Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры, филология
ғылымдарының докторы
Ұстаз-ғалымның тағлымы
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде студент болып, қазақ тілі кафедрасының ассистенттігінен, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы дәрежесіне дейінгі ұстаздық-оқытушылық жолдан өткен М.Серғалиевтен үйренетін тұстар көп. 1989-1999 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазМУ, 1999-2011 жылдары Еуразия ұлттық университеті жанындағы қазақ тілі мен орыс тілі мамандықтары бойынша кандидаттық, кейіннен докторлық диссертация қорғайтын мамандандырылған кеңестің төрағасы бола жүріп ондаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарына өмірінің соңына жетекшілік жасады. Он жылға жуық Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде диссертация қорғайтын диссертациялық кеңестің жұмыс істеуіне тікелей мұрындық болды. Ұстаздықпен қоса көп жылдар бойы ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысқан ғалым Мырзатай Серғалиев қазақ тілінің синтаксисі, лингвистикалық стилистика, тіл мәдениеті, шешендік өнер мен көркем әдебиеттің тілі мен стиліне қатысты мәселелер туралы келелі еңбектерді жарыққа шығарған білікті ғалым. «Синтаксистік синонимдер» (1981), «Қазақ тіліндегі етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» (1967) атты монографиялары қазақ тіл біліміндегі құнды еңбектер ретінде өзіндік орны бар.
Ғалым М.Серғалиевтің түбегейлі зерттеген тіл білімі ғылымының негізгі салаларының бірі – синтаксис. Соның ішіндегі жаңа бағыт синтаксистік құрылымдардың синонимикасы. Бұл мәселе туралы синтаксистік құрылымдардың синонимикасының құрылымдық тұрғысын, оның ішінде синонимдерді бір-бірінен айыра білу жақтарына түсінікті етіп анықтап берген ғалым бұл саладағы назардан тыс қалып жатқан проблемаларды жіктеп көрсетеді.
Стилистиканың өзекті мәселелеріне арналған еңбектерінде оның ұғымдары мен категориялары, лингвистикалық стилистиканың салалары, түрлері, олардың тілдік тұлғаларда қолданылуы, көркем әдебиеттің өзіне тән стилистикасы, тіл мәдениеті туралы терең де тың ойларды ортаға салады. Стилистикаға байланысты оқулығында тек студенттер ғана емес осы саладан дәріс беріп жүрген ғалым-ұстаздар, ізденушілер негізгі нұсқау ретінде пайдаланып жүр. Көркем әдебиет тіліне қатысты еңбегінде жалпы көркем әдебиет тіліне қатысты оның негізгі ерекшеліктерін қарастыруда өзіндік жол тапқан ғалым М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, З.Шашкин, С.Шаймерденов т.б. сияқты қазақтың классикалық әдебиетінің үлгісін жасаушы ғұламалардың шығармаларына стилистикалық талдаулар жасап қана қоймай, бұл жазушылардың шығармаларынан үйренетін тұстарын, қандай артықшылықтары барын, тіл құралдарын қолданудағы шеберліктерін дөп баса білген ғалым еңбегінің маңызы зор.
М.Серғалиев мемлекеттік тілдің өрісін көтеру мәселелеріне бірнеше еңбектер арнаған, оның ішінде тіл мәдениеті, орфоэпия салаларына арнайы тоқталуы орынды. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілге қойып отырған талап пен талғамның жоғарылығын тілге тиек еткен зерттеуші «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1996) атты кітабында тек күнделікті тіл мәдениетіне қатысты ғана емес бүгінгі таңдағы бұқаралық ақпарат құралдардағы тіл мен стиліндегі орын алып отырған кемшіліктер мен сол кемшіліктерді жою жолдарын ашып көрсетеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында тілдік нормалардың сақталмауы, ауызекі сөйлеу тілінде пайдаланатын сөздерді журналист қауымы қолдануға жол беріп отырғандығына нақты мысалдар келтірген ғалым еңбегі көпшілік оқырманға ғана емес телерадио қызметкерлерінің игілігіне айналған. Осы тұста ғалым тіл мәдениетіне қатысты еңбектері мерзімді баспасөз тілі, теледидар мен радио қызметкерлерінің тілі, көркем әдебиет тіліндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар, олардың сөзді талдап, талғап қолдана білу шеберлігі, әр сөз тіркесін орынды пайдаланудың жолдарын көрсеткенде нақты мысалдармен дәйектейді. Автор әсіресе, тележүргізушілердің қазақ тілінің емес орыс тілі заңдылықтарына сүйене отырып, көпшілік алдында ақпарат тарататындығына реніш білдіреді. Бұл өте орынды және ғалым айтып отырған бұл келеңсіз жағдайлар қазақ телерадио хабарларында жиі кездесетінін мойындағанымыз ләзім. Зерттеушінің тіл мәдениеті туралы зерттеу мақалаларында көркем сөзді қолданудың озық үлгілерін даралап көрсетеді және жоғарыдағы кемшіліктерді болдырмаудың жолдары ұсынылады.
Профессор М.Серғалиевтің М.Балақаевпен бірлесіп шығарған «Қазақ тілінің мәдениеті» (1995, 2004, 2006) оқулығының «Тіл мәдениетінің салалары» тарауын жазған-ды. Осы ой-түйіндердің жалғасы іспетті «Сөз өнері» (1978), «Жазушы және сөз мәдениеті» (1983) кітаптарына тіл мәдениетінің өзекті мәселелері арқау болады.
«Кең өріс» (1983), «Сөз сарасы» (1989), «Ой өрнегі» (1995) сын кітаптары жарыққа шығып, «Уақыт және қаламгер» (1975, 1978, 1982) ұжымдық жинақтарда қазіргі әдеби өмірде болып жатқан шығармашылық процестер мен белді, белгілі қаламгерлердің шығармашылығында орын алып отырған әдеби портреттер, сол қаламгерлер сомдаған адам характерлері мен тіл шеберлігі, бейнелеу тәсілдеріндегі көркемдік ізденістерін негіз етеді. Бұл еңбектер ғалымның жазушылар шығармашыларындағы сөзді орынсыз қолданған тұстарын, грамматикалық заңдылықтарды сақтауда жіберген олқылықтарын тіл мәдениеті тұрғысынан үлкен кемшілік деп атап қоймай, нақты мысалдармен дәлелдеуі орынды.
М.Серғалиевтің публицистік шеберлігін дәлелдейтін «Өнеге» (1998, 2006) кітабында кезінде өзі тәлім-тәрбие алған ұстаздары М.Әуезов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ш.Есенов, К.Ахметов, З.Қабдолов, Е.Букетовтермен қоян-қолтық араласа жүріп, көрген-білгендерін, алған тәлім-тәрбиесін паш етеді. Бұл кітаптың келесі бөлімінде қазақтың атақты өнер қайраткерлері С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, А.Тоқпанов сияқты кино мен театр тарландарының өнері мен өміріне қатысты мол деректерге қанығуға болады. Сонымен қоса мектеп қабырғасындағы шәкірттік жылдардың қызықты кезеңдері мен әртүрлі жылдары болған қызықты оқиғаларды көз алдымызға елестетін эсселер мен естеліктер үлкен шеберлікпен жазылған.
1995 жылы жарық көрген «Көркем әдебиет тілі» атты еңбегінің шоқтығы биік. Бұл оқу құралында көркем әдебиет тілінің ерекшеліктері мен әр жазушының стиліне тән өзіндік ерекшеліктері мен қолтаңбасы, авторлық баяндау мен кейіпкердің тілі, әр сөз зергерінің сөз саптаудағы айырмашылықтары да жан-жақты қарастырылған. Бұл кітапта тек көркем шығарма тілі мен стилі ғана емес әдеби сын еңбектердің стилі мен тілі кеңінен сөз болады. Автор Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы кейіпкер даралау стилінің ерекше тұстарын дөп баса отырып, бұл шығармадағы ұлттық ділге тән қаратпа сөздерді талдаған тұстары өте қызғылықты және шығармадағы диалог, диалектизм, дөрекі сөздер туралы ғылыми дәлелдер келтіре отырып талдаудың үздік үлгісін көрсетеді. С.Шәймерденовтің «Мезгіл», Т.Әлімқұловтың «Ақбозат», Қ.Найманбаевтың «Көкем екеуміз» шығармаларындағы мәтін түзу, ондағы метафора, теңеу, қайталау мен диалог, табиғат суреттері, мінез бен бейне жасаудағы шеберліктері мен әдеби тілді байытуға қосқан үлестері сараланып берілген. Кітаптың екінші тарауында М.Әуезовтің әдеби-сын мақаларындағы өзіндік ерекшеліктері мен жазушының талап пен талғампаздығына терең үңілген. Белгілі қазақ жазушыларының романдарындағы өмір мен оның әр алуан құбылыстарының, адам мен адам арасындағы қарым-қатынастардың қамтылу деңгейін терең аша зерттейді. Қазіргі кездегі әдебиеттегі әртүрлі бағыттарға көз сала отырып, ондағы жаңа үрдістер мен жаңалық сипаттарды ашып көрсетеді. Роман ғана емес, повесть, әңгіме, новелла жанрында жазылған көркем шығармалардағы қаһармандардың бейнесінің жақсаруы мен жаңаруының белгілерін атап көрсеткен тұстары тағлымды.
М.Серғалиевтің көркем аударма саласымен айналысқан. Я.Камал, К.С.Вирх, М.А.Заряб, К.С.Дугал, В.Валаж, Ә.Қадыров, В.Лацис, В.Кожевников т.б. шетел және орыс прозашыларының әңгімелері мен новеллаларын қазақ тіліне тәржімалаған шебер аудармашы. Бұл жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударуда М.Серғалиев әдебиетке тән көркемдік ойлау жүйесін, бейнелеп сөйлеу, сөз қолдануда әртүрлі тәсілдерді оңтайлы пайдаланған. Бұл тәржімаларға қарап отырсақ басқа тілде айтылған ойдың жылпы мағынасын жеткізуден гөрі, сол әдебиетке сай көркемдік ойлау, көркемдік қуат, бейнелілік әсерін неғұлым толық жеткізуді мақсат еткені байқалады.
Қаламы қарымды ғалымның бүгінгі таңда жеті монографиясы, онға жуық оқу құралдары мен оқулықтары, бірнеше әдеби-сын кітабы, 1000-ға жуық ғылыми көпшілікке арнаған мақалалары ғылыми айналымда. Бұдан басқа түрлі жинақтар мен анықтамалық, энциклопедиялық әдебиеттерде өзіндік қолтаңбасы бар ғалым әрқашанда қазақ сөзінің дұрыс қолданылуын, мәнерлілігін, қисындылығын дәлелдеген көптеген мақалалар авторы. Осы тұста мен ұстазым Мырзатай Серғалиевтің бірнеше қырын санамалап өткенді жөн көріп отырмын. Біріншіден, ұстаздығы баға жетпес байлық. Мыңдаған шәкірттер тәрбиелеген М.Серғалиевтің ерен еңбегі өлшеусіз. Екіншіден, лингвист ғалымның әдеби тіл, стилистика, лингвистикалық стилистика, көркем әдебиет тілі, тіл ғылымының салаларына арнаған еңбектері туралы жоғарыда атадық. Үшіншіден, журналист ретінде де өзін танытқан ұстазымыз қоғамда болып жатқан өзгерістер мен құбылыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің ой-пікірлерін әрдайым ортаға салып, жазып келеді. Төртіншіден, әдебиет сыншы ретінде танылған Мырзатай Серғалиев қазақ әдебиетінде жарық көрген жаңа туындылар мен бұрын да танымал болған классикалық шығармалар туралы өз пікірін батыл білдірумен қатар сыншылық болмысын жан-жақты таныта білді.
Азды-көпті ұстаздық қызметпен айналысқалы байқағаным: қызметте адам баласына үйретуде, ғылыммен айналысуда күй таңдамайтын ұстаздар болады. Сондайлардың сапынан Мырзатай Серғалиевті көреміз. Осы кісінің басшылығымен қазақ тіл білімі саласына, оны зерттеумен айналысуға талпыныс жасаған талай-талай ғалымдар қосылды. Сол шәкірттерінің көбісі қазір ұстаздан алған тәлім-тәрбиелерінің арқасында ұстаздарына ұқсап дәріс оқып, ғылым мен білім жолында жүргендері көп. Мырзакең ондаған ғылым кандидаттары мен докторларын әзірлеуде зор еңбек сіңірген, солардың өсіп-жетілуіне, ғылым саласының бір пұшпағын илеуіне септігін тигізген жан. Бірақ, сені оқыттым, жеткіздім, көмектестім деп айтудан аулақ ұстаз өз еңбегін ешқашан нарықтаған емес.
Көзі тірісінде академик Мырзатай Серғалиев бір сәтке де өз шәкірттерінен көз жазған емес және Қазақстанның қай түкпірінен болсын Мырзаекеңнен тағылым алған мыңдаған шәкірттерін кездестіруге болады. Қазірдің өзінде ең кенже шәкірттері университеттерде дәріс оқып жүрсе, кейбірі өзіндей қалыптасқан ғалым болып профессор атанғандары аз емес. Барлығы да өз ұстаздарына ілтифатпен қарап, ардақтағанын көзіміз көріп, көңілімізге тоқып жүрміз.
Достарыңызбен бөлісу: |