Мемлекеттiк қаржылық бақылау стандарттарын бекiту туралы



Дата08.07.2016
өлшемі115.76 Kb.
#185735
Мемлекеттiк қаржылық бақылау стандарттарын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы 7 сәуiрдегi N 788 Жарлығы

 

Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., N 19, 165-құжат; "Егемен Қазақстан" 2009 жылғы 6 мамыр, N 160 (25557); "Казахстанская правда" от 7 мая 2009 года N 115 (25859)



 

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексiнiң 137-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:


      1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк қаржылық бақылау стандарттары бекiтiлсiн.
      2. Осы Жарлық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Президентi                                        Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы


Президентiнiң  
2009 жылғы 7 сәуiрдегi
N 788 Жарлығымен  
БЕКIТIЛГЕН    

Мемлекеттiк қаржылық бақылау стандарттары

1. Жалпы ережелер

      1.  Мемлекеттiк қаржылық бақылаудың осы стандарттары (бұдан әрi - Стандарттар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес әзiрленген және мемлекеттiк қаржылық бақылауды жүргiзуге бiрыңғай талаптарды белгiлейдi.


      2. Стандарттардың мақсаты мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары (бұдан әрi - бақылау органдары) мен олардың қызметкерлерiнiң бақылауды жүзеге асыруына негiз болатын бiрыңғай талаптарды белгiлеу болып табылады.
      3. Стандарттар бақылаудың тиiмдiлiгiн, тұтастығын, өзара байланыстылығын, дәйектiлiгiн, сабақтастығы мен әдiлдiгiн қамтамасыз ету үшiн әзiрлендi.
      4. Стандарттарға жалпы стандарттар, жұмыс стандарттары, басқару және сапаны бақылау стандарттары жатады.
      5. Стандарттарды iске асыру олардан шығатын бақылауды жүзеге асырудың әдiстерi мен рәсiмдерiн реттейтiн ережелердi, әдiстемелiк және басқа құжаттарды мемлекеттiк қаржылық бақылаудың жоғары органының әзiрлеп, бекiтуi арқылы қамтамасыз етiледi.
      6. Стандарттардың сақталуын бақылауды Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi (бұдан әрi - Есеп комитетi) жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген iшкi бақылау жөнiндегi орган iшкi бақылау қызметтерiнiң Стандарттарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады.

2. Стандарттардың әрекет ету аясы және қолданылуы

      7. Стандарттарды барлық бақылау органдары мен олардың қызметкерлерi сақтауға мiндеттi.


      Стандарттарды мемлекеттiк органдардың, аудиторлық ұйымдардың мамандары мен бақылау органдары тартқан сарапшылар сақтауға мiндеттi.

3. Жалпы Стандарттар

      8. Жалпы Стандарттар бақылау органдары мен олардың қызметкерлерiне бiрыңғай талаптар белгiлейдi.


      Жалпы стандарттарға мынадай: "Тәуелсiздiк", "Әдептiлiк", "Құзыреттiлiк (бiлiктiлiк)", "Жариялылық" және "Құпиялылық" Стандарттар жатады.
      9. "Тәуелсiздiк" стандартының мақсаты бақылау органдарының және олардың қызметкерлерiнiң бағалауы мен ұсынымдарының турашылдығын, әдiлдiгiн, шынайылығын қамтамасыз ету болып табылады.
      10. "Тәуелсiздiк" стандарты бақылау органдарының, олардың қызметкерлерiнiң қызметтi жүзеге асыруы кезiнде олардың тәуелсiздiгiне қол сұғатын кез келген араласуға жол бермеудi бiлдiредi.
      Бақылау органдары мен олардың қызметкерлерi бақылау қызметiнiң барлық мәселелерiнде бақылау объектiсiнен және қандай да бiр заңсыз бөгде әсерден тәуелсiздiгiн сақтайды.
      11. Бақылау органдары өздерiне жүктелген мiндеттердi атқару кезiнде функционалдық және ұйымдық тұрғыдан тәуелсiз және өздерiнiң тәуелсiздiгi мен әдiлдiгiн шектейтiн кез келген iс-әрекеттерге жол бермейдi.
      12. Бақылау органдарының қызметi бекiтiлген жоспарларға, бағдарламаларға және бақылаудың заңнамада айқындалған түрлерi мен үлгiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      13. Бақылаудың тақырыбын, объектiсiн таңдау, қолданылатын рәсiмдер, дәлелдердiң сипаты мен көлемi бойынша бақылау органдарының қызметiне араласуға, бақылаудың ауқымын шектеуге, сондай-ақ бақылау органдары қызметкерлерiнiң саяси, идеологиялық, дiни және басқа да себептер бойынша тәуелсiздiгi мен әдiлдiгiне әсерiн тигiзетiн кез келген iс-әрекетке жол берiлмейдi.
      14. Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда бақылау органдарының қызметкерлерiне бақылау жүргiзуге тыйым салынады.
      15. Бақылау органы қызметкерiнiң тәуелсiздiгi нақты күдiк туғызған жағдайда, ол басқа бақылау объектiсiне ауыстырылуға жатады.
      16. Бақылау қызметiн жүзеге асыратын бақылау органдары қызметкерлерiнiң тәуелсiздiгi мен әдiлдiгiн сақтау мақсатында осы қызметкердiң бақылау жүргiзген бақылау объектiсiн бiр жыл өткеннен кейiн ауыстырып отыру қажет.
      17. Бақылау органдарына және олардың қызметкерлерiне аталған қатынастар олардың тәуелсiздiгiн шектемейтiн жағдайда ғылыми және басқа да ұйымдармен ынтымақтастықта болуға рұқсат етiледi.
      18. "Әдептiлiк" стандартының мақсаты бақылау органдары қызметкерлерiнiң этикалық талаптарды және кәсiби мiнез-құлық принциптерiн толық сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.
      19. Бақылау органдары қызметкерлерiнiң тәуелсiздiгi, өкiлеттiгi және жауапкершiлiгi бақылау органдары мен олардың қызметкерлерiне жоғары этикалық талаптар қояды. Оларға арналған этикалық нормалар Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексiнде көзделген мемлекеттiк қызметшiлерге арналған этикалық талаптарды да, сол секiлдi бақылау органдарының қызметкерлерiне қойылатын ерекше талаптарды да қамтуы тиiс.
      20. Бақылау органдарының қызметкерлерi мiнез-құлқымен және бақылауды жүргiзу тәсiлдерiмен мемлекеттiк қаржылық бақылау принциптерi мен Стандарттарын сақтамады деген күдiк пен айыптауға әкелетiн кез келген iс-әрекетке жол бермеуi тиiс.
      21. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлерiнiң тәуелсiздiгi бақылау объектiсiмен iзгi ниеттi қатынаста болуға кедергi келтiрмейдi.
      22. Бақылау органдарының қызметкерлерi даулы жағдай туындаған кезде кәсiби мiнез-құлықтың этикалық нормаларына сәйкес iс-әрекет етуi тиiс.
      23. "Құзыреттiлiк" стандартының мақсаты бақылауды тиiмдi жүзеге асыру үшiн бақылау органдары қызметкерлерiнiң тиiстi кәсiби деңгейiн қолдау болып табылады.
      24. Бақылау органдары қызметкерлерiнiң тиiмдi бақылауды жүзеге асыруға және ол бойынша тиiстi есеп жүргiзуге жеткiлiктi кәсiби машығы, бiлiмi мен тәжiрибесi болуға тиiс.
      25. Бақылауды кәсiби бiлiм деңгейi, машығы мен тәжiрибесi жиынтығында бақылаудың сипатына, ауқымына және күрделiлiгiне сай келетiн қызметкерлер жүзеге асырады.
      26. Бақылау органдарының қызметкерлерi бақылау объектiсiн алдын ала зерделеуден бастап бақылауды өткiзгенi туралы есептi дайындағанға дейiн бақылаудың барлық процесiнiң өне бойында тиiстi бiлiктiлiк танытады.
      27. Бақылау органдарының кәсiби бiлiмдерi мен машықтары үздiксiз кәсiби оқу мен өздiгiнен оқу, сондай-ақ қызметкерлердi даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды мезгiл-мезгiл ұйымдастыру жолымен жетiлдiрiледi. Бақылау органдары кадрларды даярлауға, олардың бiлiктiлiгiн арттыруға және оларды қайта даярлауға қажеттi жағдайлар жасайды.
      28. "Жариялылық" стандартының мақсаты экономиканы басқарудың демократиялық негiздерiн iске асыру, мемлекеттiң бақылау қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру және қоғамды сыбайлас жемқорлықтан және өзге де құқық бұзушылықтардан қорғау болып табылады.
      29. Бақылау органдары өз қызметiн мемлекеттiк қаржылық бақылаудың нәтижелерiн мiндеттi түрде жариялау жолымен ашық жүзеге асырады.
      30. Бақылау органдарының жариялылығын қамтамасыз етудiң негiзгi нысаны өзiнiң құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының Президентiне, Қазақстан Республикасының Парламентiне, Қазақстан Республикасының Үкiметiне, мемлекеттiк органдардың басшыларына, мәслихаттарға және әкiмдерге өз қызметi туралы ақпаратты ұсыну болып табылады.
      31. Жұртшылық үшiн жариялылық бақылаудың нәтижелерi және бақылау органдарының қызметi туралы өзге де мәлiметтер бойынша материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында, бақылау органдарының веб-сайттарында орналастыру, баспасөз мәслихаттарын, брифингтер мен басқа да жария iс-шаралар өткiзу жолымен iске асырылады.
      32. Жариялылық жеке адамның құқықтары мен бостандығын қорғау туралы, мемлекеттiк құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де мәлiметтер туралы заңнаманың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      33. "Құпиялылық" стандартының мақсаты бақылауды жүзеге асырған кезде алынған ақпараттың сақталуын және жария етiлмеуiн қамтамасыз ету болып табылады.
      34. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлерi бақылауды жүзеге асырған кезде алынған ақпараттың құпиялылығын сақтайды.
      35. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлерi бақылауды жүзеге асырған кезде алынған ақпараттың сақталуын және оған қолжетiмдiлiктiң шектеулiлiгiн қамтамасыз етедi.
      36. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлерi сұраған ақпарат бақылау мақсатында ғана пайдаланылады.
      37. Бақылау органдары қызметкерлерiнiң бақылауды жүзеге асырған кезде алынған ақпараттан тiкелей немесе жанама жеке пайда алуға құқығы жоқ.
      38. Бақылау органдары қызметкерлерiнiң бақылаудың қандай да бiр аспектiлерiне қатысты ақпаратты жария етуге құқығы жоқ.
      39. Бақылаудың нәтижелерi бойынша түпкiлiктi құжат ресiмдеп қабылдағаннан кейiн бақылау органдарының басшылары және/немесе оларға уәкiлеттiк берiлген лауазымды тұлғалар өткiзiлген бақылау қорытындыларына қатысты ақпаратты ұсына алады.

4. Жұмыс стандарттары

      40. Жұмыс стандарттары бақылау органдары қызметкерлерiнiң бақылауды жүзеге асыруы бойынша iс-әрекеттерiн бiр жүйеге және ретке келтiредi.


      Жұмыс стандарттарына: "Жоспарлау", "Қадағалау", "Дәлелдер", "Құжаттама" мен "Есептiлiк" стандарттары жатады.
      41. "Жоспарлау" стандартының мақсаты бақылауды сапалы, үнемдi, тиiмдi, нәтижелi және уақтылы өткiзудi қамтамасыз ету болып табылады.
      42. Өткiзiлетiн бақылау оның тиiмдi, уақтылы жүзеге асуын және ресурстардың ең аз шығындарымен оның барлық мақсаттарына қол жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн жоспарланады.
      43. Жоспарлау бақылау тақырыптары мен объектiлерiн таңдаудан, оларды алдын ала зерделеуден, бақылау жоспарын, бағдарламаларын әзiрлеуден, бақылау жүргiзуден бастап, оның нәтижелерi бойынша есеп жасағанға дейiнгi бақылаудың барлық кезеңдерiнiң өзара байланысын қамтамасыз ету үшiн жүзеге асырылады.
      44. Бақылаудың жоспары мен бағдарламаларын жасамастан бұрын:
      1) бақылаудың тақырыптары мен объектiлерiн таңдау;
      2) қолжетiмдi ақпарат негiзiнде, бақылау объектiсiнiң қызметiне қатысты стратегиялық және операциялық жоспарлармен, нормативтiк құқықтық актiлермен, оның қаржыландыру рәсiмдерiмен және ол жүргiзiп отырған шығыстармен танысуды қоса алғанда, бақылау тақырыптары мен объектiлерiн алдын ала зерделеу;
      3) бақылау объектiлерiне жүргiзiлген бұрынғы тексерулердiң нәтижелерiне және бақылау органдарының ұсынымдары мен ұсыныстары бойынша қабылданған шараларды талдау;
      4) iшкi бақылау қызметтерiнiң қызметiн бағалау жүргiзiледi.
      45. Бақылауды жоспарлау кезiнде:
      1) бақылаудың үлгiлерi, түрлерi, объектiлерi және ауқымы;
      2) бақылауды жоспарлау процесiнде туындаған басымдықтар мен мәселелер;
      3) мемлекеттiк және бюджеттiк бағдарламалардың, стратегиялық және операциялық жоспарлардың iс-шараларының iске асырылу тиiмдiлiгiн бағалаудың өлшемдерi мен көрсеткiштерi;
      4) бақылауды жүзеге асыруға қажеттi ресурстар және бақылау органдары қызметкерлерiнiң құрамы айқындалады.
      46. Бақылаудың жоспарын, оған енгiзiлген барлық өзгерiстер мен толықтыруларды бақылау органының басшысы бекiтедi.
      47. Бақылау жүргiзудiң жоспары мен бақылау бағдарламасы бақылау органының жұмыс жоспарында белгiленген мерзiмдерге сәйкес бақылау объектiлерi бойынша жеке жасалады.
      48. Бақылау бағдарламасы бақылауды тиiмдi өткiзу үшiн қажеттi егжей-тегжейлi әзiрленген құжат болып табылады, оны бақылау органының тиiстi лауазымды адамы немесе бөлiмшесiнiң басшысы бекiтедi.
      49. Бақылау органдары бақылауды жоспарлаудың әдiстерi мен тәсiлдерiн қажеттiгiне қарай жетiлдiредi.
      50. "Қадағалау" стандартының мақсаты бақылау органдарының жоғары тұрған лауазымды тұлғаларының өз қызметкерлерiнiң бақылауды объективтi және толық көлемiнде өткiзуiн қамтамасыз ету болып табылады.
      51. Бақылау тобының немесе жекелеген қызметкерлердiң қызметi бақылау жүргiзудiң әрбiр кезеңiнде жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың жүйелi қадағалауымен жүзеге асырылады.
      52. Қадағалау бақылауды жоспарлау, өткiзу және оның нәтижелерi бойынша есептер дайындау кезеңдерiнде, сондай-ақ бақылаудың нәтижелерiн iске асыру процесiнде жүзеге асырылады.
      53. Қадағалау дәрежесi бақылаудың күрделiлiгiне, бақылау тобының немесе бақылау органының жекелеген қызметкерлерiнiң бiлiктiлiк пен кәсiпқойлығының деңгейiне қарай айқындалады.
      54. Бақылау органының басшылары қадағалау нысандары мен әдiстерiн дербес айқындайды.
      55. Қадағалауға мiндеттi түрде бақылауды жүзеге асырудың мазмұны, әдiстерi, бағдарламалық мәселелердi қамту толықтығы, сондай-ақ бақылау бағдарламасын орындау жөнiндегi бақылау органдары қызметкерлерiнiң iс-әрекеттерi жатады.
      56. Қадағалау неғұрлым жиi туындайтын проблемалар туралы түсiндiрудi хабардар етудi, орындалған жұмысты бақылауды, бақылауды жүзеге асырушы топта пiкiр алшақтығы болған жағдайларда дауларды шешудi, сондай-ақ бақылау жоспары мен бағдарламасына өзгерiстер енгiзудi қамтиды.
      57. "Дәлелдер" стандартының мақсаты бақылау нәтижелерi бойынша қорытындылар мен ұсынымдардың қалыптасуына негiз болатын объективтi және шынайы деректер жинауды қамтамасыз ету болып табылады.
      58. Негiзiнде бақылау нәтижелерi бойынша қорытындылар мен ұсынымда тұжырымдалатын дәлелдер бақылаудың мақсаттары мен мiндеттерiне сай объективтi, шынайы және жеткiлiктi болуға тиiс.
      59. Құжаттар есептiң ажырамас бөлiгi болып табылады және бақылауды шынайылығы мен объективтiлiгiнiң дәлелi ретiнде қызмет атқаратын ақпаратты жеткiлiктi көлемiн қамтиды.
      60. Бақылау объектiсiнде тiкелей жинақталған, сондай-ақ заңнаманы сақтай отырып, басқа да шынайы көздерден алынған материал мен ақпарат дәлелдердiң негiзi болып табылады.
      61. Ақпаратты жинау мен өңдеу бақылаудың бекiтiлген бағдарламаларына сәйкес жүргiзiледi.
      62. Бақылау нәтижелерi бойынша қорытындылар мен ұсынымдар құжаттық дәлелдерге негiзделедi.
      63. Ақпаратты жинау мен өңдеу әдiстерi бақылаудың мақсаттары мен мiндеттерiне сай келедi. Дәлелдердi жинаған кезде бақылау органдарының қызметкерлерi заңның талаптарына қайшы келмейтiн барлық қолжетiмдi тәсiлдердi пайдаланады.
      64. "Құжаттама" стандартының мақсаты бақылаудың барлық кезеңдерiнде құжаттарды дайындау мен бiр жүйеге келтiрудi қамтамасыз ету болып табылады.
      65. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлерi белгiленген нысанда дәлелдердi және жүргiзiлген бақылаудың барлық аспектiлерiн құжаттайды.
      66. Құжаттау кезiнде бақылаудың нәтижелерiн растайтын барлық қажеттi материалдар жинақталады, олар кейiннен пайдалану және сақтау үшiн тиiстi дәрежеде бiр жүйеге келтiрiледi.
      67. Бақылау органдарының қызметкерлерi құжаттауға қажет материалдарды өз бетiнше айқындайды.
      68. Құжаттаманың көлемi мен мазмұны бақылаудың үлгiсiне, түрiне және бақылау объектiсiнiң қызметiне, сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтар мен кемшiлiктердiң сипатына қарай айқындайды.
      69. Құжаттама белгiленген тәртiппен тiгiледi және сақталады.
      70. Бақылауды жүзеге асыратын бақылау органдарының қызметкерлерi құжаттарды сақтауға тапсырғанға дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
      71. "Есептiлiк" стандартының мақсаты бақылаудың ашықтығы қамтамасыз ету, қаржы тәртiбiн нығайту және есептердi бiр iзге салу жолымен бақылау органдарының арасындағы өзара iс-әрекеттi қамтамасыз ету болып табылады.
      72. "Есептiлiк" стандарты бақылау органдары мен олардың қызметкерлерiнiң қызметiнiң қорытындысы бойынша дайындалған есептерiнiң нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды белгiлейдi.
      73. Бақылау нәтижелерi бойынша есеп болып табылатын мынадай актiлер қабылданады: бақылау актiсi, бақылаудың қорытындылары туралы есеп, қорытынды, қаулы, ұсыну (бұдан әрi - есеп).
      74. Бақылау органы мен оның қызметкерлерi атқарылған жұмыстың нәтижелерi бойынша толық, қисынды, объективтi және сындарлы баяндалған жазбаша есеп дайындайды.
      75. Есеп бақылау нәтижелерiн жедел iске асыру үшiн уақтылы дайындалады және ұсынылады.
      76. Есептердiң мазмұны:
      1) бақылау мақсаттарына қол жеткiзiлгенiн растауға арналған жеткiлiктi барлық ақпаратты қамтуы;
      2) қысқа, бiр жүйеге келтiрiлген болуы және қайталанбауы;
      3) қисынды және түсiнуге жеңiл болуы;
      4) бақылау объектiсiнiң қарсылықтарды қарау нәтижелерiн, сондай-ақ бар болса бақылауға жүргiзуге тартылған мемлекеттiк органдардың мамандары мен сарапшылардың аудиторлық есептерiн, қорытындыларын қамтуы;
      5) тек қана жиналған дәлелдерге негiзделуi;
      6) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуының, мемлекеттiк бағдарламалардың, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының iске асырылуының тиiмдiлiгiн арттыруды, қаржы тәртiбiн арттыруды және бақылау объектiлерi мен бақылау органдарының арасында өзара түсiнiстiктi нығайтуды көздеуi тиiс.
      77. Есеп кiрiспе бөлiктен, бақылау мақсатынан, объектiсi мен нысанасынан, бақылаудың негiзгi нәтижелерiнiң баяндалуынан, қорытындылар мен ұсыныстардан тұрады.
      Бақылау органдарының қаулылары мен ұсынымдары бақылау объектiсiндегi кемшiлiктердi түзетуге бағытталған ұсыныстарды және қажет болған жағдайда жекелеген бағыттарды көрсете отырып, кейiннен бақылау жүргiзу жөнiндегi ұсыныстарды да қамтиды.

5. Басқару және сапаны бақылау стандарттары

      78. Басқару мен сапаны бақылау стандарттары бақылау органдары мен олардың қызметкерлерiнiң қызметiне басшылықты жүзеге асыруға қойылатын талаптарды белгiлейдi.


      Басқару және сапаны бақылау стандарттарына: "Басқару" және "Сапаны бақылау" стандарттары жатады.
      79. "Басқару" стандартының мақсаты ұйымдасқан және жұмысқа қабiлеттi ұжымды қалыптастыру мен бақылау мақсатына жету үшiн оның жұмылдырылуын қамтамасыз ету болып табылады.
      80. Бақылау органдары бақылаудың сапасын, үнемдiлiгiн, нәтижелiлiгiн және тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн өзiнiң қызметiн тиiстi дәрежеде басқаруды жүзеге асырады.
      81. Бақылау органдарының лауазымды адамдары мен құрылымдық бөлiмшелерi арасындағы мiндеттер нақты бөлiнуi тиiс.
      82. Бақылау органдарын басқару олардың ережелерiне, регламенттерiне сәйкес жүзеге асырылады және бақылауды тиiмдi өткiзу үшiн жағдай жасайды.
      83. Бақылау органдары өз қызметкерлерiнiң қызметiн тиiмдi ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшiн ынталандыру мен шарттар жүйесiн жасайды. Ынталандыру жүйесi жазалау мен көтермелеу шараларын объективтi анықтауға мүмкiндiк беретiн бақылау органдары қызметкерлерiнiң қызметiн бағалауға негiзделедi.
      84. Басқаруға бақылауды өткiзудiң барлық кезеңдерi, сондай-ақ бақылау сапасы жатқызылады.
      85. Бақылау органдарының қызметiн басқару процесi ұдайы жетiлдiрiледi.
      86. "Сапаны бақылау" стандартының мақсаты бақылау органдары мен олардың қызметкерлерi қызметiнiң Стандарттарға сәйкестiгiн қамтамасыз ету болып табылады.
      87. Бақылау органдарының басшылары сапаны бақылауды ұйымдастыруды Стандарттарға сәйкестiгi мәнiне iшiнара тексерудi ұдайы жүргiзу жолымен қамтамасыз етедi.
      88. Сапаны бақылауды өткiзудiң қажеттiлiгi мен кезеңдiлiгiн бақылау органының басшысы анықтайды.
      Сапаны бақылауды өткiзудiң мерзiмi мен ұзақтығы оның жеделдiлiгi мен нәтижелiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында анықталады.
      89. Сапаны бақылауға бақылау органдары қызметкерлерiнiң барлық қызметiмен қатар жүргiзiлген бақылаудың жекелеген бағыттары да жатқызылады.
      90. Сапаны бақылауды осы бақылауға қатыспаған бақылау органдарының қызметкерлерi жүзеге асырады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет