Қорытынды
Синтаксис – тіл білімінің грамматика саласындағы ең іргелі тарауының бірі. Алғашында сөз бен сөздің бірігуі, қосақталуы деген ұғымнан кеңейе келе, сөйлем құрудың жүйесі және тілдің синтаксистік құрылысын зерттейтін ғылым деген мағынаға ие болған.
Негізгі зерттеу нысаны адам ойын білдірудің тура сәулесі, көрінісі болып табылатын сөз және сөйлем болып табылады, нақты айтқанда сөз тіркесі, жай сөйлем және құрмалас сөйлемдер. Біз бұл жұмысымызда М. Әуезовтің «Абай» эпопеясының негізінде есімді сөйлемдер, олардың берілу жолдары, түрлері мәселесін қарастырдық.
Жалпы басқа түркі тілдерінде М. Әуезов сияқты жазушылардың еңбектерін тілдік жағынан талдау жан-жақты қолға алынған. Ал қазақ тілінде осы сияқты еңбектердің тілдік жағы тіпті сөз болмады десе де болғандай. Сөйлем синтаксисі өте күрделі. Осы күрделілік олардың түр-түрімен байланысты. Қазіргі кезде қазақ тілінде жай сөйлем, құрмалас сөйлем, жалаң, жайылма, жақты жақсыз, хабарлы, лепті, сұраулы, бұйрықты, болымды, болымсыз, толымды, толымсыз, белгілі жақты, белгісіз жақты, атаулы деп беріліп келеді. Осылайша сөйлемдерді беру қалыптасты да, дегенмен соңғы кезде осы сөйлемнің түрлері қатарына есімді, етістікті сөйлемдер дейтін де түрлері орын ала бастады.
- Осы кезге дейін есімді, етістікті сөйлемдердің жасалуы, эволюциясы туралы түрліше көзқарастар бар. Сонда ірі ғалымдар есімді сөйлемдер бұрын қалыптасты десе, керісінше, етістікті сөйлемдер бұрын қалыптасты деген де көзқарастар орын алуда. Орыс тіл білімінде есімді сөйлемдердің етістікті сөйлемдерден бұрын пайда болды деген М. Ломоносовтың пікірін қолдаушылар А.А. Потебня, А.А. Шахматов, Н.Ю. Шведова, В.А. Белошапкова, Г.А. Золотова, З.П. Табакова, Н.М. Александров, Я.И. Рословец болды. Түркі тілінде А.П Поцелуевский, Э.В. Севортян, Н.З. Гаджиева, Б.А. Серебренников т.б. ғалымдар ең алдымен есімді сөйлем пайда болғанын, содан кейін етістікті сөйлемнің пайда болғанын ғылыми дәлелдейді.
- Ойдың ұғымдық мәнін білдіретін есімді сөйлемдер М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында мол ұшырасуы кейін жазба әдебиетінде есімді жай және құрмаластардың қалыптасуына негіз болды деп білеміз. Сөйлемдердің есімді түрі соңғы уақытта айтыла бастады. Жоғарыда талданған еңбектердің барлығы есімді сөйлемдерді жеке зерттеудің нысаны ретінде қарамаған. Олар сөйлемнің түрін ажыратуда, баяндауыштың жасалу ерекшелігін анықтағанда айтылып отырған. Қазақ тіл білімінде есімді сөйлемдерді жеке зерттеу нысанасы ретінде қарастырған елеулі екі еңбек бар. Оның бірі – К.Қ. Оңалбаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі есімді сөйлемдер» атты кандидаттық диссертациясы. Екінші жұмыс – Б. Елікбаевтың «Қазақ тіл біліміндегі есімді құрмалас сөйлемдер» тақырыбына кандидаттық диссертациясы.
– Есімді сөйлемдердің етістікті сөйлемдерден негізгі айырмашылығы- олардың баяндауыштары есімдерден жасалады және сөйлемдегі ойдың ұғымдық мәнін білдіреді. Есімді сөйлемдер мен етістікті сөйлемдердің мағыналық сипаты бірдей емес. Егер етістікті сөйлемнің баяндауышы сан алуан амал, әрекет, іс, қимыл, қозғалыс, жай, күй сияқты процестерге қатысты ұғымдарды қамтиды, ал есімді сөйлемдерде баяндауыш қай сөз табынан жасалып тұрғанын, сол сөз табының заттық, сындық, сандық, мекендік, салыстырмалылық, мезгілдік мағыналарын білдіреді.
– М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің баяндауыштың барлық түрлері анықталды. Есімді сөйлемдегі байланысу тәсілдері нақтыланды. Есімді сөйлемдерді айқындауда әрбір есімді сөз табының морфологиялық өрісі кең айқындалды.
– М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші басылымында есімді сөйлемдер мол ұшырасатыны дәлелденіп, кесте арқылы берілді. М. Әуезовпен қатарлас жазушылар С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин шығармаларынан тақырыптары жағынан жақын үзінді алып, баяндауыштары талданды. Көлемі жағынан бірдей әріптік белгілерден тұратын (3400 әріптік белгі), төрт шығармада да «түннің суреті», «кездесу» тақырыптары әр жазушының қаламына сай суреттеліп берілген. Салыстыру нәтижесі М. Әуезовтің шығармасынан алынған мәтін бөлігінде есімді сөйлемдердің мол екені тілдік деректермен нақтыланып, сандық көрсеткіші анықталды.
– М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының синтаксистік жүйесі есімді сөйлемдердің белсенділігімен сипатталады. Ойдың ұғымдық мәнін білдіретін есімді сөйлемдер М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында мол ұшырасуы кейін жазба әдебиетінде есімді жай және құрмаластардың қалыптасуына негіз болды деп білеміз. Сөйлемдердің есімді түрі соңғы уақытта айтыла бастады.
– М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында есімді сөйлемдердің ішінде ең молы зат есімнен жасалған баяндауыштар. Олар нольдік тұлғада, көптік тұлғада, жіктік жалғауда, тәуелдік тұлғада, септік тұлғада және -нікі, -дікі, -тікі қосымшалары арқылы жасалады. Роман-эпопеяда септік тұлғада кездесетін есімді сөйлемдер жатыс, шығыс жалғаулары арқылы өте мол кездеседі: Үкілі тымақ, қызыл шапан қоржында. Алпыс үйдің екеуіне бір аттан. Септік жалғауларының ішінде ең жиі кездесетіні атау, жатыс, шығыс жалғаулары арқылы жасалған есімді сөйлемдер деп айтуға болады. Роман-эпопеяда көптік, тәуелдік және септік жалғаулары арқылы жасалған есімді сөйлемдер мол, ал жіктік тұлғадағы есімді сөйлемдер санаулы ғана.
– Зат есімдерге көмекші сөздердің түйдектеле тіркесуінен есімді сөйлемдер жасалады: Ол – осы жақында болатын ас туралы, Бөжейдің асы туралы. Ұлықтар қасында өзінің екі атшабар, екі старшынымен қалған Тәкежан ғана. Көмекші есімді есімді сөйлемдер ілік жалғауының ашық, жасырын түрі арқылы жасалады: Осы – Тереңсайдың тұсы. Модаль сөздер есімді сөйлемдерде сияқты, тәрізді, керек, мүмкін т.б. сөздер мол қатысады: Оның бәріне ас пісіретін, отын-су қамдайтын халық керек.Сырт ажарлары шынымен егілген, есінен танып, бауыры езілген кісілер тәрізді.
– М. Әуезовтің роман-эпопеясында сын есімдер есімді сөйлемде сапалық та, қатыстық та, дара, күрделі түрде де кездеседі.Сапалық, қатыстық сын есімдер жай сөйлем және құрмалас сөйлемде де кездеседі: Бірақ, үні зор, лебі екпінді, батыл. Күрделі баяндауыш түрінде: Басындағы кимешек шаршысы да ұқыпты сәнмен тартылған, кіршіксіз аппақ. Сапалық сын есім есімді сөйлемде нақтылық демеулік шылаулармен де келіп, ойдың тиянақтылығын нақтылайды: - Қара көктің жал-құйрығы қара ғой.
– Сын есімдер барлық шырай түрінде келеді: - Құнанбаевтың білімге ұмтылу талабы аса зор. Салыстырмалы шырай арқылы: Қанша дегенмен қырдың қара заңынан, мұсылманның қожа, молласының шариғатынан Россияның заңы адамға мейірімдірек, рахымдырақ қой. Асырмалы шырай: Бірақ, байқап қараса Тоғжан тіпті ұялшақ.
– Қатыстық сын есімдер арқылы жасалған сын есімді сөйлемдерді екі бөліп қарастыруға болады, біріншісі: есімдерден сын есім тудыратын өнімді жұрнақтар арқылы: –лы,-лі, -ды,-ді,-дай,-дей,тай,-тей,-сыз,-сіз,-шаң,-шең,-дас,-дес: Олар, анау көрініп тұрған екі, Ақшоқы биігіндей... Қонақ үйі шешелер үйіндей емес, сыртынан да салқын, үнсіз...
– Сын есімдер жіктеліп те, тәуелденіп те сөйлемді тиянақтайды: Парақорлық - кітап айтатын күнәнің үлкені... -Айтқаным айтқан, жазықтысың, арамсың. Сын есімдер құрама баяндауыштар түрінде де салалас сөйлемдерде мол жұмсалады: Толық денелі, дөңгелек жүзді Нұрғаным сұлу да, сәнді екен. Сын есімдер құрама баяндауыштар түрінде сабақтас құрмаластың бағыныңқы және басыңқы сыңарында да жұмсалады: Омбы қар қорықтың шет-шетінде қалың болғанмен, дәл шилердің ішіне кіргенде оншалық қатты емес, күпсек екен.
– Сан есімді есімді сөйлемдер басқа сөз таптарына қарағанда роман-эпопеяда сирек кездеседі. Сан есімдер есімді сөйлемде таза түрінде және аналитикалық тәсіл арқылы келеді. Сан есімді есімді сөйлемде есептік, топтау, болжалдық сан есімдері кездеседі. Олар дара, күрделі, түрде және тәуелдік, жіктік, септік жалғауларында да келеді. Есептік сан есімді: Абайдың қасындағы жас жігіттер саны он екі. Реттік сан есім мен нумеративті сөздер: Мұнда келгелі биыл бесінші жыл. Топтау сан есімді: Бәйгенің бәрі де тоғыз-тоғыздан. Болжалдық сан есімді: Базаралының туыс, дос көршілерінен құралған аулы көп үйлі кедей ауыл, он бес шамасындай.
– Сан есімді есімді сөйлемді тиянақтауда көмекші есім, шылау, модаль сөз, көмекші етістіктер де қатысады: Байтастың мінгені Құнанбайдың қара жал бурыл аты, дәмелі бәйге аттың бірі еді. Күткені, тісін басқаны біреу-ақ. –Бар мал емес, елу-ақ қой керек. Сан есімдер көмекші сөздер құрамында келіп, тәуелдік, көптік, септік жалғауларында да ойды тиянақтайды: Бас тоғызы түйе, екінші тоғызы жылқы, аяғы қой, ешкі тоғыздары және ішік-кілем сияқты тоғыздар еді. Үйткені, анау таудан ағылған нөпірдің сан мөлшері де бір бес жүзден кем емес.
– Салалас құрмалас сөйлемнің екі сыңары да сан есімді:Алдыңғы бәйге түйе бастатқан тоғыз, екінші жамбы бастатқан тоғыз. Сан есімді есімді сөйлемдер құрмаластың басыңқы сыңарында жиі жұмсалады: Бас жасысы Қоқан керуенінен алған жүз қойлық жібек кілемнен басталса, содан ары, ішік жиырма бес, сырмақ, сандық, жиырма бестен.
– Есімдікті есімді сөйлемдер де зат есімдерден кейін М. Әуезовтің роман-эпопеясында ең мол кездесетін түрі. Зерттеу жұмысында есімдікті баяндауыштардың түрлеріне, жасалу жолдарына, семантикасына көңіл бөлініп, есімдіктің сөйлемнің соңында келіп, ойды тиянақтап, есімді сөйлем болуын дәлелдедік. Есімді сөйлем құрауда есімдіктің әрбір түрінің орны ерекше. Роман-эпопеяда жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктері жиі кездеседі, ал белгісіздік, есімдіктері сиректеу. Барлық есімдіктер нольдік, көптік, жіктік, тәуелдік, септік жалғауларында келіп, есімді сөйлемді тиянақтайды, әсіресе жіктеу, сілтеу есімдіктері септік жалғауларының барлық түрінде ұшырасады:Абайдың бас алмай оқығандары осылар. ...Сол таңым сенсің бе? Абайдың бұрыннан жақсы білетін бір танысы Жиренше де осында.
- Роман эпопеяда жіктеу есімдіктеріне -нікі, -дікі қосымшалары, көмекші етістік, шылау, модаль сөздер жалғасып, есімдікті құрама баяндауышты есімді сөйлем болып, сөйлемді одан әрі тиянақтай түсетіні тілдік деректермен дәйектелді. Есімдікті есімді құрмалас сөйлемге қарағанда есімдікті есімді жай сөйлем басым. Жай сөйлемнің хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты, жақты, жалаң, жайылма, толымды, толымсыз, болымды, болымсыз сөйлемдері кездеседі, тек есімдіктерден жай сөйлемнің жақсыз түрі жасалмайды. Осы сөйлемдердің ішінде хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты сөйлемдері жиі кездеседі.
– «Бар», «жоқ» сөзді есімді сөйлемдер жай, құрмалас және аралас болып келеді. Жай және құрмалас сөйлемдер тең дәрежеде кездеседі. Жай сөйлемдердің хабарлы, сұраулы түрлері мол.
– Есімді сөйлемдердің етістікті сөйлемдерден негізгі айырмашылығы- олардың баяндауыштары есімдерден жасалады және сөйлемдегі ойдың ұғымдық мәнін білдіреді. Есімді сөйлемдерге талдау жасау барысында предикативтілік тек етістік сөз табына, оның морфологиялық көрсеткіштері арқылы ғана берілмейтіні көрсетті. Есімді сөйлемдер де шақ, модальділік, жақ предикативтік қатынасты өзінің көмекші құрамы арқылы білдіреді: Мен Оралбай емеспін. Ұзынша боп біткен, қоңырқай көздері саналы сияқты.
– М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің қолданылу сипатына қарап, бұл құрылымдар дербес синтаксистік құрылым ретінде анықталды, оның өзіндік синтаксистік мүмкіндіктері бар, парадигмалық жүйесі қалыптасқан.
– Зерттеу жұмысында есімді сөйлемдердің роман-эпопеяда кездесетін мынадай түрлері бар: 1) есімді сөйлемдер (зат есімді есімді сөйлемдер; сын есімді есімді сөйлемдер; сан есімді есімді сөйлемдер; есімдікті есімді сөйлемдер); 2) құрама баяндауышты есімді сөйлемдер (зат есімді құрама баяндауышты сөйлемдер; сын есімді құрама баяндауышты сөйлемдер; сан есімді құрама баяндауышты сөйлемдер; есімдікті құрама баяндауышты сөйлемдер; «бар», «жоқ» сөзді құрама баяндауышты есімді сөйлемдер); 3) «бар», «жоқ» сөзді есімді сөйлемдер; көмекші есімді құрама баяндауышты есімді сөйлемдер.
- «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің парадигматикасы мен мәтін түзушілігі, олардың құрылымдық толықтығы, коммуникативті дербестігі мен мәнмәтінге мазмұн жағынан (шартты түрде) тәуелсіз бола алатындығы дәлелденді.
Достарыңызбен бөлісу: |