Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева



Дата28.06.2016
өлшемі51.5 Kb.
#163783
Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

профессоры, филология ғылымдарының докторы
Т.Жолдыұлы поэзиясының танымдық, идеялық көркемдігі

Қытай қазақтарының әдебиет тарихында өзіндік орны бар Таңжарық Жолдыұлы дара құбылыс. Оның шығармалары сол өңірдегі ақын-жазушылардың ішінде толық жиналып шыққан. Екі томдық шығармалар жинағында ақынның барлық жанрда жазылған туындылары толық дерлік қамтылған. Бұл тұста осы шығармаларды жинап оқырманға жеткізуде атқарған қырауар еңбек аға буынның өнегесін кейінгімен жалғап отыратын көпір іспеттес десек артық болмас. Екі томдық шығармалар жинағының кіріспесінде Таңжарықтың ақындық өнерін сол күйінде өзгеріссіз, қаз-қалпында кейінгі буынға табыстауда ақын шығармаларының жарық көрген баспа нұсқаларымен мұқият сараланғаны туралы айтылады.

Таңжарық шығармаларын жанрлық жағынан алғанда өлең толғаулар, арнаулар, дастандар, қиссалар, айтыстар, әндер деп жіктеуге болады. Ақынның жас кезінен қиыншылықты, тапшылықты көп көруі өмірге деген көзқарасының ерте қалыптасуына әсер етеді. Таңжарық поэзиясының қуаты мол, өз заманындағы қоғамдық құбылыстармен үйлесіп жатады, ақын уақыт ырғағын өз жырына қосып, өмірдің шындығын шығарма шындығына өзек етуде ерекше шеберлікке қол жеткізген. Шығармаларының идеясы тереңдігімен, ойды көркем образ арқылы жеткізу даралығымен, афоризмдерге бай және адами құдылықтарды ардақтауға негізделгенімен құнды.

Адам бойында адамгершілік қасиеттерді сақтап қалу қай ақын-жазушы шығармасының түпкі идеясы және адамзатты ойландырып келе жатқан зәру мәселе. Адам бойындағы жаман қасиеттерден арылуды тек еңбек арқылы емес, білім мен өнер, ақыл мен қайрат арқылы жүректі сол бағытқа бағындыру жолдары бар екенін Таңжарық Жолдыұлы ешқашан есінен шығармаған және түйінді ойларын өз өлең жолдары арқылы өрістетіп отырған.

«Жұманға» атты арнау өлеңі Кеңес Одағының азаматы Жұман Таңжарықтан бір өлең қолқалап, 1930 жылдары жаздырып алған екен. Бұл өлеңінде Кеңес Одағының жақсы істерімен қоса, орыс отыршылдарының, сталиндік солақайлықтың салдары жанды көрініс тапқан. Сол заманның аянышты шындығын ақын қазақ ұлтының бойына дерт болып жабысқан жағымсыз қылықтардан арылтуды үдету мақсатында жазған сияқты.
Келеді бұзық қаптап елге тарап,

Оңалар қазақ қайтіп, кімге қарап,

Ел-жұртым, әке-шешем еске түссе,

Бойыма ас тарамас аттай жарап.

Көп екен көріп тұрсам, елде бұзық,

Темекі, қолда шылым, ішкені арақ.

Бола көр құдай жардам момындарға,

Азайды көлеңкелі зәулім дарақ [1,36-б].

Мұндағы бұзықтық, араққұмарлық, надандық рухани кемелдікті тежейтін зала екені, көп болып жұмыла күресу керектігін алға тартады. Бұл өткен ғасырдың ғана емес бүгінгі күннің тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселе. Мейіріміділік, қайырымдылық, адалдық, махаббат шын жүректен шығуы үшін қоғамдағы кеселді істерден жас ұрпақты сақтандыру қажеттігін ақын осы өлеңінде таратып айтып береді.

Абыйыр имандыдан сөгіліп тұр,

Дінсіздер имандыны кеміріп тұр.

Мұсылманның талайы діннен шығып,

Қайта шауып, қағынып, емініп тұр.

Нысап, ұят ойлаған бір пенде жоқ,

«Құдай жоқ» деп оларың еліріп тұр.

Сан жүйрік – шаршы топта бәйге алғандар,

Арбаға осы күнде жегіліп тұр.

Құртам деп жер бетінен ислам дінін,

Япырм-ай бұлар мұнша не біліп тұр.

Жаманды жер бетіне тұтас жауып,

Жақсылық жер астына көміліп тұр[1,36-б].

Бұл арнау өлеңде ақын жалпы адам өмірінің барлығы тек адасулардан көз ашпайтын асулардан тұратын сияқты көрінгенімен, жаман әдеттердің адам бойына біржола сінісіп кетпей тұрғанда күресу керек екендігін туралы баса айтқан.

Халық ауыз әдебиетінің құнарын бойына сіңіріп, дөп басып, тапқыр сөйлейтін ақын кез келген жерде сөз тауып, тура сөйлеуге машықтанғаны шығармаларын оқып отырып көз жеткізуге болады. Кезінде Таңжарықтың рулас Далда деген ауылдасы үстіне киім кимей, ел-жұртты аралап, қап-қара болып алма теріп жеп жүріп өмір кешеді, бірде ол алма ағашынан құлап өледі. Осыны естіген Таңжарық табан астында:

Әуелі әмір Алладан,

Сөз сөйлейік Далдадан.

Қамыстыдан асқанда,

Жүйрік едің арбадан.

Қатар қойып қарасаң,

Ағырық едің қарғадан.

Жаһан кезсең күндіз-түн,

Жүйрік едің поштадан.

Қалай кезсең ноқтасыз,

Алдыңда біреу тоспаған.

Қызыл тұмсық тарыны,

Бұрын жеуші ең қарғадан.

Сөйтіп өткен Далдекем,

Ажалың бопты-ау алмадан.

Ешкімге залал салмадың,

Иманың болсын Алладан!,-

деп тақпақтап, қоғамдағы түрлі жағдайларды, өлімді, өмірді жырлайды. Осы сияқты көзі тірі замандастарына жазған арнау өлеңдерінде ақын сол адамдар бойындағы жаман әдеттерді сынап, әшкерелеуге келгенде жүйріктік танытқан. Замандасы Сатылхан сияқты бай-манаптардың типтік бейнесін жасайды. «Бейнелеп айту, сұлу сурет жасауға бейімділік – өлең өнеріне тән қасиет. Алайда, суреттеу, баяндаудың көрнекілігі, дәлдігі, нақтылығы,, көркем бейне жасау мақсатына сәйкес келіп, суреттеп отырған құбылыстың типтік ерекшеліктерін де айқын, анық қамтуға тиіс» [,292-б],- дейді Зәки Ахметов. Мысалы, «Сатылхан зәңгіге» атты арнау өлеңі 1930 жылы жазылған.

Сатылхан екі бетің шұбар едің,

Ел жеуге ежелден-ақ құмар едің.

Албанды екі жүз үй жеп тауыссаң,

Бәтжағар сонда ғана тынар едің.

Егер де өз еркіңе қоя берсе,

Біреуін боқтап, бірін ұрар едің.

Қолыңа мұнан биік мансап тисе,

Жүнін қойып, түбітін жұлар едің.

Жаман әдет, надан іс-әрекеттерді әшкерелеген Таңжарық өз арнауында Сатылхан арқылы кесір-кесапаттан, ұсқынсыздық пен сөдегөйліктен арылу керек екенін бар ықыласымен ескертеді.

Т.Жолдыұлының «Балтабайға», «Алшаңбайға», «Сотаға», «Кермахұнға», «Борсыққа», «Жұманға», «Ұстазыма», «Жастарға», «Күйкентайға», «Жігіттерге», «Махсұтқа», «Садыбайға», «Қуатбекке», «Шәріпханға», т.б. толып жатқан арнауларында мәдениет, еңбекшілдік, бірлік, береке, адамгершілікке шақыру сарыны қарапайым халықты ағарту идесына баулумен астасып жатыр.

Абайдың ақындық өнерінің тәлімі өлеңге жол тартқан сөз шеберлерінің мұрасынан ізін көрсетіп, олардың барлығы да Абай дәстүрін дамытып, уағыздап, насихаттап отырған. Таңжарық ақын да бай шығармаларымен сусындып, нәр алып, өз бойына сіңіргенін оның өлең жолдарынан байқауға болады. «Ақын сыры» деген өлеңінде ақынның өмірде көрген қиыншылықтары, ақындық жолдың ауырлығы туралы ойлары Абайдың поэзиялық дәстүрімен үндесіп, үйлесім тауып жатады. Оның:

Ақиқат, анық айтып шынын сөйле,

Жарамсыз жалған сөзге кім нанады?

немесе,


Шыққан сөз білімдіден білгіш көрсе,

Таразы талқысында сыналады.

***

Ұстадан тат, мирас боп молдадан хат,



Бақсының тұқымында жын қалады [1,172-б].

Бұл жерде дәстүр жалғастығы әр түрлі дәуірде ғұмыр кешкен өнер шеберлерінің арасын жалғастыратынына көз жеткізуге болады.

Сөздері басқа ақынның маған мәлім,

Құрт салған шайдай іріп былғанады.

Бәрін де Абай сөзі басып түсер,

Бір парша шеттен алып қырнағаны.

Сөзі бар басқалардың жыртық-жамау,

Жүректен әрең шығар тырнағаны.

Көбінің сөздерінің мәнісі жоқ,

Секілді боз торғайдың шырлағаны [1,172-б].

Бұл тұста осы жолдардан Абайдың ақындығы, жүйріктігі мен дүлділдігі терең ашылған. Өз заманындағы өзі құралпас ақындар ортасынан көрген өгейлікті әшкерелеген ақын Абай өлеңдерінің өміршеңдігін паш етеді.

Таңжарық туған жер табиғатын шабыттана, құштарлықпен жырлайды. Жас ұрпақты туған жерді сүюге, қадірлеуге шақырады. Адам мен табиғаттың байланысының құпия сырларын заңғар таулар мен айдынды көлдер, қай кезде де ақын қиялынан тыс қалмайды.

Дариға-ай, аманбысың туған жерім,

Кірімді кіндік кесіп жуған жерім.

Көкшоқы, Көксайменен, Қызыл мойнақ,

Аң қарап, құланыңды қуған жерім [1,262-б],

несесе,

Жон-жота, шоқы, төбе дөңістерім,



Бел-беткей, белегір мен белестерім.

Тау-тасың, тал, қарағай, қайың, терек,

Кетпейтін көз алдымнан есестерің [1,262-б].

***


Қалықтап күн келеді көк жүзімен,

Дымданып бойы балқып жер сызымен.

Аққудай жалғыз қалған көл бетінде,

Күн кетті түндегі айдың өкше ізімен [1,262-б].

Ақын табиғаттың кейпін тура жырлаудан гөрі туған жерді фон етіп алады да өзінің сезімін, көңіл-күй әлемінің тебіренісін осы фонмен шебер ұштастыра білген.

Т.Жолдыұлының туған жерге байланысты жазған өлеңдері бір төбе. Олар: «Көктем мысалы», «Жаз мысалы», «Туған жер», т.б. Туған жерді жырлай отырып, түйдек-түйдек ой айтады, табиғаттың тылсым сырларын адам сезіміне шоқ тастай отырып жырлаған ақын адам бойына қуат дарыта беледі.

«Лирикада мінез болады. Ол ақынның мінезі. Өлеңім өзіме тарт дегендей, әр өлең тек иесіне ғана тартады» [,29-б],- дейді ғалым З.Қабдолов. Расында да ақынның басынан кешкен сезім, толғаныс субьективті болғанымен, ол обьективті өмірдің әсерінен туындайтын құбылыс. Таңжарықтың «Елмен, жермен қоштасу» атты өлеңінде:

Талқының шығып тұрдық кезеңінде,

Байлаған ұқсап қоям көжегіне.

Артыма жалт бұрылып қарағанда,

Ду етіп от ілінді өзегіме [1,146-б].

Лирикалық кейіпкер ақынның өзі. Ақын өзінің көңіл-күйін, жан тебіренісін, ішкі сезімін бейнелеу, суреттеу арқылы елмен, жермен қоштасып кетіп бара жатқан қайталанбас сәттерін шебер бейнелеген.

Таңжарық Жолдыұлының поэзиясының тақырыбы әр алуан, бояу-нақышы, бейнелеу машығы, шығармашылық ізденістері өзімен тұстас өмір сүрген басқа ақындарға ұқсамайды. Қытай қазақтарының әдебиет тарихында өзіндік із қалдырған, терең сырға, ұшқыр ойға құрылған ақын өлеңдері кестелі және адамның рухани әлемі мен қам-қаракетін қатарластыра, шебер жырлай білгенін айқын көреміз. Суреткер поэзиясында өз заманына лайық күй, үн бар, ішкі жан-дүниесінің әр алуан қырларын жайып салуы, ақындық табиғатында рухани тазалық пен адами қасиеттердің молдығынан болса керек....

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Жолдыұлы Т. Шығармаларының толық жинағы. І-ІІ-том. - Астана: Елорда. 2002.



2. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. - Алматы: Мектеп, 1960.

3. Қабдолов З. Арна. - Алматы: Ғылым,1994.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет