ӘОЖ:327(540:549)
А.Р. Әліпбаев, А. Еспан
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы қ.
Е-mail: aman19@mail.ru
Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары
Бұл мақалада Үндістан мен Бангладеш арасындағы өзекті мәселелердің кейбір астарлары қарастырылады. Үндістан мен Бангладеш арасындағы қатынастарды күрделендіре түскен мәселелер үш санатты қамтиды. Олардың біріне Ганг өзенінің суын бөлісу туралы мәселе жатады. Екінші мәселе – Бангладештен ағылған заңсыз иммигранттар болса, Үндістан жағы олардан қорғану үшін сондай-ақ заңсыз иммигранттардың толқынынан қорғану үшін Үндістан тіпті тікенек сымдардан қорған салған еді. Қатынасты шиелендірген келесі бір мәселе Бенгал шығанағындағы кішігірім бір аралдың кімдікі екендігіне қатысты дау еді. Ол Нью-Мур аралы ретінде және Батыс Бенгалияда Пурбашеби деген атаумен, ал Бангладеште Талпатти деген атпен белгілі. Осы мәселелерді және екі елдің болашақ қатынастарын талқылай келе, мақалада осы мәселелердің шешілуіне кедергі келтіріп отырған факторлар қарастырылады және екіжақты қатынастарды Оңтүстік-азиялық қауымдастық шеңберінде дамытуы жөнінде кейбір ұсыныстар жасалынған.
Түйін сөздер: Оңтүстік Азия, БҰҰ, мемлекетаралық мәселелер, трансшекаралық өзендер, келісім, келіссөздер, мемлекет, реттеу, халықаралық ынтымақтастық.
AAlipbayev, A.Espan
Some aspects of the Bangladesh-India relations
In this article some aspects of actual problems between India and Bangladesh are considered. The problems complicating the relations between India and Bangladesh cover three categories. The question of distribution of waters of the Ganges River concerns to one of them. The second problem - a flow of illegal immigrants from Bangladesh, for protection from which India even constructed protective constructions of a barbed wire. Dispute on accessory of one small island in Bay of Bengal, known as the island New Moore and called Purbashebi in West Bengal and Talpatti in Bangladesh was one more question complicating the relations. Analyzing these problems and prospects the relation of two countries, in article the factors interfering in the solution of these questions are considered and some recommendations about development bilateral the relation within Southern Asian association of regional cooperation are made.
Key words: South Asia, the United Nations, interstate problems, transboundary rivers, agreement, negotiations, state, settlement, international cooperation.
А.Р.Алипбаев, А. Еспан
Некоторые аспекты индийско-бангладешских отношении
В данной статье рассматриваются некоторые аспекты актуальных проблем между Индией и Бангладеш. Проблемы, осложнявшие отношения между Индией и Бангладеш, охватывают три категории. К одной из них относится вопрос о распределении вод реки Ганг. Вторая проблема - поток нелегальных иммигрантов из Бангладеша, для защиты от которого Индия даже построила защитные сооружения из колючей проволоки. Еще одним осложняющим отношения вопросом был спор относительно принадлежности одного небольшого островка в Бенгальском заливе, известного как остров Нью-Мур и называемого Пурбашеби в Западной Бенгалии и Талпатти в Бангладеш. Анализируя данные проблемы и перспективы отношении двух стран, в статье рассмотрены факторы препятствующие в решение этих вопросов, и сделаны некоторые рекомендации по развитию двухсторонних отношении в рамках Южно-азиатской ассоциации регионального сотрудничества.
Ключевые слова: Южная Азия, ООН, межгосударственные проблемы, трансграничные реки, соглашение, переговоры, государство, урегулирование, международное сотрудничество.
Еуразиялық алқабтың оңтүстік жарты аралдарының бөліктерінен құралған, жағрапиялық жағынан өте жинақы, Үнді мұхитының аралдарымен түйісіп жатқан Оңтүстік Азия аймағы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде елеулі орынға ие. Жалпы Оңтүстік Азия аймағы - Үндістан, Пәкстан, Бангладеш, Непал, Шри-Ланка, Бутан және Мальдива аралдарын біріктіреді.
Оңтүстік Азия мемлекеттері бірқатар ортақ мәдени-өркениеттілік құндылықтарына ие. Оңтүстік Азия елдері тағдырлас болып келеді, өйткені олардың өткен тарихы ағылшындық отарлау саясатын бастан кешірді. Бұл өз кезегінде олардың арасындағы байланыстылықты нығайта түскен болатын.
Аймақ елдерінің ішінде тек Үндістан мемлекеті ғана өзінің геостратегиялық орналасуына орай аймақтағы барлық елдермен құрлық аралық немесе теңізаралық шекараға ие екендігін білеміз. Сонымен бірге Үндістанның аймақтағы басымдылығына оның Оңтүстік Азия аумағының 73,4% алып жатқандығы, аймақ халқының 76,5% шоғырланғандығы, осы аймақта өндірілетін жалпы ұлттық өнімнің 80% жуығы тиесілі болуы куә [1].
Осы басымдылығы да Үндістан еліне бүкіл Оңтүстіказиялық аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өкілеттілік бергендей. Соның негізінде Үндістан елі аймақтағы өзінің басымдылық қалпын нығайта түсуге ұмтылуда.
Аймақтық өзекті мәселелер туындай қалса, үнді билігі сырт күштердің, әсіресе жетекші мемлекеттердің араласуына үзілді-кесілді қарсылық танытумен келеді. Оның басты мәні, үнділік саясаткерлердің пікірінше, екіжақты қатынастарда туындайтын даулы мәселелерді шешу үшін оны халықаралық алаңға шығарып, сырт күштердің көмегіне сену, бейбіт саяси реттеуді, аймақтық қауіпсіздікті нығайтуды тек шиеленістіре түседі. Ал Үндістан елінің көршілері сырт күштердің араласуынан ешқандай қауіп күтпейтіндіктерін білдіреді.
Жалпы аймақтағы көршілес мемлекетердің ішкі саяси ахуалы олардың Үндістанмен қарым-қатынастарына елеулі әсер етуде. Егер Үндістанның Непал мен Бутан арасындағы қарым-қатынастары әлдеқайда тұрақты болып келген болса, оның Бангладешпен қатынасын біргелкі болды деп айту қиын. Әрине, оның өзіндік себебі де жеткілікті. Бұл жерде, ең алдымен, Бангладеш еліндегі үкіметтің бірнеше рет әскери төңкерістің нәтижесінде аумалы-төкпелі болуында. Саяси ахуалдың тұрақсыздығы ішкі саяси жағдайды ғана емес, сонымен бірге сыртқы саяси бағдар мен бүкіл Оңтүстік Азиядағы халықаралық байланыстар жүйесін әбден ығыр етті.
Бангладеш мемлекетінің құрылуының өзі бұл аймақтағы аса маңызды оқиғалардың бірі болған еді, өйткені сол кездегі аймақ елдері арасындағы күштер арасалмағын түбегейлі өзгертті. Ең алдымен Пәкстан өз аумағының 141,2 мың. шаршы км жерінен айырылды, халық саны жартысынан астамына қысқарды [2, 235-236]. Үндістан мемлекеті керісінше, өз тұғырын нығайта түсіп, жаңа одақтас таба отырып, аймақтағы қуатты да ірі елге айналды.
Баршаға белгілі сол кездегі тарихи үдеріске назар аударатын болсақ, 1947 жылы Британ Үндістанын бөлу барысында діни қағидаға сәйкес Бенгал аумағының батыс бөлігі Үндістанға өтсе, қалған шығыс бөлігі Пәкстанға қосылғанын білеміз. Бастапқы кезде шығыс бөліктің орталығы Дакка қаласы болып Шығыс Бенгалия, кейін Шығыс Пәкстан деп аталды. Тек Исламабад үкіметі тарапынан Шығыс Пәкістанның әлеуметтік-экономикалық жағдайына енжар қарауы халық арасында наразылық тудырған еді. Бұл наразылық тоғыз айға созылған жантүршігерлік қырғынмен аяқталды. Шығыс шекарасындағы қырғынға бей-жай қарай алмаған Үндістан, өзінің басты қарсыласы – Исламабадты әлсірету мақсатында Шығыс Пәкстандағы жергілікті күштерге қолдау көрсеткен болатын. Үнді және бангладеш біріккен күштері 1971 жылы 16 желтоқсанда пәкстандық әскерлерді тізе бүктіре отырып тәуелсіздікке қол жеткізген еді.
Осылайша Бангладештің тәуелсіздік алуына Үндістан үлкен үлес қосты. Қазіргі кезеңде екі мемлекеттің ортақ шекарасы шамамен 4 мың шақырымнан астам ұзындықты құрайды. Дегенмен, Бангладештің тәуелсіздік алуына тікелей көмек бергеніне қарамастан, Үндістан Бангладешпен стратегиялық одақтастық орната алмады.
Қазіргі кезеңде екі мемлекеттің арасындағы жалпы қарым-қатынастар айтарлықтай қарама-қайшылықтарымен сипатталады. Екі мемлекетті жалғап отырған төрт мың шақырымнан асатын ортақ шекараның әр ауданы тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап-ақ қайшылықтар мен дау-дамайларға толы деп айтсақ болады. Бұл екі ел арасындағы саяси, экономикалық, әскери-саяси және мәдени-идеологиялық қатынастарға ең алдымен ықпал ететін факторларды топтастыратын болсақ, олар: ұлттық мүдделер, мәдени-идеологиялық факторлар және экзогенді факторлар.
Яғни Үндістан мен олардың көрші елдеріндегі ішкі саяси өзгерістер, аумақтың ауқымы мен халық саны сияқты геосаяси факторлар, экономикалық факторлар, әлеуметтік құрылымдар, экономикалық даму деңгейі, экономикалық қатынастардың түрі, үнді капиталының экономикадағы орны, жалпы ұлттық өнімнің үлесі, халық табысының деңгейі, саяси жүйе, саяси мәдениет, тарихи, саяси және әлеуметтік-экономикалық міндеттердің ортақтастығы, көші-қон мәселесі және Үндістанның әскери басымдылығы - екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастарда маңызды рөлге ие.
Әрине, Үндістандағы ішкі саяси өзгерістер де өз кезегінде үндістандық бағдардың, саяси ұстанымның ауысуына әкелері хақ, тек көп жағдайда олар уақытша және тұғырнамалық сипатқа ие бола қоймайды. Дегенмен де, мұндай жағдай екіжақты қатынастардың аумақтық және шекаралық, діни-этникалық және көші-қондық мәселелерде, су көздерін бөлісуде, әскери басымдылық бағдарламаларына қатысты шиеленісе түсуінде көрініс табуда. Сонымен бірге екіжақты өзарақатынас жүйесіне мәдени-идеологиялық негіздегі қарама-қайшылығы да елеулі әсер етуде. Бангладеш халқы мен үнділік Батыс Бенгалия өңірінің халықтары арасындағы ұлттық-этникалық жақындылық діни әр тектілікке (гетерогендікке) қарама-қайшы келеді. Алайда, ұлттық-этникалық жақындылық Бангладештің Үндістанмен мәдени байланыстарын нығайта түсу мүддесін айқындайды және ішкісаяси демократизациялау екі елді осы бағытта жақындата түсуге тиіс.
Алғашқы күннен бастап екіжақты қарым-қатынастардағы келесі өзекті де күрделі мәселелердің бірі – су мәселесі. Бангладеш Ганг өзенінің атырауында орналасқан мемлекет. Үндістан мен Бангладеш арасында ортақ 58 трансшекаралық өзендер бар. Осы себептен сукөздерін пайдалану барысында екі мемлекет арасында жиі-жиі дау-дамай орын алуда. Оның үстіне Бангладеш аумағының басым бөлігі теңіз деңгейінен 12 метр төмен орналасқан [3]. Ғалымдардың пайымдауынша теңіз деңгейі бір метрге көтерілгеннің өзінде ел аумағының тең жартысы су астында қалады. Үндістан мен Бангладеш үкімет басшыларының 1972 жылы 19 наурыздағы алғашқы кездесуінің өзінде өзен жүйесін тыңғылықты зерттеу негізінде өзен суын бөлісу туралы тұрақты комиссия құру, су тасқынының алдын алуға қатысты әрекеттер туралы шешім қабылданған болатын. 1975 жылы 18 сәуірде Ганга суын бөлісу туралы қысқа мерзімді келісім жасалынды [2, 242]. Соның негізінде Фаракк су бөгетінің құрылысы жүзеге асты. Тек Фаракк су қоймасының және Ганга өзенінің мәселесі тіпті шиеленісе түсті. Бангладеш үкіметі Фаракк су қоймасынан және Ганга ағысының жоғарғы арнасынан су алу мәселесі олардың рұқсатымен ғана жүзеге асуға тиіс деген талаптар қоя бастады. БҰҰ-ға бағыттаған меморандумда Бангаладеш өкілдері Үндістанды Ганга суын тек өздері ғана пайдалануда деп айыптаған болатын. Бұл мәселе тез арада шешілмесе, аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесіне қатер туатындығын ескертеді. Үндістан екі елге де тиімді шешім табу мақсатында бұл мәселені тікелей екіжақты келіссөздер арқылы шешуді ұсынады. Тек екіжақты келіссөздерде ешқандай ымыраға келе алмады. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Бангладеш алғаш рет Үндістанға қарсы шықты. Дегенмен де, екі тараптың өкілдері су мәселесін Бас Ассамблеяның күн тәртібінен алғызып өзара келіссөздер жүргізуге келіседі.
Біртіндеп екіжақты қарым-қатынастар өз арнасына түсе бастаған еді. Дели қаласында 1976 жылы қаңтарда екі ел сауда хаттамасына қол қояды. Дегенмен де, шешімін іздеген өзекті мәселелер қатары әлі де жеткілікті болды. Бангладешті су мәселесі толғандырған болса, Үндістанды бангладештіктер тарапынан кең етек алған заңсыз көші-қон мәселесі алаңдатты. Соған орай Үндістан үкіметі Ассам өңіріндегі шекараны жабуды ұйғарды. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы шекара мәселесін ушықтыра түсті. Жергілікті шекара қолбасшылары шиеленісті бәсеңдету мақсатында тіпті қарулы күштердің санын қысқартуға дейін барған болатын.
Шекара арқылы Үндістаннан Бангладешке ірі қара мал, азық-түлік және есірткі тасымалы контрабандалық жолмен ағыла бастады. Үндістанда жұмыс табу мақсатында мыңдаған бангладештіктер шекараны заңсыз қиып өтуге мәжбүр болды. Заңсыз шекара бұзушыларды тоқтату мақсатында үнді шекарашылары ескертіп оқ атады. Осы себептен жыл сайын үнді әскерилерінің қолынан Бангладештің жүздеген азаматтары қаза тапты. Бұл үдеріс толастамады.
2001 жылдың 16-20 сәуір аралығында Үндістан мен Бангладеш арасында шекаралық қақтығыс орын алды. Үнді қарулы күштерінің даулы ауданда қамал салуы әскери қақтығыстың басталуына тікелей түрткі болғанды. Төрт күнге созылған әскери қақтығыс барысында тараптар зымыранды, мина атқыштарын, ауыр пулеметтерді қолданды. Осының салдарынан 16 үнді шекарашысы, үш бангладеш әскери адамы қаза тапты. Қақтығыс салдарынан 10 мыңнан астам Бангладеш азаматтары, 1000-нан астам үнділер өз тұрғылықты жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Олардың барлығы босқынға айналды [4].
Дегенмен, шекаралық жанжал ауқымды мемлекетаралық соғысқа ұласа қоймады. Жанжал екі мемлекет басшыларының жоғарғы деңгейдегі кездесуі барысында ретке келтірілді. Тараптар ауқымды қарулы қақтығысқа бар ешкімнің мүддесіне жауап бермейтінін алға тартты. Екі мемлекет басшылары үшінші үнді-пәкістан соғысы барысында стратегиялық одақтас болғанын алға тартып, содан бері достастық байланыстарды үзген емес деп мәлімдеді. Сонда да, бұл қақтығыс Үндістан мен Бангладеш арасындағы қатынастарға айтарлықтай іріткі салып, сызат түсірді.
Бангладеш үкіметі үнді шекарашыларын бірнеше мәрте Бангладештің бақылауындағы аумақтарға басып кіруіне және осы аумақтарда тұратын бангладештіктерге қарсы оқ атқандарына байланысты айып таққан болатын. Үндістан тарапы болса мұндай айыптаулардың еш негізсіз екенін алға тартып, Бангладеш азаматтарының заңсыз шекараны қиып өту әрекеттерін тоқтату мақсатында шекара бойымен кедергі шептерін сала бастады. Кейінгі кездерде де шекара бұзушылық екі тараптан да байқалып қалады. Үндістан жағы лаңкестік топтардан, экстремистерден, заңсыз көші-қоннан қорғану мақсатында шекара бойындағы сым темірден бекініс құрылыстарын жалғастыруда. Бангладеш тарабы болса Батыс Трипуредегі Бамутия өңіріндегі «нөлдік шепке» жақын маңда мұндай құрылыстарды жүргізуге өз қарсылығын білдіріп, жұмысшыларға қарсы оқ жаудырған. Сонымен бірге Бангладеш Қарулы әуе күштерінің тік ұшағы осы аумақтың әуе кеңістігін бұзып, Үндістанның ішкері ауданына 2 км еніп кетіп, жарты сағаттай болып қайтқан. Мұндай сәтте екіжақты қатынастарды реттеуге екі елдің сыртқы саяси мекемелері іске қосылады. Әрине, екі елдің байланысын шекарадағы оқиғалар тек тежей түсетіні анық.
Үндістанның шекаралық әскерлерінің қолбасшылығы 2008 жылы тамызда өткізген баспасөз-мәслихаты барысында жыл басынан бері шекараны заңсыз қиып өту барысында 59 адамның өлгенін атап өтті. Оның 34 бангладештіктер, 21 үнділер, қалғандары белгісіздер деп мәлімдеді [5].
2010 жылы Бангладеш бұқаралық ақпарат құралдары үнді әскерилерін 8-15 жас аралығындағы 5 бангладеш балаларын ұрлағаны үшін айыптады. Балалар Үндістанмен шекаралас ауданда балық аулап жүрген жерінен ұрланған деп айтылды. 2010 жылы «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы жариялаған 81 беттен тұратын ауқымды баяндамада үнді шекарашылары тарапынан жасалынған ағаттық істер толық әшекереленді. Баяндама ауқымды ізденістер мен зерттеу жұмыстары негізінде жасалынды. Тексеріс барысында ұйым өкілдері үнділердің тарапынан жапа шеккендер, куәгерлер, бангладеш шекарашылары арасында сауалнама жүргізді. Баяндамада ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығында Үндістанға өту барысында 900-ден астам бангладештіктердің үнді әскерилерінің қолынан қаза тапқаны баса аталып өтеді. «Хьюман Райтс Уотч» ұйымының мәлімдеуінше олар негізінен шекара аумағында мал бағу немесе балық аулау кезінде, кейбіреулері контрабанда барысында, екіншілері үнді шекарашыларының жөнсіз оқ атуы салдарынан жер жастанған [6].
Аса күрделі қарама-қайшылықтарға қарамастан, Нью-Дели мен Дакка өз араларындағы келіспеушіліктерді шешуге күш салуда. 2011 жылы қыркүйекте Үндістан мен Бангладеш шекаралық дауларды түбірлі шешу мақсатында шекараны демаркациялау жөніндегі келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес Үндістан Тин Бингх дәлізін Бангладеш азаматтары үшін еш кедергісіз өту үшін белгісіз мерзімге пайдалануға берді. Тин Бингх дәлізі Бангладеш аумағы мен Дахаграм-Ангарпота анклавын жалғастыратын үнділік аумақ болып табылады. Бұл аумақты Бангладешке біржолата берген жағдайда, онда үнділік Мекхлингандж елді мекені анклав күйіне түседі. Сол себепті бұл мәселенің де шешімі өте күрделі. Дегенмен, келісім бойынша тараптар анклавтармен алмасты, оның негізінде 51 мың адам өз тұрғылықты жерлерінен көшірілді. Шамамен 111 үнді анклавы Бангладешке, ал Бангладеш тарапы 51 анклавты Үндістанға беруге келісті [7].
Ал екі ел арасында соңғы 30 жыл көлемінде аумақтық дау-дамайдың нысанына айналған Бенгал шығанағындағы ұзындығы 3,5 км, ал ені 3 км жуық болатын елсіз арал, үнділер оны Нью-Мур-Айленд деп атап кеткен болса, Бангладеш – Саут-Тальпатти-Айленд деп атаған аралы ешкімге де тимей қалды. Бұл аралдың мәселесін адамдар өзара шеше алмағандықтан ба, төрелігін табиғаттың өзі шешіп, мұхит суы басып кетті. Ия, мұхит деңгейінің көтерілуі екі ел арасындағы басқа да даулы аумақтарды бұған дейін де басып қалу арқылы шешімін табиғаттың өзіне берген еді. 1996 жылы су астына Лохачара аралы кеткен болса, Гхорамараның ауқымды бөлігі де мұхит астында қалған еді. Мұндай қауіп әлі де он аралға төнуде. Олардың барлығы да Үндістан мен Бангладеш арасындағы шекаралық өңірдегі Ганг мен Брахмапутра өзендерінің сағасында орналасқан. Жағдай осы арнада өрбитін болса, екі елдің бөлісетін даулы аумағы да қалмас. Халық саны 160 млн жеткен Бангладеш елі үшін бұл үлкен қасірет. Жерінен айырылған тұрғындар босқынға айналатына сөзсіз, олай болса жан сауғалап тағы да Үндістан асуға талпынады. Бұл өз кезегінде екі елдің қарым-қатынасына жағымсыз ықпал етері ықтимал.
Дегенмен де, соңғы кездердегі Үндістан мен Бангладеш арасындағы байланыстар оңтайлана бастағандай. Тіпті екі мемлет әскерилері бірігіп әскери жаттығулар өткізе бастады. 2011 жылы 9 қазанда үнді және бангладеш әскерилері Силхетте біріккен бірігіп әскери жаттығулар ұйымдастырды [8].
Екі мемлекет сауда-экономикалық қатынастарды да бір ретке келтіруге күш салуда. 2013 жылы қазандағы келісімге сәйкес Үндістан 35 жыл бойы Бангладешке күніне 500 мегават электрэнергиясын жеткізуге келісті [9]. Осындай оң өзгерістер екі мемлекет арасында сындарлы қарым-қатынастардың орнауына түрткі болды. Тіпті екі мемлекет азаматтарының бір-біріне деген көзқарастары да айтарлықтай өзгеруде.
Үнді-бангладештік қор мен Дакк университетінің бірлескен күш-жігерлерінің нәтижесінде 2014 жылы 14 қарашада "Жоғары комиссарларының алғашқы үнді-бангладештік саммиті - 2014" Дакк қаласында өткен болатын [10]. Саммит Үндістан мен Бангладеш арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту шеңберінде өткізілді. Саммит барысында "Дакк декларациясы" қабылданды.
Екі елдің ендігі кезеңді ынтымақтастық аясында дамытуға бет алысы құптарлық жайт. Мемлекеттер арасындағы бір-біріне деген сенімсіздікті, күмәнділікті шетке ығыстырып, жалпы аймақ халқының ынтымақтастығын нығайту мақсатында Оңтүстік Азия елдерінің аймақтық ынтымақтастық қауымдастығының қызметін жаңа арнада жандандыра түсу қажет сияқты. Аймаққа тиесілі бүкіл өзекті мәселені бүкіл ел болып қауымдастық шеңберінде шешу, әлдеқайда тиімді болары сөзсіз.
Әдебиеттер
-
Современные международные отношения. Учебник. Под ред. А.В.Торкунова. -М.,РОССПЭН. -2000.-С.375.
-
Датт В.П. Внешняя политика Индии.- М., "Прогресс".-2012. -440 с.
-
Новейший справочник. Все страны мира. Под ред.А.Г.Голованева.-М., «Альта-принт», -2005. –С.41.
-
AchinVanaik. Misconceiving Asia. New Left Review. September–October, -2009. №. 59. -P. 138-144.
-
Лунев С. Внешняя политика Индии и воздействие на нее внутренних факторов // -М.,Вестник МГИМО. -2010. -№1. -С.8.
-
India/Bangladesh: Indiscriminate Killings, Abuse by Border Officers. Human Rights Watch.// http://www.hrw.org/ru/news/2010/12/06/indiabangladesh-indiscriminate-killings-abuse-border-officers. (09.12.2010).
-
Mukhopadhyay S. India-Bangladesh sign pact on border demarcation, CNN-IBN// http:// ibnlive.in.com/news/indiabangladesh-sign-pact-on-border-demarcation/181937-3.html(07.09.2011).
-
Bangladesh-India joint military exercise begins. Zee News//http://en.wikipedia. org/ wiki /Bangladesh-India_relations (29.10. 2011).
-
India-Bangladesh power transmission link open.Indian Express.// http://www.huffingtonpost.com/2014/11/01/power-blackout-bangladesh_n_6086
-
Индийско-бангладешский саммит верховных комиссаров// http://www.facebook.cjm/PeoplesDemandBD2 (18.11.2014).
References
-
Sovremennye mezhdunarodnye otnosheniya. Ushebnik. Pod red. А.V.Torkunova. -М.,ROOSSPEN. -2000.-S.375.
-
Datt V.P. Vneshnya politika Indii.- М., "Progress".-2012. -440 s.
-
Noveishii spravochnik. Vse strany mira. Pod red. А.G.Golovaneva.-М., «Alta-print», -2005. –S.41.
-
AchinVanaik. Misconceiving Asia. New Left Review. September–October, -2009. №. 59. -P. 138-144.
-
Lunev S. Vneshnya politika Indii i vozdeistvie na nee vnutrennih faktorov//-М.,Vestnik MGIMO. -2010. -№1. -S.8.
-
India/Bangladesh: Indiscriminate Killings, Abuse by Border Officers. Human Rights Watch.// http://www.hrw.org/ru/news/2010/12/06/indiabangladesh-indiscriminate-killings-abuse-border-officers. (09.12.2010).
-
Mukhopadhyay S. India-Bangladesh sign pact on border demarcation, CNN-IBN// http:// ibnlive.in.com/news/indiabangladesh-sign-pact-on-border-demarcation/181937-3.html(07.09.2011).
-
Bangladesh-India joint military exercise begins. Zee News//http://en.wikipedia. org/ wiki /Bangladesh-India_relations (29.10. 2011).
-
India-Bangladesh power transmission link open.Indian Express.// http://www.huffingtonpost.com/2014/11/01/power-blackout-bangladesh_n_6086
-
Indiisko-bangladeshskii sammit verhovnyh komissarov // http://www.facebook. cjm/PeoplesDemandBD2 (18.11.2014).
Достарыңызбен бөлісу: |