Әуезе
Менің кегімді қайтарыңдаршы
Есей Жеңісұлы
Адам естеліксіз өмір сүре алмайды. Қартайып тұрған жасымыз жоқ, сонда да мектеп оқушыларына естелік айтатын жасқа жетіп қалғанымыз да өтірік емес.
Біз мектепте кітапты жақсы оқыдық. Бірінші сыныпта Орынгүл апайымыз оқытқан «Әйбәт бала» кітапшасынан кейін осы әлем өз қызығына тартып әкетті. «Балдырған», «Ұлан» (ол кезде «Қазақстан пионері»), «Ақ желкен» (ол кезде «Пионер») басылымдарын асыға күтетінбіз. «Балдырғанның» соңғы бетіндегі суретке қарап, әңгіме жазуға талаптанғанымыз естен кетер ме? Бір сынып төмен оқыған Айдос деген баланың фамилиясын сол әңгіме жазғандардың ішінен оқып, қызғанып қалғанымыз да бар. Сегізінші сыныпты тәмамдайтын жылы Гүлнар апайымыз жазда оқуға тиіс кітаптардың тізімін берді. Тізімді балалардың алдына шығып, мен дауыстап оқи бастадым. Ш.Мұртазаев деп тұрса, дереу Шерхан Мұртазаев дей қоямын. «Қызыл Жебе» романын оқығанмын. О.Бөкеев – Оралхан Бөкеев, «Қар қызы» естен кетер ме? С.Бердіқұлов – Сейдахмет ата, «Тұйғынын» оқу керек. Осылай еш фамилиядан мүдірмей келе жатып, Д.Досжановқа келгенде дағдардым да қалдым. Мүлде оқымаған авторым екен. Білмей қалсам, сыныптастарымнан ұят! «Досжанов...» дедім даусымды өлімсірете шығарып. Гүлнар апай жағдайымды бірден түсінді, «Дүкенбай Досжанов» деді дауыстап.
Үйге барғасын, әкемнің кітапханасын ақтарайын. Д.Досжановтың бірде-бір кітабы жоқ екен. Дереу мектепке жүгірдім. Бақытгүл апай кітапхана есігіне құлпы сала бергенше жетіп үлгердім. Сәлден кейін қолымда «Дүкенбай Досжанов. Жібек жолы» деген сары кітап тұрды...
Өкінішке қарай, осындай кітапқұмарлығымды университет қабырғасында жүрген кезде дамыта алмаппын. Төрт жылдың көзден қалайша бұл-бұл ұша кеткенінен осы күні санам жетпейді. Бізде уақыт көп еді. Сабаққа қалмай қатысуын қатысатынбыз, жауап беруін беретінбіз, жоғары балды алуын алатынбыз. Бірақ әдеби кітаптарды өте аз оқыппыз. Тек «Ежелгі дәуір әдебиетін» оқытқан А.Қыраубаева, «Әлем әдебиетінің тарихын» оқытқан Л.Сагалович, Н.Пашкова, «Қазақ әдебиетінің тарихын» оқытқан Қ.Мәдібаева, З.Сейітжанұлы, Ф.Бейсенбеков, т.б ұстаздарымыздың берген тапсырмасын тиіп-қашып оқуды медет тұтыппыз. Есімде, үшінші курста жүргенде жатақханадағы бөлмемде Ж.Верннің «Жер кіндігіне саяхат» романы бір семестр бойы ашық жатты. Қалың кітаптағы бір ғана романды 5 ай оқыппын. Сонда не істедің деші... Бо-ос жүріппін. Иә, анда-санда әдеби кештерге, түрлі кездесулерге, диспуттарға қалмай баратынбыз. Дегенмен оның ешқайсысы кітап берген азықты бере алмапты. Өтіпті-кетіпті.
Үлкен өмірге кірісіп кеткенімде білетінім нөл бүтін миллиардтан бір пайызға да жетпейтінін түсіндім. Сөйтіп, өзімді қатты қор сезіндім. Университет бітіріп тұрып... Енді жандәрмен оқи бастадым. Мұным тіпті ауыр болды. Басымды неміс әдебиетіне бір, француз әдебиетіне бір, орыс әдебиетіне бір, американ әдебиетіне бір, Латын Америка жазушыларына бір соқтым. Жапон жазушыларын мұнда ғана тани бастадым. Жүйесіз оқыдым. Ұят болды! Бос өткен есіл күндер-ай десеңші... ІІІ залдың артқы парталарына отырып алып, бөстекі әңгіме айтқанша, философияның лекциясын неге дұрыс тыңдамағанмын? Өмірсейіт Шәріпов ұстазымыз «Саясаттану» пәнінен жанын сала түсіндіруші еді... Біз болсақ, ақсақалдың неше рет «жаңағы» деген сөзді айтқанын санап отыратынбыз. Кім пайда тапты содан?.. Одан қалса, сабақтан шыға салып, автосалондарды, түрлі көрмелерді аралап жүретінбіз.
«Ұлан» оқырмандарына мұның бәрін бекерден-бекер айтып отырғаным жоқ. Сендер менің кегімді қайтарыңдаршы! Уақытқа кеткен кегімді! Кітап оқымай, бос жүріп өткізген күндерімнің кегін! Сендер оқыңдаршы! ХХІ ғасырдың оқушысы өте білімді болуға тиіс. Өйткені, ол білімді болмаса, елі жаһандануға жұтылып кете береді.
Былай келісейік. «Ұланның» оқырмандары мектеп бітіргенше қазақ және орыс әдебиетін толық оқып шығатын болсын. Оның ішіне балалар әдебиеті, поэзия, проза, драматургия – бәрі кіретін болсын! Әлем әдебиетінің озық үлгілері де қалыс қалмағаны жөн. Университеттің ІІ курсында жүріп, Р.Киплингтің «Мауглиін» немесе М.Твеннің «Ханзада мен кедейін» оқығаннан не пайда? Ол 5-сыныпта оқылуға тиіс. Яғни, «Ұланның» оқырманы әлем әдебиетінің жауһарларын кезең-кезеңімен, жасына сай, жүйелі оқып отырса екен.
Сонда сендер қоғамға «мынау деген», ойлы азамат болып қосыласыңдар. Оған күмән жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |