ӘОЖ: 327(620)
А.Р. Әліпбаев, Б.З.Бюжеева
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
халықаралық қатынастар факультеті, Қазақстан, Алматы қ.
е-mail: aman19@mail.ru
Мысырдағы саяси дағдарыстың салдары мен негізгі мәселелері
Мақалада Мысыр еліндегі Мүбарак билігінен кейінгі саяси дағдарыстың негізгі мәселелері қарастырылады. Мысырдың болашағы үшін күрес бір сәт те толастамады. Мүрсидің әрекеті – сот жүйесіне қарсы соққы беруі – жаңа конституция бекітілгеннен кейінгі оның ойлаған ойын айқын көрсетті. Елдің болашағына қатысты мысырлық либералды және исламдық күштер арасындағы алауыздық арта түсті. Сонымен бірге мақалада 2013 жылғы шілде айының басында Мысырдағы әскери төңкерістің нәтижесінде қалай Мұхаммед Мүрсиді президенттіктен кетіргендігі туралы баяндалады. Мысырда конституция күшінің тоқтатылғандығы жөнінде жарияланған болатын. Елді дағдарыстан алып шығу үшін «Жол картасы» шеңберінде құрылған арнайы комиссия жаңа конституцияның мәтінін әзірлеуді бастайды. Мысырда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу жайында хабарланады. 2014 ж. мамырында Мысырдағы президенттік сайлауда Абдель Фаттах ас-Сиси жеңіске жетті. Мысыр мәселелері айқын және зор өзгерістер күтілуде, сол ретте бүгінгі күні біздің аңғарғанымыз таяу жылдар жағымды өзгерістерге толы болар деген үміттер.
Түйін сөздер: саясат, ислам, араб, қақтығыс, оппозиция, революция, партия.
А.Р. Алипбаев, Б.З. Бюжеева
Основные проблемы и последствия политического кризиса в Египте
В статье рассматривается основные проблемы политического кризиса после падения Мубарака в Египте. Борьба за будущее Египта не прекращалась ни на минуту. Действия Мурси – нанесение удара по судебной системе – наглядно показали то, что он намерен сделать после утверждения новой конституции. Между либеральными и исламистскими силами Египта расли напряжение в связи с разногласиями по поводу будущего страны. В статье также описывается как в начале июля 2013 года в Египте произошёл военный переворот, в результате которого был отстранен президент Мохаммед Мурси. В Египте было объявлено о приостановлении действия конституции. В рамках «дорожной карты» по выводу страны из кризиса была сформирована специальная комиссия, которая начала разработку текста новой конституции. Также было объявлено о проведении досрочных президентских выборов в Египте. В мае 2014 г. Абдель Фаттах ас-Сиси победил на выборах президента Египта. Проблемы Египта очевидны и ожидания перемен огромны, но то, что мы наблюдаем сегодня вселяет надежду на положительные перемены в течение ближайших лет.
Ключевые слова: политика, ислам, араб, конфликт, оппозиция, революция, партия.
А. Alipbayev, B. Buyzheeva
The main problems and consequences of political crisis in Egypt
In article it is considered the main problems of political crisis after falling of Mubarak in Egypt. Fight for the future of Egypt didn't stop for a minute. Morsi's actions – drawing blow to judicial system – demonstrated that he intends to make after the adoption of the new constitution. Between liberal and Islamic forces of Egypt grew tension in connection with disagreements concerning the future of the country. In article it is also described as at the beginning of July, 2013 in Egypt there was a military coup as a result of which the president Mohamed Morsi was detached. In Egypt it was declared stay of action of the constitution. Within "road map" on a country conclusion from crisis the special commission which began development of the text of the new constitution was created. It was declared carrying out early presidential elections in Egypt. In May, 2014 Abdel Fatah as-Sisi won an election of the president of Egypt. Problems of Egypt are obvious and expectations of changes are huge, but that we observe today gives to hope for positive changes within the next years.
Keywords: policy, Islam, Arab, conflict, opposition, revolution, party.
Мысырдағы 18 күнге созылған жалпы халықтық көтерілістің нәтижесінде 2011 жылдың 11 ақпанында Х. Мүбарактың президенттік қызметтен кеткені белгілі. Саяси дағдарыстан кейін елде тыныштық орнайтындай болып еді.Тек ол дағдарыстан кейінде үш жыл бойы cаяси жағдай тұрақтана қоймады. Үстіміздегі жылдың екінші жартысында ғана мысырлық халық бейбіт өмірге аяқ басқандай. Олай болса осы сәтке жетуге не кедергі болды, жаңа өмірді аңсағандардың бір мәмілеге келе алмауының басты мәні неде деген сұрақтар көпшілікті мазалайтыны айқын. Сол ретте 11 ақпаннан кейінгі саяси дағдарыстың салдары мен негізгі мәселелерін ашу үшін соңғы үш жылдағы негізгі саяси оқиғаларды жүйелі баяндай отырып саралауға талпындық.
Мысырдағы билік 2011 жылғы 11 ақпанның кешінде Қорғаныс және әскери өнеркәсіп министрі, фельдмаршал М. Х. Тантави басқарған Қарулы күштердің Жоғарғы кеңесінің қолына өткен болатын. Өйткені елдегі соңғы кездегі экономикалық реформа Қарулы күштердің мүддесіне қайшы келді. Х.Мүбарактың ұлы Гамаль президент болған жағдайда жекешелендіру саясаты жүзеге асатын болса, ол мысырлық әскерилердің экономикалық үстемдігіне қауіп туғызары анық еді. Сол себепті елдегі саяси дағдарысты әскерилер өз мүддесіне сай пайдалануға ұмтылады. Ескі биліктен қалған премьер-министр А. Шафик жаңа үкімет құрылғанға дейін өз өкілеттілігін уақытша атқару мүмкіндігіне ие болғанымен, 3 наурызда оны бұрынғы көлік министрі Эссам Шараф ауыстырды. Билікті қолға алған әскерилер ең алдымен конституцияның күшін жойып парламентті таратқан еді [1].
Мысырдағы сол кездегі саяси жағдай өте күрделі болды. Ел көшелерін танктер мен әскерилер бақылауда ұстағанымен, банктер мен мектептер жұмыс істемеді. Елде діниаралық қақтығыстар кең етек алды. Ереуілдердің әлі де толастамауы әскерилерді бірқатар жеңілдіктер жасауға мәжбүр етті. Соған орай Х. Мүбарак билігінің негізгі тірегі болған мемлекеттік қауіпсіздік қызметі таратылды. 19 наурызда Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдум өтті. Енді президентті 6 жылдың орнына 4 жылға сайлау белгіленді. 3 мерзімге сайлану және төтенше өкілеттілік жойылған болатын [2]. Жоғарғы төрелік соттың шешімімен 16 сәуірде Мысырдың бұрынғы биліктегі ұлттық-демократиялық партиясы қызметін тоқтатады. Х.Мүбарак пен оның жұбайы Сюзанна атындағы барлық қоғамдық орындардың, мектептердің аты өзгертіліп, елдің бұрынғы көсемін айыптау үрдісі басталады.
Елдегі саяси дағдарыстың нәтижесінде «Мұсылман бауырлар» исламдық қозғалысы мен салафиттер нығая түсті. Президенттік сайлауға қатысу мақсатында 30 сәуірде «Мұсылман бауырлар» саяси бюросының мүшесі Мұхаммед Мүрсидің жетекшілігімен Еркіндік пен әділдік партиясы құрылады.
Осындай қиын-қыстау сәтте ел ішінде төңкерістің жаңа толқыны белең алды. Тахрир алаңында жиналғандар Қарулы күштердің Жоғарғы кеңесінің өкілеттілігін азаматтық үкіметке беру талабын алға ұсынды. Мұндай дүрбелең 2011 жылғы 19 қарашасында Каир қаласымен қоса Александрия қаласын да қамтиды. Мысырдың басқа қалаларында да полициямен қақтығыстар жиілеп кетті. Жалпы үшкүндік саяси дағдарыста мыңға жуық адам жарақаттанып, 35 адам қаза болған еді [3]. Тек әскерилер билікті өз қолдарында сақтап қалып, Э.Шараф үкіметін таратты. Тахрир алаңындағы шеруге қатысқан жиырмадан астам партияның өкілдері апта көлемінде «ұлттық құтқару» үкіметін құру талабына қол қояды. Бұл үкіметке тез арада экономиканы жандандыру, кедейшілікпен күресу, бағаны ауыздықтау туралы қысқа мерзімде өзгертулерді жүзеге асыру жауапкершілігі жүктеледі. Сондай-ақ үкімет 30 жылдан бері қолданыстағы Мысырдағы төтенше жағдайды жоюға тиіс.
Мысыр Араб Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы кеңесі Мысырдың өтпелі кезеңдегі үкімет төрағасының міндетін атқарушы ретінде Камаль әл-Ганзуриді тағайындайды. Ол 1996-1999 жылдар аралығында елдің премьер министрі болған еді. Сонымен бірге Мысыр Қарулы күштерінің Жоғарғы кеңесі билікті азаматтық басшылыққа 2012 жылдың 30 маусымына дейін өткізетіндіктері туралы 22 қарашада елдің жетекші саяси күштерімен өткізілген келіссөзде уәде береді [4]. Дегенмен, ел ішіндегі саяси қақтығыстар желтоқсан айында да орын алып жатты.
2011 жылдың қарашасынан 2012 жылдың қаңтары аралығында Парламенттік сайлаулар (төменгі палатаға) өткізіліп, Еркіндік және әділдік партиясы жеңіске жетеді. Мысыр парламентінің жоғарғы палатасы – Шура кеңесіне екі сатыдан өткен сайлау барысында мысырлық исламистер басым орынға ие болады. «Мұсылман бауырлар» исламдық қозғалысы 2012 жылдың 3 наурызында Мысырдың негізгі заңын әзірлейтін Конституциялық комиссиясы туралы заң жобасын жариялайды. Ал Ұлттық жиналыс (парламенттің төменгі палатасы) 29 сәуірде исламистердің басымдылығымен Камаль әл-Ганзури үкіметінің таратылуын талап етті. Тек үкіметті тарату құқы Мысыр Қарулы күштерінің Жоғарғы кеңесінің құзіретінде еді. Сол ретте биліктің әскерилерден азаматтық үкіметке өту талаптары 2012 жылдың 4 мамырында тағы да жалғасты. Мамырдың аяғында өткен президенттік сайлаудың бірінші сатысында оннан астам үміткердің ішінен «Мұсылман бауырлар» исламдық қозғалысының үміткері Мұхаммед Мүрси алға шығады.
Елдің конституциялық соты 2012 жылдың 14 маусымында бұған дейін өткізілген парламенттік сайлауды заңсыз деп таниды. Өйткені сайлау кезіндегі заң бұзушылыққа байланысты парламенттің үштен бір бөлігі заңсыз депутат атанған болып шықты. Осыған орай Мысырда парламенттің төменгі палатасы қызметін тоқтатуға тиіс болды. Мысыр Қарулы күштерінің Жоғарғы кеңесі 17 маусымда елде жаңа парламент сайланғанға дейін заң шығарушылық құзіреттілігіне ие болатындығын жариялайды. Сонымен бірге конституциялық комиссияның құрамын да өздері айқындайтын болды. Президентті бас қолбасшылық құзіретінен де айырды [5].
2012 жылғы 24 маусымда өткен президенттік сайлаудың екінші сатысында «Мұсылман бауырлар» исламдық қозғалысының үміткері Мұхаммед Мүрси жеңіске жеткен болатын. Ол бүкіл халық атынан президент болатындығын мәлімдей келе, ешқандай партияда болмайтындығын жариялайды. 30 маусымда президенттік қызметіне кіріскен Мұхаммед Мүрси 8 шілдеде өз жарлығымен Ұлттық жиналысты қайта қалпына келтіреді [6]. Жоғарғы конституциялық сот бұл әрекеттің заңсыздығын ескертеді. Қарулы күштердің Жоғарғы кеңесі де қарсы болады. Осындай қысымның нәтижесінде Мұхаммед Мүрси Жоғарғы конституциялық сот шешімімен келіседі. Президент су ресурстары министрі Хишама Кандиланы жаңа премьер-министр ретінде тағайындайды.
Тамыздың басында Синай жарты аралындағы қақтығыстардың нәтижесінде бірнеше шекарашы қаза болды. 2012 жылдың 12 тамызында президент М.Мүрси Қарулы күштердің Жоғарғы кеңесінің басшысы, қорғаныс және әскери өнеркәсіп министрі, фельдмаршал М. Х. Тантавиді, Мысыр әскерінің бас штабының басшысы Сами Аннанды қызметінен босатады. Қарулы күштердің Жоғарғы кеңесінің жаңа басшысы, қорғаныс және әскери өнеркәсіп министрі, Мысырдың Бас қолбасшысы қызметіне генерал-полковник Абдул Фатах Халил ас-Сиси тағайындалады. Сондай-ақ 17 маусымдағы Конституциялық декларацияның күші жойылады.
Президент М.Мүрси 2012 жылдың 22 қарашасында соттардың жоғарғы палата мен конституциялық ассамблеяны тарату құқын жоятын конституциялық декларацияға қол қояды. Сонымен бірге президент «революцияны қорғау мақсатында кез келген декрет» шығару құқына иеленеді. Ол «декреттер» сотта қаралуға жатпайды [7]. Әрине Мүрсидің мұндай іс әрекетіне оппозиция өкілдері қарсы шығып, бұл шексіз билікті орнату деп айыптады.
Жаңа Конституция референдум арқылы 2012 жылдың желтоқсанында қабылданады. Мысырда 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа «исламдық» конституция күшіне енді. Бұл конституция әлдеқайда демократиялық сипатта болғанымен, тек онда Мысырдағы азшылықтың – либералды секуляристерден бастап копт христиандарына дейінгілердің мүдделері ескерілмеген [8]. Билікке жеткен «Мұсылман бауырлар» азшылық көпшілікке бағынуға тиіс деген қағиданы негізге алғандығы үлкен қателіктің бастамасы еді. Онда шариғат – конституцияның негізгі өзегі деп белгіленген, олай болса әртүрлі конфессия арасында, ерлер мен әйелдер арасында тепе-теңдіктің болуы күмән туғызды. Жаңа саяси жағдайға либералды жастардың да көңілі толмады, ең соңында халық бір-бірімен қырқысты. Олар да жеңісті «Мұсылман бауырлар» өз пайдасына пайдаланып кеткендігімен келісе алмады.
Исламистерге қарсы оппозициялық топты МАГАТЭ төрағасы болған Мұхаммед әл-Барадей, Араб мемлекеттері Лигасының басшысы болған Әмре Мұса сияқты көрнекті саяси қайраткерлер қолдады. Олар жаңа билік демократиялық ұрандарды желеу етіп, бір адам мен бір партияның шексіз билігіне ұмтылғандығынан қауіптенді. Осындай саяси әрекеттердің салдарынан 2013 жыл Мысыр елі үшін жаңа қақтығыстардың орын алуымен басталды.
Қаңтардың аяғындағы қақтығыстардың барысында 22 адам қаза болды. Ал 26 маусымда Каирдің солтүстігіндегі әл-Мансұр қаласында билік пен оппозиция жақтастарының арасында болған қақтығыс салдарынан 1 адам қаза тауып, 237 азамат жарақаттанған еді [9]. Қақтығыс болған күннің ертеңінде Мұхаммед Мүрси Мысыр халқына арнап үндеу жариялады. Аталған құжатта ол президенттік мерзімде атқарылған іс шараларды атай келіп, ел Конституциясына енгізілуі тиіс өзгерістер мен толықтыруларды бекітетін Ұлттық келісімнің жоғары комиссиясын қалыптастыруға шешім қабылдағанын айтты. Енді Мысырдағы барлық саяси күшттердің бірлесіп жұмыс істеуі қажет екендгін түсінді. Дегенмен, Мүрсидің жақтастары мен қарсыластарының шерулері толастамады. Елдегі саяси қауіпті жағдайды түсінген бірнеше министрлер мен генералдар қызметтен кетті. Мұхаммед Мүрси Қарулы күштерден 48 сағаттық талаптың күшін жоюға шақырып: «Президенттік міндетімді Конституцияға сәйкес атқара беремін. Елдегі тұрақсыздық пен берекесіздікке экс-президент Хосни Мүбарактың билігін жақтайтындар кінәлі. Билік басына заң бойынша келгендерді арандатуға тырысуда» деп мәлімдейді. Ол саяси дағдарыстың алдын алу мақсатында елдегі барлық саяси күшке алдағы парламенттік сайлауға дайындық жүргізетін коалициялық үкімет құруды және Конституцияға енгізілетін өзгерістерді бекітуге, сондай-ақ, парламент мүшелерін анықтауға тәуелсіз комиссия құруды ұсынды.
3 шілдеде оппозиция мүшелері мысырлық билікті президенттен бастап түгел тұтқынға алды. Мысырдың қорғаныс министрі Әбдел Фаттах ас-Сиси: Мысыр әскері Мұхаммед Мүрсиді қызметінен босатқанын мәлімдеді. Конституциядағы заңдар уақытша тоқтатылады. Оған халықтың талап-тілегіне сәйкес өзгерістер енгізіліп, елде жаңа үкімет құрылады деді. Әскери басшылық президенттің міндетін уақытша атқаруды Конституциялық соттың төрағасы Адли Мансұрға тапсырды.
Ия, бұл саяси төңкеріс, оны «контреволюция» деп атауы да өзіне лайық десек болады. Өйткені билікке сол 2011 жылғы революцияға дейінгі билік еткен әскери топпен бірге экономикалық және бюрократиялық элита қайта келді. Тіпті олардың билігі кезінде мысырлық әлеуметтік-экономикалық даму әлдеқайда ілгері болғандығын алдыңғы мақалада жан-жақты дәйектеген болатынбыз.
Дегенмен де, Мысырдағы жаңа саяси төңкеріс те қантөгіссіз болмады. Елдегі саяси дүрбелең кезінде 14 адам қаза тауып, 350 адам түрлі деңгейде жарақат алды [10]. Бұл саяси дағдарыс та 2011 жылғы саяси дағдарысқа өте ұқсас, тек керісінше жағымен. Біріншіден, Мысыр революциясы елдің экономикалық элитасын әскерилермен ымыраласуға мәжбүр етіп, Мүрсиді тез арада қызметтен кетіруге біріктірді; әзірше бұл екі топтың бөліну белгісі байқалмайды. Екіншіден, 2011 жылғы қаңтарда «біртұтас» болған исламдық топ екіге жарылды: «Мұсылман бауырлар» билігінен сескеніп қалған исламдық Хизб ан-Нұр сияқты партиялар мен секуляристік солшыл-либерал топтың көпшілігі бүгінгі билікті қолдауда.
Шілдедегі саяси тұрақсыздыққа байланысты Мысырдың Африкалық Одақ құрамындағы мүшелігі уақытша тоқтатылды. Оның басты себебі демократиялық жолмен сайланған президентті тақтан тайдыру мысырлық конституцияға қайшы келеді. Яғни, билік заңсыз жолмен ауысты. Африкалық Одақ кеңесі Мысырды Одақ құрамында әрекет ету құқығынан уақытша айыруға шешім қабылдайды. Мұхаммед Мүрси биліктен кеткеннен кейін 2013 жылдың 3 шілде күні Мысырда конституцияның заңдық күшінің жойылғандығы жарияланды [11]. Сонымен бірге мысырлық қарулы күштер «Мұсылман бауырлар» қозғалысының белсенділерін біртіндеп тұтқындауға кірісті.
Елді дағдарыстан алып шығу үшін «Жол картасы» шеңберінде құрылған арнайы комиссия жаңа конституцияның мәтінін әзірлеуді бастайды. Комиссияны Әмір Мұса басқарады. Әмір Мұса - Мысырдың бұрынғы сыртқы істер министрі (1991–2001), Араб мемлекеттері Лигасының Бас хатшысы (2001–2011) болған тұлға, 2012 жылғы президенттік сайлауының үміткері. Комиссия құрамына 50 адам мүше болып, олардың арасында саясаткерлер, әскерилер, христиан дінінің өкілдері мен «Мұсылман бауырлар» қозғалысынан екі мұсылман өкілі кіреді [12]. Жаңа Конституцияның мәтінін 2013 жылдың 3 желтоқсан күні Мысырдың уақытша президенті Адли Мансұр бекітеді. Жаңа негізгі заңда ел өміріне исламның ықпалы шектеледі де, әскерилер мен бір палаталы парламенттің өкілеттілігінің күшейгендігі белгіленген. Яғни жобада Мысырда «азаматтық үкімет» орнатылып, шариғат өлшемдерін қолдану шектелгені айтылған. Араб тілінде «азаматтық» деген сөз діни емес дегенді, сонымен бірге әскери де емес дегенді білдіреді. Яғни мемлекетті діни қайраткер де және әскери құрылымнан шыққан тұлға да басқаруға тиіс емес. Ал президенттікке ұсынылған генерал Абдул-Фаттах Халил Ас-Сиси болса әскер қатарынан кетіп азаматтық президент болуға уәде береді.
Жаңа конституция бойынша әскерилерге келесі екі президенттің мерзімдері кезінде қорғаныс министріне үміткерді ұсыну құқы берілген. Ал парламент президентті ығыстыру және айыптау құқына ие болады. Бұл үшін депуттатардың үштен екі дауысы жеткілікті [13]. Әрине, жаңа конституцияның мәтініне көңілі толмағандар референдум өткізуге қарсылықтарын білдіріп жатты. Референдумның бірінші күні өткен қақтығыс барысында он адам қаза болды. «Мұсылман бауырлар» ұйымының жақтаушыларының Каир маңындағы қалашықта дауыс беру шараларын өткіздірмеу әрекеттері әскерилер мен полицияның қарсылығына тап болып, бес адам мерт болса, Бени-Суэйфедегі осындай қақтығыста бір адам, Сохаг қаласындағы қақтығыста төрт адам қаза болған еді [14].
2012 жылғы Конституцияны өзгерту туралы референдум Мысырда мысырлықтар үшін 2014 жылдың 14-15 қаңтарында өткен болатын. Ал шетелде тұратын мысырлықтар 8 қаңтардан бастап 12 қаңтарға дейін дауыс берген еді. Жалпы тұрғындардың 39 пайызы қатысып, елдің жаңа Конституциясын 98,1% басым дауыспен қолдады [15]. Мысырдың жаңа конституциясы осындай қантөгісті жағдайда қабылданды.
Жаңа конституцияға деген қарсылықтардың болуының басты себептерінің бірі уақытша үкіметтің «Мұсылман бауырлар» қозғалысын – лаңкестік ұйымы деп жариялауы. Қозғалыс бұл кезеңге дейін өте көп жақтаушыларға ие болып келді. 2013 жылы азайғаны болмаса, 2012 жылғы маусым айындағы президенттік сайлауда М.Мүрсиді жақтап 50 пайыздан астам дауыс жинаған болатын. Сол себепті «Мұсылман бауырлар» қозғалысын саяси алаңнан толығымен аластату, елдегі әлеуметтік-саяси жағдайды ушықтыра түсері анық. Дегенмен, жаңа келген биліктің «Мұсылман бауырлар» қозғалысын шеттетуі үлкен мәнге ие. Өйткені ол – Мысырдағы ең ықпалды күштердің бірі екендігі белгілі. Бұл қозғалыс 1928 жылы құрылған болатын. Сол кезден бастап олар ислам мемлекетін құруды жақтаған. Кейінірек Мысырда «Мұсылман бауырлар» қозғалысына тыйым салынып, тек 2000-жылдары қайта саясатқа ашық араласа бастайды. Ал «араб көктемінен» кейін саяси алаңдағы белсенділіктері тек арта түсті.
Мысыр елінің президенті болуға бірнеше үміткер тіркелген болатын. Олар: Абдул-Фаттах ас-Сиси - Мысырдың қорғаныс министрі; Хамден Сабахи - 2012 жылғы президенттік сайлауға үміткер, Намыс партиясының мүшесі, 2013 жылы М.Мүрсиді биліктен кетіруді қолдаған; Мортада Мансұр - копттік христиан, 2012 жылдан Мысырдағы Либералды конституциялық партияның төрағасы; Халед Әли – заңгер; Мұхаммед әл-Барадей - соңғы он екі жыл көлемінде МАГАТЭ басшысы; Ахмед Шафик – генерал лейтенант, 2011 жылдың басында үш ай көлемінде Мысырдың премьер-министрі. Тек үміткерлердің кейбіреуі сайлауға қатысудан өздері бас тартты. Ең соңында Мысырдың сайлау комиссиясы белгіленген мерзімде толық құжаттарын өткізгендер деп екі үміткерді мәлімдеді [16]. Олар: Абдул-Фаттах ас-Сиси және Хамден Сабахи. Уақытша үкімет Абдул-Фаттах ас-Сисидің сайлауда жеңіске жетуіне барлық жағдай жасағандай. Конституциялық өзгертулердің өзі толық қанды билікке ие болуға бағытталған. Мысырдың жаңа президенті ретінде 26 мамырдағы президенттік сайлауда 97 % дауыспен жеңіске жеткен Абдул-Фаттах Халил ас-Сиси 2014 жылдың 8 маусымында өз қызметіне кірісті.
Мысырдың жаңа конституциясы бойынша Президент төте сайлау барысында сайланады және төрт жыл мерзімге, сонымен бірге екі мәрте ғана сайлану құқы белгіленген [17]. Жаңа конституция ескі тәртіптің саяси қайраткерлерінің қайта саяси өмірге келуіне жол ашты. Бір палаталы парламентке президенттің ықпалын күшейту де өте оңтайлы. Бұл Мысыр елінің кейінге қайта оралуы емес пе деген де күдік туғызады. «Мұсылман бауырлар» сияқты өте ықпалды саяси қозғалысты биліктен шеттету олардың қарсылығын күшейте түсетіндігі әбден ықтимал. Болашақта оларды сыртқы күштердің пайдаланбасына кім кепіл? Олай болса елдегі саяси жағдайдың тез арада тұрақтануы негізгі мәселе болып қала бермек. 2014 жылдың 5 желтоқсан күніне белгіленген парламенттік сайлаудың нәтижесінде құрылатын Мысырдың бірпалаталы жаңа заңдық билігі елдегі саяси жағдайдың бірқалыпқа түсуіне өзіндік үлесін қосады деп сенеміз.
Әдебиеттер
1 Военные Египта отменили действие конституции и распустили парламент// www.mignews.com/news/politic/world/130211_224108_36788.htm, (13.02. 2011).
2 В Египте подводят итоги референдума по изменению конституции//
www.rosbalt.ru/comments/main/2011/03/19/830318.html, (19.03.2011).
3 Беспорядки в Египте привели к жертвам// lenta.ru/news/2011/11/20/clashes/, (20.11.2011). 4 Военные Египта передадут власть до 30 июня 2012 года// http://golosislama.ru/news.php?id=3381, (23.11.2011).
5 Высший совет вооруженных сил Египта распустил парламент//http://www.rbc. ru/rbcfreenews/20120617055656.shtml, (17.06.2012)
6 Президент Египта возобновил работу нижней палаты парламента// http://glavcom.ua/news/84969.html, (09.07.2012) 7 Новая Конституционная декларация Египта наделяет президента исключительными полномочиями// http://diver-sant.runwww.diver-sant.ru/politics/29472- html, (22.11.2012).
8 Egypt: Mohamed Morsi calls December referendum on constitution // http://www.theguardian.com/world/2012/dec/02/egypt-, (2 December 2012).
9 Три года после революции: реконструкция режима Х.Мубарака// sol.ru/news/plist/show/560758
10 Исаев Л. М., Коротаев А. В. Египетский переворот 2013 года: опыт эконометрического анализа // http://polit.ru/article/2013/09/20/egypt/, (20.09.2013).
11 Президент Египта задержан, действие Конституции приостановлено// http://www.1tv.ru/news/crime/236636, (04.07.2013).
12 Комиссия по работе над конституцией Египта начнет работу в воскресенье//http://ria.ru/world/20130720/951086439.html, (20.07.2013).
13 Референдум по новой конституции Египта намечен на середину января 2014 года //cis-emo.net/en/node/4836 , (11.12.2013).
14 За первый день референдума в Египте погибли десять человек //newsland.com/news/ detail/id/1306289, (15.01.2014).
15 Египетскую конституцию поддержали 98% избирателей //bbc.co.uk/russian/international/, (18.01.2014).
16 Египтяне будут выбирать президента из двух кандидатов// bbc.co.uk/russian/rolling_news/, (20.04.2014).
17 Конституция Арабской Республики Египет 2013 года// www.worldislamlaw.ru/?p=1377, (15.01.2014).
References
1 Voennye Egipta otmenili deistvie konstitutsii i raspustili parlament// www.mignews.com/news/politic/world/130211_224108_36788.htm, (13.02. 2011).
2 V Egipte podvodyat itogi referenduma po izmeneniyu konstitutsii //
www.rosbalt.ru/comments/main/2011/03/19/830318.html, (19.03.2011).
3 Besporyadki v Egipte priveli k zhertvam// lenta.ru/news/2011/11/20/clashes/, (20.11.2011). 4 Voennye Egipta peredadut vlast do 30 junya 2012 goda// http://golosislama.ru/news.php?id=3381, (23.11.2011).
5 Vysshii sovet voorezhennyh sil Egipta raspustil parlament//http://www.rbc. ru/rbcfreenews/20120617055656.shtml, (17.06.2012)
6 Prezident Egipta vozobnovil rabotu nizhnei palaty parlamenta// http://glavcom.ua/news/84969.html, (09.07.2012) 7 Novaya konstitutsionnaya deklaratsiya Egipta nadelyaet prezidenta isklyuchitelnymi polnomochiyami// http://diver-sant.runwww.diver-sant.ru/politics/29472-.html, (22.11.2012). 8 Egypt: Mohamed Morsi calls December referendum on constitution // http://www.theguardian.com/world/2012/dec/02/egypt-, (2 December 2012).
9 Tri goda posle revoluytzii: rekonstruktziay rezhima H.Mubaraka// sol.ru/news/plist/show/560758
10 Isaev l.M., Korotayev А.V. Egipetskii perevorot 2013 goda: opyt ekonometricheskogo analiza // http://polit.ru/article/2013/09/20/egypt/, (20.09.2013).
11 Prezident Egipta zaderzhan, deistvie Konstitutsii priostonovleno// http://www.1tv.ru/news/crime/236636, (04.07.2013).
12 Komissiya po rabote nad konstitutsiei Egipta nachnet rabotu v voskresenie //http://ria.ru/world/20130720/951086439.html, (20.07.2013).
13 Reverendum po novoi konstitutsiei Egipta namechen na seredinu yanvarya 2014 goda//cis-emo.net/en/node/4836 , (11.12.2013).
14 Za pervyi den reverenduma v Egipte pogibli desyat chelovek //newsland.com/news/ detail/id/1306289, (15.01.2014).
15 Egipetskuyu konstitutsiyu podderzhali 98% izbiratelei//bbc.co.uk/russian/international/, (18.01.2014).
16 Egiptyane budut vybirat prezidenta iz dvuh kandidatov// bbc.co.uk/russian/rolling_news/, (20.04.2014).
17 Konstitutsiya Arabskoi Respubliki Egipet 2013 goda// www.worldislamlaw.ru/?p=1377, (15.01.2014).
Достарыңызбен бөлісу: |