МЫСЫРДЫҢ XXI ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛЫ
Әбдіқадырова Ж.Б.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
XXI ғасырдың басында Мысыр Араб Республикасының (МАР) өкіметі шешуге тиіс ең қиын мәселелердің біріне қарқынды демографиялық өсу мәселесі жатады. Ел үкіметінің және кейбір мамандардың пікірінше, халық санының тым шапшаң өсуі мысырлық экономика жетістіктерін төмендетеді, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің артуын қоздырады, елдің ресурстық базасын тоздырады. МАР Орталық статистикалық басқармасының (ОСБ) мәліметтеріне сәйкес, 2005 жылы Мысырдың халық саны 72 млн. адамнан асты. Оның ішінде 35,8 млн. – ер адам болса, 34,2 млн. - әйелдер. МАР ОСБ-ның мағлұматтары бойынша, мысырлық ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 68,4 жылды, ал мысырлық әйелдерде бұл көрсеткіш 72,8 жылды құрайды. XX–XXI ғасырлар тоғысында орташа есеппен алғанда әрбір 23-25 секунд өткен сайын дүниеде бір мысырлыққа артып отырды. 1995-2005 жылдар аралығында МАР халқы 12 млн. адамға - 60 млн.-нан 72 млн.-ға дейін өсті. Бұл кезеңде халықтың жыл сайынғы табиғи өсімі орташа есеппен 1,2-1,3 млн. адамды құрады. МАР ОСБ-ның мәліметтеріне сәйкес, 2 млн.-нан астам мысырлық шет елдерде жұмыс істейді, қалғандары ел территориясында тұрады. Орташа статистикалық мысырлық жанұя бес адамды қамтиды. Мысырлықтардың шамамен 37,5 пайызы 15 жастан кіші. МАР ОСБ-ның болжамдарына орай, XXI ғасырдың басында байқалған бір тәулік ішінде 3444 мысырлық дүниеге келген кездегі халықтың өсу қарқыны сақталған жағдайда, 2029 жылы елдегі халық саны 123 млн. адамды құрайды.
Мысырдың денсаулық сақтау министрі Мұхамет Таг әд-Дин мәлімдегендей, «МАР-дың демографиялық саясаты халық санының өсу қарқынын азайтуға бағытталған». Орташа статистикалық жанұяның мүшелер саны бес адамнан төрт адамға кемігенін көздеген Мысыр өкіметі ел тұрғындарының аз балалы болуын сендіру мақсатында науқан жүргізуде. Алайда өкімет туылу қарқынын елеулі түрде төмендете алған Солтүстік Африкадағы басқа араб елдеріне қарағанда, Мысыр бұрынғыдай халықтың табиғи өсімінің жоғары қарқынын көрсетіп отыр. Бәлкім, үкімет жоспарларының іске асуындағы басты кедергілердің біріне мысырлық қоғамда рөлі зор және көп балалы болғанды жақтайтын дәстүрлі исламдық сана жатады. Халық санының шапшаң өсуіне қарамастан, Мысырдың табиғи өсім қарқыны, мамандардың пікірі бойынша, айтарлықтай болмаса да, дегенмен төмендей түсті. 1996 жылы өсім қарқыны 2,18 пайызды құраса, 2001 жылы 2 пайызды құрады. МАР үкіметінің есептеріне сәйкес, бұл жайт өкіметпен сәтті түрде іске асырылған жанұяны жоспарлау бойынша бағдарламалар және бұқаралық ақпарат құралдарының насихаттық қызметі арқасында мүмкін болды. Демографиялық өсудің төмендеуі бұдан кейін де байқалды. Егер 2002 жылы бұл көрсеткіш орташа есеппен алғанда 1,99 пайызды құраса, 2003 жылы 1,96 пайызға дейін төмендеді. Алайда жалпы ахуалға бұл сандар әлі қатты әсер ете қойған жоқ – жыл сайын мысырлықтар саны 1 млн.-нан астам адамға өсіп отыр. Солайша, МАР ОСБ-ның мағлұматтарына орай, 2003 жылы Мысыр халқының табиғи өсімі 1,3 млн.-нан астам адамды құрады. Сөйтіп, әр ай сайын мысырлықтар саны орташа есеппен шамамен 111,2 мың адамға, ал күн сайын – 3,6 мыңнан аса адамға артып келеді. Мысыр үкіметіне қолайлы болатындай жылына 1,75 пайыздық өсім әлі де қол жетерлік емес күйінде қалып отыр. Ең үлкен араб елінің халық санының қарқынды өсуі экономикалық өсудің қарқынын озып, өмір сүру деңгейін жақсартуға жол бермей отыр. Оның үстіне кедейшіліктің жоғары көрсеткіштері жағдайында, елдің шамадан тыс халық саны кей кезде қоғамда радикалды рухтың таралуына жол ашатын әлеуметтік шиеленістің артуына себепкер болуда [1].
Мысыр президенті Хұсни Мұбарақ өз сөздерінде барған сайын шиеленісе түскен елдің шамадан тыс халық саны мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдіруде. Бұл мәселе халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде айтарлықтай қиындықтар тудыруда, мысырлықтардың өмір сүру деңгейін көтерудегі талпыныстарды да көп жағдайда жоққа шығарып, елдегі бірқатар әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың сәтті іске асуына күмән келтіруде. Аталмыш мәселенің шешілмеуі жұмыссыздар санының болашақтағы артуына алып барады. Сондай-ақ халықтың тым көптігі азық-түлік тауарлардың импортын айтарлықтай ұлғайтуға мәжбүр етеді. Елді су ресурстарымен қамтамасыз ету қашанда мысырлық өкіметтің «басын қатырған», ал халық санының толассыз өсуі жағдайында осы мәселе Мысыр Нілдің төменгі ағысында орналасқанын, яғни бұл аса ірі африкалық өзеннің жоғарғы ағысында жайғасқан елдердің су саясатына тәуелді болатынын ескере келе [2], ұлттық қауіпсіздіктің ең маңызды құрамдас бөлігіне айналады [3].
Шығыс елдеріндегі қарқынды демографиялық өсудің келеңсіз салдарына медициналық және білім беру қызметтері сапасының төмендеуі жатады. Араб мемлекеттері лигасының білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (АЛЕКСО) мәліметтеріне сәйкес, XXI ғасыр басында мысырлықтардың 17 млн.-нан астамы сауатсыз [4]. Қарқынды демографиялық өсу мәселесі басқа көкейтесті мәселені – жұмыссыздық мәселесін шешуде қосымша қиындықтар тудыруда. Араб еңбек ұйымының тұжырымдарына орай, Мысырдағы артып келе жатқан жұмыссыздық мәселесі Араб Шығысы аймағының басқа да елдеріндегідей, көп жағдайда үздіксіз қарқынды демографиялық өсумен шартталады. Еңбек нарығы білім алған жастарды жұмыспен қамтамасыз етуде жиірек шарасыз болып қалады. Көптеген дипломы бар мамандар өз елдерінде жұмыс таба алмай, шет елдерге кетіп қалады. Бұл жағдайда Араб Шығысының мемлекеттері дамушы елдерге тән тағы бір мәселеге - «білімділердің шет елдерге ағылуы» мәселесіне тап болады. Ресми статистика бойынша, Мысырдағы жұмыссыздық жұмысқа қабілетті халықтың 10-ға жуық пайызын құрайды, ал бейресми деректер тіпті екі есеге көп сандарды сілтейді [5].
Айтарлықтай бөлігін әртүрлі саладағы жоғары квалификацияға ие мамандар құрайтын 2 млн.-нан астам мысырлық шет елдерде – Парсы шығанағы мемлекеттері, Либия, Еуропа және АҚШ-та жұмыс істеп жүр. Нәтижесінде, Мысырдың өз экономикасы маманданған кадрлармен қамтамасыз етілмеген болып шығады. Мысыр өкіметі басқа да Шығыстың араби-мұсылман елдеріндей, қарсылық шерулеріне ұласып кетуіне қаупі бар жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуі салдарларына шынымен де алаңдап отыр [6]. 2002 жылы Александрияда өткен «Жастарды жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі саммитте» мәлімделгендей, «егер жастардың қабілеттерін қолдануға кепілдік беретін әлемдік экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етпесе, дағдарыс пайда болуы мүмкін. Жұмыссыз және сауатсыз жастар сағаттық механизмі бар бомба сияқты, және ондай жастар санының күрт өсуі саяси және әлеуметтік қатерлерге алып келуі мүмкін» [7].
Халықтың ел территориясында біркелкі емес қоныстану мәселесі жылдан жылға ұшығып келеді. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Мысыр халқының 97-ге жуық пайызы Ніл өзенінің құнарлы алқабында, МАР территориясының бар жоғы 4 пайызын құрайтын жерде тұрады. Халық саны ең көп аймақтарға Каир және Ніл дельтасы аумағы жатады. Бұған қоса Мысыр ауылдағы халықпен салыстырғанда, қаладағы халықтың үлесі ұлғайғаны байқалатын араб әлеміндегі елдердің бірі болып табылады. Нәтижесінде ірі қалалар Каир және Александрия экологиялық жағдайдың шиеленісуіне апаратын, көптеген әлеуметтік мәселелер туғызатын шамадан тыс халық санынан зардап шегуде. Мысыр астанасы және Африкадағы ірі мегаполис Каир үшін халықтың шамадан тыс көп болуы мәселесі көп жылдар бойына өзектілігін жоғалтпай отыр. 1980-ші жылдар аяғының өзінде-ақ Каир өкіметі МАР үкіметіне астанаға жұмыссыз және тұратын жері жоқ күйде келіп жатқандар үшін қаланы жабық деп жариялау немесе астананы басқа жерге көшіру туралы ұсыныс жасауға мәжбүр болды. Сол кезде Каир халқы 10 млн.-ға жуық адамды құрағанын ескерген жөн. XXI ғасыр басында Каирде ең қарапайым деген есеппен 17 млн. адам тұрады.
Сөйтіп, біркелкі емес демографиялық даму мәселесі бүгінгі күннің өзінде-ақ жақын арада одан бетер шиеленісу қаупін төндіре келе, МАР-дағы әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар үшін тежеуіш болып табылады. Аталмыш бетбұрыс қатерлі экономикалық дағдарыстар мен әлеуметтік тұрақсыздықты тудыруы мүмкін. Соңғы жылдары араб әлеуметтанушылары мен экономистері араб елдері үкіметтеріне бұл өткір мәселелерді шешуге бағытталған шаралар кешенін бірнеше рет ұсынған болатын. Атап айтқанда, жағымсыз бетбұрыстардан өту үшін барынша аз уақытта жанұяны жоспарлау, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша бағдарламалармен шұғылдануға, сондай-ақ жастарды оқыту, жоғары білімі бар жастарға жаңа жұмыс орындар беру бойынша жобаларды дайындап, іске асыруды бастау ұсынылады.
Әдебиет:
1. Мамед-заде П.Н. Демографическая проблема в Египте. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2005/24-08-05.htm
2. Юрченко В.П. Проблема распределения вод Нила: трудности и перспективы // http:// www. iimes.ru/rus/stat/2003/19-03-03.htm
3. Мамед-Заде П.Н. Прозрачное золото. О проблеме водных ресурсов на Ближнем Востоке и в Африке // http://www.iimes.ru/rus/stat/2004/21-09-04.htm
4. Мамед-заде П.Н. Ближний Восток перед лицом проблемы неграмотности. // http://www.iimes.ru/ rus/stat/2005/11-04-05.htm
5. Мамед-заде П.Н. Демографическая проблема в Египте. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2005/24-08-05.htm
6. Демографический фактор. // Юрченко В. П. Об американском прогнозе развития ситуации на Ближнем Востоке до 2020 года. // Институт изучения Израиля и Ближнего Востока. // http://kisi.kz/Parts/ Monitoring/02.2004/17-02mon3.htm
7. Мамед-заде П.Н. Демографическая проблема в Египте. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2005/24-08-05.htm
Достарыңызбен бөлісу: |