Мен демалған кеш



Дата19.05.2022
өлшемі13.71 Kb.
#457325
эссе кеш


Мен демалған кеш....
Республика Сарайы! Сахна! Арнайы сарайдың оң жағында орналасқан VIP дәлізімен екінші қабатқа көтеріліп залға беттедім. Қызыл шымылдықпен көмкерілген сахна көзге оттай басылды. Концертті тамашалауға келген халық біршама жиналып, зал ішінде қолындағы билеті бойынша орындарына отырып жатыр. Екі жыл бойы аты өшкір пандемия салдарынан өнер атаулыдан, мәдениет атаулыдан алыстап кеткен қалың жұртшылық үшін бүгінгі концерт үлкен сый секілді болып көрінді маған. Ана бір жерде ақ жаулықты анамыз залдың жұмсақ орындығының арқасын әжім басқан қолымен мейірлене «тағы да қауыштық киелі сахнам» дегендей сипалап, жарқылдап күліп қояды. Барлығында сондай көңіл – күй. Қызметші қыз баланың нұсқауымен орындыға келіп отырдым. Қақ сахнаның алды, бірінші қатардың ортаңғы тұсы екен. Жайғастым. Қол сағатыма қарасам ән кешінің басталуына бес минут қалған екен. Жан – жағыма көз тастадым. Қарапайым халықпен бірге «сен тұр, мен атайын» дегендей сайдың тасындай, қазақ өнерінің сүт бетіндегі қаймақтары да келіп орналасуда. Әділ бағасын беретін ақсақалдар секілді бір жерге, бір қатарға бірігіп жатыр. Ішінде қазақ мәдениетінде ерекше ойып алатын орыны бар, осы жердегі өнер иелерінің көкесі Алтынбек Қоразбаев ағамызды да көзім шалып қалды. «Кімдер бар екен?» деген оймен тағы біраз үңіле бастап едім, залдың жарығы өшіп, сахна шымылдығы ашыла бастады. «Мә саған, қасқалдақ!». Өз көзіме өзім сенбей көзімді қайтадан сүртіп қараймын. Керемет. Мен күтпедім. Декорация. Жарық. Үйлесім. Шеберлік. Айтарға сөз жоқ. Тырп ете алмай қалдым. Әуен. Бас. Соль. Барабан. 3D алдында отырғандаймын. Тірі, аспап үні жүректі дір еткізді. Әуен ойнағанда зал бір сәт демін ішке тартып үнсіз қалды. Елітіп отырып, өнер иесінің сахнаға шыққанын да байқамай қалдым. Гүр ете қалған қошемет үнінен барып есімді жидым. Шашты артқа қарай лақтырып, әдемі жүріспен маң басып, «Мен келдім. Қайда? Көрейін әуселесін» дегендей сымбатты кеуделі, сахнаға сай тұлғалы өнер иесі шықты. Өзіне сай іс – қимылмен халықпен басын иіп амандаса бастады. Сахнаның әдемілігімен өнер иесінің ортаға шығуы ереше әсер тудырды. Кеш басталды. Қақ ортада отырған мен басымен арпалысқан асау жүйріктің үстінде алысқандай тақымымды қыса жөнелдім. Бұлай қобалжуымның себебі, бұл өнер иесі менің туған бауырым. «Қалай болады? Не болады? Абыроймен өтсе екен.» деген ойлар бүкіл санамды шиырлап, денемді матап тастағаны. Бір кезде «Аятүл Күрсиді» сарнатып, дұға етіп кеттім. Бауырың үшін бұл сөгеті нәрсе емес. «Ана» туралы әнмен басталған ән кеші жалғасын таба бастады. Негізі жанды дауыста тыңдаған өзгеше болады екен. Кейде көңілді көтеріп, кейде төмен қарай тастап жіберіп, тастаған жерінен жоғары көтеріп, әр аспаптан шыққан түрлі әуен өзінше өзгеше дыбыс беріп, адамды елітіп, дуаланған жындыша «Тағы қандай ән? Тағы болса екен. Тоқтамай шырқай берсе...» деген оймен арпалысасың. Бұл керемет менің жан – дүниемде болып жатқан нәрсе. Ал қалған тыңдармандарда дәл осындай күй кешіп отырғанына 100 пайыз сенімді болдым. Әсіресе, кларнет, дудук, наии, зорна тағы басқа аспаптардан шыққан үн жасушама дейін жаулап алғанын қайтерсің. Күнделікті тыңдап жүрген әндердің дәл осындай тірі дауыста аспаптарда ойнатылғаны енді естен кетер емес. Әнші мен тірі әуен 100 пайызға үйлесімін тапқан. Айқайлап, қиқулап отырғанда ән кеші бітті де қалды. Жалғыз мені емес, залда отырған қалың тыңдарманды мойындатты. Өнерімен мойындатты. Шашасына шаң жұқтырмайтынын мойындатты. Бұл үлкен орысша айтқанда «ВЫЗОВ» болды. Рахмет Бауырым! Ән өнерінде де, өмір өнерінде де қанатың талмасын. Алты Алашқа «Бұл менің БАУЫРЫМ!» деп айта алатыныма көзімді жеткіздің. МЕН ДЕМАЛҒАН ЕҢ АЛҒАШҚЫ КЕШ! Алла қаласа жалғасын табады. Ән кешің аяқталғанда қатты толқып бір түйір жас лықсып кеп табанымның астына түсті. Бұл қуаныштың жасы! Біз сені жақсы көреміз!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет