М.Әуезов очерктерінің көркемдігі
Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов шығармашылығының бет-пердесі көсемсөзден басталады. Әсіресе 1930 жылдары жазған көсемсөздерінде ұлт қамын жеген, ел болашағына алаңдаған ойлары мен байламдарының мәні ерекше. Жазушы кейініректе әлемге әйгілі роман-эпопея туғызып, суреткерліктің шеберлік шыңына жеткен шағында да өз заманының тарихын, өзі өмір сүрген кезеңнің қарапайым еңбекшілері мен қаһармандарын суреттеу үшін көсемсөзге қайта-қайта айналып соғып отырды. Өзінің болашақ романдарына апаратын жолды да осы көсемсөз арқылы дайындық жасап барып, тауып отырды десек қателеспеспіз.
Мұхтар Әуезов публицистикалық мұрасының ішінде очерктері - қаламгер шығармашылығының жеткілікті дәрежеде зерттелмей, назардан тыс қалып келе жатқан қыры. Жазушы очерктерінің күрделі эвоюциясы, публицистік шеберлігінің шыңдалу кезеңдері арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Публицист ойынан туған әрбір очеркі өз заманының толғағын толғап, қазақ елінің көкейкесті проблемаларын алға тартуға арналып отырған.
М.Әуезов очерктің барлық түріне қалам тартқан, соның ішінде жолсапар, проблемалық, портретті, оқиғалы очерктерінің шоқтығы биік және мәні терең шығармалары деуге болады.
Очерк жанрының ең көне түрі – жолсапар очерктері туралы Н. Чернышевский «Саяхат очерктері – бұл өзі ішінара саяхат, ішінара жаратылыстану»[1,222],- деп тұжырымдайды.
1950 жылдардың екінші жартысынан бастап Кеңес елінің шет мемлекеттермен байланысы қаурыт нығайды. Кеңес делегацияларының шет елдерге жиі баруы нәтижесінде қазақ баспасөзінде де көптеген жолсапар очерктері өмірге келді. М.Әуезовтің «Индия очерктері» 1955 жылғы Үндістанға сапарының жемісі. Очерктің алғашқы жолдарында саяхаттың басталуы туралы айтылса, одан әрі бейтаныс елдің белгісіз келбетімен таныстыру процесі оқырманды қызықтыра отырып, жаңа деректер, тың оқиғаларды жүйелі баяндайды. «Индия очерктеріндегі» жаңалық, сонылық атаулының барлығы жазушының дүниетанымынан, шығармашылық даралығынан, қалыптасқан шеберлігінен туындағанына куә боласың. Мысалы «Тәжмахал» сарайын оқырманға таныстырғанда автордың дүниетаным шеңберінің кеңдігі бірден байқалады: «Сиқыр сарай - мазар «Тәжмахал » 18 жыл бойына 20 мың жұмысшының қолымен Шахжиһан патшаның бұйрығы бойынша 1632 жылдан басталып, 1650 жылға дейін салынған. Бұл ғажайып жайды салушы ұста Иса деп аталады. :«Тәжмахал» тек аппақ мрамордан ғана салынған. Іші ою нақыштарымен көп безелген, тас кестелі кейбір әсем бөлімдерін безендіруге ақ мрамордан басқа 18 түрлі тастар қолданылған...»[2,344-345],-деген автордың баяндауынан оқырманның қаншалықты кең мағлұмат алатындығы көрініп тұр. Очерктің енді бір тұсында түркі тектес халықтардың ортақ рухани қазынасы «Бабырнама» туралы қызықты деректер келтіреді. Очеркист қай оқиғаны баян етсе де оқырманға Үндістанның тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен салт-санасы жайынан тосын жаңалық жеткізуге тырысады. Жолсапар очеркінің ерекшелігі де осында. Жазушы бәрін бұрыннан білетін жеткізуші болып көрінбей, қайта өзі білуге ынтазар ретінде танылады. «Урду» тіліндегі ақындардың «мүшәйрасы» туралы қызықты әңгімелей отырып, автор үнді еліндегі ақындар мүшейрасын біздің ақындардың мүшәйрасымен салыстыра отырып сөз қозғайды. Бұл М.Әуезовтің 1950-ші жылдардағы қазақ публицистикасындағы алғашқы сапарнама очеркі болатын. Сапарнама очеркі күнделікті жазба формасында да жазылады, ал бүкіл суреттеудің, баяндаудың дәл ортасында саяхатшының өзі болады. Бұл үшін жазушының жеке басы оқырманды қызықтыратындай танымал адам болса очерк тартымды оқылады.
1960 жылы жазылып, аяқталмай қалған тағы бір очеркі - «Америка әсерлері». Бұл туынды М.Әуезов қайтыс болғаннан кейін 1964 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген. Автор бұл очеркінде Америка қалаларына сөзбен саяхат жасай отырып, сол елдің көрікті жерлерімен, мәдениетімен кеңінен оқырман қауымды таныстырады. Очеркистің қызықты әңгімелейтіні соншалық – Вашингтон, Нью-Йорк қалаларын көзбен көріп, аралағандай әсер қалады. Мұхтар Омарханұлының жолсапар очерктері қазақ әдебиетіндегі тілі шұрайлы, баяндалуы көркем, саяхат жазбаларын қағазға түсірудегі шеберлік қырлары қатпарлы, үйренерлік жайттары мол мұра.
Жазушы 1933 жылы Түлкібас пен Жуалы аудандарына сапар шегіп, осы аудандар өмірімен етене танысып, еңбек адамдарымен тікелей жүзбе-жүз кездесіп, сырласу, әңгімелесу арқылы көрген-білгендерін, сезген-түйгендерін сұрыптап, осы шығармашылық сапарының нәтижесінде «Жуалы колхозшысы», «Сөз алған – тау сағыз бен көк сағыз», «Біз әткөшнекпіз», «Істер сөйлейді» атты очерктер жазған. Бұлар жанрлық жағынан жолсапар очерктері екендігіне дәлел – сапар кезінде көрген оқиғаларына, кездескен адамдарына көркемдік реңк бере отырып суреттейді. «Жуалы колхозшысы» очеркінде бірнеше еңбек адамдарының бейнелері сомдалып, публицист сол арқылы ауданның шаруашылық жетістіктеріне кеңінен тоқталады. Күздің бұлыңғыр күнінде аудан орталығы Ванновка жанындағы көпірді қалыпқа келтіруге аттанған үш жұмысшыны оқырманға өзара әдемі диолог арқылы таныстыра келе, бірден портреттерін сомдаған очеркист олардың мінез-құлқын, отбасы жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, жұмыс істеп жүрген колхоздың еңбек ырғағын да шебер суреттеген.
«... Мәметпен қатар отырған Ырысбек торы дөненге иегін нұсқап:
-
Мынау тартады ! Мынау,- деп көрсетіп,- тек заты әлсіз бе дейім, әрдайым тартпайт жүдә! Ия, а, а, һ !- деп нағыз дауыспен көкті тықсырыңқырап қойды.
Ырысбек – қызыл күрең, еңбекке піскен, ірі денелі, сом етті. Өзі де көңілді. Даусы қатаң. Әрбір қозғалыс қимылында иелік, өз-өзіне сенімділік екпіні бар. Әңгімеде ақ тістерін ақсита жиі-жиі керіп қояды. «Шұқырбұлақ» колхозындағы екпіндінің бірі. Жақында бір бұзаулайтын сиыр алыпты.
Үшінші Қалдыбай. Ұзын бойлы, ол да ажарлы, денелі» [2,6].
Мұхтар Омарханұлының шоқтығы биік очерктерінің бірі - «Ақын елінде» деп аталады. Бұл шығармасын 1943 жылы «Абай жолы» романының екінші кітабын жазуға деректер іздеу мақсатымен барған ғылыми экспедиция сапарынан жазған. Әдеби-мемориалдық музейде сақталған түпнұсқасының бастапқы аталуы «Романға деректер іздеу жолында» делінсе, кейіннен «Ақын елінде» деп тақырып қойылып, іркес-тіркес үш оқиғаны суреттеген жолсапар очеркін «Ақын елінде», «Жер әңгімеші», «Колхоз әнші» деген тақырыпшалармен айдарлаған. Бұл очерктің өн бойынан байқайтынымыз – жазушы үлкен романға дерек іздеу жолында Абай өмір сүрген орта, ұлы ақын ауасын жұтқан елдің жері мен суы, адамдарын көзбен көріп, көңілге түйіп, көптеген деректер жинағанын байқаймыз. Автор Абай туралы мол танымдық деректерді ұсына отырып, кейбір проблемаларды да орынды көтерген. Мәселен: «Рас, әлі ауданда Абайдың қорасы, үйі қалпына келтірілген жоқ. Аудан Абай зиратын күткен, қолынан келген ісін істеп күмбез тұрғызған. Бірақ, суретті, салтанат белгілерін, ескерткіштерін алсақ, оның бірде-бірі орнамаған. Бұл істер аудан күшімен істелетін де іс емес, ол республика көлеміндегі міндет»[2,90],- деп очерктің соңында Абай заманының ғана емес, одан бұрынғы да қазақ тарихының қатпарларын ішіне бүгіп жатқан «Қоңыр әулие» үңгіріне ғалымдар, зиялылар назарын аударады.
1935 жылы жазылған «Баймұқаметұлы жолдас» атты очеркі Алтайдағы «Ақжал» алтын қазу кеніндегі партия өкілі Жанай Баймұқаметұлының ұйымдастыру, адами қызметін көрсетуге арналады. Жазушы бұл мақсатын сәтті орындай отырып, очерк кейіпкерінің бейнесін толық ашқан. «Жанай өз өмірі, өз басы туралы өте сараң сөйлейді. Ол, өз еңбегі, өз табысы дегеннің барлығы, көптің табысы, көптің еңбегінің жемісі дейді. Өзім сөйттім деудің орнына ылғи өзі өсірген адамның пәлендей ісі еткенін көңілдене, шаттана айтады»[2,46],- деген суреттеуден очерк кейіпкерінің іскерлігі, жұмысшылар арасындағы асқан сыйлылығы, ерекше беделі танылады.
«Баймұқаметұлы жолдас» жанрлық жағынан портреттік очеркке жататындықтан шығарманың композициялық құрылысына, сюжеттік желісіне үңілген кезде байқалатыны әрбір эпизод, деталь, шртрихтар басты кейіпкердің образын ашуға жұмсалған. Мысалы, Жанайды жұмысшылардың үлкені де кішісі де «Жәке» немесе «Бәке» деп атауының өзі сыйлағандықтың белгісі болып табылады. Кейіпкердің басшылығы арқасында кен орнының қол жеткен табыстары, материалдық жағынан табысқа жеткен жұмысшылардың жай-күйі, Жанайдың өзі тәрбиелеген жұмысшыларының шерткен сыры, басшыны толғандырып жүрген ірі проблемалардың кейіпкер аузынан шығуы және Жанайдың мәдени сауаттылығы очерк арқауы болғандықтан кейіпкер қызметінің сан алуан қырлары ашылады. Очеркші суреттеуінде кейіпкер тек өз ісінің үздігі ғана емес, жұмысшыларды бір мақсатқа жұмылдыра білетін үлкен ұйымдастырушы іскер басшы , қазақ өнері мен әдебиетін білетін мәдениетті азамат екенін суреткер образ сомдау шеберлігі арқылы айқындайды.
Соғыстан кейінгі жылдары М.Әуезов қаламынан туған шоқтығы биік публицистік шығармасы - «Түркістан солай туған» очеркі. Жазушының аталмыш очеркі тың туралы және 1955 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 12-ші санында жарияланып, кейіннен жеке кітап болып шыққан.
Қазір тың игеру туралы екі ұшты пікірлер айтылып жүргенімен, очерк заман ағымы ыңғайында жазылғандықтан, біз оның көркемдік белгілеріне назар аударамыз. М.Әуезовтің бұл шығармасына өз уақытында лайықты баға берілген. Сәбит Мұқанов М.Әуезовтің 60 жылдығына арналған баяндамасында: «Мұхтар очерктер де жазды. Солардың ішінде көпшіліктен жақсы баға алғаны - тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбына арналып 1955 жылы жазылған «Түркістан солай туған» деген очеркі»[3,14], - деп атап көрсетіпті. Публицист тың совхозының тыныс-тіршілігіне байланысты ұтымды сюжет желісін тауып, бір-бірімен жалғасып жатқан оқиғалармен әдемі өрбітеді. Сабақтас алты тарауда бірнеше адамдардың бейнесі сомдалады. Сол адамдардың кескін-келбетін табиғат көріністерімен астастырып суреттеу де қаламгер шеберлігін көрсетеді.
«Түпсіз кең, мөлдір көк аспанда шырқау бір биікте салқар-салқар топтарымен ақ қанаттары күнге шағылыса соншалық мол аққулар өтіп жатты. Сұңқыл-сұңқыл әдемі бір үндері кейде тына қалып, тыңдаған жанға ақ қанаттардың сытырлаған үндерімен ілісе жетеді»[2,37], - деген сөйлемдердегі табиғат суреттері арқылы егіс даласында жүрген Нина Петровнаның жайдары көңіл-күйі әдемі астастырылады. Бұл психологиялық параллелизм де – очеркистің шеберлігін айғақтайтын бір мысал. Академик З.Қабдоловтың: «Осының бәрі жан тебірентер ғажап, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар тұтас бір образ, адам мекені, халық мекені – дала образы» [4,92]- деген тұжырымы осындайда айтылса керек. Очеркте келелі проблемалар, көкейкесті мәселелер қозғалып, әлеуметтік мәні бар қорытындылар жасалады. Бұның бәрі шығармада кейіпкерлер характері, лирикалық шегіністер арқылы ашылып, пейзаж, диалог, психологиялық детальдардың шебер қиыстырылуынан туындайды.
Очерктің басынан аяғына дейін бірнеше оқиғалардың куәгері боласыз. Ол оқиғалар кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы, әңгімелесуі, еңбек етуі негізінде қалыптасады. Бұл очерктің жанрлық жағын айқындайды. Сондықтан да болар, профессор Т.Қожакеев «Түркістан солай туған» очеркін «оқиғалы очерк» санатына қосады [5,20].
Осы тәрізді «Ер серігі - сергек ой» ( Жауынгер полковник Б.Момышұлының басынан кешкен бір хал баяны), «Оның аты – екінші », т.б. очерктерін де оқиғалы очерк жанрына жатқызуға болады.
М.Әуезов очерктерін зерттеу барысында жазушы шеберлігінің негізгі үш қырына тоқталуды жөн көрдік. Олар: деректерге тіл бітіру өнері кез келген публицистік шығарманың жүрегі – факті десек, фактілерді «сөйлетуге» келгенде ұлы суреткер М.Әуезов ұтымды тәсілдерді тыңнан тауып қолданады. Бұл тұжырымға дәлел ретінде оның - «Жуалы колхозшысы» очеркін алсақ та жеткілікті. Очеркте автор кеңшар жетістіктерін айғақтайтын нақтылы деректерді тізбектеп жеткізбестен, оны кейіпкерлердің аузына салуды жөн көреді.
«Мәмет көселеу сары жүзін артта отырған бізге бұрып қарап, колхоз жайын айтады.
- Еңбектен біз қорықпаймыз. Біздің «Шұқырбұлақ» Жуалыдағы қазақ колхозының алды. 750 га астық ектік. Өкіметке жаңадан 17 мың пұттан аса бидай бердік. Астық жинауға өзіміздікін бітіріп тастап, жанымыздағы «Азаттық» колхозы - өзбек колхозының да 100 га бидайын орып бердік»[2,7]. Осы үзіндіде келтірілген деректер үстірт айтыла салғанда, оқырман назарын аудара алмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Шаруашылықтың жаңағыдай табыстарға жетуі сонда еңбек ететін азаматтар арқасында емес пе? Әуезовтің колхоз жетістіктерін баяндайтын әңгімені қарапайым колхозшының аузына салуының кілті осында. Фактілерді сөйлете білуі жайына тоқтағанда, айта кетер жайт, осы очеркті жазу үшін автордың қалай факті жинақтап, қалай ізденгені жайында да дәлелді деректер бар. Мәселен, М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінде сақталған «Жолдан» деп тақырып қойылған қойын дәптерінен бір мысал келтіре кетейік:
«Сапар Телеуімбетұлы:
«Красная звезда» колхозы 104 үй едік, соның 24 үйі қазақ, әр рудан. Былтыр бір сиыр алдық. 10 пұттан жүгері, 15 пұттан тары алдық. Еңбек күнім 335 күн, әр күнге 1 кг алдым. Ақшалай 180 сом алдым. Мен ертеден орысқа жақын жүруші ем. Әкем Ақтөбеге алып кетіп еді, шешем қайта әкелді. Көкірекпен екі арада жаяу жүрдім. 1928 жылы қазақ колхозына кірдім. Кейін орыс колхозында болдым. Шошқа баққанды кім жемейді. Енді қоян асырайын деп жүрмін. Пошта істеуші еді ғой, онда Масат еді, енді Көкірек (Ванновка) аралас. Егісте, қырманда премия алдым. Балам бар, он жаста... заем оқып біле алады. Өзім оқымадым» [6,1-44]. Бұл кейіпкерлермен әңгіме барысында алынған жалаң фактілер ғана. Ал очерктің газеттік нұсқасындағы осы деректердің қалай пайдаланылғанына назар аударсақ, автордың фактілерді іріктеп-сұрыптауындағы, оны шығармашылықпен жандандыру-дағы публицистік шеберлігінің куәсі боламыз.
Екіншіден, жазушы образ сомдауға шебер. «Жуалы колхозшысы» шығармасының кейіпкерлері Мәмет, Ырысбек, Қалдыбай, Сапар - өмірде болған адамдар. Мұның өзі очеркке тән белгілердің бірі. Автор олардың әрқайсысының жекелеген кейіптерін келтіре отырып, сол кездегі қазақ колхозшыларының типтік бейнесін жасауды мақсат тұтады. Очерк тақырыбының «Жуалы колхозшысы» аталуы да тегіннен-тегін емес. Бұл айтқан ойларымыздың дұрыстығын дәлелдеу үшін мына бір жолдарға жүгініп көрейік: «...Осы үшеуі жалғыз өз күйлерін көрсетіп қоймайды. Бүгінгі аудан Жуалының күйінен елес береді... Жоталы, ірі, тұтас денелі... Мәмет сол Мәметтің өзі ғана емес. Ол оңтүстік облыс беретін астықтың 40%-ке жақынын беріп отырған Жуалы ауданының колхозшылары. Соның тұтасқан мүсіні. Сом етті, қызыл күрең түсті Ырысбек – үй басы 1 сиыр, 5-6 қой , 40-50 пұттан алып отырған «Правда», «Путь Ленина», «Калининдегі» талай мың еңбегі жанған қалың колхозшының көптен бірі»[2,9].
Типтендіру желісі төртінші кейіпкер - Сапар бейнесін жасаумен әрі қарай жалғасады. Автор бұл образды кейіпкердің өзі айтқан әңгімесінің негізінде сомдайды. Очерктің басынан-аяғына дейін бейне жасауға қызмет ететін диалог арқылы Сапардың өмір жолымен таныстыра отырып, мынадай түйін түйеді. «Осы айтылған жалғыз Сапардың ғана тарихы емес. Осы аудандағы кешегі қалың бұқара, бүгінгі қалың колхозшының да тарихы» [2,12].
Әуезов туындыларындағы қаһарман характері жан-жақты ашылған, тұтас сомдалған типтік бейнелердің бірі- «Үшқоңыр жайлауында» очеркіндегі қарт шопан Тұрекең бейнесі. Очеркист бейнелеуінде Тұрекең малдың жай-күйін білетін тәжірибелі шопан да, ерінбей тер төгетін еңбекқор да, аң аулап, құс салатын саятшы да, әңгімеші, шежіреші шешен де. Мұның бәрін жинақтап келгенде Тұрекең-Әуезов бейнелеуіндегі қазақтың қарапайым қарттарының тұлғасы. Тұрекең асылдандырылған қой туралы: «Баяғыда айтпаушы ма еді, «баланы жастан, келінді бастан» деп. Бұл қозының енесі қыс бойы кезіп, өз аяғымен тебінмен күн көреді. Сонда бұл қозы ене құрсағында бір шынықты. Туғанда да көктемнің қара суығында, құм-шұқырда туып ауызданады. Тәрбие мен тәжірибе дегеніңді ғылым бастағанда, мал сапасы болады екен ғой. Шынығып, шымырлап, енді міне асыл қой, ақ қойдың өзі де өзгеден озады. Бізге де береке таптырып отырған жоқ па»[2,119], - деген пікірінен қарт шопанның мал сырын жақсы білетіндігі, мәтелдете сөйлейтін шешендігі көрінеді. Тұрекең монологы мал тұқымын асылдандырудың қазақ даласындағы тәжірбиелерін де жеткізіп тұр. Іс нәтижесін қарапайым еңбек адамының атынан айту - Әуезовтің көптеген публицистикалық шығармаларында көрініс табады. Очерктің өне-бойынан оқшау сөз, оралымсыз сөйлем, артық деталь таппайсыз. Шығармадағы қыран құс туралы Тұрекең әңгімесі бір қарағанда очерктің негізгі тақырыбы (мал асылдандыру тәжірибесі) шеңберінен шығып кететін тәрізді. Бірақ бұл детальды кіріктіру де публицист шеберлігін тағы да дәлелдейді. Біріншіден, қарт шопанның бүркіт туралы әңгімесі – Тұрекең бейнесінің саятшылық қырын ашып береді. Ал, екіншіден бүркіттің қыста жұмыртқалап, көктемде балапан басып шығаруы мен ақ қойдың ене құрсағында, қиын суық жағдайда шынығып барып дүниеге келуінің ұқсастығын жеткізетін ғылым-тәжірибе институты директоры Хасеннің қорытындысы жаңағы детальді басты тақырыпқа қызмет етуге алып келеді. Тұрекең бейнесінің әңгімеші, шешендік қырын да кейіпкердің өз монологы арқылы көрсетеді. Ол үшін очеркист ауыз әдебиетінің үлгілеріне жүгінеді, сөз арасында мақал-мәтелдер қолданады. Тойға шақырып келген жас шопан Әсембекке қарап, қарияның жұрт алдында айтқан:
«- Жиренше шешен айтқан екен: азаматтың жақсысы бір жан емес, бір өзі емес, төртеу, төрт сыпатты болады, - депті.“О қалай? ” – деп сұрағанға айтқаны: біреуі - өзіңсің, екінші - ақылың, үшінші - досың, төртінші - халқың, - депті. Міне, біз де солай «халқыңмен азаматсың, азаматыңмен халықсың дейміз» [2,121-122]. Бұл - сөздерден қазақ шешендік өнерінің үлгісі көрінсе, екіншіден ел аузында айтылып жүрген сөзді жалғастырып, өзі түйіндей сөйлейтін шешен қарт тұлғасы сомдала түседі.
«Қарғалы совхозында өткізген төрт күн» очеркінің сюжеті совхоз шопандарының бейнелерін сомдаумен, олардың характер тарихын айқындаумен (выражающий историю характера) [7,14] әрі қарай өрбіп отырады. Қасымбек Арғымбайұлы, Ақымбай, Қалтабай, Мырзабай, Захаренко, Нұрқан және Жәмила Жантақбаева секілді шаруашылық озаттарының еңбек нәтижелеріне тоқталмас бұрын очеркист былай деп ескертеді:
«Бұлардың әрқайсысының өмірі мен еңбегі жырдай қызық, шын үлгі қыларлық, саналы дастан. Қысқа әңгімеде амалсыздан қалқып қана өтеміз. Толық айтуға әзірше газет мақаласының орны тар»[2,28]. Мұның өзінен жиналған фактілердің барлығын пайдаланбастан, мәтінде оқырман ойын баурап алатын қызықты жайттарды іріктеп кіріктіру мәнісі келіп шығады. Мәселен Мырзабайдың өз отарымен құм ішінде бес-алты күн адасып кетіп, бар болғаны бір қойды өлтіріп алғаны үшін балаша жылап жібергені жайлы детальдан жас қойшының қажырлы, намысқой, еңбекке берілген тұлғасы танылады.
Осы қыруар қиын істі қолға алған шопандар өмірі жайында жазылмай келе жатқанын Мұхтар Омарханұлы очерк түйінінде өкіне айтады:
«... Көңілмен бүгінгі әдебиетіміздің беттерін кезіп, Қасымбек, Ақымбайлардың қатарына қоятын тұлғалар іздедім. Ол жоқтың қасы. Әдебиеттің өмірді жетелегендей боп алда жүретіні қайда...» [2,29]. Бұл пікірден Әуезовтің тың тақырыптарға дер кезінде барып, бейтаныс кейіпкерлермен уақыт оздырмай жүздесу үшін очерк жанрын медеу тұтқандығының куәсі боламыз.
М.Әуезов очерктері көркемдігінің тағы бір қыры – табиғаттың әсем де сырлы суретін сала білуінде.
«Көркем-публицистикалық жанрлар тобына жататын очерктің басты ерекшеліктерінің бірі – онда публицистік фактілермен бірге көркемдік белгілердің болуы да шарт» [8,30],-дейді ғалым Т.Амандосов. Табиғат тұлғасын сомдауға, табиғат көріністерін суреттеуге келгенде М.Әуезов таланты жаңа қырынан көрініп, сұлу сөздерден салынған әсем көріністер шығармаға жан бітіріп қоя береді.
«Әуезов пейзажы – бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды жанды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, күледі, жылайды - дәл адамша әрекет етеді»[4,92],-деген академик З.Қабдоловтың тұжырымы осындайдан туындаса керек. Шындығында да Әуезов пейзажы оның қай шығармасының шырайын енгізетін көркемдік компонент. М.Әуезов табиғат көріністерін суреттеуге келгенде көсіліп сала береді және жай ғана суреттеп қоймайды, табиғаттың келбеті, реңі, бояуы арқылы адам бейнесін аша түседі. Мысалы «Түркістан солай туған» очеркінде: «Аспан ылаңы әлі айықпаған. Жақын заманда айығардай түрі де жоқ. Жұмырланған қою сұр бұлт қана қаптаған. Жотадан айналаға көз жіберсе, көз тоқтатарлық бірде-бір қарауытқан бұдыр жоқ. Тек қана ақ көрпесін қалың жамылған, дүңкиген қалың-қалың жоталар жатыр. Кей жақта көкжиекке шейін созылып жатқан ұшан-теңіз ақсұр дала, суық дала жүргіншілерге әлі соншалық жат, жұмбақ. Бірде-бір жерде адам жайы білінбейтін» [2,8-9]. Осы эпизодтан қақаған қыста иесіз далада келе жатқан жолаушылардың кейпін, ойын, көңіл-күйін, іс-әрекетін аңғарғандай боласыз. Публицист табиғат суреттері арқылы адам тұлғасын сомдайды. Бұған мысал «Көктемнен бері» очеркінің пердесін ашатын табиғат көрінісін суреттеген алғашқы сөйлемдер сөз зергерінің шын шеберлігін байқатады.
«... Кешелер қара жатқан бергі беттегі балапан Алатаулар бүгін ала-құла боп қарауытқан шал бас тау бопты. Күн ұзын бөктер ойымен арғы төмен ойқыл далаларда қалың сұр тұман қалықтап жүр...
... Алатаудың ең бөктерінде биікте тұрған бізге осы қалың бұлт-тұманның үстінен аспанға асылғандай боп, Құландының қарлы басы, Қаратаудың жотасы, Киіктінің де төбесі көрінеді. Әншейіндегі аласа адырларды төмендеп орнаған қалың бұлттар арқаларына міндіріп, аспандатып әкеткен сияқты» [2,13]. Оңтүстік өңірінің табиғатын бұлтартпай көз алдыңа әкелетін осы суреттер оқырманды бірден баурап алады да, әрі қарай оқуға жетелейді. Әуезов пейзажында теңеу, эпитет, метафора, метанимия, синекдоха сияқты көркемдік компоненттердің барлығы да кездесіп отырады.
«Қарғалы совхозында өткізген төрт күн» очеркінің әр жерінде кездесетін табиғат суреттері қойлы ауыл көріністері жазушының жан тебіреністерінен, жүрек түкпірінен қайнап шығып жатады. Мәселен, даланың таңғажайып табиғаты жайлы жол үстіндегі мына бір толғаныс оқырманды сол далаға, сол табиғат құшағына жетелейтіндей.
«... Жолдың екі жағы қалың көк, бойлап шыққан жусан, ақ-қызыл гүл атқан қалың шытыр. Ара-арасында бала күнде «қан қызы» деп қуалайтын қызыл қанат, қара оюлы үлкен көбелек болушы еді, дәл сол сияқтанып жаңадан басын жарған қызғалдақтың үлкен қызыл гүлдері көрінеді. Жусан басын изелткен салқын самал бұның да сабағын дірілдетіп, дірілдеген сайын қанатын жалт-жұлт қағып отырған орнынан көтеріліп, ұшып жөнелетін көбелекке ұқсай түседі. Кейде әлде қандай ұзақ жоталарға көзің түссе тұп-тұтас толқынды қызыл торғын жамылғандай боп құлпыра қалады. Бұл - тұтасып қалың біткен қызғалдақ жоталары. Анда-санда жалғыз-жалғыз боп шашыраған үкі көзіндей сап-сары бәйшешек жарық беріп қалады...» [2,34-35]. Осындағы тіл байлығы, тамаша теңеулер қызылды-жасылды бояуымен көз алдыңа табиғаттың өзін алып келеді. Тіпті, сол әсемдіктің құшағынан шыға алмай шырмаласың да қаласың. Бала кезінен ауыл табиғатымен бетпе-бет тілдесіп, әр тал гүлімен сырласып, ұшқан көбелекпен бірге қанат қаққан жанның жазысындай әсер қалдырады. Шығарманың шырайын енгізіп, әр жерінде әрлендіріп отыратын мұндай пейзаждар Мұхтар Әуезов очерктерінде көп-ақ.
Очеркист шеберлігі қойлардың сыртқы бітімін суреттейтін мынау штрихтардан да көрінеді: «Мынау – орақ бас, биік бойлы, тегене құйрық, үлкен қойлар – сол Еділбай»; «Аттай керілген имек денелі, үлкен бас, орақ тұмсық Еділбайлар кейде таң құйрық, кейде салпы құйрық болып өзгереді екен»; «Өздері мықынды, бүйірлі, бөшке бейнелес». Келтірілген мысалдардағы бейнелеу элементтері шығарманың көркемдік деңгейін көтеріп, айтар ойын айшықтай түседі.
«Ақын елінде» очеркіндегі Әуезов қаламынан ғана туатындай әдемі табиғат суреті бірден баурап алады. Автор: «Қазіргі Құндызды, Мұқыр ауылдары отырған Шет, Құндызды, Сарықорық, Мұқыр-Тақыр дейтұғын өзен, өлкелер ол күндерде Сыбан, Тобықты, Мырза-Жөкен, Мамай, Көкше деген сыбайлас елдердің мекені болған... Абай айтты деген сөз, істеді деген іс, көрді деген хал, Абай болды деген той, ас, сияз, құс салған Арқат, Байжандай тастары, Қан мен Қарақойтас сияқты шат-шатқалдары - бәрі-бәрі де ақын асып өткен бел-белестей аңыз сияқты әңгіме шертіп тұр», [2,88]- деген тұсында жағрапиялық дәлдікпен аталған жер-су аттарын қиял көзімен тарих қойнауына қайта сүңгітіп сыр шертсе, енді бірде: «Түс ауа бастағанда Есболаттың Қарасуына жеттік. Бұл ұзын өзен, шалғын Оразбай қонысы... Сондай- сондай Абай тұсында болған көп-көп оқиғалардың куәлары Бұғылы, Бестамақ, Мәйімбет сияқты биік тау, қалың адыр, көп қырқалар жатыр...» [2,93],-деп оймен өткенге оралады. Көнекөз қариялардан естіген әңгімелер Абай заманының сан-сан оқиғаларын жазушы көзіне елестетеді. Қасиетті мекеннің әр нүктесі, тау-тасы қаламгер санасында тірі шежіредей сөйлеп береді. Жолда көрген аңшылық оқиғаларын да Мұхаң әдемі суреттерге ұластырады. Қазақ әдебиетін шырқау биікке көтерген «Абай жолы» роман-эпопеясында жоғарыда көрсетілген жер-су, тау-тас түгелдей кездеседі. Әуезовтің бұл очеркі үлкен шығарманың кішкене баспалдағы тәрізді.
Осы тұста жалпы шығармашылық қызметін публицистикадан бастаған М.Әуезовтің өзіне тән жазу мәнерінің бет-пердесі ашылады. Жазушының қашан да көлемді деректі әдеби шығармаға барар жолда сол тақырып төңірегінде бірнеше көркем очерктер мен мақалалар жазатындығы. Публицистиканы кесек әдеби дүниелерге бастайтын баспалдақ тұту - Әуезов шығарма-шылығының ерекшеліктерінің бірі деуге әбден болады. Бұл тұжырымды жоғарыда айтылған «Абай жолы», аяқталмаған «Өскен өркен» романдарына деректер жинақтау барысында мерзімдік басылым беттерінде әр қилы жанрда жазылған публицистік шығармалары айғақтай түседі.
Пайдаланған әдебиеттер
-
Чернышевский Н. Шығармаларының толық жинағы. ІҮ том. М.: 1948.
-
Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы.: Жазушы, 1981.
-
М.Әуезовке. Алпыс жылға арналған мақалалар жинағы. Алматы.: Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы, 1959.
-
Қабдолов З. Арна. Алматы.: Жазушы, 1988.
-
Қожакеев Т. Жас тілшілер серігі. Алматы.: Рауан, 1991.
-
М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінің архиві. №476 іс-қағазы.
-
Горохов В.М. Основы журналистского мастерсво. М.: Высшая школа, 1989.
8. Амандосов Т. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. Алматы.: Жазушы, 1978.
М.Әуезов очерктерінің көркемдік қырлары

Достарыңызбен бөлісу: |