Мемлекеттік қызметшілерді дайындаудың дамыған елдер тәжірибесі
Касымова А.Б.
Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген ерекше сенім болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне, этикасы мен моральдық бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші жүзеге асыратын кәсіби қызметіне өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін жұмсайды, қоғамға әділ әрі қалтқысыз қызмет етеді деп есептейді.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет институтын шетелдік тәжірибеден, оның жағымды жақтары мен қызмет етуінде орын алған қателерден бөлек қарастыруға болмайды. Институционалды қалыптасуы процесінде көрініс табатын, мемлекеттік қызметтің демократизациясы, мәні мен ерекшеліктері, әр мемлекетте өзінің өзгешеліктеріне ие [1].
Мемлекеттік қызметтің демократиялануы халықтың егеменділіктің салдары ретінде, сондай-ақ «мемлекеттік» ұғымының мазмұнының өзі «қоғамдық» қызмет мағынасында және институционалды дайындау процесінде көрініс табатын, әрбір елдің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Франция, Нидерланды, Дания, Ұлыбритания сияқты унитарлы мемлекеттердің өзгешелігі, басқарудың екі нұсқасы арасындағы ауыспалы тепе-теңдік, яғни, бір жағынан жалпы ұлттық тәртіпті орнататын орталықтанған билік, екінші жағынан жергілікті құрылым ерекшеліктерін ескеретін, орталықсыздандыру.
Мемлекеттік қызметтің еуропалық үлгісіне талпынатын Еуропалық Одақтың әкімшілік жүйелері, оның негізгі жұмыс істеу механизмі мен қағидаларын, бірегейлендіруге тырысады [2]. Римдік келісім-шарттың 48-ші бабына сай Еуропалық Одақтың кез-келген мемлекеттік қызметшісі жоғарғы деңгейдегі қызметтен басқа қалған барлық қызметтерде 12 мемлекеттің кез-келгенінде, егер сол нақты мемлекеттік сектордың талаптарына сай біліктеріне ие болса, өзінің мансабын әрі қарай жалғастыра алады, яғни бұл жерде мансаптық жүйе қолданылады. Мемлекеттік қызметтің мансаптық жобасы Германия, Австрия, Жапония елдерінде кең тараған. Ал, позициялық жоба Ұлыбритания, АҚШ, Канада елдерінде кең тараған.
Осындай мансаптық және позициялық жобалар бойынша Еуропа елдерінің мемлекеттік қызметтегі қызмет үлгісінің, оқу жүйесінің және аударымдардың айырмашылықтарын талдауға тырыстық. Бұл жерде мансаптық жоба біздің еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуда көбірек қажеттігі туындайды. Себебі, шетелдік тәжірибелердегі мансаптық жобадағы мемлекеттік қызмет жұмысының ашықтығы және олардың қоғам алдында есеп беру қағидаты кезең-кезеңімен енгізіледі.
Мемлекеттік қызметтің екі нұсқасында да мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін көтеру олардың қосымша кәсіби білімдерінің негізгі үлгісі болып табылатындығын байқауға болады. Дегенмен, әр елде оқу бағдарламалары, оқыту жүйесі сол елдің даму заңдылықтары мен ұлттық нұсқаларына бағытталғандығын куәландырады. Мысалы, Франция мен Германияда мемлекеттік басқарудың аймақтық институттарымен (Франция) және мемлекеттік қызмет колледждерімен (Германия) орындалатын ұзақ мерзімді оқу кестелері жасалынған. Соған қоса, Францияда міндетті оқыту бағдарламасы да оқу жүйесіне енгізілген, яғни директордың орынбасары сияқты белгілі бір лауазымда отырған қызметкерлерді оқытудың міндетті бағдарламасы бар. Францияда міндетті оқыту белгіленген мерзімдерде өткізіледі. Оқу Мемлекеттік басқарудың Ұлттық Мектебімен (ENA), аймақтық институттармен және министрліктердегі мамандандырылған мектептермен өткізіледі. ENA-дан бітіріп шығу жоғары әкімшілік лауазымдарға отыруға мүмкіндік ашады. ENA жыл сайын 100 студент қабылдайды (оның ⅓ - шетелдіктер). Ал, Германияда оқу жүйесі федералдық және жергілікті деңгейде оқытылады. Жоғары лауазымды шенеуліктерді мол және стратегиялық басқарудың қазіргі заманғы әдістеріне, ақпараттық технологияларға, адам ресурстары мен коммуникация тәсілдеріне үйрету жүйелі түрде өткізіліп отырады. Ұлыбританияда білім алудың аса назар аударатын жүйесі бар. Ұлыбританияның мемлекеттік қызметінің ұйымдастырылуына жауапты министрлер кабинетінің хатшылығы басқару құрылымының жоғары дәрежесіне міндетті бағдарлама ұсынады, бұл бағдарламаларға кәсіп-керліктің және жеке сектордың қызметшілері қатыса алады. Грецияның оқу жүйесінің айтарлықтай ерекшеліктері жоқтығын байқай аламыз.
Мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері туралы ақпарат берудің неғұрлым жиі пайдаланылатын тәсілі – бұл әрбір министрліктің Стратегиялық жоспарлар немесе оған ұқсас стратегиялық мақсаттар, оларға қол жеткізуге бағытталған тактикалық міндеттер мен бағдарламалар, сондай-ақ бюджеттік қаражатты пайдаланудың жоспарланған нәтижелері берілген құжат дайындау. Сонымен, Ұлыбританияда әрбір ведомство мемлекеттік қызмет жөнінде келісім, Австралияда – қызметтердің нәтижесі жөнінде баяндамалар, Данияда - қызметтердің нәтижесі жөнінде келісім шарттар дайындайды.
Бұл стратегиялық жоспарлардан немесе оларға ұқсас құжаттардан басқа ведомство, ереже ретінде, жыл сайынғы негізде жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу туралы есеп дайындайды.
Ұлыбританияның әрбір орталық министрліктері мен ведомстволары мемлекеттік қызметтер туралы келісімдер жасайды, онда орган қызметінің мақсаттары мен міндеттері, нәтижелігінің көрсеткіштері, сондай-ақ оның қызметінің түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштері көрсетілген. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер туралы келісімдерде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына қойылатын талаптар баяндалады.
Мемлекеттік қызметтер туралы келісімнің негізгі маңызы оның нәтижелілік дәрежесі туралы талқылауға мүмкіндік беретін мемлекеттік орган қызметінің негізгі көрсеткіштерінен тұратындығында. Әрбір келісім, ереже ретінде, бір стратегиялық мақсатты және қойылған мақсатқа қол жеткізуді қамтамассыз ететін Ұлыбританияның мемлекеттік органдарының қызметтерінің бағыттары мен тәсілдерін нақтыландыратын төрт-бес міндеттерді қосады. Келісімде сондай-ақ түпкілікті қоғамдық маңызды және тікелей нәтижелердің көрсеткіштер жүйесі ұсынылған. Мемлекеттік қызметтер туралы келісім Ұлыбританияда нәтижелер бойынша басқару жүйесін негізгі құрамдасының бірі болып табылады. Одан басқа, Ұлыбританияның мемлекеттік секторындағы нәтижелер жөніндегі басқару жүйесіне жоспарланған көрсеткіштеріне нақты қол жеткізу туралы жыл сайынғы есебі кіреді.
Мемлекеттік қызмет институционалдануының шетелдік тәжірибесінің нәтижелерін келтіре келе, кешенді және координацияланған процесс әдістерін талап ететінін атап өту керек. Ең маңыздысы, бұл шарттар мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау шеңберіне жатады. Сондай-ақ, Еуропа елдеріндегі мемлекеттік қызметкерлер үшін қызметтік мамандандырылғандығын бағалау мақсатында ресми және бейресми түрде мемлекеттік аттестациядан өту жүйесі қалыптастырылған. Осы мәнсаптық және позициялық жүйедегі қызметшілердің қызмет нәтижелігін бағалау және жоғарыда аталған Еуропа елдерінің қызмет жүйесін талдау нәтижелері келесі кестелерде көрсетілген. Мысалы, Германияда мемлекеттік басқарудың федералдық заңына сәйкес федералдық мемлекеттік қызметшілердің білімі мен жұмысты атқаруы әр бес жыл сайын және қажет болған кез-келген жағдайда да бағаланып отырады. Ал, Данияда өзінің бейресми рәсімімен және ашық диалогымен сипатталатын персоналды бақылау жүйесі жетілдірілген. Персоналды бағалау тігінен (тікелей басшыларымен) және көлденеңінен (жұмыстағы әріптестерімен) өткізіледі [3].
Аталған кестелерден елімізге тиімді мемлекеттік қызмет нұсқасын алу қажеттілігі туындайды.
Еуропа елдерінде қызметтік өсу, яғни қызмет бабында жоғарылау белгілі бір тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Мысалы, Франция елінде қызметін жоғарылатқысы келетін мемлекеттік қызметшілер ашық немесе жабық конкурстарға қатысуы қажет немесе барлық сіңірген еңбегіне, еңбек өтіліне байланысты қызмет бабында жоғарылауы керек. Грецияда да жоғарылау еңбек өнімділігі, еңбек өтілі және қызметкерлерді бағалау сияқты факторларға байланысты болса, Ирландияда жоғары лауазымдарға ұсыну белгілерінің бірі еңбек өтілі болғанмен қызмет бабында автоматтық түрде жоғарылау жоқ.
Ұлыбританияда кадрларды жоғарылатудың негізгі принциптері бар - барлық үміткерлерді бағалау және сіңірген еңбегіне байланысты іріктеу. Лауазымы бойынша жоғарылаудың жалпы тәртібі жоғары лауазымға үміткердің тәртібі және жеке қабілеттері жөнінде жыл сайын беріліп тұратын есепке негізделген. Швеция, Нидерланды, Финляндия елдерінде қызмет бабында жоғарылау ұжымдық шарт шегінде жеке шарт пен өзара келісімге байланысты болады.
Ал, біздің елімізде мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін көтермеленуі мүмкін. Біздің еліміздегі қызметтік өсу де шетелдік тәжірибелерге жалпылама ұқсағанмен, кейбір елдердің нұсқаларын пайдалану артық болмас еді.
Дамыған Еуропалық мемлекеттерде мемлекеттік қызмет жүйесін салыстырмалы талдау бірқатар нәтижелерді жасауға мүмкіндік береді:
1) әрбір мемлекет мәдениетінің ерекшелігі өзінің алға қойған стратегиясына сәйкес, мемлекеттің және оның қызметшілерінің рөлін орындауда өз жолын анықтайды және ерекше құқықтық алаң, ортақ деонтологиялық қағидалар және барлығына ұқсас кадрларды дайындау, жұмысқа қабылдау қызметпен өсу және аттестация технологиясы, әкімшіліктің модернизацияға ұмтылуы сияқты негізгі көрсеткіштермен анықталады;
2) дамыған Еуропа елдерінде жүзе асатын орталықсыздандыру процесі саяси-әкімшілік жүйені модернизациялайтын елдерде әмбебап болып табылады;
3) Германияның тәжірибесі көрсеткендей, мемлекеттік қызметтің ортақ мәртебесі, күшті жергілікті билікке қарсы келмейді; Францияда орын алған мемлекеттік қызмет институты, концептуалды тұрғыда бюрократия формуласына ұқсас болып келеді: біліктілік, адалдық, тұрақтылық. Жүйелі түрде бұлардың Қазақстанда пайдалануы өз кезегінде пайдасын тигізері анық;
4) өмірлік жұмысбастылығымен сипатталатын мемлекеттік қызметші мансабының Француздық «жабық жүйесінің» Қазақстанда қолданылуының маңызы жоқ болып көрінді. Өйткені шенеуніктің әлеуметтік жұмылдыру механизмі жасақталмаған және қызметтік іс-әрекеттің тиімді ынталандыруы жеткіліксіз дамыған;
5) мемлекеттік қызметшінің кәсіби кодексін деонтологиялық басшылық түрі бойынша толық жасақтау және оның Қазақстанның саяси-әкімшілік ортасына өзінің ерекшелігін ескеру арқылы ендіру қажет.
Елбасы биыл Қазақстанның алдына әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіруде және мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіруде басым бағыттардың бірін анықтап, оны жоғары халықаралық стандарттарға дейін жеткізу міндетін қойды.
Шетелдік тәжірибелерден және жолдаудан көріп отырғанымыздай, елімізге мемлекеттік қызмет стандарттарын енгізу қажеттілігі туындайды. Халықаралық тәжірибеде мемлекеттік қызмет (хартиясы) қолжазбасында мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары енгізілген. Халықаралық тәжірибеде мемлекеттік қызмет (хартиясы) қолжазбасы дегеніміз - қызметтің сан алуандығы мен бағасына, тұтынушылар мен жеткізушілер арасындағы келісім-шарттың қоғамдық тексеріске ашық бағытталуы. Ал, Қазақстанға тиімді тәсілі:
1) мемлекеттік қызмет көрсету уақыты (регламент) мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты мемлекеттік органның іс жүргізу тәртібін анықтайды;
2) мемлекеттік қызмет көрсету стандарты - көрсеткіштер мөлшерінің қалыпты шамасын, қол жетімділігі мен сапасын, әрекеттестік реттілігін, қызмет алу құқығын белгілейді.
Халықаралық тәжірибедеге сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын енгізу мақсаты: Қазақстан Республикасы территориясында тұратын және қызмет істейтін заңды және жеке тұлғалардың заңды құқықтары мен еркіндігін қамтамасыз ететін мемлекеттік билік пен қоғамның (тұрғындар, кәсіпкерлер) арасындағы қарым-қатынасын реттестіру және оңтайлы деңгейіне жеткізу болып табылады.
-
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделінің тұжырымдамасы / 2011 жылғы 21 шілдеде ҚР Президентінің № 119 Жарлығы
-
www.sigmawed.org.
-
«Public Service Training Systems in OECD countries».-Sigma papers, 2010, № 16.
Достарыңызбен бөлісу: |