Ф-ОБ-001/035
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ......................................................................................................................3
І ТАРАУ. Тарих толқынындағы көне қалалар
1.1. Талас-Тараз қалаларының тарихы...................................................11
1.2. Талас өңіріндегі қалалар туралы парсы деректері...................22
ІІ ТАРАУ. Талас-Тараздың көне шаһарлары тарихтың маржандары
2.1. Талас-Тараз өңіріндегі тарихи ескерткіштерінің
қалыптасуы мен дамуы...............................................................................32
2.2. Таластың көне шаһарларының өркениеттік мазмұндары............45
2.3. Тараз-рухани байлығымыздың алтын діңгегі................................50
ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................................56
ҚОСЫМША Талас-Тараз өңірінің тарихындағы елеулі оқиғалар............63
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН СІЛТЕМЕЛЕР ТІЗІМІ............70
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Тарихымызда Талас өңірінің ерекше орын алатындығын қазіргі таңда зерттеушілер айтып та, жазып та, жүр. Бірақ нақтылай алғанда үйсін дәуірінен бастап қалыптасып келе жатқан қалалар мен материалдық мәдениетіміздің тарихи ескерткіштерін зерттеп, бір күйге келтірген ғылыми еңбектерді кездестіру қиын болып тұр. Сондықтан өзімнің ой жүйемді түгендей отырып, баспа, материалдарын сараптай алсам деген оймен осы еңбекті жазуға белсене кірістім. Ол үшін кітапханаларды аралап қолға түскен материалдарды іріктеп жинақтадым. Көпшілік қауым ойынан шығар еңбегімді жазуға сенімдімін.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті.
- Талас өңірінің тарихи ескерткіштерінің дүниеге келу кезеңдерімен даму жолдарын анықтау. Олардың даму мәселесін зерттеген тарихи еңбектер мен ғылыми монографиялық зерттеулердің мазмұндарымен танысу.
- Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламамен мемлекеттік құжаттардың мазмұндарын оқып үйрену, баспа беттерінде жарық көрген тарихи материалдарды оқып танысу, олардың мазмұндарын зерттеу жұмыстардың негізгі талап- тілектерімен салыстыру арқылы осы диплом жұмысының негізгі бағытымен міндеттерін мазмұнын жасау негізгі міндеті мен мақсаты болып есептелген.
Зерттеу жұмысының тарихнамасы.
Тарих бесігінде тербеліп қалыптасқан Талас- Тараз өңірінің қалалары да әлемдегі ұлы қалалар тағдырымен тағдырлас, өзіндік қайталанбас ғұмырды бастан кешкен қалалар. Жоғарыда қойылған мақсаты- міндеттерді жүзеге асыру барысында зерттеу еңбектерінде Талас-Тараз қалалары жайлы баспадан жарық көрген тарихи әдебиеттер және мерзімдік басылымдар, тарихи әдебитеттер мен зерттеу материалдарын қазақ тарихы журналы беттерінде зерттеу материалдар қолданылған. Пайдаланылған әдебиеттер А.Н. Бернштам «Талас алқабының ежелге ескерткіштері» деген тарихи- археологиялық очеркі. Қытайдың 6000 жылды қамтитын «Цянь-Хань-Шу», яғни «Кейінгі Хан әулетінің тарихы деген жылнамасы оны алғаш орысшаға аударған Н.Бичурин. Мекемтас Мырзахметұлы, Ислам Жеменей және Асқар Әдуалиевтің «Көне Тараз» атты еңбегі Әбіш Кекілбайдың «Талайғы Тараз» атты еңбегі, Бақтияр Әбілдаұлының «Талас Айша бибі, Қарахан» атты кітабы. Мұхаммед «Хайдар Дулати» Тарих- и Рашиди» еңбегі, Тараз Жамбыл облысы энциклопедиясы, сонымен қатар оқулықтар, әр жылдары мерзімдік басылым беттерінде жарық көрген мақалалар пайдаланылған.
Зерттеу әдістері.
Бұл дипломдық жұмысты жазу барысында жинақтау, жүйелеу, салыстыру, талдау және тағы басқа зерттеу әдістері пайдаланылды.
Пайдаланылған әдебиеттерді тақырып мазмұнын ашу үшін талдаумен салыстырма әдістерін қолдана отырып ғылымилығын дәлелдедім.
Ғылыми жаңалығы.
Бұл тақырыптың ғылыми әдебиеттерде қолдануын зерттедім. Қазақстан тарихында берілген материалдармен салыстыра отырып, бұрын қолданылмаған материалдарды қосып өзімше ой-топтамасын жасадым. Ғылыми өңдеу арқылы дипломдық қорытындылау жасалды.
Теориялық және практикалық маңызы.
Талас-Тараз қалаларының өткен тарихына жұртшылық пікірі ерекше ауып тұрған жағдайда осы қолжазбада жарияланған тың тарихи еңбектеріміз пайдаға асар деген үміттеміз. Талас-Тараз қалалары жайында арнайы курс дайындауға болады; ол туралы мәліметтер мен жеке ойларымыз оқушыларға, лекциялар оқуда, дерек ретінде пайдалануға болады.
Яғни бұл дипломдық жұмысты орта мектеп оқушыларына, тарих факультетінің студенттеріне курс, семинарларда пайдаланып, мұндағы ой-пікірлерді басшылыққа алуға болады деп есептеймін.
Зерттеу жұмысының құрылымы.
Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, бес тақырыпшадан және қорытындыдан тұрады. Дипломдық жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі, суреттер берілген. «Тарих толқынындағы көне қалалар тарихы» деп аталатын тақырып аясында Талас-Тараз қалаларының қалыптасуы мен дамуы, және Талас қаласының атаулары жайында, жан-жақты талқыланады. «Талас өңіріндегі қалалар туралы парсы деректері» деп аталатын тақырыпта Талас-Тараз қалалары жайында шет елдер тілінен парсы тіліне аударылған және парсы тілінде жазылған деректер көрсетіліп отыр.
«Көне шаһар маржандары» атты екінші тарауда үш тақырып аясында, мұнда Талас-Тараз өңірінің тарихи ескерткіштерінің қалыптасуы мен дамуына және көне шаһардың сөнбес шырақтары туралы мағлұматтар берілген.
«Тараз- рухани байлығымыздың алтын діңгені» атты тақырып аясында Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы талқыланады.
Ежелгі Талас-Тараз жері тұнған тарих. Тарихтың, мәдениеттің көзі де, өзі де ескерткіштер. Ел есінде қалған, тарихи еңбектерде жазылған мәдени ескерткіштер біздің халықтың ықылым замандардан нәр алғандығын әлемге танытады. Көзде жоқ болса да көңілде қалған тарихи ескеркіштер орны қанша ма? Екі мың жылдық тарихы бар Таразды айтпағанда, сегіз ғасырдан бері көздің нұрына, жүректің жылуына айналған Айша бибі мен Бабаджа хатун күмбездері, ғасырдың басында қайта тұрғызылған Қарахан әулие кесенесі мен Әбдіқадыр мешіті, бұл далада іргелі. Мәдениеті дамыған мемлекет болғанын танытады.
Бізге Н. Я. Бичуриннің, А.Н. Бернштамның, Ә.Х.Марғұланның, Ю. А. Зуевтың, Т.Сенигованың, С. Өтениязовтың тарихи еңбектерінен Талас қаласы біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші ғасырдың орта кезінде салынғаныбелгілі. Мұндай қорытынды жасау үшін негізгі дерек көптеген зерттеушілерге белгісіздеу «Үлкен хань әулетінің тарихы» деген қытай жылнамасы болып отыр. Үлкен хань әулеті Қытай мемлекетін қазіргі жыл санауымыздан бұрынғы 202 жылдан бастап қазіргі дәуірдің VIII ғасырына дейін билеген. "Цянь-Ханьщу» деп аталатын бұл жылнаманы біздің дәуіріміздегі 27 жылы Қытай тарихшысы Баньгу жазған./1/.
А. Н. Бернштам «Талас алқабының ежелгі ескерткіштері» деген тарихи-археологиялық очеркінде осы қытай дерегіне сүйене отырып: «Бұл жылнамада Талас өзені туралы тұңғыш рет жазылады, міне, осы өзен жағасында біздің отанымыздың тарихына тікелей қатысты аса ірі оқиға өткен.
Біздің жыл санауымызға дейінгі 204 жылдан бастап Орталық Азияда үстемдік еткен ғұндардың тайпалық одағы таптық жіктелуінің арта түсуіне байланысты біздің жыл санауымызға дейінгі 55 жылы екіге бөлініп кетті. Бір бөлігі Хуханье шаньюдың басшылығымен Қытайға бағынып, Чжи-чжи шанью басқарған екінші топ тәуелсіздік үшін күресті жалғастыра берді. Қуатты дұшпандарды тықсырған Чжи-чжи билігіндегі солтүстік ғұндар осы шайқаста амалсыз солтүстік-батысқа қарай қоныс аударуға мәжбүр болды. Ғұндардың көп кейінірек — біздің дәуіріміздегі V ғасырда Батыс Еуропадағы Францияда аяқталған батысқа қарай жылжуы іс жүзінде осы кезеңнен басталған еді...
Қытай деректеріне қарағанда Чжи-чжи шанью қаңлы тайпасының билеушісі тарапынан қолдау табады, каңлы көсемі шаньюге және оның жасақтарына өз иелігінен жер бөліп, қызын ұзатады... Чжи-чжи шаньюдың әрекеттері Қытайдың билеуші топтарын қатты алаңдатады. Олар өздеріне солтүстік ғұндардың шабуылын ұйымдастырушы Чжи-чжи деп біліп, Чжи-чжи шаньюдың көзін құртуды ұйғарады. Осы мақсатпен Қытайдың екі қолбасшысы Ганъ-янъ-шоу мен Чэнъ-тан басқарған арнайы әскери қосынын аттандырады. Бұл әскерлер 36 жылы Чжи-чжиды қоршауға алып, оны өлтіріп тынды. Осы қолбасшылардың өмірбаяндарында олардың жорығы мен Чжи-чжи шаньюдың ордасы баяндалады. Мұнда шаньюдың шатырлардан тұратын ордасы жан-жағынан дуалдармен қоршалған қала ішінде, Талас өзені жағасында екендігі көрсетілген». /2/.
Ю.Я.Зуев те «Үйсіндердің этникалық тарихына» деген мақаласында сол қытайлық «Дянь-Ханыьшу» негізінде: Чэнь Тан мен Ганъ-янь-шоудың Таласқа, ғұн шаньюы Чжи-чжидың қаласына біздің жыл санауымызға дейінгі 36 жылы жасаған жорығы суреттелген жылнамада олар солтүстік жолмен жүріп отырып Қызыл алқапқа жеткен соң үйсіндер елін көктей өтіп, қаңлылар шекарасынан асып, батыс жақтағы Толы көлге шықты» деп жазды. Бұл жерде Ю.Я.Зуев бұрыннан бар Талас қаласы туралы жазып отыр.
Дәл осы соғыс жайында Л.Н.Гумилев «Сборник в честь академика И.А. Орбели. Исследования по истории народов Востока" деген жинақта жарияланған «Біздің жыл санауымызға дейінгі 36 жылғы Талас соғысы» деген мақаласында неғұрлым толығырақ жазады: «Үйсіндерге үсті-үстіне жасалған шабуылдарда шек болмады. Сөйтіп, біздің жыл санауымызға дейінгі 42 жылы хундар олардың астанасын тас талқан етті... Хундар шабуылының тағы бір нысаны Ферғана алқабы болды, алайда Чжи-чжи бұл алқапты тонаумен ғана шекгелген сияқты... Жиналған олжаны сақтау үшін орын керек болды. Чжи-чжи Талас өзені алқабында өзі және қосыны үшін қорған салғызды, бұл қорғанды 500 жұмысшы екі жыл бойы салды...»/3/.
Талас қаласының негізі қаланған уақыт туралы Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі Ә.Х.Марғұлан да жазған. Бұл ғалым өзінің «Әлі де шешілмеген мәселелер көп» деген мақаласында Қытай жылнамасының деректеріне сүйене отырып, ұлы шанью Чжи-чжи «Біздің жыл санауымызға дейінгі I ғасырдың орта кезінде өз мемлекетінің астанасы ретінде Талас қаласын салды», — деп үзілді-кесілді тұжырым жасайды.
Ғұлама осы мақаласында Қытай тарихының зерттеушілері Де Горт-тың, Шаванның, А.Херманның, Дайвандектің ғылыми кітаптарында Талас қаласы салынған уақыттағы жағдай туралы молынан жазылғандығы туралы атап көрсетеді. Ал, қазақтың жас ғалымы Самат Өтениязов «Білім және еңбек»
журналының сол жылғы № 6 санында Атилла туралы мақаласыңда ежелгі Қытай мұражайының бірінде әлі күнге дейін сақталып отырған жібек картада Талас қаласы көрсетілгендігін жазады./4/.
Қытай жылнамасындағы бұл деректер қазіргі Жамбыл қаласының орнында біздің жыл санауымызға дейін-ақ елді мекендер болғандығы туралы
А.Н.Бернштам, Т.Н.Сенигова, Е.Т.Агеева, М.С.Мершиев, Л.И.Ремпель, Г.И.Пацевич басқарған археологиялық зерттеулердің материалдарымен де дәлелдене түседі. Бұл деректер Жамбыл қаласы қазіргі жыл санауымызға дейінгі 42-41 жылдары салынған деп нық сеніммен айтуға мүмкіңдік береді.
Жетісу өңірінде сол заманда хундар үстемдік жүргізді. Талас қаласын салғызған хун тайпасының басшысы, әрі көсемі Чжичже еді. Бұл өңірдегі Шу қаласы хундар келмес бұрын өте ертеде пайда болған еді...
Жетісу өлкесін бағындыруды Қытай империясы ертеден-ақ ойластырған болатын. Біздің эрамызға дейінгі 72 жылы осы мақсатпен Қытайдың көп әскері бұл өлкеге баса көктеп кірді. Бірақ сақ, үйсін, қаңлы, хун тайпаларының біріккен әскерінен мықтап жеңілген соң масқара болып кейін қашуға мәжбүр болды.
Хун көсемі Чжичженің негізгі резиденциясы Шу қаласында болды. Дегенмен, ол хун мемлекеті үшін жаңа астана салуға бұйрық берді. Талас өзенінің жағасындағы осы өзенмен аттас қала болды. Іргелес қаланған Талас қаласы тез өсіп көркейді./5/.
Әрине, астананың тез өсуі, Хун мемлекетінің күшеюі мен саяси жағдайына байланысты. Хун ордасы керемет күшейіп, нығайды. Ордаға сол замандағы көптеген тайпалар бірікті.
Талас қаласының үстімен Жібек жолы өтетін болғандықган, Хун астанасы үлкен сауда орталығына айналды. Хундардың батыстағы сауда жолы Рим империясына дейін барды. Хун мемлекетінің басшысы Чжичже Юлий Цезарь заманында Рим империясымен достық қарым-қатынас жүргізді. Хун мемлекетінің астанасы Таласта Рим империясының, яғни Марк Красс әскерінің бірнеше легиондарының тұруы бұл жағдайға үлкен дәлел бола алады.
Хун мемлекетінің күшейгенін көрген Қытай басшылары саса бастайды, Чжичже ордасы Қытайдың батысқа баратын сауда жолына ғана емес, империяның өзіне қауіп төндіре бастайды.
Айлакер Қытай басшылары Жетісудағы Хун мемлекетін қайткен күнде де ыдыратуды ойлап көптеген елшілерін аттандырды. Олар ордаға біріккен тайпалар арасына іріткі салып, бір-біріне қарсы қойды. Тіпті, үйсін тайпасының өзі ордаға мойын ұсынбай Чжичжеге қарсы шықты. Осындай жағдайлар Хун мемлекетін әлсірете бастайды./6/.
Орда ішінде орасан зор алауыздық туғызған соң Хун мемлекетінің әлсірей бастағанын пайдаланып, Қытай империясы көп әскер шығарады. Бұл біздің эрамызға дейінгі 36 жылы болған жағдай еді. Қытай мемлекетінің Жетісу мен батысты түгел бағындыру үшін шығарған көп әскеріне Чентан мен Ганяньшу сияқты тәжірибелі қолбасшылар басшылық етті.
Жолда кезіккеннің бәрін қырып-жойған Қытайдың көп әскері Хун мемлекетінің астанасы Таласқа жақындап келеді. Осы жерде үлкен шайқас болады. Көп ұзамай, Талас қоршауда қалады.
Талас — сол замандағы ең сұлу қала. Қалада зәулім ғимараттар көп болған. Әсіресе, Чжичже сарайы алыстан көз тартады екен. Қала қорғаны да биік етіп құрылған...
Қала халқы мен хун әскері өз астанасын жан аямай қорғаған. Жауынгерлер қала мұнараларында тұрып Қытай әскеріне оқ атқан.
Ұзақ уақыт қоршауда тұрған қалаға Қытай басқыншылары баса-көктеп кіреді. Қытайлар қалаға кірген соң, халқын қырып-жойып, әсем ғимараттарды қиратады. Хун көсемі Чжичже сарайының күлін көкке ұшырып, оның басын императорға табыс ету үшін Қытайға алып кетеді.
Жетісу жеріндегі ең сұлу қала Талас тағдыры осылай болды. Әлі күнге дейін Қытай мұражайында Жібек матаға салынған Талас қаласын және Чентан әскерінің қалаға жасаған шабуылын бейнелейтін суреттер сақтаулы...
Біздің дәуірімізге дейінгі 36 жылы Қытай әскерінің шабуылынан Талас қаласы қирады. Осы басқыншалардың әсерінен Оңтүстік Қазақстан халқы және оның озық мәдениеті көп зардап шекті. Түрік тайпаларының бірлестігі ыдырады./7/.
Алайда, Талас- қаласы түгелдей өмір сүруден қалған жоқ. Мықтап қираған қала ұзақ уақыттан кейін яғни VI ғасырда қайта гүлденіп, үлкейе бастады. Әрине, қираған қаланың жаңадан жандануы сол өлкелердегі бұрынғы мәдениеттің қайтадан жаңғырғанын көрсетеді. Бұрынғы сұлу қала Талас бұл кезде Тараз деп атала бастады. Таластың Таразға айналуы 893 жылы Бұқараны билегег Парсы- Тәжік Исмаил Саманидің Талас алқабын жаулап алуынан басталды. Орта ғасырлық тәжіктер «л» -ды «р» деп айтып келген. Тараздың қайта жаңғырып, үлкейе бастауы сол кездегі, яғни VI ғасырда пайда болып, қанатын кең жая бастаған. Түрік қағанатының нығаюына байланысты... Қайта құрылып, өсіп- көркейе бастаған Тараз Түрік мемлекетінің сауда және мәдени орталықтарының біріне айналады.
І ТАРАУ. Тарих толқынындағы көне қалалар.
-
Талас-Тараз қалаларының тарихы.
Тараз қаласының аты түркі қарлұқтар билеген кезде айдай әлемге шыға бастаған. Алатау мен Қаратау түйіскен алқапты қақ жарып аққан Талас өзенінің жағасындағы бұл қалада Әулиеата Қараханның да, Айша бибі мен Бабажі қатынның да күмбездері салынбақтүгілі олардың ата-аналары да әлі өмірге келе қойған жоқ-тын. Түркештер мен Қарлұқтардың теріскей-шығысында Жетісудағы оның Алтайдан бергі кең байтақ далада сыйыса алмай, бытырап-бытырап кеткен түрік қағанатының қалдықтарын жинай алмай, бір тізгінге таласып жатқан тар заман еді.
Шынында да, Талас қаласы қарлұқтар билеген заманда енді-енді кемеліне келе бастаған үлкен сауда орталығы еді. Дүние іздеп, пайда көздеп Жібек жолы бойында керуен тартқан кірекеш саудагерлер Талас жағасындағы қаланың сарайларын Қытайдан, Ираннан, Ұрым аталатын Византиядан әкелінген небір тауарларға, бұйымдарға толтырып тастаушы еді./8/.
Құпиясы ашылған, оны арабтардан европалықтар үйренгенін таяуда «Егемен Қазақстан» өзінің «Әлемге әйгілі...» деген айдарына жазды, қалада баяғы ата-бабаларының тәңіріне сыйынып, отқа табынатын түркілер де аз емес-ті. Бұл кезде Талас қаласын қарлұқтар жобасы Оғулшақ Қадыр билеуші еді. Қалада ата-бабаларымыз саудагерлігі үшін сарттар деп атап кеткен соғдылықтар, сонау 751 жылғы араб-қытай соғысынан кейін тұтқынға түсіп, түркіленіп кеткен 20 мың қытайдың ұрпақтары да, тіпті гректер де, парсылар да өмір сүріп жатушы еді. Міне, осы бір ынтымақ, байлық, бірлік, әсіресе түрлі діндегілердің тіл табысып кеткендігі тәжіктер жайлаған Бұқара қаласының билеушісі Исмаил Саманиді қатты толғандырған. Тараз қаласының, тіпті, кейінгі қазақ елінің, жалпы түркілердің тағдырына үлкен әсер еткен Самани әулеті қайдан шықты? Бұл жайында Нершахидің «Бұқара тарихында» біраз жазылған. Бұл әулеттің негізін қалаған Қода атты тәжік Бұқара түбіндегі Саман қыстағынан шыққан екен. Ол қазіргі Тәжікстан, Өбекстан,
Қырғыстан, Түркіменстан, Оңтүстік Қазақстан жерлерін 751 жылғы жеңісті соғыстан кейін билей бастаған араб Аббас халифатының билеушісі әл-Мамун тарапынан көтермеленген адам еді. Кейін оның үлкен ұлы Нух Самарқан уәлаятын, Ахмед- ферғана, Яхич-Шаш Ілияс- Герат уәлаяттарын биледі. Ахмедтің ұлы Насыр 875 жылы халиф тарапынан Әмудария мен Сырдария арасындағы алқапта- Мәуер-ән-Нахрда әмір болып тағайындалды. Осы Насырдың туған інісі Исмаил Ирандағы Хорасан уәлаятына билік жүргізді. Ол билігін күшейту, жерін кеңейту үшін 892-907 жылдар аралығында жаулап алушылық саясат жүргізді. Бұқара қаласын астана етіп, Самани мемлекетін гүлдендірді./9/.
Исмаил Самани 893 жылы өзі көзінің құрты болған. Талас қаласына қарай лек-лек әскерімен шеру тартты. Міне, осы оқиға жайында араб тарихшысы Мұхаммед ибн Джарир ат-Табари өзінің «Тарих ар-расул әл-мулук» деген кітабында жазады. Ат-Табари 838-39 жылы Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында Амул қаласында өмірге келіп, 923 жылы Бағдадта қаза болған. Ол Исмаил Саманидің замандасы ретінде өзі жақсы білген осы жорық оқиғасын былай деп баяндады:/10/.
893 жылы... Исмаил ибн Ахмедтің түріктер еліне жорыққа шыққандағы және оның түріктер патшасының астанасын алып, оның өзін және қатынын, 10 мың шақты адамын тұтқындағандығы туралы хабар келді. Ол бұлардың көбісін өлтіріп, олжалаған көліктерінің көптігі соншалық, бұларды санауға да болмайтын еді. Әрбір мұсылман атты жауынгері олжа бөліскенде 1000 дирхамнан алды».
Бұл жерде түркілер патшасының астанасы Тараз деп айтылмайды. Ал академик В.В. Бартольд өзінің 1894 жылғы «Орта Азияға саяхат туралы есеп» деген мақаласында Исмаил Саманидің осы жорығы туралы Нершахидің парсы тілінде жазған «Бұхара тарихында» келтірілген деректер негізінде түріктер билеушісінің қаласы Тараз екендігін атап көрсеткен.
Исмаил Саманидің Талас қаласына жорғы туралы тағы бір араб тарихшысы Әли ибн әл- Хусейн әл-Масуди өзінің «Мурудж өззахаб» деген кітабында жазады. Әли Бағдад қаласында туып, бүкіл Шығысты Қытайға дейін аралап, 956-57 жылы Мысырда дүние салған. Енді сол араб саяхатшысының кітабынан дерек: «280ж өзінің ағасы Насыр ибн Ахмед қаза болған соң Исмаил ибн Ахмед Хорасандағы билікке ие болысымен түріктер еліне аттанды. Ол түріктердің астанасы болған қалалардың бірін алып, патшаның қатынын тұтқындады. 15 мың түрік тұтқындалып, олардың 10 мыңы өлтірілді. Бұл патшаны Таңқас дейді екен. Сірә, бұл есім осы елді билеген кез келген патшаның атауымен болған деседі. Бұл патшаны халаж атауымен белгілі тайпадан шыққан деп ойлаймын»./11/.
VII ғасырда 3 тайпадан құралған қарлұқтар құрамында ІХ-Х ғасырларда тұқси, шігіл, әзкіш, халаж, шарық, барысқан, соғды тайпалары және орта азиялық таяу шығыстық келімсектер болды.
Нершахидің «Бұқара тарихында» Исмаил Самани Талас қаласындағы христиан шіркеуін мешітке айналдырғандығы, сол жорығында Мирки қаласын да жаулап алғандығы жазылыпты. Міне, Талас өлкесінде мұсылмандық негізінде осы тәжіктер жорығынан кейін мықтап орын алды.
Түріктер тәжіктердің бұл үстемдігіне көнгісі келген жоқ. Өйткені бұл кезде ел билеу тәртібі парсы әдет-ғұрпына сәйкестендіріліп, мемлекеттік тіл ретінде парсы-тәжік тілі белең ала бастады. 568 жылы аса қуатты Иран мемлекетінің өзін жапырақтай қалтыратып, түрік жауынгерлерінің кару күшін мойындатуға-мәжбүр еткен Естеми қаған заманында грек тарихшысы Менандр өздерінің византиялық елшісі Земархтың айтуы бойынша Талас деп жазған қала осы Самани жаулап алушылығынан кейін ғана Тараз аталды. Тіпті, 551 жылғы араб-қытай соғысы кезінде де Талас аталған қаламыз үш жарым ғасырдан кейін Тараз аталатындығын ол кезде кім білген. Осы екі орталықта Талас алқабына сапар шеккен қытай саяхатшысы, барлаушысы Сюань Цзань да 629 жылы Шу өлкесіне келгенде түріктердің ежелгі қаласын өз тілінің заңымеи «Доолос» деп
көрсеткен. «Күштінің арты диірмен тартады» дегендей тоғыз ғасырдан аса Талас аталып кеткен байырғы түркі қаласы тәжік басқыншылардың, қазіргі тілмен айтқанда, отаршылдардың ыңғайымен Тараз болып шыға келді. Бұрын Талас деп жазатын арабтардыц кейінгі өкілдері — ат-Табари мен әл-Масуди де өз кітаптарында қала атауын Тараз деп танбалауға көшіпті./12/.
Осы орайда «талас» деген сөздің мағынасы туралы әртүрлі пікірлер бар екендігін де айта кеткен жөн. Қарахан әулетінен шыққан ғұлама бабамыз қашқарлық Махмудтын «Түрік сөздігінде» «талас» деген сөздің бір мағынасы ат үстінде жүріп доп қуалауды айтады екен. Қазіргі дау-дамайға байланысты «талас» сөзінің мағынасы сол «талас» ойынынан шықты деп айтуға негіз бар. Ал академик Әбдуәлі Хайдардың «тал» және «ас» деген сөздер көне түрікше «жіңішке», «ұзын» және «су» деген мағананы білдіреді дегенін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, мамандығы жөнінен журналист Кеңесбек Демеш айтып жүр. Сол сияқты ғұлама жазушымыз, белгілі мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлы 2001 жылы Жамбыл облысын аралаған кезде «талас» деген сөздің қазіргі бүкіл Еуропа тілдері бастау алатын көне санскрит тілінде «су» «теллур» және «өзен» деген мағынаны білдіретіндігін айтқан еді. Мұның өзі біз талай рет кітаптарымызда, мақалаларымызда атап көрсеткеніміздей, сол санскрит тілінің бір бұтағындай латын, грек тілдерінде «талас» «теңіз суы» деген мағынаны білдіреді екен. Бұған көз жеткізгісі келгендер «Словарь иностранных слов» сөздігінен «Талассотерапия» деген сөзді оқуына болады. Ал Рим тарихшысы Плутарх өзінің «Салыстырмалы ғұмырнамалар» деген шығармасында ежелгі Римнің негізін қалаған латындықтар жас үйленгендерге «Талассио» деп ұрандап, игі тілектерін білдіреді деп жазған.
Кеңес Одағының атақты шығыстанушысы Алим Ғафуров өзінің «Лев и кипарис» деген мағынаны білдіретін «пул» орнына «пүр» деген деп жазылады. Міне, кейбір тілдердегі дыбыстардың осылай орын алмасу –метатеза заңы бойынша Талас атауы Тарасқа, ал одан әрі үндестік-синграмонизм заңы бойынша Таразға айналғандығы күмән туғызбайды. /13/.
Құлазыған құба сұр кеңістік әбден қажытады. Ертелі-кеш көлкілдейтін де тұратын көкжиектен де көзің талады. Кенет күнгей беттен тарғыл-тарғыл тау барысындай едірейіп Таластың Алатауы жарқ ете қалады. Төңірек жадырап сала береді. Сылдыраған су көбейеді. Дудыраған ну көбейеді. Құдайдың құлқы түсіп отырған күні жаратылғандай құлпырған аймаққа тап боламыз. Тіпті радио екеш радио да көңілденіп кетеді. «Алатау менен Қаратау түйіскен жері тұрағың; сімірсең — суы шәрбәт-ау, сылдырап ерке бұлағың» — деп сұңқылдап қоя береді. Батыстан Шығысқа қарай шортандай қайқаңдап жүйткіп келе жатқан жүрдек пойыздың сол жағында көк жапыраққа көміліп, қала қалып бара жатады. Жолаушылардың көкселеу біреуі кешегі бір кепті шертеді: «Баяғыдағы Мәскеудегі оң күндікке кетіп бара жатып, Жамбыл ақын осы араға келгенде терезеге қарап тұрып: «Атыңнан айналайын, Әулие Ата, атымды ап қойдың деп, болма қапа!» — деп дұғасын оқып, қол жайып, бет сипапты»- дейді./14/.
Кешеге дейін Жамбыл, оның арғы жағында Әулие Ата атанып келген қала тіптен әріректе Тараз атанып келгені ілуде біреудін ғана құлағына шалынғанды. Сүйтсе, осындай жаннаттың қақпасындай жап-жасыл шаһардың тарихы ұлан-ғайыр екен. Оның салынғанына екі мың жылдан асып барады дейді. Ал бұл — арғы бергіңді еріксіз еске түсіргізетін елеулі оқиға. Оған ЮНЕСКО ұйымының ерекше көңіл бөлуінің де өзіндік сыры бар./15/.
Әлбетте, ежелгі заман тұрақтарының қай-қайсысы да жалпы адамзаттық маңызға ие. Өйткені, олар әлемдік тарихтың ең түп өзегі болып табылатын адам баласының жер шарын қоныстануы мен игеруінің арғы-бергі жәй-жапсарынан аса тың әрі құнды мәліметтер бере алады. Ал ежелгі қалалардың әлемдік өркениеттің жаралуы мен таралуынан ұғындырары тіптен ұшан-теңіз болатыны айтпаса да түсінікті.
Бұл ретте біз сөз өткелі отырған ежелгі Тараздың еске түсіретіні тіпті ересен мол секілді. Олай болатыны, Тараз жалғасқан ендіктің теріскей бетінен тап мұндай екінші жасамыс қаланың табыла қоймағы екіталай. Рас, Орал тауының түскей-шығыс етегінде біздің жыл санауымызға дейінгі II мыңжылдықтағы Арқайым қалалығының орны жатыр. Ол, әрине, әлдеқашан иесіз қалған жұпыны жұрнақ қана. Ал Тараз болса, екі мың жыл бойына тіршілік отын өшірмей келе жатқан қашанғы қара орын. Ендеше, бұл тек бір ел бір ұлттың ғана ауқымымен шектелмейтін үлкен маңызға ие тарихи қоныс. Оның үстіне, былайғы дүниенің біз жайындағы түсінігі, шындығын айтсақ, күні бүгінге дейін тым қораш және үстірт қалпында қалып отыр. Олар, расында, бағзыдағы Геродот, Страбондардың бүгінде біз жайлап отырған далаларды бір кезде мекендеген бағзы тайпалар жайындағы оқта-текте ат ізін салған сирек жолаушылардан естігендері бойынша жазылған, нақты деректерден гөрі дақпырттары басымдау жағдай түсініктерінен көп асып кете алмайды. Оған адамдар мекендейтін ойкуменаға көп аймақтарға қарағанда кешеңдеу іліккеніміз бір себеп болса, қақ ортадан қиыр батыстан қиыр шығысқа дейін асу бермес асқар таулармен қоршалып, олардың күнгей бетіндегі елдермен қоян-қолтық араласа алмай, оқшау жатқанымыз екі себеп болды. Ондай оқшаулықты оқтын-оқтын тым алапат геосаяси авантюралар бұзып тұрды. Оған жүгінгендер өздерін көбіне-көп жеңімпаз сезінді. Жеңімпаздар өздері жайында желпіне, өзгелерді жер бауырлата әңгімелеуге әуес. Біздер жайында неше бір қисынсыз құбыжық пікірлердің қалыптасуына құрлықаралық сауда арналары атымен басқа жаққа ауысып, біздердің бірнеше ғасыр бойына былайғы дүниемен байланысымыз үзіліп, бір шеткей қалғанымыз да аз себепші болмаған сияқты. Ал іргелес көршілеріміз де біз жайында айна қатесіз ақиқатты айтуға тап онша мүдделі бола қоймағаны мәлім. Өйткені, біз көлденең көзді қызықтырмай қоймайтындай, ұлан-асыр байлыққа ие ұлан-ғайыр кеңістіктерді иемденіп отырдық. Сондықтан олар да көршілердің бір-біріне көз аларта қарап, бірін-бірі құбыжық қылып көрсетуге тырысатын үйреншікті әдеттерінен аулақ тұра алмады. Сол арқылы өздерінің ара-тұра біздерге жауып келген қиянаттарын ақтап алуға тырысқан сынайлары да байқалмай қалмады. Мәселен, Ресей империясының Сыртқы істер министрі, көп уакыт Сібір губернаторы ретінде іргемізден сығалап барша тіршілігімізді қалт жібермей қадағалап отырған.
Кенесары ханның соңынан шырақ алып түскен князь П.Горчаков біздің аумағымызға ауыр қолмен басып кірген басқыншылық әрекеттеріне байланысты 1864 жылғы 21 қазанда Еуропаның басқа мемлекеттері алдында жасаған ресми мәлімдемесінде: «шекара мен сауда қатынастарының қауіпсіздігі өркениетті елдің кейбір көшпенділерге тән әдет-ғұрыптарымен үлкен қауіп төндіріп отырған қолайсыз көршілерден үстемірек тұруды талап ететін болғандықтан» «жартылай жабайы халықтардың» «жыртқыштық шапқыншылықтарына» тыйым салу үшін жасалып жатқан амалсыз шара» деп мәлімдегені белгілі. /16/.
Ендеше сол мәлімдемеде айтылғандай «өркениет мүддесі мен құқықтың адамгершілік құқыққа ешқаңдай маңыз беріп жатпайтын» халықтарда мәдениетке, өркениетке, отырықшылыққа құштарлық болады дегенге кім сенеді?
Алайда, князь Горчаковтан сегіз ғасыр бұрын өмір сүрген Баласағұндық Жүсіптің «Құдатқу білігіне» үңілсек: «Тұла бойда жеті мүшең, жеті іс, жеті қамы бар; ісін біліп, қамын қылсаң бәрінің бабы табылар», «тіршіліктің бұл дүниеде сәні келмес дихансыз, дихан көрсең — сөзін тыңда, өзін сыйлақиқаңсыз», «саудагермен сыйласа алсаң, болмаса ешбір шатағын, кенелгенін ен ырысқа, аспандайды атағың», «тірлік өзі қиын емес, қиын шегер бейнетің бейнет шекпей, бірақ оның көре алмайсың зейнетін», — дейді./17/.
Тап сол заманмын тағы бір данагөйі Қашқарлық Махмуттың «Диуани-лұғат-ат-түрік» кітабында: «бейнет шекпей, бақ құту — әуре бекер, бір жақсылық көрсетпей дәурен өтер», «іске ептінің еріниі май, іске олақтың ауызы қан», «таздың табынатыны — тақияшы», «сарт жоқ жерде түрік — бас жоқ жерде бөрік», «тауарына сенген бауырына пысқырсын ба?», «бай бір жұттық, батыр бір оқтық», — делініпті.
Бағзыдағы екі бабаның ерін ұшындағы емеуріндерін одан бергі қазақы қара ақыл да анғармай қалмаған сияқты. Ертеректегі: "базары жақыннын назары да сатулы», «аяқ басқаны — қыбыр-қыбыр», «ауыз ашқаны — жыбыр-жыбыр, қазаны — сақыр-сұқыр, жегені — көкір-шүкір», «шымқап ішіп, шыңғырып төгеді», «еркегінде қан жоқ әйелінде ар жоқ әнгімесінде мән жоқ», «суы екеш суы сатулы», «тиын сылдыратсаң — иті екеш иті де үрмейді», «мылқауының да «тенге» деуге тілі келеді», «ақшаның сытырына кереңі де селт ете қалады», «сатқан — ақшасына мәз, алған — бақшасына мәз", саудадан мал тапқанша, сауғадан мал тап, «сауда сауапты білмейді», «сау басынды саудаға салма», «қалалы жердің «шық дейтіні бар, молалы жердің қақтайтыны бар», «қалалы жерге барып есік қақханша, далалы жерге барып көсік қаз» деп айдаладан азар да безер болатынды азайтыпты./18/.
Олай болса, ойдағылардың да, қаладағылардың да жиын-тойда «базардан базар барып мата аламын», «базардан алып келген кәрлең аяқ», «базардан алып келген күміс құман», «базардан алып келген шой тостаған», «базардан базар барып қазан алдым», «базарға барушы едім, қайтушы едім, сыбызғы қара құрай тартушы едім», «жақсының жүрген жері күнде базар», «базардан өзім барып сырға алайын, мен неге өзге алғанда құр қалайын, сырғанды тақ қалқам-ау, құлағыңа, қызығып дидарыңа бір қарайын», күні-түні үйіңнен ат кетпейді, Орынбор мен Текенің базарындай», «самаурын саздың суын қайнатайын», «дегенде перуайым перуайым түседі сені ойласам сары уайым», «орыстың бірі қалайы княз қала, көрсетер қызығы көп пұлы азға да, ақ борықтай ақ білек толып жатыр сипалап жатар ма еді біраз ғана», «Аштархаңда ақша ұтқызсаң, хиуазы Хиуадан қайтады», — деп әндететіндері қалай. Базарға түсуді бір дәурен санау жаппай дағдыға айналмаса, бұндай әндер туар ма еді?!
Бәлкім, бұл жат жерлік уағызшылар көп айтатындай, тізгін-ноқта көрмеген арда халықты күшпен ауыздықтап, мәдениетке көндіктірудің арқасы шығар. Әйтпесе, «Орынбор», «Княз қала», «самаурын», «перуайымдар» ауызға қайдан ілігіп жүр?! /19/
Ендеше, «мал айдадым Хиуаның базарына, халқымның ерте іліктім назарына», «Тәшкеннің бір базары жайма базар, жайнаған ол базардай қайда базар», «Бұқардың базарында бұтқа толып, Қоқаннын базарында қоқиландым»,
«Түркістанда азан шақырса, Арқадағылар намазға ұйыйды», «Атбасарда тұсаған айғырың Әндіжаннан кісінейді», «Жайық бойындағы жалаң бұтқа Самарқандағы сарт дамбал тігеді», «Құл қашса Қоқаннан шығады», «Мәріге бардым, Мәріден де өтіп әріге бардым», «Отманның басына шықсаң. Османның көп күмбезін көресің», — дейтініміз қалай? Ол тарапқа да бабаларымыз түйелерінің бұйдасын біреулерге жетектетіп барып жүрген бе еді?!/20/.
Олай болса. «Қобыланды батырдағы» Қазан деген қара қаланы, «Ер Тарғындағы» «Азынау деген аз қаланы», Қырымдағы «Қырық ханы бар», «Қырық мешіті бар» қырық қаланы, бір ғана Мұраттың толғауларында айтылатын Сарайшық, Ақтөбе, Қорғанша, Дендер, Шерқала, Үйшік, Тасоба деп санамалайтын сан қаланы қайда қоямыз?! /21/
Қадым замандардан бар: «бес қаланың ойында бес адым сайын бір қала», «Бұқарда буаз ешкі бошаласа, тамнан тамға секіріп, Сайрамға жетіп лақтайды», «Ташкенде едің күріш, Түркістанға кепсің — дұрыс, ал Созақта нәме қып жүрсің, кіспұрыш?» — деген әңгімелерге қарағанда біздің бабаларымызға базар мен шаһар қай заманда да таңсык, бола қоймаған сыңайлы. Ауыздан ауызға ауысып қонып, бізге жеткен бұл деректерді өзімізден табылмаса да, өзгелерден табылып жатқан жазба құжаттар да растайтындай./22/.
Ежелгі Рим тарихшысы Юстин біздің жыл санауымызға дейінгі 256 жылдар шамасында Селевкі әулетіне бағынбай, өз алдына бактрия патшалығын құраған Диодотты «мың қаланың билікшісі» деп атайды. Ал Страбон дәл осындай пікірді дәл сол б.ж.с.д. 185 жылдар шамасында билік құрған Евкротид турасында да айтады. Б.Г.Гафуров бұл арада аталмыш кезеңде Солтүстік Индияны да өздеріне қаратып алған бүкіл Грек-Бактриясы аумағындағы қалалардың саны жөнінде сөз болып отыр деп пайымдайды. Сөз болып отырған аймаққа Бұқардың да кіргенім ескерсек, жоғарыда келтірілген Сайрамға барып лактайтын буаз ешкі туралы нақыл оның теріскейіндегі өңірлердің де, соның ішінде қазақ даласының да қаладан құр алақан еместігін байқатқандай. Бұны 568 жылы Рим императоры II Юстинге келген түріктердің Дизабул ханы жіберген елшіліктің өз елдерінің бес патшалықтан тұратынын, оған жақында ғана бағындырылған эфталиттер де кіретінін, ал олар қалада тұратын халықтар екендігін мәлімдеген жауаптары да айғақтайтындай./23/.
Бұл әңгімені В.Бартольд бастырған «Худуд әл-әлемде» айтылатын қарлұқтар еліндегі жиырма бес қала, Әл-Идрисидің «Нұзхат Әл-Мұштақ» қолжазбасында сөз болатын біріне-бірі жалғасып, солтүстік пен шығысқа қарай созылып жатқан көп оғыз қалаларының, сол қолжазбада келтірілген Жанақ ибн Қаһан ол Қимақи ханзаданың дәйектемесіндегі көлдер мен өзендерді жағалай орналасқан он алты қимақ қаласының» басым көпшілігі, Алтынорданың бүгінде мамандар орындарын анықтай алып отырған жүз он, алты анықтай алмай отырған отыз, барлығы жүз қырық қаласының бірталайы біздің даламызға орналасқаны да әлгі әнгімені одан әрмен жан-дандыра түсетіндей. Бір ғана Үстірттің үстінде Сағыз өзеніндегі Таскешуден Хорезмге дейін он бес керуен сарай самсап тұрыпты./24./.
Сол самсаған көп қалалардың арасында Тараз қаласының елеулі орын иемденіп келгені аталмыш авторлардың көпшілігі растайды. Жоғарыда -сөз болған Рим императоры II Юстиннін түріктерге жіберген елшісі Земарх Дизобул ханның парсыларға қарсы жорығында бірге болғанын, Талас қаласында парсы елшілігімен кездескендерін жазады.
Аталмыш өңірге римдік елшіден бір ғасырдан кейін ат салған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь Шу бойындағы Тоқмақ қаласынан хан жайлауы Мыңбұлаққа жеткенін, сол маңда Талас қаласын соққанын, одан Пе-Шуи, Ну-Чи, Киен, Че-ши қалаларына барғанын баяндайды. Тараз араб саяхатшылары Ибн-Хаукал, Макдиси. Ибн Халдундардың да назйрынан тысқары қалмапты.
Земарх пен Сюань-Цзянь Таластың ханның жазғы уақыттағы ордакенті екендігінен хабар берсе, Ибн-Хаукал, Макдиси, Ибн Халдун оны орналасқан орны мен өз аймағында қандай маңызға ие екендігін аңғартқан./25/.
Олардың ешқайсысы да қаланың тарихынан ешқандай мәлімет бермейді. Оны анықтайтындай кешенді археологиялық зерттеулер әлі толық жүргізілген жоқ.
Алайда, әлгі құжаттардың өзі-ақ бұл қаланың жасы бір жарым мың жылға жетіп жығылатынын аңғартқаңдай.
Достарыңызбен бөлісу: |