«Хиджаб немесе адамгершілік құндылықтарын қорғау»
Аударған: Әбу Әбдиррахман (Октам) әл-Қазақстани
Дайындаған
www.al-hanifiya.kz
сайтының редакциясы
Мейірімді де Рақымды Аллаһтың атымен бастаймын!
Хиджаб немесе адамгершілік құндылықтарын қорғау
Бұл еңбек Үлкен Ғалымдар Комитетінің мүшесі, белгілі ғалым Бакр Абу Зайттың «Хирасатул фадыйла»,яғни «Пәктікті қорғау» атты кітабынан теріліп алынды. Бакр Абу Зайт аталмыш кітапшаны хадис, тәфсір, фиқх туралы жазылған екі жүзге жуық кітапты зерттеп - зерделеу арқылы жазған.
Құран кәрімде хиджаб сөзі жеті рет қолданылған. Ол араб тілінде: «перде», «тосық» «бөгет», «тосқауыл» деген мағыналарда жұмсалатын көп мағыналы сөз. Ал хиджабтың шариғаттық мағынасын екі түрлі түсінуге болады.
1) Хиджаб ұғымының кең мағынадағы шариғаттық түсінігі
Ол – ерлер мен әйелдердің арсыздыққа алып баратын толып жатқан алғышарттардан алдын-ала сақтануы. Осыған орай хиджабтың жалпы ұғымы бойынша оны ұстану ер кісіге де, әйел кісіге де парыз болып табылады.
*Шариғат ер кісі ер кісіден немесе әйел кісі әйел кісіден, сонымен қатар ер кісі мен әйел кісі бірі бірінен әуреттерін жасыруды бұйырған. Сондай-ақ, ер кісі басқа ер кісілерден, сондай-ақ бөтен әйелдерден тізесі мен кіндік арасын жасыруы керек.
* Шариғат денесі денесіне тиіп, бірі бірінің әуреттерін көріп, нәпсілерінің қозбаулары үшін жас балаларды да бір төсекте жатудан қайтарған.
* Шариғатта ер кісілердің әйел кісілер сияқты киінуіне және олар сияқты сөйлеуіне, оларға ұқсап безенуіне тиым салынған.
* Шариғатымыз ер кісілерді әлі сақал-мұрты шыға қоймаған сүйкімді ер балаларға қызығып, сүйсініп қараудан және олармен жалғыз қалудан қайтарды.
2) Хиджаб ұғымының тар мағынадағы шариғаттық түсінігі
Осы тақырыпты біз төрт түрлі мәселемен қарастырамыз:
1. хиджабтың анықтамасы;
2. хиджаб немен хиджаб болады?;
3. мүмін әйелдерге хиджабта болу парыз екеніне дәлелдер;
4. хиджабтың артықшылықтары;
1. Хиджаб ұғымының тар мағынадағы анықтамасы.
Ол – әйелдің бүкіл денесі мен әшекейлерін бөтен ер кісілердің көзінен жасыру. Шариғат бойынша мүмін қыздар мен мүмін әйелдерге бөтен ер кісілерден жүздері мен қолдарын, онымен қоса бүкіл денесін және құлақ, қол, мойын, омырау, аяққа тағатын әшекейлерін толық жабу парыз етілген.
2. Хиджаб немен хиджаб болады?
Құран мен Суннаны зерттеу арқылы хиджаб екі нәрсемен болатынын білеміз. Біріншіден, хиджаб үйде отырумен болады. Өйткені үй әйелдерді бөтен ер кісілердің көзінен және оларды басқа ер кіслермен араласып кетуден сақтайды. Екіншіден, хиджаб киіммен болады. Ол етегі ұзын жамылғыш пен орамалдан тұрады. Орамал ораудың тәртібі: әйел кісі алдымен орамалды басына салып, сосын онымен мойнын орап, содан соң орамалдың қалған бөлігін жүзі мен омырауына түсіріп қояды. Орамалға қойылатын талап бойынша ол әйелдің жапқан жері сыртынан көрініп тұратындай жұқа болмауы керек.
Ибн Саад және имам Мәлік «Муатта» деген кітабында Умму Әлқама деген әйелден риуаят етеді: – Абу Бәкірдің Абдурахман деген ұлының қызы Хафса Айша анамыздың алдына кіргенін көрдім. Оның басында сыртынан қарағанда мойны көрініп тұрған жұқа орамал бар еді. Сонда Айша анамыз Хафсаның орамалын жыртып тастап, оған: «Аллаһ Тағала «Нұр» сүресінде түсірген үкімді білмейсің бе?» - деді де, оның басына басқа орамал жапты.
Жамылғыш дегеніміз – ол әйелді басынан бастап аяғына дейін бүкіл денесін әшекейлерімен қоса біртұтас жасырып тұратын сырт киім. Оны киюдің сипаты: оны басынан бастап, орамалдың және әшекейлерінің сыртынан киеді. Хиджабтың, яғни жамылғыштың негізгі қызметі сыртынан қарағанда әйел кісінің дене мүшелері білінбейтіндей етіп басынан бастап аяғына дейін оны әшекейлерімен қоса тұтас жасыру. Демек, осы құлшылықты орындау үшін төмендегідей шарттар талап етіледі:
- Жамылғыш әйел кісінің ішкі киімдері мен дене мүшелері сыртынан көрініп тұратындай жұқа болмауы тиіс;
- Жамылғышты әйел кісі басынан бастап жамылғаны жөн, осылай жамылу Құранда Аллаһ Тағала бұйырған «жилбабын жамылсын!» яғни «жамылғышты әйелдер басынан бастап жамылсын!» - деген бұйрыққа сай келеді.
- Жамылғыштың матасы сыртынан қарағанда көз тартатын, яғни адамдарды өзіне қарататындай, немесе қызықтыратындай түсте болмауы керек.
3. Мүмін әйелдерге хиджабта болу парыз екеніне дәлелдер
Мүмін әйелдердің тек қажеттілік болмаса үйде отыруы және бөтен еркектердің алдына тек хиджабпен шығуы сахабалардан басталып ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр. Осы сахабалардан басталған дәстүр жиырмасыншы ғасырдың орта шеніне дейін барлық мұсылман елдерінде сақталып келді. Әйелдердің жүзін ашу тарихта тұңғыш рет Мысырда басталып, сосын Түркияда, сосын Шам елдерінде, сосын Иракта, сосын басқа да мұсылман елдерінде жалғасты. Кейін әйелдердің жүзін ашу бірте-бірте олардың киімдерін қысқартып, жалаңаштауға дейін жетті. Аллаһ бізді осындай бүліктер мен адасулардан сақтасын!
Құраннан дәлеледер:
Құран кәрімде әйелдерге хиджабта болу парыз екенінің дәлеледері «Нұр» және «Ахзаб» сүрелерінде келген. Бұған бірінші дәлел Аллаһ Тағаланың Құран кітабының «Ахзаб» сүресінің 32-33-ші аяттарында берілген. «Әй, пайғамбардың әйелдері! Сендер әйелдерден әлде біреу сияқты емессіңдер, егер тақуалық етсеңдер қылымсып сөйлемеңдер, онда жүрегінде дерті бар дәмеленіп қалады. Әдеттегі сөзді сөйлеңдер! /32/ Үйлеріңде отырыңдар! Әуелгі надандық дәуріндегідей ашық-шашық жүрмеңдер! Сондай-ақ, намаз оқып, зекет беріп, Аллаһ пен Оның елшісіне бойұсыныңдар! ...»/33/
Осы екі аятта хиджабтың парыз екендігіне үш түрлі дәлел бар:
1. «...егер тақуалық етсеңдер қылымсып сөйлемеңдер, онда жүрегінде дерті бар дәмеленіп қалады». Бұл аятта Аллаһ Тағала әйелдерге бөтен ер кісілермен кылымсып, назданып сөйлесуден тиым салды. Осы назданып сөйлеуден тиым әйелдерге хиджаптың парыз екеніне дәлел болады. Өйткені сөзбен наздану әйелді бұзылуына әрі жүрегінде зина дерті бар адамдарды ол әйелден дәмеленуіне себеп болады. Осы бұйрыққа амал ету – ар-ұят, ізеттілік, инабаттылық, тағы да басқа ізгі қасиеттермен толық іске асады. Осы құндылықтар хиджабта болғанда ғана сақталады.
2. «...үйлеріңде отырыңдар!» Яғни «қажетсіз үйлеріңнен шықпаңдар!» - деген Аллаһ Тағаланың сөзі. Осы сөзді біздің Раббымыз Пайғамбарымыз Мұхаммедтің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әйелдеріне қарата айтқанымен, оның үкімі барлық мүмін әйелдерді қамтиды. Себебі Пайғамбарымыздың салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әйелдері барлық мүмін әйелдерге үлгі. Құран мен Суннадағы үкімдер барлық адамдарға жалпы тиесілі. Имам Тирмизи және ибн Хиббан Абдуллаһ ибн Масъудтан риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам айтты: «Әйел кісі – әурет. Егер ол үйден шығатын болса, онда шайтан оны азғыруға ұмтылады. Әйел кісі Аллаһтың мейіріміне ең жақын болатын кезі ол оның үйінде болғанда». Демек, хиджаб әйелдің әуретін жабатыны сияқты үй де әйелдің әуретін сырт көзден тасалайды. Сол үшін үйдің терезелеріне перде тағып, ал үйдің айналасына дуал соққан жөн.
3. «...әуелгі надандық дәуріндегідей ашық-шашық жүрмеңдер!» Аллаһ Тағала әйелдерді исламнан бұрынғы надандық дәуірі кезіндегі сияқты үстеріне иіс су сеуіп, беттерін опалап, әшекейлерін көрсетіп, ашық-шашық үйден шығудан қайтарды. Ал әйел кісінің ашық-шашық жүруі бұл да зинаға апаратын себептерден. Өйткені осылай жүру жүрегінде зина дерті бар ер кісілерді ол әйелден дәмелендіреді.
Құраннан екінші дәлел
«... егер пайғамбардың жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, онда бір қалқаның артында тұрып сұраңдар! Осылай істеулерің сендердің де, олардың да, (яғни екеулеріңнің де) жүректерің үшін(шайтанның азғыруынан, яғни жаман ойлардан) таза болмақ... /Ахзаб, 53/ Құрандағы осы аят «хиджаб аяты» деп танылған. Өйткені ол мүмін әйелдерге хиджабтың парыз болып түскені туралы бірінші аят. Ол хижраның бесінші жылы зулқаъда айында түскен. Осы аяттың түсу себебін Имам Ахмад және имам Бұхари Әнас ибн Маликтен риуаят еткен хадисінде Омар ибн Хаттаб: «Әй, Аллаһтың елшісі! Сенің үйіңе жақсы да, жаман да кіреді, сондықтан мүміндердің аналары болған жұбайларыңа хиджабта болуға бұйырсаңыз» - деді. Осы ұсынысқа орай Аллаһ Тағала осы аятты түсірді. Бұл Омар ибн Хаттабтың үлкен артықшылықтарынан. Осы аят түскенде пайғамбар Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам және барлық мұсылмандар әйелдерін хиджабқа кіргізді. Демек, барлық мұсылман әйелдерге хиджабта болу Қияметке дейін мәңгі өзгермейтін парыз. Осы аятта хиджабта болу парыз екеніне оның бірнеше жері дәлел болады.
1- Осы аят түскенде пайғамбар Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам. және барлық сахаббалар әйелдерін хиджабқа кіргізді. Сондай-ақ осы істі олардан кейін өмір сүрген мүмін әйелдер де жалғастырды. Демек, олардың осылай істеуі бүкіл мұсылмандардың арасында әйелдердің хиджабта болуына ижма яғни бір ауыздан келісім болғанын білдіреді. Сол үшін имам Табари осы аятты: «Егер пайғамбардың жұбайларынан және басқа мүміндердің әйелдерінен бір нәрсе сұрасаңдар, онда бір қалқаның артында тұрып сұраңдар!» - деп түсіндірді.
2- Осылай істеулерің сендердің де, олардың да жүректерің үшін (шайтанның азғыруынан, яғни жаман ойлардан) таза болмақ... Осы «хиджап аятының» екінші бөлігі әйелдерге хижабта болудың не үшін парыз етілген себебін білдіріп тұр. Ал еркектердің де, әйелдердің де шайтанның азғыруынан, жаман ойлардан таза болмағы барлық уақытта, барлық мұсылмандардан талап етілетін нәрсе. Демек, хиджабта болу тек Пайғамбарымыз Мұхаммедтің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әйелдеріне ғана емес, барлық уақытта, барлық мұсылман әйелдерге парыз. Өйткені аяттың үкімінің себебі, яғни жүректердің шайтанның азғыруы мен жаман ойлардан таза болуы барлық адамдарға бірдей қатысты.
3. Келесі 55-ші аятта Аллаһ Тағала мүмін әйелдерге өздерінің әкелері, ұлдары, аға-інілері сияқты ең жақын туыстарының алдында хиджабсыз жүрсе, онда оларға күнә емес екенін айтты. Демек, осы аятта атап айтылған өздерінің ең жақын туыстары болмаса, басқа еркектердің алдында әйелдер хиджабсыз жүрсе, онда оларға күнә болады. Сондай-ақ осы ұйғарым әйелдерге бөтен еркектердің алдында хиджабта болу парыз екеніне дәлел болады.
Құраннан үшінші дәлел
Аллаһ Тағала «Ахзаб» сүресінің 59-шы аятында: «Әй, пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт! (Үйлерінен шығатын болса) үстеріне жилбәбін (яғни жамылғысын) жапсын! Бұл оларды жеңіл (күң емес, жезөкше емес, азат әрі пәк әйел екендігін) тануға, оларға бөтен еркектердің тиіспеуіне жақын!» - деп бұйырды. Осы аят көпшілік ғалымдардың мақұлдауымен негізгі «хиджаб аяты» деп саналады. Бұл аят барлық мүмін әйелдер бөтен еркектерден бүкіл денесін жасыруы парыз екенін ашық білдіреді. Осы аяттағы «жилбәб» сөзі араб тілінде бүкіл денені жабатын жамылғыш. Сахабалардың әйелдері осы аяттан соң бүкіл денесін жапты.
Умму Атыйя айтты: «Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам құрбан айтында және рамазан айтында жас қыздарды және етеккірдегі әйелдерді әрі шымылдықтың ішінде отырған әйелдерді айт намазға шығаруға бұйырды. Ал етеккірде болған әйелдер намаз оқымайды, бірақ осы қайырлы іске, мұсылмандардың дұғасына қатысады». «Әй, Аллаһтың елшісі! Біреуміздің жамылғышымыз болмаса ше?» - деп сұрадым. Сонда ол: «Оған әпке-сіңлілері жамылғышын бере тұрсын» - деді. Имам Бұхари және имам Муслим риуаяты. Осы хадис әйел кісі еркектердің алдына хиджабсыз шығуға болмайтындығын ашық білдіреді.
Құраннан төртінші дәлел
Аллаһ Тағала айтады: «Әй, Мұхаммед! Мүміндерге айт! Бөгде әйелдерге қараудан көздерін төмен түсірсін және ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Осы олар үшін ең таза жол. Расында Аллаһ олардың не істейтіндерінен Хабардар. Мүмін әйелдерге де айт! Бөтен еркектерден көздерін төмен түсірсін! Әрі ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Олар тек өздігінен көрініп тұрғаннан басқа әшекейлерін көрсетпесін! Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын! Әрі олар әшекейлерін көрсетпесін! Тек күйеулеріне, немесе әкелеріне, немесе күйеулерінің әкелеріне(яғни қайын аталарына), немесе ұлдарына, немесе күйеулерінің (басқа әйелдерден туған) ұлдарына, немесе аға-інілеріне, немесе аға-інілерінің ұлдарына, немесе әпке-сіңлілерінің ұлдарына, немесе мұсылман әйелдерге, немесе құлдарына, немесе әйел керек қылмайтын еркектерге, немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін жас балаларға көрсетсе онда оған рұқсат. Өздерінің жасырған әшекейлері біліну үшін аяқтарымен жерді тепсініп жүрмесін! Әй мүміндер! Табыста болуларың үшін барлығың Аллаһқа тәуба етіңдер!» /«Нұр сүресі, 30,31 аяттар/
Осы екі аятта да хиджабта болудың парыз екеніне бірнеше дәлелдер бар:
1. Аллаһ Тағаланың ер кісілерге де, әйел кісілерге де көздерін түсіріп, ұятты жерлерін харамнан сақтауға бұйырған бұйрығы.
Өйткені көзді түсіріп, ұятты жерді харамнан сақтау – сақтану себептерін істеумен болады. Сол себептердің ішіндегі ең үлкендерінің бірі – ол көзді әуретке қараудан сақтау. Осы көзді әуретке қараудан сақтау толық болуы үшін әйелдер де бүкіл денесін хиджабпен жасырғаны жөн. Әрбір ақыл иесі әйелдердің жүздерін ашуы оған қарауға және онымен ләззаттануға себеп болатынын жақсы біледі. Көздер де зина қылады, олардың зинасы – әуретке қарау.
2.«... тек өздігінен көрініп тұрғаннан басқа әйелдер әшекейлерін көрсетпесін!...» Яғни әйелдер әшекейлерін бөтен адамдарға әдейі көрсетпесін! Өз қалауымен емес, өздігінен көрінетін әрі оны жасыру мүмкін болмайтын әйелдің жамылғышының сырты мен оның сымбаты көрінсе, онда оған рұқсат. Осы аятта Аллаһ Тағала:«әйел кісі әшекейлерін көрсетпесін!» - деп бұйырды. Одан соң «..тек кейбір жерлерін көрсетсе болады деместен тек өздігінен көрініп тұратыны рұқсат деді. Демек, әйел кісіге әшекейлерін толық жасыруды бұйырып, оған өз еркімен әшекейлерінен бір жерін әдейілеп көрсетуге рұқсат етілген жоқ. Тек қана жасыру мүмкін емес сыртқы сымбаты, жамылғышының сырты сияқты жерлері көрінсе, жел себепті әшекейлерінің кейбір жерлері көрініп қалса, немесе емделу үшін ауырған жерін көрсетсе, оған күнә жоқ. Осы аят «Бақара сүресінің 286-шы аятындағы: «Аллаһ ешбір кісіге оның шамасынан тыс нәрсені жүктемейді...» - деген аятқа ұқсайды.
3. «... Өздерінің жасырған әшекейлері біліну, (яғни сылдырын естірту) үшін аяқтарымен жерді тепсініп жүрмесін! ...»
Аллаһ Тағала жоғарыдағы аятта әйелдерге әшекейлерін көрсетпеуге әрі жүзі мен омырауларын орамалмен жасыруға бұйырғаннан кейін олардың хиджабы толық болу үшін, әрі ер кісілерді арсыздыққа алып баратын себептерді болдырмау үшін, оларға өздерінің аяқтарына таққан әшекейлерінің сылдырын естіртіп жүрулеріне тиым салды. Аяттың тек осы бөлігінде біз үшін бірнеше пайдалар бар.
1. Әйелдерге көрінбей тұрған әшекейлерін әдейі білдіруге тиым салды.
2. Әйелдердің аяқтары да әуретке жататындықтан оны көрсетуге тиым салды.
3. Аллаһ Тағала әйелдерге ер кісілерді арсыздыққа алып баратын барлық себептерді істеуге тиым салды. Демек, Аллаһ Тағала әйелдерге ер кісілерді арсыздыққа кішентай себеп болатын аяқтарын тепсініп жүруден қайтарған болса, онда оларға үлкен бұзықтықтарға баруға себеп болатын жүзі мен басқа дене мүшелерін ашық-шашық көрсетіп жүрулеріне тіптен болмайды.
Сүннеттен дәлелдер:
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам хадистерінде де әйелдерге хиджабта болу парыз екеніне жан-жақты дәлелдер келген. Бір хадисте оларға жүзін жасыруға бұйырса, одан басқасында үйден шыққанда тек хиджабпен шығуы керек екендігі айтылған. Және одан да басқа хадистерде оларға киімдерін жерге дейін түсіріп, аяқтарын жасыруға бұйырған. Тағы да басқа хадистерде әйел кісі әурет деп аталынған болса, келесі бір хадистерде ер кісілерді өзіне махрам болмаған әйелдермен ешкім көрмейтін жерде жалғыз қалуға болмайтындығы айтылған. Осылайша Сүннет мүмін әйелдердің ұятын, ар-намысын, иба-инабаттылығын жойылып кетуден сақтаумен олардың пәктігін, адамгершілік құндылықтарын қорғады.
Ал енді Пайғамбарымыз Мұхамедтің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам хадистерінен бірнеше мысал келтірейік.
Айша анамыз: «Біз Пайғамбармен салла Ллаху ъалайхи уа ссалам бірге ихрамда болғанымызда алдымыздан керуендер өтетін еді. Сонда олар бізге жақындап келсе, біз жүзімізді орамалдарымызбен дереу жаба қоюшы едік. Олар өтіп кетсе, жүзімізді қайтып ашатын едік» - деген. Осы хадисті имам Ахмад, имам Абу Даут және басқалар риуаят еткен.
Айша анамыз: «Әуелгі мұхажир әйелдерді Аллаһ мейіріміне бөлесін! «...Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын!..» - деген «Нұр сүресінің 31-ші аяты түскенде сырт киімдерін жыртып, оны орамал етіп бастарына салып алды». Имам Бұхари риуаят еткен.
Мұхаммед Амин әл-Шыңқити «Әдуаул баян» кітабында: «Осы сахих хадис сахаба әйелдер жоғарыдағы аяттан хиджабтың парыз екендігін және жүзін жасыру керек екендігін түсінгендерін ашық білдіріп тұр» - деген.
Сафия анамыз былай дейді: – Айшаның алдында біз қурайш әйелдері және олардың артықшылықтары жайында сөз еттік. Сонда Айша: «Әлбетте, қурайш әйелдері жақсы әйелдер, бірақ Аллаһқа ант! Мен ансарлардың әйелдерінен абзал әрі олардан Аллаһтың кітабына күштірек сенетін әрі Аллаһтың түсіргеніне олардан күштірек иман келтіретін әйелдерді көрмедім. «Нұр» сүресіндегі: «...Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын!..» аяты түскенде күйеулері оларға барып, осы сүреде түскен хиджаб туралы аяттарды оқып берді. Олардың бірі қалмай сыртқы көйлектерін бұзып, оны орамал етіп, бастарына салды...» - деді. Ибн Аби Хатим риуаят еткен. Демек, Аллаһтың бұйрығын ести сала ансарлардың әйелдерінің хиджаб киюі және бөтен еркектерден жүздерін жасыруы – Аллаһтың кітабын тыңдау әрі оған иман келтіру екендігін білдіреді. Осы хадис – бүкіл мүмін әйелдерге хиджабтың парыз екендігін ашық білдіретін дәлелдердің бірі.
Абдуллаһ ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбар Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам.: «Кім тәккаппарлықпен киімінің етегін жерге сүйретіп жүрсе, Аллаһ Тағала оған Қиямет күні қарамайды» - деді. Сонда Умму Сәләма анамыз: «Әйелдер етектерін не істейді?» - деді. Ол: «Балтырының ортасынан бір қарыс түсіріп жүреді» - деді. Сонда Умму Сәләма: «Ондай болса олардың аяқтары ашылып қалады» - деді. Ол: «Олай болса онда олар бір білек түсіреді, одан арттырмайды» - деді. Имам Ахмад және басқалар риуаят еткен. Имам ат- Тирмизи: «Бұл –хасан сахих хадис» - деген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әйелдерге аяқтарын жабуды бұйыруы – оларға өздерінің бүкіл денелерін жабу керек екенін білдіреді. Егер оларға аяқтарын жабуға бұйырған болса, онда олардың жүздерін жабуы тіптен қажет болып табылады. Өйткені әйелдің ашық жүзі оның ашық аяғына қарағанда ер кісілерді арсыздықтарға баруына көбірек себеп болады.
Имам Тирмизи және ибн Хиббан Абдуллаһ ибн Масхудтан риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам.: «Әйел кісі – әурет. Егер ол үйден шығатын болса, онда шайтан оны азғыруға ұмтылады. Әйел кісінің Аллаһтың мейіріміне ең жақын болатын кезі – ол үйінің ішінде болғанда» - деген. Демек, әйел кісі әурет болатын болса, онда оны жабу керек.
Уқба ибн Амирден жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам: «Әй, еркектер! Әйелдерге кіруден, (яғни сендерге жақын туыс болмаған әйелдер отырған жерге кіруден)сақтаныңдар!» - деген. Сонда ансарлардан бір кісі: «Әй, Аллаһтың елшісі! Қайындар мен қайнағалар ше? – деп сұрағанда, Аллаһтың елшісі салла Ллаху ъалайхи уа ссалам: «Қайындар мен қайнағалар – өлім» - деді. Өйткені әйелдер бөтен еркектерден сақтанып, өзінің қайындары және қайнағаларымен бір бөлмеде жалғыз қалудан сақтану керек екенін ескере бермейді. Сөйтіп олар бір келеңсіз жағдайға ұшырап қалуы әбден мүмкін. Осы хадис әйелдерге хиджабтың парыз екенінің тағы да бір дәлелі болады. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам жақын туысы болмаса, бөтен ер кісілерге әйелдер отырған жерге кіруден қайтарды. Сондай-ақ әйелдің күйеуінің жақындарымен бір бөлмеде жалғыз қалуды өліммен теңеді. Осы – ер кісілер мен әйел кісілерге өте қатты ескерту. Егер ер кісілер жақын туысы емес әйелдер отырған жерге кіруден қайтарылған болса, онда ер кісілерге бөгде әйелмен ешкім көрмейтін жерде жалғыз қалуға тіптен болмайды. Осы ескерту төменде берілген хадисте ашық айтылған. Ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам:«Ер адам тек жақын туыстары болмаса бөтен әйелмен еш жалғыз қалмасын!» - деген. Имам Бұхари және имам Муслим риуаят еткен.
Келесі бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам айтты: «Ер адам мен бөтен әйел екеуі еш жалғыз қалмасын, өйткені олардың үшіншісі шайтан болады» - деді. Имам Ахмад риуаят еткен
Қиястан дәлел:
Құранның аяттары және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам сүннеті әйелдер жүздерін, қол-аяқтарын, әшекейлерін, яғни бүкіл денесін жабу керек екендігін білдіргені сияқты жоғарыда келтірілген аяттар, хадистер қияс, яғни салыстырулар арқылы әйелдердің хиджабта болу керек екендігін дәлелдей түседі.
- Құранда Аллаһ Тағала әуретке қарудан көзді түсіруге және ұятты жерлерін зинадан сақтауға бұйырды. Ал әйел кісінің жүзін ашуы оған бөтен ер кісінің көз салуына және еркектер мен әйелдердің ұятты жерлерін зинадан сақтамауларына апаратын ең үлкен себептердің бірі.
- Құранда Аллаһ Тағала сыртынан қарағанда көзге көрінбейтін әшекейлерінің сылдырын естірту үшін әйелдерді аяқтарын тепсініп жүруден қайтарған болса, ал олардың бөтен еркектердің алдында жүздерін ашуы олардың әшекейлерінің сылдырынан да үлкен арсыздықтарға себеп болады.
- Құранда Аллаһ Тағала әйелдерді бөтен еркектермен қылымсып, назданып сөйлесуге тиым салған болса, ал олардың бөтен еркектердің алдында жүздерін ашып жүруі одан да үлкен арсыздықтарға себеп болады. Демек, әйелдерге бөтен еркектердің алдында жүздерін ашып жүруге тіптен болмайды.
Хиджабтың артықшылықтары
Аллаһ Тағала мүмін әйелдерге хиджаб киюді құлшылық етіп берді. Кім оған амал етсе, соған орай оған сауап беріледі. Ал кім оған амал етпесе, онда ол Аллаһтың жазасына лайық болады. Сондықтан хиджабты шешу адамдардың адамгершілік құндылықтарының жойылуына себеп болатын үлкен күнәлардан болып саналады. Демек, мүмін әйелдер Аллаһ және Оның елшісі Мұхаммедті салла Ллаху ъалайхи уа ссалам тыңдап, хиджабта болуды ұстансын! Аллаһ Тағала: «Аллаһ және Оның елшісі бір іске үкім етсе, мүмін ер және мүмін әйел үшін өздерінің істерінде ерікті болуларына, (яғни Аллаһ және оның елшісінің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам үкімін талқыға салуларына) болмайды. Кім Аллаһқа және Оның елшісі Мұхаммедке бойұсынбаса, онда ол ашық адасуда» - деген.
Аллаһ Тағаланың бұйрықтарында ұлы даналықтар мен сырлар, артықшылықтар мен үлкен пайдалар болса, оларға істерінде ерікті болу қайдан болсын! Солардың кейбіреулерін атап өтейік:
- Хиджаб – адамгершілік құндылықтарының жойылып кетуінен сақтау арқылы арсыздықтан қорғайды. Хиджаб әйелдің ар-ұятын, намысын, инабаттылығын сақтайтын, оны арсыздыққа, бұзуқшылыққа түсуден тосатын шариғаттық қорған.
- Хиджаб – жүректердің пәктігі. Хиджаб мүмін ерлер мен мүмін әйелдердің жүректерінің зина дертінен пәк болуына және оның тақуалықпен нәрленуіне себеп. «Осылай істеулерің, (яғни бөтен әйелдермен перденің артында тұрып сөйлесулерің) сендердің де, олардың да, (яғни екеулеріңнің де) жүректерің үшін (шайтанның азғыруынан, яғни жаман ойлардан) таза болмақ... /Ахзаб, 53/
- Хиджаб – көркем мінез. Хиджаб адамдарды ізгілікке, пәктікке, инабаттылыққа, тағы да басқа көптеген жақсы мінез-құлықтарға шақырады.
- Хиджаб – шайтани ойлардан және зинаға деген дәмелерден тияды. Хиджаб еркектердің де, әйелдердің де жүректерін зина дерттерінен сақтайды. Бұзық ойларды тоқтатады, қиянатшыл көздерге тосқауыл болады және пәк әйелдерді жаманатты болудан қорғайды.
- Хиджаб – ұятты сақтау. Ұялу адамды барлық жақсылықтарға жетелейтін және бүкіл жамандық атаулыдан қорғайтын асыл мінез. Ол адамда ғана болатын адамгершілік құндылық. Ол – иманның үлкен бір бұтақтарынан.
Әйел кісінің үйде болуы абзал, ол шариғаттың бұйрығы, ал оның үйден шығуы қажеттілікпен болса, онда оған рұқсат.
Аллаһ Тағала әйелдерге «Ахзаб сүресінің 33-ші аятында: «...Үйлеріңде отырыңдар!» - деп бұйырды. Демек, бұл – Аллаһтың бұйрығы. Сондықтан әйелдерге үйлерінен шығуға қажеттілік болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Сол себепті осы аяттың жалғасында Аллаһ Тағала: «...Әуелгі надандық дәуріндегідей ашық-шашық жүрмеңдер!» - деп әйелдерді ескертті. Аллаһтың осы бұйрығын орындаумен төмендегі шариғаттық мақсаттар іске асады:
- Әйел кісінің негізгі тіршілігі үй ішінде өтеді. Мәселен, күйеуі үшін жар болу, балалары үшін ана әрі тәрбиеші болу, олардың тамағын беру, киімдерін дайындау, тағы да басқа осы сияқты олардың ақыларын беру – негізінен үй ішінде істелінеді. Абдуллаһ ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам:«Әйел кісі күйеуінің үйінде қараушы, сақтаушы. Ол үй тіршілігіне жауап беруші» - деді. Имам Бұхари риуаят еткен.
- Әйел кісі Аллаһ оған парыз еткен барлық құлшылықтарын үйінде атқарады. Үй сыртында әйелге парыз болған бірде-бір құлшылық жоқ. Аллаһ Тағала әйелдерге жұма намаздар мен жамағат намаздарына қатысуды міндеттеген жоқ. Сондай-ақ қажылық оларға тек олардың ең жақын еркек туыстарымен бірге барғанда ғана рұқсат етіледі. Абу Уақид ал-Ләйсиден жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам қажылықта әйелдеріне: «Осы қажылықты өтейсіңдер, сосын үйде боласыңдар!» - деді. Имам Ахмад және имам Абу Даут риуаят еткен.
Шейх Ахмад Шакир «Умдату ат тафсир» кітабында осы хадисті төмендегідей түсіндіреді. Қажылық Аллаһтың алдында ең абзал құлшылықтардан бола тұра Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әйелдерін парыз қажылығын өтегеннен кейін қосымша қажылық етуден қайтарған болса, онда қазіргі біздің заманымыздағы әйелдердің махрамсыз ашық-шашық шет елдерде тайраңдап жүргендеріне не дейсің?! Сондай-ақ қасында күйеуі болса да жанында еркегі жоқ сияқты қылықтар көрсетеді. Сонда әйелдерін тиятын еркектер қайда?!
Сондай-ақ Аллаһ Тағала әйелдерге жиһадты міндеттеген жоқ. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам ешқашан әйелдермен жиһад еткен емес, оларды жиһадқа қызықтырған да емес. Керісінше жиһадта әйелдерден көмек алу және олармен әскердің санын көбейту үмбеттің әлсіздігін білдіреді. Умму Сәләма анамыз: «Әй, Аллаһтың елшісі! Не үшін еркектер жиһад қылады, ал біз жиһад етпейміз. Мираста еркек алатын мирастың жартысын аламыз» - деп сұрағанда, Аллаһ Тағала мына аятты түсірді. «Аллаһ Тағаланың біріңді-біріңнен (дін және дүние-мүлікте) абзал еткен нәрсені армандамаңдар!» /«Ниса» сүресі, 32-ші аят/ Имам Ахмад және имам Хаким риуаят еткен.
Әйелдер бөтен еркектерге әдемілігін көрсетуі, жүзін ашуы шариғатта рұқсат етілмеген.
Әйел кісі әдемілігін бөтен еркектерге көрсетуі төмендегідей көріністермен болуы мүмкін:
- Хиджабын шешу, денесінің кейбір жерлерін бөтен еркектерге көрсетумен;
- Әйел кісі өзінің әшекейлерін көрсетуімен, мәселен жамылғышының астындағы көйлектерін, құлағындағы сырғасын, мойнындағы моншағын, қолдарындағы сақиналарын көрсетумен;
- Әйел кісі еркектердің алдына майысып жүрумен;
- Жасырын тұрған әшекейлерінің сылдырын естірту үшін аяқтарын тепсініп жүрумен;
- Бөтен еркектерге назданып сөйлеумен болады.
Аллаһ Тағала «Ахзап» сүресінің 33-ші аятында: «...әуелгі надандық дәуріндегідей ашық-шашық жүрмеңдер!» - деп осылардан қайтарған.
Абу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам: «Мен көрмеген тозақылардың екі түрі бар: Қолдарында сиырдың құйрықтары сияқты қамшыларымен адамдарды ұратын кісілер және бұзылуға бейім әрі басқаларды да бұзуға дайын, шаштары түйелердің өркештері сияқты, үстерінде киімдері болғанымен жалаңаш әйелдер. Олар Жәннатқа кірмейді, оның исін де сезбейді. Ал оның исі өте алыс жерден сезіліп тұрады» - деген. Имам Муслим риуаят еткен. Осы адамдарды қатты қорқыту хадисі. Ол әйелдерді бөтен еркектердің алдында ашық-шашық жүруі үлкен күнәлардан екенін білдіреді. Демек, жоғарыда келтірілген хадистің мазмұны бойынша ой қортындылайтын болсақ, онда мұсылман кісілер әйелдері мен қыздарын бөтен еркектердің алдында ашық-шашық жүруден тисын. Сондай-ақ кішкентай қыздарына егер үлкен әйелдер кисе ұят болып саналатын қысқа, тар, әрі сыртынан денесі көрініп тұратын жұқа киімдерді кигізуге жеңіл-желпі қарамасын.
Аллаһ Тағала зинаны харам еткенде, оған апаратын себептерді де харам еткен
Аллаһ Тағала егер бір нәрсені харам етсе, сол харамға жетуден, немесе оған жақындаудан тосу үшін және жеке тұлғаларға да, қоғамға да зияны тимеу үшін оған апаратын жолдар мен себептерді де харам қылады. Бұл – шариғаттың қағидасы. Егер Аллаһ бір нәрсені харам етсе, бірақ оған апаратын себептерге рұқсат етсе, онда бұл іс бірі біріне қарама-қайшы болып қалар еді.
Жоғарыда келтіріген қағидаға байланысты: жүзді ашу және оған апаратын жолдар, әйелдердің ашық-шашық жүруі және оған апаратын жолдар, әйелдердің әдемілігін көрсетуі және оған апаратын жолдар, әйелдер мен бөтен еркектердің араласуы және оған апаратын жолдар, тағы да осы сияқты зинаға апаратын барлық жолдар шариғатта харам етілген. Зина бұзықтығы ең үлкен бұзықтықтардан және дінге ең қатерлі, ең зиянды істерден. Аллаһ Тағала «Исра» сүресінің 32-ші аятында: «Зинаға жақындамаңдар! Өйткені ол бұзықтық және жаман жол!» - деп бұйырған.
Аллаһ Тағала «Нұр» сүресінің 19-шы аятында: «Расында мүміндердің арасында бұзықтықтың таралуын қалайтын кісілер үшін Бұл дүниеде де, Ақыретте де ауыртушы азап бар» - деген. Әйелдерге хиджаб киюге тиым салатындар осы аяттағы жазаға лайық.
Үйлену пәктіктің тәжі
Үйлену – бүкіл пайғамбарлардың сүннеті. Аллаһ Тағала «Раад» сүресінің 38-ші аятында: «Ақиқатында сенен бұрын да Біз елшілерді жібердік және оларға әйел мен бала-шағалар бердік» - деді. Және үйлену – Аллаһ және Оның елшісінің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әмірін орындайтын мүміндердің жолы. Аллаһ Тағала «Нұр» сүресінің 32-33-ші аяттарында: «Іштеріңдегі бойдақтарды (яғни ер жеткен ұл-қыздарды, жесір ер-әйелдерді) және қолдарыңдағы жақсы құл-күңдеріңді үйлендіріңдер! Егер олар кедей болса, Аллаһ өз кеңшілігімен оларды бай етеді. Аллаһ (жаратқандарына жомарттылығымен) Кең (және оларды) Білуші. Үйлену үшін қажет болған мал-мүлікті таба алмаған кісілер Аллаһ оларды өз кеңшілігімен бай еткенше харамнан сақтансын!» - деді.
Абдуллаһ ибн Масъудтан жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам.: «Әй, жігіттер жамағаты! Кімнің үйленуге жағдайы жетсе, үйленсін! Өйткені үйлену оның көзін төмен түсіруге және әуретін харамнан сақтауға септігін тигізеді. Ал кімнің үйленуге шамасы жетпесе, онда ол ораза ұстасын! Өйткені ораза оның шақуат күшін әлсіретеді» - деген. Имам Бұхари және имам Муслим риуаят еткен. Үйлену – еркектің де, әйелдің де бір-біріне болған табиғи сезімін пәк әрі жемісті жолмен қандыру. Үйленуге жағдайы бар адам егер зина жасап қоюдан қорықса, онда оған үйлену уәжіп. Сондықтан үйленейін деп жүрген адам өз дінін, абыройын, пәктігін сақтауды ниет етіп үйленсе, осы ізгі ниетіне сауап алады. Әрі Аллаһ Тағала әйелдерді тұрмысқа шығуына тиым салудан қайтарды. Аллаһ Тағала «Бақара» сүресінің 232-ші аятында: «... оларды күйеулерімен некелесуден тыймаңдар!» - деген. Үйленуде өте көп пайдалар, даналықтар, жақсылықтар бар:
- Жер бетін абаттандыру және шариғат үкімдерін жүргізу үшін адамзаттың ұрпағын сақтау. Әнас ибн Маликтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам: «Туатын әрі күйеуін жақсы көретін әйелдерге үйленіңдер! Өйткені мен сендердің көптігіңмен басқа пайғамбарлардың алдында мақтанамын» - деді. Имам Ахмад риуаят еткен.
- Ар-ұятын, абройын сақтау, былғанбау, күнәлардан пәк болу.
- Үйлену арқылы ер кісілер жан тыныштығын табады, ал әйел кісілер жұмыс істеу және ақша табу қиыншылығынан құтылады.
- Үйлену – бай болудың әрі жоқшылықты кетірудің себептерінен. Аллаһ Тағала «Нұр» сүресінің 32-ші аятында: «Іштеріңдегі бойдақтарды (яғни ер жеткен ұл-қыздарды, жесір ер-әйелдерді) және қолдарыңдағы жақсы құл-күңдеріңді үйлендіріңдер! Егер олар кедей болса, Аллаһ өз кеңшілігімен оларды бай етеді» - деген. Үйленумен ерлі-зайыптылардың арасында махаббатқа, мейірімге, өзара бірі біріне көмектесуге негізделген байланыс пайда болады. Аллаһ Тағала «Рум» сүресінің 21-ші аятында: «Сендерге оған тыншуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа махаббат, мейрімділік пайда еткені де Оның белгілерінен» - деген.
Балаларды бастапқы адасушылықтардан қорғау
Үйленудің ең үлкен жемістерінің бірі – перзентті болу. Балалар әке-шешеге, немесе олардан басқа жауапты кісілерге аманат. Әке-шешенің өз ұрпақтарын ислам жолымен тәрбиелеуі парыз болып саналады. Оларға діни тәрбие беру пайғамбарлардың, ізгілердің дәстүрі. Дана Лұқманның перзентіне айтқан пайдалы өсиетін тыңдап көрші. Аллаһ Тағала «Лұқман» сүресінің 13-19 аяттарында былай дейді:
«Және сол кезде Лұқман өз баласына уағыз айтып тұрып: «Әй балам! Аллаһқа серік қоспа! Расында серік қосу үлкен зұлымдық». Ал адамға ата-анасына жақсылық істеуді бұйырдық. Анасыоны әлсіздіктің үстіне әлсіздікте көтерді әрі нәрестені емшектен шығару екі жылда. Маған әрі ата-анаңа шүкір ет! Барар орын Мен жақ. Егер әке-шешең өзің білмейтін нәрсені Маған серік қосуға мәжбүрлесе, оларға бағынба! Сондай-ақ ол екеуіне бұл дүниеде тура жолдас бол! Және маған бағынғанның жолына ер! Сосын қайтуларың Маған. Сол кезде сендерге істегендеріңді айтамын. «Әй, балам! Расында ол, (яғни істеген жаман не жақсы істерің тіпті) қыша дәнінің салмағындай болса, сөйтіп ол жартастың қуысында, немесе көкпен жердің түкпірінде болса да Аллаһ оны Қиямет күнікелтіреді. Расында Аллаһ – Білуші әрі Хабардар. «Әй, балам! Намазды толық оқы! Әрі жақсылыққа бұйыр! Және жамандықтан қайтар! Әрі қиыншылығына сабыр ет! Расында осылар тастай бекіп істейтін істерден. Және адамдардан тәкаппарлықпен жүзіңді бұрма! Әрі жерде талтаңдап жүрме! Расында Аллаһ әрбір тәкаппар мақтаншақты сүймейді. Сондай-ақ жүрісіңде орташа бол! Әрі дауысыңды бәсеңдет! Расында дауыстардың ең жаманы есектің дауысы».
Осы әкеден балаға болған өсиет бала тәрбиесінің негіздерін қамтыған. Аллаһ Тағала «Таһрим» сүресінің 6-шы аятында: «Әй, мүміндер! Өздеріңді және үй іштеріңді Аллаһқа бойұсынумен Тозақтан қорғаңдар!» - деп бұйырған. Әли ибн Әби Талиб осы аятты: «Үй іштеріңе шариғат ілімін үйретіңдер және әдеп беріңдер!» - деп тәпсірлеген. Мүміндердің Аллаһтан сұрайтындарының бірі ол – ізгі ұрпақ. Аллаһ Тағала «Фурқан» сүресінің 74-ші аятында: Мүміндер: «Әй, Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көз қуаныштарын бер! Сондай-ақ бізді тақуалардың жетекшісі ет!» - дейді.
Хасан әл-Басри осы аятты: «Кісі өзінің әйелі мен бала-шағасының Аллаһқа құлшылық етіп жатқанын көреді. Осыдан басқа не нәрсе оған осындай қуаныш әкеле алады?! - деп тәпсірлеген.
Осы аят пен хадистерден ата-ана өз перзенттерін исламға тәрбиелеу уәжіп екендігі анық. Әрі осы ислам тәрбиесі әке-шешенің мойнындағы аманат, сондай-ақ ислам тәрбиесі перзенттердің әке-шешесіндегі ақысы. Әрі ізгі перзент әке-шешесі онымен Раббысына жақындайтын ізгі амалдардан. Перзентерді ислам тәрбисімен өсірудің сауабы – садақа жарияның сауабы сияқты жалғаса береді. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам : «Егер адам баласы қайтыс болса, онда оның амалы тоқтайды. Оған тек үш нәрседен ғана: садақа жария, пайдалы ілім және дұға жасайтын ізгі перзенттен сауап барып тұрады» - деген.
Өзіне жақын туыс әйелдерді және басқа мүмін әйелдерді қызғанудың уәжіп екендігі
Қызғану – исламда мақтаулы мінез болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам: «Аллаһ Тағала қызғанады және мүмін кісі де қызғанады. Аллаһ Тағаланың қызғануы мүмін кісі Аллаһ оған харам еткен нәрсеге барғанында болады» - деген. Имам Бұхари және имам Муслим риуаят еткен. Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам: «Кім әйелі мен бала-шағасын қорғау үстінде өліп кетсе, онда ол – шаһид» - деген. Имам Тирмизи риуаят еткен.
Ислам шариғаты әйелдердің хиджабтарын шешуіне және еркектердің оларды қызғанбауына апаратын себептердің алдын алған. Имам Ахмад Әбу Хурайрадан риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам: «Қай әйел үстіне әтір сеуіп мешітке барса, әтірін жуып, оның хош иісін кетірмейінше Аллаһ оның намазын қабыл етпейді» - деген. Осы хадистің шархында әйгілі ғалым Ахмад Шәкір: «Қарашы, Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әйел кісіге ғибадат ету үшін әтір сеуіп мешітке баруына тиым салды. Ал біздің ғасырымыздағы әйелдер болса, жүзін ашуға, ашық-шашық жүруге, еркектер мен араласып жүруге бола береді дейді!» - деп жазады.
Достарыңызбен бөлісу: |