Нұрсәуле Рсалиева,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ
Тіл маманы Нұрсәуле Рсалиева Мақсұтқызы зерттеу жұмыстарын І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының ағылшын тіліндегі аудармасына арнап, шығарманың орыс тіліндегі және орысша нұсқасынан жасалған ағылшын тіліндегі аудармаларының қазақ атына келтіретін залалды тұстарын таразыға салып, оның салмағының қаншалықты батпандап тереңде жатқанын ағымдағы баспасөз беттерінде баяндап келеді. Бүгінгі ұсынылып отырған мақала да осы бағытта жасалған ізденіс нәтижесі. Мұнда автор трилогия аудармаларының көркем шығарма аудармаларына қойылатын талаптар деңгейінен көріне алмайтынын нақты ғылыми дәйектерге негіздей дәлелдейді.
Мақала “Сын: уақыт және қаламгер» деп аталатын
Қазақстан жазушылар Одағының 2007 ж. алғаш жарық көрген
әдеби көркем сын басылымының тұсаукесер санында жарияланды
Қызыл империяға құлдық ұрған аударма
(І.Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясының орыс, ағылшын тілдеріндегі және орысша нұсќасы бойынша жасалған өзге тілдердегі барлыќ аудармаларын жарамсыз деп тану хаќында)
І.Есенберлин өз естеліктерінде “Көшпенділерді” жазғандағы себебін: „...қазақ халқының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен бейнелеп көрсету. Ең бастысы, бұл роман шаманизм философиясына қарсы қойылған. Көшпенді халықтар тарихтарынан айрылған сияқты. „Көшпенділер“ – әр түрлі бұрмалауларға тура жауап. Қазақтың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады“ деп жан сырын ашады („Жан сырым“ Ойлар, нақыл сөздер, естеліктер. Дайындаған А.Дүйсенбаев. Алматы, І.Есенберлин атындағы қор. 2001).
Жарты әлемге аты мәшһүр “Көшпенділер” трилогиясы ел президенті Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, „жалпы таралымы үш миллион данамен елу реттен аса шығарылып, қазірдің өзінде отыз тілге аударылған». Әйтсе де, бұл – он жылдың ар жағындағы 1998 жылғы көрсеткіш. Содан бергі уаќытта осы күнге дейін көпшіліктің сұранысын ќанағаттандыру маќсатында трилогияның тек ќазаќша нұсќасы емес, өзге тілдердегі аудармалары да жылма-жыл сансыз таралыммен толассыз жарыќ көріп жатқаны мәлім. Ќазір Р.Ибрагимбековтің сценарийі бойынша түсірілген осы трилогиямен аттас „Көшпенділер“ тарихи көркем фильмінің ғалам кинотеатрларына жол тартуы да бұл шығармаға деген бұған дейін де сейіле қоймаған сұранысты еселей түскен. Міне, „Кочевникидің“ бояуы кеппеген 2007 жылғы басылымы да сөрелерде самсап тұр. Шығарылымның бәрі қолдан-қолға тиместен, дүкен сөрелерінде бетіне шаң түйірі түсіп үлгерместен сатылып кетіп жатыр. Бұл жолғы басылымнан алып үлгермегендерге келесі 2008 жылғы шығарылымды тоса тұруға тура келеді. Жалт-жұлт етіп алыстан көз тартып, бұдан да көрікті болып тағы шығатынына 99 пайыз сенім бар. Олай дейтін себебіміз, 2005 жылдың тамыз айынан бастап «Көшпенділер» трилогиясының аудармаларының қазақ рухына келтіретін залалды тұстарын қанық бояумен көрсетіп, беделі бар деген баспасөз беттерінде ауық-ауық жариялап келеміз. Халқының тарихтан тартқан тауқіметіне табанды тосқауыл тосуға бас қосуға бүгінгі тәуелсіз елдің зиялысында дәрмен жоқ екеніне көз жеткендей. Сонда да... жабырқау жүрек, күз көңіл кей кеуделерде үміт оты өшпеген, бір пайыздың шамасында шала-жансар, маздайды…
Мұхтар Әуезовтің “Аудармалар жөніндегі сын-пікірлердің аќауларының бірі тәуір аудармалардың, тіпті жалпы аударманың тек бірбеткей көлеңке жаќтарын, сұрќай пішіндерін ғана байќастырудан тұрады. …Аудармалардың жетістік жайларын көрмеу немесе оны бағаламау бүкіл аударма теориясының игі және нәтижелі ќасиеттеріне нұќсан келтіреді. …Ал ылғи тек кемістіктер мен кіналарды (сөз дереккөзде осылай жазылған – Н.Р.) теріп айтылған пікірдің өркендеген әдебиет ќозғалысына пайдалы әсері кем болмаќ” деген пікіріне (Көркем аударманың кейбір мәселелері. Маќалалар жинағы. Ќұрастырған Ќ.Жармағамбетов. Алматы, 1957) орала отырып, маќсатымыздың бірбеткей “ќате іздеуден” ќұралмайтынын және о баста «қате іздеу» дегеннің тіпті ойда болмағанын, керісінше, мұның бәрі тек ізгілік іздеп, ағылшын тіліндегі ономастикалық атаулардың жазылу үлгісін өз қажетімізге жаратамыз ба деген игілікті бастамадан бастау алатынын айта кету ләзім деп білеміз. Сондықтан, ізгіліктен күдер үзбей, алдымен мысалды белгілі қаламгер М. Симашконың аудармашылық шеберлігін танытатын тұстардан алайық:
“Төрт жыл ќалада оќыдым, ата. Жас адамға төрт жыл төрт күнмен тең ғой… Ал маған… Әлде мен сондай сары уайымшыл болып тудым ба, төрт жылым төрт жүз жылдай ұзаќ соќты… Егер адам ойы теңізге айналар болса, менің ойымнан бүкіл дүниені ќоршаған тірі пенде жүзіп өте алмас мұхит пайда болар еді…” [517-б.] дегенді “Я четыре года проучился, дедушка. Может быть, уродился таким беспокойным, но они мне казались длиннее четырех жизней. Если бы мысли были водой, то я давно бы захлебнулся в том океане, который окружает меня” [489-б.] деп береді. «...Сан ерлер «әттеген-ай» деп қара жерді қаба құлады» [260-б.] дегенді «Тысачи людей проклиная час своего рождения, отдали в этот несчастный день Богу душу» [249-б.] деп, біршама еркіндікке салып жіберсе де, шоқ-шоқ ойларды жалпы сәтті жеткізеді (мысалдар ағ.т. [520-б.], [269-б.] орысшасына ұқсас). Аудармашыға бұл өзінің жазушылық шеберлігінен берілетін жеңілдік. «Кочевники» мен «The Nomads» бойынша мұндай оң нәтижелерді көбіне қазаққа келіп кетер ештеңе жоқ жерлерден кездестіріп отыруға болады. М. Симашконың жазушы ретінде қаламы ұшты ұста екеніне талас жоқ, бірақ осы шығармада ол өз шеберлігі мен күш жігерін саясат тұрғысынан «сапалы» туынды жасап шығаруға сарп еткен.
Мәтін жүйесі саќталмағандықтан, трилогияның орыс тіліндегі аудармасын қазақшасымен салыстыра оќу өте ќиын, түпнұсқада кездескен белгілі бір ойды «аудармасынан» бір жерде болмаса, басқа бір жерде кездесіп қалар деп, көп іздеуге тура келеді. Іздегеніміз бірде табылғанмен, бірде табылмайды. Сырын ұға келе, кейде «мұндайды аудармадан табу неғайбыл» деп болжам жасай беруге де болады. Іздегеніміз табылған күнде кейде кей ұқсастықтарымен бастапқы қалпына тек жобасы келетін, не болмаса тіпті жобасы келмейтін күйде, не болмаса мүлде кері көріністе кезігіп жатады. Аудармашы өзінің аудармашылығынан гөрітырмашылықты емес, жазушылықты , жазушылығына басып кете беретіндіктен, өзгеге ұнамайтын сөйлемдер, түйдек-түйдек ойлар, тұтас-тұтас беттер (деуге болады) көзден ғайып, көңілден таса кете барады.
Кеңес тұсында Кремль ұстанған саясат тұрғысынан аудармаға анау-мынау, жеңіл-желпі жасалатын «түзетулерді» ерсі көрмесек те, кімде-кімнің тарапынан болмасын, дәл мынадай қарекетке бару бүтін бір ұлттың болашағынан үмітін үзген, атап айтқанда, аударманы салыстыра зерттейтін сауаты бар бір жанның халық арасынан шыға қоймасына сенімі кәміл қаскөйдің ғана қолынан келер шаруа ма дерсіз.
Біздің зерттеу нысанымызға алынып отырған 1998 жылы шыққан үлкен көлемді, иллюстрациялы нұсќада «авторизованный перевод с казахского языка Мориса Симашко» делінген. Әйтсе де, «авторизованный перевод» деген сөздің өзі аударманың көптеген басылымдарында көрсетіле бермейді, көбіне «перевод с казахского языка М.Симашко» делініп беріледі. Авторизованный перевод дегенге С.И.Ожегов пен Н.Ю.Шведованың сөздігі: «Авторизовать – Одобрить (-рять) форму, вид своего произведения, изобретения (для воспроизведения, издания, перевода). Авторизованный перевод (одобренный автором)» деген түсіндірме береді. Олай болса, «Шығарманың орыс тіліндегі аудармасы І.Есенберлиннің өзінің көзі тірісінде жасалған емес пе еді, мұндай келеңсіз жағдайдың орын алуы мүмкін емес еді ғой» деген сияқты орынды пікірлерге қандай жауап бар? Әрине, мұндай сауалдың тууы заңдылық. Аударма нәтижесін алғаш көргеннен-ақ ең алдымен алдымыздан шыққан сұрақ осы болатын. Бұл сұрақтың жауабын ҚР ҰҒА академигі, әдебиетшілердің көшбасшысы Рахманқұл Бердібайдың мақалаларымызға берген пікірінің «Ол аудармалар кезінде ұнамды ќұбылыс болып бағаланды. Тіпті ќазаќ жазушылары шығармаларының орыс тіліне және шет тілдерге аударылуының өзі үлкен жетістік деп саналған кездер де болды» деген тұстарынан, сондай-ақ, «жанайқайымызға» бірден-бір баспасөз беттерінде үн қосып жүрген білікті сатирик, білекті қаламгер Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлының «Қазақ әдебиеті» газетінің 2006 жылғы №46 санында жарық көрген «Бетімен кеткенде береке болған ба?» деген мақаласында келтірілген «Қаламнан қолы босамай өткен Ілекеңнің өзі де орысша нұсқасын оқып үлгірмегені анық, егер үлгірсе, аудармашысына (Морис Симашкоға) біраз базына айтса керек еді» деген жолдарынан таптық.
Сонымен, қазіргі күнге дейінгі зерттеулеріміздің нәтижесіне жүгінсек, трилогияның орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармаларының жалпы сипаты мынадай тұжырымдарға саятынына көз жеткіземіз:
-
ономастикалық атаулар (әсіресе ағылшын тілінде) мейлінше әркелкі жазылып, бұрмаланады, кейде мүлде танылмастай күйге жетеді, кей атаулар тыңнан пайда болып, кей атаулар із-түзсіз жоғалып кетеді;
-
көптеген реалий (ұлттық) сөздердің мағынасы ашылмайды, түсініксіз ќалпында ќалады, не болмаса бұрмаланады, түсіндірмелерде жүйе жоќ (кездескен сөз бірінші ќолданысында емес, екінші, үшінші ќолданысында түсіндірілуі мүмкін);
-
аудармасы бар сөздердің де аударылмай ќолданылуы жиі кездеседі;
-
көптеген тілдік ќұбылыстардың түпнұсќасы мен аудармасы мәдениетаралыќ коммуникация үдерісінде ортаќ мәмілеге келе алмайды;
-
сандыќ көрсеткіштер кейде саќталады, кейде аудармашының өз «деректері» бойынша беріледі, кейде тіпті берілмейді, дәлдіктен ќашќаќтау бар;
-
автор афоризмдері мен өзіндік стилі көп жағдайда ескерілмейді, аудармалар лингвистикалыќ тұрғыдан шешім табар мәселелерден гөрі саяси тұрғыдағы мәселелерді «реттеу» ісін маңызды санайды;
-
ќазаќ хандарының ќол астына ќараған территория сөз болатын тұстарда аудармашылар ел, жер аттарын атамауға тырысады;
-
ќазаќ ќыз-келіншектерінің сұлулығы мен батыр тұлғалы ер азаматтарының бейнесі аудармаларда кейде суреттелмейді, кейде (ќызды «красавица» деумен шектелу сияќты) жетімсіз күйде ќалады;
-
ќазаќ табиғатына тән ќасиет, мәдениет (биязылыќ, үлкенге ќұрмет, т.б.) бүркемеленеді;
-
ќазаќ тапќырлығы, шеберлігі және терең философиясы ашылмайды;
-
халықтың «Мәдени мұрасына» нұқсан келеді;
-
ќазаќтың батыр халыќ екені көмескі суреттеледі;
-
«алтынмен апталып, күміспен ќапталған» қазақ дәулеті аудармашылардың «кеден бекетінен» оңайлықпен өтпейді;
-
дінге ќатысты тұстар дінаралыќ ќатынасты араздатуға бастайды;
-
саяси мағынаға ие мәселелер не ќысќартылып, не көзделген маќсатќа «оңтайлы» аударылады, «аударылады» дегеннен гөрі «мұндай беттер тұтас-тұтасымен басќаша жазылады» деу лайыќ;
-
жаќсылыќты жасырып, жамандыќты асыру көптеп кездеседі;
-
ел бірлігі деген сөзді ауызға алғысы келмейді;
-
үрей, аяныш тудыратын көріністердің бояуы ќаныќ суреттеледі, кейде ойдан ќұрастырылады;
-
«қазаќ – ќанішер, ќаннан басќа көргені жоќ халыќ” деген ұстаным бар;
-
ел басќарған ерлер мен хандарды біржақты абыройсыз етіп суреттейді, ќаралайды,
-
бүтін халыќты ќаралайды, қорлайды, халыќќа ќазаќ деген атты да ќимайды;
-
патшалыќ Ресейдің бейкүнә елді ќырып-жойғанын жасырады, керісінше орысты дәріптеу мүддесі жоғары.
Тұжырымдарды дәлелдейтін дәйектер өте көп болғандықтан, ықшамдалып алынады.
1-тұжырым
Ономастикалық атаулар (әсіресе ағылшын тілінде) мейлінше әркелкі жазылып,
бұрмаланады, кейде мүлде танылмастай күйге жетеді, кей атаулар тыңнан
пайда болып, кей атаулар із-түзсіз жоғалып кетеді;
Ағылшын тіліндегі нұсқада “Translated by Oleg Chorakaev” делінеді де, орысшадан аударылғаны айтылмайды. Мұнда орысша нұсќасынан кеткен келеңсіздік ќайталанғандықтан және ономастикалық атаулардың графикасына мүлде көңіл аударылмағандықтан ќазаќ ұлтының рухани ќазынасына біршама нұќсан келтірілген. Трилогияда кездесетін антропонимдер, топонимдер, этнонимдер, реалий сөздер бірнеше нұсќада жазылып, олардың тіпті өрескел бұрмаланып кетуіне молынан жол беріледі, кейде мүлде танылмастай күйге жетеді. Ағылшын тіліндегі аударма мәтініндегі онимдер транслитерациясы олардың кездесу жиілігіне қарай түрлене береді. Жиі кездесетін есімдер 5-6, 7-8, 9-10, тіпті одан да көп нұсќада графикаланады. Мәселен, ең жиі кездесетін антропоним Шыңғыс хан болса 12 түрлі нұсқада, Қожа Ахмет Ясауи (Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі жазылуы) баба есімі 8 нұсќада жазылады (берілу нұсқалары бұған дейінгі мақалаларда көрсетілген).
Кей есімдер өрескел бұрмалануға бой алдырады. Қазтуған жырау түрлі-түрлі жазылып жүріп, кей жерлерде Kazgutan-Zhyrau [35-б.], яғни Қазғұтан жырау болып түседі. Тәуке хан Tauk-Khan [192-б.], Khan Tauk [195-б.], Az-Tauk–Wise-Tauk [192-б.] деп жазылып, Тәуке емес, тауық болып жазылады. Аќбаланың Арқала, Қаражалдың Қаражала, Қарқаралының Қарақала, Жаңақорғанның Жаңа ұрған Таластың Талақ, Қаракесектің Қарасек, (реалий сөз) жүзбасының жүнбасы болып „дөрекіленіп“ кететіндігі – ешбір ақтап алуға келмейтін, шектен шыққан немқұрайлық нәтижесі.
Ал Әбілқайыр хан трилогияның басынан бастап Khan Abulkhaіr болып келе жатып, кенет 235-беттен Abu’l-Khayr Khan болып, “имиджін” өзгертіп шығады, 283-беттен ары ќарай қайта қалпына түседі. Бұл бір емес, бірнеше аудармашының бір-біріне ќатынасы жоќ қапаста жасаған жұмыстарының нәтижесінен хабар беретінге ұқсайды.
Тарихи этнографиялық шығармаларда жиі ұшырасатын, жалпы ағылшын тіліндегі мәтіндерде көп нұсқада беріліп жүрген этноним үш жүздің де трилогия аудармаларында берілу нұсқалары назар аударарлық. Ұлы жүз орыс тілінде 2 нұсќада: Старший или Большой жуз [180-б.], Большой жуз [393-б.]. Ағылшынша нұсќалары:
The Elder Zhuz [192-б.]
Greater Guze [192-б.]
The Elder zhuz [287-б.]
The Great Zhuz [270-б.]
