Мемлекеттік тілдегі экономикалық терминдердің қазіргі ахуалы э.ғ. к., доцент Байгісиев М.Қ. Оспанбаев Ж. А



Дата17.07.2016
өлшемі78.65 Kb.
#204968
Мемлекеттік тілдегі экономикалық терминдердің қазіргі ахуалы
э.ғ.к., доцент Байгісиев М.Қ. Оспанбаев Ж.А.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Алматы. Қазақстан
Қазақстанның үшінші мыңжылдық бастауындағы күрделі өзгерістер мен қыр көрсетулерге лайықты үн қатуы бүгінгі күннің басты талабы десек қателеспеген болар едік. Қазіргі әлемдік шаруашылық кеңістігіне интеграциялану барысында отандық экономикалық ғылымға белгісіз болып келген, сондықтан ғылыми айналымға енбеген көптеген жаңа түсініктер мен ұғымдардың мемлекеттік тілдегі баламасын тауып, айналымға енгізу мәселесі өзекті болған жайы бар. Сонымен қатар, төл тілімізге аударуға келмейтін интернационалдық сөздер де баршылық. Корей халқының «Шаң жиналып тау болады» деген кең тараған мақалы бар. Сол секілді, біз де аударма ісіне аз да болса өз үлесімізді қоспақ ниеттеміз. Соған сәйкес, экономика саласына тікелей қатысты кейбір сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесі мақалаға арқау болмақ.

Сөздің басын бүгінде көп талас туғызып жүрген «глобализация» терминінен бастайық. Кейбір ғалымдар «глобализацияны» «ғаламдану» деп аударса, енді бірі «ғаламдасу», «ғаламдастыру» деген аударма ұсынады. Мәселенің байыбына баратын болсақ, аудармашы-ғалымдардың үшінші бір тобы ұсынып жүрген «жаһандану» сөзі дәл келетін секілді. Себебі, «ғалам» сөзі мен орыс тіліндегі «галактика» сөзі мағынасы жағынан өте жақын келеді. Мысалы, Ұлттық энциклопедияда «ғаламға» келесідей анықтама береді: «Ғалам (араб) – алуан түрлі формада болатын әрі ұдайы өзгеріп отыратын, кеңістік пен уақыт бойынша шеті де, шегі де жоқ бүкіл дүние».[1] Одан әрі ғалам туралы ұғымның дамуы қарастырыла келіп, «....Кейінірек ғалам кеңістігінде біздің Галактика тәріздес миллиондаған басқа да галактикалардың бар екендігі анықталды» делінген.[1] Тағы бірде ғаламның құрылымы туралы сөз болғанда, «.....Галактикалардың топталу тенденциясы – ғаламның ең маңызды құрылымдық қасиеттерінің бірі» деген пікір де кездеседі.[1] Ал, Қ. Бектаевтың қазақша-орысша сөздігінде «ғалам» сөзіне «мир», сондай-ақ «әлем» сөзіне де «мир» деген аударма берілген.[2] Аталған энциклопедияның 2 томында «Галактика – (кейінгі грек тілінде galaktikos – сүт тәрізді, көне грек тілінде gala – сүт) – құрамына Күн жүйесі енетін алып аумақты жұлдыздық жүйе» деген анықтама айтылып, «.....Құрамына Күн енетін галактиканы басқа галактикалардан ажырату үшін «біздің Галактика» деп те атайды» деп жазылған.[3] Жоғарыда аталған сөздікте «галактика» сөзін «галактика» деп аударған.[2] Біздің ойымызша, «ғалам» мен «галактика» ұғымдарының мағынасы өте жақын келетіндіктен «галактика» сөзін ана тілімізге «ғалам» деп, ал «әлем» сөзін «мир» деп қалдырған орынды. Ал ғаламда, яғни жұлдыздар жүйесінде Жер және басқа да ғаламшарлар бар, «глобализация» болса Жер бетіндегі, адамдар арасындағы экономикалық, ақпараттық, саяси, қаржылық және басқа да қатынастарды сипаттайтын үдерісті білдіретін түсінік. Қазақ тілінің сөздік қорында «жаһан», «жаһандық», «жер-жаһан» деген сөздер бұрыннан бар сөздер және ол Жерден басқа ғаламшарларға қатыссыз, «бүкіл Жер беті», деген мағынада. Тіпті, көп жерлерде болған адамдарды «жаһанды кезген» деп атайтыны тарихтан белгілі. Бір сөзбен айтқанда, «глобализация», яғни жаһандану үдерісі тек Жердің бетінде болатын құбылыс. Сондықтан, «глобализация» сөзін «жаһандану» деп біржақты аудару қате болмайды. Сайып келгенде, жаһандану үдерісінің бір ұшы әлем елдерінің ғарыш кеңістігін игеруге деген бәсекелестігінде жатқаны рас, бірақ ол аталған үдеріске жұлдыздар жүйесіндегі, яғни галактикадағы басқа ғаламшарлар да қатысады деген сөз емес.

Орыс тіліндегі «резерв», «запас», «фонд» сөздерінің де баламасы көпшілік арасында аз талас туғызып жүрген жоқ. Бұл жерде бір нәрсе анық, «фонд», «резерв» орыс тілінің төл сөздері емес. «Фонд» ағылшын тіліндегі «fund», және француз тіліндегі «fonds» сөздерінің, ал «резерв» ағылшын және француз тілдеріндегі «reserve» сөзінің тікелей аудармасы.[4][5] В.К. Мюллер «fund» сөзінің орысша баламасын «фонд», «запас» деп екі мағынада көрсетсе, «reserve» сөзін де «запас» деп аударады.[4] Сондай-ақ, С.М. Крысенко да француз тіліндегі «fonds» сөзін «фонд», «запас» деп аударған.[5] Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады: «reserve» сөзінің мағынасын емес, сөзді тікелей аударғандықтан, «резерв» орыс тілінің төл сөзі секілді түсініледі. Ағылшын тілінен орыс тіліне тікелей аударылған бұл түсінік, сәйкесінше қазақ тіліне де дұрыс аударылмаған. Бізде бұл сөздерді қазақ тіліне «қор» деп аударған. Бұл жердегі қателік, «қор» жалпы жағдайға байланысты айтылған, сәйкесінше, кейбір сөз тіркестері мен оқиғаларға байланысты «қордың» мағынасы келе бермейді. Мысалы, қазақ тіліндегі «азық-түлік қоры», «ресурстар қоры» секілді сөз тіркестері орыс тілінде «продовольственный фонд», «ресурсный фонд» емес, керісінше «продовольственные запасы», «ресурсные запасы» деп айтылады. Ал тұрақтандыру қоры, Ұлттық қор, инновациялық қор т.б секілді «қорлардың» аудармасы «fund», мысалы, International Monetary Fund (ХВҚ-МВФ). Орыс тіліндегі «трудовые резервы» сөз тіркесі қазақ тілінде «еңбек резервтері» және «еңбек қоры» деп екі түрлі айтылып жүр. Осындай қарама-қайшылықтар мен екіұшты түсініктерді саралай келе, мынадай байламға келуге болады: ағылшын тіліндегі «fund» сөзі интернационалдық сөз болғандықтан, оны «фонд» деп қалдыру орынды, себебі ол орыс тілінде «фонд», ағылшын тілінде «fund», ал француз тілінде «fonds» деп қолданылады. Мұндағы айырмашылық тек әріп түрінде ғана болса керек. Ал «резерв» пен «запасты» «қор» деп аудару қажет. Себебі, «резерв» орыс тіліне дыбысталуы бойынша тікелей аударылған, ал «запас» орыс тілінің төл сөзі.

Келесі бір талқылайтын терминіміз – «вызов». Бұл сөздің тікелей аудармасы – «шақырту», «шақыру». Әрине, экономикалық әдебиеттерде «вызовты» тікелей мағынасында қолдана алмаймыз. Мысалы, арнайы әдебиеттерде кездесетін «вызовы времени», «вызовы глобализации» секілді сөздерде айтылатын ой «талаптар», «мәжбүрлеу» деген мағынада, ал «талап» дегеніміз – «требование», «мәжбүрлеу»«вынуждать». Сол себепті, «вызов» сөзінің экономикалық үдерістер мен үрдістерге байланысты қазақ тіліндегі баламасын табу аудармашылардың біраз уақыттан бері айналысып келе жатқан мәселесі болып отыр. Жалпы аударма саласында, соның ішінде экономикалық терминдердің аударма ісінде баламалы нұсқаларын алып қарастырсақ, онда «вызов» сөзіне «өктемдік», «айбат», «қыр көрсету» деген балама ұсынуға болар еді. Мағынасы жағынан «өктемдік» дәл келетін секілді. Бірақ, оның тікелей аудармасы «произвол», «напористость» деп келеді.[6] Сонда да, «вызовы времени», «вызовы глобализации» сөз тіркестерін «уақыт өктемдіктері», «жаһанданудың өктемдіктері» деп аударсақ, ұтпасақ ұтылмаймыз. Өйткені, «өктемдік» сөзінің мағынасы кең ауқымды. Ал, ең ұтымдысы «қыр көрсетулер» болмақ.



«Квинтэссенция»[7] сөзінің де қазақша баламасы мағынасы жағынан әр түрлі. Жалпы мағынасы «өзек», «мәйек», «негіз» сөздерімен үндес келеді. Бұл жерде «өзек» пен «мәйек» сөздерін біз ұсынып отырмыз. Қазақ тілінде «Мақал – сөздің мәйегі» деген сөз тіркесі қолданылады. Ал, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көбінесе «ұйытқы» деген балама қолданылады. Шын мәнінде, «өзектің» орысша баламасы – «сердцевина», ал «мәйектің» орыс тіліндегі тікелей баламасы сөздіктерде жоқ. Алайда, Ұлттық энциклопедияның 6 томында мәйек туралы былай деп жазылған: «Мәйек – жас төлдің ұлтабарынан алынып, сүттен ірімшік жасауға пайдаланылатын ұйытқы ашытқы. Айран мен сүзбені сүт қышқылды бактериялар арқылы, яғни мәйек қосу арқылы ұйытқы жасауға болады».[8] Демек, ұйытқы жасау үшін мәйекті қолданатын болғаны ғой. Ал, «ұйытқыны» Қ. Бектаев «закваска», «основа», «ядро» деп аударады.[2] Қазақ тілінде «ұйытқы болу», «ұйытқы болуымен» секілді сөз тіркестері бұрыннан қолданылады. Сондықтан «квинтэссенция» сөзін «ұйытқы» деп аудару мағынасы жағынан жақын келеді.

Бұдан бұрын орыс тіліндегі «современный» сөзінің ана тілімізге «заманауи» деп аударылғаны есімізде. Бірақ бұл сөз де жоғарыда айтып кеткендей, жалпы жағдайды басшылыққа алған. Сондықтан кейбір жеке жағдайларда «заманауи» сөзінің мағынасы дәл келе бермейді. Мысалы, «заманауи техника», «заманауи өндіріс құрал-жабдықтары» секілді сөз тіркестерінде қолдануға әбден болады. Ал, «современный мир» секілді сөз тіркестерінде «заманауи» емес «қазіргі әлем», «қазіргі заманғы» секілді сөз тіркестерін қолдану керек секілді.

Жоғарыда қарастырылған сөздерден бөлек «материал» сөзіне де тоқтала кетейік. «Материал» сөзінің ауқымы өте кең. Экономика салаларын материалды өндіріс саласы және материалды емес өндіріс саласы деп екіге бөлетіні белгілі. Мұндағы материалды өндіріс саласы – қандай да бір дайын өнім немесе шикізат пен жартылай фабрикаттар шығаруға қабілетті сала, ал материалды емес сала – ешқандай өнім өндірмейтін сала, яғни білім беру, денсаулық сақтау, тұрмыстық және әлеуметтік қызмет, сондай-ақ қаржылық сала т.с.с. Кейбір ғалымдар «материал» сөзін «дүниелік» деп аударуды ұсынады. Бірақ бұл жердегі «дүниелік» сөзінің түбірі «дүние» екені даусыз, олай болса дүние дегеніміз – біріншіден, өмір, екіншіден әлем (дүниежүзі), үшіншіден, қандай да бір құны, соған сәйкес бағасы бар зат, мүлік. Ал оқу үдерісінде «материалмен» пәнге қатысты кез келген ақпарат түсініледі және ол «оқу материалы» деп аталады. Сондықтан «материалды» «дүниелік» деп аудару, кейбір жеке жағдайларға байланысты өміршең бола алмайды. Әрине, «құрылыс дүниеліктері» болуы мүмкін, алайда «оқу дүниеліктері» десек, көпшілікке түсініксіз сөз тудыруымыз ғажап емес.

Енді экономикалық ғылыми ортада әртүрлі нұсқада көрініп жүрген кейбір тіркестерге тоқталайық. Олар, «реальный сектор экономики», «новые подходы к решению проблемы» және «процентные ставки», «ценовой сговор». Аталған терминдік мәні бар тіркестер бүгінде сәйкесінше, «экономиканың нақты секторы», «проблеманы шешудің жаңа тәсілдері» және «пайыздық мөлшерлеме», «баға туралы астыртын келісім» деп аударылып, күнделікті дәрістер мен семинар сабақтарында қолданылып жүр. Ал, енді «нақты» сөзінің орыс тіліндегі баламасы «конкретный», «тәсіл» сөзінікі «прием», «мөлшерлеме-мөлшер» – «объем», «размер» сөздерінің аудармасы[9] екендігін бір сәт еске алатын болсақ, онда бұл тіркестердің мазмұнын мейлінше толық ашып көрсететін қазақ сөздерін іздестіріп, табу қажет-ақ. Сондықтан, біз «реальный сектор экономики» тіркесін «экономиканың қарымды секторы», (яғни іс-әрекеттегі секторы) деп, «новые подходы к решению проблемы» тіркесін «проблеманы шешуге жаңа келістер» деп, ал «процентные ставки» тіркесін «пайыздық қойылымдар» деп және «ценовой сговор» тіркесін «бағалық ымыра» деп аударуды мақұл көреміз. Бұл арада «ставка» сөзінің түбірі «ставить», яғни «қою», «орналастыру» екендігін еске алған жөн. Әрине, болмысы өзгермейтін «қатып қалған» догматтық пікірлер болмайтындай, біздікі ойталасқа, сыни көзқарастарға түрткі болу.

Негізі аударма ісі өте күрделі және жауапты іс екендігі белгілі. Әрине, жаһандану үдерісінің ана тілімізге, мәдениетімізге және салт-дәстүрімізге келтіретін жағымсыз салдарының әсерін азайту мақсатында кірме сөздерді қазақ тіліне аудару орынды. Мұндағы маңызды мақсат тіл тазалығын, сөз кәусарын сақтау болуы шарт. Бұл орайда қазақ тіліне аударуға келе бермейтін және бастапқы мәнінде интернационалдық сипаттағы сөздерді сол қалпында қолдану ұсынылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия». Бас редакторы Ә. Нысанбаев. А. 2001., 3 том 98-99 бб.

2. Қ. Бектаев «Үлкен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік – Большой казахско-русский, русско-казахский словарь» А. 1999., 75-135, 459 бб.

3. «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия». Бас редакторы Ә. Нысанбаев. А. 1999., 2 том 610 б.

4. В.К. Мюллер «Новый англо-русский словарь – Modern english-russian dictionary» М. 2003., ст. 320-662

5. С.М. Крысенко «Современный французско-русский, русско-французский словарь» СПб. 2007., ст. 234

6. Б. Исмағұлова, Э. Ережепова, Г. Әбдіжапарова «Қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік» А. 2002., 145 б.

7. Б. Иришев «Франция: вхождение в ХХІ век опыт, стратегия и тактика экономической политики в эпоху глобализации» А. 2002., 150 б.

8. «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия». Бас редакторы Б. Аяған. А. 2004., 6 том 419 б.



9. Х. Махмудов, Ғ. Мұсабаев «Қазақша-орысша сөздік» А. 1987., 252 б.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет