7-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ ШАРТ
37-бап. Мемлекеттiк сатып алу туралы шартты жасасу
1. Тапсырыс берушi мемлекеттiк сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған үлгiлiк шартқа сәйкес жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына қол қояды және оны әлеуеттi өнiм берушiге жiбередi.
Конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алудың қорытындылары шығарылған жағдайда, тапсырыс берушi конкурс жеңiмпазына қорытындылар туралы хаттаманың бiр данасын және конкурстық құжаттамаға сәйкес жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасын жiбередi.
2. Қазақстан Республикасының резидентi емеспен мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасқан жағдайларда мемлекеттiк сатып алу туралы шартты, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, ол ұсынған нысанда ресiмдеуге жол берiледi.
3. Осы Заңның 31-бабының 9-тармағында және 35-8-бабының 9-тармағында көзделген мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу мерзiмiн қоспағанда, мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу мерзiмi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасын әлеуеттi өнiм берушiге жiберген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.
4. Мемлекеттiк сатып алу туралы шартта осы мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелердiң орындалмағаны не тиiсiнше орындалмағаны үшiн тұрақсыздық төлемi, сондай-ақ тапсырыс берушiнiң мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың толық сомасынан тұрақсыздық төлемiн өндiрiп алуды қамтамасыз етуi жөнiндегi мiндетi көзделуге тиiс.
5. Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың қағидаларында көзделген жағдайларда өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасқан күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудi енгiзуге мiндеттi.
Өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудi өзiмен жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша өз мiндеттемелерiн уақтылы, толық және тиiстi түрде орындайтынына кепiлдiк ретiнде енгiзедi.
Өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудiң мынадай түрлерiнiң бiрiн:
1) тапсырыс берушiнiң банктiк шотына не мемлекеттiк органдар және мемлекеттiк мекемелер болып табылатын тапсырыс берушiлер үшiн Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгiзiлетiн кепiлдiктi ақшалай жарнаны;
2) банктiк кепiлдiктi таңдауға құқылы.
Шарт бойынша мiндеттемелерi толық орындалғанға дейiн өнiм берушiнiң енгiзiлген кепiлдiктi ақшалай жарнасына тұтастай не оның бiр бөлiгiнде талап ету құқығының үшiншi тұлғаларда туындауына әкеп соқтыратын iс-қимылдар жасауына жол берiлмейдi.
Тапсырыс берушiнiң өнiм берушi енгiзген кепiлдiктi ақшалай жарнаны осы Заңда көзделмеген мақсатқа пайдалануына жол берiлмейдi.
Мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудi енгiзу туралы талап тауар биржалары арқылы баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу қорытындылары бойынша айқындалған өнiм берушiлерге, сондай-ақ оны осы Заңның 8-бабының 8-тармағында көзделген жағдайда берген өнiм берушiлерге қолданылмайды.
6. Мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер және оралымды басқару құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар:
1) жобалау-сметалық құжаттамада оларды келесi (кейiнгi) қаржы жылында (жылдарда) аяқтау мерзiмi көзделген жұмыстарды;
2) дайындаудың технологиялық мерзiмiнiң ұзақтығы оларды келесi (кейiнгi) қаржы жылында (жылдарында) беруге негiз болатын активтер мен басқа да тауарларды;
3) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жеке құрамын тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi сатып алған жағдайда бiр қаржы жылынан асатын мерзiмге мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасаса алады. Мемлекеттiк сатып алу туралы мұндай шарттың қолданылу мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс;
4) бiр қаржы жылынан асатын мерзiмге көрсетiлетiн қызметтердi;
5) тиiстi бюджетте, даму жоспарында (бизнес-жоспарда), қаржыландыру жоспарында белгiленген, орындалу (көрсетiлу, берiлу) мерзiмi орындау ұзақтығына байланысты келесi (кейiнгi) қаржы жылына (жылдарына) белгiленген тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi, сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алған жағдайда бiр қаржы жылынан асатын мерзiмге мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуы мүмкiн. Мемлекеттiк сатып алу туралы мұндай шарттың қолданылу мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс.
7. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан астам пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар даму жоспарында (бизнес-жоспарда) белгiленген, басқару органы немесе аталған тұлғалардың жоғары органы бекiткен келесi (кейiнгi) қаржы жылында (жылдарында) аяқтау мерзiмiмен iс-шараларды орындау үшiн қажеттi тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы ұзақ мерзiмдi шарт жасасуы мүмкiн.
8. Жылдық қаржы есептiлiгiнiң аудитi бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарт үш жылдан аспайтын мерзiмге жасалуы мүмкiн.
9. Осы баптың 7 және 8-тармақтарында көзделген жағдайларда, бәсекелестiк негiзде өткiзiлген мемлекеттiк сатып алу қорытындылары бойынша айқындалған өнiм берушiлермен ғана қолданысы бiр қаржы жылынан асатын мерзiмге мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға жол берiледi.
10. Мемлекеттiк сатып алу туралы шартта мынадай:
1) осы Заңның 6-бабында көзделген шектеулердi бұзу;
2) мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушының әлеуеттi өнiм берушiге осы Заңда көзделмеген көмек көрсету фактiлерiнiң бiрi анықталған жағдайда, оны кез келген кезеңде бұзу туралы талап қамтылуға тиiс.
11. Отандық тауар өндiрушiлермен және жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi отандық берушiлермен жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шартта тауарларды бергенi, жұмыстарды орындағаны не қызметтердi көрсеткенi үшiн алдын ала ақы төлеу және толық ақы төлеу туралы талап қамтылуға тиiс, бұл ретте толық ақы төлеу мерзiмi осы шарт бойынша мiндеттемелер орындалған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.
12. Тапсырыс берушi және өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша қабылдаған мiндеттемелерiн толық орындаған жағдайда аталған шарт орындалды деп есептеледi.
13. Өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша қабылдаған мiндеттемелерiн орындамаған не тиiстi түрде орындамаған жағдайда, тапсырыс берушi қаржы жылы аяқталғаннан кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей, тиiстi бюджеттiң, мемлекеттiк кәсiпорынның, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаның немесе олармен үлестес заңды тұлғалардың кiрiсiне тұрақсыздық айыппұлын өндiрiп алу жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.13 N 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
38-бап. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасудан
жалтару
1. Егер әлеуеттi өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу туралы қол қойылған шартты осы Заңда белгiленген мерзiмде тапсырыс берушiге бермесе немесе мемлекеттiк сатып алу туралы шартты жасасып, осы Заңның 37-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудi енгiзбесе, мұндай әлеуеттi өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу туралы шартты жасасудан жалтарды деп танылады.
2. Мемлекеттiк сатып алудың жеңiмпазы деп айқындалған әлеуеттi өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылған жағдайда, тапсырыс берушi:
1) ол енгiзген конкурсқа не аукционға қатысуға өтiнiмдi қамтамасыз етудi ұстап қалады және мұндай әлеуеттi өнiм берушiнi мемлекеттiк сатып алуға терiс пиғылды қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгiнедi;
2) мұндай әлеуеттi өнiм берушiнi мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы, сондай-ақ мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарудан келтiрiлген шығындарды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.
Ескерту. 38-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.13 N 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
39-бап. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына не
жасалған шартқа өзгерiстер енгiзудiң негiздерi
1. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына өнiм берушiнi таңдауға негiз болған сапаның және басқа да жағдайлардың өзгермеу талабымен өзгерiстер енгiзуге мынадай өзара байланысты талаптар сақталған жағдайда:
1) тараптардың бiрi конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей шарттың жобасына өзгерiстер енгiзуге бастамашылық жасаса;
2) шарт жобасының сомасын азайту бөлiгiне өзгерiстер енгiзуге жол берiлсе;
3) шарт сомасын азайту бөлiгiне өзгерiстер енгiзу туралы шешiм тараптардың өзара келiсуi бойынша қабылданса жол берiледi.
Осы тармақта көзделген талаптарды сақтамай мемлекеттiк сатып алу туралы шартқа өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi.
2. Өнiм берушiнi таңдауға негiз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермейтiн талабы жағдайында мемлекеттiк сатып алу туралы жасалған шартқа өзгерiстер енгiзуге:
1) тауарларға, жұмыстарға, қызметтерге берiлетiн бағаны және тиiсiнше шарттың сомасын азайту бөлiгiнде тараптардың өзара келiсуi бойынша;
2) егер мемлекеттiк сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерiстер енгiзiлсе және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен қабылданған осындай өзгерiстiң сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешiм қабылданса, шарттың сомасын ұлғайту бөлiгiнде;
3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетiлген жұмыстарды қоспағанда, осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы жасалған шартта көрсетiлген тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бiрлiгi үшiн бағаның өзгермейтiн талабы жағдайында сатып алынатын тауарлардың, көрсетiлген қызметтердiң көлемiндегi қажеттiлiктiң азаюына немесе артуына байланысты шарттың сомасын азайту не арттыру бөлiгiнде жол берiледi. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы жасалған шартты осындай өзгертуге осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу үшiн мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарында көзделген соманың шегiнде жол берiледi;
4) егер өнiм берушi тауарды мемлекеттiк сатып алу туралы онымен жасалған шартты орындау процесiнде тауар бiрлiгiне берiлетiн бағаның өзгермейтiн талабы жағдайында, онымен жасалған тауарды мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың нысанасы болып табылатын тауарды берудiң неғұрлым үздiк сапалық және (немесе) техникалық сипаттамаларын немесе мерзiмiн және (немесе) шарттарын ұсынған жағдайда өзгерiстер енгiзуге жол берiледi;
5) Қазақстан Республикасының салық, кеден және өзге де заңнамасының өзгеруiнен туындаған аяқталу мерзiмi келесi (кейiнгi) жылдағы (жылдардағы) жұмыстарды орындау шартының сомасын азайту немесе ұлғайту бөлiгiнде;
6) аяқталу мерзiмi келесi (кейiнгi) жылдағы (жылдардағы) жұмыстарды орындау туралы шарттың сомасын азайту бөлiгiнде;
7) мемлекеттiк бюджет есебiнен жылдар бойынша қаржыландыру жасалынған шарт сомасының өзгермеуi немесе сметалық жұмыстардың азаюы шартымен өзгерген жағдайда және кейiннен мемлекеттiк сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға тиiстi өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, жұмыстарды орындау туралы шарттың орындалу мерзiмiн өзгерту бөлiгiнде;
8) тапсырыс берушiнiң және (немесе) өнiм берушiнiң лауазымды адамына қатысты шартты орындаумен байланысты қылмыстық iс қозғалған жағдайда, жұмыстар бойынша шарттың орындалу мерзiмiн өзгерту бөлiгiнде жол берiледi.
3. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына не жасалған шартқа осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген өзге де негiздер бойынша өткiзiлетiн (өткiзiлген) мемлекеттiк сатып алу шарттарының мазмұнын өзгертетiн өзгерiстер және (немесе) өнiм берушiнi таңдауға негiз болған ұсыныстар енгiзуге жол берiлмейдi.
Ескерту. 39-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.13 N 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
40-бап. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың күшiне енуi
1. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарт оған тапсырыс берушi мен өнiм берушi қол қойғаннан кейiн не конкурстық құжаттамада көзделген шарттың орындалуын қамтамасыз етудi өнiм берушi толық енгiзгеннен кейiн күшiне енедi. Егер мемлекеттiк сатып алу туралы шарт тiркелуге жататын болса, онда ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелгеннен кейiн күшiне енедi.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелуге жататын мемлекеттiк сатып алу туралы шартты тапсырыс берушi оны жасағаннан кейiн не өнiм берушi конкурстық құжаттамада не аукциондық құжаттамада көзделген шарттың орындалуын қамтамасыз етудi толық енгiзгеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей мемлекеттiк сатып алу туралы шарттарды тiркеу жөнiндегi уәкiлеттi органға ұсынады.
Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.11.20 N 87-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.13 N 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
8-тарау. АРНАЙЫ ЕРЕЖЕЛЕР
41-бап. Конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге
асырудың ерекше тәртiбi
1. Алынып тасталды - ҚР 2008.11.20 N 87-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
2. Ерекше тәртiп қолданыла отырып мемлекеттiк сатып алу, бiлiктiлiк талаптарын белгiлейтiн, сондай-ақ осы Заңда көзделген мемлекеттiк сатып алуды өткiзу рәсiмдерi мен мерзiмдерiн регламенттейтiн нормаларды қоспағанда, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Ерекше тәртiп қолданыла отырып мемлекеттiк сатып алу мынадай:
1) құпиялылық режимiн сақтауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгi кепiлдiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк сатып алуды өткiзудiң ерекше шарттарын белгiлеу талап етiлетiн құқықтық тәртiп пен ұлттық қауiпсiздiктiң қажеттiгiн қамтамасыз ету үшiн тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi;
2) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыста көзделген қызмет көрсетулердi;
3) алынып тасталды - ҚР 2008.11.20 N 87-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) алынып тасталды - ҚР 2011.02.18 N 408-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
5) кәсiпкерлiк қызметтiң субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлғаның жеке меншiк құқығына тиесiлi тұрғын үйдi;
6) көрмелер, семинарлар, конференциялар, кеңестер, симпозиумдар, тренингтер өткiзу үшiн тауарларды, көрсетiлетiн қызметтердi;
7) өздерi туралы мәлiметтер мемлекеттiк құпияны құрайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған, таратылуы шектелген қызметтiк ақпаратты құрайтын мәлiметтердi;
8) арнаулы әлеуметтiк қызметтердiң кепiлдiк берiлген көлемiмен көзделген арнаулы әлеуметтiк қызметтердi және арнаулы әлеуметтiк қызметтерге қажеттiлiктi бағалау мен айқындау жөнiндегi қызметтердi сатып алған жағдайда жүзеге асырылады.
9) алып тасталды - ҚР 2012.01.13 N 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
4. Конкурстық тәсiлмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Ескерту. 41-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2008.11.20 N 87-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2008.12.29 N 115-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.05.05 N 158-IV, 2011.02.18 N 408-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.13 N 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
41-1-бап. Қорғаныс қажеттiлiгiн қамтамасыз ету үшiн
мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекше
тәртiбi
Қару-жарақтарды, әскери техниканы, оқ-дәрiлердi, арнайы құралдарды, сондай-ақ қорғаныс қажеттiлiгi мен әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн оларды жөндеу және жаңғырту жөнiндегi жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 43) тармақшасында көзделген жағдайларда ерекше тәртiп қолданылмайды.
Ескерту. 41-1-баппен толықтырылды - ҚР 2008.11.20 N 87-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), өзгерiс енгiзiлдi - 2009.07.11 N 182-IV Заңдарымен.
42-бап. Конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге
асырудың арнайы тәртiбi
1. Конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың арнайы тәртiбiн (бұдан әрi - арнайы тәртiп) шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар болып табылатын тапсырыс берушiлер, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан астам процентi мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар қолданады.
2. Арнайы тәртiптi қолдана отырып мемлекеттiк сатып алу, бiлiктiлiк талаптарын белгiлейтiн, сондай-ақ осы Заңда көзделген мемлекеттiк сатып алуды өткiзудiң рәсiмдерi мен мерзiмдерiн регламенттейтiн нормаларды қоспағанда, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Арнайы тәртiптi осы баптың 1-тармағында аталған тапсырыс берушiлердi басқару органдары:
1) тұрақты негiзде әлеуеттi өнiм берушiлерге бiлiктiлiгi бойынша алдын ала саралау жүргiзу тәртiбiне;
2) бiлiктi әлеуеттi өнiм берушiлердiң тiзбесiн жасау тәртiбiне;
3) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес бiлiктiлiгi бойынша алдын ала саралаудан өткен әлеуеттi өнiм берушiлердiң баға ұсыныстарын сұрату және олармен мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу негiзiнде өнiм берушiнi таңдау рәсiмдерi мен мерзiмдерiне;
4) отандық тауар өндiрушiлерге, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi отандық берушiлерге қолдау көрсету тәртiбiне қойылатын талаптарды қамтитын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген арнайы тәртiпке қойылатын үлгiлiк талаптарға сәйкес бекiтедi.
Ескерту. 42-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2008.11.20 N 87-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2012.01.13 N 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
43-бап. Заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгiнiң
(консорциумның) мемлекеттiк сатып алуға
қатысуының ерекше шарттары
Заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгiнiң (консорциумның) мемлекеттiк сатып алуға қатысуының ерекше шарттары мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру ережелерiмен айқындалады.
44-бап. Отандық әлеуеттi өнiм берушiлердiң жекелеген
санаттарын қолдау
1. Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде отандық тауар өндiрушiлер, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi отандық берушiлер, отандық кәсiпкерлер мемлекеттiк қолдауға жатады. Мемлекеттiк қолдаудың ең ауқымды шаралары отандық тауар өндiрушiлерге көрсетiледi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген субъектiлердi мемлекеттiк қолдау шараларын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
3. Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушылар тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң жекелеген түрлерiн мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу кезiнде осы Заңда көзделген тәсiлдермен Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзбеде көрсетiлген, Қазақстан Республикасы мүгедектерiнiң қоғамдық бiрлестiктерi құрған, тауарлар өндiретiн, жұмыстар орындайтын, қызметтер көрсететiн ұйымдардан ғана мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырады.
4. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi құратын, тауарлар өндiретiн, жұмыстар орындайтын, қызметтер көрсететiн ұйымдардан сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң жекелеген түрлерiнiң тiзбесiн, көлемiн және оларды сатып алу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Бұл ретте мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң аталған ұйымдары «Салық және бюджетке төленетiн басқа мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексiнiң (Салық кодексi) 248-бабы бiрiншi бөлiгi 13) тармақшасының екiншi абзацында көзделген талапқа сай болуға тиiс.
5. Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзбеде көрсетiлген азық-түлiк тауарларын мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу кезiнде осы Заңда көзделген тәсiлдермен отандық тауар өндiрушiлерден ғана мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырады.
Егер отандық тауар өндiрушiлерден азық-түлiк тауарларын мемлекеттiк сатып алу осы Заңға сәйкес жүргiзiлмедi деп танылған жағдайда, тапсырыс берушi осы мемлекеттiк сатып алуды барлық әлеуеттi өнiм берушiлерге рұқсат берiлетiн, осы Заңда көзделген тәсiлдермен жүзеге асыруға құқылы.
Ескерту. 44-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
9-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
45-бап. Тапсырыс берушiнiң, мемлекеттiк сатып алуды
ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының,
мемлекеттiк сатып алу саласындағы бiрыңғай
оператордың iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым
жасау
Әлеуеттi өнiм берушi тапсырыс берушiнiң, мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттiк сатып алу саласындағы бiрыңғай оператордың iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне), егер олардың iс-әрекеттерi (әрекетсiздiгi) әлеуеттi өнiм берушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзса, шағым жасауға құқылы. Тапсырыс берушiнiң:
1) мемлекеттiк сатып алу тәсiлiн таңдау туралы;
2) осы Заңның 5-бабының 10-тармағына сәйкес өзi қабылдаған мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту туралы шешiмi мемлекеттiк бақылау органдарына шағымдануға жатпайды.
Ескерту. 45-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.13 N 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
46-бап. Дауларды шешу
Мемлекеттiк сатып алу процесiнде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
47-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу
туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
47-1-бап. Өтпелi ережелер
Осы Заңның 12-бабы 6-тармағының ережесi 2012 жылғы 1 шiлдеге дейiн қолданылады.
Ескерту. 47-1-баппен толықтырылды - ҚР 2008.11.20 N 87-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.13 N 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
48-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. "Мемлекеттiк сатып алу туралы" 2002 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 9, 95-құжат; 2004 ж., N 14, 83-құжат; N 17, 101-құжат; 2005 ж., N 6, 7-құжат; N 23, 105-құжат; 2006 ж., N 10, 52-құжат; N 12, 71-құжат; 2007 ж., N 2, 14-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Достарыңызбен бөлісу: |