Намазалы ОМАШЕВ,
ф.ғ.д., профессор
Алаш көсемсөзін зерттеудің өзектілігі
Қазақтың төл басылымдары – «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай Журналистика және саясаттану факультеті өткізіп отырған «Мерзімді баспасөз эволюциясы: адамзаттық құндылықтар мен елдік мүдде мәселелері» атты ғылыми-теориялық конференцияға қош келдіңіздер!
Қазақ баспасөзін ұлықтауға, зерттеуге арналған мұндай конференцияның алғашқы болып Елордамызда жаңа ашылған Журналистика және саясаттану факультетінде өткізілуінде үлкен мән бар. Астана – бүкіл қазақ баласының басын біріктіретін, жаңаша идеялар мен тың бастамалардың ордасына айналып отыр. Демек, біз қалыптастыруға ұмтылып отырған ұлттық идеология осы жерден бастау алуға тиіс. Ал ұлттық, Тәуелсіздік идеологиясының қайнар көздері – ғасыр басында жарық көрген басылымдар. Ондағы қайтсек қазақ халқын отарлық езгіден құтқарып, ел қатарына қосамыз, басқалармен терезесін тең етеміз деп жанталасқан, сол жолда өздері құрбан болған Алаш арыстарының көсемсөздері.
Естеріңізде болса, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика және саясаттану факультетінен бұрын Журналистика мәселелерін зерттеу университеті ашылған болатын. Ондағы мақсат – қазіргі заман талаптарына сай журналист мамандарын даярлауға қажетті ғылыми негіз жасау, оқулықтар мен оқу құралдарын шығару, жалпы журналистік білім беру сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру еді.
Осы орайда институт мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Алаш көсемсөзі» атты 10 томдық академиялық жинақ шығаруды қолға алды. Өздеріңізге белгілі, Алаш арыстарының саяси күрес құралы ретінде пайдаланған баспасөзі елімізден тыс жердегі Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Ташкент мұрағаттарында жатыр. Ол сол саланы зерттеуші ғалымдарға ғана болмаса, көпшілікке белгісіз күйінде қалып келеді.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биылғы жылы «Алаш көсемсөзі» 10 томдығы жарыққа шығады. Онда бұрын еш жерде жарияланбаған «Шолпан» (1-2 том), «Жас Түркістан» (3-4 том), «Сана» (5 том), «Таң» (6-7 том), «Абай» (8 том), «Сарыарқа» (9-10 том) басылымдарының жарияланымдары тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылады. Бұл 10 томдық Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына журналистика саласынан зор тарту болмақ. Осыған дейін Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың жеке-дара мақалалары ғана қарастырылса, біз оның бас редакторлығымен 1929-1939 жылдары Франция, Германияда шығарған «Жас Түркістан» журналының жарияланымдарын тұтас жарыққа шығаруды мақсат еттік.
«Жас Түркістан» – біртұтас Түркістан тәуелсіздігі идеясын көтеріп, бүкіл түркі жұртының азаттығы үшін күрескен басылым екендігі баршаға аян. Басылым материалдары сол кездегі түркі халқына ортақ шағатай тілінен кириллицаға аударылды. Бұл басылымының түпнұсқасы еліміздің бірде бір архивтерінде жоқ. Журналдың барлық сандары Нью-Йорктағы Колумбия университетінде, Анкарадағы Аяз-Тахир Түркістан Еділ-Орал қоғамының кітапханасында сақталған.
Ал, 1922-1923 жылдары Ташкентте жарық көрген «Шолпан» журналы Өзбекстанның мемлекеттік мұрағаттарынан көшіріліп алынды. Онда араб қарпімен жарияланған материалдар сол қалпында кириллицаға аударылды.
Қазақ баспасөзінің тарихы осы 10 томдықпен ғана шектелмейді. Шындап келгенде, 100 томға татитын жарияланымдар әлі баспа бетін көрген жоқ. Бүгінгі конференция арқауына айналып отырған «Айқап» журналының жарияланымдары да толық күйінде жарыққа шықпады. Ал, «Қазақстан» басылымы тіпті түрен салынбаған сала. Ондағы жарияланған көсемсөз көпшілікке белгісіз күйінде қалып келеді. Ендігі зор мәселе – сол басылымды іздеп тауып, жарияланымдарын ғылыми айналымға енгізу. Осы рухани құндылықтарымызды елімізге оралтып, халқымыздың санасына сіңіргенде ғана ұлттық журналистика, оған еңбек сіңірген тұлғалар мәртебесі асқақтай бермек. Олар туралы айтулы даталарда ғана емес, жастарға күнделікті білім беру, тәрбиелеу барысында қолдануға мүмкіндік туады.
Қоғамдағы ірі саяси оқиғалар мен өзгерістер кезінде баспасөздің алдыңғы қатарға шығатыны дәлелдеуді қажет етпейді. «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы ескі жүйенің іргесі сөгіліп, жаңа толқынның күш ала бастаған ірі саяси «дауыл алдындағы тыныштық» кезінде дүниеге келді. «Қазақстан» газетінің жарық көруіне түрткі болған – Ресейдегі жұмысшылар көтерілісінің лебі, төңкерістің алғашқы толқыны сезіле бастаған кез. Басты мақсаты – қазақ жұмысшыларының құқын қорғау болды. Бірақ қазақ жерінде Ресейдегідей ірі өнеркісіп иелері, қара жұмысшылар деген нақты бөлініс кең етек алмағандықтан қазақ халқының тіршілік қалпына ортақ ең өзекті мәселелер сөз болды. Көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа ауысып қала болуға, мал шаруашылығынан бөлек өнеркәсіп, сауда ісімен айналысуға, белгілі бір кәсіпті меңгеруге үндеді. Қай тілде болса да хат танып, ғылым үйренуді насихаттады. Газеттің бас редакторы – Елеусін Бұйрин, қаламгерлері – Ғұмар Қарашев, Сейітқали Меңдешев, Бақытжан Қаратаев, т.б. болды. Газет алдымен Ордада, кейіннен Оралға көшіріліп, 1913 жылы жабылған. Қаржы тапшылығын желеу еткенімен, батыл саяси көзқарастары үшін патша өкіметі тарапынан қысым көрген.
Ал, «Айқап» журналы өз кезеңі үшін өте өткір мәселелерді көтерумен ерекшеленіп, жалпыұлттық басылым дәрежесіне көтеріле алды. Оның алғашқы сандарынан-ақ азулы болғандығын көреміз. Жарияланымдар тақырыбы, жанры мен формасы жағынан әралуандығымен ерекшеленеді. Қазақтың маңдайына басқан жалғыз журналының маңайына сол кездегі қалам ұстаған қайраткерлердің барлығы жиналды. Байлар мен атқамінерлерді қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын басылымға қаржылай көмектесуге шақырды. Оқу-білім, халықтың жаппай сауатын ашу мәселесін күн тәртібінен түсірген жоқ. «Айқап» газетінің атауы жалпы ұғымға айналып, көңілге де, құлаққа да сіңісті болып кетті.
Бізге «Қазақстан», «Айқап» сынды өткен ғасыр басында жарық көрген баспасөзді бүгінгі күн тұрғысынан зерттеу, зерделеу аса маңызды. Онда қазірге дейін өзектілігін жоғалтпаған құнды ойлар мен пікірлер жетіп-артылады. Бізде осы саланы тереңдей зерттеу кенже қалып келе жатқандығы жасырын емес. Мәселен, осы уақытқа дейін қазақ баспасөзінің тарихы туралы Қ. Бекхожиннің 1964 жылы жарық көрген «Қазақ баспасөзінің даму жолдары», Ж. Нұсқабайұлы мен Қ. Аллабергеннің сол кітаптың негізінде жазылған «Қазақ журналистикасының тарихы» атты еңбегінен басқа оқулық жоқ. Онда 1870 жылы жарық көрген «Түркістан уалаятының газетінен» бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы қысқа-қысқа баяндалады. Студенттеріміз көбінесе газеттің аты мен шыққан жылын ғана білумен шектеліп келеді. Оның өзі «халық жауларының» атын ауызға алуға болмайтын кеңестік көзқарас тұрғысынан жазылған. Мәселен, «Айқап» журналы кедейлердің, «езілген тап өкілдерінің» басылымы ретінде тар шеңберде сипатталады. Ал, оның бастауында Алаштың ардақты азаматтары А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Жұмабаевтар тұрғаны айтылмайды.
Қазақ журналистикасының тарихына қосылған сүбелі үлес – белгілі библиограф-ғалым Үшкөлтай Сұбханбердинаның дайындаған «Дала уалаятының газеті», «Айқап», «Қазақ» басылымдарының бүгінгі жазуға түсірілген көшірмесі. Бірақ ол жинаққа «Айқап» пен «Қазақ» басылымдарының барлық жарияланымдары енген жоқ.
Бүгінгі алқалы жиында қазақ журналистикасының осы сияқты өзекті, қадау-қадау мәселелері сөз болып, жаңаша ой-пікірлер, ұсыныстар айтылады деп сенеміз. Айтылып қана қоймай, нақты іс-шараларды жүзеге асыра алсақ, басқосудың өз мақсатына жеткені.
Достарыңызбен бөлісу: |