Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы. «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»



бет1/61
Дата20.05.2022
өлшемі290.73 Kb.
#458338
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   61
kazirgi kazak tilinin morfologiyas nan daris tezisteri


Дәріс



Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы.
Типтік оқу бағдарламасынан көшірме
Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы.
«Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы» пәнінің зерттеу нысанасы, мақсаты, міндеті, өзге пәндермен байланысы, тіл біліміндегі алатын орны. Қазақ тілінің грамматикасы, оның салалары (морфология, синтаксис). Зерттеу мақсатына қарай граммтиканың түрлері: сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы, салғастырмалы. Қазақ тілі морфологиясының зерттелу тарихы, қазіргі жай-күйі. Қазақ тілі морфологиясына байланысты жазылған еңбектер мен оқулықтар туралы.
Дәріс жоспары:
а)Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы пәнінің зерттеу нысанасы, мақсаты, міндеті, өзге пәндермен байланысы, тіл біліміндегі алатын орны.
ә) Қазақ тілінің грамматикасы, оның салалары (морфология, синтаксис).
б)Зерттеу мақсатына қарай граммтиканың түрлері: сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы, салғастырмалы.
в)Қазақ тілі морфологиясының зерттелу тарихы, қазіргі жай-күйі.
г)Қазақ тілі морфологиясына байланысты жазылған еңбектер мен оқулықтар.
Дәріс мақсаты: Студенттерге қазіргі қазақ тілінің морфологиясы туралы теориялық білім беріп, морфологияның теориялық мәселелерін тиімді жеткізудің әдістерін технологиясын түсіндіру.
Тіл білімінің қай саласын алсақ та, оның зерттеу объектісі я тікелей, я жанама түрде сөзге келіп тіреледі. Өйткені, сөзде фонетикалық қасиет те, (дыбыстық комплекс) лексика-семантикалық қасиет те (ішкі мағына), сөзжасам қасиеті (жаңа сөз я жаңа мағына) де, грамматикалық қасиет (морфологиялық құрам мен құрылысы, сөздің түрленуі, сол арқылы бір-бірімен байланысқа түсуі, алуан түрлі грамматикалық мағыналар білдіріп, сөйлем құрауы) те бір-бірімен қабаттасып келіп отырады.
Қазіргі қазақ тілі атты ғылыми және практикалық курстың басты саласы – грамматика. Тілдің грамматикалық құрылысының жүйелері мен оның сан салалы ерекшеліктерін белгілеуде сөздің грамматикалық сипатын толық талдап анықтаудың мәні зор. Өйткені, тілдің грамматикалық құрлысы сөздің грамматикалық сипатына тығыз байланысты.
Ғалым Қ.Жұбанов «грамматика өз алдына ғылым деп танылған соң және ол бірнеше ғалымдардан құралып пайда болған деп білгесін, алдымен грамматикаға кіретін ғылымдардың бәріне ортақ жалпы қасиетін ашып алу керек еді; әрі мұның бәрін де осы жалпы қасиет желісімен матастырып, өзара біріктіріп басын қосу керек еді; сондай-ақ тіл ғылымының басқа тарауымен грамматика пәндерінің арасында қандай айырмашылық барын ашу керек еді» деген тұжырым жасай отырып, грамматика «тіл формаларын тексеретін тіл ғылымының бөлімі», «түрлі сөздердің жақын-алыстығын тергей, әр тобына белгілі форма тағатын, сөздер ауыл-үй қонғанда, оларға тиісті орын сайлап беретін ғылым саласы» деп түсіндіреді.
К.Аханов грамматиканың тарихи грамматика, сипаттама грамматика, салыстырмалы грамматика тәрізді түрлерін көрсетсе, Ә.Хасенов грамматиканы зерттеу материалдарының бағыт-мақсатына қарай сипаттамалы(синхрондық), тарихи (диахрониялық), туыстас тілдердің грамматикалық құрылысын салыстыра(салыстырмалы) және құрылысы жағынан бөлек-бөлек топқа жататын тілдерді салғастыра (салғастырмалы) тексеретін грамматика деп топтастырады. Ғалым, сондай-ақ грамматиканың формалды грамматика, нормативті грамматика, мектеп грамматикасы, академиялық грамматика тәрізді түрлерін де атап өтеді. Грамматиканың бұл түрлерін бір-бірінен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болып, бірін-бірі толықтырып, дамытып отырады.
Адамдар өзара сөйлескенде жеке лексикалық сөз арқылы білдіруге болмайтын неше алуан мағыналардың бәрін де тек грамматикалық амал-тәсілдердің көмегі арқылы ғана түсінікті етіп айта алады. Ендеше, грамматикалық тәсілдер де лексикалық тәсілдермен қоса қабат қолданылатын аса қажетті тәсілдер болып саналады. Әрбір тілдің өзіне тән грамматикалық амал-тәсілдерінің жиынтығы грамматикалық құрылыс деп аталады.
Ал грамматика гректің грамматике – оқи алу, әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан, ол сөздердің түрлену жүйесі мен грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды, сөйтіп сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Грамматика ғылымы тілдің грамматикалық құрылысын зерттегенде, өзінің тексеретін объектісінің негізі, өзегі етіп – сөзді және сөйлемді алады. Тексеру объектілерінің осындай ерекшеліктеріне қарай, грамматика ғылымы морфология және синтаксис деп аталатын екі салаға бөлінеді.
Грамматиканың бір саласы морфологияның (гректің морфе – форма, тұлға және логос – сөз, ілім) да зерттейтін басты объектісі - сөз. Морфология сөздердің жалпы қасиеттерін, ортақ қасиеттері арқылы сөздердің белгілі топ құрай алуы мен түрлену, тұлғалану жүйесін, соның нәтижесінде пайда болатын жалпы мән-мағыналарды топтап, категориялық ерекшеліктерін зерттеп сипаттайды. Морфология сөздердің грамматикалық сипаттарын зерттейді.
Б.Момынова,Ж.Саткенованың «Қазақ тілі морфологиясы.Есімдер» (Алматы, 2007) еңбегінде:«Тар шеңберінде морфология пәнінің нысаны парадигматика, яғни сөз формаларының жүйесі( парадигмалар) және олардың классификациясы деп түсіндіріледі. Ал кең мәнісіндегі морфология парадигматика және оған қоса сөздердің ортақ белгілеріне қарай топтастырылған грамматикалық қатарларын (разрядтары) мен грамматикалық категорияларын зерттейді» деп көрсетіледі.
Синтаксис (гректің синтахис – құрылыс, тізбек, тіркес, тәртіп) те грамматиканың бір саласы. Егер морфология сөздің жалпы сипатын, сөздің грамматикалық мағыналарын, олардың берілу жолдарын, түрлену жүйесі мен парадигмалық (септік, тәуелдік, жіктік) қасиетін сөз формаларының ерекшеліктерін, соның нәтижесінде пайда болатын грамматикалық мағыналар жүйесін жеке-жеке емес жалпы түрде қарау арқылы, ортақ белгілері негізінде, яғни сөздердің грамматикалық сипаттары негізінде грамматикалық топтарға, олардың категорияларға жіктелуін қарастырса, синтаксис сол түрлену тұлғаларының басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу ерекшеліктерін, сөйлемде сөздердің сол тұлғаларында атқаратын қызметтерін, сөйтіп, сөйлем құрау олардың құрамдық, құрылыстық түрлері мен типтерінің ерекшеліктерін қарастырады. Морфология мен синтаксис бір-бірімен тығыз байланысты.
Қазақ тілі морфологиясының жалпы мәселелері ХІХ ғасырдың екінші жартысында Н.И.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, В.Катаринский сияқты ғалымдардың еңбектерінде жеке сөздердің құрамы мен жұрнақтар арқылы жасалуы және жалғаулар арқылы түрленуі тұрғысынан сөз етілгенімен, жеке сөз таптарының сөз табы ретіндегі ерекшеліктері мен лексика-грамматикалық сипатына баса назар аударылмады. Ал қазақ тілі морфологиясының негізгі мәселелері, оның ішінде сөз тұлғалары Қ.Жұбановтың 1936 жылы жарыққа шыққан «Қазақ тілінің грамматикасы» еңбегінде жүйелі түрде қарастырылды.
Морфологияның жеке сөз таптарына қатысты мәселелері 1940-50жылдары М.Балақаевтың «Қазақ тілі грамматикасының кейбір мәселелері» (1941), А.Ысқақовтың «Қазақ тіліндегі үстеулер» (1950), Ғ.Мұсабаевтың «Сын есімнің шырайлары» (1951), Ә.Хасеновтің «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер» (1957), Р.Әміровтің «Қазақ тіліндегі шылаулар»(1959), Ш.Сарыбаевтың «Қазақ тіліндегі одағайлар» (1959) т.б. ғалымдардың зерттеулерінде сөз етіледі. Сөз таптарының жекеленген мәселелері 60-жылдары Ш.Сарыбаевтың «Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер»(1960), Ж.Шакеновтің «Қазақ тіліндегі сын есім категориясы» (1961), А.Ибатовтың «Қазақ тіліндегі есімдіктер»(1961), Ә.Төлеуовтің «Қазақ тіліндегі есім категориясы» (1963) атты еңбектерінде лексика-грамматикалық ерекшеліктері тұрғысынан талданды.
Қазақ тілінің морфологиялық құрылысын жан-жақты қарастыруда тілдік жүйені құрайтын құрылымдардың мағынасын, қызметін, бір-бірімен байланысын айқындаудың өзіндік маңызы бар. Соның ішінде сөздің морфологиялық құрылымы грамматиканың аса маңызды мәселелерінің бірі болып танылады. Сөздердің морфологиялық құрылымы жағынан әртүрлі сипатта болып келуі олардың құрамындағы морфемалардың түрі және қызметімен анықталады. Соның негізінде сөз және морфема морфологияның зерттеу нысаны, ал сөз формалары мен сөздің грамматикалық құрылысын зерттеу морфологияның негізгі міндеті ретінде танылады. Тілдегі сөздерді сөз таптарының белгілі бір түріне бөліп, оның сол сөз табы қатарында қаралуын анықтау арқылы да морфологияның негізгі міндеттері сараланады.
Сөздің морфологиялық құрылымы тілдегі морфема ұғымымен тығыз байланысты. Морфема және оған қатысты түбір морфема, көмекші немесе қосымша морфема ұғымдары морфологиялық негізгі ұғымдар қатарынан орын алады. «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде» (2005) морфема «ары қарай жіктелмейтін, ең кішкентай белгі ретінде танылатын негізгі тіл бірліктерінің бірі» ретінде түсіндіріліп, белгілі бір морфологиялық құрылым деңгейінде бір морфеманың түрлі алломорфтарында алмасып отыратын фонемалар морфемаларға жатқызылады. Морфема ұғымы қазақ тілінің грамматикалырында түрліше түсіндіріледі. Мәселен, «Қазіргі қазақ тілінде»(1954) сөздің мағыналы әрбір бөлшегі морфема деп анықталса, «Қазақ тілінің грамматикасында» (1967) морфема сөздің я лексикалық, я грамматикалық мағынасын білдіретін жеке бөлшегі ретінде түсіндіріледі. Бұл тұжырымдарға ортақ нәрсе: морфема сөздің мағыналық бөлшегі. Н.Оралбай сөздің морфологиялық құрылымын морфологияның маңызды мәселелерінің бірі ретінде қарастырып, морфеманы «сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналы бөлшегі» деп анықтайды.
Бақылау сұрақтары:
1)Грамматиканың зерттеу нысаны, салалары.
2)Морфология саласы және оның зерттеу нысаны.
3)Морфология саласының зерттелуі және бүгінгі жетістіктері.

Пайдаланылатын әдебиеттер:


1.Аханов К.Грамматика теориясының негіздері. –Алматы: Мектеп, 1972.
2. Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі.-Алматы, Ана тілі, 1974, 1991.
3.Исаев С.Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. – Алматы: Ана тілі,1992.
4. Қазақ граматикасы. –Астана, 2002
5. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. – Алматы, 2007 .
6. Момынова Б.,Саткенова Ж. Қазақ тілінің морфологиясы.Есімдер. – Алматы: Арыс,2007.
7.Сыздыкова Г. Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. –Алматы, 2012
8.www.yandex.kz
9.www.google.kz
10.www.rambler.ru
Дәріс


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   61




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет