Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҚАЗАҚСТАН АЛҒА БАСА БЕРЕДІ. БІЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕМІЗ
Еңбек жолын жан-жағын қып-қызыл жалын қоршаған қайнаған ортада металл құюдан бастаған, жастайынан жұмысшы ортаның көрігінде шыңдалып, қалың халықтың арасында өскен, бір бойында Шығыс пен Батыстың, екі қоғамның, екі экономикалық жүйенің барлық қырлары қатар қабысқан Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем саясаткерлері арасындағы айшықталып тұрар айрықша қасиеті – елімен ерекше етенелігі. Қазақстан Президенті кешегі кеңестік кезеңнің өзінде бұқарамен байланысқа барынша көп көңіл бөліп, халықпен бірге тыныстауды өмірлік ұстанымына айналдырған. Тәуелсіздік таңы атқан алғашқы күндерден бастап Елбасымыз ел жұртшылығымен жүйелі түрде жүздесіп келеді. Кейінгі кезеңде Президенттің халықпен кездесулері жаңа заман ашып берген жаңа технологиялық мүмкіндіктерге байланысты айрықша ауқымға ие болды.
Кеше, 13 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тікелей желіде ел халқымен жүздесті. Алдын ала барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етілген тікелей желіге жұртшылық өз сауалдарын www.akorda.kz веб-сайтына, www.lіne.gov.kz веб-сайтындағы “Сұрақ қой”, “Бейне-сауал” бөлімдеріне, тікелей желідегі vopros@akorda.kz электронды поштасына, Қазақстан бойынша (7172) 555-777 ортақ телефонына, 1111 нөміріне SMS хат жіберу арқылы жолдай алды. Осылайша кешегі тікелей желі бүгінгі байланыс құралдары арқылы жұртшылыққа компьютерді кең пайдалануды үйреткенімен де құнды дей аламыз. Тікелей эфирдің ерте бастан хабарландырылуы жұртшылықтың оған алдын ала дайындалуына да жағдай жасады. Мұның өзі халықтың ерекше белсенділігін туғызды. Екі аптаның ішінде тікелей желінің веб-порталына 40 мыңнан астам сұрақ түсті – бұл 2007 жылғы Президент Интернет-конференциясында қойылған сұрақтардан сегіз есе артық.
Нұрсұлтан Назарбаев кеше кешкі 18.00-ден бастап үш сағат бойы еліміздің барлық аумағына хабар тарататын жеті телеарна, Интернет жүйесі және Қазақ радиосы арқылы тікелей эфирге шығып, қазақстандықтардың көкейіндегі көптеген сұрақтарына жауап берді. Теледидардағы тікелей эфирді “Хабар” агенттігінің журналистері Федор КУРЕПИН мен Арман БАЛТАБАЙҰЛЫ жүргізіп отырды.
Президентке қойылатын сауалдар қазан айының 30-ынан бастап барлық байланыс жүйелері арқылы жинақталған. Тікелей эфир басталған сәтте Елбасына келіп түскен сұрақтарды тіркеп отырған жалпы республикалық Кул-орталықтың жұмысынан хабар берілді. Қазақстандықтардың Нұрсұлтан Әбішұлымен байланысуға үлкен көңіл бөліп, қатты ден қойғаны тікелей эфир басталмас бұрын-ақ 32 500 сауал жолдағанынан-ақ айқын көрінді. Олар туралы баяндаған журналист Айгүл Мүкей статистикалық қорытындылаудың нәтижесінде қазақстандықтарды қандай сұрақтардың көбірек толғандыратыны туралы айтты.
Бірінші кезекте азаматтарымызды әлеуметтік қорғау мәселелері алаңдататыны аңғарылды. Сұрақтардағы екінші орында тұрған үлкен мәселе тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мәселелері екендігі белгілі болды. Түрлі заң бұзушылықтар мен құқық тәртібінің мәселелері де қазақстандықтарды аз алаңдатпайтыны байқалды. Бұл саланың сұрақтары үшінші орындағы топты құраған. Білім беру мен ғылым мәселелері де азаматтарымызды аз толғандырмайды екен. Бұл саланың сұрақтары төртінші топты құраса, денсаулық сақтау мәселелеріне байланысты сұрақтар бесінші орынға орналасқан. Сонымен бірге, журналист Интернеттің арнаулы порталында халықтың ойынан шыққан рейтингі ең жоғары сұраққа дауыс беру жүргізіліп жатқанын, тікелей эфирдің соңында ол сұрақтың жарияланып, оған Президенттің жауап беретінін жеткізді.
Айта кететін жәйт, сұрақтар еліміздің барлық аумағынан ғана емес, шетелдерден де келіп түсіп жатты. Екі сағат елу минөтке созылған тікелей эфир барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа барынша өткір әрі маңызды сұрақтар қойылды. Тікелей эфир барысында Мемлекет басшысы халықпен сан-салалы өмірдің көптеген қырлары жөнінде әңгімелесті деп айтуға болады. Қазақстандықтардың Президентпен жауаптасуға деген үлкен ықыласын екі сағатта екі мыңға жуық сұрақ түсуінен-ақ аңғаруға болатын еді.
Кул-орталықтан ең қызықты сұрақтарға дауыс берудің қорытындысы да баян етілді. Ең маңызды сұрақ Гүлден Әбділдинаның балабақша туралы сауалы болып шықты. Ал екінші орында Владимир Буллердің “Қуат” корпорациясының үлескерлерге салып жатқан нысандарының қашан бітетіндігі және үшінші орындағы сауал Елбасының спиртті сусындардың қайсысын қалайтынын білгісі келген Бауыржан Әбілдаевтың сұрағы деп танылды. Бұлардың бәріне де Президент байсалды жауап берді.
Елбасына арналған алғашқы сұрақтың мәні Қазақстандағы “Жол картасы” үлкен рөл атқарғандығы, осы бағдарлама алдағы кезде жалғасын таба ма дегенге сайды.
Мемлекет басшысы “Жол картасына” Ұлттық қордан 1,5 миллиард доллардай қаржы жұмсалғанын айтты. Мемлекеттік қолдау жұмыс орындарын жаппай қысқартудың алдын алуға, оған қоса республика бойынша 320 мыңдай жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. 93 мың қазақстандық екінші мамандықты тегін игеріп шықты. 2900 шақырым жол, 2300 аурухана мен мектеп жөнделді. Бұл – үлкен істің басы ғана. Келесі жылдың бюджетінде “Жол картасын” жүзеге асыруды жалғастыруға ірі қаржы бөлу көзделген. Нұрсұлтан Әбішұлы сонымен бірге бұл істегі басымдықтардың сипаты біршама өзгеретінін – ақша енді орталықта да, облыс орталықтарынан шалғай жатқан елді мекендерде де жаңа өндіріс орындарын ашуға жұмсалатынын айтты.
Осы арада өңірлермен тікелей байланыс басталып та кетті.
Алматыда, телестудиядағы журналист Қымбат Хангелдинаның жанында Қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері, кәсіпкерлер тұр. Олардың сұрағы, әрине, қаржы саласына қатысты. Кәсіпкер Әділ Әміров шетелдік инвесторлар біздің банктерді өздерінің бақылауына алып қоймай ма деген қаупін білдірді.
Біз расында да банк секторымызда қиын жағдайды бастан кештік, деді Президент. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы Америкада болып өткен ұлы күйзелістің жай-жапсарын зерттей келе, мемлекет бірінші банктің банкроттығына жол бергеннен кейін-ақ берекесіздік басталғанын көреміз. Біз бұған жол беріп қоя алмайтын едік. Сондықтан да Ұлттық қордан 480 миллиард теңге бөлініп, осы арқылы мемлекет елдің жүйе құраушы төрт банкінің капиталына енді. Қазіргі таңда қаржы жүйеміз қалыпқа түсті. Әрине, күрделі мәселелер әлі де бар. Әйтсе де, ахуал нашар деуге болмайды – банктердің негізгі капиталы 1,5 пайызға өсті, экономиканы несиелеу 7,6 пайызға артты. Ал шетелдік инвесторлардың ықпал ету мүмкіндігіне келсек, мемлекет шетелдік банкирлердің жүйе құраушы банктерге ие болуына жол беріп қоймайтыны анық.
– Әлемдік рынокта ахуал күрделі күйде тұрған кезде, валюта архитектурасы қалыпқа түспеген жағдайда Қазақстанды не күтіп тұр? Президент өзінің “Дағдарыстан шығудың кілті” және “Бесінші жол” атты мақалаларында осы жайларға тоқталған болатын. Қазақстанды ұлттық валютаның тағы бір құнсыздануы күтіп тұрған жоқ па? – Айдос Демешев осындай сұрақ қойды.
– Рецессия жағдайында біз өз валютамызды құнсыздандырып дұрыс жасадық, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл біздің экономикамызға, әсіресе, экспортқа лайықталған кәсіпорындарға көмектесті. Мен бұл жайында әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары танысып шыққан мақалаларымда айтқанмын. Осыдан 60 жыл бұрын қалыптасқан қаржы жүйесі барлық кезде бірдей жұмыс істей алмайды, өйткені, әлемнің өзі өзгеріп барады. Сондықтан қазірдің өзінде өңірлік валюталарды дүниеге әкелу үдерісі басталды. Әрине, әділетті валютаны жасау мәселесін тез шешудің сәті түсе қоймас. Әйтсе де, бұл мәселені күн тәртібіне қоя беру керек. Ал ақшаны құнсыздандыруға келсек, қазір олай етуге себеп жоқ. Елдің алтын-валюта резервтері өсіп келеді, инфляция деңгейі өткен жылғыдан төмен.
Тікелей желінің порталынан алынған тағы бір сұрақ тексерулерге мораторий жариялау, салық салмағын жеңілдету, ресімдеу мен есеп беруді оңайлату мәселелеріне арналды.
– Кеше ғана, “Алтын сапа” сыйлығын тапсыра тұрып, мен осы мәселені көтерген болатынмын, деді Елбасы. Әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі жұмыс ұдайы жүргізіліп келеді, соның нәтижесінде елде бизнес ахуалы түпкілікті түрде жақсаруда, біз бұл көрсеткіш бойынша 71-ші орыннан 63-ші орынға көтерілдік. Бүгінде Қазақстанда 720 мың компания бар, оларда екі миллион адам жұмыс істейді. Бұл өзінен өзі сөйлеп тұрған сан. Әрине, тек қана “Жол картасын” жүзеге асырумен біз барлық проблеманы шешіп тастамаймыз. Бірақ, ең бастысы – осы бағыттағы жұмыстың жалғасып жатқандығы.
Жүргізуші Федор Курепин тікелей желі порталынан кәсіпкер Александр Матцискийдің кәсіпкерлер құқын кейбір шенеуніктер тарапынан бұзу жағдайлары кездесетіндігі жөніндегі сұрағын келтірді. Ол Балқаш қаласында гараж салған, жер комитетінен рұқсат алған, әкімдік ешқандай кінә артпаған, ал гараж салынып болған кезде кейбір шенеуніктер оны алып қоюға ұйғарған. Кәсіпкер әділдікке қолын жеткізе алмай-ақ келе жатыр. Рейдерлік әрекет, бизнесті тартып алу жөнінде сөз ететін осыған ұқсас басқа да хаттар бар.
Елбасы өз пікірін кесіп айтты: қоғамның бір дертіне айнала бастаған рейдерлікпен аяусыз күресу керек. Мұндай әрбір факті бойынша Бас прокуратура тексеру жүргізіп, шағымдарда көрсетілген заң бұзу жағдайлары анықталатын болса, онда бизнес иелерінің құқын қалпына келтіруге қажетті барлық шараларды жүзеге асыру керектігін тапсырды. Бір назар аударарлығы, рейдерлік фактілері бар жерде өзінің қызмет бабын, мүмкіндігін пайдаланатын шенеунік те пайда бола кетеді.
– Егер заңнаманы өзгерту қажет болса, онда тиісті өзгерістерді жасайық, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сол сәтте-ақ жұмыс орнынан тікелей эфирге қосылған Бас прокурор Қайрат Мәмидің жауабы да нақпа-нақ, көкейге қонымды шықты. – Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге жолданған шағымдардың барлығы бойынша тез арада тексерулер жүргізіледі, онда көрсетілген жайлар анықталғанда шағым иелерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін барлық шаралар жүзеге асырылады.
Мынаған назар аудару маңызды: Президент Бас прокурорға “Тікелей желі” аясында келіп түскен әрбір шағымға, әрбір арызға аса мұқият қарауды, анықталған жайлар бойынша барынша қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.
Қызылорда облысындағы зейнеткер Жамал Ақпанбетова Мемлекет басшысына жасы егде кісілердің мемлекет зейнетақы көлемін ұдайы өсіретініне үйреніп қалғанын жазыпты. Сонымен қатар, ол кісі дағдарысқа байланысты бюджеттен жасалатын төлемдер, соның ішінде зейнетақы қысқармай ма деген қаупін білдіреді.
Нұрсұлтан Назарбаев өз жауабында мұндай қауіпке орын жоқтығын айтты. Біз зейнетақы мөлшерін дәйім ұлғайтып келеміз, деді Елбасы. Бұл біздің экономикамыздың дұрыс бағытта дамып келе жатқандығының арқасы. Қандай да бір қысқарту жөнінде әңгіме болуы мүмкін емес. Сондықтан келесі жылдың бюджетінде зейнетақыны 25 пайызға өсіру көзделген. Биыл да оның 25 пайызға өскенін білесіздер. Ал бүкіл әлемде басқаша жағдай қалыптасып отыр: талай елдер бюджетте қаржы жетпегендіктен зейнетақыны қысқартуда, ал бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын тіпті азайтып жатыр. Біз болсақ, дағдарысқа қарамай, зейнетақыны өсіру үстіндеміз, 2012 жылға қарай, егер бәрі ойымыздағыдай болса, зейнетақы мөлшері 2,5 есе артады. Мемлекет келесі жылдың 1 қаңтарынан бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіруді де жоспарлап еді, алайда, дағдарыс бұл жоспарға өзінің түзетуін енгізді, сөйтіп, ол мерзім жылдың екінші бөлігіне ауыстырылды, деген Елбасы мұның өзі түпкілікті шешім емес екендігін де айтты. Бәрі де экономикалық ахуалдың алдағы кезде қалай қалыптасатынына байланысты. Қалай болғанда да зейнеткерлердің мазасыздануына негіз жоқ, деп кесіп айтты Президент.
Қостанайлық диқан Ибраш Естаев мемлекет шаруаларға астықты сатуға көмектесе ме деп сұрады. Елімізде биыл рекордтық – 23 миллион тонналық астық жиналғаны белгілі.
Мемлекет басшысы Азық-түлік корпорациясына диқандардан бес миллион тонна астық сатып алуға тапсырма берілгендігін айтты. Қазірдің өзінде бір жарым миллион тонна астық белгіленген баға бойынша сатып алынды. Оған қоса мемлекет қашанда резервте мол астық ұстайды, ол да тауар өндірушілерден сатып алынады. Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша қазір бидай базарларын елімізден тысқары жерлерден де іздестіріп жатыр, атап айтқанда, Қытаймен, араб елдерімен келіссөздер жүргізілуде.
Тікелей желінің жұмысына жастар жағы да белсене қатысты. Павлодарлық Диана Балаханова келесі жылы оқуын бітіреді екен, әйтсе де мамандығы бойынша жұмыс табатынына онша сенімді емес. Ол жас мамандардың жұмысқа орналасуына мемлекет көмектесе ме деп сұрады.
– Жақсы маман қай кезде де бағалы, – деді Президент. – Алайда, нарықтық экономикаға көшкен елдерде ешкім де оқу бітірген жастарды жұмысқа орналастырумен айналыспайды. Оның есесіне таңдаулы университеттер дипломдарын алып шыққан мамандар үлкен сұранысқа ие, жұмыс берушілер олардың бағасын, мысалы, Гарвард, Оксфорд, Сорбонна немесе Вашингтон университетін бітірушінің құны қанша екенін біледі. Біздің ҚМЭБИ, ҚБУ, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті сияқты оқу орындарымыздың бітірушілері де жұмысты тез табады, кейде тіпті олардың 4-ші, 5-ші курстарының студенттері жұмыс істеп жатады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президент мемлекет жоғары оқу орындарын мемлекеттік гранттар бойынша бітірген студенттерге ғана қолдау көрсетуге тиіс екендігін айтты. Ал мемлекеттік гранттар ең қажет мамандықтарға ғана бөлінуі керек...
Мемлекет басшысына қойылған келесі сұрақ медицина мәселесіне арналды. “Республикада қолжетімді бағамен сатылатын отандық дәрі-дәрмек өте аз. Қазір саудада тек шетелдік дәрілер, олар өте қымбат”, делінген сұрақта.
– Расында да, солай, – деді Президент. – Біз препараттардың 90 пайызын шетелден әкелеміз, жалпы құны 900 миллион долларды құрайды. Сондықтан да қазір Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектер сатуды бір орталықтан үйлестірумен айналысып жатыр. Ұзақ болашақта, 2014 жылға қарай ішкі қажеттіліктің тең жартысын отандық препараттар есебінен өтеуге қол жеткізу мақсат етіліп отыр. Бұған мүмкіндік бар. Бүгінде Астана мен Шымкентте фармацевтика фабрикаларын салу мәселесі пысықталуда. Шымкентте дәрі-дәрмек шығару дәстүрі бұрыннан бар. Әрине, сатып алмаса болмайтын дәрілер де жеткілікті. Алайда, бұл арада сапаны да, алып-сатарлықты жоюды да бақылауда ұстау керек. Мемлекет осы істе белсенді қимылдауға тиіс.
Тараз қаласынан соғылған қоңырау дауысы мазасыз естілді. “Менің ұлымның жасы 15-те, мектептен қайтып келгенше жүрегім орнына түспейді. Таразда жасөспірімдердің қылмыс жасауы қатты алаңдатады. Жоғары сынып оқушыларының талайы қылмысты топтарға біріккен, мектеп пен мектеп, аудан мен аудан болып төбелесіп жатады. Мен өз аты-жөнімді әдейі айтпай тұрмын, өйткені менің бұл шағымымнан ұлыма зиян тие ме деп қорқамын”, дейді әбіржіген әйел үні.
Мұндай мәселелерді жергілікті органдар, әкімдіктер мен құқық қорғау органдары қарауы керек, деді Президент. Жас балалар арасында жанжал шыға береді, бірақ ол қылмысты сипатқа ауыспауы керек. Нұрсұлтан Назарбаев сол арада Жамбыл облысының әкімі мен Ішкі істер министрін тікелей желіге қосуды тапсырды.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің аймақтан Сіздің атыңызға түсіп жатқан сауалдарды бағдарлап отырмыз, деді Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин: Денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құқық қорғау мәселелеріне қатысты 400-ден астам сауал түсіпті. Біздің өңірден түскен барлық сауалдарға толық жауап беретін боламыз. Ал мына сауалға келсек, жақында ғана басылымдардың бірінде жасөспірімдер қылмысы туралы мақала жарияланған. Сауал қойған азаматшаны да түсініп отырмын. Бұл мәселе туралы облыстық прокуратура сараптама жасап, өткен 8-9 жылдың ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстар екі есеге төмендегені байқалған. Мақалаға және жаңағы азаматшаның қойып отырған сауалына қатысты айтарым, прокуратура мақалада айтылған жасөспірімдер қылмысының негізсіз екенін анықтады. Бірді-екілі жасөспірімдерге байланысты қылмыстық фактілер бар. Оларға қатысты қылмыстық істер қозғалған. Бұларға байланысты жұмысты әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.
Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің айтуынша, бұл салада оңды өзгерістер қазірдің өзінде байқалып отыр. Қылмыс саны 8 пайызға дейін төмендеген. Ұйымдасқан қылмыспен күрес күшейтілген. Биыл ұйымдасқан қылмыстық топтардың 50 басшысы мен олардың екі жүзден астам белсенді қатысушылары қылмысты жауапкершілікке тартылған. Қазір Қазақстанда рэкетпен айналысып, елдегі қылмыстық жағдайды күрделендіріп отырған тұрақты топтар жоқ. Бүгінде Президенттің тапсырмасы бойынша барлық облыстарда, ірі қалаларда мектеп инспекторлары қызметі енгізілді. Ұстаздар ұжымдарымен, қоғамдық құрылымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе қимылдай отырып, олар үлкен ауқымда алдын алу шараларын жүргізуде. Тамыз айында жасы кәмелетке толмағандарға сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін түнгі көңіл көтеру мекемелерінде болуға тыйым салатын заң қабылданды. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қылмысты құрықтауға байланысты берген тапсырмаларыңыздың бәрі де министрліктің тұрақты бақылауында, біз кәмелетке жасы толмағандардың арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлетін боламыз, деп сендірді министр.
Тікелей желідегі келесі сұрақ Қазақстан армиясының жағдайына байланысты қойылды. Әскерде азаматтық борышын өтеп қайтқан жас адам өзін қоғамда еркінірек сезінетіні белгілі. Сонымен бірге бұл істе де түйіні тарқатылмаған мәселелер табылады. Солардың бірі – әскердегі әлімжеттік. Қарулы Күштердің бүкіл жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелер де бар.
Нұрсұлтан Әбішұлы мектептердің жоғары сыныптарында әскери дайындық мәселесі маңызды екендігін атап айтты. Қазіргі әлемде саны көп армиялардың қажеті шамалы. Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия керек. Сондықтан да біздің бүгінгі мақсатымыз – әскерлеріміздің жауынгерлік дайындығын одан әрі жақсарта түсу. Бұл орайда, біріншіден, жауынгерлік кезекшіліктің сапасын жақсарту, әскерге шақыру дайындығының деңгейін көтеру керек. Екіншіден, технологиялық өзгерістер енгізу керек. Үшіншіден, армияны қажетті кадрлармен толықтыру керек. Төртіншіден, әскери қызметшілер үшін қажетті әлеуметтік дестені қалыптастыру керек. “Армия халқымыз мақтанатындай болсын. Өйткені, ол – Қазақстан халқының армиясы. Онда біздің перзенттеріміз азаматтық борышын өтеп жатыр. Армиямыздың беделін арттыра түсейік”, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Тікелей желіге дайындық барысында да біраз мәселелер өз шешімін тауып үлгерді. Шағым-тілектердің бірқатары қазірдің өзінде орындалды. Ата-анасынан айырылған әрі ауыр науқасқа ұшыраған он жасар Настя Завидоваға ұзақ уақыт емделу және сол үшін қымбат бағалы дәрі-дәрмек керек болатын. Кеше ол қыздың әжесі Президентке телефон соғып, Настяның емделу мәселесі Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан шешіліп жатқандығын айтты.
Интернеттің арқасында Қазақстан Президентімен тікелей желі жөнінде біздің Ресейдегі таныстарымыз да хабардар болып отыр. Мемлекет басшысына Ресейдің танымал саясаткері Евгений Максимович Примаков өзінің бейне-сұрағын қойды, онда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі жоспарларына қызығушылық танытылған.
Евгений Примаковқа Қазақстанға деген ықыласы үшін алғысын айтқан Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздің осынау беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуге ұжымдық кандидат ретінде Ресейдің бұл мәселеде көрсеткен қолдауын жоғары бағалайтынын жеткізді. ТМД елдерінің ішіндегі, Азия мемлекеттерінің ішіндегі, жалпы мұсылман әлеміндегі осы ұйымға жетекшілік ететін алғашқы ел атану біз үшін үлкен абырой. Сондықтан да біз бұл мәселеге өте жауапты қараймыз. Менің Жарлығым бойынша осы бағытта жұмыс жүргізетін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылды. Біз Еуропамен, ТМД елдерімен, Орталық Азия мемлекеттерімен үнқатысуды белсенді ете түсуге септесетін боламыз. ЕҚЫҰ-ның үш “кәрзеңкесі” де тиімді жұмыс істеуі үшін біздің ұсынатын нәрсеміз баршылық, деп атап айтты Нұрсұлтан Назарбаев. Президент ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлығы бірдей ТМД-ның жекелеген мемлекеттеріндегі адам құқы ахуалына бара-бар баға бере бермейтіндігіне, бұл істе атүстілікке, белден басушылыққа баратынына назар аударды. Сондықтан Қазақстанның осы ұйымның төрағасы лауазымына сайлануы бұл құрылымға қатысушылар арасында өзара түсіністікке қол жеткізу үдерісін бастаудың алғашқы қадамы болып табылады. Қазақстан қауіпсіздік, ядролық қарусыздану, жаппай қырып-жою құралдарын қысқарту, Ауғанстан проблемасын шешу мәселелерінде өзіндік ұстанымын айқындайды. Біз сондай-ақ елде орын алып отырған экологиялық мәселелерге де назар аудартпақпыз. Олар – ядролық полигон қызметінің және Аралдың тартылуының зардаптарын жою.
Президент өз жауабында келесі жылы ЕҚЫҰ-ның 1999 жылдан бері шақырылмаған саммитін шақыру жөніндегі Қазақстан бастамашылдығын айрықша атап айтты.
Нұрсұлтан Әбішұлының атына жеке сипаттағы сұрақтар да түсті.
Мәселен, Астана тұрғыны Әділ Қалдыбековті бірнеше айға алдын ала белгіленген жұмыс кестесі бола отырып, Президенттің өзіне “Жоқ, бұл кездесулер болмайды, бүгін мен театрға немесе отбасылық мерекеге барамын” дейтін жағдайлары болмай ма деген мәселе қызықтырды.
Мен де өзгелер сияқты адаммын, сондықтан менің де достардың және отбасымның алдында белгілі бір қажеттіліктерім мен міндеттерім бар, деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Бірақ мен Президентпін, мен тиісінше таңдау жасадым, сондықтан менің өзімді өзім шектейтін кездерім болады. Қандай да бір кездесуден бас тартуға ыждағаттылықпен қараймын. Оның үстіне кешікпеуге тырысамын.
Президент таяуда өткен халықаралық антикоррупциялық форумға уақытынан ерте келгенін, сол арқылы Transparency Іnternatіonal компаниясының атқарушы директорын таңғалдырғанын айтып берді. “Уақытынан бес минөт бұрын келген Президентті бірінші рет көріп тұрмын” деп таңырқапты ол.
Жұмыс кестесіне келер болсақ, Мемлекет басшысы түсіндіріп өткендей, оның халықаралық кестесі бір жылға, ал ел ішіндегі істер бір айға жоспарланады. Осы орайда Президент “Тек жеке жауапкершілік қана нағыз жауапкершілік, адам жалғыз өзі қызарады” деген Фазил Искандердің сөзін келтірді, содан соң “Шынында да мен көптеген жәйттерге жол бере алмаймын, сондықтан өмір алуандығының кейбір кемшіліктерінің орнын өте белсенді жұмыспен толтырамын”, деп түсіндірді. “Дәлелді себепсіз кездесуге бір рет те бармай қалған емеспін”.
Президент адамдарды кешіре ала ма деп сұрады Әділ Қалдыбеков.
Демек, қайырымдымын ба әлде қатыгезбін бе, соны білгің келеді ғой деп нақтылады Нұрсұлтан Әбішұлы әзілге бұра отырып. “Менің жұмысыма, менің еліме кедергі келтіргенге дейін мен қайырымды боламын” деп жауап берді Президент. Мен өз қателеріне өкініп, оларды түзеуге қадам жасаған адамдарды кешіруге, яғни, мүмкіндік беруге дайынмын және жиі солай жасаймын, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. Айқын мысал ретінде қарсы тұру позициясын ұстанып, заңды бұзған, кейін оны қудалағандықтан шетелге кеткен белгілі журналист Бигелді Ғабдуллинді келтірді. Бірақ ол біздің елші арқылы кейін Президентке хат жолдап, кешіруді өтінген, өйткені ең бай деген бөгде елден гөрі, кез келген жазамен туған елде тұрған артық екенін түсінгенін айтқан. Нұрсұлтан Әбішұлы түсінген, қазір журналист отанында тамаша жұмыс істеп жүр. Президенттің өзі атап өткендей, онымен жиі кездесіп тұрады және солай жасағанына риза.
“Мен барлық қазақстандықтардың тыныш өмір сүргенін қалаймын, біздің елдің ішінде қуғындалушылар, шетелдерде өмір сүрушілер болған емес, деп атап көрсетті тағы да Н.Назарбаев. Егер кімде-кім адал жүрегінен, ашық көңілімен менен кешірім жасауды сұраса, мен ондайларды тыңдауға, егер ол, әрине, Қазақстан заңдарын бұрмалауға байланысты болмаса, мүмкіндік беруге дайынмын, тіпті ондай жағдайда да Президенттің, егер құқық қорғау органдары ол адамның түзелу жолына түсіп, бір сапқа тұрып жаңа Қазақстанды құруға дайын екенін растаса, рақымшылық жасауға құзыреті бар”.
Ең белсенді хат жолдаушылардың бірі жастар мен олардың ата-аналары болды. Олар хаттарының бірінде былай дейді: “Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз таяуда Астанада Жаңа халықаралық университеттің ашылатыны туралы айттыңыз. 2010 жылы студенттер қабылдау жүре ме, жүрсе ол қандай мамандықтар бойынша? Біздің балаларымыз химия бойынша Түркияда, физика бойынша АҚШ-та және математика бойынша Францияда өткен халықаралық мектеп олимпиадаларының жеңімпаздары және жүлдегерлері болып табылады. Олар Астананың Жаңа университетінде тегін білім алу үшін грантқа ие бола ала ма, әлде онда тек ауқатты ата-аналардың балаларын ғана ақылы негізде қабылдай ма?”. “Дарынды балалардың бай емес ата-аналары” деп қол қойылған.
Достарыңызбен бөлісу: |