Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 12 қарашадағы № 1212 қаулысы
БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-6-бабы 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 12 қарашадағы
№ 1212 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және
олардың біліктілігін ұстау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-6-бабы 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстау тәртібін айқындайды.
3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:
1) мемлекеттік авиация инспекторы – азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) әуе кеңістігін пайдалану саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды тұлғасы;
2) біліктілік – өзінің қызметтік міндеттері мен функцияларын тиімді орындау үшін талап етілетін білімнің, дағды мен машықтың қажетті деңгейін иеленуі;
3) біліктілік белгісі – куәлікте жасалған және соның бір бөлігі болып табылатын жазба, онда осы куәлікке қатысты ерекше шарттар, құқықтар немесе шектеулер көрсетіледі;
4) тағылымдама – азаматтық және эксперименттік авиация қызметін мемлекеттік бақылау мен қадағалау әдістерін практикалық игеру мақсатында оқытуды қамтамасыз ететін тұлғаның басшылығымен мемлекеттік авиация инспекторын жұмыс орнында оқыту;
5) бастапқы даярлық – азаматтық және эксперименттік авиация саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыруы мақсатында мемлекеттік авиация инспекторына кәсіптік білім беру процесі;
6) арнайы даярлау (қайта даярлау) – мемлекеттік авиация инспекторын оқытудың жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты жаңа (қосымша) кәсіптік білім, дағды мен машық алуға бағытталған процесі;
7) кәсіптік деңгейді ұстау – мемлекеттік авиация инспекторын оқыту процесі, оның мақсаты кәсіптік білімді, дағды мен машықты жаңарту, кеңейту және тереңдету болып табылады;
8) теориялық даярлық – мемлекеттік авиация инспекторын кәсіптік даярлау процесінің кезеңі, одан өткен кезде білім алушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен оқыту бағдарламаларына сәйкес арнайы теориялық білім алады;
9) тренажерда даярлау – мемлекеттік авиация инспекторын кәсіптік даярлау процесінің кезеңі, одан өткен кезде білім алушы әртүрлі жаттықтырушы қондырғылардың (авиациялық тренажерлар) көмегімен практикалық дағды мен машық алады, сақтайды және жетілдіреді;
10) жеке бағдарлама – мемлекеттік авиация инспекторы жұмысының қағидалары мен рәсімдерін зерделеуге, инспекция нәтижелерін құжаттау, басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу, мемлекеттік авиация инспекторларының өз өкілеттігін қолдану, ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздіктің деңгейін арттыруға бағытталған салалық және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу дағдысын қалыптастыру, сондай-ақ авиациялық оқиғалар және басқа да қолайсыз жағдайларды тексеру материалдары негізінде алдын алу іс-шараларын әзірлеу мәселелерін зерделеуге бағдарланған бағдарлама;
11) курс – мемлекеттік авиация инспекторын оқыту процесі, оның мақсаты кәсіптік және әдістемелік шеберлігін жетілдіруге бағытталған білімі мен дағдыларын жаңарту және тереңдету болып табылады;
12) ИКАО – халықаралық азаматтық авиация ұйымы.
4. Мемлекеттік авиация инспекторларын даярлау уәкілетті орган сертификаттаған авиациялық оқу орталықтарында жүргізіледі.
5. ИКАО-ның Бас хатшысы бекіткен Doc8335 «Пайдаланушыны инспекциялау, сертификаттау және үнемі қадағалау рәсімдері бойынша басшылық» талаптарына сәйкес мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік авиация инспекторлары оқыту кезінде мынадай:
1) ұшу өндірісін бақылауды қамтамасыз ету;
2) әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын ұстау;
3) шетелдік авиатасымалдаушылардың әуе кемелерін бақылауды қамтамасыз ету;
4) әуеайлақтардың перронында ұшу қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз ету;
5) әуеайлақтарда (тікұшақ айлақтарында) және алаңдарда ұшуды бақылауды қамтамасыз ету;
6) әуе тасымалының қағидаларын орындауды бақылауды қамтамасыз ету;
7) авиациялық қауіпсіздікті бақылауды қамтамасыз ету;
8) ұшудың авариялық-құтқару қызметімен қамтамасыз етілуін бақылауды қамтамасыз ету;
9) авиациялық персоналға куәліктер беру жүйесін бақылауды қамтамасыз ету;
10) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеруді бақылауды қамтамасыз ету бағыттары бойынша жеке мәселелерді тереңдетіп зерделеудің қосымша немесе кеңейтілген бағдарламаларын өтеді.
6. ИКАО Конвенциясына 1-қосымшаның талаптарына сәйкес өздерінде авиациялық персоналдың қолданыстағы тиісті куәліктері болуға тиіс мемлекеттік авиация инспекторлары біліктілігін ұстау және олардың қолданылу мерзімін ұзарту үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 17 мамырдағы № 532 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидаға сәйкес оқудан өтеді.
Әуе кемелерінің ұшуын орындауға және қамтамасыз етуге, оларға техникалық қызмет көрсетуге, әуе қозғалысына қызмет көрсетуге тікелей байланысты мемлекеттік авиация инспекторлары кәсіптік қызметке осындай қызметті жүзеге асыру құқығына арналған куәлiгi болған және денсаулық жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда жіберіледі.
Мiндеттi медициналық куәландырылуға жататын мемлекеттік авиация инспекторларына денсаулық жағдайы бойынша қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негiзiнде әзiрленген және денсаулық сақтау саласы мен азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органдар бекiткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы медициналық куәландыру қағидаларында белгiленедi. Авиация персоналына жататын адамның денсаулық жағдайының сәйкестігі авиация персоналы куәлігінің ажырамас бөлігі болып табылатын медициналық қорытындымен расталады.
2. Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және
олардың біліктілігін ұстау тәртібі
7. Мемлекеттік авиация инспекторларын даярлау уәкілетті орган бекіткен бастапқы даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша жүргізіледі.
Даярлықтың мерзімділігі мен көлемін уәкілетті орган белгілейді.
8. Кәсіптік даярлық және біліктілігін ұстау курстарынан өткеннен кейін мемлекеттік авиация инспекторларына авиациялық оқу орталығы тиісті курсты өткендігін растайтын құжат (сертификат) береді.
9. Мемлекеттік авиация инспекторларының Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының орындалуын бақылау және қадағалау, әуе кемелерін және олардың экипаждарын бағыттар бойынша инспекциялауды қоса алғанда, азаматтық авиация ұйымдары мен кәсіпорындарында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау жөніндегі функцияларды орындауына белгіленген үлгідегі құжаттар (сертификаттар, куәліктер, лицензиялар) беріліп, кәсіптік даярлықтың толық курсын өткеннен кейін рұқсат етіледі.
10. Бастапқы даярлық мынадай міндетті даярлық түрлерінен тұрады:
1) мемлекеттік авиация инспекторының даярлық деңгейін ескере отырып, жеке бағдарлама бойынша теориялық оқыту және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда функционалдық міндеттері бойынша оның білімін тестілеу;
2) инспекторлық құрамды тиісті даярлау курстарында (базалық инспекторлық курс) оқыту;
3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесінің тағайындалған адамдарының басшылығымен сертификаттауды, тексеруді, қадағалауды және бақылауды орындау үшін жұмыс шарттарында мемлекеттік авиация инспекторының тағылымдамасы.
11. Біліктілігін арттыру және кәсіптік деңгейді ұстау мынадай жолмен жүзеге асырылады:
1) азаматтық авиация қызметі мәселелері бойынша халықаралық азаматтық авиация ұйымдары не авиациялық оқу орталықтары, авиациялық техниканы өндірушілер өткізетін курстарға, семинарларға, оқытуға қатысу;
2) авиациялық тренажерларды пайдалана отырып, тренажерлік даярлықтан өту.
Кәсіптік деңгейдің расталуы біліктілік талаптарына сәйкес тестілеу және белгіленген үлгідегі құжаттарды (сертификаттар, куәліктер, лицензиялар) беру арқылы айқындалады.
12. Арнайы даярлық (қайта даярлау) азаматтық авиация саласындағы заңнамада маңызды өзгерістер, ұшулар қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты және мемлекеттік авиация инспекторынан жаңа білім мен дағдыларды талап ететін жаңа талаптар мен рәсімдер енгізілген жағдайларда жүзеге асырылады.
13. Жұмыс орнындағы тағылымдама азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның басшысы тағайындаған мемлекеттік авиация инспекторының басшылығымен жүргізіледі.
Азаматтық авиация ұйымдары мен кәсіпорындарында әуе кемелерін және олардың экипаждарын инспекциялауды қоса алғанда, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауды орындауға алты ай ішінде іс жүзінде қатыспаған мемлекеттік авиация инспекторы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауды жүргізуге тағылымдамадан өткеннен кейін ғана жіберіледі.
3. Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлауды және
олардың біліктілігін ұстауды жоспарлау
14. Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және біліктілігін ұстау қажеттілігін уәкілетті орган функционалдық және алға қойылған міндеттерді орындау талаптарын негізге ала отырып, сондай-ақ штат кестесіне сәйкес кадрлардың қозғалысы негізінде айқындайды.
15. Персоналды оқытуды жоспарлау мемлекеттік авиация инспекторларын теориялық және практикалық үздіксіз оқытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ оқу процесін бақылауды және реттеуді жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.
Мемлекеттік авиация инспекторларын оқыту жоспары мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) даярлық бағдарламасының атауы;
2) біліктілікті арттыру курстарының атауы;
3) оқыту нысаны (топпен, жеке);
4) оқушылардың саны;
5) оқудың ұзақтығы.
4. Кәсіптік даярлықтан өту және біліктілікті ұстау туралы
ақпаратты есепке алу
16. Мемлекеттік авиация инспекторларының кәсіптік даярлықтан өтуі және біліктілікті ұстауы туралы ақпаратты есепке алуды (жазуларды сақтауды) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның кадрлар қызметі жүзеге асырады.
Бұл ретте мемлекеттік авиация инспекторларының даярлығының деңгейі және кәсіптік қызметі туралы ақпарат үнемі жандандырылып отырады.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК
Достарыңызбен бөлісу: |