Ноғайбаева М. С. КӨшпелі және отырықшы мәдениеттердің Өзара байланыстары тарихнамасы



бет1/4
Дата09.04.2023
өлшемі153.86 Kb.
#471966
  1   2   3   4
annotation78676


Ноғайбаева М.С.
КӨШПЕЛІ ЖӘНЕ ОТЫРЫҚШЫ МӘДЕНИЕТТЕРДІҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТАРЫ ТАРИХНАМАСЫ

Дүниежүзілік тарихқа көз салсақ ортағасырлардағы халықтар мен елдердің даму деңгейі біркелкі болмағанын көреміз. Мәселен, бұл кезең Еуропа тарихы үшін халықаралық байланыстардың үзілуімен, сауданың құлдырауымен, қоғамның мәдени кеңістігінің тарылуымен ерекшеленеді [1]. Ал отандық тарихымызда бұл кезеңдегі даму басқаша сипат алды. Біртұтас Түркі қағанатының қол астына біріккен, ұлан-байтақ аумақты алып жатқан түркі халықтары көрші мемлекеттермен тығыз саяси-экономикалық, мәдени байланыстар орнатып үлгерді. Түркі халықтарының тарихында тек саяси-экономикалық қана емес, мәдени дамудың жаңа кезеңі басталды. Түркілер құрған мемлекеттердің аты өзгеріп отырғанмен негізгі мазмұны, яғни саяси, экономикалық, әскери құрылымы, әсіресе, этникалық құрамы мен мәдени дәстүрлік құндылықтары онша өзгеріске түсе қойған жоқ. Бұлай дегеніміз түркілердің мәдениеті мен рухани дүниесінде айтарлықтай өзгеру, даму болған жоқ дегендік емес. Тарихшылар мен археолог ғалымдарымыз “Дала өркениеті” деп атаған түркілер мәдениеті өзінің мәдени дәстүрлерінің тарихи тамырларын сақтай отырып, көрші халықтардың мәдени жетістіктерін шығармашылықпен игерді. Осылайша өзінше қайталанбас дала өркениетінің сипатты белгілері қалыптасты. Ортағасырлық Қазақстан аумағы көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара тығыз байланысының орталығына айналды. дегенмен, мәселенің зерттелу тарихында мұндай пікір бірден қалыптаса қойған жоқ.


Қоғамдық дамуда соңғы жылдары орын алған өзгерістер нәтижесінде тарихтың тек соғыстар мен әлеуметтік-экономикалық қатынастар мәселелерін зерттеу бағытына әділ сын айтыла бастады. Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында Отандық тарихымыздың келелі мәселелерін көшпелә және отырқшы мәдениеттердің өзара әсерінің ерекшеліктері тұрғысынан зерделеудің алғашқы нәтижелері жарық көре бастады.
Ортағасырлардағы көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсері түрлі зерттеулерде Батыс пен Шығыстың өзара мәдени әсері тұрғысынан қарастырылды. Мәселенің батыстық зерттеушілер мен кеңестік және отандық тарихнамада талдануын қарастырып көрейік. Әсіресе батыстық зерттеушілер түркі халықтарының көрші халықтармен өзара байланыстары мәселелерін терең зерттемегенімен, олардың жалпы мәдени байланыстар, ондағы көшпелі халықтардың рөлі туралы пікірлері осы мәселені зерттеушілерге үлкен ықпалын тигізген ғылыми мектеп болды. Сондықтан қысқаша түрде батыстық мәдени-философиялық ой-сананың қалыптасуы мен түрлі мәдени әсерлер тоғысындағы көшпелі халықтардың рөлі туралы пікірлердің даму кезеңдерін мына бағытттарда қарастыруға болады:
Жалпы тарихи зерттеулерде мәдениет және мәдени байланыстар мәселелерінің көтерілуі және көшпелі халықтардың рөлі туралы тарихи бағалар;
Шығыс пен Батыс мәдениетінің өзара әсері мен байланыстары туралы тарихи зерттеулердің бағыттары мен сипаты;
Жалпы зерттеулерде XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап адам мен мәдениетті зерттеуде тарихи қөзқарас басым орын ала бастады. Осы кезеңде қалыптасқан этнография ғылымы қоғамды зерттеудегі тарихи принциптің нығая түсуіне көп ықпал етті. Л.Г. Морган, Э. Тэйлор, М. Ковалевский [70] және басқа да зерттеушілер ғылымға салыстырмалы-тарихи әдісті енгізді. Бұл ғалымдардың ілімдерінде әртүрлі идеялық ағымдардың ықпалы басым болды. XІX ғасырдағы этнография ғылымына кантық позитивизм, кейінірек Г. Спенсер идеялары өз ықпалын тигізді. XІX ғасырдағы эволюционистер салыстырмалы-тарихи тәсілді этнографиялық зерттеулердің нақты тәсілі ретінде пайдаланды. Бұл ғалымдардың еңбектерінде салыстырмалы-тарихи әдіс адамзат мәдениетіндегі ортақтықты анықтауға ұмтылды. Олар халықтардың мәдениетіндегі ортақ құбылыстарды табуды мақсат тұтты. Осы жағдайда жекелік ортақ адамзат мәдениетінің әртүрлі даму сатыларына сәйкес ретінде түсіндірілді. Мұндай тұрғыдан келу Кант іліміндегі адамзатты зерттеу кезінде жалпыдан жалқыға принципіне сәйкес келетін. Әр халықтың ерекшелігі – олардың тарихи қалыптасқан тайпалық немесе ұлттық ерекшелігі. Адамзат мәдениетінің ортақтық критериін іздеу XVІ-XVІІІ ғасырлардағы ағартушылыр мен гуманистерден басталған еді. XІX ғасырдың алдыңғы қатарлы ғылымында бұл критерий ретінде “ақыл-ойдың түпкілікті теңдігі”, барлық жер шары халықтырының “біртекті психикалық бірлігі” алынып, ол “адамзаттың психикалық бірлігі туралы” тезисте көрініс тапты.
Мәдениет неғұрлым бай әрі толыққанды болған сайын мәдени байланыстар соғұрлым тығыз, қарама-қайшылықты бола түспек. Әртүрлі мәдени формалардың алмасуы қалай жүзеге асады? Алмасудың негізі болып байланысқа түскен халықтардың қоғамдық-мәдени деңгейі, қабылдаушы-мәдениетке қабылданушы сипаттардың сәйкестігі негіз бола алады. Бөтен затты қабылдаудың негізін қоғамның өзі дайындайды. Қоғам бөтен жетістіктерді не қабылдайды не оны кері итереді, себебі сол қоғамның дамуына сәйкес келмейтін жетістіктер қажеттілік тудыруы мүмкін емес. Бұл принципті XVІІІ ғасырдағы шотланд философ-ағартушысы Адам Фергюсон былайша тұжырымдаған еді: “Когда наций действительно делают займствования у свойх соседей, они возможно, заимствует лишь то, что сами почти в состоянии были изобрести. Поэтому характерная сторона жизни какой-либо страны редко переносится в другую страну до тех пор, пока почва для этого не будет подготовлено наличием сходных условий” [2, 101 б.].
Әлемдік мәдени байланыстар тұтас теориялық мәселе ретінде XX ғасырда әртүрлі саладағы ғалымдардың философтардың, социологтардың, тарихшылардың және этнографтардың зерттеу нысанына айналды. Батыс ғалымдарының ішінен ең танымалы ретінде А. Вебер мен А. Тойнбиді атауға болады. Вебер концепциясының негізінде идеалистік релятивизм жатыр. Оның концепциясында мәдениеттің жаны, оның идеологиясы, діні, көркемдік стилі өзіндік қайталанбас ерекше, ал мәдениет құбылысы “неповторимые, не стремящие к некой общечеловеческой цели, несравнимые между собой и полностью своеобразные символы, выражающие нечто духовное, “душу” тех исторических организмов, которые породили эти символы” [2. 102 б.].
Вебер мәдениеттер арасындағы байланыстар арқылы жат мәдени құндылықтарды қабылдаудың органикалық дәрежеге жетпейтіндігін жазады. Алайда, Шпенглермен салыстырғанда техника, жаратылыстану және нақты ғылымдар оның ойынша барлық мәдениеттерде бірдей және олардың дамуы әлемдік маштабта жүзеге асады. Вебер осы салада ғана қабылдау мен игеру мүмкіндігі бар деп есептейді. А. Вебер К. Ясперс еңбегіндегі остік уақыт деп аталатын кезеңдегі құбылыстың себебін түсіндіруде бірден-бір дәлелді пікір ұсынды. Яғни б.з. дейінгі 800-200 жылдары әлемнің түпкір түпкірінде бір-біріне тәуелсіз бірнеше көне өркениет ошақтары пайда болды. Осы құбылыстың негізгі себебін А. Вебер көшпелі халықтармен тікелей байланыстырады. Орталық Азия далаларынан шығып, жылқыны қолға үйретуді бірінші болып қолға алған көшпелілер әлемнің түпкір-түпкірін шарлады. Олар көне мемлекеттер мен өркениет ошақтарын жаулап алды. Қатерге толы жорықтар оларға әлемнің нәзіктігі мен өмірдің өткінші екендігін түсінуге көмектесті. Билеуші нәсіл ретінде олар әлемге батырлық-қасіретті танымды берді. Б.з. дейінгі үш мың жылдықтан бастап Еуропа мен Жерорта теңізі, кейінгі кезеңде Иран мен Үндістан, Қытай жерлеріне дейін жеткен көшпелілер томаға тұйық, жергілікті негізде дамып жатқан мәдениеттерге жаңа леп берді. Ендігі жерде тарих біртекті, тыныш, материалды отырықшы мәдениет пен қуатты, қозғалмалы, рухани көшпелілер мәдениеттері арасындағы күрес негізінде дамыды [3]. Тарих ғылымындағы әртүрлі методологиялық бағыт мәдени ұқсастық пен өзара мәдени байланыс проблемаларын әртүрлі көзқарас негізінде қарастыруға әкеліп соқты. Өзара мәдени байланыстар мәселесін талдау ғылымның, оның тәсілдері мен негіздерінің, түсініктерінің дамуымен біршама өзгерістерге ұшырады. Тарих ғылымында, әсіресе Батыс Еуропа мен АҚШ ғалымдары арасында мәдениеттің біртұтастығы туралы мәселеге қатысты бірнеше бағыт қалыптасты. Көрнекті батыс зерттеушісі О. Шпенглер еңбегінің методологиялық сипаты туралы зерттеушілер өз кезінде талай еңбектер жазды [4, 251-257 бб.]. Біз қысқаша түрде Шпенглер іліміндегі мәдениет пен мәдени байланыстар туралы мәселеге ғана тоқталмақпыз.
Мәдениет ұғымын шпенгерлік тұрғыда түсіндірудің ерекшелігі Нище, Кант ілімдерімен тығыз байланысты. Шпенглер тарихи мәдениеттердің “ішкі формасын” түсінуге ұмтылды. Ол әр мәдениеттің өзіне тән “алғашқы белгісін” анықтай отырып “мәдениеттер суретін” салуға ұмтылды. Әр мәдениеттің “алғашқы белгісі” оның өмірлік мәні, ол өз қарапайымдылығымен, анықтылығымен ерекшеленіп, мәдениеттің біртектілігін, құрылымдық бірлігін анықтайды. Мәдениеттердің қарапайымдылығы мен бірлігі туралы түсінік оларды тірі ағзаға теңестірумен бекітіле түсті. Міне осы түсініктен әрқайсысы өзінше ерекше, толық аяқталған сипаттағы мәдениеттердің бір-бірімен терең, органикалық байланысқа түсуінің мүмкін еместігі туралы ой туындайды. Мұндайда мәдениеттер бір-бірінен еш нәрсе қабылдауға немесе беруге де мүлде құлықсыз. Бөтен мәдениеттен тек материалдық жетістіктерді ғана қабылдауға болады, ал руханиат мәселелері қабылдау нысаны бола алмайды. Ал күштеу жолымен, жасанды түрде мәдениеттерді байланыстырса Шпенглер бойынша “псевдоморфоз” немесе мәдениетке бөтен элементтерді таңу процесі орын алады. Мұндайда бөтен элемент мәдениеттің өмірлік нәрімен біраз уақыт қана өмір сүруі мүмкін, бірақ ол нәтижелі болмайды [5].
Жиырмасыншы ғасырдың 50-70 жылдары Батыс Еуропа мен АҚШ-та, сәл кейінірек социалистік елдерде мәдениет мәселелері бойынша пікірталастар өрби түседі. Олар осы кезеңде орын алған оқиғалар негізінде отарлық езгіге қарсы күрес, экономикалық дағдарыс, адамның ғарышты игеруінің т.б. әсерімен күшейе түсті. Батыстық мәдениеттану ғылымында бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде мәдени томағатұйықтық туралы пікір үстем болса, ендігі жерде адамзаттың жалпы мәдени негізі, мәдени-тарихи процестердегі синтездің жолдары мен механизмдері және сабақтастығы туралы пікірлер айтыла бастады (А. Тойнби, Ф. Нортроп, П. Сорокин). Әртүрлі мәдениеттердегі ұқсас белгілерді анықтауға ұмтылу олардың әрқайсысының өзіндік қайталанбас ерекшелігін түсіндіру мен сақтап қалу мақсатынан туындайды. Осы кезден бастап мәдениеттану қоғамдық ғылымдардың бір саласы ретінде қалыптасып, нақты ғылымдардың мәдениет туралы зерттеулері тек қана интуиция мен адамгершілік сезімдерге ғана емес, этнография, археология, тарихи лингвистика және т.б. пәндердің жақсы негізделген фактілік немесе методологиялық базасы негізінде жүзеге асырылды.
Өткенге назар аударып, оның негіздеріне тереңірек ұмтылу үрдісі белең алады. Осы негізде әсіресе, индустрияландыруға дейінгі кезеңде орын алған өзара мәдени байланыстарға деген қызығушылық артып отыр. Өткен ғасырларда орын алған мәдени алмасулар мәдениеттің тұрақты белгілеріне айналды. Олар өз кезегінде бүгінгі мәдени байланыстарға өз әсерін тигізуде.
Батыстық мәдени-философиялық ойсана абстрактілі философия мәдениеті мен жекелеген халықтардың мәдениеті жайындағы ілімдердің өзіндік эмприкалық - эзотерикалық мәліметтерден бастап, теориялық тұрғыдан негізделген мәдениеттанулық концепцияларға дейінгі ұзақ қалыптасу жолынан өткендігін аңғарамыз. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда батыстық мәдениеттанулық ақыл-ойдың қалыптасуының регионалдық бағыттарын ерекше атап өтуге болады. Мысалы XX ғасырдың 50-жылдарына дейін олар еуропалық емес елдерді зерттеп білуге ден қойса, ал ғасырдың екінші жартысынан бастап батыс мәдениетінің өз ерекшеліктері мен құндылықтарын мәдениеттанулық тұрғыдан зерттеп негіздеуді басты орынға қойып отыр. Осы жағдайда мәдениеттер мен өркениеттілікті “біз” және “оларға“ бөліп қарастыру батыстық философиялық-мәдениеттанымдық ақыл-ой жүйесінде ғылыми тұрғыдан негізделе бастады. 70-жылдардың ортасынан бастап “батыс және батыстық емес мәдениеттер сұхбаттастығы” проблемасына деген мәдени-философиялық пайымдаулардың сарыны сапалық өзгерістерге ұшырап, мүлде жаңа көзқарастар қалыптаса бастады. Бұл ғылыми көзқарастардың отаршылдық, нәсілдік және ұлтшылдық стереотиптерден арылуға, тіпті болмағанда оларды сынға алуға тырысушылығы сөзсіз құптарлық жағдайлар болды. Сөйтіп, экономика, саясатпен қатар мәдениеттің де мемлекттер арасындағы қарым-қатынастарды дамытудағы, сондай-ақ сол мемлекеттердің қоғамдық өмірінің сан-саласын қалыпқа келтіріп реттеуде маңызды факторлардың бірі екендігін мойындайды. Сондықтан да болар, өзара түсіністік, сұхбаттастық тақырыптары күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналады. Орын алған өзгерістер нәтижесінде батыс елдерінің көптеген ғылыми орталықтарында мәдени байланыстарды зерттеудің ғылыми негіздері жасалып, осы мәселеге байланысты арнайы курстар ашылды.
Батыстық мәдениеттану ғылымында жалпы көшпелі халықтар тарихына қатысты мәселелер “батыс пен шығыс” тақырыбы аясында өрбігенін көріп отырмыз. Ендігі жерде өзара мәдени байланыстар мәселесінің теориялық-методологиялық негізінен көшпелілер мәдениетімен олардың көрші халықтармен мәдени байланыстары туралы мәселенің қалай көтерілгеніне көшсек, мұнда да бұл мәселенің аталған тақырып аясында өрбігенін көреміз. Шығыс мәдениеті, соның ішінде көшпелі халықтар мәдениеті мен өркениеті жайында біржақты “еруроорталықтық” көзқарастар белең алып алып келді. Батыс ғалымдары көшпелі қоғамның жетілмегендігін, олардың тағылық сатысында өмір сүріп, адамзаттың арамтамағы болғандығы туралы пікірлерді басым айтып жүр. Олар көшпелілердің тарихтағы жағымды рөлін “көшпелілер әлем халықтарының қоян-қолтық араласуына дәнекер болды” деген пікірмен ғана шектеді. Кей жағдайларда бұл тарихи фактінің өзі де барынша бұрмаланып, жүрген жерін қанды қырғын мен бүліншілікке ұшырататын көшпелі-жаулаушылардың асқан жауыздық әрекеттерімен толықтырылып, “көшпелілер өркениетіне” қара күйе жағылды. Белгілі мәдениеттанушы-ғалым А. Тойнбидің өзі де бұл тарихи-мәдени процестердің заңдылықтарын объективті түрде көрсетумен қатар, түбірімен қате пайымдауларға жол берген. Бұл пікірімізге ғалымның “көшпелілер мен отырықшы халықтардың материалдық және рухани мүдделерінің мәңгілік қарама-қайшылығы мен олардың ымыраға келмейтіндігі” жайындағы атақты тезисі нақты дәлел бола алады. Ғалым көшпелілердің бүкіл әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірін білгілі бір өмір сатысын қайталай беретін “кесірлі” шеңбер бойында өтетін қозғалыс ретінде қарастыра отырып, көшпелілердің тарихы да жоқ, оларда тіпті прогрессивті дамуға жол ашып беретіндей ішкі алғышарттар да қалыптаспаған деген қорытындыға келеді. Сондықтан да көшпелі халықтар “динамикалық даму үстіндегі әлемдік қоғамда тұйықталаған шеңбер бойымен жылдың маусымдық циклдары сияқты бірқалыпта, өзгермейтін даму жолын таңдап алған, экономикасы дамымаған бұл көшпелі одақтар әлемдік қоғамда өзіне лайық орнын да таба алмайды” [6].
Дегенмен батыстық философиялық-мәдениеттанудың ақыл-ой жүйесінде әлемдік мәдениеттер мен өркениеттер мәселесіне байланысты нақты ғылыми тұрғыдан дәлелденген ғылыми тұжырымдар аз болған жоқ. Солардың бірі – мәдениеттану ғылымының қалыптасуындағы ең қомақты идеялардың бірі -“адамзат мәдениетінің бірлігі мен жан-жақтылық принципі” болып табылады. К. Ясперс бұл жайында былай деп жазады: “Мәселе кез-келген адамның құшағына сиып кететін “адамзаттықты” абстрактілі ұғым деп қарстыруда емес. Керісінше, біз өзіміздің тарихи санамыздың қалауы бойынша абстрактілі ұғымнан бас тартып отырмыз. “Адамзаттық” идеясы тарихи-мәдени шындық шеңберінде ғана емес, оның тұтастығы жағдайында ғана жүзеге асып, көкжиектен көрінетін болады” [7].
Жоғарыда айтып өткен өзгерістер нәтижесінде өткен ғасырдың 60-70 жылдары шет ел әдебитінде Тойнби концепциясынан бас тарту басталды. Көшпелі түркі-монғол халықтарының өткен кезеңдегі әлеуметтік құрылымының жалпы мәселелері, көшпелі құрылымдағы қалалардың орны, көшпелі халықтардың шапқыншылықтарының тарихи рөлі туралы мәселерге арналған ірі зерттеу еңбектері мен ғылыми мақалалар көптеп жарық көре бастады. Жарық көрген еңбектердің көпшілігінде отырықшы халықтармен салыстырғанда көшпелі халықтардың тарихы мен мәдениетіне қатысты нақты әрі жаңа тұжырымдар бар.
Батыстық мәдениеттану ғылымы жалпы өркениет мәселелерін көтере отырып, көшпелі халықтарға ауыр үкім шығарды. Табиғаттың заңдарына тәуелді көшпелілер қоғамы прогрессивті даму жолына түсе алмайтын, “адамзаттың арамтамақтары” есебінде бағаланды. Сондықтан олар өзара мәдени байланыстардың тасасында қалды. Өздері ешнәрсе ойлап табуға құлықсыз көшпелілер, дамыған өркениет жетістіктерін де пайдалана алмайды. Себебі олардың қоғамында мұндай жетістіктерді пайдалануға сұраныс жоқ. Сұраныс болмаған жерде мәдени элементтердің ауысуы да, берілуі де мүмкін емес. Бұл пайымдаулардың терістігін отандық тарихымыз дәлелдеп берді.
Бүгінгі таңда ата тарихымызды таразылап жатқанда ең методикалық мәні бар проблемалар ішінде өзектісі ретінде өркениет проблемасын атай келе белгілі ғалым, академик М.Қ. Қозыбаев мәселені былайша қояды: “Басты ділгірліктеріміздің бірі - өркениет мәселесі. Біз қай өркениетке жатамыз? Көшпелі ме, отырықшы ма, орыс-сібір өркениеті ме, ортазиялық Тұран өркениеті ме? Әлде көшпелілік пен отырықшылықтың басын қосқан дала мен қаланың синтезі іспетті Ұлы дала өркениеті ме?” [8, 2 б.].
Ұлттық мәдениетімізді сипаттағанда әртүрлі атаулар қолданылып жүргендігіне (түркі өркениеті, көшпелі мәдениет, дала өркениеті т.б.) қарамастан біз соңғы қала мен даланың синтезі іспеттес Ұлы дала өркениетіне басымырақ ден қойып жүрміз. Өзара мәдени байланыстар мәселесі отандық тарихнамада жоғарыдағы ұғыммен талданғаны белгілі. Қазақ халқының көшпелі өркениеті кез-келген басқа әлемдік өркениеттер сияқты біртұтас, өзінше тұйық, сонымен қатар біртекті әрі жан-жақты.
Ендеше тарихымызбен мәдениетімізде ерекше із қалдырған қала мен дала мәдени синтезі немесе көшпелі мәдениет пен отырықшы өркениеттердің өзара байланысы мен өзара ықпалы мәселесінің тарихнамалық негіздерін талдай отырып, түркі дәуірінде орын алған өзара мәдени байланыстар мәселесінің зерттелуінің жалпы бағыттарын анықтай аламыз. Сондықтан мәселенің зерттелуін қарастыру барысында мына мәселелерге баса назар аударамыз:
- қала мен дала мәдени байланыстары мәселелерін зерттеудің басталуы мен қалалық мәдениет пен оның қалыптасуы мен дамуындағы көшпелі халықтардың рөлі туралы тарихи білімдердің жинақталуы, олардың сипаты мен тарихи тұжырымдар.
- көшпелі мәдениет пен отырықшы өркениет ошақтарының өзара байланыстары туралы тарихи ой-пікірлер эволюциясы мен көшпелі халықтардың рөліне жаңаша көзқарастардың қалыптасуы.
Қала мен дала мәдени байланыстарының мәселелері кең көлемде жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелеріне байланысты қойылды. Қала мен дала мәдени синтезінің ошағына айналған Жетісу өлкесін археологиялық жағынан зерттеу кешенді түрде XX ғасырдың 30-жылдарынан кейін басталды. 1933 жылы Шу, Талас өңірлерінің аңғарларын алдын-ала археологиялық жағынан барлау жұмысын А.Н. Бернштам басшылығымен Ғылым Академиясының Қазақ филиалымен бірлесе отырып, КСРО ҒА-ның материалдық мәдениет тарихы институты ұйымдастырған еді. Сондықтан да Жетісу өлкесінің археологиялық жағынан зерттелуінің көшбасшысы ретінде А.Н. Бернштам есімін атаймыз. Жоғарыда аталған алдын-ала барлау жұмысынан кейін аймақты кешенді түрде зерттеу 1936-1940 жылдары аралығында жүргізіліп, Қырғызстан мен Қазақстан аумағанда қола дәуірінен бастап XІX ғасырға дейінгі аралықты қамтитын кезең бойынша көшпелі және отырықшы тайпалар мәдениеттері зерттелді. Жетісу археологиялық экспедициясы бірқатар қалалардың орнына кең көлемде барлау және тұрақты қазба жұмыстарын жүргізді. Ортағасырлық Тараз қаласы орнында жүргізілген кең көлемді қазба жұмыстарының және оның округіндегі ескерткіштерді зерттеудің нәтижелері бойынша осы ауданның археологиялық материалдарын кезеңдерге бөлу ұсынылып, қала дамуының негізгі сатылары белгіленді, оның округінің қалыптасу жолдары анықталды. Қазақстан археологиясы үшін бұл ортағасырлық қаланы кешенді түрде тарихи-археологиялық тұрғыдан зерттеудің тұңғыш тәжиірбиесі болатын. Жетісу өлкесінде жүргізілген археологиялық зерттеулердің кейбір нәтижелері 1946 жылы жарияланды [9, 110-118 бб.].
1946 жылы Қазақстанда Ғылым академиясының құрылуына байланысты қазақ археология мектебі қалыптасты. Қазақстандық архелогтар біз қарастырып отырған мәселенің зерттелуіне зор үлес қосты. Ә.Х. Марғұлан бастаған ОҚАЭ неолит, энолит дәуірлері мен қола дәуірі ескерткіштерін ғана емес, ортағасырлық түркі ескерткіштерін де зерттеп, Орталық Қазақстан тек көшпелілер елі ғана емес, сонымен қатар отырықшы және қала мәдениеті орталықтарының бірі болғанын дәлелдеп берді [10].
Кең көлемде жүргізіле бастаған археологиялық зерттеулер күн тәртібіне қала мен дала мәдени байланыстарының жалпы заңдылықтары мен жолдарын анықтау мәселесін қойды. Сондай-ақ әртүрлі жазба деректердің ғылыми айналымға түсуіне байланысты көшпелі халықтар мен олардың отырықшы өркениеттер арасындағы байланыстары туралы мәселе қайта көтерілді. Адамзат тарихының даму кезеңдерінің соңғы ғасырларында жалпы дамуы жағынан көп артта қалған көшпелі халықтар тарихы көптеген зерттеушілер тарапынан “тарихы жоқ” халықтар есебінде бағаланып, назардан тыс қалдырылғаны белгілі. Қазақстан жеріндегі көшпелілік пен отырықшы өмір салтының дәстүрлері ұштасқан аудандарында аталған аймақтардың саяси, экономикалық, мәдени, этникалық қарым-қатынастары өзара байланыста дамыды. Алайда бұл қарым-қатынастардың сипаты мен мазмұнына зерттеушілердің көзқарастары бірдей емес. Алдыңғы тарауларымызда да атап өткеніміздей тарих ғылымында көшпелілер «адамзаттың арамтамақтары» ретінде қарастырылып, көшпелі және отырықшы әлемнің мәңгілік қарама-қайшылығы туралы пікір үстемдік алды. Бұл пікір бойынша көшпелі халықтар қоғамдық дамуы жағынан арта қалған, жабайы, кемшін мәдениет иелері есебінде сипатталып, мәдени байланыстар тұрғысынан алғанда өркениетке қосар үлестері жоқ, сондай-ақ өркениетті халықтардың жетістігін де шығармашылықпен игере алмайтын құлықсыздар қоғамы ретінде көрсетілді. Мәселен, XX ғасырдың бас кезінде көшпелілер туралы: “отырықшы егіншілермен тұрақты күрес жағдайында, олар өз жолындағының бәрін жайпап өтеді және гүлденген жазираны өлі шөл далаға айналдырады” деп жазылды [11, 400-405 бб.]. Шығыстың, соның ішінде Қазақстан мен Орта Азияның көшпелілері көбіне көнерген мәдениетті қиратушылар ретінде ал олардың өркениет дамуына ықпалы тек бүлдірушілік тұрғыда ғана болды, деп қарастырылды. Мысалы, Орта Азияның тарихы отырқшы Иран өркениетін көшпелі түркілердің бірте-бірте жаулап алып, күйретуінің тарихы деп саналды [12, 18-19 бб.]. Ал Орта Азияның қалалық мәдениетіндегі көшпелілер мәдениетінің анық ықпалын кей зерттеушілер қалалық мәдениеттің “жабайылануы” деп бағалай отырып, бірақ бұл процесс кең етек алмады, қалалық мәдениет өз дамуының бұрынғы дәстүрлерін сақтады деп қорытындылайды. Алайда бүгінгі таңда көшпелілер мен егіншілер арасында тығыз байланыстар орнатылғаны анықталып отыр. Ендігі тұста мәселе көшпелі халықтардың “егіншілік-жазиралы алқаптар мен қалалық мәдениет ошағын қиратушылар ретінде” ғана емес, керісінше егіншілік пен көшпеліліктің өзара әсері мен бірлігі тұрғысында қойыла бастады. Тарихи зерттеулердің бағытындағы бұл өзгерістер көшпелілік пен көшпелі өмір салтына деген жалпы ғылыми ойсананың өзгерістеріне тікелей байланысты болды.
ОҚАЭ-нан кешенді экспедициясын А.Н. Бернштам мен Е.И. Агеева басқарғаннан кейін, А.К. Акишев, қазіргі күндері К.М. Байпаков басқарып келеді. Экспедиция жұмысының нәтижесінде қала орындарын зерттеу мен керамиканы топтау, түйінді мәдени-тарихи кезеңдер туралы, қолөнер мен сауданың даму деңгейі туралы пікір айтуға мүмкіндік туды [13; 14]. Көшпелілік тақырыбы, егіншілік және көшпелі мәдениеттердің өзара әсері негізгі зерттеу тақырыптарының бірі болып аталды.
Белгілі ғалым Б.Г. Гафуров “егіншілік аудандардың көшпелі тайпалар әлемімен қатар өмір сүруі мен өзара байланыстары Орта Азия мен Шығыстың көптеген елдерінің бірнеше ғасырлар мен мыңжылдықтар барысындағы тарихи дамуына тән сипатты құбылыс болды”,- деп жазды [15, 11-12 бб.]. Бұдан әрі ғалым аталған екі әлемнің арасындағы диалектикалық қарама-қайшылықтарына қармастан, олардың бір-бірімен тығыз байланыссыз өмір сүруінің мүмкін еместігіне тоқталады [15, 11-12 бб.].
1969 жылы жарық көрген Қазақстан археолог ғалымдарының зерттеу еңбектері топтастырылған «Культура древних скотоводов и земледельцев Казахстана» атты жинақта біз қарастырып отырған мәселе бойынша отандық зерттеушілердің тың тұжырамдары берілген. Мәселен, Б.Нұрмұхамедов осы жинаққа енген «Новые данны по археологии тюркского времени Южного Казахстана» атты еңбегінде нақты археологиялық ескерткіштердің материалдары арқылы Қазақстан жерінде көшпелі және отырықшы мәдениеттердің ежелден қалыптасып, бірін-бір толықтыра өмір сүріп келе жатқанын айтады [16, 162-174 бб.]. Осы пікірді белгілі археолог-ғалым К. Ақышев былайша тұжырымдайды: «С глубокой древности на территории современного Казахстана сложилась две формы хозяйства –кочевое скотоводствао и богарное и поливное земледелие. Соответственно им у этнически родственных племен возникли и развивались две культуры – кочевническая и земледельческая. Общества, где развивались эти культуры, не противостояли друг другу как антогонист, хотя войны и столкновения были неизбежны, а сосуществовали в тесном контакте и во взаимной зависимости» [16, 3 б.]
Тарих ғылымында көшпелі халықтардың тарихи рөлі туралы баға бірте-бірте осылайша өзгере бастады. 1973 жылдың шілде айында ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде ғалымдардың бас қосуы өтіп, ол жаңа халықаралық ассоциоациясы ұйымын құру туралы шешімге келумен аяқталды. Бұл ұйымның құрылуы 1967 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан ЮНЕСКО-ның мәдени зерттеулер бағдарламасы шегінде Орталық Азия өркениетін халықаралық бірлестік жұмысының қорытындысы болуымен қатар, сондай-ақ оның жаңа кезеңін бастап берді деп бағаланды [17, 5 б.].
Орталық Азия өркениетін зерттеу бойынша жоба ЮНЕСКО бағдарламасына бұрынғы Кеңестер Одағының шығыстанушы ғалымдарының ұсынысымен енгізілген болатын. Сондай-ақ 1966 жылы өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 14-ші сессиясы жұмысына қатысқан Ауғанстан, Үндістан, Иран, Пакистан елдерінің делегаттары да бұл ұсынысты қолдаған болатын. Бағдарламада жаңа жобаның мақсаты “Орталық Азия халықтарының мәдениетімен танысу, археологиялық жағынан зерттеу және олардың тарихын, ғылымы мен әдебиетін оқып үйрену негізінде жүзеге асырылуы тиіс”, деп атап көрсетілді [17, 5 б.]. Жағрапиялық түсінік бойынша Орталық Азия аумағы ретінде Ауғанстан, Шығыс Иран, Үндістан, Батыс Пакистан және бұрынғы Кеңестер Одағының Азиялық республикалары: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қазақстан аумағы белгіленді.
1974 жылы Улан-Батор қаласында “көшпелі халықтардың Орталық Азия өркениетіндегі рөлі” атты халықаралық конференция өтті. Конференция жұмысы барысында көшпелі халықтардың Орталық Азия өркениетіндегі маңызды рөлі туралы оң пікірлер айтылып, ғылыми ортада дұрыс бағаға ие болғанымен әлі де болса мұндай пікірлер академиялық ортадан шығып көшпшілік қауым назарына аса көп насихаттала бермеді. Сондай-ақ соңғы жылдары өткен конференция барысында да мәселені археологиялық және тарихи тұрғыдан терең зерттеу қажеттігі айқын сезілді.
Мерекелік 1985 жылы Алматыда өткен ЮНЕСКО шеңберінде “Ортағасырлардағы Орталық Азиядағы мәдени-тарихи үрдістер” деген халықаралық конференция өткізілді. Онда VІІІ-XVІІ ғасырларда Орталық Азияда болып өткен этно-мәдени үрдістерге, аймақтың көшпелі және отрықшы халқы өркениетінің әлеуметтік-экономикалық базасы мен олардың арасындағы өзара қатынастарға, мемлекеттік құрылыс сипатына, мәдениеттердің өзара байланысы мен ықпалына баса назар аударылды [18].
Алайда ғылыми пікірталастар ұзақ уақыттар бойы аталған екі әлемнің қарым-қатынастарының мәні жауластық немесе бейбіт сипатта болды деген қарама-қарсы пікірталастар негізінде болды. Осындай пікірталастар негізінде көшпелі халықтардың мәдени байланыстарының сипаты туралы мәселе де жоғарыдағы бағытпен таласты тұрғыда өрбіді. Дегенмен аталған екі әлем арасындағы нақты тарихи тепе-теңдіктің бұзылуы көшпелілердің де, отрықшы халықтардың да тарихында орны толмас зардаптарға алып келетіндігі туралы пікірлердің ең дәлелді әрі нақты ғылыми тұжырымдарын С.П. Толстов, Ә.Х. Марғұлан, Т.А. Жданко, С.А. Плетнева және басқалар ұсынды.
Ортағасырлар дәуіріндегі қала мен дала проблемасын шешуде аталған аймақтардың тарихи дамуының заңдылықтарын анықтау жөнінде ізденістер жүргізіле бастайды. Бірлескен авторлар А.М. Беленицкий, И.Б. Бентович, О.Г. Большаковтардың ортағасырлық Орта Азия қалалары тарихына арналған ірі монографиялық зерттеу еңбектерінде қала мен дала мәдени синтезінің аталған кезеңдегі қалалық өмірдің ажырамас бөлігі болғандығы атап өтіледі. Мәселен олар 999 жылы Қарахандар жаулапалушылығы мен түрік-селжүктердің қозғалысы Орта Азияның солтүстік-шығысында таза түркілік қалалардың пайда болуы мен бұрынғы иран, тәжік қалаларында түркі элементтерінің таралуына әсер етті деп жазады [19, 160 б.]. Ортағасырлар кезеңіндегі мәдени байланыстардың сипаты мен бағыттарын анықтауда нумизматикалық материалдардың рөлі ерекше екендігін атап өткен болатынбыз. Осы кезеңдегі көптеген ғалымдар нумизматикалық материалдар арқылы Қазақстан қалаларының басқа мемлекеттермен орнатқан сауда, экономикалық және мәдени байланыстарын талдайды. Мәселен, О.И.Смирнова VІІ-VІІІ ғасырларда батыстан шығысқа Тараз, Баласағұн одан әрі Қытайға; оңтүстігінде Соғды мен Нишапурға; батысында Русь пен Византияға кететін маңызды сауда жолының бойында орналасқан Отырар оазисінен табылған үш көнетүркі теңгелерінің мәліметтерін талдай келе, мынанадай қорытындылар жасаған. О.И. Смирнованың пікірінше бұл теңгелердің аверс жағы Кіші Азияның күміс теңгелерінің бет жағынан толық көшірілген [20, 78 б.]. Ал, әртүрлі құрамды қола теңгелерді құю өз кезінде Қытайдан қабылданған соғдылық теңге құю технологиясын көрсетеді [21, 65 б.]. Зерттеушілер мәдени, сауда байланыстары арқылы қабылдаған жат образдар мен символдарды жергілікті түркілер өз өнерінде қолданып, оны ары қарай дамыта отарып өзіндік мәдениеттерін қалыптастырғандарын атап айтады [20; 22, 65-81 бб.]. Мәселен арыстан бейнелі Отырар теңгелері Шашта (Ташкент) құйылған теңгелердің прототипі болған [22, 65-81 бб.]. Ю.Ф. Буряков ертефеодалдық Шаштың (Ташкент) ақша жүйесін зерттей отырып осы кезеңдегі соғды мәдени эталонының үлгісі ретінде Ташкент оазисінің Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың материалдық мәдениетінің дамуына ықпалы зор болды деп есептейді [23, 135 б.].
Қала мен дала немесе ортағасырлардағы (VІ-ІXғғ) отырықшы және көшпелі мәдениет мәселелерін зерттеп жүрген қазақстандық ірі ғалымдардың бірі, белгілі археолог К.М. Байпаков болып табылады. Қазақстанның кең-байтақ жерінде отырықшы қала мәдениеті дамуының ірі-ірі үш белгілі аудандарын атай келе, солардың бірі - бір жағынан Орта Азия, екінші жағынан Орталық Қазақстан, Сібір мен Орал аралығындағы аумақты алып жатқан Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағы бойынша өз зерттеулерін жүргізіп келе жатыр. Аймақ егіншілікті жазиралар мен көшпелілік арасының тоғысқан жерінде орналасқан. Мұндай жағдай мәдениеттің дамуына ежелден ерекшелік беріп келеді.
К.М. Байпаков ортағасырлар дәуіріндегі қала мен дала проблемасын Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу материалдары бойынша талдаған. Көшпелілер мен отырықшылар арасындағы өзара байланыстардың маңызын түсіну үшін “таза көшпелілер” туралы фактінің жоққа шығарылуын, яғни көшпелі шаруашылықта әрқашан отырықшылық пен егіншаруашылығы элементтерінің болуын естен шығармауымыз керек,- деп атап көрсетті [24, 55 б.]. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағындағы көшпелілер, егіншілер мен қала тұрғындары ортақ әлеуметтік-экономикалық құрылым шегінде интеграциялану процесіне тартылды. Отырықшы-егіншілік құрылымның әсері көшпелілер қоғамының дамуына әсер етті. Бұл қарым-қатынастардың мәдени астарларын автор алмасу, еліктеу, диффузия, интеграция құбылыстарынан көрінеді,- деп сипаттайды [24, 55 б.]. Мәдени әсерлер жағынан ең беделді мәдени үлгілер әуелі қоғамның бетке ұстар үстем тобы арасына таралғанын ескеруіміз керек дейді. Дегенмен өзгелердің өнегесін бұхаралық мәдениетке – керамикаға, қатардағы үй құрылысына енгізу де жүріп жатты дей келе, бұл жергілікті мәдениеттің тамыры тереңге кететін салттарын атап өтеді. Мәселен, халықтық, бұхаралық мәдениеттің негізі Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениеті ретінде белгілі болған жергілікті мәдени қатпарлардан тұратын еді [24, 55-56 бб.]. Зерттеуші бұдан әрі қала мен даланың өзара байланыстарының кезеңдеріне байланысты өз ерекшеліктеріне тоқтала отырып, жалпы бұл екі жүйе ежелден бірін-бірі толықтырып отырған, өзара тығыз байланысты деген қорытындыға келеді.
Зерттеуші бұл қорытындыларын кейінгі жылдары жарық көрген еңбектерінде де нақтылай түседі. Мәселен, соңғы жылдары қайта жазылып, басылған көп томдық «Қазақстан тарихы» академиялық жинағының 1-томындағы К.М. Байпаков жазған «VI-IX ғғ. бірінші жартысындағы отырықшы және көшпелі мәдениет. Қала мен дала» атты тарауының «Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсері» бөлімінде мәселені былайша түйіндейді: «Отырықшы және қала тұрғындарының көшпелі және жартылай көшпелі тұрғындарымен өзара әсерінің түрлі жақтары болды. Алайда көшпелілердің, егіншілер мен қала тұрғындарының көбінесе біртұтас әлеуметтік-экономикалық құрылым шеңберінде бірігуін атап өткен жөн. Отырықшы егіншілер мен қала тұрғындарының ықпалымен бұрынғы көшпелілер тез арада отырықшылыққа, қала өміріне көшіп отырды. Отырықшылық-егіншілік тұрмыс-салтының ықпалы көшпелілердің де дамуын жеделдетті.
Мәдениет жөнінен бір-біріне ықпал ету қырлары ауыс-түйіс, еліктеу, үйрену, араласу сияқты құбылыстармен сипатталды. Мәселен, отырықшы тұрғындар көшпелілерден қару-жарақ түрлерін, сәндік заттарды, қымбат тұратын металдардан істелген ыдыстарды алған.
Алайда отырықшы тұрғындар қалай болса солай көшіріп алу жолымен жүрмей, қайта бұл бұйымдарға өздеріне тән өзгерістер енгізді. Бірақ алдыңғы ортағасырлық қоғамның әскери ақсүйектері құнды бұйымдармен алмаса отырып, көшпелілер бұл бұймдарға деген өз қажеттерін дамыған қала қолөнері болған жағдайда ғана толық қанағаттандыра алатын еді. Сонымен, көшпелілердің, малшылардың сұранымы қала қолөнерінің дамуын қажет етті, ал түрік қағандары қалалар салынуына мүдделі болды. Сонымен бірге, отырықшы өмірге көшкен көшпелілер отырықшы тұрғындардан құрылыс ісіннің, үй салудың дәстүрлерін үйренді, ал түрік шонжарлары, сірә, сарай кешендерін тұрғызу және оларды безендірі үшін отырықшы халық арсынан құрылысшылар шақырып алатын болса керек» [18, 348 б.].
Зерттеуші одан әрі материалдық мәдениет салсындағы өзара мәдени байланыстар мәселесіне тоқтала отырып, аймақта орын алған этникалық процестерді басты назарға алады. Этникалық сипаттағы өзара әсер миграцияның екі түрімен сипатталды: халықтың үлкен тобының қоныс аударуы (халықтардың ұлы қоныс аударуы, соғды отарлауы, түркі жаулапалушылығы) және халықтың аз ғана тобы: діни уағыздаушылар, саудагерлердің қоныс аударуымен сипатталатын микромиграция. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу материалдары бойынша монғол шапқыншылығына дейінгі қала мен дала мәселелерін қарастыра отырып автор бұл екі жүйенің бұрынғы ғылыми ортада қалыптасқан екі әлемнің қарама-қайшылығы туралы пікірге мүлде сай келмейтін өзара толықтыру мен тығыз байланыстар негізінде дамығаны туралы қорытындыға келеді [24; 18, 349 б.].
Жалпы алғанда IV ғасырдың екінші жартысынан XIII ғасырдың басына дейінгі аралық отырықшылық пен көшпеліліктің, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының біртекті әлеуметтік - экономикалық немесе бір жағынан алғанда этникалық құрылым негізінде органикалық байланыста болды. Бұл кезеңде отырықшылық аумағы кеңейе түсті. Бұның өзі қоғам дамуындағы прогресті көрсетті [24, 344-345 бб.].
1987 жылы Алматыда кеңес-француз симпозиумы болып өтті. Ол әлемдік тарихтың, оның ішінде отандық тарихымыздың өзекті проблемаларының бірі – көшпелі мәдениеттер мен отырықшы өркениеттердің өзара әсері мәселесіне арналды. Осы симпозиум материалдары 1987 жылы тезистер түрінде, ал 1989 жылы толық жарық көрді [25; 26]. Бұрынғы Кеңестер Одағы мен Францияның жас зерттеушілері және белгілі ғалымдарының көне өркениеттер ошағындағы көшпелілер мен егіншілер арасындағы байланыстарды зерттеудің жалпы тарихи заңдылықтарын зерттеу саласында жеткен жаңа жетістіктерін ортаға салды.
Отырықшы мәдениеттер мен көшпелілер әлемі әлемдік тарихи дамудың әртүрлілігін көрсетеді. Әрине әрқайсысы өзіндік ерекшелілігімен - әлеуметтік-саяси құрылымынан бастап тарихи даму жолына дейін көрінеді. Олардың өзара әсері туралы тезистің өзі біршама тривиалді. Алайда нақты ғылыми көзқарастардың қалыптасуының өзі тарихи болмысты қандай көзқарас негізінде бағалауымызға да байланыстылығын көрдік. Бұл жерде жоғарыда да айтып өткен көшпелі халықтардың тарихи процестегі рөліне берілген әртүрлі бағаларды, көзқарастарды мысалға алсақ болады. Симпозиум мүшелері аталған екі жүйе арасындағы өзара байланыстар мәселесін зерттеудегі ең тиімді тәсіл ретінде “екі тарихи-мәдени аумақтың перманентті өзара байланысы, бұл байланыстардың көп қырлылығы мен түрлері, дәуірлік өзгерістер және диалектикалық қарама-қайшылығы тұрғысынан да қарастыруды” ұсынды [26, 339 б.].
“Көшпелі мәдениеттер мен ежелгі өркениеттердің өзара әсері” мәселесі мұндай форум тақырыбы ретінде кездейсоқ алынбаса керек. Орталық Азияның ежелгі және ортағасырлар археологиясы мен тарихын мұндай көзқарас негізінде қарастыру тарих ғылымының даму заңдылықтарынан туындады. Ол аталған проблеманы ескірген стереотиптер негізінде қарастырудан бас тартты. Әртүрлі шаруашылық-мәдени аумақтарда өндірістік шаруашылықтың қалыптасу дәуірінде орын алған көшпелі және отырықшы мәдениеттер арасындағы өзара байланыстар мәселесін зерттеу адамзат қоғамы дамуының әртүрлі кезеңдеріндегі өзара мәдени байланыстардың жалпы негіздерін, бұл процестегі аймақтың ерекшеліктерін анықтауды талап етеді. Симпозиум жұмысы барысында өзара байланыстар мәселесін нақты тарихи талдау, теориялық негіздегі методологиялық ұстанымдармен, идеялармен алмасу, сондай-ақ осы саладағы зерттеулердің жаңалықтарымен танысуға мүмкіндік туды. Баяндамашылар қала мен дала байланыстарының сан қырларына (жалпы заңдылықтарына, әлеуметтік-экономикалық, мәдени процестер т.б.) тоқталды.
Л.Н. Гумилев осы симпозиум барысында жасаған баяндамасында көшпелілер мен отырықшы халықтардың мәдениеті мен этногенезінің даму заңдылықтарын бөлек қарастыру қалыптасқан,- дей келе, мәселені қарастыруда мұндай тұрғының дұрыс еместігін атап өтеді [27, 18 б.]. Мәдениеттер жекелеген халықтар мен олардың топтарының, нақтырақ айтсақ, жүйелердің (суперэтностардың) жеке қасиеттерін бейнелейді, ал этногенез дегеніміз - пассионарлықтың көтерілуі, пассионарлықтың қызуы және мәдениет ескерткіштерін қалдыратын соңғы кезеңі иннерциялық өшуін бастан өткеретін табиғи процесс. Суперэтникалық жүйелер мен мәдениет типтерінің өзара әсерлесуі комплиментарлықтың сипатымен, яғни, бөтен этнопсихологиялық құрылымды этникалық қабылдау немесе қабылдамаумен анықталады. Комплиментарлықтың сәйкессіздігі жағайында этностардың араласуы кері реакция береді. Ал, комплиментарлықтың сәйкестігі жағдайында “мәдениеттің гүлденуі” орын алып, гармониялық даму басталады,- деп атап өтеді [27, 18 б.].
Осы бас қосуда сөз алған тарихшы ғалым Г.Е. Аремян тарихи әдебиеттерде суармалы егіншілікке негізделген қала мәдениетімен салыстырғанда көшпелі малшылар қоғамын «жабайылар» қоғамы ретінде қарастыру кең етек алғанын атап өтті. Мұндай пікірдің қалыптасуына отырықшы-егінші тұрғындардың көшпелілерді қиратушылар мен жабайылар ретінде бағалауынан туындаған эгоцентристік көзқарастары әсер еткен. Осылайша екі әлемді бір өлшем негізінде бағалау орын алып, мәселенің зерттелуінде біржақтылыққа бой алдырған. Бяндамашы мың жылдықтарға созылған мәдени прогресті бақылай отырып, Еуразия өркениетінің дамуындағы көшпелілердің прогрессивті рөліне көз жеткіземіз деп атап өтеді [26, 21 б.]. Сондай-ақ баяндамашы көшпелілер қоғамының бір қатар артықшылықтарын санамалап шығады. «В некоторых сферах деятельности неоседлые скотоводы выработали более совершенные культурные средства по сравнению с земледельцами городских ирригационных цивилизации. Полуоседлые и кочевые скотоводы создали более совершенную систему культурной адаптации к экстремальным условиям природной среды. В эпохи аридизации климата, когда ирригационное земледелие переживало застой или упадок, различные типы хозяйства неоседлых скотоводов позволяли эффективно использовать ограничные природные ресурсы. Их общины были функционально более автономными по сравнению с общинами оседлых земледельцев и земледельцев – скотоводов» [26, 22 б.], - деп көшпелі мал шаруашылығының табиғат жағдайын бейімделе отырып, мәдени дамуда белгілі жетістіктерге жеткеніне назар аударады.
Автор көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан халықтардағы әскери өнердің даму себептерін түсіндіре келе, олардың отырықшы халықтармен салыстырғанда қуатты армия құра білгеніне тоқтала отырып, көшпелілердің тағы бір жетістігін былай атап көрсетеді: «Известно также: общество неоседлых скотоводов создали системы коммуникации, которые по скорости и расстоянию передачи культурной информации были недосягаемы для всех земледельческих цивилизаций, предшествовавших образованию великих империй. Именно поэтому определенные категории культурных явлений очень быстро распространялись на огромных пространствах Евразии, населенных неоседлыми скотоводами» [26, 23 б.].
Аталған симпозиум қала мен даланың өзара байланыстары мәселелерін зерттеудің жаңа беттерін ашты. Мәселені зерттеудің алғашқы кезеңдеріндегі бағыттары мен кейінгі кезеңдердегі тарих, археология, тарихи лингвистика, этнография, нумизматика ғылымдарының қол жеткізген табыстарына сүйене отырып жаңа жолдары белгіленді. Ендігі жерде қала мен дала проблемасы өзара байланысты әрі біршама диалектикалық қайшылықтағы өзара біртұтас жүйе ретінде қарастырылуы керектігі мойындалды. Осы жағдайдың өзі түркі дәуіріндегі көрші халықтармен мәдени байланыстар тарихын зерттеудің де жаңа бағыттарға көшкенін көрсетеді. Себебі ортағасырлық қала мен дала синтезі дәл түркі дәуірінде өзінің даму, гүлдену процесін басынан өткерді. Мәселен осы кезеңде көшпелі тұрғындардың отырықшылыққа өтуі нәтижесінде ескі қалалардың ұлғаюы, жаңа қалалардың, отырықшылық пен урбанизацияның тұтас аудандарының қалыптасу процесі жүрді. Мәселен ІX-XІІ ғасырларда отырықшылық пен қалалық өмірдің жаңа ауданы солтүстік-шығыс Жетісу (Іле өңірі) қалыптасты [24, 342-344 бб.]. Қалалық мәдениет Ертіс өңірі аудандары [28, 20-128 бб.] мен Орталық Қазақстанға таралды [29, 3-27 бб.]. Байпаков көшпелі халық осы кезеңде С.А. Плетневаның сыныптауы бойынша [30, 77 б.] көшпеліліктің жартылай отырықшылық, феодализм, мемлекеттілік, мәдениеттің, жазу мен қалалардың дамуы тән болуымен сипатталатын үшінші кезеңіне аяқ басты деп есептейді [24, 342-344 бб]. Сондай-ақ дәл осы кезеңде тарих ғылымында түркі-соғды мәдени синтезі деп аталған, өз бойына қала мен дала мәдени үлгілерін қатар сіңірген мәдени кешен қалыптасқаны да белгілі.
Қазақстандық археологтар Е.И. Агеева, Т.Н. Сенигова, К.М. Байпаков, К.А. Ақышев, Б.Н. Нұрмұхамбетов және тағы басқалар мәселенің зерттелуі мен тарихнамалық ойдың жаңа бағыттарын қалыптастыру жолында үлкен еңбек етіп, өз еңбектері арқылы жоғарыдағы тұжырымдардың қалыптасуының көшбасында тұрды.
Ортағасырлық Қазақстан қалаларын зерттеудің үлкен мектебінің нәтижесінде, отандық зерттеушілер қала мен қала мәдениетінің қалыптасуына әсер еткен сыртқы мәдени байланыстар мәселелерін жеке зерттеу нысаны ретінде алып қарастыруда. Осы орайда, Т.А. Терновая ортағасырлық қала халқының қөзқарасы, дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен сыртқы мәдени факторларды археологиялық материалдар негізінде зерттеп шықты [31]. Автор ортағасырлық қала халқының көзқарасы мен дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен түрлі мәдени ағымдардың синтезі ретінде пайда болған ерекше мәдени кешен туралы қазақстандық археолог-ғалымдардың пікірлерін нақтылай түседі.
1991 жылы көшпелі және отырықшы мәдениеттер байланысының мәселелеріне арналған ЮНЕСКО-ның халықаралық семинары Алматы қаласында өтті. Бұл жолғы басқосудың өзіндік ерекшелігі біз қарастырып отырған мәселе енді жаңа қырынан, яғни Ұлы Жібек жолымен байланысты қарастырылды [32]. Ұлы өркениеттер әлемдік мәдени ағымдардың тоғысар жері – ірі халықаралық сауда жолдарының бойында қалыптасқанын ескерсек, бұл аталған проблеманы зерттеудің жаңа сатыларға көтерілгенін көрсетеді. Қала мен дала мәдени синтезі мәселелері отандық тарихымыздың маңызды беттерінің бірі. Аталған мәселенің зерттелу бағыттары мен деңгейін талдай отырып, былайша ой түюге болады: жалпы алғанда көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсері мен байланысы туралы мәселеде көшпелілердің отырықшы өркениеттерге идеологиялық және мәдени жағынан да тәуелді болғандығына баса назар аударылған. Арнайы маманданған көшпелілер экономикасы отырықшы және қолөнер бұйымдарына қандай зәру болса, отырықшы мәдениетке де мәдени дамудың қайнар көзі, немесе салыстыру үлгісі ретінде, қабылдау, еліктеу, тіпті кері итерудің нысаны ретінде зәру болған деген қорытындылар жасалған. Көптеген зерттеушілер қалалықтар көшпелілерге өз тұрмыс-салты мен мәдениеті бойынша қаншалықты жат, бөтен болып көрінсе де оларға тигізген әсері орасан зор болғанын атап өтеді. Дегенмен бұл мәселелер проблеманың бір қыры ғана болып табылады. Мәселені екінші қырынан алып қарасақ, көшпелі мәдениеттің отырықшылар әлеміне тигізген әсерлерінің зерттелу деңгейі мен негізгі қорытындылары қандай? Егер қарастырып отырған мәселені тек мәдени әсерлер мен өзара мәдени байланыстар шегінде ғана алғанның өзінде осы тақырып бойынша зерттеулер жүргізген зерттеушілердің көпшілігі ең алдымен көшпелілердің әскери өнері және соған байланысты салт-дәстүрлерін атайды. Әрине, көшпелілермен байланысқа түскен Орталық Азия, Иран, Орта және Таяу Шығыс елдерінің бірқатарының әскери ісі мен қару-жарақ түрлерінің дамуына түркілердің әсері зор болды. Бірақ мәселені тек осы бір қырымен ғана шектеу тарихи шындыққа қаншалықты сай келетінін кесіп айту да қиын. Ортағасырларда әр халық белгілі бір салада жеткен жетістіктері арқылы аты шыққанын, сондай-ақ бұл жетістіктерді басқа халықтар ең жоғарғы мәдени үлгі ретінде қабылдағанын да ескеруіміз керек. Сол бір алыста қалған замандардың авторлары сонымен бірге, өз халқының өзгелер мәдениеттерінің қазыналарын қалай меңгергені туралы жазған, бүкіл дүние жүзілік мәдениеттің нақты бір түрінің негізгі мазмұны да міне осында болған еді [33, 30 б.].
Белгілі зерттеуші М.Қ. Қозыбаев жоғарыда айтып өткен «Қазақ тарихы – Дала өркениетінің құрамды бөлігі» деп аталатын көлемді мақаласында түркі дәуіріндегі дала мәдениетін: «Қорытып айтсақ, Үйсін мемлекеті пайда болып, өркендеп, шығанға шыға бастаған кезде көне түрік өркниеті – Дала өркениеті бой көтерді. Түрік қағанаты – империя құрылып, түркі нәсілі бір тудың астына жиналған сәтте өркениет өзін әлемга танытты. Сонымен Алтайдан Донға, кейде Дунайға серпілген бұл өркениет - 2000-2500 жылдың тарихы бар өркениет. Ендеше қазақ тарихы әлемдік тарихтың құрамды бөлігі, оның әлемдік дамуға қосқан үлесі, ол – адамзат баласының мақтанышы, болашақ даму, шарықтау басқышы» [34, 24 б.], - деп көтеріңкі рухта қорытындылайды.
М.Қ.Қозыбаев Дала өркениеті ұғымын, оның мәні мен сипатын және Дала өркениетің мәдени байланыстар тұрғысынан зерделеп, осы мәселенің соңғы жылдары қайта көтеріліп, жаңа бағытта зерттелуіне өзіндік үлес қосқан ғалым. Зерттеуші қарастырып отырған Дала өркениеті ұғымындағы «Дала» сөзінің мәнін ұғындыра кетеді: «Дала» деген ұғымды тек бір шөл деп ұғуға болмайды. Дешті Қыпшақ жерін басып не сан өзендер өтеді. Бір шеті Енесай, Онон мен Курулен, Ертіс, Тобыл, екінші шеті - Жайық, кәрі Каспий, Арал, Еділ (Дон) Ұлы сахараның сәні мен әні еді ғой. Бүгінгі Қазақ елінде 45 мың өзен, 85 мың көл атының болуы ойландырса екен! Ал Алтай, Ұлытау, Қаратау, Мұғаджар, Алатау, Орал таулары жер бедерін безендіріп тұрған жоқ па? Ендеше Алтайдан Дунайға дейінгі Дешті қыпшақ сахарасы әрі далалы, әрі таулы, әрі өзен-сулы, нулы өркениет емес пе? Осы ұланғайыр далада өркениет орнауға себеп болған факторлар қандай?
М.Қ. Қозыбаев осы ұланғайыр далада өркениет орнауға себеп болған факторларды санамалап шығады [34, 20 б.]. Автор Л.Н.Гумилев, т.б. зерттеушілер «көшпенділер»- деген ұғымды абсолюттандырады деп санайды. Ал, шын мәнінде ұлы сахарадағы халықтың негізгі кәсібі мал бағу болғаны рас. Сонымен бірге ол егін де екті, қолөнерін дамытты, қала да салды. Міне, осылай, Қытай, Иран, Византиялық өркениеттермен тоғысқан түркілер жаңа мәдениет типін қалыптастырды. Егер бірінші түркі қағанатында соғды тілі үстемдік етсе, екінші түркі қағанатында руналық жазу тарады. ҮІІ-ҮІІІ ғғ. Монғолия мен Алтайда, Хакасия мен Тувада, Шығыс Түркістан мен Жетісуда көне түркі алфавитімен жазылған 200-ден астам тас ескерткіштер қалды. Ал біздің ғасыр сануымыздан Ү ғ. өмір сүрген Есік жазуындағы 17 әріптің 13-көне түркі руникалық алфавиті екенін айтсақ, түркілердің жазу өнері тым ерте екендігін танытады.Д.Клеменцтің көне түркілерді "тамаша халық" деуі осыдан-, дей келе: Шын мәнінде дамудың эволюциялық барысында белгілі бір кеңістікте қоғамға тән мәдени- экономикалық, рухани ортақтық, өркениеттік тұтастық қалыптасады. Ол сол қауымның адам баласының дамуындағы қол жеткен деңгейін көрсетеді. Тағылық, тұрпайылық кезден өркениетке өту адам баласының тарихында біздің жыл санауымыздан 4000 жыл бұрын пайда болды, бізге көрші Қытай, Үндіде біздің жыл санауымыздан 2000 жыл, 2500 жыл бұрын, біздің ұлы сахарада өркениет 1500-2000 жыл бұрын пайда болды деп есептеуге дәлелдер баршылық, -деп қорытады [34, 21-23 бб.].
Одан әрі түркі қағанатының ғажабы - тайпалық томаға тұйықтық көзқарас орнына жалпы империялық, жалпы түркілік идеология орнағанында, -дей келе кейін империя құлаған кезде бұл тайпалардың мемлекеттігінде бір әдеби тіл, жазу, бірегей саяси-әлеуметтік жүйе, материалды мәдениеттің бірегей нормалары сақталып, сайын даладағы халықтар өздерінің бір мәдени ортаға қосылатынын білді, осының негізінде болашақ түркі тілдес халықтардың бірегейлілік Алтайдан Дунайға дейінгі қыпшақ даласында одан әрі жалғастығын тапты. Ұлы Жібек жолы-трансконтиненталды трасса сайын сахарада дала мәдениетіне қала мәдениетін қосқаны екендігін атап өтеді [34, 23 б.].
Сондай-ақ зерттеуші жалпы көшпелі мәдениетке берілген жағымсыз бағалардың объективті себептері туралы өз ойын қорыта келе: «Сайын даладағы өркениеттің тұтастығы Ресейдің қол астына кірген кезде бұзылды. Ол Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтарын жаулап алудан басталды. 35 млн. Ресей мұсылмандарының ұлт-азаттық күресінің өркениеттік мәні бар еді. Олар ұлттық мемлекет үшін, түркі халықтарының біртұтас мәселелері үшін, діні үшін, тілі үшін күресті» [34, 24 б.], - деп әділ тұжырымдағанын көреміз. Себебі, кезінде ұлан-байтақ аумақты алып жатқан қуатты мемлекетерін құрған, өз мәдениеті мен салт-дәстүрін барлық көрші халықтарға мойындата білген түркі халықтарының бүгінгі мұрагерлері қазақ және т.б. түркі халықтарының негізінен көшпелі мал шаруашылығына негізделген өркениеті көптеген себептермен Ресей империясының отарына айналғаннан кейін патша үкіметінің отарлау саясатының салдарынан XIX-XX ғасыр басында терең дағдарысты күйге ұшырады. Сондықтан тарихи дамудың осы кезеңінде дамуы жағынан алға шыққан халықтардың өкілдері болып саналатын шет елдік зерттеушілер көшпелі түркі халықтарының жаңа замандағы жай-күйімен таныса келе, «өркениет» ұғымы мен «көшпелілік» ұғымдарының «мүлдем сиымсыздығы» туралы қорытындыларға келіп, өз зерттеулерін осы бағытта жазған.
Зерттеуші-ғалым У.Х Шәлекеновтың соңғы жылдары жарық көрген “Түркілердің отырықшы өркениеті” атты жинағына түріктердің, соның ішінде қазақтардың отырықшы тарихына арнап әр жылдарда жазылған ғылыми еңбектерінің кейбіреулері енген. Бұл ғылыми зерттеулер Орта Азияны мекендеген түріктердің, сондай-ақ қазақтардың отырықшы өркениетіне арналған. Мәселенің археологиялық, тарихнамалық, этнологиялық, әдеби және т.б. негіздері дәлелденген. Еңбектің жалпы мазмұнында түріктердің отырықшы мәдениетінің дамуына қосқан отырықшы, жартылай отырықшы, көшпелі халықтардың үлестері мен еңбектері туралы айтылады [35].
У.Х. Шалекенов: “Жер бетіндегі басқа халықтар сияқты, түріктер отырықшылыққа қолайлы жерлерде қалалар мен тұрақты мекендер салып, отырықшы мәдениеттің ірге тасын ежелден қалаған. Жартылай шөлейтті жерде, жартылай отырықшы болып, егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан. Гоби, Қызылқұм, Қарақұм, Бетпақдала, Үстірт сияқты жерлерде көшпенділік басым болған. Сөйтіп, барлық түріктер, оның ішінде қазақтар шетінен көшпенділік өмір сүрмеген” [35, 107 б],- дей келе, өз бастауын сонау қола дәуірінен алатын көшпенділік өмір салты түркілердің географиялық орналасу жағдайына байланысты екендігін баса айтады. Сондықтан, ежелгі заманннан даламызда отырықшылық және көшпелі өмір салты қатар, бірін-бірі толықтыра отырып, қатар өмір сүріп келе жатқандығын көреміз. Бірақ, мәселеге тарихнамалық талдау жасай отырып, зерттеушілердің пікір қайшылығы түркілер жеріндегі отырықшы өмір салты мен өркениетінің бастау көзі қай халықтарға тән деген мәселеге келгенде екі айырылып кететіндігін көріп отырмыз. Мәселе, тарих ғылымының алғашқы кезегінде түркілерге берілген жағымсыз пікірлер тұрғысынан біржақты белең алғанын да байқадық.
Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланыстары тарихнамасын қарастыра отырып, соңғы жылдары зерттетушілер аталған екі әлемнің өзрара тығыз байланыстылығы мен өзара әсері туралы пікірлерге басым ден қоя бастағанын байқадық. Дегенмен, мәселенің зерттелуінде бұл пікір барлық зерттеушілер тарапынан қолдау тапты деп айта алмаймыз. Мәселен, аталған мәселе бойынша тың зерттулерімен ғылыми ортада кеңінен таныс авторлардың бірі А.М. Хазанов «Кочевники и внешный мир» атты зерттеуінде өз еңбегінде өзегі көшпелі мал шаруашылығы болған қоғамның экономикалық және әлеуметтік-экономикалық жағынан отырықшы қоғамға тәуелділігі айқын мәселе екендігін айтады. Бұдан әрі автор, аталған мәселені неғұрлым терең зерттеген сайын соғұрлым көшпелі қоғамның отырықшы қоғамнан идеологиялық және мәдени тәуелділігінің де басым болғанын көз жеткізе түсеміз,- деп жазады [36, 464 б.]. Дегенмен автор, бұл мәселенің бір жағы ғана екендігін атап өтіп, мәселенің екінші жағы – көшпелілердің отырықшы әлемнің дамуына тигізген әсері әлі зерттелмей келе жатқандығына назар аударады. А. М. Хазанов бұл пікірдің дұрыстығын өзінің басшылығымен 1998 жылы Лейден қаласында өткен сипозиумға қатысушылардың бәрі мойындауға тура келгендігін айта келіп, мәселені тек мәдени әсерлесу мен алмасу тұрғысынан қарастырған күннің өзінде де шешілмей жатқан проблемалардың көп екендігіне тоқталады. Осы бағыттағы мәселелердің ішінен, көшпелілер туралы айтқанда бірінші ауызға оралатын салт ат және оның жабдықтарының пайдалануы мен шығу тегі туралы мәселенің өзі күмәнді деген ой білдіреді [36, 464-465 бб.].
Мәселенің зерттелу бағыттарын қарастыру кезінде көшпелі мәдениет туралы қалыптасқан теріс пікірлердің тууына және олардың ұзақ уақыт бойы сақталып қалуына мәселенің біржақты бағытта ғана, жеткіліксіз дәрежеде зерттелуі себеп болып отырғанын көреміз. Бұл пікірді соңғы жылдары қазақастандық жас ғалымдар да атап өтуде. Мәселен С.А. Узақбаева "Казахская культура часть мировой цивилизаций" деп аталатын мақаласында халықаралық мәдени байланыстар мәселелерін талдау кезінде ұлттық мәдениетіміздің даму дәрежесінің төмендігі туралы қалыптасқан пікірлердің басты себебі төл мәдениетіміздің толық зерттелмегендігінен деп әділ көрсетіп өтеді [37, 46 б.]. Автор, мәдениеттердің өзара әсері мен қарым - қатынасы тұрғысынан алғанда халқымыз (ғұндар, түркілер т.б. - М.Н.) ерте замандарда -ақ түрлі халықтармен мәдени байланыстар арнасына түскен. Бұған көшпелілердің геосаяси орналасуы да өз ықпалын тигізген. Сонымен қатар Жібек Жолы бойымен ағылып жатқан Еуропа мен Азия құрлығының түрлі халықтарының жолы қазақ жерінде түйіскенгі өз әсерін тигізген. Ал, түркілер түрлі халықтар мен олардың мәдениеттерімен танысып, тығыз қарым-қатынастар орнатқан Бұдан әрі автор белгілі мәдениет зерттеуші, батыс ғалымы О. Шпенглердің түрлі мәдениеттердің өзара әсерлесу процесін жоққа шығарған «Закат Европы» еңбегіндегі аталған мәселені талдай келе, қазақ мәдениетін: «Однако казахская – культура тот аргумент, который наглядно оповергает тезис великого ученного» [37, 46 б.], - деп жазды.
Көріп отырғанымыздай қала мен дала мәдени байланыстарының зерттелу бағыттарын қарастыра отырып, түркі дәуірі кезіндегі халықаралық мәдени байланыстарды талдаудың теориялық-методологиялық бағыттарын анықтай аламыз. Бұның нақты мысалы ретінде әуелгі ортағасырлар кезіндегі түркі-соғды мәдени синтезі мәселесінің зерттелу бағыттарын айтсақ болады. Салыстырмалы түрде алып қарасақ екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан екеуінің де зерттелу барысы бір бағытта даму жолын басынан өткізгенін көреміз. Мәселеге тарихнамалық талдауымызды мынанадай қорытындылармен аяқтаймыз.
- Қала мен дала мәдени байланыстары мәселелерін зерттеу кешенді түрде жүргізіле бастаған археологиялық зерттеулердің нәтижелеріне байланысты қойылды. Қазақстанның Жетісу және Оңтүстік Қазақстан аймағында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелерін талдауда зерттеушілер бір жақтылыққа бой алдырды. Аталған аймақтағы отырықшы мәдениет ескерткіштеріндегі түркілер рөлі жоққа шығарылды.
- Дегенмен тарихи білімдердің жинақталуының нәтижесінде қалалық мәдениетің қалыптасуы мен дамуындағы көшпелі халықтардың рөліне берілген баға өзгерді. Көшпелі түркі халықтарының да өз заманының озық мәдени үлгілерін қабылдай отырып, әлемдік мәдениетке өзіндік үлес қосқаны мойындалып отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет