Менің педагогикалық ұстанымым: мәні, құндылықтары, басымдықтары Ұстаз - ұлы тұлға. Педагогтердің ең басты міндеті – балаға тәлім-тәрбие берумен қатар өмірде өз орнын дұрыс тауып, дүниеге бір кірпіш болып қалануына қолдау көрсету, бағыт-бағдар беру. Оларды білім кеңістігіне жетелеп, өз мүмкіндіктерін мейлінше пайдалана білуіне қолайлы жағдай туғызу. Осы жолда мұғалім өзінің педагогикалық ұстанымын анықтап алуы қажет. Сіздің ұстанымыңыз – сіздің таңдауыңыз. Сіздің ұстанымыдарыңызды сіздің іс-әрекетіңіз анықтайды. «Жеңімпаздың басымдығы туа біткен қабілетінде, интеллектуалдық коэффициентінде, дарындылығында емес, ұстанымында жатыр. Ұстаным – жетістіктің белгісі», - деп ағылшын ғалымы Деннис Уайтли айтқандай, біз педагогикалық ұстанымымызды дұрыс қалыптастыратын болсақ, керемет жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Педагогикалық ұстаным дегеніміз не? Педагогикалық ұстанымды қалыптастыру мұғалімге не береді?
Психологтар «ұстаным» ұғымын адамның іс-әрекетіне бейімділігімен байланыстырады, ал социологтар, оны жеке тұлғаның негізгі құндылығымен байланыстырады. Меніңше, бұл екі түсінік те дұрыс сияқты, себебі адам өзінде бар құндылықтарын пайдалана отырып іс-әрекетке бейімділігін, яғни дағдыларын дамытады. Бұл сөзіме дәлел ретінде әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің мына қанатты ойын ұсынып отырмын: «Ұстаз... жаратылысынан бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын ... алғыр да, аңғарымпаз ақыл иесі..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақатайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек». Міне, мұнда ойшыл, философ ұстазды жаратылысынан бойында ізгі қасиеттері бар тұлға екенін атап айтып отыр. Мен де бойымда бар ізгі қасиеттерімді онан әрі дамытып, ұстаздық жолындағы ұстанымым етіп алғым келеді. Балалар аңғарымпаз, сезімтал жандар. Олар ұстаз бойындағы жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге тырысады, ұстаз тұлғасын үлгі етеді. Әрбір мұғалім бала үшін алаңдап, бала болашағы үшін шын қайғыратын болса, өз ұстанымдарын қалыптастырып, сол жолда тынымсыз еңбектенуі қажет. Мұғалім тәжірибесінде кездескен кедергілердің себебіне үңіле білу керек. Шын ниетпен әрекет етсе, шешімін таппайтын мәселе болмас деп ойлаймын.
Менің бірінші ұстанымым, бала алдында қашанда өзімді дұрыс ұстай білу, әрбір іс-әрекетіме жауапкершілікпен қарап, әр сөзімді дұрыс жеткізе білу. Сабақтың тәрбиелік мәнін терең ұғына отырып балаға білім бере білу. Мұғалім мамандығы бұл – тұлға қалыптастыратын мамандық. Шәкірттеріміздің бойынан қандай да бір теріс қылық байқасақ, ол біздің берген тәрбие мен білімнің әлсіздігі.
Екіншіден, әрбір бала жеке дара тұлға, әрбір бала білім алуға құқылы, осыны ескере отырып баланың жеке және ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыратындай оқу ортасын құра білуім қажет. Балалардың қызығушылығы әр түрлі болғандықтан, әр баланың ерекшеліктеріне сай қызықты тапсырмалар әзірлей білу дағдыларымды дамытып, кәсіби шеберлігімді арттырып отыруым қажет. Ол үшін үнемі ізденісте болып, үздіксіз білімімді жетілдіріп отырғаным жөн.
Үшіншіден, балаға жылу, мейірім беру. Жай ғана жылы сөз айту, күлімсіреп қарау, өзіңе жақын тарту, жан-дүниесінде не болып жатқанын көруге тырысу. «Әрбір бала мектепте өзін бақытты сезінуі керек» - деп, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы айтқандай, біз балаға жан жылуын бере отырып, бақытқа бөлей аламыз. Керісінше, балаға ұрсу, дөрекілік көрсету, төмендету секілді жәйттер баланың өзіне деген сенімділігін жойып, білімге құштарлығын төмендетеді.
«Мұғалім оқыту кезінде білімділігінен гөрі ұстанымға негізделген ойларының ықпалы күштірек», - деп ағылшын ғалымы Пажарес (1992) оқыту сызбаларында көрсеткен болатын. Ол мұғалім ұстанымынан көзқарасы қалыптасып, белгілі бір шешім қабылдап, іс-әрекеттерді түсіндіру көзі болып табылатынын жеткізген. Мұны, біз, деңгейлі бағдарламаларды оқыту курсынан білеміз. Осы ойды негізге ала отырып әрбір мұғалім алдымен ұстанымын анықтай отырып, көзқарасы бойынша шешім қабылдап, іс-әрекетке көшетін болса, алдына қойған мақсатына жетері сөзсіз. «Білімдінің күні жарық, білімсізге дүние ғаріп», - деп халық мақалында айтылғандай, әрбір баланың білімді болып, болашағы жарқын болуы үшін, біз, ұстаздар үнемі ізденісте болып, шәкірттерімізді терең білім нәрімен сусындата білуіміз қажет.