Сүлейменовтің - Қазақстан ғана емес, жалпы кеңестік гуманитарлық ғылымда қалыптасқан кеселді ахуалдар мен алғашқы қақтығыстары да белгілі бір дәрежеде талантты ғалымдар үшін үлгі және ойтүрткі бола алатынын да айта кету қажет.Ақынның дербес ғылыми ізденістері де қоғамдық сипат алып, жоғарғы академиялық ғылым өкілдерінің назарын өзіне қаратты. Әсіресе орыстың ортағасырлық әдеби жәдігері «Игорь полкі туралы жырды» зерттеу тәжірибелері «Жырдың» зерттелуіндегі байқалған дағдарыстық элементтерді жеңіп, оның деректік аясын түркі-қазақ материалдарымен кеңейтті. Жас геолог ғалымның мақалаларына беделді ғалымдар үн қосты. Алғашқы ғылыми ізденіс нәтижелерінен-ақ, ақынның ресми академиялық ғылымға қарсы ұстанымы айқын байқалды.
Дастан Сәтбай – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы.
Олжас - ғалым және қайраткер
1960 жылы ақын геологиялық институтты сырттай бітірсе, Әдебиет институтын аяқтай да алмайды. 1961 жылдың ақпанында Алматыға оралып республикалық беделді басылым «Казахстанская правда» газетіне жұмысқа орналасады. Кеңес одағында жүздеген газеттер, демек жүздеген редакторлар бар. Кеңестік дәстүр бойынша, олардың барлығы мемлекеттік каналдар бойынша аса маңызды үкіметтік хабарламаларды алдын ала құпия алып отырады, бірақ оқиға нақтыланбайынша, жүзеге аспайынша ешкім тіс жармауы тиіс. «Тек бір ғана редактор мәселеге шығармашылыкпен қарады, құпияны алдын ала жариялаудан қорыққан жоқ, - дейді О. Сүлейменов. Ол - 1961 жылдың 11 сәуірінде О. Сүлейменовке редакциялық тапсырма берген «Казправданың» редакторы Федор Боярский еді: «Ертең бүкіл планета ақырына дейін сенбей, мүмкін емес деп аһ ұрып, шаттанатын болады... Үкіметтік хабарламалармен бірге сенің өлеңдерің жіберіледі. Көтеріңкі көңіл-күймен, ұқтың ба? Сен инженер емессін бе, ойланып толғана, қиялдай біл! Әлгі, аты кім еді - адам, гомосапиенс сапалық жағынан басқа жағдайға өтеді. Байғұсты - асқақтатып жырласайшы» [1, 13 б.].
Осылайша редактордың « көмегімен» тақырыпты жырлауға бәрінен бұрын старт алған ақын бір аптаның ішінде «Адамға табын, жер, енді» поэмасын аяқтап оның «жұлдызды сағаты» туады. 1961 жылдың маусымында ақынның Европа мен Америкаға поэтикалық турнесі басталды. Сапардан оралған соң ақынның жыр шумақтары үдей түсті, оның құжаттары Қазақстан жазушылары одағының мүшелігіне өтуге даярланып жатты. Мәскеудегі Әдебиет институты ректорынан да «Институтка оралып оқуыңызды жылғастыруыңызға болады» - мазмұнында жедел хат та жетіп үлгіреді, бірақ О. Сүлейменов ректордың жедел хатына Цезарьдың стилінде «Оқытушы ретінде ғана қайтып оралуға келісемін» деп жедел жауап хат жолдайды. Осымен келіссөз аяқталады. «Менің институт бағдарламасымен жүруге енді уақытым да болған жоқ, өз бағдарламамның нобайы көрінді, - дейді О. Сүлейменов. Ақын, әрине бабасы Олжабай батырдың өсиет бағдарламасын орындау міндеті туралы айтып отыр. «Ұлы қарт өзінің XVIII қылышты ғасырында халықтың болашақ мұң-мұқтажын «Біз кімбіз» деген менің білімімнен көрген екен. Романтикалық сызбаларымда дилетанттық кең құлашты міндеттер қалыптасып жатты - әркімнің өзіндік «мені»-нің аяғы берік діңгекте тұруы үшін этнос жоғалтқан барлық ұмытылғандарды қалпына келтіру керек болды. Өзіңнің қор болған тағдырың мен қарғыс атқан өткеніңмен мақтануды доғар. Мен, біздің тарихымызды қорлайтын оқулықтарға сенуден бас тартамын. Біз өз тамырымызды өзіміз іздеп табамыз және өткеннің тереңдігі мен бүгінгі кеңдігімізге, болашағымыздың биіктігіне қол жеткіземіз. Жеті атасын білмеген адам емес. Жеті ғасырын білмеген ұлт емес. Жеті ғасырыңды, жеті атаңды білгендей - біл. Біреудің сыйлағанын күтпе - оған еңбегіңді сіңір... Бабаларымыздың осы өсиетімен жүр: Тауларды да қорламайсың - Даланы да асқақтатасың» [1, 14-15 б.]. Бұл О. Сүлейменовтің ғылыммен айналысуға тікелей кірісер алдындағы батыр бабасының әруағын көмекке шақырғандай рәсімді сөздері, психологиялық көңіл-күйінің шешуші сәттерінің бірі.
Әдебиет институтында профессор Сидельниковтен алған ғылыми зерттеу «Игорь полкі туралы жырдағы» «тюркизмдер» - тақырыбын тамаша түркі-славист профессор Х.Х. Махмудовтың жетекшілігімен Алматыда жалғастырады. Талапқа сәйкес кандитаттық минимумдарын да тапсырады. Алайда ғылыми ізденістерді ресми кеңестік құрылым арнасында жүргізу әрекеттері де қабылданған ғылыми дәстүрлерді алғашқы бұзушылыққа алып келеді. О. Сүлейменовтің - Қазақстан ғана емес, жалпы кеңестік гуманитарлық ғылымда қалыптасқан кеселді ахуалдар мен алғашқы қақтығыстары да белгілі бір дәрежеде талантты ғалымдар үшін үлгі және ойтүрткі бола алатынын да айта кету қажет. «Геология мен әдебиет институттарынан кейін мен аспирантурада да (лингвистика) оқып, диссертациямда « тақырып» дегенді -«денотант», ал мағынаны - «сигнификат» деп атаудан бас тарттым. «Біз қоғамдық ғылым емеспіз бе?». Ал егер қоғам сені түсінбейтін болса, мұның барлығы неге керек? - «Қоғам жөнінде бас қатыратын адамдар бар, өзіңді ойла. Қорғай алмайсын!!! Мен қорғағым келмеді және «ғылыми тіл тану» дейтін бұл жалған химераны қорғамауға ант бердім, сөйтіп «ілімді тоқымаған» ғылыми қызметкерлердің шамына тиісу үшін қарсы шабуылға шығатын болдым, осындай жолмен болса да оларға ой салғым келді» [2] - дейді О. Сүлейменов.
Одан әрі ресми ғылымдағы алғашқы сергелдеңдерін О. Сүлейменов былай деп еске түсіріп нақтылайды: «Менің Игорь полкі туралы жырдағы тюркизмдер» атты диссертациямды оқып шығып Хайролла Хабибуллаұлы орамалын алып терлеп тепшіген маңдай терін сүртті де: «Лихачевті сынаған жерлеріңді алып таста. Рыбаковтың кітаптары туралы жазғандарыңның барлығын құрт. Олар академиктер ғой, ал сен кімсің? Ешуақытта қорғай алмайсың деді» Бірақ шәкіртіне шын жүректен жан ашырлық танытқан ұстазына О. Сүлейменов: «Онда шабуылға шығамын. Қорғаныстың ең жақсы формасы деп өзіңіз айтқансыз» [3, 319 б.] - деп жауап береді. Осылайша, О. Сүлейменовтің ресми ғылым жолындағы жорығы аяқталады да, ол дербес ғылыми жолға түседі. Ақынның алғашқы ғылыми зерттеулерінің орыстың орта ғасырлық ұлы жәдігерлігі «Игорь полкі туралы жырға» арналуы тағдырдың жазуы демеске амал жоқ. Бірнеше ғасыр бойы орыстық және шетелдік әдебиетшілердің, тарихшылар мен филологтардың зерттеу нысанына айналған Жәдігерлік орасан зор зерттеу әдебиетін дүниеге келтірді. 1960 жылдардың басынан бұл ғылыми процеске тұңғыш Қазақстандық зерттеуші ретінде О. Сүлейменов араласты. Қазақ ғылымы мен мәдениеті үшін мұның принциптік маңызы бар еді. Егер бұған дейін тек орыс әскерилері мен саяхатшылары, ғалымдары, зиялылары Қазақ даласын зерттеумен біржақты айналысып келген болса, О. Сүлейменов - орыс мәдениеті мен тарихын зерттеуді қолға алған алғашқы қазақ ғалымы еді. Жауапкершілік жүгінің ауыр болғанына қарамастан уақыт көрсеткендей О. Сүлейменов бұл міндетті сәтті орындап шықты.
1962 жылдан 1975 жылға, яғни «Аз и Я» шыққанға дейінгі аралықта ақын «Жыр» мен Түркітануға қатысты оннан астам мақалалар шығарды [4]. Бұл мақалалардың деректік, бағдарламалық маңызы сонда , біз ақынның болашақ зерттеу жұмыстарының қай бағытта өрбитіндігін, потенциялдық мүмкіндіктерін, негізгі әдіснамалық құралдарын, зертеу жұмыстарының деректік көздерін бажайлай аламыз. «Жырға» қатысты мақалалары Орталықтағы зерттеушілердің назарына ілігіп отырғандықтан, біз - сұңғыла да бес аспап жаңа зерттеушінің пайда болғанының куәсі боламыз. Мысалы, «Көшпенділер және Русь» атты алғашқы мақаласында (1962) О. Сүлейменовті ең бірінші кезекте «Жырдың» мәнерлі құралдар жүйесі мен көзге көрінбейтін тюркизмдері, Көшпенділер мен Русь тарихының арақатынастары қызықтырады. Ақын мақаласында екі қатар сөзді және ұғымды - «кощей», «кощиево», «нечистая сила» - арнайы филологиялық талдауға алады. «Кощей», «Кощиево» сөздерінің төркінін қазақтың «көш» , «көшу» сөздерімен байланыстырады. Ал, төңкеріске дейінгі көрнекті зерттеушілер, олардың ішінде атақты Мелиоранский де бар: «кощей» сөзін далалықтардың және көшпенділердің жинақтаушы атауы ретінде алып, оларды «зұлмат күш» (нечистая сила) тұрғысынан түсінді. Сөйтіп «кощейді»: - « құл», «қызметші», «арбакеш», «жол серік», «көмекші» екінші сортты әлеуметтік нәсілге жатқызатын. Тәжірибелі мамандар, тіпті, орыстың атақты аңыздық «Кощей Бессмертныйдың» аты неге олай аталатынына да назар аударған жоқ. Зұлымдық пен зұлмат күштің символы «арбакеш» немесе «құл» болуы тиіс емес қой. О. Сүлейменовтің ойынша, «Жырдың» мәтінінде бұл сөз алғашында қорлау мағынасында қолданылып тұрған жоқ және ғалымдардан айырмашылығы «Жырдың» авторы бұл сөзді ол мағынада қолдана алмайды да. Ол түпнұсқада «көшпелі», «көшпенді» мағынасында, яғни саяси қатпарсыз қолданылып тұр.
Қазақтың «көш» сөзінің орыс тілінде сол қалпында сақталынып тұрғанын көре білуіне О. Сүлейменовті табиғи терең қостілділігі мен ақындық интуициясы жетелеп отырғанын аңдау қиын емес. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» өлең жолдары қай қазаққа болса да мол ассоцияция беруге қабілетті. «Сол кезде мен тұңғыш рет орыс тіліне деген саналы құрмет сезіміне бөлендім. Тілді жасаған халықтардың тілдік қолданысынан шығып қалған сөздерді, ежелгі түркі сөздерінің формасы мен мәнін сол қалпында дерлік сақтай білуге қабілеттілігі үшін. Шығыс славяндардың сөйлеу аппараты түркі үндестіктерін, әсіресе соңғы тілдік , яғни жуан дыбыстыларды өзгерпей дерлік қайта өндірді... Тюркизмдердің орыс тілінде сақталғандығының арқасында мен ежелгі қазақ және татар жұрнақтарының қалай аталғанын білдім, - деп еске алады О. Сүлейменов, - «Москвада оқыған жылдарымда Ленин кітапханасынан шыққаным жоқ. Қазақ сөздерінің көнелігін растайтын жаңа куәландыруларды үстін-үстін табумен болдым. Көптеген түркі тілдерінің жолы молынан болған екен. Орта ғасырлық түрік, азербайжан, ұйғыр, өзбек,татар жазбалары орта ғасырдың ұлы жазба ескерткіштеріне еніпті. Қазақтардың жайылым үшін күреспен аулыққаны сондай өздерінің тарихта бар екенін білдіретін жазба куәліктер қалдыруға мұршалары болмапты. «Кощея» сөзіне кезіккенімше, ауызша сөздің мерзімі көрсетілмеді, сөйтіп Евразия бойынша көршілердің тілі қазақ сөзінің жас мөлшерін белгілеуге көмектесе алатындығын түсіндім» [5, 201-203 б.].
Бұдан кейінгі бірнеше мақаласында О. Сүлейменов « Жырдағы» тас түйін мәселелердің бірі «харалужный» сөзін этимологиялық талдауға алады. 1963 жылғы «Тмутаракань. Харалужные. Карня Жля» атты мақаласында ақын оны түркі ауыз әдебиетінде үлкен қылыш мағынасында қолданылатын «қара қылыш», «харалуж» сөздерімен байланыстырады. О. Сүлейменовтің ойынша, «Жырдың авторы оны осы мағынада еркінен тыс қолданған болуы мүмкін. Бірақ кейінгі мақалаларында автор өзінің бұл болжамынан бас тартып оның жаңа нұсқасын ұсынады. Өте қызықты дәлелдер жүйесін қолдана отырып «Жырдағы»: - «авар сауыттары», «литва сауыттары», «хин оқтары», «ляцк лақтырғыштары», «литва қылыштары» («шеломы аварские», «шеломы литовские», «стрелы хиновские», «сулицы ляцкие», «мечи литовские» ) т.б. тіркестерге тоқталады. Осы халықтардың қайсысы «харалужный» атауымен аталуы мүмкін деп зерттеушілерге ойтамызық тастайды да өзі олардың ешқайсысына тоқталмай жаңа болжамын ұсынады. Ол бойынша «карляжные», «харалужные» сөздері - ежелгі орыстың «карлязы» сөзінің диалектілік формасы. Ежелгі Русьте «карлязы» деп Францияны, француздарды атаған. Демек «харалужный қылыштары» - «француз қылыштары» болуы әбден мүмкін. О. Сүлейменов дәлел ретінде «Жыр» мен одан үш ғасыр кейін жазылған орыстың келесі бір орта ғасырлық әдеби жазба ескерткіші «Задонщина» да кездесетін эпитеттерді салыстырады. «Задонщинаның» авторы «харалужный» терминін «фряньс» деп аударады, «харалужный найзаларын» - француз найзалары деп нықтай түседі. Айта кететін жәйт, О. Сүлейменов жәдігерліктегі сөздерді талдағанда, олардың әрқайсысының қолданылуы жағдайларын да ескеріп отырады. Әрине бұған қатысты О. Сүлейменовтің барлық болжамдарын үзілді-кесілді қабылдауға болмас. Бірақ мәселе болашақ зерттеушілер үшін қаншалықты ойтамызық тасталынып отырылғандығында.
Зерттеушілердің көпшілігі «Жырда» кездесетін «босый», «бусово», «Скочи съ него босым вльком» немесе «поютъ время бусово» сөздерін ІV ғасырда Солтүстік Қара теңіз жағалауын мекендеген славяндардың арғы тегі деп алынған ант тайпасының көсемі Бус, Божа корольдің есімімен байланыстырады [6, 115-320 б.]. Ол готт тайпасының көсемі Амал Винитарийдің қолынан қаза тапқан. Сондықтан зерттеушілердің көпшілігі «Жырда» айтылатын «готт қыздары» «Бустың заманындағы» жеңістерін аңсап жырлап отыр деп есептейтін. Алайда, О. Сүлейменовтің ойынша ХІІ ғасырдан тым әріде болған оқиғаның «Жырдағы» оқиғаларға ешқандай қатысы жоқ. «Жырдың» авторынан басқаларының оларды білуінің өзі күмәнді... 1962 жылы «Босый волк и напевы готских дев» атты мақаласында О.Сүлейменов «босый», «бусово» сөздерін қазақтың «босу», «босқын» - халықтардың жаппай қашып үдере көшу, босқынға айналу мағынасында түсіндіреді. О. Сүлейменовтің түсіндіруінде «гот» этникалық атау емес: скифтердің, печенегтердің, қыпшақтардың жиынтығы атауы. Гректер олардың барлығын жиынтық атаумен - «готтар» деп атаған. «Жырдың» авторы «гот» терминін гректік дәстүрмен көшпенділерге қатысты қолданылып отыр. О. Сүлейменов «гот» терминін осылайша қабылдай отырып, оны бүтіндей бір халықтар мен тайпалардың жаппай босуы, босқынға айналуымен байланыстырады. Ақын жырдағы:
«Готьские красные девы выспеша
На брезе Синему Морю,
Звоня русским златомъ,
поют время Бусово
лелеют месть Шароканю»
жыр жолдарын былайша түсіндіреді: 1106 жылы Рустің князі Владимир Мономах қыпшақ ханы Шаруканды талқандап, елдің тоз-тозын шығарып босқынға айналдырған. Гот-қыпшақтың ару қыздары сол заманды мұңды әуенге қосып отыр. Ал сол Шаруканның немересі Артықтың баласы - Кончак Русьпен соғыста жеңіске жетіп, сол жеңілістің кегін қайтарғандықтан: гот-қыпшақ арулары оны жырға қосып әндетуде. Сондықтан ІV ғасырдағы ант князі Бустың бұған еш қатысы жоқ. Сонымен О. Сүлейменовтің пайымынша, «Жырдың» арқауы ІV ғасырдың оқиғалары туралы емес ХІІ ғасырдың нақты оқиғалары жөнінде болып отыр.
Аталмыш мақаласында О. Сүлейменов «Жырдағы», «посуху», «шереширы» сөздеріне қатысты да өз болжамдарын жол-жөнекей айта кетеді. Зерттеушілер оны парсы тіліндегі қамал бұзар қару катапульт - «Тир и Черх» пен байланыстыратын. Алайда, О. Сүлейменов « тир и черх»тың ХІІІ ғасырдың жазба деректерінде Шыңғысхан жорықтарына қатысты ғана кездесетінін нық дәлелдей кетеді. Оның өте сақ жорамалы бойынша «шереширы» сөзінің қаруға еш қатысы жоқ. Олар Шарукан ұрпақтары болуы мүмкін. О. Сүлейменовтің «Босқын бөрі және гот қыздарының «әуені» атты мақаласы қаншалықты даулы тұжырымдарына қарамастан негізгі бір мәселенің шешімін табуға жәрдемдесті. Атап айтқанда «шереширы» сөзінің қаруға ешқандай қатысы жоқтығына байсалды дәлелдер келтіреді.
О. Сүлейменовтің өзіне тән ғылыми ізденістік ыждахаһаттылығы мен шеберлігі 1968 жылдың 28 қыркүйегінде «Литературная Россия» газетінде жарияланған «Каяла өзені қайда?» мақаласынан да көрінеді. О. Сүлейменов - өзеннің қыпшақтық атауы «орыстану сатыларынан өтті және жаңа сапада Азов төңірегінің картасында бар» деп түйеді. Бірақ, ондай өзен қазір атымен жоқ. Себебі, автордың ойынша бұл сөздің бастапқы атауы «Су - каяла» болуы тиіс. Өйткені түркі тілдерінде гидроним «өзеннің аты + детерминативі» схемасы бойынша құрылады. Сондықтан түркілік Су - каяла сөзі өзенді білдірмейді, ол бір арнаға құйылып жатқан екі өзеннің арасындағы кеңістікті білдіреді. О. Сүлейменовтің ойынша, бұл атау « Жырдың» мәтініне Каяла өзені ретінде кіріп кеткен және орыстың тілдік ортасында бұл тіркес халықтық этимология үрдісімен басқаша ажыратылған: Суха-ялы-сухыялы-сухие ялы. Әрі қарай каяла атанғаны белгілі болып тұр. О. Сүлейменовтің мақаласында айтылған бұл болжамдар кезінде Азов төңірегіндегі жергілікті өлкетанушылар тарапынан қызу қолдауға ие болған еді. Жоғарыда айтылған гидронимдер төменгі Дон аймағынан табылып отыр.
Осы жылғы республикалық «Простор» журналының № 9 санында жарияланған «Синяя мгла и Синие молнии» мақаласында О. Сүлейменов жаңа зерттеушілік қырынан жарқырай көрінеді. Автордың теориялық және әдіснамалық жаңалығы сонда, ол «Жырды» образдық - бейнелілік жүйесі, оның поэтикалық ерекшеліктері тұрғысынан зерттейді. «Синяя мгла» тіркесіндегі «синий» сөзіне заттың түсін білдіріп тұрғандықтан, әдетте зерттеушілер назар аудармайтын. Ал «мгла» сөзі: «тьма», «туман», «туча», «облако» мағыналарында түсінілетін. О. Сүлейменов бұл мәселеге кенет басқа қырынан келеді. Ақын бұл зат есімдердің бірде біріне «синяя» («көк») эпитетін қолдануға болмайтынын алға тартады. Ежелгі орыс тілінде де ондай эпитет жоқ. Екіншіден, орта ғасырлық поэзиялық дәстүрде ой да, заттың түсі де ашық білдіріледі, екі ұштылық, үстірттік немесе екі ұдайылық дегенді білмейді. Демек «көк қараңғылық», «көк түнек», «көк найзағай», «көк тұман» сияқты тіркестердің болуы мүмкін емес. Ақынның ойынша, зерттеушілер «синяя мгла» сөз тіркесіндегі зат есім «мгла» сөзімен шектеліп қалмай, керісінше сын есім «синий» сөзінің мағынасында мән беруі керек. О. Сүлейменов « Жырдағы» осы бір сын есімнің барлық қолданылуы аясын зерттей отырып («синее море», «синие молний», «синяя мгла») бұл сөздердің поэмада басқа мағынада қолданып тұрғанын ашты. О. Сүлейменовтің пікірінше, бұл сөздер бүгінгі «көк», «көгілдір» мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Неғұрлым көне, бүгінде ол мағынада қолданылмайтын: «сияющий, сверкающий, искрящийся, блестящий, яркий» мағынасында қолданылып тұр. Сондықтан «көк теңіз» , «көк найзағай емес», «жалтыраған теңіз», «найзағай жарқылы» болып оқылуы тиіс. Ал «синяя мгла» сөзі «Жырдың» түпнұсқасында болды ма екен?» деп О. Сүлейменов заңды сұрақ қояды. Автор - бұл орайда тарихи фактілерге, жылнамалық куәліктерге, сөздің ежелгі формалары мен мәніне, мәтініне, кейбір палеографиялық мәліметтерге сүйене отырып кейінгі ғасырлардағы «Жырды» көшірушілердің қателіктеріне назар аударады. Соны болжамдар мен тың фактілердің ұзын-ұрғасын көрсетеді. О. Сүлейменовтің бұл мақаласының маңызы «Жырдың» көнелігін, түпнұсқалығын растауға сүбелі үлес қосқандығында.
1968 жылғы О. Сүлейменовтің «Жорамалдауға бейіммін» [7] мақаласынан оның «Жырды» зерттеу барысында жаңа ғылыми ізденістік биіктікке шыққандағының куәсі боламыз. Автор дүниежүзілік тарихтың іргетасты мәселелеріне қарай ойысып өте қызықты жорамалдар жобасын жасайды. Автордың жорамалдары мынаған келіп саяды: біріншіден, бұған дейін әлемдік тарих ғылымында этникалық жағынан біртұтас деп есептелетін этрускілер бір тілді халық болған жоқ. Этрускі федерациясында басқа халықтармен бірге түркі және славян тілдес халықтар болуы мүмкін. Мақалада үш мәтін талданады. Екіншіден, О. Сүлейменов Этруриядан табылған ойын сүйектерінің жиегіндегі «и-ва-ест-орти-канус-уолоте» сөздерін талдауға жаңа қырынан келеді және онысы мейлінше нанымды шығады. Этрускологтар бұл тіркестердегі алғашқы әріптен кейінгі әрбір сөзге бір әріптің қосылып отырылғандығына назар аударған еді. Бұл сандардың атауы - әрбір әріптің саны белгілі бір санның символы деп есептелінетін. Бірақ сөз мағынасы жұмбақ қалды. О.Сүлейменовтің ойынша, этрускі жазғыштары «и-ва-ест-орти-канус-уолоте» сандық реті үшін бұрын түркі ойын сүйектеріндегі жазу дәстүрінде бар - «вар-ика-ес-торт-икаиус-уолоте» тіркестерін пайдаланған. Осындай әріптік- сандық приципті қарадүрсін механикалық қолданудың нәтижесінде ол: и-ва-ест(т)орт(и)-каиус, уолоте-ге айналған.
О. Сүлейменов мұндай сәйкестікті кездейсоқ деуге болмайды деп есептейді. О. Сүлейменов ІV ғасырдағы Скандинавия руна жазуларына қатысты да соны пікірлерін жол жөнекей айта кетеді. Оның ойынша, зерттеушілердің көпшілігінің оның түп тамырын бүгінгі Скандинавия елдері - швед, норвег, дат, фин т.б - халықтарының тілдерінен іздеумен шектелу дұрыс емес. ІV ғасырда ғұндардың да Скандинавияға дейін барғаны тарихтан белгілі. Ақынның келесі бір болжамынан туындайтын ой түтркісінен «Қыш кітаптан» асып түскен фантазияға кенелеміз. Автор тарихи дерек атауынан мүлде жұрдай адамзаттың тарихқа дейінгі - Кіші адамзат дәуіріне өзінің ғана қолында бар құралдарымен бойлайды. Ақынның өзі айтқандай «адамзаттың табиғи тіл дәуіріне қатысты қазіргі ғылым үшін фантастикаға толы болжамдарын ұсынады. Адам тілінің алғашқы қатпарлары жануарлардың атауынан тұрды деген болжам айтылады. Тасқа қашалып бейнеленген мүйіз «бұқаны» білдірсе, төңкеріліп түскен мүйіз «сиырды» немесе «өлген бұқаны» білдіреді. Олжастың поэтикалық философиясы бойынша, жануарлардың атауы, осы жануарларды бейнелейтін таңбаларға ауыстырылғанда, сөз жасамының алғашқы қадамы басталған. Адам жер-жаһанға тарай орналасты. Олармен бірге ең алғашқы бір жерде пайда болған таңбалар мен белгілер - атауларымен бірге таралды. Бұл процеске қоршаған ортадағы басқа да ұқсас заттарды бейнелеу де тартылды. Ақынның жорамалынша, бір бірінен өте алыс тілдерді салыстырудың мүмкін болуы осы - Бастаудан басталады. Осылайша, осы жорамалымен О. Сүлейменов кеңестік тілтанудың атасы Н.Я. Маррдың тілдің глоттогониялық процесс (көмейлік) туралы қағидасына қарсы келген еді.
О. Сүлейменовті жақсы білетін зерттеушілердің көпшілігі оның немен айналысса да әрбір әрекеті, іс-қимылына айрықша мінез, ерен қылық тән екенін атап көрсетуден жалықпайды. Ақынның 1962 жылдан бастап республикалақ «Простор» журналында және 60 жылдардың екінші жартысынан Орталық басылымдарда «Жырға» қатысты жарияланған мақалалары, атақты академиктер В.Ф. Соболевский, В.И. Стеллецкий және И.Г. Добродомов, А. Югов және т.б. белгілі зерттеушілер тарапынан да қызу пікірталастарын туғызып қоғамдық және ресми сипат алды [8]. Қазіргі оқырмандар үшін айта кететін жәйіт, кеңістік ғылым жағдайында белгілі академиктердің ешқандай ғылыми атағы жоқ, қарапайым геолог-ақынның мақалаларына жарыса үн қосуының өзі тосын жағдай еді. Тіпті, ғылым докторларының диссертациялары, жекеленген монографиялары да мұндай пікірлер легін тудыра алмайтын. Бұл әрине «Жырдың» жаңа зерттеушісі ізденістерінің сонылығы мен көзқарастарының кеңдігінен еді.
Мысалы, В.И. Стеллецкий «бусово время» («босқын уақыт»), «гот», «напевы готских дев» («гот қыздарының әуендері») тіркестері бойынша О. Сүлейменовпен толығымен келіседі. Бірақ «босый» сөзін «босый волк» немесе «босови врани» тіркестерін де түсіндіргенде Стеллецкий оны «босу» сөзімен емес түркілік «бос» (ежелгі орыс тілінде де «бось - дьявол») сөзімен байланыстырады.Алайда, осы тұста Сүлейменовті В.Ф. Соболевский қолдайды. 1963 жылы «Простор» журналының № 5 санында В.Ф. Соболевскийдің «Игорь полкі туралы жырдағы» Гот қыздары» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Бұл О. Сүлейменовтің «Босқын бөрі және гот қыздарының әуендері» мақаласына жауап мақала еді. Автор «О. Сүлейменовтің «босу» ұғымына қатысты терең және өте қызықты лингвистикалық ізденістері « босый волк» сөзін түсіндіргенде оның бірінші бөлімі ғана бағалы» - де атап көрсетті, яғни Соболевский «время бусово» пікірлеріне қатысты О. Сүлейменовтің түсіндірмелерін қабылдамайды. Соболевский - О. Сүлейменовтің басқа да көптеген пікірлерді жаңа тұрғыда түсіндірулеріне қарсы уәж айтады. Бұған итермелеген Соболевскийдің «патриотизмі» еді. Дегенмен автор: «Жырды» зерттеу ісіне соншалықты жарқын да терең араласқан О. Сүлейменовтің ізденістерін және зымырап өтіп кеткен ғасырлардың қойнауына жаңаша қарауға мімкіндік беретін біздің бауырлас қазақ тілін шын ниетпен қолдау керек. Оның ізденістері «Жыр» туралы зерттеу әдебиеттерін одан әрі, жаңа, әзірге жасырын жатқан материалдармен, оның ішінде қазақ, парсы, черкес және т.б тілдердің арасындағы материалдармен де байыта беруге болады деуге мүмкіндік береді. Бұл факті айрықша елеулі, өйткені қазірдің өзінде «Жырды» зерттеу «барлық материалдар пайдалынылып болғандықтан» тұйыққа тірелді дегенге саятын сарыуайымды үндер естіле бастады» [1, 226 б.] деп мойындауы - «Жырды» зерттеуге қатысты дағдарыстық көріністерден хабардар береді.
Өкінішке орай, «бір шөкім тюркизмдер», «тюркизм дейтіндер» деген кекесінді тіркестерді қолданған «Жырдың» қарт зерттеушілерінің бірі А. Югов 1968 жылы «Комсомольская правданың» 23 қарашасындағы «Болат сынаның құпиясы» атты мақаласында: - «бір шөкімдей тюркизмдердің табылуы өте елеулі факт. О. Сүлейменовтің «Көрінбейтін сөздер» - «Білуге құмарлық» мақалаларында осындай олжалар және олардың кең оқырман қауымы үшін маңызы туралы айтылады, сондықтан оларды құптау керек» - деп айта келіп, ең бірінші кезекте «ХІ-ХV ғасырлардағы орыс қылыштарының батыс европалық тегі болғандығы» туралы О. Сүлейменовтің болжамдарымен келіспейді (әңгіме «Харалужные» сөзінің төркіні туралы болып отыр. Д.С.). Дегенмен автор, зерттеушінің өз қателігін мойындай білерлік ер мінезді қасиетінде атап көрсетеді [9].
О. Сүлейменовтің зерттеулеріне орай жазылған мақалалардың бірі 1968 жылы «Русская речь» журналының № 6 санында жарияланған И.Г. Добродомовтың «Половцы и поля» атты мақаласы болды. Авторды О. Сүлейменовтің «половец» сөзі мен «Жыр» мәтініндегі көшірушілердің «қателерін» еркін оқуы, тарқату әрекеттері ызаландырады. Түркі тілін сөздік деңгейінде ғана білетін «түркітанушы» барлық түркі тілдерінің атынан сөйлей отырып, ғылыми әдебиетте таптаурын болған ескі дәйектерді алға тартады. Мақаласының соңында И.Г. Добродомов: «Игорь полкі туралы жырдың» тіліндегі шығыс сөздері сияқты маңызды да ірі тақырыптың «Комсомольская правда» газетінің беттерінде жеткілікті біліктіліксіз жарыққа шыққаны өте өкінішті» [1, 233 б.],- деп орынсыз наразылық білдіреді.
60-жылдары О. Сүлейменов түркітануға қатысты да соны мақалалар жариялап мәселеге жаңа қырынан келді. Оның ғылыми мақалаларының сипаты мен мазмұны, оның осы жылдары - славист, түркітанушы, тарихшы, әдебиеттанушы, жаңа тұрпатты талантты лингвист ретінде әбден қалыптасқандығын көрсетеді. Ол өзінің «Аз и Я» сына баяу да болса, дұрыс бағытта жылжып келе жатты. Алайда, әдетте О. Сүлейменовтің кеңестік гуманитарлық ғылымдарда қалыптасқан стереотиптерімен күресі орыс - кеңес тарих, тілтану ғылымындағы үлкен бедел иелерімен тартысымен шектеледі де, республика көлеміндегі осы бағыттағы қоғамдық ғылыми қызметі мен игілікті істері көзден таса болып көрінбей жатады. О. Сүлейменовтің республикалық гуманитарлық ғылыми ортада қалыптасқан келеңсіздіктермен күресінің құрамдас бөлімдерін - ғылымындағы ұйымдастырушылық, теориялық, фактілік және әдіснамалық мәселелер құрайды.
70-жылдары Қазақстан ғылымының ұйымдастырылуына қатысты қордаланған мәселелер қашанда ақынның назарында. Ғылыми академиялық институттар мен жоғарғы оқу орындарында қалыптасқан берекесіздіктер мен ауыр моральдық ахуал да О. Сүлейменовті қынжылтады. Көптеген ғалымдар таза ғылыми мәселерден гөрі ғылым маңайындағы пәтуасыз ұйымдық құйтұрқы істермен әуре. Ғылым мүддесінен пендешілік мүдде алға шығып кеткен, ғылым шығармашылықтан гөрі кәсіпке айналған. «Ғалым болу немесе ғалым болып көрінуге ұмтылушылық философиялық мәселе ғана емес. Сондай-ақ экономикалық мәселеге айналуда, - дейді О. Сүлейменов. - Тек Алматыда ғана ғылым докторлары мен кандидаттарының саны 600-ге жуық. Ал егер бұған аспиранттар армиясын қосар болсақ, сандық көрсеткіш жағынан біздің жағдайымыз жаман емес. Ғалымдарға деген зәрулік жоқ, тек ғылымға деген зәрулік бар. Әсіресе гуманитарлық ғылымдар саласында. Еріксіз өзіңе өзің сұрақ қоясың «аспирант-кандидат-доктор-академик» схемасы бойынша жас ғалымдарды даярлау жүйесі қазіргі талапқа сай келе ме? Сызықша математикада теріске шығаруды, әдебиетте белгілі бір сөздің жоқтығын білдіреді. Біздің схемамызда сызықша «таланттың» жоқтығын және оның «пайдалылық» сөзімен алмасып отырғандығын білдіреді... Менің бір кандидаттық диссертацияның қорғалуына қатысу «бақытына» ие болғаным бар. Ғылыми хатшы келіп түскен пікірлер тізімін оқып берді, оның ішінде Копенгагеннен белгісіз бір профессордың атынан дат тілінде жазылған пікір де бар екен. Пікір жағымды. Осы хабардың өзі диссертацияның қорғалуына қарсылар үшін ешқандай үміт қалдырмады. Ғылыми кеңестегі көңіл күйден-ақ барлығы түсінікті болды - Копенгаген Қостанай емес. Бір шар ғана қара болып шықты. Оны кімнің салғанын барлығы біледі: - кеңестегі жалғыз әдебиеттанушы. Ақ шар салғандар университет, ғылыми кеңесінің басқа мүшелері химик, физик, математик, геолог.... болып шықты. Ал қорғалып жатқан тақырып әдебиеттанушылық. Осы да байсалдылыққа жата ма? «Сызықша» жүйесі ғылым маңайында докторлардың санын көбейте түсуде. Ал ғылымның өзі ешкімге пайдасы жоқ әлсіз де дәрменсіз диссертациялардан қорғануға мұқтаж болып отыр» [10].
1970-жылдары О. Сүлейменовтің ғылыми көпшіліктің пікірін аударған мәселелерінің бірі ғылымдағы - Ұстаз бен Шәкірт мәселесі. Ақынның ойынша, кеңестік Қазақстан ғылымында ұстаздар мен шәкірттердің арасындағы қарым-қатынас тым жаймашуақ та мамыражай қалыптасқан. Ғылыми тартыс пен күреске орын жоқ. Мұндай жағдайда жас ғалымдар шәкірттік деңгейден шығармашылық деңгейге дейін көтеріле алмайды. Оның себебі де түсінікті. Өйткені кеңестік ғылым жағдайында жас ғалымдардың белгілі бір категориясы ғылымға көбіне көп пендешілік мақсатпен барып отырды және диссертацияларында міндетті түрде ғылыми бедел иелерінен мол сілтемелерді келтіріп отыруға тиісті еді. Сөйтіп цитаталар коллекциясын жинаушыларға айналды. Белгілі бір дәрежеде бұл ғылымдағы схоластикалық тенденцияны күшейтті. «Біздің университетімізде бір профессор өзінің аспиранттарына мынандай мінездемелерді беріп отырды, - дейді О. Сүлейменов, - «Тұрмыста және жұмыста сыпайы». Осы құжатпен олар ғылымның қыры мен сырын мүжуге аттанды... «Ғылым - идеялар тартысы» дейтін формуланың мәні ұмытылды, мұны былай деп тарқатып айтуға да болар еді: - «шәкірт пен ұстаз идеяларының тартысы, сонымен бірге бірлігі». Идеалды жағдайда бақытты ұстаз, қабілетті шәкіртінің қолын ризашылық сезіммен қысады,бірақ оның күшін өзінің күшімен қызғана салыстырмайды. Біз бедел иелеріне деген құрмет сезімінде тәрбиеленгенбіз. Бірақ ғылыми пікірталаста ешқандай бедел иесі, - келтірілген дәлелдер мен уәжді алмастыра алмайды. Ғылымдағы ең үлкен бедел иесі - фактілер және оған деген адал да объективті көзқарас» [11]. О. Сүлейменовтің Қазақстан ғылымында қалыптасқан кеселді көріністерге қарсы күресі тарихи жазба жәдігерліктердің сақталуы және қорғалуы мәселерінде қамтиды. Алайда уақыт көрсеткеніндей О. Сүлейменовтің Қазақстан ғылымының ұйымдық мәселелеріне қатысты пікірлері қалыптасқан кеселді дәстүрді бұза алған жоқ. Жапандағы жалғыздың үні, бөтендердің ішіндегі өз адамының ізгі ниеті деңгейінде қалып қойды.
1963 жылы «Лирикада саясаттың болат серіппелері жасырылған. XX ғасырдың тенденциясы сонда кездейсоқ па, әлде қажеттіліктен бе, поэзия -жердегі саясатты шешуші болады» [12, 14-15 б.] деген О. Сүлейменовтің Үлкен саясаттан тыс қалуы да мүмкін емес еді. XX ғасырдың 60-жылдарынан Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінде аса маңызды роль атқарған Д. Қонаев пен О. Сүлейменовтің қарым-қатынасы - қазіргі билік пен зиялылар үшін үлкен тағылым мектебі. Бұрыннан бірін-бірі сырттай білетін екі қайраткер 1962 жылдың жайма шуақ күні Алматы көшелерінде кездейсоқ кездесіп Д. Қонаевтың ықылас білдіруімен жұмыс бөлмесіне барып жақын біліседі. Кездесу соңында Д. Қонаевтың «қандай өтінішің бар?» - деген сұрағына, айта беретін пәтер мәселесі көкейінде тұрса да, Олжас үндемей қалады. Республика басшысының бұл ықыласы жас ақынға үлкен құрмет еді. Алайда Олжас та «қарыз» болып қалмайды. Осы жылдың 16 желтоқсан күні Д. Қонаев орнынан алынып, И. Юсупов тағайындалғанда биік мінбеден ресми түрде қарсылық білдірген О. Сүлейменов қана болады. «Таныстығымыздың барлық жылдарында бірде бір рет мен өзіме пәтер де, қызмет те, орден де, лауреаттықты да сұраған емеспін, - дейді Олжас. - Бұлардың барлығы маған өзінен-өзі келді. Мүмкін бірінші хатшы бұған араласқан шығар, бірақ менің өтінішімсіз. Ал басқалар үшін сұрадым. Тек қана жазушылар үшін 300 пәтер алып бердім. Жазушылар одағына жылына екі-үш пәтер бөлінеді. Лимитіміз қаңтар айында-ақ таусылады. Жылдың ортасында мен З.Нұрқаділовке (қала әкімі Д.С.) «пәленше деген жазушыға біздің «мифтік лимитімізден» екі бөлмелі үй беріңіз» деп өтініш жазамын. Оған бұл анықтама қатты ұнап мүмкіндіктер табатын» [13, 322 б.].
1971-80 жылдары О. Сүлейменов Қазақстан Жазушылары Одағының хатшысы қызметін атқарды. 1977 жылдан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болған О. Сүлейменовтің 1983 жылдың аяғынан 1991 жыл аралығында республика жазушылары одағының бірінші хатшысы қызметін атқаруы – қоғам қайраткері ретінде әбден танылған жылдары. Сол жылдары Қазақстан Компартиясы орталық комитетінде және Жазушылар одағында әртүрлі қызмет атқарған жазушы Б. Тілегенов: «Әнуардың кезінде (Әлімжанов - Д.С.) одақтық, халықаралық жиындар жиі өтуші еді... Халықаралық, Одақтық жиындар өткізу дәстүрі кейін Олжас келген соң қайта қалыптасып, қайтадан жүзеге асты.Одақтың басшысын, үлкен ұйымның жетекшісін жазушылар ғана емес қарапайым жұртта қадірлеу керек екен. Ол орынның қасиетін, биіктігін, Олжас кезінде байқадық. Жұбан да (Молдағалиев - Д.С.), одан кейін Олжас та СССРО Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. Бірақ осы екеуінің депутаттық қызметі екі түрлі еді. Жұбанның кезінде депутатын іздеп келіп, Одақтың табалдырығын тоздырған адамдарды көре алмадық... Ал Олжастың кезінде осы дәстүр бұзылды. Жазушылар одағының екінші қабатындағы кең фойе мен Олжастың қабылдау бөлмесі топырлаған жұрттан арылмайтын.Олжас жұмысқа келеді деген күні жазушы да, басқа да қаптап кететін... [14, 279-280 б.]. Шынында да Олжастың қабылдауына әлеуметтік әділдік іздеп барған отандастардың саны өте көп болғанын мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаевтан бастап, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар және қарапайым мыңдаған адамдар растайды. О. Сүлейменов бірнеше рет 1980-84 және 1984-89 жылдары шақырылған Қазақстан Жоғарғы Советінің, ал 1989-91 жылдары КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды.
Қазақстан басшысы Д. Қонаев - Олжасты іш тартып,жоғарғы лауазымды қызметтерге тағайындағысы келген адам, бірақ өз халқының алдындағы жеке бағдарламасына адал Олжас тектілік танытып,одан бас тарта білген. Д. Қонаевтың бұл ниеті республика имиджінен туындаған болуы мүмкін. Дегенмен Д. Қонаевтың 1980 жылы бір рет қана О. Сүлейменовті жоғарғы қызметке көндіруінің сәті түсті. Онда да шығармашылықпен байланысты - Қазақстан кинемотаграфистер Одағының хатшысы қызметі. 1981 жылы ақын кинемотография істері бойынша ҚазССР мемлекеттік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 1984 жылдың көктемінде Республика Жоғарғы Кеңесі президиуымының төрағасы Саттар Имашев кенеттен қайтыс болып, оның орнына Д. Қонаев - О. Сүлейменовті қойғысы келеді, бірақ бұл жолы да көндіре алмайды. «Мен келісімді берсем, менің өмірлік бағдарламама түпкілікті жерошақтың қазылатынын түсіндім. Сөйтіп батыл түрде бас тарттым, - дейді О. Сүлейменов. - Бірнеше аптадан кейін Бәйкен Әшімұлы Президиум төрағасы болды да, оның орнына Нұрсұлтан Назарбаев келді» [13, 321 б.].
Алайда, О. Сүлейменовті республика басшысының осыншалықты іш тартуын, жалпыхалықтық аңызға айналған биік беделін идеология хатшылары мен кейбір әріптестері көтермейтін. Олар В.И. Лениннің 100 жылдығына орай поэма жазуды талап етсе, Олжас «Вавилония жөзекшесі» туралы кітап жазды. «Көсемдер» Қазақстандағы қой санын 50 млн-ға жеткізу туралы тақырыбында белгілеп - «50.000000» поэма жаз десе, ол «Қойлар неге жүдейді» деген өткір публицистикалық, жүйенің шамына тиетін мақала жазды. «Жоғарғы жақ» қазақ жастарын ауылға шақырса, Олжас қалаға шақырды. Бейресми ортада Олжастың идеология хатшыларын меңзеп «көсемдер не дер екен» деп айтқан мысқылы да хатшылардың құлағына жетіп жатты. «Кішкентай ұлылармен» санаспаушылықтың ақыры «З. Камалиденов - О. Сүлейменов» текетіресуіне алып келді.
1985 жылы КСРО да Жоғарғы билікке М. Горбачевтің келуімен елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірін қайта құру бағыты жарияланды. М. Горбачевтің «ескі гвардия» өкілдерінің бірі Д. Қонаевқа күрт қырын қарауы басталды. Тағдырдың тәлкегімен 1986 жылдың нақ 16 желтоқсан күні Д. Қонаев екінші рет орнынан алынып - қазақ жастарының көтерілісін тудырды. КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ф.Д. Бобков «КГБ и власть» кітабында: «Камалиденовтің басты кемшілігі Орталық комитеттің қолдауына ие болғаннан кейін дөрекі қателіктерге жол берді. Оның кейбір сөздері қазақтардың ұлттық сезіміне тимей қоймады. Осының негізінде ол қазақ зиялылармен, тіпті, О. Сүлейменов сияқты лайықты адам, даңқты ақынмен ұрысты. Мен МХК де бірге қызмет атқарып жүрген уақытта бұл туралы Камалиденовке бірнеше рет айттым да. Зақаш өз халқының алдында беделінен айырылмасын деп қателіктерден сақтандырып түзеп жібергіміз келді. Бірақ ол өзінің интернационалистік сөздері құлақтарына майдай жағатындарды ғана тыңдаумен болды... Мына бір нәрсе есімде қалыпты: әлдекім тәртіпсіздіктердің ең негізгі бастаушысы деп атақты қазақ ақыны О. Сүлейменовті табандылықпен қайталаумен болды. Шынында да тобыр оның митингіде сөйлеуін талап етті. Осы кезде мен қазақ жолдастардан Сүлейменов қайда деп едім, Камалиденов: «Оны таппадық, қаладан кетіп қалыпты» деп жауап берді. Кейінірек мен Сүлейменовтің бұл күндері қалада болғанын, азаматтардың алдында сөйлегісі келгенін, бірақ оған мүмкіндік берілмегенін білдім» [15, 329-330 б.] деп жазады.
1986 жылдың 16 желтоқсан күні сағат 10- да өткен және бар болғаны 18 минөтке созылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумы ұйымдастыру мәселесін қарады. Орталықтың шешімімен ұзақ жылдар республиканы басқарған Д. Қонаев орнынан босатылып, Г. В. Колбин республика партия ұйымының бірінші хатшылығына тағайындалғанда, оған бір-ақ адам – Пленум мүшесі, Қазақстан Жазушылары Одағының бірінші хатшысы О. Сүлейменов қана қарсы дауыс берді. Өздерін Д.Қонаевтың «шәкірттеріміз» дейтіндер одан бойын аулақ ұстай бастағанда, Олжас қана сол күндері көрер көзге Д. Қонаевқа жақын жүрді.
Ел басына күн туған жан қысылған шақта жиналған халықтың билік басындағыларды емес, даңқты ұлдарын көргісі келгенінің символдық маңызы бар. 1986 жылдың 17-18 желтоқсан күндері алаңға жиналған дүйім жұрттың Олжасты іздеп «Олжас халықтың алдына шықсын» деген өтініштерін желтоқсан оқиғасына қатысушылар да, Республика МХК қызметкерлері де мойындайды. Жазушы С. Сматаевтың айтуынша, 17 желтоқсан күні О. Сүлейменовтің «жастарға басу айтсам қайтеді» деген өтінішіне З. Камалиденов «тек бюро мүшелері сөйлейді» деп тұрып алған. Қазақ теледидарының тілшісі Евгений Найко - Олжастың оқиға туралы ой толғамдарын жазып алып, көрермендерге ұсынбақ болғанда, Орталық партия комитетінен «көрсетпеңдер» деген тапсырма түседі. МХК қызметкерлері Олжастың әрбір қадамын аңдып жүрді. Бұл орайда кеңестік чиновниктік психологияның жеңгендігін айту керек - «біздің қолымыздан келмеді, ал жиналған тобыр шынында да Олжасты тыңдап кетсе,біз жоғарғы жақтың бетіне қалай қараймыз?...».
Көтеріліс басылып жаншылысымен 19 желтоқсан күні О. Сүлейменов ҚазМҰУ-дің студент-оқытушылар ұжымымен кездесу өткізеді. Кездесуге келгендердің «Өткен оқиғаларға кім кінәлі?» деген басты сұрауына О. Сүлейменов «партия чиновниктері» деп жауап беріп, атақты «қасқырдың бөлтірігі» өлеңін оқиды... Кездесуден кейін университеттің көптеген оқытушыларын: «кездесуде О. Сүлейменов не туралы айтты» деп тергейді. Осы тұста Мәскеулік тергеушінің кездейсоқ «қатесі» болашақ тарихи әділеттілікке қызмет етті. Оның «бір минөтке» сыртқа шығып кеткенін тәжірибиелі профессор ұтымды «пайдаланып», тергеушінің алдындағы парақтарға асығыс көз жүгіртеді. Оның мазмұны «жастардың партияға қарсы ұлтшылдық көтерілісінің басты ұйымдастырушысы - О. Сүлейменов» дегенге саяды. Астында белгілі қазақ жазушыларының қолдары тұр [16, 99 б.]. Қазақстан билік басындағылары ғана емес, сондай-ақ зиялылардың топтары да Олжасты құлататын кез келді деп есептеген болуы керек. 2006 жылдың мамыр айында О. Сүлейменовтің 70 жылдығы республика зор тұлғасына сай аталып өтті. 15 мамыр күні ҚазМҰУ-дің жастар сарайында болған кездесуде желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерін бір сәт еске алған ақын, өзінің үстінен арыз жазған көзі тірі жазушылардың атын атамай кешіріммен қарады. «Бар болғаны мен оларға қол беріп амандасуды қойдым» деумен шектелді.
Кеңестік жүйе екі тұлға «Қонаев-Сүлейменов» жұбының қазақтардың қордаланған ұлттық сана сезімінің оянуындағы орнын инстинктивті түрде сезді, бірақ олардың «қылмыстарына» дәлел таппай аңтарылды. Жаңа билеуші Г. Колбин де биік тұғырдан көріне алмай жатты. Белгілі қаламгер Г. Толмачев: «Геннадий Васильевич күндіз (30 желтоқсан 1986 жыл) Жазушылар Одағында Олжаспен кездеседі, қатты құшақтасып көріседі де қалың еріндерімен бірнеше рет сүйеді, ал кешке қарай өзінің кеңесшілерімен: «О. Сүлейменовті тұтқындаймыз ба әлде артын күтеміз бе деген дилемманы шешумен болды» [17, 102 б.] деп еске алады. 1986 жылдың желтоқсанынан 1987 жылдың сәуіріне дейінгі аралық О. Сүлейменов өміріндегі ең тартысты сәттердің бірі болды. Тарихшы профессор В.М. Козьменконың айтуынша КСРО-ның көрнекті жазушылары Ш. Айтматов, А. Вознесенский, Ю. Семеновтардың - М. Горбачевқа шығып «Олжасты қозғамау» туралы өтініштері де оң септігін тигізген болуы керек.
Г. Колбиндік Қазақстан жылдарындағы билік пен зиялылар арасындағы қарым-қатынас желісін аңдау өте мұқияттылықты талап етеді. Билік басындағылардың өздері де жапа шекті. Әртүрлі «істер»: - «Асанбаевтың ісі», «А.Г. Статениннің ісі» дейтіндер жүріп жатты. Алайда, кең қоғамдық мазмұн алған З. Камалиденов пен О. Сүлейменовтің тартысы болды [18]. Республикалық идеологиялық кеңес, пленум, жиналыс, мүшел тойларда бұл текетірес айқын сезіліп тұрды. Биресми кездесулерден бөлек 1986 жылдың желтоқсаны - 1987 жылдың наурызы аралығында Г. Колбин үш рет О. Сүлейменовті жеке қабылдады, арада мәмлегерлік те, өзара қошемет сөздер де болды. Мұнымен біруақытта 1987 жылдың 14 наурызында өткен Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің VIII пленумында О. Сүлейменовке қатысты екі мәселе қаралды: 1. Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің мүшесі О. Сүлейменовтің, қылмыскер, Д.А. Ковинконы (Алматы ет өнімдерін шығару бірлестігінің директоры) қорғаудағы субъективтік көзқарастарының себептері. 2. Д. Қонаевтың 70-жылдығына арналған кинофильмді шығарудың жағдайлары туралы.
Пленумда сөйлеген барлық шешендердің сөздері ертеңіне республикалық басылымдарда жарық көрді. Тек Сүлейменовтің пленумында сөйлеген сөзі жарияланбады. 1987 жылдың 16 наурызында бұл туралы СОКП орталық комитетінің органы, Бас газет болып саналатын «Правда» газеті жазды [19]. Осы жылдың 26 наурызында республикалық «Казахстанская правда» газетіндегі «қоғамдық пікір» рубрикасымен оқырмандардың «наразылыққа толы» хаттарының топтамасы «О. Сүлейменов қашанға дейін орталық комитетті шыр айналдыра бермек?» сарынында берілді. Топтамада: «Пленумдағы О. Сүлейменовтың сөзі бұрынғы ескі әуендік сипатта болып, форумда салтанат құрған жалпы ашық атмосфераға кереғар келді. Пленумға қатысқандардың көпшілігі оның көзқарастарын қолдаған жоқ. О. Сүлейменовтің сөздерінде идеялық–теориялық сипаттағы қате пікірлер болды. Оның өзі орталық комитетке келіп, көңіл күйінің аурушаң жағдайда болғанын айтып сөздерін жарияламау туралы өтініш білдірді. Орталық комитет оның өтінішін қанағаттандырды. Келесі Пленумда, мүмкін ол Орталық комитет мүшелеріне өзінің бұл қылығын түсіндіретін болар» [20] деген бопсаға, қайшылыққа толы түсінік берілді.
Айта кету қажет, бұл Пленумда О. Сүлейменов Д. Қонаевты қорғап, керісінше Г. Колбинді Қазақстанға білмей келген идеалист деген еді: 1987 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Наурыз Пленумында «Қонаевтың жеке басына табынушылықты» сынау басталды. Кінә арту үшін негіздеме қажет болды. Пленум материалдары ертеңіне газеттерде жарияланып, ақынның ғана сөздері жарияланбайды. Ақын трибунаға шыққан кезде лық толы залдың ортасында жалғыз өзі отырған Д. Қонаевқа көзі түседі. Оның жанындағы орындардың барлығы бос болады. Олжас залға: «Жолдастар, Орталық комитет мүшелері сіздерге не болған? - деп сұрайды - Бұрын сіздің әрқайсысыңыз Димекеңе жақындауды, амандасуды, онымен бірге суретке түсуді абырой санайтын едіңіздер ғой, ал енді неге жалт бұрылдыңыздар. Сіздер ол кісіден қателестіңіздер ме? Әлде ол сіздерден қателескен бе? Сіздер Қонаевтың жеке басына табынушылық туралы айттыңыздар. «Жеке адамға табынушылық» - қатардағы қарапайым партия мүшелерінің өздерінің көрнекті жолдастарын жазалаған тікенекті сымдарды, дөрекі сот процесстерін еске түсіреді... Бұл Пленумды мерейтойлық деп атауға болады. Біз 37-жылдың 50 жылдығын атап өтіп отырмыз. Бұл жылдары біздің санамызда не өзгерді? Маған Мәскеуден, Болгариядан достарым телефон шалып Г. Колбин жолдастың жеке басы жайлы білгісі келеді. Мен ол жергілікті жағдайды білмей келген идеалист деп жауап бердім» [13, 325 б.]. Жағдайдың ушығуы осыдан еді.
Осындай жағдайда КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, биік парасат иесі А.Н. Яковлев - О. Сүлейменовке түсіністікпен қарады. О. Сүлейменов бұл айларда өзін сабырлы ұстап, оның есесіне М. Шаханов, С. Шаймерденов, Ә. Нұршайықов, ғалымдар С. Зиманов, Д. Кішібеков, Ж. Әбдилдиндер белсенділік көрсетіп, биліктің екпінін басып отырды. Г. Колбин республикадан кетпей тұрып М. Шаханов желтоқсан оқиғасына әділ баға беру жөніндегі іс шараларды өрбітті. Д. Қонаев айтқандай «Олжас пен Мұхтар ылғи бір-бірлерін қолдап қуаттап... Ізгілік пен зұлымдықтың ешқашан да бітім таппас күрестерінде дайым осылай бірге жүрді. Мұндай дара қатынастар ұлтымыз үшін қажет болды» [21, 284 б.].
1989 жылдың 28 ақпанында О. Сүлейменов Кеңес Одағында бірінші болып қоғамдық ұйым «Невада-Семей» қозғалысын құрды. 1986 жылдың желтоқсанында жігері құм болған ұлттық рухтың еңсесі қайта көтерілді.1986-89 жылдары қоғамдық-саяси белсенділіктен Қазақстан Одақта алдыңғы қатардан көрінді. Қозғалыс халықаралық резонанс туғызды. 1989 жылы Олжастың Кеңес Одағының тарайтынына көзі жетеді. 1990 жылдың 25-ші ақпанында М. Горбачев пен Саяси Бюро мүшелерінің бірқатарына КСРО-ны Европалық қауымдастық үлгісінде Евразиялық Одаққа айналдыруды, сөйтіп жаңа тұрпатты конфедерация құруды ұсынады. Олжастың логикасы бойынша Әлем, Европа елдерінде бірігу тенденциясы байқалуда, ал КСРО ыдырауда. Қоғам дамуының әлемдік тенденциясына қайшы келмес үшін, Тәуелсіз елдер конфедерациясын құру қажет болып табылады. Бұл қантөгіске жол бермей мемлекеттердің саяси тәуелсіздігі негізінде жаңа кеңістікке шығу еді. Бірақ Саяси Бюро мүшелерінің ортодоксальдылығы бұған жол бермеді. О. Сүлейменовтің - М. Горбачев пен төңірегіндегілерге берген келесі бір кеңесі алдымен экономикалық, сонан соң саяси реформалар көзделген Қытайлық жолмен жүру еді. Кремль «азиялық елден» үлгі алуға арланды, бұған да құлақ аспады. Осылардың барлығы есінде болуы керек, 1991 жылы желтоқсан айында Қазақстаннан Мәскеуге аттанар алдында Ресей президенті Б. Ельцин биресми жағдайда масандау болса да «Олжас бүкіл адамзаттың данышпаны» деп мәлімдеді. 1994 жылы Қазақстан президенті Евразиялық идеяны ұсынған кезде көп уақыт өтіп кеткен еді.
О. Сүлейменовтің геосаяси және геомәдени парасатын орыс-кеңес қоғамының сол тұстағы табыну деңгейіндегі бірден-бір тұлғалары А.Д. Сахаров пен А.И. Солжиныцын деңгейлерімен салыстыру қажеттігі туындайды. Екі тұлға да Ресейдің болашақ даму тұжырымдамаларын ұсынды. Алғашқысының конвергенция теориясы жауласушы екі әлемді – капитализм мен социализм – жақындастыруға бағытталған гуманистік бағдарлама болып, қоғамдық пікірде зор қолдауға ие болғанымен, «Жаңа Конституциясы» Ресейдің реальдылықтарына сәйкес келмей, оны нығайтуға емес ыдыратуға алып келетін. Ал коммунизмге қарсы күресуші және оның жеңімпазы А. И. Солженицын – ұлы күрескер, бірақ Ресейдің ішкі қоғамын модернизациялау және геосаясатына қатысты пікірлері орыс патриоттары мен демократтарына да түсініксіз болды. Мұны ұлы ақыл-ой иелерінің интеллектуальдық тұйыққа тірелулері деп бағалап, бірақ қазақ тұлғасына қатысты қолдануға болмас еді. О. Сүлейменов КСРО – ның болашағына, жаңа жағдайларға бейімделуіне қатысты тарихтың өзі ұсынып отарған бірден бір дұрыс жолды нұсқады. Алайда, кеңес билігі субьективтік факторлардың жетегінде кетті. Осылайша КСРО тарауының бір парасын кеңес басшылары мен Ресей қоғамының интеллектуальдық жеңілісі құрады.
Қайта құру жылдары мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы О. Сүлейменовтің қоғамдық қызметінің құрамдас бөлімін - экономикалық мәселелер құрады. Ақын 1984-1989 жылдары бұрынғы шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің мәдениет бөлімінде жұмыс істесе, жаңадан шақырылған кеңесте экономика саласын таңдап, бағалау комитетінде жұмыс істеген еді. Сөйтіп нақты экономикалық мәселелермен айналысты. Бұған мәжбүрлеген елдің өте ауыр экономикалық жағдайы еді. Осы орайда 1990 жылдың басындағы экономикалық даму индекстерін анықтау жолындағы О. Сүлейменовтің ізденістерінің нәтижелерін экономикадағы жаңалық деңгейінде қабылдауға болар еді. Бюджетті толтыру үшін белгілі бір елде қанша шағын және орташа кәсіпорын болуы керек?. Есептеу өте қарапайым жүргізілді. Дамыған елдердегі (АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Англия, Канада, Италия) халықтың саны сол елдердегі кәсіпорындар санына бөлінді. Айталық АҚШ халқы 260 млн. болса, кәсіпорындар саны 13 млн. болды. Бұл 260 млн. халықтың «5%»-ы. Кәсіпорын қожайындарының саны халықтың 20/1 бөлігін құрады. Қалған елдердегі есептеулер де осыны көрсетті. Осылайша, О. Сүлейменовтің «5%-ы принципі» қағидасы дүниеге келді. Қалған зерттеулер көрсеткендей бұл қазіргі экономиканың универсальды заңы болып шықты. Қазақстанда халықтың 16 млн. болған жағдайда 11 мың кәсіпорын емес, - 800 мың шағын бизнес кәсіпорындары керек болып шығады. Яғни 800 мың кәсіп иесі нақ сол 5%-ы құрайды. «Жыл сайын мыңдаған фирмалар пайда болады, бірақ қорытындысында» 5%-ы сақталып қалады, - дейді О. Сүлейменов. - Егер бұл сан ұлғайса артық өндірілген экономика қызынады да артық кәсіпорындар табиғи жолмен ығыстырылып тасталады. Нарық - өзін-өзі реттейтін ұғым. Жапония мен Германияда да шамамен осындай арақатынас. Неғұрлым кемшіндеу дамыған елдерде пайыздық көрсеткіш аздау. Нашар дамыған елдерде - пайыз үлесі мүлде аз. Бұл заңдылық - экономикалық даму дәрежесін айқындайтын жақсы классификациялық белгі бола алады. Сөйтіп мемлекет қызметін жоспарлауға да жәрдемін тигізер еді» [22].
Горбачев төңірегіндегі «аспирант» кеңесшілері (Г. Явлинский) сияқты, О. Сүлейменовтің ұсыныстарына Қазақстан республикасының алғашқы үкіметтері де дер кезінде үн қоса алмай жатты. Кейбір ұсыныстары ғана баяу да болса, астыртын қабылданып жүзеге асып жатты. Бұл орайда бюрократиялық жалған «намысшылдық» та, чиновниктік эгоизм, жанаярлықта өз дегенін істеуі мүмкін. Дегенмен О. Сүлейменовтің экономикалық сценарийіне жақын бағытта дамыған бұрынғы КСРО республикалары да болды. Ең бірінші кезекте Балтық жағалауы республикалары, әсіресе Эстония. Ресейдің Б. Немцов басқарған Нижний Новгород губерниясы да осы қатардан көрінеді. Балтық жағалауы республикалары 1993 жылдың өзінде-ақ дағдарыстық кезеңді басынан өткеріп үлгірді. Мұның барлығы Кремль кеңесшілерінің тарихи қолы тимей, ал Қазақстан үкімет басшылары тыңдауға намыстанса да О. Сүлейменов экономикалық концепцияларының ғылыми негізді болғанын көрсетеді. Ақынның тұжырымдары әлемдік экономиканың беделді тұлғалары тарапынан да қолдау тауып отырды. Францияны генерал де Голь басқарған жылдары, оның экономикалық кеңесшісі болған Алекс Москович, ақынның экономикалық көзқарастарына былайша баға береді: «Мен сіздің баяндамаңызды мұқият, тіпті, өте мұқият оқып шықтым және көп жағдайларда сізбен пікірлес екендігімізге Сізді сендіргім келеді. Әсіресе,экономикалық мәселелер бойынша... Қытай үлгісі ең үздік дәлелдеме болып табылады,соған ұмтылу керек деген Сіздің пікіріңізбен, мен үзілді- кесілді келісемін... Біздің сирек кездесетінімізге қарамастан, Сіздің теңдесі жоқ ақыл иесі екендегіңізді мен тамаша түсінемін және сізде жақсы түсінесіз» [23].
Түйіндей келгенде О. Сүлейменовтің дербес ғылыми ізденістері де қоғамдық сипат алып, жоғарғы академиялық ғылым өкілдерінің назарын өзіне қаратты. Әсіресе орыстың ортағасырлық әдеби жәдігері «Игорь полкі туралы жырды» зерттеу тәжірибелері «Жырдың» зерттелуіндегі байқалған дағдарыстық элементтерді жеңіп, оның деректік аясын түркі-қазақ материалдарымен кеңейтті. Жас геолог ғалымның мақалаларына беделді ғалымдар үн қосты. Алғашқы ғылыми ізденіс нәтижелерінен-ақ, ақынның ресми академиялық ғылымға қарсы ұстанымы айқын байқалды. О. Сүлейменовтің жеке «қоғамдық ғылымы» мен академиялық ғылымның арасындағы теориялық әдіснамалық, ұстанымдық қайшылықтар көрінді. Ақын пендешілік мансап жолына түспей, ұлттық тарих алдындағы азаматтық позициясына адал болып - ғалым және қайраткер ретінде қалыптасты. Ұлттық сананың нығаюындағы О. Сүлейменов шағармашылығының ықпалы Желтоқсан көтерілісі күндері кеңестік биліктің ақын тұлғасына қатқыл ұстанымынан да көрінді. Ақынның геоэкономикалық және геосаяси көзқарастары да әлемдік беделді ғалымдар тарапынан мойындалды.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
-
Сулейменов О. Золотая латынь // Казахстанская правда. – 1996, март - 13.
-
Сулейменов О. Тюрки в доистории. – Алматы: Атамұра, 2002. - 320 с.
-
Сулейменов О. Кочевники и Русь // Простор. – 1962. – № 10. – С. 107-109.; Босый волк и напевы готских дев // Простор. – 1962. – № 11. – С. 108-112.; Тмутаракань. Мечи харалужные. Карна Жля // Простор. – 1963. – № 6. – С. 99-102.; Слово о полку Игореве // Литературная газета. – 1963, декабрь – 24.; Синяя мгла и синие молнии // Простор. – 1968. – № 9. – С. 80-93., «Невидимые слова», где река Каяла. Литератуная Россия. 1968, сентябрь - 20., О языке некоторых этрусских надписей. Лингвистичекие этюды // Простор. – 1968. – №5. – С. 69-75.; Серебренные писмена золотого воина: о древнетюркских письменах V-VIII вв // Техника молодежи. – 1971. – № 7. – С. 58-68.
-
Иордан. О происхождении и деяниях готов. Институт истории и Институт славяноведения АН СССР. - М.: Восточная литература, 1960. – 405с.
-
(20)Қожакиева Ш.Т., Куздебаева А.Б., Русская литература. - Алматы: Мектеп, 2007. – 448 с.
-
Сулейменов О. Склонен к предположению // Простор. – 1968. – № 5. – С. 69-75.
-
Югов А. Тайна стального клинка // Комсомолская правда. – 1968, ноябрь - 23.
-
(30)Дьяконов И.М. «Ассиро-Вавилонские источники по истории Урарту» // Вестник древней истории. – М., 1951. - Вып. 3 (37). – С. 207-252.
-
Сулейменов О. От мифа к истине // Комсомолская правда. – 1975, октябрь - 9.
-
(21) Сулейменов О. Быть и казаться // Комсомольская правда. – 1974, апрель – 3.
-
Тілегенов Б. Тұйық өмірдің құпиясы. – Алматы: Дәуір, 1992. – 279 б.
-
(10)Сулейменов О. Собр. соч. – Алматы: Атамұра, 2004. - Т. 6. - 472 с.
-
(3) Сулейменов О. Собр. соч. - Алматы: Атамұра, 2004. - Т. 7. - 432 с.
-
Бобков Ф.Д. КГБ и власть. – М.: Ветеран. - 1995. – 382 с.
-
За что исключен из партии Д.Бекежанов // Казахстанская правда. – 1987, февраль - 22.; Квятковская Т.Г. «Отравления» вседозволенностью, как произошло перерождения коммуниста А.Аскарова // Казахстанская правда. – 1987, март - 5.
-
(4)Сүлейменов О. Слово об отце // Казахстанская правда. – 1998, февраль - 28.
-
Толмачев Г. Повесть об Олжасе. – Алматы: Кітап, 1996. - 168 с.
-
Дильдяев Г., Есілбаев Т. Правде в глаза // Правда. – 1987, март - 16.
-
Рубрика «Общественное мнение» // Казахстанская правда. – 1987, март – 26.
-
Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. - Алматы: «Санат» 1999. – 512. б.
-
Быть! Доклад Председателя партии Народный конгресс Казахстана Олжаса Сулейменова на IX пленуме ЦКК 29 октября 1994года // Народный конгресс. – 1994. – № 13 (29).
-
Москович А. Открытое писмо Олжасу Сулейменову. Те же ли результаты? // Казахстанская правда. –1995, март – 1. алғып кеткен
Достарыңызбен бөлісу: |