Меңдігүл ШЫНДАЛИЕВА
“АЙҚАП” ЖУРНАЛЫНДАҒЫ ОЧЕРКТЕРДІҢ КӨРКЕМДІГІ
Очерк – сөз өнерінің бір парасы. Оның көркем шығармашылықтан бөліп қарауға болмайтын төл сипаты, кең мағынасы бар. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» кітабында публицистиканы «көсем сөз», очерк жанрын «әуезе» деп атап, оған қатысты біраз терминдер мен атаулар қалыптастырған. «Болған уақиғадан бастан-аяқ болған түрінде, ретінше мезгілін, мекенін көрсете мазмұндап, мағлұмат беру әуезе болады. Әуезе ақпар мағынада, оның мысалы, шағын түрде айтқанда мынау болады» [1,397-398 б],- дейді. Яғни, әуезе сөз өнерінің ішіндегі жедел де ұшқыр, өтімді жанр. Қазақ әдебиетіндегі әуезе жанрының тәжірибесі мол, қоғамдық пікірге толымды өлшеуіш бола алатын қасиеттерге бай, зор мүмкіндіктерге ие екендігін А.Байтұрсынов дөп басып айтқан. Очерк өмір барлаушысы ғана емес, өмір шындығын, өмірдің өзекті проблемаларын, халықаралық саясат мәселелерін, күнделікті тіршілік құбылыстарын, замана шежіресін жасауға, суреттеуге мейлінше оңтайлы. Өмір шежірелерін очерк жанры арқылы жасау баспасөз, радио, теледидар, кино секілді сан-салалы мүмкіншіліктері бар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асады. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазіргі баспасөзде жарық көріп жатқан кісі күлерліктей ұшқары пікірлерден де, тіпті байсалды академиялық пайымдаулардан да бірнеше өзекті мәселелер төңірегінде көпе-көрнеу ойдан қиыстыру бел алып барады» [2,8 б],- деп сынайды. Шынында очерктің негізгі міндеті – заман тарихын әділ, ақиқат жазу, адамның тіршілік-тынысының қай саласын болсын шыншылдықпен суреттеу. Қазақ публицистикасының қисыны мен тәжірибесіне арналған еңбектердің көбі кеңестік кезеңде туып, қалыптасқан.
Сөз жоқ, кез келген жанр туралы ұғымда белгілі дәрежеде шарттылық болады. Мұндай қасиеттен очерк жанры да шет емес. Олай болса, зерттеп отырған тақырыптың мән-мағынасын саралап тануға дәс беретін очерк жанрының табиғаты туралы ұғымды орнықтырып алу қажет. Ғылыми әдебиеттердің басым көпшілігінде очеркті әрі көркем әдебиеттің, әрі публицистиканың жанры ретінде тану бел алып жатады.
Көркем әдебиеттің жанры ретінде де, публицистиканың жанры ретінде де очерктің төл қасиеті деп, оның дерекшілдігін (документальность, подлинность) атап өткен жөн. Бұл ретте, очерктің белгі-нышандарын жазу мәдениеті орныққан кез келген тарихи-әлеуметтік ортадан шырамытуға болады. Өйткені, жазу атаулы - ой-дерек көрінісі. Ал, ой-дерек болса, белгілі бір әлеуметтік ортаның болмысын танытуға негізделеді [3,16 б]. Олай болса, әлеуметтік өмір көріністерін тәптіштеп таңбалаған Шумердің сына жазуларынан бастап, байырғы түркілердің эпикалық сарынға толы тасқашау жазуларына дейін, ортағасырдағы жылнамашыл жазбалардан бастап, бүгінгі жазбалардағы жаңалықтар тасқынына дейін, баршасынан нақтылы бір әлеуметтік ортаның айғақ-дерегін табуға болады. Бұл тұрғыдан келгенде очерк жанрының бастау тегін (генезис) тым-тым байырғы замандағы жазба жәдігерліктермен сабақтастырып зерттеудің де қисыны бар. Әрине, бұл мәселе - өз алдына бөлек арна тартатын ғылыми ізденіс саласы. Оның үстіне, очерк жанрының бүгінгі қалыптасқан болмысы, мағыналық қасиеті және категориялық сипаты өзінің жанрлық табиғатына жауап беретін материалдар төңірегінде ғана ой өрбітуді қажет етеді. Ал, очерк жанрының бүгінгі қалыптасқан болмысы ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы қоғамдық қатынастардың алмасу кезеңімен тұспа-тұс келеді деп айтуға болады. Осы мәселелердің бәрін айқындауға арналған зерттеу тақырыбының өзектілігі мен зәрулігі талас туғызбаса керек.
Уақыт пен әлеуметтік ортаның, адам мен қоғамның «жанды» шежіресі ретінде очерктің рухани мәдениет аясындағы мән-маңызы айрықша зор. Бұл тұрғыдан келгенде очерк жанрына қоғамды шыңдайтын, талғамды жетілдіретін мәдени-рухани ықпалды «құрал» деп қарап, оның эстетикалық және ағартушылық қасиеттеріне ғылыми зердемен ден қойып отыру қажет. Бұған қазақ топырағында туындаған очерктер сандық та, сапалық та өресімен әбден лайық. Бүгінгі таңда қазақ очеркінің 250-300 томдай болатын мәтіндік материалдары бар. Оның ішінде «Айқап» журналындағы жарияланған очерктер мәдени-рухани толымды қазына.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан жерінде қазақ тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Бұл газеттердің негізгі мақсаты - жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, ел тіршілігіндегі маңызды оқиғалар мен құбылыстарға дереу үн қосу болды. Қай елде болсын әдебиеттің дамуында баспасөздің рөлі зор. Алғаш шыққан газет-журналдарда ауыз әдебиетінің нұсқалары, этнографиялық материалдар, атақты ақын-жазушылардың шығармалары да жарияланып тұрған. Қазан төңкерісіне дейін шыққан баспасөзде қазақ жеріндегі саяси, экономикалық, шаруашылық, мәдени жағдайлар жан-жақты дәйектермен баяндалады. Бұл газет-журналдардың негізгі мақсаттарының бірі – патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын қарапайым халыққа жеткізу.
“Айқап” журналында басылған қазақ халқының саяси өмірі, мәдениет, әдебиет, тарихы туралы очерктерге тоқталу барысында көз жеткені - әртүрлі дерек көздерінің құндылығы. Бұлар ғылыми, тарихи, әдеби зерттеуді талап ететін мол материалдардың тасқыны екені даусыз. Ұлттық әдебиет пен тарихта орны бар авторлардың очерктік шығармаларына тоқтала отырып, қай мәселе төңірегінде әңгіме қозғаса да бай мағлұмат беретін материалдар баршылық. “Айқап” журналында жарияланған очерктер ағынының негізгі идеясы қарапaйым халықтың ізгі мұратымен сабақтас болып отыратынын атаған абзал.
“Айқап” - ХХ ғасырдың басында, яғни, 1911 мен 1915 жылдар аралығында Троицк қаласында қазақ тілінде шығып тұрған журнал. Бұл журнал қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени, әдеби өмірін кеңінен насихаттаған. Оның шығарушы редакторы ақын, әрі жазушы Мұхаметжан Сералин болды. “Айқап” журналы осылай аталуының себебін түсіндірген бастырушылар алқасы атынан, Бақытжан Меңдібеков (“Газеталарымыз туралы” 1912, 6,), Халиолла Ғабдижалилов (“Айқап” мағыналары” 1911, №2), Мұхаметжан Сералиннің (“Айқап” журналында” 1911, №1) “Айқап” деген ұғымды айқындап берген, тұжырымды ой түйген материалдары жарыққа шығыпты. “Айқап” журналының материалдары - қазақ публицистикасының үздік үлгісі бола білді. Қазақ жеріндегі саяси-әлеуметтік, мәдени шаруаның жайларынан көптеген очерктер жариялап, сол кездегі көкейкесті мәселелерді хал-қадірінше насихаттауға, қарапайым халыққа түсіндіруге тырысты. «... Енді тек бірлі-жарымды қысқа өлең, мақаламен түк өндіре алмасына анық көзі жеткен жұрт арасынан әңгіме, дастан, очерк жазатын жазушылар бой көрсете бастады. Бұлар нағыз қаламгер болмағанымен, көктемнің алғашқы лебізін бұқараға сездіретін, көктемнің алғашқы бәйтерегі іспетті қаламгерлер» [4,31 б],- дейді “Айқап” журналындағы материалдарды құрастырушы авторлар.
Ғалым Асқаров Нұрлан Әуезханұлы “Айқап” журналындағы саяси-әлеуметтік, әдеби-мәдени мәселелер төңірегінде біраз пікір білдірген: “Айқап” бетінде көркем прозаның шағын жанры – әңгімеге, сан жағынан едәуір, біршама қомақты туындыларға орын берілді. Бұлардың басым көпшілігі фельетон айдарының аясында, кейбір әңгіме, очерктер ішінара, хабаршыларымыздан, басқармаға келген хаттар рубрикаларында басылған» [5,15 б],- дей келе, “Айқап” журналының прозалық туындаларын шартты түрде әңгімелер, сапарнама және аудармалар деп үш түрге бөледі. Осының ішіндегі сапарнама очерктерінде сол дәуірдің саяси-әлеуметтік, тарихи-экономикалық жағдайын, өмірдің шындығынан туған оқиғаларды жүйелі баяндау жолында сәтті ізденістер молынан көрініс тапқандай.
“Айқап” журналының белсенді авторларының бірі Кәшімов Мұхаметсәлім - ақын, әрі журналист, көптеген мақала, очерктердің авторы. М.Кәшімов “Верныйдағы көрген-білгендерім” атты жол-сапар очеркінде (“Айқап”, 1913, №7, 142-150-б.) Алматының халқы, мәдениеті, шаруашылығы, әдет-ғұрпы туралы кеңінен әңгімелеп берген. Онда өз атынан баяндалатын оқиға өрістеулері жиі кездесетін тұстар автордың көрген- білгендерін өз очеркіне қазық еткен. «Түркістан шаhарында» (“Айқап”, 1912, №9, 194-200-б, №10, 217-221-б.) жол-сапар очеркі ретінде жазылып, Түркістан халқының шаруашылығын, тұрмысын зерттей келіп, типтік фактілерді жинақтап суреттейді. “Тоқмақ ақуалдары” (“Айқап”, 1913, №4-5, 74-78-б.) очеркінде де Піспек уезінің халқы, шаруашылығы, мәдениеті туралы мол мәлімет береді.
“Әулиеата мен Шымкент арасы” (“Айқап”, 1912, №5, 98-104-б.) жол-сапар очеркінде Әулиеата маңайында өмір сүріп жатқан қазақ-қырғыз, сарт, ноғай халықтары тұратынын, сол кездегі мешіттер жағдайы, жергілікті халықтың қала болуға ықыласы туралы зерттеу пікірлер айтады. Шымкент маңындағы қазақтардың салт-сана, әдет-ғұрыптарының басқа аймақтардағы қазақтардан еш айырмашылығы жоқ екенін тілге тиек етеді.
И.Арабаевтың “Орынбордан – Тәшкентке” деп аталатын (“Айқап”, 1912, №1, 16-18-б, №2, -26-28-б.) жол-сапар очеркінде Орынбор оқу орындары, оқыту жағдайына өз пікірін, көзқарасын білдіреді. Осы очеркінде автор қазақ тарихы, шежіресі туралы Қытай ғалымдарының еңбектерінде көп мағлұмат барлығын, орыс, француз тіліндегі тарихи еңбектерде қазақ елі туралы жазылғандығын айтқан тұстары автордың білімдарлығы, ой-өрісінің кеңдігін көрсетеді. Оның Ресей, Қытай, Еуропа тарихынан хабары бар екендігі байқалады. Юсіпқожыұғлы Ғабдолрахман “Семейден Камышловқа дейін” (“Айқап”, 1913, №33, -22-23,456-457-б.) деген жол очеркінде де Семей халқының өмір тынысын тап басып, ел тіршілігінен қыруар мәліметтер береді. Бұл очеркінде автор тәрбиелік, танымдық, эстетикалық ой-толғамдарын бір арнаға тоғыстырған.
“Айқап” журналының көп көңіл бөлген мәселесінің бірі – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, сана мәселесі еді. Қазақ өміріндегі әдет-ғұрыптың артықшылық, кемшілік жақтарын тәптіштеп, сынай отырып, елді озық ой, жарқын болашаққа шақырған очерктер ағыны да баршылық. Соның ішінде қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына жан-жақты тоқталған материалдарда Тілеубайқызы Сақыпжамалдың (1911, №7, 11-12-б, 1911, №9, 7-8-б.) әйел мәселесін көтерген очеркі бар. Бұнда қазақ әйелдерінің еркіндікке, білім алуға ұмтылуы туралы жазылған. “Айқап” шу дегеннен-ақ қазақ әдебиетіне қатысты дүниелерге ерекше назар аударды. Өлең-жыр, әңгіме, жолжазба очерк, сыни-танымдық мақала, портрет, ғұмырнамалық шығармаларға өз бетінен үнемі орын беріп отырады [5,16 б], - дейді. “Айқап” журналындағы очерктер ағыны мәдениет, ғылым, тарих, өнер жайын көбірек қозғайтындығымен құнды.
М.Сералиннің публицистикалық мұрасын зерттеп жүрген ғалым С.Ергөбеков: “Айқап” журналы сол кезеңдегі қазақ өмірінің бар саласын қамтиды. Соған орай оның әрі бастырушысы, әрі басқарушысы болған М.Сералиннің журнал бетінде жарияланып тұрған мақалалары да табылып жатты. Демек, журнал бағытымен басқарушы бағыты бір болды. Бұл “Айқаптың” бағытын қай мәселеде болмасын М.Cералин анықтап отырды деген сөз. Ал, оның журнал көтерген қазақ өміріне қатысты қандай мәселе болса да өзінің ұстанған бағыт-бағдары, айқын ойы болды” [6,16 б],- дейді. Шындығында да М.Сералин жер мәселесін көп көтеріп, өз ойларын халық талқысына ұсынып “Айқап” бетіне көптеген материалдар жариялады. Оның қазақ жері туралы жазған очерктері қатарына «Қазақ халқының мұқтаждығы», “Біздің бұрынғы hәм қазіргі халіміз”, “Жер әңгімесі”, “Отырықшы болған қазақтар туралы”, т.б. жатады. Публицистің осы жер туралы мақалаларын талдаған филология ғылымының кандидаты С.Ергөбековтің пікірі бойынша: “Айқап” журналының да, М.Сералиннің де көтерген басты проблемасы жер мәселесі болды. Өйткені, ғасырлар бойы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғалып, атадан балаға мұра болып келе жатқан, халық тіршілігінің, құты-қазақ жері Ресейге бодан болғалы алғашында біртіндеп, соңынан үлкен қарқынмен қолдан шығып бара жатты. Сондықтан да оқыған, көзі ашық әрбір қазақ азаматы бұл жөнінде толғанбайды, сөз етпейді десек қателескен болар едік» [5,17 б], – дейді. Автор “Жер әңгімесі’ (“Айқап”, 1913, №17, 361-366-б.) очеркінде қазақ арасындағы 1870 жылдан бергі жер-су құқықтарына тоқтала отырып, қоныс аударушылар мен отырықшы болу мәселесін кеңінен сөз етеді. Бұл очеркінде Мұхамеджан Сералин отырықшылықты, қалалық тұрмысты қостап, оның қазақ халқына қолайлы жақтарын ашып көрсетіп береді. “Отырықшы болған қазақтар туралы” очеркінде автор қазақ елінің салт-санасы, әдет-ғұрпы отырықшы болуға сәйкес еместігін сөз ете отырып, отырықшы болудың пайдасын көрсетіп, қазақтың заңын, әдет-ғұрпын өмірге пайдалы жағынан икемдеу керек деген тоқтамға келеді. М.Сералиннің қазақ елін басқару, билеу мәселелеріне арналған очерктерінің де маңызы зор. «Келешек заманымыздың қамы» атты очеркінде (“Айқап”, 1913. №6, - 117-118-б.) әкімшілік, ел басқару ісін шешу керектігін сөз еткен.
“Айқап” журналы - қазақ халқының экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайы, әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы туралы жан-жақты жазу барысында очерк жанрындағы шығармаларды көптеп жариялаған ХХ ғасыр басындағы бірден-бір басылым. “Айқап” журналы ірі-ірі әлеуметтік мәселелерді халық алдына өткір қоя білген, сол кезеңдегі қоғамдық пікірді қалыптастыруда үлкен үлесі бар журнал деуге толық болады.
Қазақ очеркінің пайда болуы, қалыптасуы ХІХ ғасыр аясынан бастау алады. Қазақ публицистері өз очерктерінде нағыз өмір шындығын, сол кезеңде өмір сүрген адамдарды негізгі кейіпкер етіп ала отырып, оқиға болған жерін, уақытын дәлме-дәл көрсетеді. Қазақ баспасөзіндегі өзіндік орны бар “Айқап” журналында жарық көрген бірсыпыра очерктерде қазақ халқының экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайы, өмірі, әдет-ғұрпы кеңінен қамтылып, қоғамдық пікір қалыптастырудағы үлесі зор деуге толық негіз бар.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
-
Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991.
-
Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. – Алматы: Өнер, 1996.
-
Белинский.В.Г. Таңдамалы шығармалар. 1-том. - Алматы: Қазақтың көркем әдебиет баспасы, 1948.
-
“Айқап”. Құрастырушылар: Субханбердина.Ү., Дәуiтов.С. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы бас редакциясы. 1995.
-
Асқаров Н. “Айқап” журналындағы саяси-әлеуметтiк, әдеби-мәдени мәселелердiң көрiнiсi. Филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн дайындалған диссертациясының авторефераты. – Алматы: 1996.
-
Ергөбеков С. М.Сералиннiң әдеби-публицистикалық мұрасы. Филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн дайындаған диссертациясының авторефераты. – Алматы: 1995.
* * *
Достарыңызбен бөлісу: |