Мұхтар Шаханов шығармашылығының қазақ философиясында алатын орны Керімбай Мөлдір Қалмаханқызы



Дата17.07.2016
өлшемі55.02 Kb.
#205216
ӘОЖ 1 (091)(574)

Мұхтар Шаханов шығармашылығының

қазақ философиясында алатын орны

Керімбай Мөлдір Қалмаханқызы – 119-24 тобының студенті

Ғылыми жетекші: Арынғазиева Б.Б. – филос.ғ.к., доцент

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент


Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығы қарсаңында еркіндік пен теңдікке қол жеткізуімізге бірден бір себеп болған рухани мұрамызға тереңдеп, ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетіне дүниетанымына қайта үңіліп, жаңаша саралап, өзіндік ой қорытсақ артық болмас. Оның үстіне, баршамызға белгілі, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев "Мәдени мұра – ұлтты ұйыстырудың темір қазығы" деп жоғары бағалаған. Ұлтты рухани байытатын, оны ізгілікті және ізденімпаз етіп, адамның ішкі жан дүниесінің таусылмас қуаты мен нәрін әркімге-ақ түсінікті, етене жақын етіп айшықтай алатын тамаша өнер – ол әдебиет. Сонау көне дәуірде ғұлама философ Аристотельдің «Поэтика» еңбегінен бастау алған әдеби-көркем ой-пікірлердің өсіп-өрбу, өрістеу тарихы терең және жан-жақты. Орта ғасырларда әл-Фарабидің, ХVІІ-ХVІІІ ғғ. Г.Э.Лессингтің, Г.В.Гегельдің, ХІХ ғ. сыншысы В.Г.Белинскийдің, ХХ ғ. көрнекті ойшылы, философы М.М.Бахтиннің шығармашылығындағы көркем сөз бен өнер туралы ұстанымдар әдеби туындыларды талдаудың ірге тасы болып табылады [1, 8 б.]. Олардың бәрінің философиялық, методологиялық, дүниетанымдық маңызы өте зор. Ал, қазақ даласында өшпес із қалдырған Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты біртуар ойшылдар да осы сарындағы еңбектерді дүниеге келтірді. Қазақ болмысының басқалардан ерекшелігі – арнайы философиялық трактат жазбаса да, ауыз әдебиетінің мол және өте құнарлы інжу маржандарында, ақындары мен жазушыларының шығармашылығында қайталанбас өзіндік сипаты бар өмірлік философияны дүниеге келтіруінде. Әр дәуірде уақыттың тынысы мен ерекшелігіне қарай ақындар мен жазушылар философиялық сипаттағы өзіндік үндерімен терең тамырлы ізденістерімен рухани мәдениеттің дамып қанат жаюына үлес қосып отырған. Халықты рухани жебеп, жігеріне жігер құйып, қайратына қайрат қосып, ұдайы қайрап отырған. ХІХ ғасырдың орта шенінде мұндай миссияны Мәделіқожа, Майлықожа; екінші жартысында Абай сөзі орындаса, ХХ ғ. бас кезінде Шәкәрім, Мағжанның басқа да көрнекті алаштықтардың үндері естілді. Бұл дауылпаз, жасампаз үндер ешуақытта толастаған емес, керісінше, олардың қатары көбейіп, үдемелі сипат алып одан әрі дамуда. ХХ ғ. екінші жартысында көркемсөз кемерінің философиялық інжу-маржандары арнайы философиялық топшылаулармен толықтырылды. ХХ ғ. аяғы мен ХХІ ғ. алғашқы жылдарында жаңа сарындағы, жаңа типтегі қазақтану ғылымы қалыптасып, халық философиясының, мәдениетінің, менталитетінің кешегісін, бүгінгісін, ертеңін тың методологиялық өлшем тұрғысынан бағалау, сараптау кеңінен өрістеуде. Бұл бағыттың маңызды салаларының бірі ақындар шығармашылығының философиялық мәні мен мағынасын анықтап, олар көтерген орасан зор рухани қуатты анықтау [2, 16 б.].

ХХ ғ. кеңес идеологиясының үстемдік құрып тұрған уақытында, бір жағынан, оның заңды туындысы, екінші жағынан, оған іштей қарсылық ретінде бас көтерген әдемі, нәрлі көркем сөзбен көмкерілген, рухани қуаты мол философиялық тамаша поэзия пісіп жетілді. Осы тегеурінді, жасампаз, тартымды поэзияның мықты бір өкілі Мұхтар Шаханов еді. ХХ ғ. 60 жылдарындағы жаңа лекке қосылып, содан бері үнемі дамып, ішкі қуатын күннен күнге күшейтіп, нығайтып, жетілдіріп, тұрақтандырып келе жатқан көсемсөз бен сана ағынының авторы М.Шаханов халқымыздың рухани дамуына, ұлттық ойымыздың кеңеюіне айтарлықтай үлес қосып келеді.

Жаһандану мен бірегейлену процесі өзара бетпе-бет ұшырасып, Батыс пен Шығыс әлемінің құндылықтары бір-бірімен сұхбатқа түскен уақытта әр халықтың өзіндік болмысы мен бет-пердесі анықталып, қайталанбас табиғаты сынға түсуде. Дүрбелең уақыттың көп үнді, көп дауысты полифониясында басқалардың тасасында қалып қоймай, жұтылып кетпей, қадалған шыбық сияқты бой көрсетіп, мен мұндалап тұрған ұлттық үн ғана өзіне басқаның назарын аудартады, өзін басқаға сыйлата алады. Мұндай үлкен екпін тарихты өте жақсы білетін, оның күнгейі мен көлеңкесін дұрыс бағамдаған, өз болмысын заман ағымына бейімдеу барысында түп-төркінін ұмытпаған халықтың ғана несібесі зор болмақ. Дәл осы қоғамдық болмысты жан-жақты түсініп, оны сөзімен халықтың көпшілігіне жеткізуге ат салысып жүрген бірден бір ақын, қоғам қайраткері М.Шаханов. Оның поэтикалық әлемін философиялық тұрғыдан сараптау ұлттық философиямыздың аясын кеңейтеді, оның гуманистік, адамгершілік астарын нығайтады. Ал, мұның өзі ұлттық ойлаудың үздіксіз дамып, ұдайы жаңарып, жаңғырып отыруын қамтамасыз етеді. Қазақтанумен арнайы айналысып, сүбелі еңбектер жазған филос.ғ.д., профессор Ж.Ж.Молдабеков осы мақала тақырыбына тікелей қатысы бар мынадай мәселелерді ерекшеледі: 1. Қазақты басқаларға танытқызатын, заман үрдісіне икемдетіп, өркениет ұйытқысына орай ұйымдастыратын мәдени зерделеу және ұсыну; 2. Ұлттық үрдістерде қазіргі заманның даму қисыны қазақ халқы алдында мынадай талаптар қояды: елдігін сақтау, өзін-өзі меңгеру, атамекенін ілгері ету, мәдениетін дамыту, бірауызды ынтымақта болып, елдігін, отанын қорғау; 3. Қазақтанудың дүниетанымның арнайы саласы болып қалыптасуына үш шарт ықпал етеді, тіршіліктің табиғи ортасын сезіне білу, соған бейімделу, атамекеніндегі ел мен ердің жандүниесіне жақындау, жігері және үмітімен жандану, табиғаттың құдыреті мен атамекеннің кереметін адамның жадында сақтау, сол құбылыстарға араласу арқылы белгілі бір қуаныш-қуатты иемдену. Қазақ халқының рухани негізін осы үш арна қалыптастырады деуге болады. [2, 38 б.]. Ғалым атап көрсеткен халық болмысының маңызды атрибуттары мен сапалық ерекшеліктері М.Шахановтың назарынан тыс қалмаған. Заман өзгерген сайын, одан әрі күрделенген сайын халық болмысындағы бұл маңызды атрибуттардың қажеттігі күннен күнге тереңдемесе, бәсеңдемейді. Өйткені, халық өзін-өзі іздестіруін, өзінің болмыстық қасиетін жаңартуын ешуақытта тоқтатпайды. Сол жаңарту, жаңғыру әруақытта ұлттық құндылықтардың негізінде жүріп отырады. Ал, оны түсіндіріп қазіргі ұрпақтың рухани дүниесінің пәрменді факторына айналдыру – кезек күттірмейтін маңызды қоғамдық шара. Осы тұрғыдан алғанда М.Шаханов дүниетанымының ерекшелігін анықтап, оның философиялық мәнін ашып көрсетудің маңызы зор. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Шаханов дүниетанымын философиялық тұрғыдан талдау арқылы оның шығармаларына мынадай бірнеше маңызды қорытындылар жасауға болады:

1. М.Шаханов жеке адами қасиеттерді жырлау деңгейінен бүкіл ғаламдық сипатындағы жалпы түсінісу теоремасын ұсынған ойшыл-философ деңгейіне көтерілген ақын.

2. Бүгінгі өмір шындығынан, жаппай жаһандану мен ұлттық бірегейлену процесінен және ұлттық, мәдени, әлеуметтік прогрестің даму қарқынынан заңды туындаған жаңа, тың қоғамдық оқиғалар мен ұлттық-мәдени сабақтастықтың өзара ұшырасуы, кездесуі барысында кездесіп отырған қайшылықтарды шешіп, руханилықты одан әрі тереңдету, ұлғайту, нығайту М.Шаханов шығармашылығының күре тамыры болып табылады.

3. Нарықтық қатынастардың қанат жаюынан туындаған рухани тамырсыздықтан қорғану, сақтану иммунитетін нығайтатын, жетілдіретін аса маңызды тетік ретінде М.Шаханов шығармашылығынан көруге болады. Туған жер, туған тіл, салт-дәстүр және туған тарих бір-бірімен қабысып, біртұтастықта дамыған елді ешқандай нарық немесе басқа да қауіптер мызғыта алмайды. Туған жерін, туған тілін қадірлейтін, салт-дәстүрін сақтауға ұмтылып, оған әруақытта адалдық танытатын және туған елінің тарихын сыйлап, оны құрметтейтін, оны ұмытпайтын мемлекет әр уақытта жасампаз, төрт құбыласы түгел, тұрақты. Ал тұрақтылық – даму мен өркендеу кепілі.

4. М.Шаханов шығармашылығының ұлттық оқиғаларды баяндау, түсіндіру мәселесінде өзіндік ерекшелігі бар. Оның поэтикалық сөзінің қуаттылығы, өткірлігі өзіне тән әдістерінде, ойды өрбіту, өрістену шеберлігінде. Оның ірі шығармаларының бәрі нақты сюжетке құрылған, ал ол сюжет ұлттық фактілер мен аңыздарға негізделеді. М.Шахановтың кез келген шығармаларына тән тағы да бір ерекшелігі – оның ойының, сөзінің шиыршық атқандай үдемелі дамуында, бір сөздің қуаты екінші сөздің қуатын күшейтіп, үстемелеп отыруында. Сондықтан, ақын сөзінің сезімдік ықпалы өте жоғары, ол ешкімді бейжай, енжарлық күйде қалдырмайды. Міне, осындай сапалық ерекшеліктер Мұхтар Шаханов шығармаларының эвристикалық, танымдық, дүниетанымдық, аксиологиялық мүмкіндіктерін анықтайды. М. Шаханов сөзі-қазақ халқының өзінің өзегін жарып шыққан, қуатты, құнарлы, жасампаз үні, болашаққа сеніп қарауға мүмкіндік беретін рухани шырағы.

Әдебиеттер:

1. Нұрмұратов С. Е. Рухани құндылықтар әлемі: әлеуметтік-философиялық талдау. – Алматы: ҚРБжәнеҒМ. Философия және саясаттану институты, 200-180 б



2. Молдабеков Ж.Ж. Қазақтану: Оқу құралы. -Алматы, 2003. -459 б

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет