«Өлкетану тарихы және мәдениеті»


тақырып. Өлкені зерттеудегі қазақ ғалымдары мен ағартушыларының рөлі және қызметі. 1



бет2/5
Дата25.02.2016
өлшемі0.61 Mb.
#19960
1   2   3   4   5

4тақырып. Өлкені зерттеудегі қазақ ғалымдары мен ағартушыларының рөлі және қызметі.

1.Ш.Уалиханов-шығыстанушы, тарихшы.

2.Абай Құнанбаев.

3.Ы.Алтынсарин


1. Шоқан (Мұхаммед Қанафия) Уәлиханов Шыңғысұлы (1835 – 1865) – қазақтың ұлы ғалымы: ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ.

Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен.

Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде туған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол жерде аға сұлтан болған. Өз атасы Уәли де хан болған. Арғы атасы қазақтың ұлы ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында өткен.

«Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген.

Кадет корпусына алғаш оқуға түскен кезде Шоқан орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанның корпуста бірге оқыған Г.Н. Потанин: « Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді... Оған талайлар-ақ назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып-ақ сурет сала білетін», дейді.

Оған әсіресе орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы Костылецкий мен тарих пәнінің оқытушысы Гонсевский күшті ықпал етті. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларын, «Современник» журналын үзбей оқып, әлеуметтік өмірдің және әдебиет ағымының қай бағытта, қалай дамып бара жатқандығын аңғара алатын, өз кезінің саналы азаматының бірі болған.

1852 жылы Костылецкийдің көмегімен Шоқан көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.Н. Березинмен танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның «Жарлығына» талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын.

Кадет корпусын он сегіз жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.

1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді. Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрып, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады.

1856 жылы М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстық көл аймағының картасын жасасады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Жазуы жоқ елдердің өткен тарихы мен салтын тануымыз үшін мұндай ұзақ желіге құрылған, күрделі эпостардың үлкен мәні барын түсінген Шоқан «Манас» үлгісінде көрсетті. «Манас», дейді Шоқан, қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегіне топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол даланың «Илиадасы» тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, әдет-ғұрпы, жағрафиясы, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған... Екінші эпос «Семетей» «Манастың» жалғасы. Бұл қырғыздың «Одиссеясы». Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохонды ежелгі тұрғындары екені тарихта тұңғыш рет анықтап береді. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған географы К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады. 1857 жылы тағы да қырғыз елінде болады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстық көл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттеген. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындаы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.

1858 – 1859 жылдары Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашқария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы, әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген матераилдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алты шахардың, яғни Қытайдың Нан лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады.

Шоқаннан қалған мұраның бірі бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейжаз және халықтың тұрмыс салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150 – дей сурет қалған.

Науқасы меңдегендіктен Петербургтен елге оралған Шоқан туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды чиновниктен, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достаевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмай, аға сұлтандыққа өте алмай қалады. 1864 жылы наурыз айында Шоқан генерал Черняевтің шақыруымен Әулиеатаға (қазіргі Тараз қаласы) келеді. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге қосуды жақтаған ол Черняев отрядында біраз уақыт қызмет істейді. Бірақ патша генералының жергілікті халыққа жасаған зорлық-зомбылығын көріп, тез бөлініп кетеді. Содан Верный (қазіріг Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің аулына барып (бұрынғы Талдықорған облысы, Шоқан атындағы шаруашылық) тоқтайды. Сонда үйленіп, тұрып қалады.

Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшен тоған деген жерге қойылады.

Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыстың жағрафиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарық етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті!» деп жазды. Бірақ ол сол аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс әрекетімен дәлелдеп үлгерді.

2. Құнанбайұлы Абай (1845-1904) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Шын аты Ибраһим. Туған жері бұрынғы Қарқаралы ауданына қарасты Шыңғыс тауының баурайы. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы.

Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үіт етеді. Сондықтан да ол абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.

Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі - өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі – ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі - өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік – шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның экономикасы мен ой-пікірінің прогресшіл бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану процесінде екі элементтің – сезім мен логиканың , түйсік пен ақылдың қатынасын мойындайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.

Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы – экожүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге этникалық арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тезіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты сорақылықтар қазақ халқының бойындағы туа біткен биогенетикалық қасиеті емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, қазақ бойынан Абай көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашылады.

1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан өледі. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахман қайтыс болады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы-қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті - Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.


3. Алтынсарин Ыбырай (Ибраһим, 1841-1889) – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Қостанай ауданы, Аққарағай. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі (1850). Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді. 

Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868-1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) қызметін атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. 

Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке - тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес. Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық - саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті. Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу орындары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі


5тақырып: Отаным-бақыт Ордасы

1.Болашақ өткеннен бастау алады

2.Шығыс Қазақстан облысы: реформалар және жаңарған тағдырлар

1. Ұлтымыздың тарихы рулық - тайпалық құрылымдармен тығыз байланысты екендігін кім де болса жоққа шығара алмайды. Қаласақ та, қаламасақ та бұл біздің ұлтымыздың тарихына сипат болып табылады. Рулық – тайпалық қауымдастық ерекшеліктері біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алып, кешегі ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін біздің ата – бабаларымыздың әлеуметтік, саяси – шаруашылықтың өмірімен тығыз, бірге қайнасып, өрбіп, өрістеп келді. Бұл ғылымда дәлелдеуді қажет етпейді. Өткен ғасырдағы тоталитарлық жүйе рулық қауымдастықты ғана емес, осы негізде өркендеген қазақ халқының өзіндік – рухани болмысын, дәстүрлі шаруашылыққа негізделген күллі өмірін күйретіп жіберді. Тоталитарлық жүйені артқа тастап, бүгінге шүкіршілік, біз адамзат қоғамының жаңа даму сатысына өркениетті демократиялық қоғамға ұмтылудамыз. Бұл планетаның басым көпшілігі ұстанған, басты мақсатқа бағытталған, үрдісті дамудың шұғылалы да сәулетті ұстанымы. Еліміздің тәуелсіздік алған осындай айқын жолдағы қадамдары халқымызды рухтандырып, саяси сергітіп қана қоймай, өзіміздің өткенімізді танып білуге деген ғаламат құштарлықты, ынтаны жоғарылатты. Тәуелсіздік алған бұл елге, оң-солын тануға ең жақсы қасиетті сипат. Сондықтан болар ел жанашырлары мен зиялы қауымдары төл тарихымыздың жоғалған беттерін жазуға жариялауға белсенді бет бұрыстар жасап үлгерді. Бұл елбасымызбен мемлекет тарапынан қолдау да тапты. Арнайы «Тарих жылы» да жарияланды.

Әйтсе де Қазақстан тарихының ашылмаған беттері, жазылмаған жаңалықтары жетіп артады. Оқулықтардағы тарихтар сол бес томдық «Қазақстан тарихы » көлемінде ғана. ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне қарай, әсіресе 30 – жылдарына дейінгі тарихымызды жазуда жекелеген тайпалық одақтар мен жекелеген мемлекеттік құрылымдардан аса қойған жоқпыз деген ұғымда жүр кейбір тарихшы ғалымдар. Дегенмен бұл ұғымда терең мағына жатыр. Тайпалық – этникалық негізде құрылған бұл одақтардың рулық құрылымдары тарихымызда әлі толық ашыла қойған жоқ.

Мұндай тарихымызды жазудағы ескерткіштеріміздің басты себебі қазақтың кеңестік кезеңнен бастау алып қалыптасқан «рушылдық» пиғылдардан сақтану психологиясының жолында құрбан болды. Өз руыңды, ата – тегің шежіреңді ұмыту, бұл өркениеттілікке жетелеу емес, керісінше бұл қазақты ұзақ уақыт тарихи дамуымызда болған иманды кезеңді ұмыттыру. Сондықтан қазақты ұлт етіп құраған осы рулар мен тайпалардың нақты тарихын терең және жан – жақты білу ғана ортақ ұлттық мүддені ту етіп көтеретін саналы қазақ азаматын қалыптастыра алады.

2. Семей өңiрiне қарасты Шыңғыстау тауы патша заманының зерттеушiлерi назарына өткен ғасырларда-ақ iлiнiп, алғаш 1896 жылы өлкетанушы В.Никитин жазбасына түскен. Сол кезде Шыңғыстау обаларын зерттеудiң болашағы бары болжанған едi. Өлкенi археологиялық қырынан зерттеуге байланысты «Семей уезiнiң оңтүстiк шегарасы және ең бастысы, Шыңғыс тауы ескерткiштерiмен маңызды мәнге ие» деп жазды ғалым еңбектерiнде. Соңғы елу жылдан астам уақыт iшiнде кеңес археологтары осы өңiрде өздерiнiң ғылыми iзденiстерiн iшiнара жалғастырса, бүгiнде ондағы зерттеу жұмыстарын Қазақ елiнiң ғалымдары (З.Самашев, Ә.Төлеубаев, А. Исин, Е. Сайлаубай) жандандыруда.
1947 жылы Орталық мұражай тарапынан ұйымдастырылған этнографиялық экспедиция Абай ауданындағы «Сарыкөл» ұжымшары маңында қола дәуiрi обаларын зерттедi. Археолог Л.К. Нифонтова да қазба жұмыстарын жүргiздi. Осы тұста елiмiздiң шығыс өлкесiне көрнектi археолог С.Черников та шақырылған едi. Осы аталған өлкеде ол 1949 жылы барлау жұмыстарын жүргiздi. Мұндағы тастан тұрғызылған құрылыстардан бөлек, Сарыкөл “тас жәшiктерiн” және андрондық қыш ыдыс үлгiлерiнiң бiршамасын 1949 жылы Л.Нифонтова, ал 1960 жылдары С.Черников жария еттi. Ал кейiнгi зерттеу Шыңғыстау археологиялық экспедициясымен 1999 және 2002 жылдардан берi жалғасын тауып келедi. Экспедиция құрамында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi ғалымдары мен студенттерi және Семей Мемлекеттiк университетiнiң ғалымдары болды. 2006 жылы бiрлескен қазақ-поляк ұжымы бiрлесе отырып, Қазақстаннан Археология институты қызметкерлерi (жетекшiсi З.Самашев) мен Семей қаласындағы Ш. Құдайбердиев атындағы Мемлекеттiк университет оқытушылары мен студенттерi, ал Польшадан Вроцлав университетiнiң Археология институтының оқытушылары мен студенттерi зерттеу жұмыстарын жүргiздi.

Экспедиция жұмысы барысында 2003 жылы табылған Сарыкөл жәдiгерлiк олжалары 2004 жылы А. Исиннiң жариялауымен көпшiлiкке танылды. Сондағы олжа арасында алтын құтыны ерекше атап өтуге болады.Ендi Сарыкөл қорымына тоқталар болсақ, бұл мекен Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының орталығы Қарауылдан оңтүстiк-батысқа қарай, 45-50 шақырым жердегi Шыңғыстаудың биiгiндегi Сарыкөл көлiнiң жағасына орналасқан. Ал ондағы және сол маңайдағы тас мүсiндердiң зерттеле бастағанына да көп уақыт болған жоқ. Әр жылдары жарық көрген басылым беттерiнде көне түркi дәуiрiнiң ескерткiштерiн сипаттаған, тарихи маңызды бастау көздер ретiнде түрлi композициялардың хронологиясы мен интерпретациясы берiлдi. Мұндағы түркi тайпаларының жерлеу рәсiмiн археологиялық материалдар негiзiнде С.С. Черников, Ф.Арсланова, А.Чариков зерттедi. Мүсiн-тас түбiнен кiшкене алтын құмыра, көптеген алтын, күмiс жапсырмалар, темiр үзеңгi, айылбас, жебе мен найзаның ұшы табылды.


6тақырып. Тарихи - өлкетану мұражайларының тарихы.

1.Семей қаласының тарихы мен тарихи - өлкетану мұражайы

2.Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайы
1. Семей – тарихы тереңнен бастау алатын, сәулетті ескерткіштерімен ерекшеленетін қала. Қала тұрғындары қойнауы құнды деректерге толы туған қаласының тарихын және тарихи-мәдени ескерткіштерін қастерлеп құрметтейді, аялап сақтайды. Семей тарихына үңілсек, қатпарлы жылдар қойнауына, әртүрлі дәуірлер тұңғиығына кіреміз. 1776 жылы салынған Ямышев қақпасының үлкен аркалары, шатырлы төбесі, карнизінің түрі қарапайым суретімен және қабырғаларының екі метр қалыңдығымен, он метр тереңдігімен таң қалдырады. Осы қақпаның құлпы тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. Қала қамалының қақпасы өткен тарихымыздың белгісіндей ескерткіші болса, ХVIII-XIX ғасырлар арасында салынған төрт мешіт, екі шіркеу, әйелдер шіркеуі және часовня қазіргі заманға сай жаңа мазмұнда жұмыс істеп, қаламыздың тарихи келбетін көрік беруде. Солардың ішінде, губернатордың бұрынғы үйі (қазіргі тарихи-өлкетану мұражайы), екі мұнаралы және бір мұнаралы мешіт, Тыныбай мешіті, Қытай Консулдығы (қазіргі «Бинар» қонақ үйі), ерлер гимназиясы (қазіргі Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университеті) орналасқан ғимараттар өткеннен қалған тарихи орындар.

Семей өлкесінде алғашқы өлкетану орталығы ретінде 1902 жылы құрылған Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жүргізген географиялық, археологиялық, тарихи, статистикалық зерттеулері мен еңбектері өлшеусіз. Семей мен Шыңғыстау да бір-бірінен ажырамас тарихи ұғым. Бұл жерде ұлы ақын Абай, ойшыл Шәкәрім, қазақты әлемге танытқан жазушы М.Әуезовтей ұлыларды дүниеге әкелген Жидебай, Бөрілідегі мұражай қорықтарының кейінгі ұрпаққа берер тарихи-тағылымы мол. 2013 жылы 130 жыл мерейтойы аталып өтілетін Абай атындағы әмбебап кітапхана мен тарихи-өлкетану мұражайлары қорларында сирек ұшырасатын әлемдік және қазақстандық бағалы туындылар сақталған. Міне, қаламызды Қазақстанның рухани астанасы деп атауға толық негіз бар. Семейдің кең шалқар даласы халық таланттарына бай өлке. Бұл өлкеде «елім» деп еңіреген ерлер, атамекенін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен жаудан қорғаған батырлар, тілінен сөз маржаны төгілген ақын-жазушылар, бармағымен күй өрген дәулескер күйшілер, бұлбұл дауысты әншілер, тағылымды білім-тәрбие бастауларын қалыптастырған ғалымдар, қайраткерлер туды, тұрды және қызмет етті.


2. Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы, Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі, тарихи-өлкетану мұражайы, Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайы, Семей аймағындағы баспасөз және кітап шығару мұражайы туралы ақпараттар пайдаланушылардың көңілінен шығады деген сенімдеміз.

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы пайдаланушыларға кітапхананың бай өлкетану қорын ұсынады. Материалдар кітапхананың сирек басылымдар қорын, «Семей» электрондық мәліметтерін, анықтама-библиографиялық аппаратын негізге ала отырып және деректерді нақтылауда қала мәдени мекемелерімен байланыс жасай отырып әзірленген.

Қазақстанның көне қаласы Семей шаһарының тарихы туралы берілген «Өлкетану» айдары тарихшыларға, өлкетанушыларға, мұғалімдер мен студенттерге және өлкетану жанашырларына қызықты да пайдалы ақпараттар ұсынатынына сенімдіміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет