ОМАР ХАЯМ РУБАИЙЛЕРІ ЖАЛҒАН БА?
Әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, жырсүйер қауымның сүйікті ақынына айналып үлгерген Омар Хаям тегінде кім? Оның өлеңдерінде терең палсафа тұнып жатыр дегеннің өзінде неге шарап туралы көп жазған? Шайырдың бірқатар рубаийлері (төрт қатар сөйлемнен тұратын өлең шұмағы) шарапты дәріптеуге арналған. Бұл не, бұзылғандық па? Дінсіздік пе? Әлде тұңғиық палсафа ма? осыған жауапты Әбу Насыр Мубашыр әл-Таразидің «Кашвул лисам ар-рубаийят Умарул Хайем», Қазақшасы: «Омар Хаям рубаийлерінің пердесін ашу» атты 1956 жылы Каирде басылған, кейіннен Ташкенттен басылып шыққан еңбегінде көрсеткен мәліметтерді көпшілік оқырман қауымға ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
__________________________________________________________________
Әдеби шығармалардың халық санасына тигізер әсерінің қандай болатындығы әмбеге аян. Олардың негізгі міндеті адамдардың рухани дүниесін байыту болып табылады. Шындығында, әдебиет кісілерінде биік адами қадір-қасиеттер, көркем ақлах-әдеб болуы керек және олар оқырмандарының бойында жақсы адами қасиеттерді қалыптастыруы қажет. Бұл мағынада біз өзіміздің бірқатар белгілі ақындарымызбен мақтана аламыз. Дегенмен, кейбір ақындарымыз өз өлеңдерінде Омар Хаямды және оның рубаийлерін де мысал арқылы келтіріп, арақ-шараптың «емдік қасиетін» насихаттап жібергені белгілі. Тіпті, дастархан басындағы думандарда әжептеуір кісілеріміздің өзі Омар Хаям айтқандай, «Шарап іш, шамаңа қарап іш...» деп басталып кететін рубаийлерді жиі қолданушы еді. Арақ-шарап ішуден алдына ешқандай елді жібермеген кеңестік қоғамда «Омар Хаям рубаийлері» бірнеше одақтас халықтардың тілдеріне аударылды. Арақ-шарап ішу арқылы көңіл көтеруге әуес көрші «ұлы халық» өкілдері түрі мұсылман немесе «қара түсті» деп аталатын халық өкілдерін «ішпеймін, менің тәрбиеме қайшы келеді...» деген секілді қарсылықтарына қарамай, талайларына «О вино! Ты прочнее веревки любой.
Разум пьющего крепко опутан тобой.
Ты с душой обращаешся, словно с рабой,
Стать ее заставляещь самою собой.- как сказал Омар Хаям деп, мас қылып жібергені туралы әңгімелерді білеміз. Қазір де онша-мұнша құдалық пен гәптерде айтылып қалып жүр. Өзбек ағайындар Әбу Насыр Мубашыр әл-Таразидің жоғарыда көрсетілген еңбегін өзбек тіліне аударып, жарыққа шығарған екен.
Сол рубаийлері ел арасында жаттанды болып қалған Омар Хаям негізінде кім? Осындай өлең-рубаийлерін ол шынында жазған ба? Ол өзі ислам мәдениеті мен діннің дамыған кезеңінде өмір сүрмеп пе еді? деген сан-қилы сұрақтар туады. Ислам дінінің үстемдік құрып тұрған дәуірінде шарапты насихаттайтын өлеңдерді ол қалайша жазды және оған оны жазуға сол кезеңдегі дін қызметкерлері мен әміршілер қалайша рұқсат берді? Омар Хаямның өзі сопылық ағымды насихаттаған Түрік селжұқтары мемлекетнің қайраткері болған емес пе? деген сұрақтар пайда болары хақ.
Әбу Насыр Мубашыр әл-Тарази алғашқылардың бірі болып: «Бұл рубаияттар Омар Хаямдікі емес, бәлкім басқалар тарапынан тоқылып, ол кісіге қатысты берілген жала» дегенді ғылыми негізде баяндайды.
Омар Хаямның толық аты-жөні Абул Фатх Ғиясиддин Омар ибн Ибрахим Хаям Найсабурий (шам.1048 - шам.1123 жж. өмір сүрген). Әбу Насыр әл Тарази Омар Хаяммен бірге оқыған ғұламалар, тарихшы замандастарының пікірін келтіре отырып, атап айтқанда шәкірті Абу Хасан ибн Омар ибн Әли ан-Низамий ал-Арузий Самарқандийдің «Чар мақала», Шамсиддин Мухаммад ибн Махмуд Шахрузурийдің «Нузхатул аруақ уа равзатул афрах», Захруддин Байхақийдің «Хукомоул Ислам» шығармаларына сүйене отырып оның тақуалық өмір кешкенін дәйектей көрсетеді.
Атақты ағылшын тарихшысы Гибон және неміс ғалымы Карл Брокельман Омар Хаям құрастырған күнтізбенің қолданыстағы григориан календарынан әлдеқайда тиімді екенін мойындаған екен. Әбу Насыр әл Тарази Омар Хаямның өмірі мен шығармашылығы жөнінде сол кезеңде өмір сүрген және кейінгі кезеңдерде ғұмыр кешкен ғұламалардың біреуі де оның ақын болғандығын дәлелдейтін естелік, яки сыни пікірлер қалдырмағанын көрсетеді. Арақ-шарап туралы рубаяттар Омар Хаямдікі емес деп үзілді-кесілді дәлел-дәйектер келтіреді. «Ол патша мен әмірлер, ғұламалармен үнемі бірге жүрді, егер ол осындай рубаийлер немесе осыған ұқсас бірдеме жазса сол мезетте-ақ белгілі болып, таралып кетер еді және исламның тазалығын қорғаушы кісілер бұған қарсылық білдіретін еді...» дейді. Арузий Самарқандий, Замахшарий, қазы Насауи, имам Абу Хасан ал-Ғазали секілді тұлғалар исламға нұқсан келтіретін пікір немесе өлеңдерді қатаң сынға алған ғұламалар және олар Омар Хаяммен бірге өмір сүрген, онымен қарым-қатынаста болғандығын айта отырып, олар керісінше ол туралы жақсы пікірлер мен естеліктер қалдырғанын келтіреді.
Олай болса қалайша Омар Хаям ақын ретінде танылып, оның рубаяттары бүкіл әлемге белгілі болып кетті? деген заңды сұрақ туады. Бұл сауалға да Әбу Насыр Мубашыр ал-Таразий өз зерттеуінде жауап беруге тырысқан. Омар Хаям туралы бірінші болып 1700 жылы ағылшын ғалымы, Оксфорд университетінің профессоры Томас Гайд, кейіннен Фон Гомер Биргестел және Меме Никлостар жазған екен. Сонымен қатар, 1856 жылы ағылшын ақыны Эдвард Витз Геральд (Фицджеральд) Омар Хаямның жетпіс рубаийін тәржіма жасаған соң, оның аты белгілі болып кеткен. Геральд бұл аударма туралы өз ұстазы Говлге жазған мына хатында: «Мен бұл рубаийлерді түп мағынасында тәржіма жасамадым, кейбір қатарларын сақтап қалған хәлде, біріне-бірін араластырып өзгерттім», дегенін көрсетеді.
Омар Хаямның тегі әсілінде Омар Хаемий екендігін көрсете келе, Хаям аты Алауддин Али ибн Мухаммад ибн Ахмед ибн Халаф ал-Хурасаний атты парсы ақынының лақаб аты екенін растайды. Негізгі Омар Хаям Салжұқтар мемлекетінің әмірші Низамулмулктің жақын досы, кеңесшісі болғандығын, оның батиний-ғалымдарға қарсы жүргізген күресі үшін одан кек алу мақсатында рубаийлер жазып, оны Омар Хаям Нисабурийге қатысты деп жала жапқан болулары мүмкін деп те жазады.
Рубаийлердің түпкі қолжазбасын баспаға шығарғандардың мойындауынша аталған еңбек Омар Хаямның қазасынан 150 жылдан кейін жазылғандығы туралы тағы бір дәлел көрсетеді. Оны «...қазіргі күні де Британ кітапханасында сақтаулы тұрған Геральд аудармасының 153 түрлі баспа нұсқаларының қойылғаны және сол отарлау кезеңінде бұл іске қаншалықты мән берілгенін көрсетеді» дейді зерттеуші.
Әбу Насыр Мубашыр әл-Таразидің ұлы Абдулла Мубашыр Таразидің жазуынша әкесі бұл еңбегін жазудан бұрын Каирдегі ғылыми конференцияда баяндама жасаған көрінеді. Конференцияда жасалған баяндамадан кейін көпшілік оны қолдап мақалалар жазған екен. Каирден шығатын «ал-Ахрам» газетінің 1978 жылы 6 желтоқсанындағы санында: «Лондондағы Омар Хаям рубаяты қолжазбасы жалған екен.... Бұл қолжазбалар 1200 жылы шамасында жазылған деп хабар беріліп келді..., ол осыдан жүз жылдай бұрын жазылған, оны Кембридж университетінің ғалымдары Ираннан тапқан, марқұм Артур Арбортистен сатып алған» деген хабар таратады.
Омар Хаям өз заманының көрнекті мемлекет қайраткері, палсафашы, астроном, математик және полиглот болған ғалым-тұлға. Ол шарап ішкен адамның Тәурат, Зәбур, Інжіл және әсіресе Құран кәрімде лағынеттелгенін білмеуі мүмкін емес. «Арақ пен шарапты - халал» деген кісінің діннен шығатыны туралы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінен хабары болмаған дегенге де сену қиын. Сондықтан, Әбу Насыр Мубашыр әл-Таразидің келтірген дәлел-дәйектеріне сенуге, яғни «Омар Хаям айтқандай...» деген сөздердің күпірлік екендігін, оны отаршыл биліктің әдейі мұсылмандарды адастыру жолына бастауы арқылы келеке-мазаққа айналдыру үшін жасаған амалы екендігіне сенуге тура келеді.
Б.С.Айтай
т.ғ.к, аға оқытушы
Достарыңызбен бөлісу: |