Нұрсұлтан назарбаев: Қазақстан алға баса береді



бет1/3
Дата01.07.2016
өлшемі457.18 Kb.
#169691
  1   2   3




Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҚАЗАҚСТАН АЛҒА БАСА БЕРЕДІ. БІЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕМІЗ
Еңбек жолын жан-жағын  қып-қызыл  жалын қоршаған қайнаған ортада металл құюдан бастаған, жастайынан жұмысшы ортаның көрігінде шыңдалып, қалың халықтың арасында өскен, бір бойында Шығыс пен Батыстың, екі қоғамның, екі экономикалық жүйенің барлық қырлары қатар қабысқан Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем саясаткерлері арасындағы айшықталып тұрар айрықша қасиеті – елімен ерекше етенелігі. Қазақстан Президенті кешегі кеңестік кезеңнің өзінде бұқарамен байланысқа барынша көп көңіл бөліп, халықпен бірге тыныстауды өмірлік ұстанымына айналдырған. Тәуелсіздік таңы атқан алғашқы күндерден бастап Елбасымыз ел жұртшылығымен жүйелі түрде жүздесіп келеді. Кейінгі кезеңде Президенттің халықпен кездесулері жаңа заман ашып берген жаңа технологиялық мүмкіндіктерге байланысты айрықша ауқымға ие болды.

Кеше, 13 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тікелей желіде ел халқымен жүздесті. Алдын ала барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етілген тікелей желіге жұртшылық өз сауалдарын www.akorda.kz  веб-сайтына,  www.lіne.gov.kz веб-сайтындағы “Сұрақ қой”, “Бейне-сауал” бөлімдеріне, тікелей желідегі  vopros@akorda.kz электронды поштасына, Қазақстан бойынша (7172) 555-777 ортақ телефонына, 1111 нөміріне SMS хат жіберу арқылы жолдай алды. Осылайша кешегі тікелей желі бүгінгі байланыс құралдары арқылы жұртшылыққа компьютерді кең пайдалануды үйреткенімен де құнды дей аламыз. Тікелей эфирдің ерте бастан хабарландырылуы жұртшылықтың оған алдын ала дайындалуына да жағдай жасады. Мұның өзі халықтың ерекше белсенділігін туғызды. Екі аптаның ішінде тікелей желінің веб-порталына 40 мыңнан астам сұрақ түсті – бұл 2007 жылғы Президент Интернет-конференциясында қойылған сұрақтардан сегіз есе артық.


Нұрсұлтан Назарбаев кеше кешкі 18.00-ден бастап үш сағат бойы еліміздің барлық аумағына хабар тарататын жеті телеарна, Интернет жүйесі және Қазақ радиосы арқылы тікелей эфирге шығып, қазақстандықтардың көкейіндегі көптеген сұрақтарына жауап берді. Теледидардағы тікелей эфирді “Хабар” агенттігінің журналистері Федор КУРЕПИН мен Арман БАЛТАБАЙҰЛЫ жүргізіп отырды.

Президентке қойылатын сауалдар қазан айының 30-ынан бастап барлық байланыс жүйелері арқылы жинақталған. Тікелей эфир басталған сәтте Елбасына келіп түскен сұрақтарды тіркеп отырған жалпы республикалық Кул-орталықтың жұмысынан хабар берілді. Қазақстандықтардың Нұрсұлтан Әбішұлымен байланысуға үлкен көңіл бөліп, қатты ден қойғаны тікелей эфир басталмас бұрын-ақ 32 500 сауал жолдағанынан-ақ айқын көрінді. Олар туралы баяндаған журналист Айгүл Мүкей статистикалық қорытындылаудың нәтижесінде қазақстандықтарды қандай сұрақтардың көбірек толғандыратыны туралы айтты.

Бірінші кезекте азаматтарымызды әлеуметтік қорғау мәселелері алаңдататыны аңғарылды. Сұрақтардағы екінші орында тұрған үлкен мәселе тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мәселелері екендігі белгілі болды. Түрлі заң бұзушылықтар мен құқық тәртібінің мәселелері де қазақстандықтарды аз алаңдатпайтыны байқалды. Бұл саланың сұрақтары үшінші орындағы топты құраған. Білім беру мен ғылым мәселелері де азаматтарымызды аз толғандырмайды екен. Бұл саланың сұрақтары төртінші топты құраса, денсаулық сақтау мәселелеріне байланысты сұрақтар бесінші орынға орналасқан. Сонымен бірге, журналист Интернеттің арнаулы порталында халықтың ойынан шыққан рейтингі ең жоғары сұраққа дауыс беру жүргізіліп жатқанын, тікелей эфирдің соңында ол сұрақтың жарияланып, оған Президенттің жауап беретінін жеткізді.

Айта кететін жәйт, сұрақтар еліміздің барлық аумағынан ғана емес, шетелдерден де келіп түсіп жатты. Екі сағат елу минөтке созылған тікелей эфир барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа барынша өткір әрі маңызды сұрақтар қойылды. Тікелей эфир барысында Мемлекет басшысы халықпен сан-салалы өмірдің көптеген қырлары жөнінде әңгімелесті деп айтуға болады. Қазақстандықтардың Президентпен жауаптасуға деген үлкен ықыласын екі сағатта екі мыңға жуық сұрақ түсуінен-ақ аңғаруға болатын еді.

Кул-орталықтан ең қызықты сұрақтарға дауыс берудің қорытындысы да баян етілді. Ең маңызды сұрақ Гүлден Әбділдинаның балабақша туралы сауалы болып шықты. Ал екінші орында Владимир Буллердің “Қуат” корпорациясының үлескерлерге салып жатқан нысандарының қашан бітетіндігі және үшінші орындағы сауал Елбасының спиртті сусындардың қайсысын қалайтынын білгісі келген Бауыржан Әбілдаевтың сұрағы деп танылды. Бұлардың бәріне де Президент байсалды жауап берді.

Елбасына арналған алғашқы сұрақтың мәні Қазақстандағы “Жол картасы” үлкен рөл атқарғандығы, осы бағдарлама алдағы кезде жалғасын таба ма дегенге сайды.

Мемлекет басшысы “Жол картасына” Ұлттық қордан 1,5 миллиард доллардай қаржы жұмсалғанын айтты. Мемлекеттік қолдау жұмыс орындарын жаппай қыс­қартудың алдын алуға, оған қоса рес­публика бойынша 320 мыңдай жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. 93 мың қазақстандық екінші мамандықты тегін игеріп шықты. 2900 шақырым жол, 2300 аурухана мен мектеп жөнделді. Бұл – үлкен істің басы ғана. Келесі жылдың бюд­жетінде “Жол картасын” жүзеге асы­руды жалғастыруға ірі қаржы бөлу көз­делген. Нұрсұлтан Әбішұлы сонымен бірге бұл істегі басымдықтардың сипаты бір­шама өзгеретінін – ақша енді орта­лықта да, облыс орталықтарынан шалғай жатқан елді мекендерде де жаңа өндіріс орындарын ашуға жұмсалатынын айтты.

Осы арада өңірлермен тікелей байла­ныс басталып та кетті.

Алматыда, телестудиядағы журналист Қымбат Хангелдинаның жанында Қаржы­герлер қауымдастығының өкілдері, кәсіп­керлер тұр. Олардың сұрағы, әрине, қар­жы саласына қатысты. Кәсіпкер Әділ Әміров шетелдік инвесторлар біздің банктерді өздерінің бақылауына алып қоймай ма деген қаупін білдірді.

Біз расында да банк секторымызда қиын жағдайды бастан кештік, деді Пре­зидент. Өткен ғасырдың 30-шы жыл­дарын­дағы Америкада болып өткен ұлы күйзелістің жай-жапсарын зерттей келе, мемлекет бірінші банктің банкроттығына жол бергеннен кейін-ақ берекесіздік бас­талғанын көреміз. Біз бұған жол беріп қоя алмайтын едік. Сондықтан да Ұлттық қор­дан 480 миллиард теңге бөлініп, осы арқылы мемлекет елдің жүйе құраушы төрт банкінің капиталына енді. Қазіргі таңда қаржы жүйеміз қалыпқа түсті. Әри­не, күрделі мәселелер әлі де бар. Әйтсе де, ахуал нашар деуге болмайды – банк­тердің негізгі капиталы 1,5 пайызға өсті, экономиканы несиелеу 7,6 пайызға артты. Ал шетелдік инвесторлардың ықпал ету мүмкіндігіне келсек, мемлекет шетелдік банкирлердің жүйе құраушы банктерге ие болуына жол беріп қоймайтыны анық.

– Әлемдік рынокта ахуал күрделі күйде тұрған кезде, валюта архитектурасы қалыпқа түспеген жағдайда Қазақстанды не күтіп тұр? Президент өзінің “Дағ­да­рыс­тан шығудың кілті” және “Бесінші жол” атты мақалаларында осы жайларға тоқ­талған болатын. Қазақстанды ұлттық валютаның тағы бір құнсыздануы күтіп тұр­ған жоқ па? – Айдос Демешев осын­дай сұрақ қойды.

– Рецессия жағдайында біз өз валю­тамызды құнсыздандырып дұрыс жаса­дық, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл біздің экономикамызға, әсіресе, экспортқа лайықталған кәсіпорындарға көмектесті. Мен бұл жайында әлемнің жетекші елде­рінің көшбасшылары танысып шыққан мақалаларымда айтқанмын. Осыдан 60 жыл бұрын қалыптасқан қаржы жүйесі барлық кезде бірдей жұмыс істей алмай­ды, өйткені, әлемнің өзі өзгеріп барады. Сондықтан қазірдің өзінде өңірлік валю­таларды дүниеге әкелу үдерісі басталды. Әрине, әділетті валютаны жасау мәселесін тез шешудің сәті түсе қоймас. Әйтсе де, бұл мәселені күн тәртібіне қоя беру керек. Ал ақшаны құнсыздандыруға келсек, қазір олай етуге себеп жоқ. Елдің алтын-валюта резервтері өсіп келеді, инфляция деңгейі өткен жылғыдан төмен.

Тікелей желінің порталынан алынған тағы бір сұрақ тексерулерге мораторий жариялау, салық салмағын жеңілдету, ресімдеу мен есеп беруді оңайлату мәсе­лелеріне арналды.

– Кеше ғана, “Алтын сапа” сыйлы­ғын тапсыра тұрып, мен осы мәселені көтерген болатынмын, деді Елбасы. Әкім­шілік кедергілерді азайту жөніндегі жұмыс ұдайы жүргізіліп келеді, соның нәти­жесінде елде бизнес ахуалы түпкілікті түр­де жақсаруда, біз бұл көрсеткіш бойынша 71-ші орыннан 63-ші орынға көтерілдік. Бүгінде Қазақстанда 720 мың компания бар, оларда екі миллион адам жұмыс іс­тейді. Бұл өзінен өзі сөйлеп тұрған сан. Әрине, тек қана “Жол картасын” жүзеге асырумен біз барлық проблеманы шешіп тастамаймыз. Бірақ, ең бастысы – осы бағыттағы жұмыстың жалғасып жатқан­дығы.

Жүргізуші Федор Курепин тікелей желі порталынан кәсіпкер Александр Мат­цискийдің кәсіпкерлер құқын кейбір шенеуніктер тарапынан бұзу жағдайлары кездесетіндігі жөніндегі сұрағын келтірді. Ол Балқаш қаласында гараж салған, жер комитетінен рұқсат алған, әкімдік ешқан­дай кінә артпаған, ал гараж салынып бол­ған кезде кейбір шенеуніктер оны алып қоюға ұйғарған. Кәсіпкер әділдікке қолын жеткізе алмай-ақ келе жатыр. Рейдерлік әрекет, бизнесті тартып алу жөнінде сөз ететін осыған ұқсас басқа да хаттар бар.

Елбасы өз пікірін кесіп айтты: қоғам­ның бір дертіне айнала бастаған рей­дерлікпен аяусыз күресу керек. Мұндай әрбір факті бойынша Бас прокуратура тексеру жүргізіп, шағымдарда көрсетілген заң бұзу жағдайлары анықталатын болса, онда бизнес иелерінің құқын қалпына келтіруге қажетті барлық шараларды жүзеге асыру керектігін тапсырды. Бір назар аударарлығы, рейдерлік фактілері бар жерде өзінің қызмет бабын, мүмкіндігін пайдаланатын шенеунік те пайда бола кетеді.

– Егер заңнаманы өзгерту қажет болса, онда тиісті өзгерістерді жасайық, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

 Сол сәтте-ақ жұмыс орнынан тікелей эфирге қосылған Бас прокурор Қайрат Мәмидің жауабы да нақпа-нақ, көкейге қонымды шықты. – Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге жолданған шағымдардың барлығы бойынша тез арада тексерулер жүргізіледі, онда көрсетілген жайлар анықталғанда шағым иелерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін барлық шаралар жүзеге асырылады.

Мынаған назар аудару маңызды: Президент Бас прокурорға “Тікелей желі” аясында келіп түскен әрбір шағымға, әрбір арызға аса мұқият қарауды, анықталған жайлар бойынша барынша қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

Қызылорда облысындағы зейнеткер Жамал Ақпанбетова Мемлекет басшысы­на жасы егде кісілердің мемлекет зейнет­ақы көлемін ұдайы өсіретініне үйреніп қалғанын жазыпты. Сонымен қатар, ол кісі дағдарысқа байланысты бюджеттен жа­салатын төлемдер, соның ішінде зей­нет­ақы қысқармай ма деген қаупін білдіреді.

Нұрсұлтан Назарбаев өз жауабында мұндай қауіпке орын жоқтығын айтты. Біз зейнетақы мөлшерін дәйім ұлғайтып келеміз, деді Елбасы. Бұл біздің эко­но­микамыздың дұрыс бағытта дамып келе жатқандығының арқасы. Қандай да бір қысқарту жөнінде әңгіме болуы  мүмкін емес. Сондықтан келесі жылдың бюд­жетінде зейнетақыны 25 пайызға өсіру көзделген. Биыл да оның 25 пайызға өске­нін білесіздер. Ал бүкіл әлемде бас­қаша жағдай қалыптасып отыр: талай елдер бюджетте қаржы жетпегендіктен зейнетақыны қысқартуда, ал бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын тіпті азайтып жатыр. Біз болсақ, дағдарысқа қарамай, зейнетақыны өсіру үстіндеміз, 2012 жылға қарай, егер бәрі ойымыз­дағыдай болса, зейнетақы мөлшері 2,5 есе ар­тады. Мемлекет келесі жылдың 1 қаң­тарынан бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіруді де жоспарлап еді, алай­да, дағдарыс бұл жоспарға өзінің түзетуін енгізді, сөйтіп, ол мерзім жылдың екінші бөлігіне ауыстырылды, деген Елбасы мұның өзі түпкілікті шешім емес екендігін де айтты. Бәрі де экономикалық ахуалдың алдағы кезде қалай қалыптаса­тынына байланысты. Қалай болғанда да зейнеткерлердің мазасыздануына негіз жоқ, деп кесіп айтты Президент.

Қостанайлық диқан Ибраш Естаев мем­лекет шаруаларға астықты сатуға көмектесе ме деп сұрады. Елімізде биыл рекордтық – 23 миллион тонналық астық жиналғаны белгілі.

Мемлекет басшысы Азық-түлік кор­по­рациясына диқандардан бес миллион тон­на астық сатып алуға тапсырма беріл­ген­дігін айтты. Қазірдің өзінде бір жарым мил­лион тонна астық белгіленген баға бой­ынша сатып алынды. Оған қоса мем­лекет қашанда резервте мол астық ұстай­ды, ол да тауар өндірушілерден сатып алы­нады. Үкімет Президенттің тапсыр­масы бойынша қазір бидай базарларын елімізден тысқары жерлерден де іздестіріп жатыр, атап айтқанда, Қытаймен, араб елдерімен келіссөздер жүргізілуде.

Тікелей желінің жұмысына жастар жағы да белсене қатысты. Павлодарлық Диана Балаханова келесі жылы оқуын бітіреді екен, әйтсе де мамандығы бойын­ша жұмыс табатынына онша сенімді емес. Ол  жас мамандардың жұмысқа орнала­суына мемлекет көмектесе ме деп сұрады.

– Жақсы маман қай кезде де бағалы, – деді Президент. – Алайда, нарықтық экономикаға көшкен елдерде ешкім де оқу бітірген жастарды жұмысқа орналас­тырумен айналыспайды. Оның есесіне таңдаулы университеттер дипломдарын алып шыққан мамандар үлкен сұранысқа ие, жұмыс берушілер олардың бағасын, мысалы, Гарвард, Оксфорд, Сорбонна не­месе Вашингтон университетін бітіру­ші­нің құны қанша екенін біледі. Біздің ҚМЭБИ, ҚБУ, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті сияқты оқу орындарымыздың бітірушілері де жұмысты тез табады, кейде тіпті олардың 4-ші, 5-ші курстарының студенттері жұ­мыс істеп жатады, – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Президент мемлекет жоғары оқу орындарын мемлекеттік гранттар бойынша бітірген студенттерге ғана қолдау көрсетуге тиіс екендігін айтты. Ал мемлекеттік гранттар ең қажет маман­дықтарға ғана бөлінуі керек...

Мемлекет басшысына қойылған келесі сұрақ медицина мәселесіне арналды. “Республикада қолжетімді бағамен сатылатын отандық дәрі-дәрмек өте аз. Қазір саудада тек шетелдік дәрілер, олар өте қымбат”, делінген сұрақта.

– Расында да, солай, – деді Прези­дент. – Біз препараттардың 90 пайызын шет­елден әкелеміз, жалпы құны 900 мил­лион долларды құрайды. Сондықтан да қазір Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектер сатуды бір орталықтан үйлес­тірумен айналысып жатыр. Ұзақ бола­шақта, 2014 жылға қарай ішкі қажетті­лік­тің тең жартысын отандық препараттар есебінен өтеуге қол жеткізу мақсат етіліп отыр. Бұған мүмкіндік бар. Бүгінде Аста­на мен Шымкентте фармацевтика фаб­рикаларын салу мәселесі пысықталуда. Шымкентте дәрі-дәрмек шығару дәстүрі бұ­рыннан бар. Әрине, сатып алмаса бол­майтын дәрілер де жеткілікті. Алайда, бұл арада сапаны да, алып-сатарлықты жою­ды да бақылауда ұстау керек. Мемлекет осы істе белсенді қимылдауға тиіс.

Тараз қаласынан соғылған қоңырау дауысы мазасыз естілді. “Менің ұлымның жасы 15-те, мектептен қайтып келгенше жүрегім орнына түспейді. Таразда жас­өс­пірімдердің қылмыс жасауы қатты алаң­датады. Жоғары сынып оқушыларының талайы қылмысты топтарға біріккен, мек­теп пен мектеп, аудан мен аудан болып төбелесіп жатады. Мен өз аты-жөнімді әдейі айтпай тұрмын, өйткені менің бұл шағымымнан ұлыма зиян тие ме деп қорқамын”, дейді әбіржіген әйел үні.

Мұндай мәселелерді жергілікті орган­дар, әкімдіктер мен құқық қорғау орган­дары қарауы керек, деді Президент. Жас балалар арасында жанжал шыға береді, бірақ ол қылмысты сипатқа ауыспауы керек. Нұрсұлтан Назарбаев сол арада Жамбыл облысының әкімі мен Ішкі істер министрін тікелей желіге қосуды тап­сырды.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің аймақтан Сіздің атыңызға түсіп жатқан сауалдарды бағдарлап отырмыз, деді Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин: Денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құқық қорғау мәселелеріне қатысты 400-ден астам сауал түсіпті. Біздің өңірден түскен барлық сауалдарға толық жауап беретін боламыз. Ал мына сауалға келсек, жақында ғана басылымдардың бірінде жасөспірімдер қылмысы туралы мақала жарияланған. Сауал қойған азаматшаны да түсініп отырмын. Бұл мәселе туралы облыстық прокуратура сараптама жасап, өткен 8-9 жылдың ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстар екі есеге төмен­дегені байқалған. Мақалаға және жаңағы азаматшаның қойып отырған сауалына қатысты айтарым, прокуратура мақалада айтылған жасөспірімдер қылмысының негізсіз екенін анықтады. Бірді-екілі жасөспірімдерге байланысты қылмыстық фактілер бар. Оларға қатысты қылмыстық істер қозғалған. Бұларға байланысты жұмысты әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.

Ішкі істер министрі Серік Баймағам­бетовтің айтуынша, бұл салада оңды өзге­рістер қазірдің өзінде байқалып отыр. Қылмыс саны 8 пайызға дейін төмен­деген. Ұйымдасқан қылмыспен күрес кү­шейтілген. Биыл ұйымдасқан қылмыстық топтардың 50 басшысы мен олардың екі жүзден астам белсенді қатысушылары қылмысты жауапкершілікке тартылған. Қазір Қазақстанда рэкетпен айналысып, елдегі қылмыстық жағдайды күрделен­діріп отырған тұрақты топтар жоқ. Бүгінде Президенттің тапсырмасы бойынша барлық облыстарда, ірі қалаларда мектеп инспекторлары қызметі енгізілді. Ұстаздар ұжымдарымен, қоғамдық құрылымдар­мен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе қимылдай отырып, олар үлкен ауқымда алдын алу шараларын жүргізуде. Тамыз айында жасы кәмелетке толмағандарға сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін түнгі көңіл көтеру мекемелерінде болуға тыйым салатын заң қабылданды. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қылмысты құрықтауға байланысты берген тапсырмаларыңыздың бәрі де министрліктің тұрақты бақы­лауын­да, біз кәмелетке жасы толмаған­дардың арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлетін боламыз, деп сендірді министр.

Тікелей желідегі келесі сұрақ Қазақ­стан армиясының жағдайына байланысты қойылды. Әскерде азаматтық борышын өтеп қайтқан жас адам өзін қоғамда еркінірек сезінетіні белгілі. Сонымен бірге бұл істе де түйіні тарқатылмаған мәсе­лелер табылады. Солардың бірі – әскер­дегі әлімжеттік. Қарулы Күштердің бүкіл жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелер де бар.

Нұрсұлтан Әбішұлы мектептердің жоғары сыныптарында әскери дайындық мәселесі маңызды екендігін атап айтты. Қазіргі әлемде саны көп армиялардың қажеті шамалы. Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия керек. Сондықтан да біздің бүгінгі мақсатымыз – әскерлеріміздің жауынгерлік дайын­дығын одан әрі жақсарта түсу. Бұл орай­да, біріншіден, жауынгерлік кезекшіліктің сапасын жақсарту, әскерге шақыру дайындығының деңгейін көтеру керек. Екіншіден, технологиялық өзгерістер енгізу керек. Үшіншіден, армияны қажетті кадрлармен толықтыру керек. Төртінші­ден, әскери қызметшілер үшін қажетті әлеуметтік дестені қалыптастыру керек. “Армия халқымыз мақтанатындай бол­сын. Өйткені, ол – Қазақстан халқының армиясы. Онда біздің перзенттеріміз азаматтық борышын өтеп жатыр. Армиямыздың беделін арттыра түсейік”, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Тікелей желіге дайындық барысында да біраз мәселелер өз шешімін тауып үлгерді. Шағым-тілектердің бірқатары қазірдің өзінде орындалды. Ата-анасынан айырылған әрі ауыр науқасқа ұшыраған он жасар Настя Завидоваға ұзақ уақыт емделу және сол үшін қымбат бағалы дәрі-дәрмек керек болатын. Кеше ол қыздың әжесі Президентке телефон со­ғып, Настяның емделу мәселесі Денсау­лық сақтау министрлігі тарапынан шешіліп жатқандығын айтты.

Интернеттің арқасында Қазақстан Президентімен тікелей желі жөнінде біз­дің Ресейдегі таныстарымыз да хабардар болып отыр. Мемлекет басшысына Ресей­дің танымал саясаткері Евгений Мак­симович Примаков өзінің бейне-сұрағын қойды, онда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі жоспарларына қызығушылық танытылған.

Евгений Примаковқа Қазақстанға деген ықыласы үшін алғысын айтқан Нұр­сұлтан Назарбаев біздің еліміздің осынау беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуге ұжымдық кандидат ретінде Ресейдің бұл мәселеде көрсеткен қолдауын жоғары бағалайтынын жеткізді. ТМД елдерінің ішіндегі, Азия мемлекет­терінің ішіндегі, жалпы мұсылман әлеміндегі осы ұйымға жетекшілік ететін алғашқы ел атану біз үшін үлкен абырой. Сондықтан да біз бұл мәселеге өте жауапты қараймыз. Менің Жарлығым бойынша осы бағытта жұмыс жүргізетін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылды. Біз Еуропамен, ТМД елдерімен, Орталық Азия мемлекеттерімен үнқатысуды белсенді ете түсуге септесетін боламыз. ЕҚЫҰ-ның үш “кәрзеңкесі” де тиімді жұмыс істеуі үшін біздің ұсынатын нәр­семіз баршылық, деп атап айтты Нұрсұлтан Назарбаев. Президент ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлығы бірдей ТМД-ның жекелеген мемлекеттеріндегі адам құқы ахуалына бара-бар баға бере бермей­тіндігіне, бұл істе атүстілікке, белден басушылыққа баратынына назар аударды. Сондықтан Қазақстанның осы ұйымның төрағасы лауазымына сайлануы бұл құрылымға қатысушылар арасында өзара түсіністікке қол жеткізу үдерісін бастау­дың алғашқы қадамы болып табылады. Қазақстан қауіпсіздік, ядролық қарусыз­дану, жаппай қырып-жою құралдарын қысқарту, Ауғанстан проблемасын шешу мәселелерінде өзіндік ұстанымын айқындайды. Біз сондай-ақ елде орын алып отырған экологиялық мәселелерге де назар аудартпақпыз. Олар – ядролық полигон қызметінің және Аралдың тар­тылуының зардаптарын жою.

Президент өз жауабында келесі жылы ЕҚЫҰ-ның 1999 жылдан бері шақырыл­маған саммитін шақыру жөніндегі Қазақ­стан бастамашылдығын айрықша атап айтты.

Нұрсұлтан Әбішұлының атына жеке сипаттағы сұрақтар да түсті.

Мәселен, Астана тұрғыны Әділ Қал­ды­бековті бірнеше айға алдын ала белгі­лен­ген жұмыс кестесі бола отырып, Пре­зи­денттің өзіне “Жоқ, бұл кездесулер бол­майды, бүгін мен театрға немесе отба­сы­лық мерекеге барамын” дейтін жағдай­лары болмай ма деген мәселе қызық­тырды.

Мен де өзгелер сияқты адаммын, сон­дықтан менің де достардың және отба­сым­ның алдында белгілі бір қажетті­ліктерім мен міндеттерім бар, деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Бірақ мен Пре­зидентпін, мен тиісінше таңдау жасадым, сондықтан менің өзімді өзім шектейтін кездерім болады. Қандай да бір кездесу­ден бас тартуға ыждағаттылықпен қарай­мын. Оның үстіне кешікпеуге тырысамын.

Президент таяуда өткен халықаралық антикоррупциялық форумға уақытынан ерте келгенін, сол арқылы Transparency Іnternatіonal компаниясының атқарушы директорын таңғалдырғанын айтып берді. “Уақытынан бес минөт бұрын келген Президентті бірінші рет көріп тұрмын” деп таңырқапты ол.

Жұмыс кестесіне келер болсақ, Мем­лекет басшысы түсіндіріп өткендей, оның халықаралық кестесі бір жылға, ал ел ішіндегі істер бір айға жоспарланады. Осы орайда Президент “Тек жеке жауапкер­шілік қана нағыз жауапкершілік, адам жал­ғыз өзі қызарады” деген Фазил Ис­кан­дердің сөзін келтірді, содан соң “Шы­нында да мен көптеген жәйттерге жол бере алмаймын, сондықтан өмір алуан­дығының кейбір кемшіліктерінің орнын өте белсенді жұмыспен толтырамын”, деп түсіндірді. “Дәлелді себепсіз кездесуге бір рет те бармай қалған емеспін”.

Президент адамдарды кешіре ала ма деп сұрады Әділ Қалдыбеков.

Демек, қайырымдымын ба әлде қаты­гез­бін бе, соны білгің келеді ғой деп нақ­тылады Нұрсұлтан Әбішұлы әзілге бұра отырып. “Менің жұмысыма, менің еліме кедергі келтіргенге дейін мен қайырымды боламын” деп жауап берді Президент. Мен өз қателеріне өкініп, оларды түзеуге қадам жасаған адамдарды кешіруге, яғни, мүмкіндік беруге дайынмын және жиі солай жасаймын, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. Айқын мысал ретінде қарсы тұру позициясын ұстанып, заңды бұзған, кейін оны қудалағандықтан шетелге кеткен белгілі журналист Бигелді Ғабдуллинді келтірді. Бірақ ол біздің елші арқылы кейін Президентке хат жолдап, кешіруді өтінген, өйткені ең бай деген бөгде елден гөрі, кез келген жазамен туған елде тұрған артық екенін түсінгенін айтқан. Нұрсұлтан Әбішұлы түсінген, қазір журналист отанында тамаша жұмыс істеп жүр. Президенттің өзі атап өткендей, онымен жиі кездесіп тұрады және солай жасағанына риза.

“Мен барлық қазақстандықтардың тыныш өмір сүргенін қалаймын, біздің елдің ішінде қуғындалушылар, шетелдерде өмір сүрушілер болған емес, деп атап көрсетті тағы да Н.Назарбаев. Егер кімде-кім адал жүрегінен, ашық көңілімен ме­нен кешірім жасауды сұраса, мен он­дайларды тыңдауға, егер ол, әрине, Қа­зақ­стан заңдарын бұрмалауға байланысты болмаса, мүмкіндік беруге дайынмын, тіпті ондай жағдайда да Президенттің, егер құқық қорғау органдары ол адамның түзелу жолына түсіп, бір сапқа тұрып жаңа Қазақстанды құруға дайын екенін растаса, рақымшылық жасауға құзыреті бар”.

Ең белсенді хат жолдаушылардың бірі жастар мен олардың ата-аналары болды. Олар хаттарының бірінде былай дейді: “Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз таяуда Астанада Жаңа халықаралық универ­ситеттің ашылатыны туралы айттыңыз. 2010 жылы студенттер қабылдау жүре ме, жүрсе ол қандай мамандықтар бойынша? Біздің балаларымыз химия бойынша Түркияда, физика бойынша АҚШ-та және математика бойынша Францияда өткен халықаралық мектеп олимпиада­ларының жеңімпаздары және жүлдегерле­рі болып табылады. Олар Астананың Жаңа университетінде тегін білім алу үшін грантқа ие бола ала ма, әлде онда тек ауқатты ата-аналардың балаларын ғана ақылы негізде қабылдай ма?”. “Да­рынды балалардың бай емес ата-аналары” деп қол қойылған.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет