«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары


VII. ҚАЗЫЛЫҚ ОҒЫЗ БАЛАСЫ ИЕКЕНК ТУРАЛЫ ЖЫР



Pdf көрінісі
бет63/134
Дата30.05.2023
өлшемі2.89 Mb.
#474470
түріБағдарламасы
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   134
АДЕБИ ЖАДИГЕРЛЕР 1 том

VII. ҚАЗЫЛЫҚ ОҒЫЗ БАЛАСЫ ИЕКЕНК ТУРАЛЫ ЖЫР
Хан ием! Қам-Ғанұлы Баяндүр бір күні төсегінен тұрып, қара 
жерге өзінің ақ шатырын тіккізді. Шатырлардың төбесі көкке жетіпті. 
Оған мың жерден кілем төселіпті. Соған ішкі оғыз елінің бектерін 
шақырып, кеңес өткізіпті. Ішім-жем көл болды, Қазылық оғыз дейтін 
бір адам болған еді, ол Баяндүр ханның уəзірі еді. Күшті шарап ішіп 
қыза бастаған кезде сол кісі Баяндүр ханның алдына келіп басын иіп, 
тізе бүкті де, жауға шауып ерлік көрсетуге рұқсат сұрапты. Хан оған: 
«Қайда барамын десең, жолың ашық болсын», – депті. Қазылық оғыз 
іс көрген жасамыс адам еді. Ол шал-шабаннан жасақ жинап, соларға 
жаудан түскен жарақтарын беріп, жолға шығыпты. Бұлар талай бел, 
талай сайдан өтеді. Бір күні Қара теңіз жағасындағы Дизмерд дейтін 
қалаға келіп жетеді. Бұл Тагавор елінің қаласы еді. Патшасын Аршун 
баласы Тагавор Дирек деп атайды екен. Оның бойы алпыс аршын 
еді, алпыс батпан шоқпар ұстап, сонымен ұрғанда, адамның күл-
талқанын шығарады екен. Шаңырақтай садағының оғы темірді тесіп 
өтеді екен.
Қазылық оғыз қамалға келіп, соғыс ашады. Соғысқа Тагавордың 
өзі шығып, оны жекпе-жекке шақырады. Қазылық оғыз атын желдей 
ескізіп, ерге балшықтай жабысып, əлгі дəудің желкесіне қылыш 
ұрады, бірақ онысы Тагавор дəуге шыбын шаққан құрам болмайды. 
Гəуір кезек алып алпыс батпан шоқпарымен ұрғанда, Қазылық оғызға 
жаман тиеді. Жалған дүние тар болып, басы айналады. Қаны түтіктен 
үргендей аспанға атылады. Жау адамдары Қазылық оғызды ұстап алып 
тұтқындап, қамалға алып кетеді. Қасына ерген əскерлері қашып кетеді. 
Сол бетпен Қазылық жау қамалында он алты жыл тұтқын болады. 
Əмен дейтін батыр сол қамалға алты рет барып, оны құтқара алмапты.
Хан ием, бұл оқиғаға талай уақыт болған еді, Қазылық оғыз тұт-
қында жата береді. Өзі кеткенде артында əйелі жүкті қалып еді. Сол 
бала өсіп, он бес жасқа толды. Бала батыр болып өсті. Ол əкем өлген 
болар деп ойлады. Əкесінің тұтқын болғанын балаға ешкім айтпай, 
жасырды. Баланың атын Иекенк, Игнек деуші еді. Бір күні мəжілісте 
отырғанда сол бала мен Қара Көне-ұлы Бодақ арасында бəсеке сөз 
туды. Олар бір-біріне кезек-кезек əзіл сөз тастап отырды. Бодақ тұрып: 
«Несіне мақтанасың, бейшара бала? Жауды жапырып тастайтын мықты 
болсаң, əуелі əкеңді құтқарып ал. Əкеңнің жауға тұтқын болғанына 
он алты жыл болды ғой», – депті. Бұл сөзді есіткенде Иекенктің 
жүрегі қабынып, намысы келіп, басы айналды. Баяндүр хан алдына 
келіп басын жерге қойып, тілек сұрады: «О, Баяндүр хан, таңертең 
жол шетіне ақ шатырыңды тігесің, үстіне атлас жабасың. Жүйрік 
жылқыларың шұр қырап өріске беттейді. Жасауылдарың жолға шығып 
алып, елдің дау-шарын шешеді. Сен барлық оғыз батырларының 
тірегісің, байлығың май болып ағады. Сені ел кем-кетіктің қамқоры, 
Түркістанның ұстыны, Төле құстың баласы, арыстан тайпасы мен 
руының көсемі, қара ағаштай қаптаған қалың тобырдың жолбарысы, 
бақыты асқан хан дейді. Əкем жаудың қолында тұтқын болғанына 
көп жыл өтіпті. Рұқсат берсең, жау қамалына шабуыл жасап, соны 
құтқарып алайын», – депті бала.


 382
383
Баяндүр хан еліне бұйрық берді: «Жиырма төрт тайпаның ту ұста-
ған бектері тегіс менің алдыма келсін, бұл жорықты темір қақпада 
тұратын, шыбық оғын қанды өзектен өткізген, жауға аты-жөнін сұрамай 
тиісетін, гəуірлерді талай рет шулатқан Қиян Селжүк баласы ержүрек 
Дондаз бастасын. Одан қалса, аңға шыққанда құланның айғырын суға 
түсіп қашқан жерінен атып алған, 57 қамалдың есігін бұзған оғыз Илік 
баласы Төлек Боран батыр барсын. Одан басқа қайың ағаштан соққан 
мұнара басына шыққанда аяғы таймаған, жауға садақ оғын бұршақша 
жаудырған Жауырыншы ұлы Иламиш батыр барсын. Соған қосып, 
жердің о шеті мен бұл шетін көрдім дейтін, Суқан Сары батырды 
қасыңа ал. Өзгесінің аты-жөнін айтып, санап жатпалық. Баяндүр хан 
Иекенкке барлық жиырма төрт тайпаның жақсы батырларын қосып 
берді. Бектер бас қосып, өздерінің құрал-саймандарын түгелдеді.
Сол күні түнде Иекенк ұйықтап жатып, түс көрді. Түсін жолдас-
тарына жорытты. Хан ием, ол не түс көрген екен, байқалық: «О, 
бектерім, бүгін мен қамсыз ұйқыға кетіп, түс көріппін. Түсімде 
бүкіл дүние көз алдыма келген екен. Елдің барлық батырлары 
ақбоз бурыл аттарына мініп шабуылдап жүр екен, бастарына күндей 
жарқыраған дулыға киіпті, бəрі қаз-қатар тұрып, ақсақалды атамыз 
Қорқыттан бата алып тұр екен. Ол Қаратаудың басына шығып, қайық 
істеді. Үстіндегі көйлегін шешіп алып, қайығына желкен етті. Сол 
бетпен біздің алдымызда жатқан теңізге түсіп, арғы жағына өтіп кетті. 
Теңіздің екінші жағасынан Қаратауда жүрген жүзі жарқын, басы биік 
бір батырды көрдім. Мен орнымнан тұрып, найзамды қолға алып, сол 
адамға жақындай беріп, оны найзамен шаншып құлаттым. Көзімнің 
қиығымен анықтап қарасам, ол Əмен екен деймін. Мен оны танып 
қалып, бұрылып сəлем бердім: «Оғыз тайпасының адамына ұқсайсың, 
кім боласың?» – деп сұрадым. Ол маған тігіле қарап: «Е, сен ұлым 
Иекенк екенсің ғой»,– деді. Мені жасымда сол тəрбиелеген еді. Қайда 
бара жатқанымды сұрады. Мен оған: «Дизмерд қамалына барып, 
тұтқын болған əкемді алып қайтпақшымын», – дедім. Сонда тəрбиешім: 
«Желдей жортқан арғымағым мені қайда алып бармаған? Оған жету 
оңай ма? Менің батыр жігіттерім Жаңа Байырдың бөрісіне ұқсас еді. 
Садағымды жеті ұста істеп еді, оның оғы қайыңның шыбығынан 
істеліп, алтынмен күптелген еді. Алтында менің таңбаларым бар екен. 
Жел тұрып жаңбыр жауды, ыдыстар суға толды. Дизмерд қамалына мен 
жеті рет барып, ала алмай қайтқан едім, жігітім, менен артық батырды 
табу қиын, əуре болмай кейін қайт», – деді. Иекенк өзін тəрбиелеген 
Əменге түсінде жауап беріп: «Сенің ертемен төсегіңнен тұрып, жауға 
аттанғаның рас. Бірақ сен көзі қанды бек жігіттерден қасыңа серік 
алмадың, сенің қасыңда даңқы жер жарған бектер болмады. Сенің 
серіктерің бес теңге күміске жалданып барған шал-шабандар болған 
еді. Сол үшін сен жау қамалын ала алмадың», – дедім. Иекенк бұдан ары 
оған: «Турап жеген ет жақсы, шөлдеп ішкен су жақсы, ашылмаған сыр 
жақсы. Адам басынан кешпей ақылды болмайды. Батыр адам өлімнен 
қорықпайды, жəутеңдеп қашпайды», – деп жауап берген. Иекенк 
серіктеріне осы түсін баян етті. Бұл кезде өзін тəрбиелеген Əмен де 
серіктерімен келіп жеткен еді. Барлық бек жолдастарымен бас қосып, 
бұлар Дизмерд қамалына келіп жетіп, оның сыртына орналасты.
Жаудың келгенін гəуірлер көріп, оны Аршун ұлы Тагавор Дирекке 
жеткізді. Өзі албастыдай батыр еді, атына мініп қамал сыртына шықты 
да, батырларды жекпе-жекке шақырды. Жекпе-жекке Қиян Сейілхан 
елінен шыққан жау жүрек Дондаз шықты. Қолтығында алпыс тұтам 
найзасын қысып алып, гəуірді түсірмек болған еді. Тагавор оның найза-
сын қағып жіберіп, қолынан тартып алды. Сөйтіп ол Дондазды өзінің 
алпыс батпан шоқпарымен ұрғанда, батыр есінен танып қалды, көзіне 
кең дүние тар болып көрінді. Астына мінген Кавказ жүйрігінің басын 
бұрып, кейін тайқып шықты. Бұдан кейін жаудан жүрегі шайылып 
көрмеген Төлек Боран атына қамшы басып барып, өзінің темір сотасы-
мен ұрып еді, жау батыры оған да бой бермеді. Қолындағы сотасын 
тартып алып, мұны да шоқпармен ұрды. Боран батыр астына мінген 
Кавказ атының басын бұрып, кейін шапты. Хан ием, бұл күні жиырма 
төрт тулы оғыз елінің бектері гəуірлерден жеңіліс тапты. Қазылық 
оғыз баласы, жас батыр Иекенк бұл жайға əбден ызалы еді. Ол тəңіріге 
сансыз рет жалбарынды: «О, тəңірім, өзің аспанда тұрасың, кім екеніңді 
ешкім көріп, білген емес. Əзиз атың əркімнің жүрегінде, сені туған 
ана жоқ, туғызған ата жоқ. Ас-ауқатқа мұқтаж емессің, адамға тəуел-
сізсің, əмбенің тағдырын шешкен, тəңірім, бір өзіңе сиындым! Сен 
Адам атаның қолына гүл ұстатып, шайтанды қарғысқа ұшыраттың. 
Бір ғана күнəсі үшін оны жұмақтан қудың. Намурд көкке оқ атқанда, 
сен оған қарны жарық балық жібердің. Ұлылығыңның шегі жоқ. Сенің 
бойыңды өлшеп, ойыңды білген адам жоқ, ешкімге зорлық етпейсің. 
О, ұлы тəңірім, əлсізге болыспасаң, тарыққанға жар болмасаң, сенің 
даналығыңнан не пайда? Күштілерді көкке шығарсаң, нашарларды 
жерге тықсаң, сенің əділдігің қайда? Менің бұл шақта өзіңнен басқа 
жəрдемшім, сенерім жоқ. Қара шекпен киген гəуірге енді өзім барамын, 
оң сапарыңды бер», – деді де, атын желдей ағызып, еріген балшықтай 
жабысып, жау қасына барды. Жау батырының екі кісі мінгендей иығына 
қылыш ұрып, онысы киімін жыртып, сауытынан өтіп, денесіне алты елі 
батты. Қара қаны сел болып ақты. Қаны денесін жуып, қара сиырдың 
көнінен істеп киген башмағына барып құйылды. Басы түсіп, бүкшиіп 
қалды. Содан соң жау батыры қамалға қарай қашты. Иекенк оны қуа 
жөнелді. Қамал қақпасына барғанда, Иекенк оны өзінің қайыспас қара 
болат қылышымен тағы бір рет ұрған еді, басы жерге допша домалап 
түсті. Бұдан соң Иекенк атының басын бұрып, өзінің əскеріне келіп 
қосылды.
Жау елі тұтқында жатқан Қазылық оғызды босатып берді. Ол өз 
адамдарына келіп қосылды. Сонда Қазылық оғыз: «О, бек жігіттерім, 
айтыңдаршы, гəуір батырын кім өлтірді?» – деп сұрады. Сөйтті де тағы 
сөйлеп кетті. Тыңдалық, хан ием, ол не деген екен: «Мен кеткенде бір 


 384
385
аруана келеде буаз қалып еді, сол ұрғашы бота туды ма, еркек бота туды 
ма? Қотанымда бір саулық буаз қалып еді, сол ұрғашы қозы туды ма, 
еркек қозы туды ма? Үйімде көзі күндей, жүзі айдай сұлу жарым жүкті 
қалып еді. Сол ұл туды ма, қыз туды ма? Мені ұмытпаған болсаңдар, 
бұл сұрағыма жауап бере көріңдер, бек жігіттер», – депті Қазылық 
оғыз. Бұған Иекенк жауап беріпті. Тыңдалық хан ием, ол не деген екен: 
«Үйіңде аруанаң буаз қалса, ол еркек бота туды. Қара қилы қораңда бір 
саулығың буаз қалған болса, ол қошқар туды. Үйіңде жүзі айдай əйелің 
жүкті қалған болса, ол арыстан туды», – депті Иекенк. Бұлар бірін-бірі 
құшақтап, жылап табысты. Сағынып көріскен екі ғашық сияқты болды. 
Айсыз түнде ұлып табысқан бөрідей болды. Бұдан соң бектер барлық 
əскерін жиып, қамалға кірді де, қаланы қиратып, мал-мүлкін талады. 
Қаладағы шіркеудің бəрін бұзып, орнына мешіт салдырды. Онда жұрт 
тілін кəлимаға келтіріп, құтба оқыды. Бəйшешектей құлпырған, бойшаң, 
уылжыған жас сұлу қыздан тоғызын алды, шоқпардан тоғыз, алтын 
шапан мен мауытыдан тоғыз-тоғыздан олжа алып, соның бестен бірін 
Баяндүр ханға сыйлық етіп бөлді. Өзге олжаны дін үшін соғысқан 
батырлар бөлісіп алды. Сөйтіп бұлар аман-есен еліне келіп жетті.
Ел бас қосқан думанға Қорқыт атам келіп, күй тартып, жыр айтты. 
Бұл жырды да сол шығарып, Иекенк ерлігіне арнаған еді. Менің берер 
батам мынау, хан ием: «Сенің Қаратауың құламасын. Көлеңкелі биік 
дарақтарың кесіліп, қурамасын. Ақсақалды əкеңнің барған жері жұмақ 
болсын, ақ шашты анаңның жүрген жері тау болсын. Өлгеніңше Алла 
сені дініңнен айырмасын. Сенің иманды жүзіңді сағалап, бес ауыз 
сөзбен дұға айттым. Сол дұғам қабыл болсын. Мұхамедтің жарқын 
есімі үшін ол дүниеде құдай сенің күнəңді кешірсін!»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   134




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет