Мемлекеттік мүлік туралы



бет1/23
Дата20.12.2019
өлшемі156.32 Kb.
#447727
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
мем мулік






Мемлекеттік мүлік туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы N 413-IV Заңы.


      Қолданушылар назарына!

      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ


      РҚАО-ның ескертпесі!


      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 219-баптан қараңыз.



      Осы Заң мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті және заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі акциялар мен қатысу үлестерін басқарудың құқықтық негіздерін, мемлекеттік мүлікке құқықтарға ие болудың және оларды тоқтатудың құқықтық негіздерін айқындайды және мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесінің құқықтарын және өзге де құқықтарды иеленушінің тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етуге бағытталған.

1-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІК ТУРАЛЫ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР


1-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ БАСҚАРУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар


      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:


      1) аудандық коммуналдық заңды тұлғалар – аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған аудандық мемлекеттік кәсіпорындар мен аудандық мемлекеттік мекемелер;


      2) аудандық коммуналдық мүлік – ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мүлкі, оның ішінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың бюджеті және аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік;


      РҚАО-ның ескертпесі!

      2-1) тармақша ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).



      2-1) аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкі (бұдан әрі – жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі) – аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің мүлкі, оның ішінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің қаражаты, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітіп берілген және (немесе) бекітіп берілмеген мүлік;


      РҚАО-ның ескертпесі!

      2-2) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).





      2-2) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі және өңірдің экономикасын дамытуға жәрдемдесуді жүзеге асыратын, акционерлік қоғам нысанындағы өңірлік даму институты;



      РҚАО-ның ескертпесі!

      1-бапты 2-3) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).



      2-4) байқау кеңесінің тәуелсіз мүшесі – осы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғасы болып табылмайтын және өзі байқау кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай тұлға болмаған, осы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғаларына қатысты үлестес тұлға болып табылмайтын; осы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның немесе осы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғаларының – ұйымдарының лауазымды адамдарына бағынышты болумен байланысты емес және өзі байқау кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде сол тұлғаларға бағынышты болумен байланысты болмаған; мемлекеттік қызметші болып табылмайтын; аудиторлық ұйым құрамында жұмыс істейтін аудитор ретінде осы мемлекеттік кәсіпорынның аудитіне қатыспайтын және өзі байқау кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде мұндай аудитке қатыспаған байқау кеңесінің мүшесі;


      3) даму жоспары – акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталындағы қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам және жауапкершілігі шектеулі серіктестік, оның ішінде ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг және ұлттық компания қызметінің бесжылдық кезеңге арналған негізгі бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;


      4) даму стратегиясы – ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның онжылдық кезеңге арналған миссиясын, пайымын, стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын және негіздейтін құжат;


      5) есепке алу объектісі – мемлекеттік мүлік тізілімінде есепке алынатын мемлекеттік мүлік;


      6) жекешелендіру – мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатуды қоспағанда, мемлекеттің осы Заңда белгіленген арнайы рәсімдер шеңберінде мемлекеттік мүлікті жеке тұлғаларға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сатуы;


      РҚАО-ның ескертпесі!

      6-1) тармақша ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).





      6-1) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғалары – мүлкі аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;


      7) коммуналдық заңды тұлғалар – мүлкі коммуналдық меншікте тұрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;


      8) коммуналдық мүлік – әкімшілік-аумақтық бөліністердің мүлкі;


      8-1) корпоративтік басқару – мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметін басқаруды қамтамасыз ететін және меншік иесі (акционер), байқау кеңесі (директорлар кеңесі), атқарушы орган (басқарма), мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың өзге де органдары мен меншік иесінің (акционердің) мүддесі үшін мүдделі тұлғалар арасындағы қатынастарды қамтитын процестердің жиынтығы;


      9) Қазақстан Республикасының стратегиялық объектiге ие болуының басым құқығы – стратегиялық объект тиесiлi жеке тұлғадан немесе мемлекеттiк емес заңды тұлғадан, осындай тұлға стратегиялық объектiнi иелiктен шығару жөнiнде мәмiле жасасуды ниет етiп отырған жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектiге өндiрiп алу қолданылған не оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы мүліктік (тарату) массасының құрамында стратегиялық объектiнi иелiктен шығарған не кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi (стратегиялық объектiнi) соттың қарауынан тыс тәртiппен өткiзген не стратегиялық объектiге сот актiсiнiң негiзiнде өндiрiп алу қолданылған жағдайда, Қазақстан Республикасының стратегиялық объектiлердi нарықтық құны бойынша сатып алуға үшiншi тұлғалар алдындағы басым құқығы;


      10) қазыналық кәсіпорын – мемлекет жедел басқару құқығында бөліп берген мүлкі бар коммерциялық ұйым;


      11) мемлекет мұқтажы – мемлекеттің функцияларынан туындайтын және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздейтін мемлекет мүддесін қанағаттандыру үшін жеке меншіктегі мүліктің мемлекеттік меншікке өту қажеттігінің болуы;


      12) мемлекет меншігіне алу – Қазақстан Республикасының мемлекет меншігіне алу туралы заңының негізінде жүзеге асырылатын, жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі мүлікті Қазақстан Республикасы мүлкінің құрамына мәжбүрлеп өтеулі түрде иеліктен шығару;


      13) мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) – мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқаруды жүзеге асыратын және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген шарттарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарды иеленетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған орталық атқарушы орган немесе орталық атқарушы органның ведомствосы. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мүлікке қатысты құқықтарды өзге мемлекеттік органдарға берген жағдайларда, осы Заңның тиісті саланың уәкілетті органы туралы қағидалары осындай мемлекеттік органға қолданылады;


      14) мемлекеттік заңды тұлғалар – мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер;


      15) мемлекеттік мекеме – басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекет құрған және қаржыландырудың қосымша көздері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбесе, тек қана бюджет немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен қамтылатын коммерциялық емес ұйым;


      16) мемлекеттік мекемені немесе қазыналық кәсіпорынды жедел басқару құқығы (бұдан әрі – жедел басқару құқығы) – мемлекеттен меншік иесі ретінде мүлік алған және өз қызметінің жарғылық мақсаттарына, уәкілетті мемлекеттік органдардың тапсырмаларына және мүліктің мақсатына сәйкес осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік мекеменің немесе қазыналық кәсіпорынның заттық құқығы;


      16-1) мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган осы Заңда көзделген жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу үшін құратын алқалы орган;


      17) мемлекеттік мүлік – республикалық және коммуналдық мүлік;


      18) мемлекеттік мүлікті басқару – мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мемлекеттік меншік құқығын және өзге де мүліктік құқықтарды жүзеге асыруы;


      19) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқығын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;


      20) мемлекеттік мүлікті есепке алу – осы Заңның 15-тарауында көзделген қағидаларға сәйкес мемлекеттік мүлік тізілімін қалыптастыру үшін есепке алу объектілері туралы ақпаратты жинау мен қорытудың ретке келтірілген жүйесі;


      21) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша айқындалған, өзіне мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру және есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру жөніндегі міндеттер, сондай-ақ мемлекеттiк мүлік жөніндегі уәкiлеттi орган бекiткен тiзбеге сәйкес мемлекеттiк мүлік жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң активтерін басқару мен пайдалану жөніндегі функциялар жүктелген, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлға;


      22) мемлекеттік мүлік тізілімі – Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарының жедел басқаруындағы мүлікті жəне мемлекеттік материалдық резервті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі;


      23) мемлекеттің мүліктік құқықтары – мемлекеттің мыналарды:


      мемлекеттік меншік құқығын;


      мемлекеттің өзге де заттық құқықтарын (сервитутты, жалға алуды, мүлікті өтеусіз пайдалануды және басқаларын);


      мемлекеттің міндетті құқықтарын (талап ету құқықтарын);


      мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне ерекше құқықтарды;


      мұрагерлік құқықтарды;


      мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мүліктік құқықтарын қамтитын мүлікке құқықтары;


      24) мүдделер қайшылығы – байқау кеңесі мүшесінің жеке мүдделілігі мен оның өз лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындауы немесе жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделері арасындағы осы заңды мүдделерге зиян келтіре алатын қарама-қайшылық туындайтын кездегі жағдай;


      25) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу;


      26) облыстық коммуналдық заңды тұлғалар – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған облыстық мемлекеттік кәсіпорындар мен облыстық мемлекеттік мекемелер;


      27) облыстық коммуналдық мүлік – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мүлкі, оның ішінде облыстық бюджет және облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ аудандық коммуналдық мүлікті қоспағанда, облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік;


      28) реквизициялау – дүлей зілзала, авариялар, эпидемия, эпизоотия жағдайында, соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде немесе соғыс уақытында және төтенше сипаттағы өзге де мән-жайлар кезінде мүліктің құнын меншік иесіне төлей отырып, мүлікті мемлекеттік органдардың шешімі бойынша меншік иесінен қоғам мүддесі үшін алып қою;


      29) республикалық заңды тұлғалар – мүлкі республикалық меншікте тұрған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен республикалық мемлекеттік мекемелер;


      30) республикалық мүлік – коммуналдық мүлікті қоспағанда, Қазақстан Республикасының мүлкі;


      РҚАО-ның ескертпесі!

      1-бапты 30-1), 30-2), 30-3), 30-4), 30-5) және 30-6) тармақшалармен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).



      31) стратегиялық объект – қазақстандық қоғамның орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мүлік, оны иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер етеді;


      РҚАО-ның ескертпесі!

      1-бапты 31-1), 31-2) және 31-3) тармақшалармен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).



      32) ұлттық басқарушы холдинг – ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа да заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін) тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;


      РҚАО-ның ескертпесі!

      1-бапты 32-1) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).



      33) ұлттық даму институттары - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен акционерлiк қоғамдардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, қызметiнiң басты мақсаты индустриялық-инновациялық даму және кәсiпкерлiктi қолдау саласындағы жобаларды iске асыру болып табылатын қаржылық, консалтингтiк, инновациялық, сервистiк ұйымдар;


      34) ұлттық компания – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық холдингке тиесілі және ұлттық экономиканың негізін құрайтын салаларда қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;


      35) ұлттық холдинг – егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, ұлттық компаниялардың және өзге де акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;


      36) шаруашылық жүргізу құқығы – мемлекеттен меншік иесі ретінде мүлік алған және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шекте осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның заттық құқығы;


      37) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын – мемлекет шаруашылық жүргізу құқығында бөліп берген мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап беретін коммерциялық ұйым;


      37-1) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғалары – тікелей және (немесе) жанама түрде шешім қабылдауға және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың біреуінің) қабылдайтын шешімдеріне, оның ішінде жасалған мәмілеге байланысты шешімдерге ықпал етуге мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлғалар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда).


      РҚАО-ның ескертпесі!

      1-бапты 38) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


2-бап. Мемлекеттік мүліктің түрлері


      1. Мемлекеттік мүлік республикалық және коммуналдық мүлік болып бөлінеді.


      2. Республикалық мүліктің құрамына:


      1) мемлекеттік қазынаның мүлкі:


      республикалық бюджеттің қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;


      республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік;


      2) республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді.


      3. Коммуналдық мүліктің құрамына:


      1) жергілікті қазынаның мүлкі:


      жергілікті бюджеттің қаражаты;


      коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік;


      2) коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді.

3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасы


      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.


      Мемлекеттік мүліктің құқықтық режимі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.


      2. Республикалық мүлік Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде, ал коммуналдық мүлік – осы әкімшілік-аумақтық бөліністен немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдеріне сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген басқа да негіздер бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болуы мүмкін.


      3. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі Қазақстан Республикасы мемлекеттік мүлкінің құқықтық режимі, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда немесе Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, осы мүлік орналасқан шет мемлекеттің заңнамасында айқындалады.


      4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

4-бап. Осы Заңның реттеу нысанасы


      1. Осы Заң мемлекеттің мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы құқықтары мен міндеттерін айқындайды, мемлекеттің меншік құқығында мемлекетке тиесілі мүлікті иеленуді, пайдалануды және оған билік етуді қоса алғанда, мүліктік құқықты жүзеге асыру тәртібін, мемлекеттік мүлікке, оның ішінде мүлікті мемлекет меншігіне алу және жекешелендіру кезінде құқықтарға ие болу және тоқтату, сондай-ақ жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың оларды иелену және (немесе) пайдалану тәртібін белгілейді.


      2. Осы Заң мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін және өзге де мемлекеттік мүлікті басқару тәртібін белгілейді.


      3. Стратегиялық объектілердің құқықтық режимінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.


      3-1. Мемлекеттің пайдаланылмайтын мүлікке билік ету жөніндегі құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері осы Заңда белгіленген өзге де құқықтарды қоспағанда, "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.


      4. Бюджет қаражатына және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатына мемлекеттің құқықтарды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен реттеледі. Осы Заңда көзделген мемлекеттік мүлік ұғымы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде пайдаланылатын мемлекет активтері ұғымына қолданылады.


      Мемлекеттік немесе жергілікті қазынаға жатқызылған өзге де мүлікке мемлекеттің құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.


      5. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне, мәдени құндылықтарға мемлекеттің құқықтарды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен реттеледі.


      6. Зияткерлік меншік объектілеріне мемлекеттің ерекше құқықтарды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен реттеледі.


      7. Осы Заңның ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдингтер бақылайтын өзге де заңды тұлғалар туралы ережелері, егер "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, Ұлттық әл-ауқат қорына және Ұлттық әл-ауқат қорының тобына және оның бақылауындағы өзге де заңды тұлғаларға қолданылады.


      8. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрған заңды тұлғалардың мүлкін басқаруды, сондай-ақ олардың қызметін реттеуді Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.


      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет