1,
Егер XIX ғасырдың ортасына дейін Қазақстанға көбінесе Ресейден әскери топ пен казактар ғана қоныс аударып келсе, ғасырдың екінші жартысынан бастап жағдай түбегейлі өзгерді. Ресей шаруаларын қазақ даласына бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде жаппай қоныс аудару ісі мемлекеттік тұрғыда қолға алынды.
Мұның бірқатар себептері болды:
Біріншіден, 1861 жылы Ресейде шаруаларды басыбайлы езгіде ұстау жойылды. Шаруалар басыбайлы тәуелділіктен құтылды. Бірақ олар жаппай жерсіз қалды немесе ұлтарақтай шағын жерге ғана ие болды. Мұның өзі шаруалардың толқуын туғызды. Патша үкіметі шаруалар бүліншілігінің өрши түсуін болдырмау үшін оларды Қазақстан мен Сібір аумағына жаппай қоныс аударту шараларын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады.
Екіншіден, Ресей империясы қоныс аударушы шаруалар есебінен қазақ өлкесінің аумағында өзінің сенімді тірегін қалыптастыруды мақсат етті.
Үшіншіден, патша үкіметі орыс шаруаларын жаппай қоныс аудару арқылы қазақтарды егіншілікпен айналысатын отырықшы өмір салтына көшіруді ойлады. Өйткені ондай жағдайда қыруар көп жер босап қалып, жергілікті халықты қатаң бақылауда ұстаудың тамаша мүмкіндігі туар еді.
Төртіншіден, патша үкіметінің жергілікті халықты христиан дініне енгізу және орыстандыру жөнінде арам пиғылы да болатын.
Бесіншіден, қоныс аударушы шаруалар Қазақстанды орыс империясының сарқылмас мол астығы бар алып қоймасына айналдыруы тиіс деп үміттенді. Өлкені казактар арқылы отарлау экономикалық тұрғыдан ойдағыдай онды нәтиже бермеді. Әскери қызметте жүрген казактар өлкедегі әскери гарнизондар мен шенеуніктер тобының өзін де азық-түлікпен жартымды қамтамасыз ете алған жоқ.
Оның үстіне Ресейдің жерсіз шаруаларын жаңа жерде емін-еркін тамаша өмір сүруге болады екен деген хабарлары мен хаттары ол жақта қалғандарды еліктіре елеңдетті. Мұның өзі орыс шаруаларын одан сайын жаппай қоныс аударуға қызықтыра түсті.
Шаруалардың жаппай қоныс аудара бастауы
1866 жылы Батыс Сібір бас басқармасы шаруалардың Қазақстан аумағына өз беттерінше қоныс аударуына рұқсат етті. Алғашқы қоныс аударушылар Сібірдің әр түрлі қалаларындағы мещандар және Тобыл губерниясындағы Қорған және Есіл округтарындағы шаруалар болды. Олар Көкшетау округының аумағындағы Саумалкөл деген жерге келіп орналасты. Қоныс аударушылардың бір бөлігі казак станицаларына жайғасты. XIX ғасырдың 70-80-жылдарында олар жергілікті қазақтардың жерлерін жалға алып, өз беттерінше орналаса бастады.
Қазақстанға қоныс аударғысы келген орыс шаруалары, әдетте, ең алдымен жер көріп қайтушыларды (ходоқтарды) жіберді. Олар өздеріне қолайлы деген жерлерді таңдап, қазақтардан жалға алды, жыртып, тұқым септі. Жердің құнарлы екеніне көздерін жеткізген олар ұзақ мерзімді жалға алу жөнінде келісімшарттар жасасты, өздерінің жерлестерін неғұрлым тезірек жетуге шақырып, жанталаса әрекет етті. Орыстардың елді мекендері пайда бола бастады. Кейін ол жерлер өзінің бұрынғы иелерінен тартып алынып, қоныс аударып келген орыс шаруаларының иелігіне заңдастырылып берілді. Мұндай жағдайда облыстық отаршылдық билік әрқашан орыс шаруаларының жағында болды.
Шаруаларды ішкі Ресейден Қазақстанға қоныс аудару жөнінде алғаш рет бастама көтерушілердің бірі Жетісудың әскери губернаторы Г.А. Колпаковский еді. 1868 жылы оның тікелей басшылығымен «Жетісуга шаруалардың қоныс аударуы туралы уақытша Ережелер» жасалды. Онда қоныс аударушы шаруаларға бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар беру көзделді. Шаруалардың әрбір ер азаматына 30 десятинадан жер телімі бөлінді. Олар барлық алым-салық түрлерін төлеу мен міндетті борыштарды атқарудан он бес жыл бойы босатылатын болды. Қоныс аударушы шаруаларға пайыздық өсімсіз қарыз берілді. 80-жылдардың ортасына қарай Жетісуда жер тапшылығы сезіле бастады. Сондықтан жер телімдерінің мөлшерін 10 десятинаға кемітуге, әр түрлі жеңілдіктер беру мерзімін 5 жылға дейін қысқартуға тура келді.
1889 жылы «Село тұрғындары мен мещандардың қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы туралы Ереже» бекітілді. Онда олардың қоныс аударуына Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік мүлік министрлігінің рұқсаты міндетті түрде қажет болды. Ондай рұқсат патша үкіметіне «сенімді» және «елге еңбегі сіңген» құрметті адамдарға ғана берілетіні алдын ала арнайы көрсетілді. Бірақ қатардағы шаруалар бұл ережеге қараған жоқ. Олар өз еріктерімен жаппай қоныс аударуын тоқтатпады.
Шаруалардың Қазақ даласына қоныс аударуы 1891 жылдың көктемінен бастап ресми түрде тоқтатылды. Бірақ қоныс аударушылардың тасқынын тоқтату өте қиын болды. Оның үстіне, Ресейде құрғақшылық салдарынан астық шықпай қалды. Елде ашаршылық басталды. Сөйтіп шаруалардың Қазақстан аумағына өз еріктерімен қоныс аударуы одан әрі күшейе түсті.
Шаруалардың қоныс аудару қарқынының күшейе түсуі
1892 жылы Транссібір темір жолының құрылысы басталды. Ол Қазақстанның солтүстік өңірін басып өтті. Мұның өзі қазақтардың иелігіндегі жердің 4,2 миллион десятинасын қосымша тартып алуға жеткізді. Темір жол құрылысы шаруалардың қоныс аударуына неғұрлым ұйымдасқан сипат берді. Шаруалардың темір жол құрылысы аумағына (оның оңтүстігіне қарай 100 шақырым жерге дейін) қоныс аударуына Сібір темір жол комитеті де мүдделі болды.
Қоныс аударушы шаруалар адам тасуға бейімделмеген қолайсыз вагондарда тасып әкелінді. Петропавл және Омбы сияқты қалалардың темір жол торабы бекеттерінде ондаған мың қоныс аударушы шоғырланды. Олар ашық аспан астында жатты, кейде ауа райының қолайсыз күндерін де сонда өткізді. Азық-түліктің жетіспеушілігі мен дәрігерлік көмектің болмауы салдарынан адамдардың арасында ауру-сырқау көбейді, тіпті өлім-жітім де аз болған жоқ. Сондықтан да Омбы мен Петропавлда қоныс аударушылар пункттері мен аурухана барактары жедел түрде салына бастады.
1903 жылы «Сырдария, Фергана және Самарқанд облыстарындағы қазыналық жерлерге шаруалардың өз еркімен қоныс аударуы туралы Ереже» бекітілді. Ол ереже бойынша жергілікті халықтың «басы артық» жерлерін, ондағы суару жүйесі мен су көздерін қоса жаппай тартып алу көзделді. Тап сол жылы «Сібірге (Алтай округынан өзге) және Дала генерал-губернаторлығына қоныс аударушыларға үкімет атынан берілетін жәрдем түрлері туралы Ереже» бекітілді.
1904 жылы патша үкіметі «Егін егумен айналысатын село тұрғындары мен мещандардың қоныс аударуы туралы уақытша Ереже» шығарды. Бұл ереже бойынша жергілікті отаршыл өкімет билігіне шаруалардың Ресей империясының азиялық бөлігіне қоныс аударуына ешқандай кедергі келтірмей, рұқсат етуіне құқық берілді.
1904-1905 жылдары патша үкіметі Қазақстан аумағын қоныс аударушылардың бес аймағына бөлді. Олар Торғай-Жайық, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу аймақтары еді. Оларды құрғандағы күктелген негізгі міндет қоныс аударушыларға арналған қор құру үшін «басы артық» жерлерді іздеп табу болды. Патша үкіметі қоныс аудару басқармаларына қазақтардың жерлерін тартып алуына және оларды ғасырлар бойы ежелгі отырған атамекенінен күштеп қуып шығуына толық ерік берді.
1870—1914 жылдар аралығында Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Торғай және Орал облыстарының аумағына 1,4 миллионға жуық шаруа қоныстандырылды. Олардың тең жартысына жуығы (721 мың адам) Ақмола облысына жайғастырылды. Өйткені бұл облыстың жері өте құнарлы болатын. Қоныс аударып келген шаруалар өз алдарына жеке болыстарға біріктірілді. Алғашқы кезде олар уезд бастығына бағындырылды. 1902 жылдан бастап шаруалар бастығы деген лауазымды қызмет пайда болды.
Столыпиннің 1906 жылғы аграрлық реформасы
Қазақ халқының занды құқығын мүлде елеп-ескермеудің бір белгісі қоныс аударушы шаруалар санының одан әрі арта түсуі болды. Бұл ретте жергілікті халықтың өкілдерімен алдын ала кеңесу, ақылдасу деген атымен болған жоқ. 1906 жылы Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы П.А. Столыпин шаруаларды Ресейдің азиялық бөлігіне жаппай қоныс аудару туралы шешім қабылдады. Шаруалар қауымын ыдырату, оларды Қазақстанға қоныс аудару жөніндегі реформа Столыпиннің аграрлық реформасы деп аталды.
Бұл реформаның көздеген негізгі бағыты қоныс аударушы шаруалар қозғалысының кеңінен етек алуын қамтамасыз ету болатын. Шаруалардың шығысқа карай атап айтқанда, Қазақстан аумағына қоныстануға құқық берілді. Ал олардың бұрынғы жерлеріне қайтып оралуына елеулі түрде шек қойылды. Шаруаларды жер телімдерімен қамтамасыз ету қазақтардан тартып алынған жерлердің есебінен құрылған отаршылдық қоныс аудару қорынан жүзеге асырылды.
Жергілікті қоныс аудару мекемелері шаруаларға хутор салу үшін 45 десятинадан, егін егуге 15 десятинадан жер бөліп беруге міндеттелінді. Жер бөлумен айналысатын мекемелерге жергілікті халықтың жерін тартып алып, олардың жеріне келімсек шаруаларды орналастыруына рұқсат етілді. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қазақтардың егін суару құрылыстары да тартып алынды.
Шаруаларға ең құнарлы жерлерді іздеп тауып, көріп келетін адамдарды кедергісіз жіберіп тұру құқығы берілді. Шаруалардың темір жолмен жүруге де жеңілдіктері болды. Оның үстіне, патша үкіметі шаруалардың Қазақ жеріне емін-еркін қоныс аударуын кеңінен насихаттады. Мәселен, 1907 жылы Ресейдің орталық губернияларындағы шаруалар арасында осы тақырыпқа арналған 6,5 миллион дана кітапша мен парақша таратылған. Оларда үкімет шаруаларды Ресейдін азиялық бөлігіне неғұрлым көбірек қоныс аударуға шақырды. Ол басылымдарда Қазақстан мен Сібір аумағында қалай ыңғайлы орналасуға болатыны жөнінде практикалық ұсыныстар мен кеңестер берілді.
1917 жылға қарай жергілікті байырғы халықтың пайдалануындағы 45 миллион десятина жер тартып алынды. Бұл кезде Қазақстанға қоныс аударған шаруалардың жалпы саны 1,5 миллионға жуықтап қалған болатын.
Жергілікті халық жағдайының нашарлай түсуі
Ішкі Ресейдегі шаруалардың Қазақстан аумағына қоныс аудару тасқыны мұндағы байырғы халықтың жерін жаппай тартып алуға ұласты. Қазақтар өздері ғасырлар бойы отырған ежелгі қоныстарын, ондағы қыстауларын, ата-баба зираттарын тастап, қиыр шеттегі әрі құнарсыз жерлерге көшуге мәжбүр болды. Отаршылдық саясат келімсек орыс шаруалары мен жергілікті қазақтардың арасында ғана емес, қазақтардың өз араларында да жанжалды дау-дамайлар тудырды.
Тартып алынған жерлердің ең жоғары мөлшері Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы неғұрлым құнарлы жерлер еді. Мәселен, қоныс аударып келген шаруалар қорына деп Омбы уезінде бүкіл жердің 52%-ы, Қостанай уезінде - 54%-ы, Ақмола уезінде - 73%-ы тартып алынды.
Мұның өзі көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды күйзелтті. Кедейленіп, қайыршыланған қазақтардың күнкөріс қамымен түрлі кәсіпшіліктерге, соның ішінде тау-кен өнеркәсібіне жұмыс іздеп кетуіне тура келді. Олар жатақтар деп аталды.
XIX ғасырдың аяғына қарай жатақтардың қалалар мен казактар поселкелеріне қарай ағылуы күшейді. Осыған байланысты патша үкіметінің жергілікті өкімет билігі Дала генерал-губернаторының алдына оларды бұрынғы тұрғын орындарына қайтару мәселесін қойды. Жатақтар аянышты хал кешті, бір күндік ұсақ-түйек жұмыстар атқаруға жалданып күн көрді. Ондаған мың қазақтар зауыттар мен фабриктерге, кен орындарына, тұз өндіру кәсіпшіліктеріне жұмыс іздеп кетті. Қазақстанмен көршілес Томск және Тобыл губернияларының аумағында 50 мыңға жуық қазақ билет бойынша тұрып жатты. Олардың көпшілігі маусымдық жұмыстар атқаруға жалданды. Іс жүзінде Батыс Сібірдегі қоныс аударушы орыс шаруаларының малын тақыр кедейге айналып, әбден қайыршыланған қазақтар бақты. Олар өздерінің жүрген жерлерінде түтін салығын да, жалгерлік жұмыс істеу үшін жиналатын алымдарды да толық көлемінде төлеп тұрды.
Күн көру, тіршілік ету және өздерінің жерлерін аман сақтап қалу мақсатымен қазақтар отырықшы өмір салтына көшуге мәжбүр болды. Оларды бұл жағдай да құтқара алмады. Дәстүрлі бақташылықтан бірден егіншілік кәсібіне көшу оңай тиген жоқ. Қазақтардың көпшілігінде егіншілікпен айналысуға қажетті құрал-саймандар болмады, тұқымдық дән де жеткіліксіз еді. Оның үстіне, жер өңдеудің дағдылы әдістерін де білмеді.
Столыпиннің агрардық реформасы қазақтардың мал шаруашылығын дағдарысқа ұшыратты. Аймақтағы демографиялық жағдайда өзгерді. Бір жағынан, қазақтардың, екінші жағынан, шаруалар мен казактардың арасындағы қарама-қайшылық шиеленісе түсті. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Куропаткин былай деп мойындауға мәжбүр болды: «Қырғыздар (қазақтар. - авт.) соңғы 30 жылда, әсіресе соңғы 12 жылда барлық жағынан да қыспаққа алынды. 1904 жылдан бастап тек Жетісу облысы бойынша ғана олардан бірнеше миллион десятина жер тартып алынды».
Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы қазақ халқының қарсылығы
Бірінші орыс революциясынан кейін қазақ халқы патша үкіметі жүргізіп отырған отаршылдық саясатқа қарсы күресті күшейте түсті. Алым-салықтар төлеуден және міндетті борыштарды атқарудан ашықтан-ашық бас тартты. Отаршылдардың сенімді тірегі — әскер құрамаларына шабуыл жасау да жиілей түсті. Қазақтар мен келімсек орыс шаруалары арасындағы шиеленісті оқиғалар орын алды. Отаршыл өкімет билігінің органдары тарапынан ұлтаралық араздықты ұшықтыра түсу әрекеттері жиілеп кетті. Мәселен, 1914 жылғы 9 қазанда Жетісу облысының әскери губернаторы уезд бастықтарын жинап алып, оларға қоныс аударушы шаруалар қатарынан сенімді қарулы отрядтар құруды міндеттеді. Олар ел арасында шолғыншылық қызмет атқаруға тиісті болды. Жалпы жағдай шиеленісе қалған кезде олар өлкедегі мұсылман халқына қарсы соғысуға міндетті еді. Әскерилендірілген қарулы шаруалар қазақ ауылдарына шабуыл жасаумен айналысты. Олардың малдарын айдап әкетті. Ал ертерек келіп орналасып қалған шаруалардың көпшілігі ондай озбырлықты ашықтан-ашық айыптады. Өйткені өлкеде бұрыннан тұратын шаруалар жергілікті қазақтармен едәуір достасып, аралас-құралас байланыс орнатып та үлгерген еді. Олар бір-бірінің тілдерін, әдет- ғұрыптарын және салт-саналарын жап-жақсы біліп қалған болатын.
2,
Мемлекет билігінің Кеңестердін қолына кешкені туралы хабар бүкіл Ресейдің ғана емес, дүние жүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Бұл оқиға бүкіл елде, Ресейдің орталық аудандарында, оның шет аймақтарында Кеңес өкіметін қүру, нығайтумен ұштасты.
Төңкеріс бүкіл билікті жұмысшы, солдат, шаруа депутаттары Кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әр түрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Қазақ даласында Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес 1917 жылғы қазаннан 1918-жылғы наурызға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл үрдіс өлкедегі әлеуметтік-экономикалық дамудағы ерекшеліктерге байланысты және жергілікті жұмысшы табымен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз, әрі әлсіз болғандығынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінен туған қиыншылықтар себебінен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің өлкеде жеңіске жетуінде солдат депутаттары Кеңестеріне біріккен жергілікті гарнизондардың солдаттары, және ақпан революциясынан кейін Қазақстанға оралған, әрі барынша қолдаған көңіл күйдегі, өздеріне - бейбітшілік, ал шаруаларға - жер беруге уәде жасаған үкіметтің болуына жеке мүдделі бұрынғы майдангерлер шешуші роль атқарды.
Төнкерісті қолдайтын күштер басым болган жерлерде жергілікті Кеңестер большевиктер жағына бүтіндей шықты. Қызыл әскер жасақтары бар аудандарда өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына большевиктердің Кеңесте көпшілік орынға ие болуы арқылы жүзеге асты. Семей, Өскемен өлкелерінде қазақ-орыс және офицер-старшина билеуші топтардың ықпалы басым болғандықтан, Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Семейде өкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның 15-інен 16-сына қараған түнде көшті.
Тарихтың көнекөз шежіресіне айналған Қарқаралы өткен ғасырдың 20 жылдары революциялық оқиғаларға толы болды. Езілген қазақ халқын қорғап үн көтеріп, бостандықтың туын ұстап, отаршылдық саясатты тоқтату туралы мәселелер қоя бастаған талай ержүрек ұлдар осы Қарқаралы топырағында өмірге келді. Солардың ішінде 1912 жылы көктемде Ленада болған қанды қырғынға қатысқан революционер Угар (Мұқатай) Жәнібеков, Қарқаралы Совдепінің мүшелері Н. Нұрмақов, Г. Базилевич, А. Медеубаев, уездік партия комитеті мен комсомол комитеттерінің тұңғыш хатшылары М. Малашкин мен Ғ. Мусин, ағалы - інілі чекистер Спатаевтар, мұғалім Н. Иванова және басқалар.
Өлкедегі Кеңес өкіметінің орнауы белсенді қарқаралылықтардың тікелей араласуымен болды. Бұқара халықтың басы-қасында Герасим Базилевич, Андрей Спирин, Валентин Денисов, Иван Стрюков, Николай Блощицын сияқты майдангер большевиктер мен жергілікті революцияшыл интеллигенция өкілдері - уездік орыс-қазақ мектебінің оқытушылары Н. Нұрмақов, А. Аяғанов, А. Шыңғысов т.б. болды. Большевиктер жасырын түрде қала билігін алу жоспарын жасап, уездегі солдаттардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, олардан қолдау тапты. Николай Блощицыннің әкесі - Антон Григорьевичтің үйінде 1918 жылы 10 ақпанда болашақ төңкерістің соңғы жоспарлары бекітілді. Ал, 14 ақпанда Қарқаралы қазақтары атынан болашақ Кеңес үкіметінің жергілікті билігіне делегаттар сайпанды. Оған, А.Г. Казанцев пен Н.М. Бабин, үміткерлер болып И.В. Деев пен Н.А.Блошицын кірді. 1918 ж. 8 наурызда уезде Кеңес өкіметі орнауы нәтежесінде Қарқаралы совдепі, уездің мемлекеттік өкіметінің сайланбалы органы құрылды. Бұл туралы сол кезде Семей қаласында шығып тұрған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңесінің хабаршысы «Известия» газетінің №17 санында «Қарқаралы жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңесі аймақта Кеңес өкіметін танитындығын және уезде оның орнайтындығын» - хабарлаған жеделхат түскенін жазған.
Атқару комитетіне солдаттардаң шаруалардаң қазақ тұрғындарынан және станица қазақтарынаң әр қайсысынан 2 өкілден сайланды. Қарқаралы совдепінін жұмысына Г.Н. Базилевич, В.И. Денисов, И.Я. Стрюков, Н. Нұрмаков, А. Шынғысов т.б. ат салысты. Совдептің негізгі қызметі контрреволюцияға қарсы күрес жүргізуге, жергілікті жерлерде жаңа өкімет аппаратын құруға, уездің шаруашылық және мәдени өмірін жолға қоюға, кулактар мен байлардың мүлкін тәркілеуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге, азық-түлікті есепке алып бөлуге бағытталды. Совдеп 1918 жылы 3 сәуірде ескі сот органдарын таратып, Қарқаралы уезінің революция трибуналын сайлады, 22 сәуірде жұмысшы депутаттарының Спасск Кеңесінің жанынан да революциялық трибунал ұйымдастырылды. Олардың қызметі: жас Кеңес өкіметінің мүдделерін, еңбекшілердің құқықтарын, Қазан төңкерісінің жеңістерін төңкеріс дұшпандарының қаскүнемдігінен қорғауға бағыттады. Қарқаралы совдепі мұғалім даярлайтын курстар, сауатсыздықты жою жөніндегі пункттер ашты.
Сол күндері Кеңес өкіметін құлату үшін ел ішіндегі ақ гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің белсенділік көрсетуіне орай, 1918 жылдың жазында азамат соғысы кең көлемде жайылып кетті. Олардың ең басты пәрменді күші Чехословак корпусы болды, ол революцияға дейін Австро-Венгрияның тұтқын солдаттары, чехтар мен словактар қатарынан құрылған еді. Осы корпустың бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен қоян-қолтық бірлесіп, Ақмола, Петропавл, Қостанай қалаларын басып алды. Кеңес үкіметіне қарсы күштер Самарада эсер-ақгвардияшыл үкіметін - «Комуч» - (құрылтай жиналысының комитетін) кұрды. Омбыда адмирал Колчак басқарған Сібірдің ақгвардияшыл уақытша үкіметі орнады.
Осындай азамат соғысы барысында 1918-жылдын 11 маусымында Семейдегі кенес өкіметі кұлатылды. Ол жерде қатан әскери тәртіп орнатылып, билік тікелей облыстық әскери комиссарларға көшті. Оның жарлығымен уездік әскери комиссарлар тағайындалды.
Азамат соғысы жағдайында жұмыс істеп жатқан Қарқаралы совдепі 1918 жылдың басында контрреволюциялық бүліктердің нәтижесінде тұтқынға алынып, көп ұзамай оның мүшелері Семей түрмесіне жөнелтілді. Қарқаралы уездік әскери комиссариаты уездік милиция бөлімдеріне жергілікті жерлерде билікті қолға алып, мемлекетке салық жинауға кірісуге бұйрықтар жіберіп жатты. Большевиктер құрған Түркістан майданына (1919 ж. 11 тамызда Шығыс майданының құрамынан бөлінген, қолбасшысы М.В. Фрунзе) Колчактың аса ірі күші - генерал Беловтың Оңтүстік армиясы қарсы тұрды. Қазақстанның колчакшылар басып алған солтүстік және орталық аудандарында халық қанға бөктерілді.
Кеңес өкіметі ішкі және тысқы жаулардан қорғану үшін Кеңес республикасының қарулы күштерін кұру мәселесіне көніл бөлді. 1918 жылы 15 қаңтардағы жұмысшы, шаруа қызыл әскерін құру жөніндегі үкіметтің нұсқауына сәйкес, елде әскери бөлімдер құрыла бастады. Олар алғашында еріктілерден құрылды. Қазақстанда облыстық, уездік Кеңестер жанынан әскери комиссариаттар, әскери бөлімдер, қызыл әскер штабтары құрылып, жауынгерлерді әскер ісіне үйретумен шұғылданды.
Бірақ еріктілік негізінде кұрылған бөлімдерде тәртіп, бір-бірімен байланыс нашар еді. Олардағы жағдай түзеуді қажет етті. Шетел басқыншылығы, ішкі-тысқы жаулармен күрес кезінде әскер бөлімдерін құруда еріктіліктен бас тартып, әскери міндеттілікті енгізу, әскер бөлімдерін темірдей тәртібі бар, соғыс өнеріне жақсы үйретілген күшке айналдыру керек болды. Солай істелді де, 1918 жылы 29 мамырда әскер құрамында ұлттық әскер құрамалары, оның ішінде қазақ жастарынан құрылған бөлімдер құрылды.
1919 жылы жақсы қарулаыған және дайындықтан өткен Қызыл Армия Қазақстанның барлық майданында үлкен жеңістерге жете бастады. Кеңес республикасын Түркістанмен біріктіру үшін Түркістан майданының әскерлері тамыз айында жаппай шабуылға көтерілді. Астыртын жұмыстағы большевиктік ұйымдар мен партизан отрядтары Қызыл Армияның ұрысқа шыққан бөлімдерімен тығыз байланыста болды. Колчакшылар Қарқаралы совдепінің мүшелерін жазаға тартуды ойластырған 1919 жылы 1 желтоқсанға қараған түнде Семейде большевиктердің бастауымен қарулы көтеріліс болып, жеңіске жетті. Жаңа құрылған әскери-революциялық комитет қалада және өңірде Кеңес өкіметін қалпына келтіруге ұмтылды. Ескі шекарасы басқа губернияларға қарағанда кең ауқымды жерді алып жатқан, бір миллионнан астам халқы бар Семей облысында 1919 жылы 16 желтоқсанда уақытша облыстық революциялық комитет өз жұмысын бастады. Оның құрамында Скиба, Большаков, А. Бобра, В.А. Курамжина сияқты белгілі адамдар кірді. Қарқаралы өңірінде де сол күндері колчакшылардың жүгенсіздігіне қарсылық күшейді. Осы жылдың 12 желтоксанында Қарқаралыны Қызыл Армия бөлімдері азат етті. 1920 жылы 8 кантарда уездік революциялық комитет құрылып. А. Радченконың төрағалық етуімен Қарқаралы уезі делегаттарының съезі өткізілді. Осы жылғы 20 наурызда РКП(б)-нің Семей губерниялық бюросы Қарқаралы уездік бюросының құрамын бекітті.
Жалпы, Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер, оның ішінде Уақытша үкіметтің комиссарлары, отарлау-шенеуніктік, әкімшілік, қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сог жүйесі жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары Кеңестері арқылы жұмысшы, шаруалардың қолына өте бастады. Мұндай өзгерістердің іске асуында Қазақстан қалаларында құрылған төңкерістік комитеттердің ролі зор болды. Олар қызыл ұландар бөлімдерін, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, қанаушы таптардың қарсылығына тойтарыс берді, өкімет билігінің Кеңестердің қолына өткендігін жариялап, олардың нығаюы үшін ат салысты. Кеңестер билікті ойдағыдай жүргізу қабілетіне ие болған жерлерде төңкеріс комитеттері өз міндетін Кеңестерге өткізіп отырды. Уездік төңкерістік комитет жанында еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық, білім беру, әскери, жер, заң, пошта, телеграф, азық-түлік, жұмысшы-шаруа инспекциясы және халық шаруашылығы бөлімдері ашылды. Кейінірек бұл бөлімдердің саны өсті.
1918-1920 жылдарда шетел басқыншылары мен елдің ішіндегі төнкерісті жақтайтын күштердің қарсылығы жеңілгеннен кейін, Қарқаралы өнірінде де экономиканы калпына келтіру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстары жүргізілді. Онын көкейкесті мәселелері қазақ жұртшылығының съездерінде талқыланды. Сол 1920-жылы алғашқы ауыл шаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. Қаланын жастарынан алғашкы комсомол ұйымы құрылды. Оны ұйымдастырып, іргесін қалаған осы қаланың үстін басып, Семейге қарай аттанған Разин атындағы қызыл әскер полкінің жауынгерлері еді.
Қазан төңкерісінің жеңісі құлатылған бұрынғы қанаушы тап өкілдері мен билеушілердің үнемі қарсылығын тудырып отырды. Қазақстанның орталық аудандарында 1921 жылдың қыс айларында Есіл-Петропавл эсер-кулак бандаларының қалдықтары, ішкі жаудың ордалы бір ұясы - Белов бастаған бандалар өздерінің қанды шеңгелдерін айнала жұртқа қатты батыра бастады. Қызылжар, Көкшетау, Ақмола төңірегіндегі халықты аяусыз соққыға ұшыратқан қалың жау, жолдағы елді қырып-жоя отырып, Қытайға қарай жөңкілді. Оның ішінде, әсіресе өзінің қатыгездігімен, озбырлығымен көзге түскен Токаревтің бандасы болды. Осы топ жол-жөнекей, сәуірдің бас кезінде Қарқаралы жолына түсті. Жолшыбай банда «Цвет жизни» коммунасы шаруашылығының ойран - топырын шығарып, Миньковка селосында үш адамды, Санников (қазіргі Бұқар жырау) селосында он үш адамды, Пролетар селосында коммунист А.В. Пискуновты айуандықпен азаптап өлтіріп, сәуірдің 6-сында құрамындағы 2500 адамы, 700 арбасымен кешке қарай Қарқаралыға жасырын кірді.
Уезд, қала басшылары қамсыз, дайындықсыз отырды. Ал, тау қолтығында орналасқан бейбіт қаланың алаңсыз тұрғындары шоқы-шоқының арасымен бұқпантайлап кірген жауды сезбей де қалды. Дәл осы кезде Халық үйінде партия, кеңес, комсомол активінің мәжілісі өтіп жатқан. Қарқаралы уезінің түкпір-түкпірінен келіп, бас қосқан халық өкілдері, коммунистер мен комсомол жастар, партияда жоқ большевиктер халық, ел қамын кеңінен сөз етуде болатын... Осылайша отырып, олар қалың жаудың қоршауында қалды.
Уездік партия комитетінің хатшылары Иван Малашкин мен Әбжан Медеубаев, атқару комитетінің төрағасы Иван Ляпин, ВЧК бөлімінің бастығы Альфред Чигович, оқу бөлімінің меңгерушісі Михаил Хрусталев, соғыс комиссары Герасим Базилевичтер соңғы демі біткенше жаумен айқасқаны, соңғы оқтарына дейін атысқаны белгілі.
Жау қоршап алған үйден бірлі-жарым адамдар далаға жарып шықты да. Бірақ оларды көшеде жау оғы мен жалаңаш қылыштар күтіп тұрды. Тіпті, бұл кезде беделді деген адамдардың үйлеріне бақылау қойылып та үлгерген еді. Уездік партия комитетінің қызметкері Кәрім Қуанышбаевты, әскери гарнизон бастығы И. Столяровты, әскери комиссар Г. Базилевичті әйелімен, уездік атқару комитетінің төрағасы И. Ляпинді және басқаларын жау азаптап, айуандықпен өлтірді.
Мұғалім, әрі болыстық комсомол ұйымының хатшысы Нина Иванованың көрген азабы бәрінін де асып түсті десе болғандай. Қанышер жендеттер оны сәуірдегі қара суықта көйлекшең, жалаңаяқ көше-көшемен алып жүріп, соққыға жықты. Н. Ивановадан ақ банданың басшысы Токаревтің өзі тікелей жауап алды, оны «райыңнан, алған бетіңнен қайт» деп азғырды. Дегендеріне жете алмаған банда жас қыздың кеудесіне, маңдайына жұлдызшалардың суретін пышақпен ойып салды, саусақтарын, білектерін тілгілеп, кескілеп, тырнақтарының арасына ине жүгіртті. Азаптың басқа да бірнеше түрін көрген Нина Иванованың денесі бандалар қаланы тастап шыққан соң барып, қала шетіндегі көпір астынан табылды.
Қоршаудан құтылған азшылықтың ішінде Ғарып Мусин де болды. Бойынан тастамайтын маузерінің көмегімен соңына түскен үш бандитті атып өлтіріп, қоршаудан сытылып шықты. Құтылған бетте-ақ, уездік партия комитеті мен атқару комитетінің үйіне жетті. Комсомол комитеті де осында болатын. Келісімен партиялық-комсомолдык документтерді, ұйымдардың, олардағы коммунистер мен комсомолдардың тізімдерін жасырды, отқа өртеді. Жаулар Ғарыптың ізіне түсті, ақыры ол қоршауда қалды. Енді құтылмасын сезген ол маузеріне ерік берді. Тағыда екі жендетті атып үлгерді. Өзімен бірге алған ұйымдар тізімін, олардағы мүшелердің, ұйым хатшыларының аты-жөні жазылған қағазды шайнап жұтты. Ортаға алып атын да, Ғарыптің өзін де табан астында қылыштап өлтірген баскесерлер аузындағы қағаздарын тартып алуға әрекет етті. Бірақ, Ғарыптан қағазды ала алмады. Банда 12 сәуірге дейін айуандықпен ойран салды. Қызыл Армияның отрядтары келуден 2 күн бүрын олар қаланы тастап кетті.
Банданы ізінше сонынан қуғындауды Степан Разин атындагы 435-ші кавалериялық полкінің жауынгерлеріне жүктелді. Командирі К.К. Галето және комисары А.И. Зубов. Сонымен бірге оған А. Крокстың басшылығымен Ақмоланың коммунистік отряды мен павлодарлық еріктілер тобы (550 мылтықты жауынгер, 70 қылышты жауынгер) қатысты. 1921 жылдың 23 сәуірінде Қарқаралының оңтүстік-шығысында 180 километр жерде ұрыс болды, бүлікшілер жеңіліп Қытайға қашты. 1921 жылы күзде Қытай өкіметінен келісім алған Қызыл Армияның 13-кавалериялық дивизиясы Қытай шекарасынан өтіп, Токарев бандасын толық талқандады, біраз адамдарын тұтқынға алды. 1922 жылдың мамыр айында Красноярскіде банданың басшылары сотталып, революциялық әскери трибуналының үкімі бойынша оларға ату жазасы берілді. Қалай болған күнде де қарқаралылық құрбандар кегі осылай қайтарылды.
Қарқаралы қаласының азалы халқы азат етушілерді қуана да, күрсіне қарсы алды. Жазықсыз мерт болғандардың жалпы саны 78 адам болды. Құрбан болғандарды Халық үйіне жақын жердегі алаңға әкеліп, қаралы жерлеу жиыны ұйымдастырылды. Алаң күңіренген күйге толып, жан тебірентерлік қаралы марш ойналды. Жетпістен аса адамның табыты ұзынша етіп қазылған үш қабірге қатар-қатар қойылды. Халықтың сол ардагер перзенттерінің ішінде революцияны өз қолымен бірге әзірлесіп, адамгершілік қасиеттердің ең асылдарын бойға жиған жас батырлар да бар еді. Содан бері 83 жылға жетер уақыт өтіпті. Бір кездегі қаралы алаң бүл күндері тым айбынды. Туысқандар бейіті содан бері екі рет жаңарып, 1967 жылы бүгінгідей жаңа қалыпқа түсті. Бүгінде ол биік - дуал, болат шарбақпен қоршалған. Дәл жанында ұлы достықты, ұлттар бірлігін паш ететін алып мүсіндер тобы мен ұлы ерліктің куәсі мұнара тұрғызылған. Ол жерде бүгін ізбасар - балғындар еккен қызыл-жасылды гүл жайқала жетіліп, жасөспірім тал шоқтары жапырағымен желпиді. Баяғыда қаралы митингі өткен жерде бүгін мерекелік, мәнғілік мінбе бар.
Төмендегі тізімде сол 1921 жылы құрбан болғандардың аты-жөні беріледі:
• Аксарин Александр Платонович. 1873-1921 ж. 1920 ж. РКП(б) мүшесі. Қарқаралы уездік ревкомының азық-түлік комитетінің қызметкері.
• Ахметов Хамит. 1895-1921 ж. РКП (б) мүшесі, Қарқаралыдағы төменгі класс оқытушысы.
• Базилевич Акулина. ?-1921 ж. Партияда жоқ, военком Г.Н.Базилевичтің әйелі. Күйеуімен бірге өлген.
• Базилевич Герасим Никитович. 1894-1921 ж. 1918 ж. РКП(б) мүшесі. 3 ақпан 1921 жылы түберкулезбен ауырып әскери қызметтен босаған. 6 сәуір 1921 жылы, бандиттермен соңғы оғы қалғанша соғысып, соңынан өзін және әйелін гранатамен жарды.
• Белоусов Ефим Степанович. 1900-1921 ж. РКП(б) мүшесі.
• Бердалин Рақымберлі. 1894-1921 ж. Милиционер.
• Блощицин Антон Григорьевич. 1862-1921 ж. Партияда жоқ. Қарқаралыда 1890 ж. тұрған. Орманшы.
• Бойко В. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.
• Бондаренко Иван Мартемьянович. 1870-1921 ж. Партияда жоқ. 1920 ж. Орманшы болған. |
• Борисенко Иван Иванович. 1894-1921 ж. 1920 ж. РКП(б) мүшесі. Қызыләскер.
• Бортников Евгений Андреевич. 1866-1921 ж. 1920 ж. РКП(б) мүшесі. Бухгалтер.
• Бубнов Николай Иосифович. 1889-1921 ж. РКП(б) мүшесі. 1920 жылдан военкоматта істеген.
• Войцеховский Александр Константинович. 1888-1921 ж. 1910 ж. РКП(б) мүшесі. 1920 ж. Петроградтан арнайы жіберілген. Қарқаралыда мастерскойды басқарған.
• Волошин Яков Андреевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік партия комитетінің инструкторы.
• Голенкин Александр Петрович. 1899-1921 ж. РКП(б) мүшесі. 1921 ж. 27 ақпаннан Қарқаралы уездік әскери комиссары.
• Дрючков Алексей Мартинович. 1894-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Қызыләскер.
• Ермаков Андрей Николаевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Қылмысты істер бөлімінде істеген.
• Есбергенов Абдірахман. Милиционер.
• Жудин Михаил Иванович. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Семейден 1921 жылы 17 ақпанында коммуналдық шаруашылықты басқару үшін келген.
• Жүнісов Абдірахман. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Мамандығы оқытушы.
• Иванов Павел. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. 1921 жылдан уездік милицияны басқарған.
• Иванова Нина. 1904-1921 ж. РКЖҰ мүшесі. Николаевкадан келген оқытушы.
• Катков Филипп. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.
• Кирик. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.
• Колосков Филипп Яковлевич. 1898-1921 ж. РКГТ(б) мүшесі.
• Кононов Терентий Николаевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Жер бөлімінде істеген.
• Карелин Михаил Севостьянович. 1893-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Қызыләскер.
• Көмекбаев Мағзұм. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Оқытушы.
• Медеубаев А. - 1886-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік партия комитетінің мүшесі.
• Мусин Ғариф. - 1896-1921 ж. Уездік комсомол комитетінің хатшысы.
• Ткаченко Георгий Анреевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.Уездік партия комитетінің қызметкері.
• Тюрин Иван Ксенофонтович. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік комитеттің дезертирлермен күрес бөлімінде қызмет істеген.
• Ужегова Аграфена Ермолаевна. ?-1921 ж. Уездік милицияның қызметкері.
• Фирулев. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Инструктор - үгітші.
• Хрусталев Михаил Капитонович. 1877-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Халыққа білім беру бөлімінің басшысы.
• Червев Иван Зиновьевич 1882-1921 ж. Партияда жоқ. Қарқаралыда Кеңес өкіметін орнатушы белсенді.
• Черепанов Иван. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Инструктор - Семей губревкомының аудармашысы.
• Чернов Николай Иванович. 1892—1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік военкоматтың қызметкері.
• Черняев Александр. 1903-1921 ж. РКЖҰ мүшесі. 1920 жылы комсомол ұйымын құрғандардың бірі.
• Чигович Альфред Христофорович. 1897-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Ұлты латыш. 20 сәуір 1920 ж. Семей губерниясы ЧК ұсынысы бойынша Қарқаралы уезіне жолдамамен келген.
• Чигуров. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Инструктор - үгітші.
• Швиммер Густав. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі, 1921 ж. 1 наурызынан Қарқаралы политбюросының мүшесі.
• Шыңғысов Ақметқали. ?-1921 ж. 1921-жылы телеграфта қызмет істеген.
• Якубовский Асан Бакирович. 1885-1921 ж. РКП(б) мүшесі, 1 разрядты баспа қызметкері.
• Сонымен бірге Беленцов, Вилеев С, Касленов, Макеев, Мақатаев, Малетин, Матвиенко, Мясников, Никитин, Пашин, Паскетов, Партюн, Почерняев, Разумовский, Редькин, Рязанов, Санькович, Станкевич, Спатаев К., Спатаев, Столбов, Смирнов, Солонар, Спирин және тағы басқалар туралы нақты мәліметтер бүгіндер тиянақты іздестірілмей отыр.
Бұл тізімде көрсетілген адамдардың барлығы дерлік жастардан тұрады. Бұл адамдар өткен ғасырдың 20 жылдарындағы Азамат соғысының от-жалынында шыныққан, болашактан зор үміт күткен қарқаралылық жерлестеріміз еді.
3
Он артықшылық:
1. Адамдар өз сөзіне жауап беруге, қоғамдық тәртіпке бағынуға, ұжымдық принциптерге қызмет етуге тәрбиеленді. Сондықтан, өтірікшілер, жағымпаз, опасыздар қызмет жолында өспейтін, оларға төменгі сортты жандар деп қарап, қадірлемейтін. Елдің алдында жексұрын болмас үшін адамдар барынша ар-ождан принциптерін ұстануға тырысатын.
2. Адамдар арзан сөзге әуес болмауға, ірілікке тәрбиеленді. Этика-эстетика кеңестік қоғамның басты ұстанымдары болды. Мәселен, театрға қолына сусын бөтелкесі, т.б. ұстап, қалай болса киініп барғандар болмайтын. Мәдени орындарға таза әрі үйлесімді киініп бару міндет сияқты еді. Қыздар жыртық джинсы, егде әйелдер бұтын тыртитып тар шалбар киіп, әлем-жәлем боянып, мәдени мекеме есігін ашпайтын. Театр, концертте отырғандар ысқырып, қиқуламайтын. Қысқасы, жоғары мәдениетті болу әркімнің міндеті болатын.
3. Кітап оқу сән болған заман. Дүниежүзі классиктерінің барлық еңбектері орыс тіліне адуарылып, бұл жөнінен кеңес халқы түгел сауатты болды десек өтірік емес. Ауылдағы малшы, тракторшыларға дейін жүздеген мың тиражды республикалық және одақтық газет-журналдарды ешкімнің мәжбүрлеуінсіз жаздыртып алып оқитын. "Кезінде әкем қойын өріске жіберіп қойып, мынадай-мынандай газеттерден бас алмаушы еді" деген әңгімелерді сол кездегі ұрпақтың аузынан бүгінде естіп жүрміз.
4. Біреудің көңілдесі болып, бастықтың азаматтық некедегі әйелі болып жүріп қызметін өсірген, дипломды сатып алған, көпшіліктің алдында өзін дұры ұстауды да білмейтін, ыржалақтаған, қылмыңдаған бикештер болмайтын. Болғанның өзінде ондайларды тіпті хатшы етіп те жұмысқа қабылдамайтын.
5. Шет елдіктерге қатал сыни көзбен қарайтын. Онсыз да аз келетін кез-келген шет ел өкіліне Кеңес адамы күдікпен қарайтын. Көбінесе "тыңшылық мақсатта келді ме?" деп күдіктенетін. Соның арқасында миссионерлік сияқты елді бұзатын идеологиялық у ел ішіне тараған жоқ. СПИД сияқты аурулар болмады.
6.Еңбек адамы шынайы түрде бағаланды. Алпауыт бай және күнін әрең көріп отырған кедей деп бөлінбеген, тең қоғам болды. Кезінде көп қой өсірген, бүгінде зейнеттегі малшы әйелінің Мәскеудегі жоғары шенділерге арналған шипажайда қалай демалғанын өз аузынан естігенбіз.
7. Кез-келген адам министрге кіріп, мәселесін шеше алатын. Кез-келген Кеңес азаматының хаты құзырлы мекемеге жетіп, жауап алынатын. Ол кезде министр,т.б. шенділерді малшы, жай жұмысшыдан артық көріп, мәймөңкелеп, асыра құрметтемейтін. Яғни шенеуніктер халықтың шынайы "құлы" болатын. Салтанатты жиналыста зор еңбек сіңірген малшы, тракторшылар төрде отыратын.
8. Нан, сүт өнімдері, т.б. азық-түліктің сонымен қатар жеміс-жидектің 100 пайыз таза табиғи болуы. Мектептерде бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанатын. 1 сыныпта үш мезгіл тамақтандыру кезінде ішкен қою айранның дәмін әлі ұмытқан жоқпыз. Шырындар мен тәтті тоқаштар да 100 пайыз табиғи өнімдерден әзірленетін. Сондықтан ішек-қарын ауруларының жапай таралуы деген болмайтын. Азық-түлікке химиялық қосындылар салу 1990 жылдардың ортасында белең алды.
9. Киім-кешек 1980 жылдарға дейін негізінен тапшы болса да 100 пайыз табиғи таза кездемелерден тігілетін. Денеге жұмсақ, денсаулыққа зиянсыз еді.
10.Қоғамдық тамақтандыру орындарын санитарлық мекеме жиі тексеріп, жұмысын қадағалап отыратын. Ондайда "пара беріп азуын алу" деген болмайтын. Сондықтан " жұқпалы дертті аспазшы", "астан улану" дегенді ел естімейтін.
Бес кемшілік:
1. Кеңес кезіндегі қазақ қоғамында орыс тілін жоғары қойып, орыс ұлтының өкілін қазақ ұлтының өкілінен биіктеу қойып (оны Мәскеу талап етпесе де), жағымпаздану деген дерт болған. Он қазақ жиналса міндетті түрде орысша сөйлейтін. Қазақша сөйлегендерге "орыс үкіметі" шектеу қоймаса да, кейбір қазақтар орыс тілін сән көретін.
2. Ол кездегі қазақ қоғамында (бұл тұрғыдан Мәскеу тарапынан қысым көрмесе де) ұлттық салт-дәстүрді менсінбеушілік, қазақ мәдениетінің жауһарларын сырт көзге көрсетуді артта қалу деп түсіну тәрізді жарамсақтық әрекеттер болған.
3. Тауар тапшылығы. Қазіргідей супермаркеттерде тауар толып тұрған кезді ол заманның адамдары көздеріне де елестетпеген шығар. Бірақ бұны кемшілік деуге де болмас. Өйткені, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін жалғыз КСРО емес, әлемнің көптеген елдері экономикалық даму сатысының алғашқы баспалдақтарын өткеріп жатқан.
4. Маскүнемдердің көп болуы. Талай жақсы-жайсаң азаматтардың арақтың салдарынан құрып кеткені туралы әлгі күнге дейін айтылып, жазылып жүр. Арақ сол кездегі қазақ қоғамының басты дерті әрі жауы болатын. Аз санды ұлттарға арақты көбірек ішкізіп, ұлттық санасынан айыру деген жымысқы саясаттың жүргені туралы тарихи жазбалардан белгілі. Сібірдегі аз санды ұлттар да арақтың зардабын көп тартты.
5.Дүкендерде шошқа майы қосылған "колбасаның" көптеп сатылуы және оның қаладағы қазақ балаларының күнделікті асына айналуы. Асханаларда да осындай "колбасалар" берілетін...
Достарыңызбен бөлісу: |