Мөңке би селолық округінің әкімі Ж. А. Тлеубергеновтың
2013 жылдың 9 айлығында атқарған жұмыстарының
ЕСЕБІ
Құрметті ауыл тұрғындары!
Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына ену бағыты айқындалған ұлттық саяси даму стратегиясын белгілеп берді. Елбасының бастамасымен жасалған «Қазақстан 2030» стратегиясы барлық қазақстандықтардың өсіп -өркендеуін, қауіпсіздігін және әл –ауқатының артуын көздеген болса, бұл меже мерзімінен бұрын орындалды..
Елбасының болашаққа арналған стратегиялық құжатты жария етуі Қазақстанды жаңа белеске шығаруға арналған. Аталған құжатта жеті бағыт бойынша нақты міндеттер тұжырымдалып берілді. Оның ең басты міндеттерінің бірі еліміздің дамуын әрі қарай жалғастыру. Бұл бағытта соңғы жылдар біраз жұмыстар жасалды. Әйтсе де ауылдық аймақтар мұндай өзгерістерден сырт қалып қойғандай еді. Енді оның орны толғалы тұр. Селолық округ әкімі аппараты Елбасының Қазақстан Халқына Жолдауынан, облыс, аудан әкімдерінің жыл бойына берген тапсырмаларының орындалу шараларын жүзеге асырды.
Селолық округтегі жалғыз елді мекенде 244 отбасы, 1220 адам есепте тұрады. Олардың еңбекке жарамдысы -743, зейнеткер - 120, тыл ардагерлері – 18, ауған соғысының ардагері-1, әртүрлі жастағы және әртүрлі топтағы мүгедектер 27.
Округте мемлекеттік жәрдемақыларды және 18 жасқа дейінгі мемлекеттік бала жәрдемақысын заң тұрғысындағы тиесілі тұрғындар алуда. ІІІ тоқсанда 18 отбасы мемлекеттік бала жәрдемақысын алды.
Селода ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жоқ. Аудандық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы әлеуметтік жұмысқа 13 адам тартылды. Жалпы село бойынша жұмыссыздардың санын өсірмеу үшін аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе жұмыс істеудеміз..
Жалпы орта білім беретін 320 орындық типтік жобада 2007 жылы пайдалануға берілген білім ордасы бар. Селодағы мектепте 285 оқушы, 54 мұғалім жұмыс жасайды. Арнаулы пәннен сабақ беретін мұғалімдердің барлығының білімдері жоғары. 2013 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында екіайлық өткізілді. Акция кезінде ауылдың жеке кәсіпкерлерінің демеушілігімен аз қамтылған отбасы балаларына және жартылай жетім балаларға 19000 теңге көлемінде көмек көрсетіліп, оқу құралдары, киім-кешек сатып алынып берілді. Оқушылар ыстық тамақпен қамтылған. Олар бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылар балалары.
Ал балабақшада қазіргі уақытта 40 бала 2 топта тәрбиеленуде. Биыл жергілікті бюджеттен 375 мың теңге бөлініп, ағымдағы жөндеуден өтті. Дегенмен келешекте балабақша ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді.
Округ әкімшілігінің ғимаратында селолық кітапхана жұмыс жасайды. Онда 13059 кітап қоры бар, он адамдық оқырман орны бар. Мөңке би ауылдық кітапханасында Елбасының Қазақстан халқына жолдауын оқырмандар арасында насихаттап, оны жүзеге асыру мақсатында әр түрлі тақырыпта кітап көрмелері, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды, әдеби және мерекелік кештер өткізілді. Әртүрлі тақырыпта ауызша журнал, библиографиялық шолу, әңгіме, сауалнама, танымдық сағат, оқырмандар конференциясы өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ осы ғимарат ішінде ауылдан ашылған аула клубына бөлме бөлініп берілді. Онда округ кәсіпкерлері мен округтен шыққан азаматтардың демеушілігімен барлығы 790 мың теңге көлемінде қаржыға тренажерлар мен спорттық инвентарлар сатып алынды.
Ауылдық клубта биылғы жылы жылдағыдай мейрам күндеріне орай мектеп, балабақша ұжымдарының көмегімен, ауылдың жастарының қатысуымен бірқатар мәдени іс-шаралар өткізілді.
Фельдшерлік-амбулвториялық пунктте 1 жоғары білімді дәрігер, 2 орта буында қызметкер жұмыс істейді. Дәрігер көрші округтен келіп жұмыс істеуде. Селолық ФАП компьютермен және телефонмен қамтылған..
Селолық пошта бөлімшесі газет - журналдар тарату, ай сайын тұрғындардың зейнетақы, жәрдемақы және бюджеттік мекемелердің жалақыларын беріп, әр түрлі коммуналдық басқа да төлемдерді қабылдайды.
Округте сандық жүйедегі автоматты телефон станциясымен қатар сымсыз байланыс желісі жұмыс жасайды. Абонент саны – 216. Бұған қоса, бмылғы жылы көптен үміттеніп күтіп жүрген «Билайн» қондырғысы қондырылып, қазіргі уақытта үздіксіз жұмыс жасап тұр.
Ауылды 4 ұңғыма сумен қамтамасыз етіп тұр. «Ұлы Борсық» сумен жабдықтау мекемесіне қарасты бір ұңғымадан ауылдың бір бөлігіне желі тартылып, көшеге бұрандар қойылған. Екіншісі мектеп балансында. Ал қалған екі ұңғыма тұрғындар жиналысы хаттамасымен бекітілген азаматтардың жауапкершілігінде. Қазіргі уақытта осы екі ұңғыманың иесін анықтау, болмаған жағдайда мемлекеттік меншікке өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Селолық округтегі 29 шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар қолда бар малын бағып күтуде. Мал басын әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егіліп, мал дәрігерлік байқаудан өткізіп, емдеуде, бірдейлендіру жұмыстары жүргізілуде. Тоқсан соңында округ бойынша 2101 бас мүйізді ірі қара, 7651 бас қой-ешкі, 260 бас жылқы, 126 бас түйе есепте болды. Жыл ішінде шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар 3200 цнт ет, 6100 цнт сүт өндірілді. Алдыңғы жылы мүйізді ірі қара малы бірдейлендіруден өтсе, былтырғы жылы қой-ешкі малы бірдейлендіруден өтті.
«Сыбаға» бағдарламасы аясында быдтырдан бері 5 шаруа қожалығы мал басын көбейтуге жұмыс жасап келеді. Олардың ішінде биыл ашылған «Найман» шаруа қожалығы да бар.
Округке қарасты шаруа қожалықтары округпен қоса көрші округтерді де шөппен қамтамасыз етіп отыр. Әлі күнге дейін шабылып, дайындалған шөптер тасылуда. Шаруа қожалықтары тарапынан аз қамтылған отбасыларға тегін шөп түсіріліп, көмек беріліп тұр. Мал қыстатуға қажетті жем жылдағыдай ауыл кәсіпкерлерінің көмегімен іске асырылады деп жоспарланып отыр.
Мал күтуін бағушыларға неше жылдан бері «Көктас» АҚ-нан жұмысшы ат әкелініп беріліп отыр. Биыл да 3 ат әкелініп берілді.
Селода 6 дүкен, 1 тігінші, 2 шиномонтаж, дәнекерлеу пункті, 1 тойхана халыққа қызмет етеді. Ай сайын аудан әкімінің тапсырмасымен Шалқар қаласының кәсіпкері Камаз машинасымен келіп арзан бағамен азық-түлік сатып отыр. өз кәсіпкерлеріміздің де сатып отырған азық-түліктері мен басқа да тауарларының бағасы аудан орталығындағы бағамен салыстырғанда айырмашылығы жоқ деуге болады.
Елді мекеннің тазалығын «Жаңа талап», «Рауан» және «Мерей» шаруа қожалықтары тұрғындармен келісіілген бағамен жүзеге асырды. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 1 200 000 тенге қаржыға округ орталығындағы кеңшар кезінен қалған иесіз қоқыс үйінділері шығарылып, тазартылды.
«Нұр-Отан» ХДП–сы Мөңке би селолық округі бойынша бастауыш партия ұйымы жыл сайын өзінің қатарын саналы жастармен толықтырып келеді. Бастауыш партия ұйымының мүшелері мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын қолдауда, жыл сайынғы Жолдауды талдап, оны жүзеге асыруға ат салысуда.
Ауылдағы мәселелер бір тоқсанда, бір жылда шешімін табуы мүмкін емес, ең қажеттілерін халық болып ақылдасып, жүзеге асырамыз деген ойдамын және ауыл тұрғындарының түсіністікпен қарайтынына сенемін.
Достарыңызбен бөлісу: |