? - деді Асылбек.
- Асылбек, сен милицияда жұмыс істедің. Анша-мұнша заңды білесің ғой, жүр жатқан жерін көрсетейін,- деп Асылбектің машинасымен келіп орнын көрсеттім. Әйелі тұрып:
- Бейсен, сен жынды болғансың қайдағы әулие? - деп екеуі машинаға мініп, маған күліп кетті. Мен сол жерде қалдым. Үйге келгеннен соң ертесіне Асылбек пен Ләззат қайта келіп тұр.
- Е, не болды? - дедім.
- Кеше Ляззат еттің қарыздарын жинаймын деп таксимен кетіп еді, бақпадан қайтып келе жатқан сиырларды қағып сол сиырлардың ақшасын төледік. Шынында, әулие болса бар шығар. Енді не істейміз? – деді Асылбек.
- Асылбек, біріміз малын алайық, біріміз дастарханын алайық. Шамамыз келгенінше елді шақырайық та құдайы тамақ берейік – дедім.
- Әй, сенің есің дұрыс па? Айдалада ол жерде ылғи топырақ суырып жел тұрады. Біз елге тамақ емес, тас береміз,- деді әйелі екеуі.
- Көресің ғой, самал жел тұрып, шыбын да болмайды – дедім.
Сол күні кешке жаңбыр жауды, ертесіне Асылбек машинасына бір мал салып келіп тұр.
- Жүр, құдайыңды берсек берейік, - деді. Сонымен дастарханын мен алдым, қазан-ошақ, самаурын, отын әкеліп «Бісміллә» деп құдайы тамақ бердік. Біраз адамдар жиналды. Төле би ауылының имамы Аят мырза келді. Қасында бухгалтер – Ақтан деген кісі және екі кісімен келді. Құран оқыды,олар кетіп қалды. Артынан қарасам жеті еркек қалыппыз. Аяндықта айтылған «құдайы бересің, таратып болған соң жеті еркек қаласыңдар. Жетеуің боп топырағымды үйесіңдер» деп еді. Сол қалған жеті еркек топырағын үйдік. Құран оқып, сол күні мамыр айының он бесі 1999 жыл еді. Содан бастап халық тоқтап сұрай бастады. Көрген-білгенімді айтып отырдым. «Халық - сыншы» дейді. Бірі келіп «авария көп болатын» деп жатты, бірі - болса болған шығар» деп, біреулері үндемей қайтып жатты. Бір күні бір кісі 14.08.99 жылғы шыққан Шу өңірі газетін әкеліп берді. Оқысам «Әруақтар маған аян берді» деген Еңбек ауылының мектеп директоры Несіпбай Қоңырбаев жазған мақаласы екен.
Достарыңызбен бөлісу: |