Мүгедектер қатарынан кемтар балаларға үйде әлеуметтiк көмек көрсететiн бөлiмшелер туралы Ереженi бекiту туралы
Қарағанды облысының әкiмдiгiнiң 2008 жылғы 23 қыркүйектегi N 26/08 қаулысы. Қарағанды облысының әдiлет Департаментiнде 2008 жылғы 06 қарашада N 1857 тiркелдi
"Орталық Қазақстан", 2008 жыл 6 желтоқсан, № 188-189 (20572)
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы", 2002 жылғы 11 шiлдедегi "Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы " Заңдарына, Қазақстан Республикасының Сауда және индустрия министрлiгiнiң стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi Комитеттiң 2003 жылғы 21 ақпандағы N 65 бұйрығымен бекiтiлген "Халыққа әлеуметтiк қызмет көрсету. Кемтар балаларға үйде әлеуметтiк көмек көрсету. Қызметтер көлемi" Қазақстан Республикасының ҚР СТ 1173-2003 Мемлекеттiк стандартына сәйкес, Қарағанды облысының әкiмдiгi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлген кемтар балаларға үйде әлеуметтiк көмек көрсететiн бөлiмшелер туралы Ереже бекiтiлсiн.
2. Облыс қалалары мен аудандарының әкiмдерi мүгедектер қатарынан кемтар балаларға үйде әлеуметтiк көмек көрсететiн бөлiмшелер құру жұмысын осы ережеге сәйкес келтiрсiн.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкiмiнiң орынбасары А.Е. Базарбаевқа жүктелсiн.
4. Ресми жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi және өз әрекетiн 2008 жылғы 11 сәуiрден бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Облыс әкiмi Н. Нығматулин
Қарағанды облысы әкiмдiгiнiң
2008 жылғы 23 қыркүйектегi
N 26/08 қаулысымен
БЕКIТIЛДI
Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларға үйде әлеуметтiк көмек көрсететiн бөлiмшелер туралы
ЕРЕЖЕ
Осы Ереже Қазақстан Республикасының "Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеумен қолдау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының Сауда және индустрия министрлiгiнiң стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi Комитеттiң 2003 жылғы 21 тамыздағы N 65 бұйрығымен бекiтiлген "Халыққа әлеуметтiк қызмет көрсету. Кемтар балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсету. Қызметтер көлемi." Қазақстан Республикасының ҚР СТ 1173-2003 Мемлекеттiк стандартына сәйкес, кемтар балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсетудiң жалпы тәртiбiн белгiлейдi.
1. Жалпы ережелер
1. Үйде әлеуметтiк қызмет көрсету (бұдан әрi - қызмет көрсету) психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестiң (бұдан әрi - ПМПК) қорытындысы бойынша бөгде адамның күтiмiне мұқтаж мүгедектер қатарындағы кемтар балаларға ұсынылады.
2. Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларға әлеуметтiк көмек көрсету, олардың тәрбиесiне, күтiмiне, тұрмыстарын ұйымдастыруға, бос уақытына, оқуына, еңбек және кәсiптiк даярлығына байланысты мәселелердi шешу үшiн үйде әлеуметтiк көмек көрсететiн бөлiмше құрылады (бұдан әрi - әлеуметтiк көмек бөлiмшесi), мәртебесi мен құрылымын сәйкес қалалар мен аудандардың атқарушы органдары белгiлейдi.
3. Әлеуметтiк көмек бөлiмшесi өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарды, Кемтар балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсету Ережелерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
4. Әлеуметтiк көмек бөлiмшесiнiң ұйымдастыру-әдiстемелiк көмек көрсетуiн сәйкес қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi жүзеге асырады.
2. Басты мiндеттер
5. Әлеуметтiк көмек бөлiмшесiнiң басты мiндетi мүгедектер қатарындағы кемтар балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсету мемлекеттiк стандартында көзделгеннен кем болмайтын түрлерде және көлемде бөгде адамның күтiмiне мұқтаж кемтар балаларға қажеттi әлеуметтiк қызметтер ұсыну болып табылады.
3. Әлеуметтiк көмек көрсететiн бөлiмше ұсынатын әлеуметтiк қызметтер
6. Әлеуметтiк көмек бөлiмшесi төмендегi әлеуметтiк қызметтердi ұсынады:
1) арнайы әлеуметтiк қызметке мұқтаж мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды денсаулық сақтау, бiлiм беру органдарымен бiрлесiп анықтап, есепке алу;
2) баланың қызығушылығы мен қажеттiлiгiн анықтау мақсатында баланың шағын ортасын бiлу, кемтар балаларды әлеуметтiк тексеру;
3) ПМПК мамандары құрған жеке бағдарламаны есепке алып, жеке қызмет көрсету карталарын жасау, көмектiң нақты түрi мен нысанын белгiлеу;
4) баланың ата-анасына баланың дамуына себепшi болатын әдiстер мен тәсiлдердi, науқас баланың жалпы күтiмiнiң тәжiрибелiк дағдыларын үйрету;
5) мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға балаға қозғалу мен әлеуметтiк дағдыларды үйретуге (киiну, жуыну, асханалық құралдарды пайдалануды бiлу, ақша жұмсай бiлу, сауда жасай бiлу, ас әзiрлеу, телефонды пайдалануды бiлу, көлiкке мiну және тағы да басқа өзiне-өзi қызмет көрсететiн дағдылар, тәртiп, өзiн-өзi бақылау, қарым-қатынас жасау) көмек көрсету;
6) отбасында баланың бейiмделуi және оңалту iс-шараларын iске асыру мақсатында ата-аналармен жұмыс;
7) мүгедек баланың бос уақытын (ойындар, кiтап оқу, оны талқылау және тағы басқа) ұйымдастыру;
8) балаға және ата-анасына психологиялық көмек көрсету;
9) мүгедектер қатарындағы кемтар балалардың ата-аналарымен жеке және топтық iс-шаралар (семинарлар, тренингтер және басқа түсiндiру iс-шаралары) ұйымдастыру арқылы ағартушылық-алдын алу жұмысын жүргiзу;
10) қажеттi арнайы медициналық көмек пен медициналық қызмет алуға, дәрiгердi үйге шақыруға, емханаға апаруға жәрдемдесу;
11) шұғыл жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету;
12) медициналық көрсеткiштер бойынша протездiк-ортопедиялық бұйымдармен, техникалық және басқа құралдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
13) интернат-үйлерiне анықтау, жәрдемақылар тағайындауға, қорғаншылықты, қамқоршылықты тағайындау құжаттарын ресiмдеуге жәрдемдесу;
14) кеңестiк көмек, оның iшiнде мемлекеттiк әлеуметтiк және арнаулы мемлекеттiк жәрдемақылар беру мәселелерi жөнiнде көмек көрсету;
15) мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтiк көмек көрсету құжаттарын ресiмдеуге жәрдемдесу;
16) мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға демеушiлiк көмек көрсетуге оларды тарту мақсатымен қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық қорлармен байланыс жасау және жәрдем көрсету.
4. Әлеуметтiк көмек бөлiмшесiнiң жұмыс iстеу тәртiбi және шарттары
7. Әлеуметтiк көмек бөлiмшесi қызмет көрсететiн кемiнде 80 кемтар бала (бұдан әрi балалар) болған жағдайда құрылады.
Iрi қалалар мен елдi мекендерде қажет болғанда бiрнеше бөлiмше бiрiктiрiлуi мүмкiн.
8. Әлеуметтiк қызметке мұқтаж бала саны бөлiмше құруға мүмкiндiк бермейтiн жерлерде бала күтiмi жөнiндегi әлеуметтiк қызметкердiң лауазымы жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсететiн үйде әлеуметтiк көмек көрсететiн бөлiмшенiң немесе аймақтық әлеуметтiк қызмет көрсету орталығының штатына енгiзiледi.
Кемтар балаларға әлеуметтiк көмек жеке көмекпен қатар және топпен де болуы мүмкiн, яғни күндiз баратын бөлiмшелерде көрсетiледi.
9. Әлеуметтiк қызметкерлердiң штаттық бiрлiк саны есеппен белгiленедi, бiр әлеуметтiк қызметкердiң қызмет көрсететiн бала саны 6-дан аспайды.
Кейбiр жағдайларда баланың дамуы мен қозғалу белсендiлiгiндегi ауытқу деңгейi есебiмен күтiм жөнiндегi әлеуметтiк қызметкерге жүктеме 4 немесе 5 мүгедектер қатарындағы кемтар бала болуы мүмкiн.
Егер отбасында қызметке мұқтаж екi немесе одан да көп бала болса, онда әр бала жеке тұлға болып есептеледi.
10. Әлеуметтiк қызметкер балаға кесте бойынша аптасына 2-3 рет барады.
11. Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларға қызмет көрсету ПМПК мамандары жасаған жеке бағдарлама бойынша, сондай-ақ Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мүгедектерiне арналған оқытатын құжаттар пакетiн пайдаланып және басқа әдiстемелiк әдебиетпен жүргiзiледi. Баланың денсаулық жағдайы мен оның қозғалу белсендiлiгiне байланысты әлеуметтiк қызметкердiң жүктемесi мен әлеуметтiк көмек бөлiмшесi ұсынған қызмет көлемi белгiленедi.
12. Әлеуметтiк көмек бөлiмшесi мен баланың ата-анасының арасындағы қатынастар үйде әлеуметтiк қызмет көрсету жөнiндегi қызметке Келiсiм шартпен ресiмделедi. Келiсiм шарт екi дана болып жасалады, бiреуi баланың ата-анасына берiледi, екiншiсi әлеуметтiк көмек бөлiмшесiнде қалады. Келiсiм шартта мiндеттi түрде мерзiмдiктi көздейтiн шарттар саны, ұсынылатын әлеуметтiк қызмет түрлерi және балаға қызмет көрсетуге бекiтiлген әлеуметтiк қызметкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты, Келiсiм шартты бұзу шарттары, тараптардың жауапкершiлiктерi, Келiсiм шарттың әрекет ету мерзiмi болады.
13. Күтiм жөнiндегi әлеуметтiк қызметкерлер өз жұмысын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң 2003 жылғы 16 мамырдағы N 101-б бұйрығымен бекiтiлген халықты жұмыспен қамту және әлеуметтiк қорғау жүйесi қызметiнiң басшылары, мамандары және басқа қызметкерлерi лауазымдарының Бiлiктiлiк мiнездемелерiнде белгiленген лауазымдық мiндеттерге сәйкес орындайды.
5. Үйде қызмет көрсетуге қабылдау тәртiбi және үйде қызмет көрсетуден шығару
14. Үйде қызмет көрсетуге ПМПК қорытындысы бойынша тұрақты күтiмге мұқтаж мүгедектер қатарындағы кемтар балалар қабылданады.
15. Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды қабылдау үшiн төмендегi құжаттар негiздеме болады:
1) қызмет көрсетуге қабылдау туралы мүгедектер қатарындағы кемтар балалардың ата-аналарының немесе басқа да заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi;
2) бөгде адам күтiмiнiң қажеттiлiгi туралы ПМПК қорытындысы;
3) емдеу-алдын алу мекемесi толтыратын баланың денсаулығы туралы медициналық карта;
4) (медициналық-әлеуметтiк сараптама бөлiмiне) мүгедектiк туралы халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аймақтық бөлiмшесiнiң анықтамасы;
16. Үйде қызмет көрсетуге қабылдауға қарама-қайшылықтар: жұқпалы, созылмалы жұқпалы, карантин аурулары, бактериятасушылық, өкпе ауруының белсендi түрлерi, арнайы денсаулық сақтау ұйымдарында емделудi талап ететiн басқа да ауыр сырқаттар.
17. Қызмет көрсетуден шығару ата-аналардың немесе басқа да заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi бойынша немесе баланы интернат-үйiне орналастырғанда және басқа себептермен жүргiзiледi.
6. Үйде әлеуметтiк көмек көрсететiн бөлiмшелердiң қызметiн ұйымдастыру
18. Үйде әлеуметтiк көмек көрсететiн бөлiмшелер (бұдан әрi - бөлiмшелер) қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылтайшы құрған дербес заңды тұлға ретiнде де және жергiлiктi атқарушы органдардың құрылымдық бөлiмшелерi ретiнде де болуы мүмкiн.
19. Бөлiмшенi халықты әлеуметтiк қорғау және жұмыспен қамту, еңбек (басқарма) бөлiмiнiң, аудандық (қалалық) бөлiмнiң бұйрығымен тағайындалатын меңгерушi басқарады.
20. Бөлiмше меңгерушiсi:
1) басқарады, тәжiрибелiк көмек көрсетедi және әлеуметтiк қызметкердiң қызметiне бақылау жасайды;
2) атқарушы және уәкiлеттi органдарда және басқа құрылымдарда қызмет көрсететiн азаматтардың мүдделер мен құқығын қорғауда жәрдемдесудi ұйымдастырады.
3) мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды әлеуметтiк қолдау жұмысының жағдайын жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар органдарының қарауына шығарады.
Достарыңызбен бөлісу: |