Моңғол-татардың алып империясының керегесi көгiнен сөгiле бастағанымен iргесi әлi мықты болатын. Алтын Орданы Ақсақ Темiр шайқап жiбергенi рас. Соңынан ұсақ хандықтар пайда бола бастаған



Дата24.02.2016
өлшемі45.5 Kb.
#13163
КӨШIМ ХАН МЕН СҮЗГЕ СҰЛУ
Моңғол-татардың алып империясының керегесi көгiнен сөгiле бастағанымен iргесi әлi мықты болатын. Алтын Орданы Ақсақ Темiр шайқап жiбергенi рас. Соңынан ұсақ хандықтар пайда бола бастаған. Келе-келе Ресей кемелiне келiп хандықтарды бағындыра бастады. ХV ғасырдың аяғында ХVI ғасырдың басында Ресей күшейе түстi.
1538 жылдардан бастап дала казактары елеулi құралға айналды. Москва оларды әскери қорғанысқа пайдаланды, керегiне жаратты. Ресей Қазанды 1552 жылы, Астраханды 1554 жылы, Башқұртты 1578 жылы басып алды. Ары қарай Қырым 1783, Дербент 1796, Ереван 1837, Кавказ 1859, Қоқан-Ташкент 1865, Самарқан 1868, Хиуа 1873, Түркмен 1881, Меру 1884 жылдары құлай бердi. Қазақстан Азияның құлпы және кiлтiндей көрiнетiн. Ресейдiң үлкен саясаты iске асуын тоқтатпады. Қазақстан мен Орта Азия жолында Сiбiр тұр. Сiбiрдi құлатпай басқа хандықтарды алу оңайға түспейдi.
Әлемдiк аренаға Көшiм хан /1518-1598 ж.ж/ шықты. Ресей ол салып кеткен көпiрден 200-300 жылда әзер өттi. Ресей жылнамаларында Көшiмдi жерден алып, жерге салғанымен, оның әлемдiк тұлға екенi айқындала бередi. Сiбiр әлемiнде Көшiмсiз күн шықпайды, ай тумайды. Ресей, Қазақстан тарихы Көшiмсiз келте көрiнедi. Қазақстан тарихшылары Сiбiрдi, Көшiмдi көсiлiп жаза алмады. Қадырғали бек, Шоқан, Әлкей Марғұлан, Манаш Қозыбаев, Мұхтар Мағауин, Мұрат Абдиров, Жанұзақ Қасымбаев, Сәбит Мұқанов Сiбiр тақырыбына талай бастама жасады. Ғалым Мұрат Абдиров «Хан Кучум» атты 1996 жылы еңбек бердi. Көшiмнiң заманы Хак Назар /1538-1580 ж.ж./, Шығай /1580-1582 ж.ж./, Тәуекел /1586-1598 ж.ж./ сияқты хандардың хандық уақытына сай келедi. Көшiм хан /1563-1598 ж.ж./ 35 жыл ешкiмнiң қолынан келмейтiн сәттi қоғамдық iстер тындырды.
Оның қол астында 100-ге тарта тайпалардың өкiлдерi болды. Көшiмнiң тiректерi Арғын, Қыпшақ, Жалайыр, Найман, Керей, Табын тайпаларынан едi. Орта Азия, Қазақстан, Сiбiр мықты одақ құра алмады. Ресей оларды жекелеп бағындырды. Сiбiрдi сiбiрлiктердiң күшiмен, айламен сүрiндiрдi. Мұхаммедқұл жараланып қолға түскеннен кейiн, сiбiрлiктер түзеле алмады. Иван Грозный /1530-1584 ж.ж /, Борис Годунов /1552-1605 ж.ж / патшалық құрған уақытта Сiбiр тағдыры шешiле бастаған едi. Осы патшалар түрiк-монғол-татар тұқымдас тайпалардың өкiлдерiн көрегендiкпен өздерiне қаратты. Солардың қолымен басқа жұрттарды бiр-бiрлеп сiңдiре бердi. Ресей патшасының ең жоғары орындарында 150-200-дей әлемге белгiлi түрiк-монғол қандас кемеңгерлер ант берiп орысқа айналды. Олар патша тағына адал қызмет жасады. Осы саяси көрегендiктен Ресей ұтпаса, ұтылған жоқ. КСРО және Ресей тарихшысы Р. Скрынников қазақ дегендерiмiздiң көбi татарлар. Есаул, атаман, казак сөздерi татарлардан алынған дейдi. 1581 жылы Ресей әскери дағдарысқа ұшырап, Москваға казактар шақырылады. Тобол, Есипов, Погодин, Кунгур, Ремезов, Сiбiр жылнамаларынан Скрынников сан алуан аңыз, ертектер келтiредi.
Тарихшылар Н. Карамзин, П. Небольсин, Ш. Уәлиханов, А. Левшин Көшiм ханның түбiн қырғыз-қазақ дейдi. Ал В. Вельяминов-Зернов Көшiмдi шайбандық немесе түмендiк деп көрсетедi. Ғалым Мұрат Абдиров Көшiмдi қазақ екенiн ондаған мысалдармен анықтайды. Есипов жылнамасында оны Қазақ Ордасынан келдi десе, тарихшы В. Бартольд Көшiм - татар ханы деген, ал тарихшы Г. Миллер ол Қазақ Ордасынан шыққанын келтiредi. Ғалым Ж. Қасымбаев әлi де болса Көшiмнiң тегiн тағы да қарастыруды жөн көредi. Қысқасын айтқанда Сiбiр-Көшiм хан тарихы Қазақстан ғалымдарына түбегейлi iзденiстi керек етедi.
Ендi Көшiмнiң отбасына және әйелi Сүзгеге тоқталайық. Ғалым Мұрат Абдиров Көшiмнiң 9-әйелiнен 17 ұл және көп қыздар туды деп есептейдi. Ең үлкен әйелi Күлзипа, соңғысы Сүзге екенi айтылады. Әйелдерiнiң iшiнде ноғай, өзбек, татар, қалмақ, ханты да бар болса керек. Түрiк тектес, түрiк тiлдес 24 ұлттың бiрi қазақ болса, сол ұлттың сүйiктi, сүйкiмдi, сұңқары Сүзге сұлу едi. Баян сұлу, Ақжүнiс, Қыз-Жiбектердiң қасиеттерi және Гауһар, Құртқа, Мақпал, Бопайлардың мiнездерi қоса бiткен Сүзге болмаса Әлия, Мәншүк, Ләззаттар жаралмаған болар едi. Әдебиет, мәдениет, өнер, тарих Сүзгенi сомдап көрсете алмаса кiнә Сүзгеде емес. Сүзге, Томирис-Клеопатралардың жалғасы. Сүзге ханымды тек ана, әйел деп қана қарасақ қате болар едi. Ол ұлттық сананың айнасы.
Махаббаттың, патриоттық сезiмнiң жаршысы. «Сүзге - символ нации» - деп ақындар босқа айтпаған. Бодау, Бәйжiгiт, П.Ершов /1815-1869/ Сүзге ханымға қалай көңiл бөлдi екен? Сiбiр ақыны П.Ершов «Сүзге» атты дастан жазды. Осы дастан 1838 жылы «Современник» журналына басылған. 1899 жылы «Сүзге драмасы» Тобол театрында қойылған. 1922 жылы Тобол губерниясы Уәйiс ақынның Сүзгесiн тыңдаған. Бодау жырау /1805-1922/ «Сүзге ханымды» П. Ершовтан бұрын жырлаған. «Сүзгенi» А.Сорокин, П.Васильев өлеңдерiне қосқан. 1896 жылы композитор И.Корнилов «Сүзге» атты музыкалық пьеса жазды. Бодау Күлзипаны /1518-1573/, Сүзгенi /1548-1584/ өзiнше жырлады. Бекназарұлы Қойлыбай Сүзге биiн қайықта билептi. «Су перiсi», «Сүзге сұлу», «Сүзге ханым» Арқада ертекке айналған. «Сүзге ханым» атты дастанды Құнанбай қажы сүйiп тыңдаған. Шоқан Нарқызды Сүзгеге теңеген. Атаман Қожық Сүзгенiң ұлымын деген. Шоқан ұнатқан Нарқыз Қожықтың жалғыз батыр қызы едi. П.Ершовтың «Сүзгесiн» Ө.Ахметов қазақ тiлiне аударды.
Тарихшы Р.Г. Скрынников былай дейдi: «На подступах к Кашлыку стояли укрепления Сузгун-Тура, Бицик-Тура. Засека на Чувашевскому мысу, городок мурзы Аттика, городок Карачи». Сiбiр тарихында Сүзгеге арналып қала салынған. Сүзге сұлуға салынған сексен сатылы сегiз сарайға солқылдақ көпiрлер әкелетiн. Қарауыл-биiктен дарияның көзге түспейтiн жерi жоқ. Қамалдың астынан дарияға қайықпен шығатын таспен көмкерiлген үңгiр-шеңберлi канал салынған. Қарауылдан төмен қарай баспалдақпен түскен сарбаздар қайықпен үш жаққа шыға алады. Қамал тұрған түбектiң сырты ормен айналдыра қоршалған. Өткелдерде садақшы сарбаз сақшылар тұрады.
Түбектiң бiр жағы сауысқан мүйiсi деп аталады. Сүзгеге арналған бекiнiс қалашыққа айналған. Әскери ойындар, жарыстар бекiнiстiң асты-үстiнде толастамайтын. Қыпшақ киiмдерiн киiп шығатын Сүзге соғыс алаңындағы жауынгерге ұқсайтын. Сүзге садақшы, сайыскер, мерген, желаяқ едi. Суда жүзгенде, қайық ескенде, сарбаздығы басым түсетiн. Ол оқ жыландай атылатын. Бес жасынан ат құлағында ойнайтын бозбаладай жетiлген. Ағаштан ағашқа секiргенде маймылдай қимылдайтын. Ақындар айтқандай «серпiнi секiргенде сiлеусiндей» екен. Ақындар Сүзгенiң сүйегiн «Жалайыр-Табын» дептi. Табын тайпасының «Серкесiндей», «Саянның сүйрiк құсындай», «Сәтбек батырға жекжат Сүзге-Сыбызғы», «Сырды көрген, Самарқанда сомдалған» - деп Сауыр, Ерен Қабырғаға, Алтай, Саянға апарып тiрейдi ақындар.
Сiбiр жылнамаларында Ресей әскерлерi қазақтардың күшiмен Сiбiр астанасы Искердi алып, Сүзге-тура қалашығын қоршайды. Оқиға 1582 жылы болған. Иван Гроза басқарған казактар қаланы ала алмай, 21 күндей соғыс жүргiзедi. Қала қорғанысына Сүзге басшылық етедi. Атаман Гроза қаланы алуға айналады. Сүзге аз адамдармен қаланы бермейдi. Соңынан Сүзге Көшiм ханның шегiнiп кеткенiн, Сiбiр әскерiнiң бас қолбасшысы Мұхаммедқұл жараланып, тұтқынға түскенiн естiген Сүзге ерiксiз басқа шешiмге келедi. Садақтың оғымен құпия хат қамалға келiп түседi. Онда Сүзгеге көмектiң келмейтiнi Мұхаммедқұл мен Көшiмнiң жағдайы жазылған. Сүзге ханым атаман Грозаға тiрiдей берiлемiн, тек менiң қандастарым қамалдан қайықпен шықсын деген өтiнiш бiлдiредi. Атаман Гроза қамалдың қорғаушыларының кетiп болғанын тосып, бос қалған қамалға кiредi. Тек биiк ағаштың түбiнде сүйенiп отырған Сүзгеге тап болады. Сөйтсе Сүзге өзiне өзi қанжар салыпты. Сүзгенiң ерлiгiне риза болған Ресей әскерлерi Сүзгенiң денесiн салтанатпен қойып, артынан қамалды өртеп жiбередi.
Сүзгенiң ерлiгi бүкiл Сiбiрге, Ресейге, Қазақстанға тарап кетедi. Оның Сiбiрге, Көшiм ханға адалдығы аңызға айналады. Ресей мен Қазақстан ақындары Сүзгенi насихаттап өлеңдер жазады. Сүзгенiң даңқы Абай, Шәкәрiмге жетедi. Абай Петр Ершовтың «Конек Горбунок», «Сүзге» дастандарын аударуды Уәйiс Шондыбаевқа тапсырады. Ақылбек Сабалұлы Тұрабаев (1880-1919) «Сәтбек батыр» деген дастан жазады. «Көшiм хан-Сүзге» Қытай ақыны Ақыт Алтайский қажының назарына iлiнедi. Көшiм хан заманында Ертiстiң басынан аяғына дейiн белгiлi болған. Тобол татарларымен Ақыт қажы (1868-1940) өле-өлгенше қатысып тұрған.
Ендi Уәйiс ақынның бала күнiнде жазған «Сүзге Ершовтан» атты дастанынан үзiндi берейiк.

Сүзгенi мен жазбасам кiм жазады.

Өткендi мен қазбасам кiм қазады

Бағыштап мен арнасам төрт кiтапты,

Рухын өлгендердiң кiм бағады.
Ресей, Татар, Қырым, Едiлдi алды.

Оралдан Сiбiрге де, ауыз салды.

Қандастар опа таппай бiр бiрiнен,

Ұлы дала, Тұран мен сыртта қалды.


Байтақ ел жүз елу жыл болды қолды,

Таланды бар дәулетi, ұрпақ солды.

Отыз ұлт өз елiнен кеттi безiп,

Көз жасқа сорғалаған етек толды.


Көшiм хан «От қарусыз» қапы қалды.

Жауымен тайталасты, төктi қанды.

Арпалыс жанталастан түзеле алмай,

Құрбан боп алтын басын отқа салды.


Өлерде Зайсан елiн паналады.

Өтерiн қайран ерiң шамалады.

Сүзгенiң қасиетiн Ершов жазып,

Қарақшы-қаншелектi қаралады.


Лена-Амур, Обы-Енесей терiс ақты.

Саян, Алтай, Байқалды кәпiр шапты.

Табиғат, Тағдыр, Тәңiр жау жағында,

Жарты әлем бөтен елден өлiм тапты.


Күш, айла өз дегенiн кеттi жасап.

Мал мен жан, аң-құста, болды қасап.

Тарихтың дөңгелегi керi айналып,

Алтын ел, қайғы басты, iшi босап.


Қарт Сiбiр бодан болды сағы сынды.

Жеңген жұрт пайда тапты iсi тынды.

Тәңiр де қолдайды екен жеңген жақты,

Байыптан сырды ашсақ, айтсақ шынды.


Ал жұртым баяндайық Сүзге жайын,

Асықпай ағытайық тiлдiң майын.

Баян Сұлу, Қыз Жiбек, Ақжүнiстей,

Хан қатынын тербейiк, Сiбiр райын...


(Ескерту: «От қару»- мылтық: Төрт кiтап – Інжiл, Таурат, Забур, Құран; Сүзге – Көшiм ханның соңғы әйелi, 36 жасында ерлiкпен қаза тапқан; 150 жыл – Қазақстан бодан болғанға дейiнгi кезең; Көшiм хан Ноғайлыға кетер алдында Зайсанға келген)
Уәйiстiң «Пушкинше» деген де өлеңi бар:
...Таяқ жеп жапа шеккенде,

Құран бердi қуатты.

Көңiлдiң жазы кеткенде,

Ән күй жебеп жұбатты.

Тұл екен ғалам өнерсiз,

Ғылым, еңбек оятты.

Жәбiр көрсең оқи жүр,

Інжiл, Забур, Тауратты...


Бұл өлең Сiбiрге байланысты. Бiрiншi аударма сияқты, екiншi ақынның өзiнен шыққан. «Ұлы Дала», «Тұран» мен сыртта қалды дегенi, Орта Азия мен Қазақстан Көшiмге көмек бермедi дегенi. Сiбiрде мұсылман дiнiн бекiтiп кеткен адам Көшiм хан екенiн бiлгенiмiз жөн. Бұхар, Ноғай, Сiбiр, Ұлы Дала хандықтары егесiп, қайта табысып, қақтығысып отырған кездерi болған. Оның себебiн тек Көшiмнен iздегенiмiз қалай болар екен? Қайран ер екi көзден айырылғанша Сiбiрге жауын жолатпаған. Сiбiрдi жеке мемлекет жасамақ болып арпалысқан. Ресейге де жорықты тоқтатпаған.
Өзенмен келiп Ресей әскерi Сiбiрмен айқасқанда, Көшiмнiң сарбаздары үш аймақта соғыс жүргiзген. Ермак басқарған әскер Сiбiрге кiргенде Көшiм бейқам жатқан, қапыда қалған. Әрине ханның қателiгi шығар? Дiттеп келгенде, Сейтектiң, Қарашаның, Қазақ хандығының саясатын, тарихын қайта қарастырған жөн сияқты. Бұрынғы әдебиетшi, тарихшы, саясаткерлердiң беделiне жалтақтап қарай бермей дәлелдi ақиқатты iздеген жөн болар. Сол сияқты, Көшiм ханның екi әйелi Күлзипа мен Сүзгенiң Ұлы далаға сiңiрген еңбектерiн кiм жазбақ? Қазақ Ордасы мен Сiбiрдiң арасын жақындатып отырған Ұлы Аналар осы екеуi десек қате бола қоймас. Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Ер Тарғын, Манас сияқты халық жырлары Сiбiр жерiнде шарықтай берген. Байжiгiт күйшiнiң Сүзге атты күйi, Қойлыбайдың Сүзге атты биi болған.
Талдықорған қаласы.

Авторы: Өкiтай АХМЕТОВ, зерттеушi.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет