А. Р.Әліпбаев Еуропалық қауіпсіздік мәселесіндегі Түркияның алатын орны



Дата08.07.2016
өлшемі106.56 Kb.
#184428
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Халықаралық

қатынастар және ҚР сыртқы саясаты кафедрасының

доценті, т.ғ.к., А.Р.Әліпбаев

Еуропалық қауіпсіздік мәселесіндегі Түркияның алатын орны
Халықаралық қатынастар тарихының әр кезеңінде екі үрдістің, яғни ынтымақтастықпен қатар бақталастықтың да байқалуы заңдылық сияқты.

Мәні жағынан тарихи бұл үрдістердің қатынасы, қазіргі жағдайда олардың өзара ықпалының, әлемдік қоғамның жан-жақты өмірінің тығыз үйлесуі барысында өтуде. Көп ретте, осы жағдай бүгінгі күні Еуропа құрлығының алдыңғы қатарлы елдері арасындағы қарым-қатынастардың дамуында, бақталастықтан көрі ынтымақтастық үрдісі басым бола бастауына өз үлес-әсерін тигізуде. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі жылдарда осындай ынтымақтастыққа ұмтылған Еуропа елдері - бүгінгі күні Еуропалық Одақ көлемінде өздерінің саяси-экономикалық үйлесуін дамытуда.

Еуропалық Одақтың қазіргі, заманына сай бірлестік болғандығына, оған мүше-мемлекеттерге қаншалықты тиімді екендігіне, жылдар өткен сайын осы Одақтағы мүше мемлекеттер шеңберінің өсе түсуінің өзі-ақ дәлел.

Соңғы кезде бүкіләлемдік қоғамдастық жаһандық көлемде әлемдік тәртіпті қайта құру мәселелерімен түйісуде. Жаңа геосаясат пен экономикалық болмыстар, жалпы және аймақтық дамудың қозғаушы күшіне айналуда. Өз кезегінде мемлекеттер мен беймемлекеттік субьектілердің соңғы уақыттағы жер шарының қай түкпірінде болмасын пайда болған оқиға желісіне тәуелді болуы, күннен-күнге өсіп келе жатқаны аян. Әлемді экономикалық, саяси және экологиялық, сонымен бірге мәдени байланыстардың шырмай түсуі, мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды және жеке тұлғаларды күрделі өзарақатынас шеңберіне тартуда. Яғни, мемлекеттер бірте-бірте халықаралық қатынастар жүйесінде өзаратәуелділік күйіне түсуде.

Шын мәнінде де, мемлекеттер арасындағы өзаратәуелділіктің нығая бастауының жағымды жағы деп, осы мемлекеттер арасындағы аумақтық шиеленістердің азайып келе жатқандығын айтуға болады. Сонымен қатар, ендігі жерде әрбір мемлекет, өзінің нақтылы беделі мен ықпалына қарамастан, жаһандану негізінде әлемдік қоғамдастықтағы барлық істерге тартылуда.

Әрине, жалпы осы жаһандану мәселесіне орай, ендігі жерде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа геосаясат тарапынан қарағанда әлдеқайда өзгерген. Мәселен, бұрын халықаралық шеңбердегі билік пен ықпал үшін күрес, ең алдымен қатысушы мемлекеттердің қарулы күші және идеологиясы арқылы жүзеге асса, енді бұл негізінен экономикалық тетіктерді қосу барысында іске асуда. Соған қарамастан, халықаралық қатынастар жүйесіндегі бүгінгі құбылыстың дамуын, оның ішінде мемлекетаралық шиеленістерді бастан кешіре отырып, ынтымақтастыққа ұмтылуын түсіну үшін, оның шыққан түп-тамырын, жағрапиялық орналасуын, өткен тарихын және мәнін жан-жақты сараптау, өзінің маңыздылығын жойған жоқ.

Өйткені, халықаралық қатынастар жүйесінде әр мемлекеттің жағрапиялық орналасуы, оның келешек мемлекетаралық қатынастарына, ішкі саясаты негізінде сыртқы саясатын қалыптастыруына тікелелей ықпал жасайтындығы сөзсіз. Осының барлығы жиналып келіп, сол мелекеттің халықаралық қатынастар жүйесіндегі келешек көздейтін мүддесін қалыптастырады.

Жағрапиялық қозғаушы күшінің мемлекетаралық қатынастарға тигізген әсері ұлан-ғайыр деп айта аламыз. Өйткені, басты шиеленістердің көзі де осы мемлекеттердің жағрапиялық орналасуымен тығыз байланысты екендігіне еш күмән жоқ.

Сол ретте, Еуропалық қауіпсіздік дәстүрлі негізде көпшілік тарапынан Еуропалық құрлық немесе Батыс Еуропа аумағы шеңберінде шектеліп келді. ХХ ғасыр барысында әлемдік деңгейде Еуропа тұрақсыздықтың негізгі көзі болғаны белгілі.

Тарихи тұрғыдан алғанда ғасырлар бойы еуропалық мемлекеттер бір-бірін өз қауіпсіздігіне және отарлық иеліктеріне қатер төндіруші ретінде қарастырды. Соның негізінде әлемдегі Еуропадан тыс жатқан құрлықтар еуропалық қақтығыстардың қосалқы алаңына айналған болатын. Уақыт өте келе өз иеліктеріндегі қақтығыстар оның ішінде ұлт-азаттық қарсылықтар отарлаушы елдердің ұлттық мүддесіне қатер тудырушы ретінде қабылданып, қақтығысқа тікелей араласу басым болды.

Бүгінгі күні әлемнің геосаяси түрінің өзгеруі және Еуропамен көршілес жатқан елдердегі дағдарысты ахуалдың кең етек алуы еуропалық қауіпсіздіктің негізгі стратегиялық мәселелерін кері шегерді. Жалпы, жағрапиялық тұрғыдан алғанда АҚШ, Канада, Ресей және Украинамен қатар Еуропалық Қауіпсіздік және Қорғаныс жүйесінің қызметі үш басым бағытты айқындаған болатын: Балкан, Азия және Жерортатеңіздік аймақ.

Яғни, бұл саяси бағыттың қатарында Түркия бағыты да бар. Түркия бүгінгі күні Жерортатеңіздік халықаралық-саяси аймаққа жатады. Жерортатеңіздік халықаралық-саяси аймаққа Түркиямен қатар Парсы шығанағындағы мемлекеттер, Таяу және Орта Шығыс елдері кіреді. Бұл аймақ та ежелден Еуропа үшін аса зор мәнге ие екендігі белгілі. Сондықтан да соңғы кездегі еуропалық қауіпсіздік мәселелерінің өзгеріссіз қалғаны осы Таяу және Орта Шығыс бағыттары. Бұл бір жағынан мұнай мен газ өнімдеріне тәуелділік салдары болса, екінші жағынан аумақтық ара қашықтықтың жақындылық салдары, сол негізде Еуропадан, жерортатеңіздік аймақтан, Парсы шығанағы аймағынан, Каспий бассейні мен Қара теңізден құралған бірыңғай стратегиялық кеңістіктің болуы.

Түркияның геосаяси тұрғыдан Жерортатеңіздік аймаққа жататындығы ешқандай дау туғызбайды. Оның Жерортатеңізіндегі тарихи үстемдігі толық бір дәуір деп айтсақ болады. Сонымен бірге, ежелден Османдық империя осы аймақтағы бірқатар елдерді өз құрамында немесе тәуелділік құқында ұстап келген. Екінші тарапынан, Түркия аймақтың солтүстік шекарасы, өз кезегінде Жерортатеңізі мен солтүстіктегі көршілестері Ресей мен Австриялық империялар арасындағы өзіндік бөгеттік рөлін атқарды, яғни өзі тікелей мүдделі өңірге немесе даусыз үстемдік еткен аумағына ешкімді ешқандай жағдайда жібермеуге ұмтылумен болған еді.

Жерорта теңізі XVIII ғасырға дейін араб, христиан және түрік теңіз күштерінің бәсекелестік өңіріне айналса, кейінгі дәуірде Еуропа халықаралық қатынастар жүйесінде қуатты қатысушыға айналып басқаларын бұл аумақтағы үстемдігінен ығыстыра бастады. Еуропа елдері енді аймақтағы елдерге өз саяси-экономикалық тәртібін жүктеп, өз отарларына айналдырды. Жерорта теңізі «еуропалық теңізге» айналды.

Бір кездері Американың ашылуына байланысты екінші орынға кете бастаған Жерортатеңізі аймағы XIX ғасырдың екінші жартысында Суэц өзегінің іске қосылуына байланысты маңыздылығы да қайта арта түсті, ең бастысы Атлантикадан Үнді мұхитына тікелей шығу мүмкіндігі жүзеге асты. Соған орай Еуропаның жетекші елдері – Ұлыбритания, Франция, Италия, кейінірек Германияның осы аймақты қадағалауына қатысты бақталасы ХХ ғасырдың ортасына дейін жалғасып жатқан еді.

Екінші дүние жүзілік соғыс бұл аймаққа тіптен жаңа күш –Америка Құрама Штаттарын әкелді. Сол сәтте мұхиттың арғы жағындағы елдің көне еуропалық елдерді аймақтан әжептәуір ығыстырып бұл өңірде ұзаққа қалып аймақтың болашағы мен дамуының айқындаушысына айналатындығы ешкімнің ойына келмеді.

Дегенмен, еуропалықтар аймақты өзінің соғыстағы одақтасына бүтіндей бере қоймады. Соғыс зардабынан естерін жинай бастаған Еуропа енді құрылықтағы елдер арасында өзара әрекеттестік ұйымдарын құру арқылы еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып саяси-экономикалық дамуға бет бұрды.

ХХ ғасырдың елуінші жылдарында «Қырғи-қабақ соғыстың» шиеленісті сәтінде еуропалықтар сол кездегі ең басты қатер Кеңестер Одағына қарсы геосаяси тарапынан тиімді орналасқан Түркияның Солтүстік атлантикалық одаққа мүше болуын қолдауы еуроатлантикалық мүддеге сай келгенімен бүгінгі күні Түркия Еуропалық Одаққа мүше болуға ұмтылғанымен міне, ресми түрде он жылдан асты оны кеудесінен кері итермелеп келеді. Түркияның сол кездегі премьер министрі Тұрғыт Өзал 1987 жылы ресми түрде Еуропалық Одаққа толыққанды мүше болу жөнінде ұсыныс жасаған еді. Еуропа болса Түркияның экономикалық дамуы жағынан да, копенгагендік саяси өлшемдері тарапынан да мүше болуға әлі ерте екендігін білдірген болатын. Алайда, Түркия екі жыл өткеннен кейін, 1989 жылы дайындық үрдісін бастап кетті. 1995 жылы Түркия Кедендік одаққа мүшелікке ұмтылып тағы да Еуропалық Одаққа қабылдау жөнінде тілек білдіргенде, ЕО шеңберінде пікір-талас үдей түсті. Түркия үшін аса маңыздысы ресми Афинаның ұстанымы еді, Грекия өзінің вето құқын пайдаланбады, өйткені мұның орнына ол ЕО мүшелерінен Кипрдің мүше болу үрдісін бастауына келісімін алды.

1997 жылғы Люксембургтегі саммитте Түркия тағы да «толыққанды мүше үміткер-ел» мәртебесін беруді талап еткенімен, ұзақ талқылау нәтижесі елдің ішкі заңнамасы әлі де копенгагендік өлшемдерге сай еместігін алға тартты [1].

Түркияның АҚШ-пен қарым-қатынастарының нәтижесі, 1999 жылы Хельсинкіде Түркия өтінішін қайта қарау мүмкіндігіне себепкер болды. Түркия бұл мәжілісте үміткер-ел мәртебесін иеленді. Ал 2002 жылғы Копенгагендегі саммитте Анкараның саяси жүйесінің Еуропалық Одақтың өлшемдеріне толық сай болмауы еуропалық елдер тарапынан Түркияның толыққанды мүше болуы жөніндегі келіссөздердің басталу мерзімін атаудан бас тартуына әкелді.

Дегенмен, 2004 жылы маусымда Нью-Джерси штатында «Үлкен сегіздіктің» кездесуі барысында ұсынылған «Үлкен Таяу Шығыс» жобасы бойынша Түркияға арналған рөл екіжақты. Жалпы Түркия үшін құрылық аралық мәселе қашан да өте ауыр.

Түркия мұсылман әлемінің жетекшісі бола алмайды, ал Еуропаға кіретін болса онда кіші серіктес құқында ғана. Ал енді елдің халық санына келетін болса бүгінгі күні Еуропа көлемінде Германиядан кейінгі екінші орынға ие болар еді, жылдық өсім үлесін ескеретін болсақ, онбес жылдан кейін тіпті алдыңғы орынға да шығары сөзсіз. Келесі өзекті мәселе Еуропаның бүгін Түркия шекарасында шектелуі де, немесе оны өзіне қосатын болса Иракпен шекаралас болуы. Сондықтан да Еуропа Түркияны түбегейлі өз қатарына қосуға асықпайтын сияқты.

2004 жылғы 17 желтоқсандағы Брюссельде өткен саммит Түркияның мүше болу мәселесі көптеген еуропалық елдердің ішкі саяси мәселесіне айналғандығын көрсетті. Сонымен бірге, енді ғана Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі болған Кипр Түркия тарапынан елдің тәуелсіздігін мойындауын талап еткен болатын. Түркия болса, Кедендік Одақтың мүшесі ретінде ЕО-ның жаңа мүшелерімен, оның ішінде Кипрмен де қосымша келісім шартқа қол қоюы керек, ол өз кезегінде тәуелсіздікті мойындаумен тең, сондықтан мәселенің талқылауы кейінге қалдырылды.

Еуропалық Одақ пен Түркия арасындағы қарым-қатынастарда 2005 жылғы 3 қазандағы Люксембургтегі кездесуде ЕО мүше-елдері Түркиямен келіссөздерді бастау жөнінде шешімге келген еді. Еурокомиссия 150 талаптан тұратын тізімді орындағаннан кейін ғана Түркия толыққанды мүшелікке үміттене алатын болды. Талап – өте қатаң сипатқа ие және орындау мерзімі екі жыл деп белгіленген болатын.

Дегенмен, Еуропалық қорғаныс күштері жөніндегі құжаттарда Еуропалық Одаққа мүшелікке үміткер елдермен өзара әрекеттесуге көп көңіл бөлген, сондай елдердің арасында Түркия да бар. Бұл елдерге Саясат және қауіпсіздік жөніндегі комитетке өз өкілдерін және әскери штабқа байланысшы әскери қызметкерлерін тағайындау ұсынылған болатын. Үшінші елдердің әскери мекемелері өкілдерінің Еуропалық қорғаныс күштері қолбасшылығымен кездесулері, тіпті олардың әскери жаттығуларға қатысулары қарастырылған.

Яғни, Еуропалық Одақ құрлықтағы тұрақтылықтың кепілі болу мүмкіндігіне ие болу үшін қуатты қорғаныс ұйымын қалыптастыруы қажет. Алайда, еуропалық елдер АҚШ-тың көмегіне кет әрі емес, сонымен бірге Солтүстік атлантикалық одақтағы қызмет шеңберін де шектегелі отырған жоқ. Тек, күндердің-күнінде екіжақты саяси мүдделер екі айырылған жағдайда өзінің қуатты әскери құрылымы қажет болады. Өйткені, Еуропа елдері мен АҚШ арасындағы қауіпсіздік мәселесін түсінуде өзіндік ерекшеліктері айқын. Мысалға, АҚШ халықаралық лаңкестікті мемлекеттің тұтастығына туғызатын қатер деп қабылдап, соғыс жарияласа, еуропалық елдер халықаралық лаңкестіктің қауіп туғызатынын жоққа шығармайды, бірақ оны бірден-бір әскери қатер деп есептемейді. Осыған сәйкес Германия үкіметі саяси, дипломатиялық және барлау шараларының, кей жағдайда ғана әскери қолдаудың қажеттілігін ескертеді. Осының негізінде Солтүстік атлантикалық одақтың рөлі айқындалады. Еуропалық елдер Солтүстік атлантикалық одақты жалпы қауіпсіздіктің құралы ретінде және трансатлантикалық шешімдер қабылдаудың жиыны ретінде қарастырады. Ал АҚШ болса оны өзінің ғаламдық саяси қауіпсіздігінің құралы ретінде және оның қарулы күштерін қажетті сәтте қақтығыстарға араластыру үшін пайдаланады.

Еуропалық экономика мен халықаралық қатынастардағы қалыптасқан жағдайға қарамастан Еуропалық Одақ пен Солтүстік атлантикалық одақтың сыртқы саясатының негізгі бағдары, сондай-ақ қауіпсіздік саясаты өзгеріссіз батыс-шығыс бағытында өтеді. Кеңестер Одағы ыдырағаннан сәттен бастап Еуропалық Одақ пен Солтүстік атлантикалық одақтың шығыстық кеңею мәселесі екі ұйым үшін де бірінші кезектегі міндеттеме болып табылды.

Дегенмен, «Еуропалық оңтүстің өңір де» көзден тыс қала қоймағанымен бұл аймаққа қатысты нақтылы саяси стратегия мен жетуге талпынған мақсаттар айқын емес. Еуропалық Одақтың кейбір жеке мүше-мемлекеттерінің Ауғанстандағы әскери қатысуы мен Ирактағы халықаралық топ қатарында болуы барлық саяси қуат көзін өзіне тартып соның нәтижесінде негізгі қауіпсіздік мәселелері екінші қатарға итерілді. Ең алдымен Палестина мен Ливандағы, Ирак пен Ауғанстандағы зәру қақтығыстарда Батыс Еуропаның оңтүстік-шығыс және оңтүстік бөліктерінің стратегиялық рөлі қысқартылды.

Ираннан төнген қауіпсіздік қатері және оның атом бағдарламасы – бұл енді шекаралық өңір. Стратегиялық қадамға жауапкершілікті, қажетті жағдайда алдын алу соққыны Еуропалық Одақ пен Солтүстік атлантикалық одақ АҚШ пен Израильге артты. Сонымен бірге Еуропалық елдер саяси қақтығыстардың шоғырлануы мен Еуропаға қарсы лаңкестіктік қатердің күшейе түсуінен қауіптенеді. Әрине бұл қауіптену негізсіз де емес. Иранға қарсы пайдаланылуы мүмкін саяси-экономикалық шараларда еуроатлантикалық саясаттың табандылығы байқалмайды. Жалпы бұл аймақтағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған еуропалық бірыңғай саяси тұжырымдама жоқ десе де болады.

Пәкістандағы және Орталық Азияның басқа да елдеріндегі ішкі дағдарыстар Ауғанстандағы ахуалдың тұрақтандыру талпынысына кері әсерін тигізуде. Осы өзекті мәселелерге қатысты батыстық үкіметтер барлық күш-жігерлерін біріктіретіндігін күту де артық. 2008 жылдың көктемінде өтетін Бухаресттегі саммитке белгіленген «Солтүстік атлантикалық одақтың жаңа стратегиялық тұжырымдамасы» мен бағдарламасы да бұл кемшілікті ығыстыра алмас. Ол үшін болашақпен айқындалған нақтылы мақсаттар саяси мүмкіндікке негізделгені дұрыс.

Солтүстік атлантикалық одақ өзінің ішкі шеңберінде Түркия мен Орталық Азияны қоса қамтыған бірыңғай таяушығыстық саясат жөнінде келісімге келу қажет. Өйткені Түркия да Ресей сияқты еуроазиялық кеңістікте маңызды стратегиялық ұстанымға ие екендігі айқын. Түркияның қуаттылығына немесе әлсіздігіне қарамастан бұл ел Еуропа қауіпсіздігі үшін өте маңызды ел. Өйткені, Еуропалық Одақтың «Бірлескен сыртқы саясаты мен қауіпсіздік саясатындағы» оңтүстік-шығысқа қатысты «еуропалық қорғаныс саясаты» әскери тұрғыдан да стратегиялық жағынан да Түркияның қатысуынсыз толыққанды бола алмайды.

Түркия өзінің жағрапиялық орналасуы және этникалық құрамы бойынша Орталық Азия, Иран және Парсы шығанағы аймағында, сонымен бірге Ирак пен Сирияға тікелей шекаралас болуы арабтық әлемде тұрақтандырушы қызметін атқарады. Қазіргі өзгеріске түскен геосаяси жағдайда да түріктік Босфор және Дарданелла бұғаздары бұрынғыша Еуропа үшін стратегиялық теңіз жолы болып қала бермек. Сонымен бірге, Бакуден тартылатын мұнай құбыры жерортатеңіздік түрік кемежайы Джейханға дейін жетеді. 2003 жылы Ирактағы соғыс басталғанда Парсы шығанағы аймағындағы дағдарысқа қатысты кез-келген әскери әрекет Түркияның одағынсыз күрделене түсіп, соның салдарынан орны толмас күшпен қыруар құнды уақытты жоғалтары сөзсіз еді.

Еуроатлантикалық одақтастық ішінде Түркия өзінің көздеген саяси мақсаттарына ұмтылды. Иракқа ықпал ету мақсатында Иранмен келісімдерге қол жеткізіп ирактық Күрдістанның бөлініп кетуінің алдын алуы, бұл аумаққа түріктік қаржы молынан салынып, өз өнімдерін кіргізген болатын.

Сондықтан да еуроатлантикалық саясат бірлесе немесе жеке түрде Түркиямен мүдделерінің қиылыспау жолдарын іздеуге мәжбүр болды.

Батыстың ортақ мүдделері – кезкелген кедергілерге қарамастан қауіпсіздік, өзгеріске түскен жағдайдағы тұрақтылық, мүмкіншілікке қарай энергетикалық қормен қамтамасыз ету сақталуға тиіс. Ал бұл шығыстық аймақта Түркияның қатысуынсыз жүзеге асуы мүмкін емес. Орта Шығыстың барлық аумағы – Одақтас Түркиямен салыстырғанда Еуропаның тіршілікке қабілеттілігіне сынақ.

------------------------



1.А.Шакарян. Вокруг отношений Турция –Евросоюз. 2006.02.09//www.iimes.ru.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет