64-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабардар ету тәртібі
1. Атқарушы орган немесе жоғары тұрған органның тапсырмасы бойынша төмен тұрған атқарушы орган осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулы жарияланғаннан кейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламаны (бұдан әрі – жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама) пошта жөнелтілімінің табыс етілгені туралы хабарламаны міндетті түрде алатындай етіп, пошта арқылы жібереді. Табыс етілгені туралы хабарлама болмаған жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттар қайта жіберіледі.
2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламада мыналар көрсетіледі:
1) осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулының қабылданғаны туралы (қаулының көшірмесін қоса бере отырып) ақпарат;
2) меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы туралы мәліметтер;
3) иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің орналасқан жері, алаңы, кадастрлық нөмірі;
4) нарықтық құны бойынша өтеу мөлшерін айқындау тәртібі туралы ақпарат;
5) тең бағамен өтеу тәсілдерінің бірін таңдау мүмкіндігі туралы ақпарат;
6) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шартқа қол қою тәртібі туралы ақпарат, сондай-ақ шарт жасасудан бас тартылған кезде мәжбүрлеп иеліктен шығару мәселесін сот тәртібімен шешу туралы түсіндірме;
7) иеліктен шығарылатын жер учаскесіне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке арналған құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарының көшірмелерін оларға бағалау жүргізуді ұйымдастыру үшін беру мерзімдері.
Қажет болған кезде көрсетілген хабарламада жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты өзге де мәліметтер қамтылуы мүмкін.
3. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Заңның 69-бабының 1-тармағына сәйкес келісім рәсімдеріне бастамашылық жасай алады.
4. Меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға осы баптың 2-тармағында көрсетілген хабарламамен танысу үшін, сондай-ақ жер учаскесіне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке арналған құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарының көшірмелерін беру үшін хабарлама алынған күннен бастап кемінде күнтізбелік он бес күн беріледі.
5. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама заңдық талап ретінде "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жатады.
Ескерту. 64-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
65-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару
1. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыда белгіленген мерзімдер өткеннен кейін меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, не сот шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2. Концессиялық жобаларды іске асыру мақсатында жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жергілікті атқарушы органдар концессия шартында көзделген шарттарда және мерзімдерде, бірақ концессия объектісін немесе концессия объектісінің аяқталмаған құрылысын мемлекеттік меншікке беруден кешіктірмей, концедент сатып алған жер учаскелерін оларға беру шартымен концессионердің қаражаты есебінен жүзеге асыруы мүмкін.
3. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт немесе соттың шешімі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға негіз болып табылады.
Осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген, сотта дау айтылмаған немесе осы Заңның 63-бабының 4-тармағына сәйкес күші жойылмаған қаулы, сондай-ақ осы баптың 7, 8, 9 және 11-тармақтарында белгіленген тәртіпті бұзу жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүргізуге негіз бола алмайды.
4. Жер учаскесіне және өзге де жылжымайтын мүлікке жеке меншік құқығын және жер пайдалану құқығын тоқтату, сондай-ақ мемлекеттің құқығы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт немесе соттың шешімі және осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыны қабылдаған органның өтініші негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органда мемлекеттік тіркелуге жатады.
5. Жергілікті атқарушы орган иеліктен шығарылатын жер учаскесіне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке арналған құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарының көшірмелерін алған күннен бастап бір ай ішінде оларға бағалау жүргізуді қамтамасыз етеді.
Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы иеліктен шығарылатын жер учаскесіне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке арналған құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарының көшірмелерін бермеген жағдайда, жергілікті атқарушы орган оларды уәкілетті мемлекеттік органдардан және (немесе) ұйымдардан сұратуға құқылы.
6. Жергілікті атқарушы орган мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің құнын бағалау нәтижелері бойынша он жұмыс күні ішінде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын дайындайды және оны меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға пошта жөнелтілімінің табыс етілгені туралы хабарламаны міндетті түрде алатындай етіп, пошта арқылы жібереді. Табыс етілгені туралы хабарлама болмаған жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттар қайта жіберіледі.
7. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шартта мыналар көрсетіледі:
1) шарт тараптары, оның ішінде иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін тұлғалардың тізбесі;
2) иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамалары және олардың құрамы, оның ішінде құрылысы аяқталмаған құрылысжайлар;
3) жер учаскесіне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке тоқтатылатын құқықтар;
4) иеліктен шығарылатын жер учаскесінің Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 87-бабында және осы Заңның 67-бабында белгіленген тәртіппен айқындалатын бағасы;
5) мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты залалдар келтірілген жағдайда өтелуге жататын залалдардың, оның ішінде жылжымайтын мүлік құнының мөлшері;
6) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің бағасын (құнын) төлеу мерзімі және тәртібі;
7) иеліктен шығарылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті беру мерзімі;
8) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға арналған мемлекет шығыстарын қаржыландыру тәртібі.
8. Иеліктен шығарылатынның орнына тең бағадағы жер учаскесі берілген жағдайда, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шартта осы баптың 7-тармағында қамтылған талаптардан басқа мыналар көрсетіледі:
1) меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға иеліктен шығарылатынның орнына берілетін жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамалары;
2) иеліктен шығарылатынның орнына берілетін жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құны;
3) иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің бағасы иеліктен шығарылатынның орнына берілетін жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің бағасынан (құнынан) жоғары болған жағдайда, құнының айырмасы және осы айырманы төлеу тәртібі;
4) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт негізінде туындайтын, иеліктен шығарылатынның орнына берілетін жер учаскесіне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке құқықтар.
9. Жер пайдаланудағы жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шартта, осы баптың 7-тармағының 4) және 6) тармақшаларын қоспағанда, осы баптың 7 және 8-тармақтарында жазылған мәліметтер көрсетіледі.
10. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын алған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы шарт жобасымен келісетінін (келіспейтінін) жазбаша түрде білдіреді.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасына ұсыныстар болған жағдайда, меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Заңның 69-бабының 1-1 және 2-тармақтарына сәйкес келісім рәсімдеріне бастамашылық жасауы мүмкін.
11. Жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті өкілді органға жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын меншік иесінен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыдан шарт жобасымен келісетіні туралы жазбаша өтініш алған кезден бастап бір ай ішінде ұсынады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын жергілікті өкілді органның тұрақты комиссиясы ол енгізілген кезден бастап екі апта мерзімнен кешіктірмей, меншік иесін және иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін тұлғаларды міндетті түрде шақыра отырып қарайды.
Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің меншік иесімен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушымен және мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін басқа да тұлғалармен келісімге қол жеткізілген кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шартты атқарушы орган жергілікті өкілді органмен келісу бойынша бекітеді және оған меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы қол қояды.
12. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулымен келіспеген кезде және (немесе) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жасасудан бас тартқан кезде жергілікті атқарушы орган меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламаны алған кезден бастап үш ай өткеннен кейін, бірақ осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыда айқындалған мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыру мерзімінен (күнінен) кешіктірмей сотқа жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюмен жүгінуге құқылы.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюлар бойынша азаматтық істер істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады және шешіледі.
13. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюдан бас тартылған жағдайда, талап қоюды беру және осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыны қабылдау салдарынан меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға келтірілген залалдар бюджет қаражатынан өтелуге жатады.
14. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті нақты беру мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Заңда белгіленген тәртіппен жүргізілген тең бағамен өтеуді алғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
Осы мүлікке меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы құқықтарының тоқтатылуын және мемлекет құқықтарының туындауын мемлекеттік тіркеу жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға өтемнің төленгенін растайтын құжат ұсынылған жағдайда жүзеге асырылады.
Ескерту. 65-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
66-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару кезіндегі меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының құқығы
1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны алған кезден бастап жер учаскесін иеліктен шығару туралы шарт жасасқанға дейін немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы сот шешім қабылданғанға дейін жер учаскесiне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке қатысты өзіне тиесілі құқықты жүзеге асыра алады және осы мүлікті оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ететiн қажеттi шығындар шығара алады. Бұл ретте меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы аталған кезеңде жаңа құрылысқа, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және өзге жылжымайтын мүлік объектілерін кеңейтуге немесе реконструкциялауға байланысты шығындар мен залалдарды өздері көтеруге тәуекел етеді.
Егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесінің бір бөлігі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылғаннан кейін қалған бөлігін бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкіл жер учаскесі иеліктен шығарылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақыт ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтар иеліктен шығару жолымен немесе өзге де негіздер бойынша басқа тұлғаға өткен кезде, сондай-ақ әмбебап құқықтық мирасқорлыққа байланысты құқық иеленуші ауысқан кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі жаңа құқық иеленушіге қатысты қолданылады (жалғасады).
Ескерту. 66-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
67-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесінің және өзге де жылжымайтын мүліктің құнын өтеу мөлшері
1. Меншік иесі мемлекеттен сатып алған, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құны (залалдарды есепке алмағанда) нарықтық құн мөлшерінде айқындалады.
Мемлекет бөліп төлеумен сатқан жер учаскесі үшін (залалдарды есепке алмағанда) сома толық төленбеген кезде және оны мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарған жағдайда алып қойған кезде иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құны мемлекетке төленбеген сома шегеріле отырып, нарықтық құн мөлшерінде айқындалады.
2. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
3. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
4. Мүлік құны және жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару салдарынан меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға келтірілген және (немесе) меншік иесінің немесе жер пайдаланушының үшінші тұлғалар алдында міндеттемелерін орындауын мерзімінен бұрын тоқтатуынан туындаған толық көлемдегі залалдар негізге алына отырып, өтеу мөлшері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 9-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес айқындалады.
Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесіне қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін өзге тұлғаларға өтеу мөлшері оларда мұндай мәжбүрлеп иеліктен шығару салдарынан туындайтын залалдар негізге алына отырып айқындалады.
5. Өтеу мөлшері теңгемен айқындалады.
6. Алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
68-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде өтемді төлеу нысандары мен төлеу мерзімдері
1. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің құнын және өтелуге жататын залалдарды өтеу аталған мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасына немесе әкімшілік-аумақтық бөлініске өткен кезге дейін толық көлемде жүргізіледі.
2. Өтемді төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
3. Өтемді ақшадан басқа өзге мүлікпен төлеуге Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы Үкіметі немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс атынан жергілікті атқарушы орган мен мүліктің меншік иесі арасында жасалған келісім бойынша жол беріледі. Көрсетілген келісім жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт нысанында жазбаша жасалады.
4. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шартқа қол қойылған күннен бастап не соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей біржолғы өтем төлеу жүргізіледі.
5. Өтемді төлеу мерзімін ұзартуды көздейтін, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыруға жол берілмейді.
Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
69-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару кезіндегі келісім рәсімдері
1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламаны алған кезден бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы келісім рәсімдеріне бастамашылық жасауға құқылы. Аталған өтініш берілген күні тіркеледі.
Жергілікті атқарушы орган күнтізбелік он күн ішінде меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаға өтінішін қарауға міндетті.
1-1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын алған кезден бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы осы шарт жобасына ұсыныстар енгізе алады.
2. Жергілікті атқарушы орган меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасына иеліктен шығарылатын мүлік құрамы, иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін тұлғалар және өтелуге жататын залалдар мөлшері, өтем мазмұны жөніндегі ұсыныстарын бір ай ішінде қарауға міндетті. Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы орган иеліктен шығарылатын мүлік құнына қосымша бағалау жүргізуді ұйымдастыруы мүмкін.
3. Жергілікті атқарушы орган мен меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы, сондай-ақ мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін басқа да тұлғалар арасында келісімге қол жеткізілген кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасы жергілікті өкілді органға келісуге жіберіледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мүдделі тұлғалардың бірде-біреуімен мүлікті беру туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару сот тәртібімен жүзеге асырылады.
5. Мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасына немесе әкімшілік-аумақтық бөлініске өткенге дейін өтем төлеу туралы талаптарды және осы Заңның 67 және 68-баптарында белгіленген өтем төлеудің өзге де шарттарын тараптардың келісімі бойынша жоюға болмайды.
Ескерту. 69-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |