Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі



Дата09.06.2016
өлшемі67.5 Kb.
#125096
МЫСЫР АРАБ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛАҢКЕСТІККЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҮРГІЗУ ТӘЖІРИБЕСІ
Ж.Б. Әбдіқадырова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазіргі уақытта бүкіл әлемде лаңкестік мәселесі адамзат тарихындағы ауқымы мен салдары жағынан ең қауіпті қоғамдық-саяси және моральді мәселелердің біріне айналды. Мысыр Араб Республикасында (МАР) 90-шы жылдардың ортасындағы лаңкестік әрекеттер жаңа, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Мысырлық Хасан Ханафи жазғандай, олар тек елдің мемлекеттік жүйесіне ғана емес, оның экономикасына, әлеуметтік-саяси қауіпсіздігіне, мәдени және идеологиялық жетістіктеріне де қауіп төндіре бастады. Лаңкестер ашқан соғыс ХХ ғасырда Мысыр өзінің сыртқы жауларымен жүргізген кезкелген басқа соғыстардан да қорқыныштырақ үрейге айналды. Бұл соғысты «лаңкестік идеясы билеп алған біздің ұлдарымыз жүргізіп отыр, олар өз қалауына жетудің құралы ретінде ұлт тұрақтылығының тамырына балта шабатын қатігездікті таңдады». Мысыр басынан өткергені – бұл адамзаттық және мәдени тұрғыда жан түршігерлік оқиға, бұл саяси және экономикалық апат [1].

Экстремистік бағыттағы ислам өкіметтің ең маңызды саяси қарсыласы болып табылады. Бұл бағыт айтарлықтай біркелкі емес. Оның шеңберінде жартылай заңды «Мұсылман ағайындар» Ассоциациясы, жасырын ұйымдар («әл-Гамаа әл-Исламия», «әл-Жихад», «ат-Такфир уәл-Хижра» және басқалары), «исламшыл одақтың» оппозициялық саяси партиялары, мемлекетттік емес, діни құрылымдар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі діни қайраткерлердің едәуір бөлігі қызмет атқарады.

МАР-дың саяси басшылығы мысырлық қоғамға дін ықпалының жалпы кеңеюі жағдайында шешуін таппаған шиеленіскен әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бар болуы билікке орташа немесе лояльді қарайтын, әсіресе халықтың ең кедей топтарындағы мұсылмандардың радикалды исламшылдар қатарына жаппай өтуінің катализаторы болып кетуі ықтимал екенін жақсы түсінеді, ал бұл өз кезегінде тәртіп үшін қатерлі салдар туғызатыны сөзсіз.

Халқының көпшілігі, нақты айтқанда 90 %-ға жуығы мұсылмандар болып табылатын Мысыр үшін ислам үстем діні емес елдерге қарағанда исламшыл фанатиктерден тарайтын лаңкестікпен күрес жүргізу әлдеқайда қиынырақ. Өйткені ислам – бұл елдің мәдениеті де, дәстүрі де, діні де. Бұл мысырлық қоғам негізделетін нәрсе. Дәл сол себептен үкіметке исламшылдармен күресте нақты нәтижелер бере алатын және сонымен бір уақытта «ресми исламға» соқтықпайтын ымыралы шешімдерді табуға тура келеді.

80-ші жылдардың басы (Садаттың өлтірілуі) және 90-шы жылдардың ортасы (президент Хосни Мубаракқа, жоғары лауазымды тұлғаларға жасалған қастандықтар, нәтижесінде шетел туристері мерт болған жарылыстар тізбегі) МАР өміріндегі Мысырды исламшыл лаңкестік пен экстремизм шарпыған және өкімет назарын бұл мәселеге жаңаша қаратқан ең үрейлі кезеңдер болды. Ислам экстремизмі ел ұлттық қауіпсіздігінің негізгі мәселелерінің біріне айналды.

Мысырлық үлгі Таяу Шығыстағы лаңкестікке қарсы әрекет етудің бірегей мысалы болып есептеледі; бұл зұлымдықпен күресте ол бүкіл Араб Шығысын бірігуге үндеп, аймақтағы аталмыш мәселені шешуге бар ықыласымен кіріскен азғана мемлекеттердің бірі.

ХХ ғасырдың аяғы – ХХI ғасырдың басы лаңкестікпен күрестегі жаңаша кезеңге жатады. Мысыр тәжірибесінің құндылығы МАР үкіметі лаңкестікті жою саясатын ел ішінде де, сыртта да сәтті жүргізіп отырғанына байланысты. Бүгінгі таңда шет елдердегі мысырлық лаңкестік бөлімшелерді жою жоспары белсенді түрде жүзеге асырылып, әлемнің көптеген елдерімен лаңкестікке қарсы тығыз ынтымақтастық орнатылуда. Өкімет елге, оның ұлттық қауіпсіздігіне төнген негізгі қауіп Еуропа мен АҚШ-та орналасқан шетелдік басқарушы құрылымдар тарапынан келетініне сенімді. Соңғы жылдар ішінде дүниенің көптеген мемлекеттерімен лаңкестікке қарсы бірлескен күрес жүргізу туралы екі жақты келісімдерге қол қойылды. 90-шы жылдары Болгария, Венгрия, Румыния және Пәкістанмен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

1996 жылдың наурызында мысырлық Шарм аш-Шейх қаласында лаңкестік мәселелерін талқылау мақсатында конференция өтті. Оған аймақ елдерінен басқа АҚШ пен Ресей қатысты. Конференция нәтижесінде «қандай нысандарда іске аспасын, қандай себептері мен орындаушылары болмасын, лаңкестіктің кезкелген әрекеттерін» айыптау туралы мәлімдеме жарияланды [2]. Конференцияда сонымен бірге лаңкестікке қарсы бірлескен күрестің жан-жақты бағдарламасы қабылданды. Алайда қатысушылар арасында әуел бастан «халықаралық лаңкестік» түсінігіне байланысты бірегей көзқарас болмағандықтан, оны іс жүзінде орындау жүзеге аспады [3].

1998 жылдың 12 сәуірінде Каирде лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі Арабаралық конференция өтті. Бұл конференция нәтижесінде қабылданған декларацияда «шетелдік отаршылдыққа қарсы ұлттық тәуелсіздік және жер тұтастығы үшін кезкелген қарулы күрес лаңкестік ретінде қарастырылмауы керек» деп айтылды [4]. Араб мемлекеттерінің лигасы шеңберінде лаңкестікке қарсы күрестегі араб елдері арасындағы өзара әрекеттесуді белсендетуге бағытталған Мысырдың сыртқы саяси талпыныстары аймақ елдері жерлеріндегі мысырлық радикалды исламшыл топтардың шетелдік жүйесін бейтараптандыру мақсатында аймақтық деңгейде ынтымақтастық орнату үшін шынайы негіз қалыптастырады. Мысырлықтардың аймақтық деңгейде мейлінше нәтижелі ынтымақтастығы Иордания, Сауд Арабиясы, Алжир және Тунистегі әріптестерімен іске асуда.

1997 жылдың қыркүйек айында Ресей Федерациясымен Қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Аталмыш келісім негізінде екі елдің арнайы қызметтері өзара әрекет етуде. Ресей мен Мысырдың лаңкестікке қарсы әрекет етудегі бағыттары көп жерінде ұқсас: лаңкестікті қабылдамау, оны жеке елдер және діндермен теңдестіруге жол бермеу, бұл құбылысқа БҰҰ қамқорлығында халықаралық құқық нормаларымен қатаң сәйкестікте тойтарыс беру қажеттілігі, лаңкестікпен күрес жүргізу сылтауымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін елемей, бір жақты күш қолдануға жол бермеу және басқалары.

2000-2003 жылдар аралығында мысырлық тарап Австрия, Әзірбайжан, Босния, Канада, Сирия, Швециядан лаңкестік әрекеттер жасады деп айыпталатын 25-тен астам азаматтарының экстрадициясына қол жеткізді. Олардың арасындағы кейбіреулерінің үстінен Луксордағы лаңкестік әрекетке қатыстылығы туралы іс қаралуда, басқалары «әл-Жихад» және «әл-Гамаа әл-Исламия» басқармасының мүшелері болып табылады. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, мысырлық арнайы қызмет шет елдерде жүрген барлығы 290-ға жуық мысырлыққа іздеу салған. Сонымен бір уақытта МАР-дың арнайы қызмет өкілдері экстремистік топтармен ынтымақтасып, лаңкестік әрекеттерді жасады деп айыпталатын исламшылдардың экстрадициясы төңірегіндегі мәселелерді шешуде туындайтын бірқатар қиыншылықтарды да атап өтеді. Мәселен, Ұлыбритания, Германия, Дания, Швейцария және бірқатар басқа елдердегі ұлттық заңнамаға сәйкес, шетел азаматтарын Мысыр өкіметіне ұстап беруге болмайды. Бұл көбінесе Мысырда адам құқықтарын бұзатын «Төтенше жағдай туралы» заңның жүруіне байланысты болды. Алайда заңның бірқатар шарттарын алып тастағаннан кейін, мысырлық басшылық сол елдердегі лаңкестердің экстрадициялануына қол жеткізуге ниет білдіріп отыр.

Сөйтіп, МАР-дың арнайы қызметтері жүргізіп отырған шет елдер териториясындағы исламшылдардың қызметін тоқтату шаралалары елдегі ішкі саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауға оң әсер тигізеді деп айтуға болады.

Мысырлық экстремистік ұйымдардың шетелдік бөлімшелермен байланыстарын үзудегі ел өкіметінің сәтті қимылдарына қарамастан, соңғы жылдары лаңкестер исламшыл құрылымдармен ұйымдастыру бірлігі мен орталықтанған басқарманы қалпына келтіре алды. Оның бір мысалына Усама бен Ладен құрған империализм, христиандық және иудаизмге қарсы күрес жүргізуді мақсат тұтатын «Жихадтың исламшыл майданы» мен «Бүкіл әлемдік исламшыл майданға» «әл-Гамаа әл-Исламияның» «сыртқы басқармасынының» енуі жатады. Сонымен қатар мысырлық басшылықтың мағлұматтарына сай, «әл-Қаида» айыпталатын 2001 жылғы АҚШ-тағы лаңкестік әрекеттер ісіне күдіктілер арасында екі мысырлық бар. МАР басшылығы бұл ұйымға «әл-Гамаа әл-Исламия» және «әл-Жихад» топтарының көптеген мүшелері кіретінін де, ал Айман Завахиридің өзі «әл-Қаиданың» негізгі идеологтарының бірі болып табылатынын да жоққа шығармайды. Бұл тұрғыда АҚШ-тың мәліметтері бойынша Ирақ жерінде болған жаппай қырып жоятын қару 2003 жылғы әскери қимылдардан кейін халықаралық лаңкестердің қолына түсуі мүмкін деген мысырлық өкіметтің алаңдаушылығы түсінікті, өйткені дәл Саддам Хусейннің үкіметіне ағылшын-американ коалициясы қазіргі күні халықаралық лаңкестіктің бейнесі болып кеткен бүкіл әлемдік «әл-Қаида» ұйымымен байланыстары бар деп айып таққаны белгілі.

Қазір кейбір мысырлық лаңкестік топтар бүкіл әлемге қауіп төндіретін халықаралық лаңкестік ұйымдар қатарына кіргізілгенін айтуға болады. Осыған байланысты Мысырға лаңкестікке қарсы әрекет ету үшін халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастығының жоғары деңгейіне шығу қажет.

МАР үкіметі лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күреске, лаңкестік топтарды қолдауға бағытталған ақша ағымдарын бөгеуге ерекше көңіл бөледі. Мысыр банк саласындағы заңнамасының көп тұстарын қайта қарап, халықаралық стандарттарға мейлінше жақындатқанын айтпағанда, Заңсыз табыстарға қарсы күрес жөніндегі қаржылық әрекеттердің халықаралық тобы (Financial Action Task on Money Laundering – FATF) бастамасына белсенді үн қатып, Парсы шығанағы елдерінен келетін қаражат аударымдарын шектеуге және оларды кейін болдырмауға байланысты бірқатар шаралар жүргізуді бастаған Таяу Шығыстағы азғана елдердің бірі болды [5].

Исламшылдармен күресте үлкен рөлді мысырлық үкімет саяси сұхбатқа береді. Мысырдың Ресейдегі бұрынғы елшісі Реда Ахмет Шехаттың пікірінше, исламшыл әскери-саяси ұйымдар елде экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылықтың болуын қаламайды. «Олардың барлық әрекеттері зорлыққа толы қиратушы, бұзушы сипатқа ие. Ислам мемлекетін құруды көздеген олар саяси мәселелерді шешуде исламның зорлыққа шақырмайтынын және шақыра алмайтынын ұмытып кетеді. Бәлкім, бұл адамдар өздерінің лаңкестік әрекеттерін Мысыр аумағынан тыс бұйырылатын қандай да басқа мақсаттарға қол жеткізу үшін жасайды» [6].

Өкінішке орай, көп жағдайда лаңкестермен сұхбат оң нәтижелерге алып келмейді. Сондықтан мысырлық биліктің исламшылдармен күрестегі тағы бір бағытына саяси исламның жақтастарын белсенді түрде сотпен қудалау жатады. Оппозициялық мысырлық газеттің басылымдарынан 1995 жылы ел түрмелерінде 10 мыңға жуық саяси тұтқындар болғаны белгілі.

Ресми ислам исламшылдармен күрестегі тағы бір бағыт болып табылады. Исламшыл радикалдармен күресте маңызды рөлді муфтий, «әл-Азхардың» жоғарғы шейхы Мұхамет Сейіт Тантауи және вакуфтер министрі Махмұт Закзук атқарады. Көптеген әлемдік бақылаушылар олардың исламшыл радикализмге тойтарыс берудегі рөлі өте зор екенін ескертеді. Олар қазіргі басшылыққа жеткілікті түрде лояльді және толығымен үйлесімділікте жұмыс істейді. Мысыр үкіметі үшін тәртіптің «мұсылман имиджін» сақтап қалу, өзінің саясатына ресми діни ұйымдар, бірінші кезекте «әл-Азхар» тарапынан қолдауды қамтамасыз ету өте маңызды екені әбден түсінікті.

Солайша, үкімет жүргізіп отырған шаралар жүйесі елдегі ресми ислам өкілдері атқарып отырған жұмыспен бірге фундаменталистердің ұстанымдарын әлсіретіп, олардың қызмет белсенділігін төмендетуге мүмкіндік берді. 1997 жылы экстремистер Каир мен Луксордағы шетелдік туристерге қарсы бірнеше оқшауланған лаңкестік әрекеттер ғана жасай алды. 1998 жылы олар қалаларда ешбір лаңкестік әрекет ұйымдастыра алмады. 1999 жылы ең ірі жасырын «әл-Гамаа әл-Исламия» ұйымы қарулы күресін тоқтатқандығын жария етті.

Лаңкестікке тойтарыс берудің мысырлық үлгісі көп жағынан жан-жақты және оны Араб Шығысының көптеген елдерінде қолдана алатыны әбден мүмкін.

Лаңкестікті зерттейтін араб ғалымдарының бірі Мұхамет Ибрагим әл-Фаюми жазғандай, мысырлық басшылық «лаңкестіктің жалын отын баса алды, бірақ толығымен сөндіре алмады, лаңкес жетекшілерді қорқыта алғанымен, оларды толығымен жоя алмады. Олардың ісі қазір тірі және келешекте де өмір сүреді» [7].

Болжамға, Мысырдағы лаңкестіктің ықтимал дамуы туралы айтсақ, оның өркендеуі үшін ең қолайлы жағдайға саяси тұрақсыздық пен экономикалық қиыншылықтар жататынын ескеру қажет.

Мысырлық басшылықтың президенттікті жақтайтын күштерге үстем рөлді қамтамасыз ететін қоғамды либерализация элементтерімен ұштастырып, «дозалап» демократияландыру бағыты ішкі саяси жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізеді. Мұндай жүйе президентке өзінің заң шығарушы да, атқарушы да билігін толықтай сақтап отыруға, сонымен бір уақытта ішкі саяси жағдайдың «қызып кетуіне» жол бермеуге мүмкіндік береді. Мубарак Мысырдағы ішкі саяси тұрақтылықты бұзбау үшін және МАР іс жүзінде авторитарлық басқару нысанындағы ел бола тұра, оның демократиялық мемлекет кейпін жасау үшін қолынан келгенінің бәрін жасап отыр. Дәл сол себептен соңғы уақытта мысырлық студенттер тарапынан президент жүргізіп отырған ішкі саясатқа да, сыртқы саясатқа да қатысты наразылықтарын бара-бара жиірек естуге болады. Мұндай жағдай айтарлықтай қауіпті, өйткені исламшылдардың ең қатты ықпалы жастар қоғамына тарайды.

Экономикалық аспектіні қарастырғанда, Мысырда демографиялық ахуалдың толассыз шиеленісуі, валюталық кірістердің қысқаруы, басшылықтың саясаттағы қателіктері және басқа да факторлардың әсерінен болатын болашақтағы экономикалық жағдайдың нашарлау мүмкіндігін де ескермеуге болмайды.

Мұндай жағдайда әлеуметтік мәселелердің шиеленісуі тәрізі әсіресе экономикалық дағдарыстың ауыртпалығын бірінші болып көретін халықтың кедей топтары тарапынан айтарлықтай кең қолдау таба алатын фундаменталистік қозғалыстардың белсенденуіне апарады. Экономикадағы жағымсыз құбылыстардың артуы, елдің былыққан күйге енуі жағдайында исламшылдардың билікке келуі әбден мүмкін. Дегенмен олардың Мысырдағы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуі екіталай, себебі исламшылдарда өздері қарсы шығатын қоғамдағы тәртіптерден бөлек жеткілікті дәрежеде пысықталған бағыттары жоқ. Керісінше мұсылман «жаңартушыларының» өмірге өздерінің утопиялық идеяларын алып келуге талпыныстары бұл мәселелердің кейінгі шиеленісуіне соқтыртаныны әбден ықтимал.

Сонымен бірге исламшыл қозғалыстарда имам Хомейни дәрежесіндегі харизматикалық көшбасшылардың жетіспеушілігі байқалады. Мұның бәрі олардың қозғалысын едәуір әлсіретеді. Исламшылдар бірлігінің болмауы да – сол қозғалыстар тап болатын шешілуі қиын мәселе.

Сонымен бір уақытта экстремистік ұйымдардың әлсіздігі, жағдайының шиеленісуі өкімет назарын басқаға аударту мақсатында көбіне олардың өздерімен жасанды түрде асыра айтылатынын ескеру керек. Іс жүзінде исламшылдардың жұмысы репрессияларға да, дағдарыстарға да бейімделген, жеткілікті түрде жөнге салынған.

Мысыр президенті Хосни Мубарак айтқандай, «исламшыл фундаментализм идеология нысанында немесе радикалды діни қозғалыстар мен ұйымдар нысанында болсын, қолдау тауып кең таралып отырса, оның мұсылман дүниесінің едәуір жерлеріндегі ықпалы жихад жүргізуіне заңды құқық береді. Әрбір елдің экстремистік ұйымдарға өзінің территориясынан көрсетілетін қолдауды түбірімен жою шараларын іске асыруы, тиісті үкіметтердің лаңкестерге саяси баспана бермеу туралы шешімдер қабылдауы, сондай-ақ күллі халықаралық қауымдастықтың күштерін үйлестіру маңызды мәнге ие болатын еді. Лаңкестік мәселесін шешуде бұл жеткілікті болар еді» [8].

Қорытындылай келе, лаңкестік топтардың белсенділігі көп жағдайда ел басшылығы жүргізетін ішкі және сыртқы саясатқа тәуелді болып келеді деген түйін жасауға болады. Мысырлық үкіметтің тәжірибесі исламшыл топтарға қатысты «қамшылау, арбау» саясатын жүргізу қажеттілігін көрсететіні айқын. Тек үзілді-кесілді, еш ымыраға келіспейтін, нақты ұстаным ғана билікке лаңкестердің қызметін жоспарлы түрде бірте-бірте жоя отырып, оларға қарсы күрес науқанын айтарлықтай сәтті жүргізуге мүмкіндік беретіні сөзсіз анық. Енді мысырлық үкіметтің бар күші елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға және мемлекеттің араб әлемінде де, бүкіл дүние жүзі аренасында да беделін сақтап қалуына жұмылдырылуы қажет. Мысыр зайырлы басқару нысаны бар мемлекет бола тұра, өзінің мұсылман елі екенін естен шығармағаны жөн.

1. Камлевская Я.Е. Борьба с терроризмом в Египте на рубеже ХХ-ХХI веков // Ближний Восток и современность. Сборник статей (выпуск девятнадцатый). – М.: Институт изучения Израиля и Ближнего Востока, 2003. – С. 54.

2. Хрусталев М.А. Политика России на Ближнем и Среднем Востоке в 90-е годы // Внешняя политика Российской Федерации 1992-1999. – М., 2000. – С. 286.

3. Дружиловский С.Б. О возможностях борьбы с проявлениями исламского радикализма в современном мире // Ближний Восток и современность. Сборник статей (выпуск девятнадцатый). – М.: Институт изучения Израиля и Ближнего Востока, 2003. – С. 77.

4. Хрусталев М.А. Политика России на Ближнем и Среднем Востоке в 90-е годы // Внешняя политика Российской Федерации 1992-1999. – М., 2000. – С. 287.

5. http://www.oecd.org/fatf/

6. http://zavtra.ru/cgi/veil/data/zavtra/97/210/51/embassador.html

7. Камлевская Я.Е. Борьба с терроризмом в Египте на рубеже ХХ-ХХI веков // Ближний Восток и современность. Сборник статей (выпуск девятнадцатый). – М.: Институт изучения Израиля и Ближнего Востока, 2003. – С. 61.



8. Х.Мубарактың «Фигаро» газетіне берген сұхбаты. – Le Figaro. – 25.11.1998.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет