Құндылық дегеніміз не? Оның адам өміріндегі мәні қандай?
Құндылыққа адам өміріндегі ең қымбат, ең асыл, ең қажетті жанды-жансыз нәрсенің барлығы жатады деп ойлаймын.Құндылықсыз өмірдің мәні де, мазмұны да жоқ. Неге десеңіз, өмірге мазмұн беретін құндылыққа толы өмірдің өзі деп санаймын.
Құндылықтардың адам өміріндегі маңызы өте зор. Өмірдің мағынасы өзімізге қымбат саналатын құндылықтармен өлшенеді.Осыған қарап, қалай өмір сүрдік, артымызға қандай із қалдырдық деген сауалдарға жауап алуға болады.
Ең алдымен, құндылықтардың өзін рухани және материалдық деп екіге бөліп қараймыз.Егер де адам баласы рухани құндылықтарды бойына дарытып, кісілік келбетін аша білсе, материалдық құндылыққа да қол жеткізеді деп есептеймін. Өйткені бойымызға адами құндылықтарды: адалдық, адамгершілік, әділдік, мейірімділік, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, ата-баба салтын қастерлеуді сіңіруіміз керек.Бұл құндылықтар жалпыадамзматтық құндылықтарға жатады, заманалар өзгерсе де, өзгермейді деп айта аламын.
Сонымен қатар, адамның өміріне мән беретін негізгі құндылықтардың бірі – ұлттық құндылықтар. Олар тегімізді, шежіремізді білуге, тіліміз бен дінімізді қастерлеуге, салт-санамызды, әдет-ғұрпымызды танытатын қасиетті құндылықтар тізбегі деп ойлаймын. Батыр Бауыржан өз ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта алмайтынын тілге тиек етеді.Ал халық даналығы: «Тегін білмеген тексіз», «Жеті атасын білмеген жетесіз, жетім» деп ұрпағына аманат етіпті. Осы пікірлердің астарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін терең мағына жатыр.
Жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтар әр адамның жеке бас құндылығын қалыптастырады. Ол адамның кәсібіне, мінез-құлқына, қызметіне де әсер етеді. Мысалға, біздер ұстаздық жолда жүріп білім, шәкіртке деген махаббат, әріптес пен өз пәнімізге деген құрмет көрсету құндылықтарын қалыптастырып, өмірімізге мән таптық.Ұстаз дегеніміз – тәрбиеші, оқытушы, білім беруші, бала жанының бағбаны, екінші ана, әріптес. Сондықтан да, біздің бойымыздағы құндылықтар мінсіз, айнадай болуы керек. Осы арқылы ұстаз деген ғажап атқа кір келтірмей, артымызға із тастап, еліміздің білім құндылығын дамытуға, ұлттық мектептердің мәртебесін асыруға үлесімізді қоссақ, жеке бас құндылықтарымыздың өмір қажеттілігіне жарағаны деп түйіндеймін.
Ойымды түйіндей келе, құндылықтар арқылы өмірдің ләззатын сезініп, ұстаздық, аналық, әріптестік бақытқа ие болайық деймін. Құндылықтар арқылы рухани аямыз кеңейіп, жетістіктерге жетіп, жемісті еңбегімізбен ел ертеңіне қызмет етейік!
Достарыңызбен бөлісу: |