The Big Zhuz [363-б.]
The Large zhuz [432 б.]
The Large Zhuz [548-б.]
Орта жүз – Средний жуз –
The Middle zhuz [192-б.]
The Middle Zhuz [228-б.]
The middle Zhuz [229-б.]
The Medium Zhuz [522-б.]
Кіші жүз – Младшый жуз –
The Junior Zhuz [143-б.]
The Little zhuz [192-б.]
Lesser Guze [192-б.]
The Small Zhuz [203-б.]
The Little Zhuz [232-б.]
The Junior Zhuze [275-б.]
The Younger zhuz [286-б.]
The Junior zhuz [293-б.]
Мұндағы Junior, Younger, Elder, Greater, Lesser сөздерінің бәрі бір заттың бір заттан не үлкенірек, не кішірек, (не азыраќ – Lesser) екенін білдіретін ұғымдар. Medium сөзі де бұл жердегі “орта” ұғымына сәйкес емес, “аралыќ” мағынасы басым. Ал the Big Zhuz, the Large Zhuz, the Small Zhuz дегендегі big, large, small лексемалары көлемі жағынан “үлкен, кіші” деген ұғымдарға саяды. Сондыќтан, ¦лы жүзді the Great Zhuz, Орта жүзді the Middle Zhuz, Кіші жүзді the Little Zhuz деп аудару және жазу нұсќаларын ќұптап, тоќтамға келуіміз керек.
Аудармалардан, біздің шамалауымызша, саны 400-ге жуық түпнұсқа атаулары табылмайды. Керісінше, орыс және ағылшын мәтіндерінде саны 100-ге тарта жаңа атаулардың пайда болатындығы байқалады. Атаулардың бар-жоғының есебін дөп баса көрсетуге аударма мәтіндерінің түпнұсқамен жүйелес жүрмейтін «сапырылыстырылған» тұрпаты қиындық келтіреді. «Көшпенділерде» [40-б.]: «Содан кейін қарға бойлы Қазтуған орыс қалаларын шапқан Бонақ, Қотан, Шерухан, Кончак, Сүрбөрі, Құнама, Көбек, Торсық тағы басқа Қыпшақ хандарының әрқайсысының жауынгерлігін, ел аузында аңыз болып жайылған жорықтарын дәріптей келіп, «өз елдері түгіл бөтен елдерге өлмес аңыз қалдырған осындай хан мен батырлар тудырған Қыпшақты кім қор санар?» деп ожарлана жырын тоқтатты». «Кочевникиде» [36-б.]: «Потом перечислял имена множества других ханов прославивщихся своими набегами на русские земли, на волжских болгар и на Византию». «The Nomads» [38-б.] – “Then he enumerated the names of many of the other khans who became famous due to their raids on Russian principalities, the Volga Bulgars and Byzantium” (ағылшын тіліндегі аударманың үзік сызықпен асты сызылған жерінде дұрысы: “the names of many other khans” болу керек – Н.Р.). Көріп отырғанымыздай, орыс тіліндегі және орыс тілінен аударылған өзге шетел тілдеріндегі аудармаларда Бонақ, Қотан, Шерухан, Кончак, Сүрбөрі, Құнама, Көбек, Торсық тағы басқа Қыпшақ хандарының есімдері түгелімен «множества других ханов» сөзімен алмастырылып, аудармалардан мүлдем көрініс таппай қалады. Осы тектес бірнеше себептерден, көптеген есімдер жоғалып кетеді. Келтірілген мысалдағы «на волжских болгар и на Византию» деген жерлерге зер салсаңыз, аудармашы компенсация ретінде түпнұсқаның басқа жерінде не бұрын, не кейін айтылатын нәрселерді кейде осындай тәсілмен қосады. Мұны қосқаны, әрине, мүлде аталмай кеткенен гөрі жөн болған екен дейміз де қоямыз.
Тыңнан пайда болатын онимдерге де бір мысал көрсете кетейік. Неплюевтің қазақ даласына дастархан жайып, алғаш рет арақ әкелетін оқиғасы барысында қазақшада [290-291-бб.] бірде-бір Қирабай деген есім кездеспейді. Орысшада [276-277-бб.]: «Нет... ты скажи, Кира-бай, за что... за что меня не любишь, собака?!», «Будь здоров, Кира-бай!», «А ну, Кира-бай, подай мне ту кругленькую!», «Ох и растение: слезы так льются из глаз... А ну-ка, суньте его в рот моему другу Кира-баю!..» деп, аудармашы шығарма түпнұсқасында болып жатқан көрініске келіңкіремейтін, атына заты сай «ішкен-жегендердің» жайын ойдан құрастырып, тереңдетіп жазады.
Зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, кей атаулардың аударма тілдеріне өтпей қалуы:
-
аудармашы тарапынан маңызды деп танылмаған мағлұматтардың аударылмай кетуінен;
-
қайсыбір оқиғалардың қысқарып кетуінен;
-
атаулардың аудармада берілу тәсілінен (генерализация).
Кей атаулардың тыңнан пайда болуы:
-
аудармашының өз тарапынан берілетін түсіндірмелер барысында;
-
аудармашының өз тарапынан баяндалған оқиғалар барысында;
-
атаулардың аудармада берілу тәсілінен (конкретизация);
-
түпнұсқада бар атаудың аудармадағы графикасының өрескел бұрмалануынан орын алады.
Қорыта айтқанда, кей онимдердің аудармалардан табылмауының да, керісінше кей онимдердің өздігінен пайда болуының да ортақ себебі – аудармашының жөн-жосықсыз еркінсуі (Бұл тұжырымға қатысты толыққанды мағлұмат бұдан бұрын жарияланған бірқатар ғылыми және публицистикалық мақалаларда және «Жалын» журналының 2006 жылғы №12 санында жарияланған «Аудармадан кеткен ағат атаулар» деп аталатын көлемді мақалада қарастырылады).
2-тұжырым
Көптеген реалий сөздердің мағынасы ашылмайды, түсініксіз ќалпында ќалады, не болмаса бұрмаланады, түсіндірмелерде жүйе жоќ (кездескен сөз бірінші ќолданысында емес, екінші, үшінші ќолданысында түсіндірілуі мүмкін)
Реалий сөздер – аударма жұмыстары барысында аудармашыға ең бір ауыр тиер сұрақтардың бірі. Өзге тілдерде баламасы жоќ, ќазаќтың этнографиялыќ реалий сөздерінің бірі – көкпар, ќазаќ туралы жазылған шығармада кездеспеуі сирек құбылыс. Оған біздің аудармашылар біркелкі түсіндірме бермеген, әр жерде берілген түсіндірмелерінің бәрін ќосќанда да оның мағынасы ашылмайды. Сөзді бір кездескенде орысшасы «…во многих конных состязаниях» [135-б.] деп кетеді, мұны ағылшыншада “in many horse races” [148-б.], яғни «көптеген ат жарыстарында» деп береді. Тағы бір кездескенде «кокпар, конная борьба» [137-б.] дейді, ағылшын тілінде «The kokpar, the wrestling on horseback» [148-б.], яғни “көкпар – ат үстіндегі күрес” деп түсіндіріледі. Енді бірде көкпар сөзі «Ќазаќ елі бұл кезде көкпарға тартуға дайындалған серке тәрізді еді» [193-б.] деген сөйлемде кездеседі. Орысшасы: “Страна казахов была похожа на освежеванную жертву, приготовленную к кокпару – древнему празднику козлодрания [178-б.] деп беріледі. Ағылшыншасы: “The country of the Kazakhs was like a freshly skinned sacrifice ready for Kokpar, the ancient festival of slaughtering a goat” [190-б.] делінеді. Келесі бір кездескенде ќазаќшасы [209-б.] …сайыс, күрес, көкпар, жамбы ату…» болып сөйлемнің бірыңғай мүшелері ќұрамында кездеседі. Мұндағы көкпарды орысша аудармасы [199-б.] «неизменные конные игры с козлодранием» деп түсіндіреді. Ал ағылшыншасы [212-б.] осы ќолданыстың орысшасынан да шыға алмай, оның ойын деген сөзін алады да, әр жерде тым әркелкі түсіндіріліп келе жатќандығын байќаған болу керек, алдыңғы түсіндірмелерге де жүгінетін тәрізді, “games on horseback”, яғни “ат үстіндегі ойындар” деп ќолданады. Көріп отырғанымыздай, ќазаќтың көкпарының орысшадан аударылғандыќ салдарынан ағылшынша түсіндірмелері бірде «ат жарыс», бірде “ат үстіндегі күрес”, бірде “ат үстіндегі ойындар” болып әркелкі түсіндіріліп келсе, ең ќатенің дөрекісі сол, кейбір жерлерде «көкпар деген бұл ќазаќта көнеден келе жатќан ешкі союдың мейрамы (не жарысы)» болып беріліп жүргендігі. «Ешкі союдан да мейрам (не жарыс) өткізу» ұғымы “ќазаќ – ќанішер, ќаннан басќа көргені жоќ халыќ” деген трилогия аудармасындағы жалпы ұстанымды растауға үлкен бір айғақ ретінде қабылданады. Бұл “Сөз мағынасын анықтаңыз, сонда сіз жарты әлемді адасудан құтқарасыз” деген француз ойшылы Рене Декардтың сөзін еске салады.
Жалпы аударма жұмыстары барысында кейде аудармашылар шығарма кейіпкерлері есімдерінің де мән-мағынасын түсіндіріп отырады. Қазақ есімдерінің өзіндік бір ерекшелігі сол, онда мән-мағына тереңде жатады. Сондықтан түсіндірмені шындығында ќажет тұтатын есімдер бар. Ондай есімдер «Көшпенділерде» де көптеп кездеседі. Оның бірі – Асан Ќайғы. Ол «Кочевникиде» Асан-Кайгы [30-б.], Асан-Кайгы – Асан-Горемыка [119-б.] делінеді де, «The Nomads» оны Asan-Kaigy [33-б.], Asan-Kaigy or Assan the Poor Devil [129-б.] деп береді. Әрине, бұл Асан-байғұс-жын-шәйтан деген сөз емес, сонда да the Poor Devil деген көшедегі аянышты итке, не сондай аянышты кісіге айтылатын, бейшара, байғұс деген мағынаны беретін тіркес. Одан гөрі Asan, the Woeful немесе Asan, the Sorrowful деп берілгені дұрыстау болатын еді. Осы мысалдың көрсетілген беттеріне ќарағанда есімнің, не сөз мағынасын түсіндіру ќажеттігі туған жағдайда түсіндірменің екінші, не үшінші емес, алғаш ќолданысында берілуі тиіс болатын аса ќарапайым ќағиданы да аудармашылардың саќтамағаны байќалады.
3-тұжырым
Аудармасы бар сөздердің де аударылмай ќолданылуы жиі кездеседі
«Ќазаќ ономастикасы атауларын ағылшын тілінде беруге жүйе керек» атты маќаламызда («Ана тілі» газеті, №49, 2 қараша, 2004) ««Көшпенділердің» ағылшыншасын тек ағылшын тілін білетін ќазаќтар ғана түсінуі мүмкін» деген пікір айтќан болатынбыз. Дәлелдеуді ќажет ететін сөз. Аудармасы бар сөздер де аударылмай ќолданылады және олардың көбінің мағынасы түсіндірілмейді. Мәселен, Bismillah..! Bismillah!.. [105-б.] “Astargfirallah… astargffirallah!..” [124-б.], kuruk [130-б.], “Ar-r-ruakkh…Ar-r-ruakkh!..” [141-б.], a young dzhigit [148-б.], our aul dzhigit Khasan [149-б.], Zhien-aga [170-б.], –Assalaumahaleikum! –Uahalaikumasalam! [172-б.], Aruakh! Akzyhol («аќжол» деген сөзі екен, «акзыхол» болып оќылып тұр)! [234-б.], the atalyk Dzhalmuhammad [243-б.], bais [287-б.], Oibai-ai [289-б.], Oibayai [298-б.], Astagfir’Allah [298-б.], Oh кokeh-zhan! [329-б.], Kokeh-zhen [329-б.], Akzhol! [350-б.], the Kazakh daulpazes [342-б.], Aruah” [387-б.], Iapyr-ai [391-б.], Yapyr-au!.. [402-б.], chapan [402-б.], Amansyzdar, agalar!.. [403-б.] Ar-ruakh, Tabyn!… [411-б.], –Hi, tokal [456-б.], т.с.с. толып жатќан өзімізге ғана түсінікті сөздер ағылшын тілділерге оќуды да, түсінуді де ќиындатады. Осының бәрі аударылмайтын сөздер емес. Орысшасында аударылмаған соң ағылшыншасында да солай ќалған. Дегенмен де, ағылшын тіліне аударған аудармашы Oлег Чоракаев тым көп кездесетін түсініксіз сөздерді азайту жолында аз да болса ізденгенге ұќсайды. Мәселен, ќазаќшада [49-б.] “Жырауды ќошеметтеп “Уай, пале!” деп лепіре ќызынған жұрт тына ќалды” деген сөйлем орысшада [40-б.] “Собравшиеся, которые до сих пор подзадоривали певца бодрыми криками “Ой, пале!”, сразу осеклись и затихли, как ударившееся о воду пламя” болса, ағылшыншада [43-б.]: “Those around who had been encouraging the singer with their cheerful “Come on! Hot it up!” cut themselves short immediately and quietened down like fire does when it clashes with water” делінеді. Осы үш тілдегі сөйлемдерді салыстыра ќарағанда, ағылшын тіліне орысшадан аударылса да,“Ой, пале!”деген жырауға ќолдау, ќошемет көрсету үшін айтылған, орынсыз аударылмай тұрған сөзді аудармашы «Бәрекелді!», «Ќыздыра түс!» (Come on! Hot it up!) деген мағынадағы сөздермен жеткізе алған. Орысшасында да оны «Так держать!», «Браво!» деген сияќты ќолданылып жүрген сөздермен беруге болатын еді, ќандай болғанда да орыс тілді оќырманға бұл сөздер “Ой, пале!”-ден гөрі әлдеќайда жаќсы.
«…Что же это за новый орысский царь…», «Ну вот же, при твоей юрте орысы! – сказал жырау, указывая на русских офицеров, наблюдавших за сборами ханского аула», «…Не было этого раньше, когда не построены были у нас орысские города» [347, 348-бб.] деген сөйлемдер ағылшын аудармасында [370, 372-бб.] “…What sort of a Russian czar is it…”, “But here they are, near your yurta! – the bard said, pointing at the Russian officers, who were watching the depature preparations in the aul”, “…It was not like that before, when there was no Russian towns here” делініп, жырау, орыс сөздері аударылып ќолданылады. Аудармашы Олег Чоракаев тарапынан ағылшын тілді оќырман ќамын ойлап, аз да болса ізденіс жасағандыќ байќалады. Орыс деген сөз осылай аударылмаған күйде жиі кездесе берген соң Чоракаев аударып ќолданған болса керек, әйтпесе алдыңғы (мысалдардың беттеріне ќараңыз) «О, страна орысов это не Джунгария!» [302-б.] дейтін сөйлемнің ағылшыншасында [325-б.] «The Orys land is not like Jungaria» деп, аударылмай да беріледі. Мұндай аударылмаған сөздердің тым жиі орын алуы оќырманға ќиындыќ туғызып, тығырыққа тірейді.
Сөзіміз дәлелді болу үшін осы тұста ќазаќ шығармаларының шетелдік оќырманы, ригалыќ зерттеуші Мария Шуманның «Слова переводимые и слова непереводимые» атты маќаласында (В кн.: Мастерство перевода. Сборник. М.: Советский писатель, 1964.) жазған пікіріне ден қойып көрелік. Деректерінің негізін М.Әуезовтің “Абай жолы” романының орыс тіліндегі аудармасынан алады. Онда да аударылмай ќалған жигит, кыз, хатын, келын, токал, кши-апа, аже сияќты толып жатќан туыстыќ сөздердің мәтінде аудармасыз ќолданылып, тарау басында түсіндіріліп кеткенмен де, ќазаќ жазушының шығармасын бірінші рет оќып отырған адамға оларды есте саќтап отыру мүмкін емес, дейді. Романның төртінші бөлімінен (аудармашылар – Н.Анов, З. Кедрина) “Оппырмай! Абай-ага!”, “Хазр, хазр…– тихонько приговорил Баймагамбет”, “Хоп-хоп! Вы правы…”, “Эй, молдеке!”, “Аманат! Аманат!”, “Аттан! Аттан!”, т.б. аударма да жоќ, түсіндірме де жоќ бірќатар мысалдарды келтіріп, “Пусть читатель справляется с ними как знает!” деп, эмоцияға беріледі. – “Возможно, читатель, проживающий, скажем, в Казахстане и более или менее знакомый с казахским языком, не нуждается в переводе. А вот нам, в Прибалтике, такая небрежность очень досадна. Нам перевод крайне нужен” деген пікірін білдіреді. “Ал романның бірінші, екінші, үшінші бөлімдерінде (аудармашылар – А.Никольская, Т. Нуртазин, Л.Соболев) ќазаќ сөздері әр бет соңында мұќият түсіндіріліп отыратынын айтады, біраќ “Где же вы, аруахи?” дегенше, бірден түсіндірмесіндегідей, “Где же вы, духи предков?” деп берілгені дұрыс болмас па еді?” деп, ќазаќ шығармаларының нағыз шетелдік оќырманы ретінде ой толғайды. Айтылған ойдың “Ведь если не переведенные слова являются единственными выразителями национального колорита, то лучше уж вовсе не переводить” деген тұстарынан оќырманды мұнша әбігерге салып ќинап, ашуын келтіретін аударманы расында да, жасамай-аќ ќойған жаќсы болар деген қорытындыға келеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |