Омаров Дәулет Кәрібайұлы Қызылорда облысындағы білім беру және халық ағарту мекемелерінің қызметі



Дата03.07.2016
өлшемі292.86 Kb.
#173793
түріДиссертация
ӘОЖ 373 (574) 54 Қолжазба құқығында

Омаров Дәулет Кәрібайұлы

Қызылорда облысындағы білім беру және халық ағарту мекемелерінің қызметі (1970-1991 жж.)

6М011400-Тарих мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының


РЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Қызылорда, 2012
Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тарих және тарихты оқыту» әдістемесі кафедрасында орындалды.



Ғылыми жетекші:

Ресми оппонент:





тарих ғылымдарының докторы,

доцент С. Дастан

тарих ғылымдарының кандидаты,

К. Әлібеков

Диссертация 2012 жылы «_» сағат _ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өтеді. (Мекен-жайы 120008, Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі 40, Тарих және құқық факультеті, №1 оқу ғимараты, № дәрісхана)

Диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының сипаттамасы. 1970-1991 жылдардағы Қызылорда облысындағы халыққа білім беру мекемелерінің жағдайы мен білім беру мекемелері қызметкерлерінің қоғамның мәдени - саяси өміріндегі рөлі қарастырылған.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бүгінгі таңдағы өркениетті дамуға бет бұрған Қазақстан қоғамының халыққа білім беру тарихын саралау үрдісі әр қилы. Тарих тағылымының саясатпен аралас қабаттасқан беттерінің бірі – бұрынғы Кеңес Одағы кезеңіндегі отан тарихының құрамдас бөлімі ретінде Қызылорда облысының білім беру және халық ағарту мекемелерінің қызметі құрайды. Осы кезеңдегі Қызылорда облысындағы білім беру мекемелерінің қызметін бағамдауда және оған қазіргі көзқараста баға берудің тағылымы ерекше. Қызылорда облысының халыққа білім беру жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихын зерттеуде бірқатар ғалым-тарихшылар, педагог зерттеушілердің еңбектері жарыққа шығып, өз кезеңіндегі ғылым деңгейімен қоғамдағы орнын алып жатты. Бірақ, Қызылорда облысындағы халық ағарту саласының даму жолдары осы уақытқа дейін өлкетанушылардың еңбектерінде біршама қарастырылғанымен, арнайы зерттеу нысаны ретінде ғылыми негізде кешенді түрде зерттелмеді. «Біздің мақсатымыз» - деп жазады елбасымыз Н.Ә. Назарбаев, - «ғылымды жаңадан жасап, оны ешнәрсеге жарамай қалған, ескірген идеялардан тазартуға тиіспіз. Әсіресе, мұны қоғамдық ғылымдар саласына қолдануымыз керек»[1, 18 б.].

Тәуелсіз қазақ мемлекеттілігінің жағдайында өлкелік, аймақтық ағарту мекемелерінің материалдарын ғылыми айналымға енгізу отандық тарихтың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Отандық өлке тарихында әлі де үстірт қарастырылған немесе мүлдем зерттелмей, тарихи тұрғыдан өз бағасын алмаған мәселелер аз емес. Солардың бірі Қызылорда облысының білім беру және халық-ағарту мекемелерінің 1970-1991 жылдардағы тарихы болып табылады. Аталған мәселе отандық және өлкелік тарихнамада қарастырылмаған және бұл тақырыпқа байланысты ғылыми еңбектер күні бүгінге дейін жазылмаған. Сондықтан да тарих ғылымында халық-ағарту мекемелерінің арнайы зерттелуі сол кездегі облысымыздың қоғамдық-мәдени дамуындағы өмірін ғылыми негізде тура және терең түсінуге жол ашпақ. Соған байланысты Кеңестік дәуірдегі билік жүйесінің ықпалынан шыға алмаған, сол кезеңдегі идеологияға тәуелді болған Қызылорда облысының білім беру және халық ағарту мекемелерінің атқарған жұмыстары мен қызметі тарихына жаңаша тұрғыда тоқталу зерттеу жұмысының өзекті мәселе екендігін көрсетеді:

- облысымыздың ағарту мекемелері қызметінің өткен ғасырдың соңғы ширегінде жеткен жетістіктері мен іркілістерін бүгінгі тарих ғылымының биігінен таразылау өлкелік тарихтың міндеті;

- бүгінге дейін аталмыш зерттеу нысанының кейбір мәселелері жергілікті энтузиазистер тарапынан мерзімді баспасөздерде қарастырылғанымен, кәсіби тарихшылар тарапынан ғылыми түрде кешенді зерттелмеді;

- 1970-1991 жылдар аралығындағы облыстық білім беру және халық ағарту мекемелерінің қызметі, атқарған іс-шаралары, ұстанған бағыт-бағдары кеңестік идеология аясында қарастырылды;

- бұған дейін ағарту саласының ардагерлері, журналистер, сала басшыларының қатысуымен жазылған еңбектерге тән кемшілік –олар анықтамалық, мүшелтойлық, естеліктік үрдісінде сипатталды;

- білім беру және халық ағарту саласының бұрынғы тәжірибелерін, сабақтарын, тағылымдарын қазіргі тәуелсіздік жағдайында кәдеге жарату жұмыстың өзектілігінің тағы бір қырын анықтайды.

Демек қарастырылып отырған тақырыбымыз арнайы ғылыми зерттеу обьектісі болуға әбден лайық, тарих ғылымындағы көкейкесті мәселелердің бірі деп білеміз.



Мәселенің зерттелу деңгейі: Бүгінгі таңға дейін халық ағарту мекемелерінің атқарған қызметі жайлы және халықтың сауаттылық деңгейінің мәселесі бойынша көптеген еңбектер жарық көрді. .

Елімізде бұған дейін жарыққа шыққан еңбектердің көпшілігіне тән негізгі кемшілік тым оптимистік көңіл-күйді көтеріңкі бағалап, мадақтаушылық болғанына қарамастан, олардағы көлемді деректерді пайдалана отырып, елдің әртүрлі аймақтарындағы білім жүйесінің дамуы және оның қалыптастырылуы, материалдық-техникалық базасының нығаюы, жергілікті ұлт зиялыларының ұлттық мамандардың даярлануына қосқан үлесі, жекелеген тарихи кезеңдердегі Қазақстан республикасы үкіметі қабылдаған шаралар және олардың жүзеге асырылуы мәселелерін қарастырып, жалпы алғанда ағарту саласы дамуының көптеген жақтарын жете зерттеді.

Яғни, бұл зерттеушілердің еңбектерінде қаралған мәселелерге қатысты құжаттық материалдарды сұрыптап, пайдалануда тар таптық, партиялық кағидаларды басшылыққа алды, соның негізінде көптеген құжаттар бір жақты түсіндірілді немесе мүлдем назардан тыс қалып қойды. Дегенмен Қазақстандағы оқу-ағарту ісі және оның дамуына өз үлестерін қосқан қазақ зиялыларының еңбектерін ашуға тырысқан зерттеулер мен еңбектер айналысқа енді. Қазақстанның тәуелсіздік алуы отан тарихының жылдам дамуына, тарихи ақтаңдықтардың ашылуына жол ашылды. Әсіресе, 70-80 жылдардағы еліміздегі білім беру мәселелері жөнінде және сол кездегі ұлттық мамандар мен қазақ зиялыларына байланысты ой-пікірлер мен ұстанымдар тарихнамада айналымға түсіп, тарихи танымдық көзқарастар туындады.

Жалпы алғанда тәуелсіздік жылдары рухани өмірімізге бұрын-соңды болмаған өзгерістер әкелді. Материалдық-техникалық және қаржылай қамтамасыз етудегі ауыртпашылықтарға қарамастан Қазақстанның мәдениетін, бірінші кезекте, өзінің күш қуатын бүгінгі немесе ертеңгі құндылықтарды іздеуден гөрі бұрынғының мұраларын танып білумен ерекшеленді.

Осыған байланысты Қазақстандағы мәдени және оқу-ағарту салаларын дамытуға күш салған қазақ зиялылары туралы деректер мен құжаттар жариялана бастады. Рухани әлеуметтік сұраныс өткенді білуге деген құлшыныс пен талпыныс түрінде көрініп, баспасөзде жаңа қолданысқа түскен деректерге сүйеніп жазылған еңбектер жарық көрді.

Ұзақ уақыт бойы тұмшаланған ақиқат ашылып, шынайы тарихи зердені біртіндеп, баяу да болса қалыптастыру жүзеге асырылуда. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының кең жолына шығып, идеологиялық формалар мен даяр үлгілердің қыспағынан құтылды.

Яғни, қазіргі таңда Қазақстандағы білім беру мен халық ағарту мекемелерінің ағартушылық қызметтеріне тарихи тұрғыда шолу жасап, өз бағаларын берген еңбектер баршылық.

Сонымен қатар Қазақстандағы халық ағарту мекемелерінің қызметтеріне басқа да ғалымдар өз зерттеулерін арнайды. Оған біздің көтеріп отырған мәселеге неғұрлым жақын келетін ғалымдардың еңбектерін атап көрсетуге болады. Соның ішінде Алчимбаева А.Б [3], Мұқатова. Д.М. [4], Сманқұлова. Ж.Е [5], Беркімбаева Ш.К. [6], Сәтбай Т.Я [7], және тағы басқаларды айтуға болады.

Аталған зерттеушілердің кандидаттық диссертацияларында Қазақстандағы білім беру мен халық ағарту мекемелерінің ағартушылық саласындағы қызметтерімен қатар, еліміздегі оқу-материалдық базасының нығаюы, ғылыми-педагогикалық мамандардың даярлану жолдары, шығармашылық-зерттеу жұмыстарының жүргізілуі мен ұйымдастырылуы және олардың сандық өсу көздері мен сапалық құрамының көрсеткіштері көрсетілген. Бірақ кеңестік дәуірдегі Қызылорда облысындағы халық ағарту саласының дамуы мен қалыптасуы жөнінде ешқандай арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілмеді.

Соған қарамастан қарастырылып отырған кезеңде аймақтағы халыққа білім беру мекемелерінде атқарылған іс-шаралар, өзгерістер, реформалар барысы туралы облыстың халық ағарту саласында көп жылдар еңбек еткен С. Өтегенов [8], Ә. Мүсілімұлы [9], М.Байжанов[10], К. Атабаев[11], Ж. Бекмамбетов[12] секілді ардагер ағартушылардың естеліктік еңбектерінде көрініс тапты.

Қорыта алғанда, осы жазылғандардың бәрін жинақтай келе тарихнамада біз қарастырып отырған мәселеге байланысты зерттеулердегі табыстар мен жетістіктерге қарамастан өңіріміздегі білім беру мен халық ағарту мекемелерінің еліміздің халық шаруашылығын өрістетудегі рөлі мен тарихын әлі де арнайы зерттеу қажет екенін, бұл тақырыптың ашылмаған қырларының мол екендігін көрсетеді.

Зерттеу жұмысының деректік көзі ретінде алынған материалдарды бірнеше топтарға жіктеуге болады. Солардың бірі жұмыста қарастырылып отырған кезеңдегі және қазіргі таңдағы баспасөз жарияланымдары, статистикалық жинақтардың мәліметтері пайдаланылды. Сонымен бірге, Қазақ КСР-нің шығарған әр түрлі заңдық жинақтары, құқықтық актілері мен ережелері, қаулылары мен шешімдері, мәліметтері енді.

Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағаты қорларында сақтаулы дерек көздерінің де маңызы ерекше. Атап көрсетер болсақ, облыстық мұрағат қорының 127-қорында облыстағы білім мекемелерінің жұмыстары туралы көптеген мағлұматтар сақталған. Мұндағы құжаттық деректерден біз қарап отырған кезеңдегі, яғни, ХХ ғасырдың 70-90 жылдарындағы Қызылорда облысындағы білім беру мен халық ағарту мекемелерінің Қазақстандағы ағарту және мәдени деңгейін көтерудегі орны мен маңызы туралы біршама жақсы мәліметтер алуға болады.

Статистикалық мәліметтер бойынша: «Высшее образование в СССР», «Достижения Советской власти за 40 лет в цифрах», «Культурныое строительство Казахской ССР.Стат. сборник А, 1960», «Основные итоги развития народного образования 1968-1978, 1978-1988 гг» және тағы басқа да еңбектер кірді. Бұл деректерде өңіріміздің ағарту ісіне байланысты әлеуметтік, шаруашылық, мәдени және қоғамдық қатынастар туралы жыл сайын мәліметтер беріліп тұрды

Деректердің бір парасын «Социалистік Қазақстан», «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі», «Учитель казахстана», «Бастауыш мектеп», және т.б. республикалық басылымдарда жарияланған мақалалар тізбегі құрайды. Сондай-ақ аталмыш кезеңде облыстық «Ленин жолы», «Путь Ленина», аудандық газеттерде халық-ағарту саласындағы өзгерістер мен реформалар, білім жаңалықтары, оқу-әдістемелік жұмыстар жайлы жазылған материалдарды дерек көзі ретінде пайдаландық.

Қарастырылып отырған тақырып бойынша әр түрлі сипаттағы деректердің келесі тобына жеке адамдар жасаған құжаттар, еңбектер, естеліктер және тағы басқа туындыларды жатқызуға болады. Олардың қатарында, У. Төрәлиев, Ә. Мүсілімұлы, К. Атабаев, С. Жүнісов, С. Жетпісбаев, М Байжанов, С. Өтегенов, С. Боқанов, Ж. Бекмамбет, К. Сейітов сынды облысымызға белгілі білім қайраткерлерінің естеліктерін жатқызамыз. Сондай-ақ осы кезеңдерде халыққа білім беру саласында жұмыс жасаған ардагер мұғалімдердің ауызша айтқан деректері де зерттеу жұмысының маңыздылығын арттыра түседі.

Зерттеу барысында жергілікті кеңестік әкімшілік мекемелерінің ресми іс-қағаздары мен жазбалары, ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің естеліктері мен күнделіктері және хаттары ғылыми айналымға тартылды.

Міне, бұл тарихнамалық шолулар ХХ ғасырдың 70-90 жылдарындағы Қызылорда облысындағы білім беру мен халық ағарту мекемелерінің қызметін зерттеудің деректік базасын кеңейтті.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы Қызылорда облысындағы білім беру мен халық ағарту мекемелерінің қызметін тың деректік материалдар негізінде, жаңа көзқарастар тұрғысында талдай отырып, оның жұмыс істеу тәсілдерін ашып көрсету - зерттеу жұмысының басты мақсаты.

Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылып отыр:

- облыстағы мәдени және ағарту саласын дамытудағы халық ағарту мекемелерінің қосқан үлесін айқындау;

- өңірдегі халыққа білім беру мекемелерінің сандық және сапалық өсуіне сараптама жүргізу;

- облыстағы жалпы білім беру жүйесінің даму деңгейін анықтау;

- зерттеліп отырған мерзімдегі облыс ағарту мекемелерін басқару жүйесін саралау;

- кеңестік идеологиялық өктемдік жағдайындағы ағарту мекемелері қызметінің ерекшеліктерін жергілікті материалдар негізінде айқындау;

- облыстық білім беру басқармасының жеткен жетістіктері мен іркілістерін зерделеу.



Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. алға қойылған міндеттің өзектілігінен, тарихнамалық зерттеуден яғни, облыстың халық ағарту саласындағы білім беру мекемелерінің қызметі мен тарихының осы уақытқа дейінгі аралықта көлемді түрде, шынайы негізде зерттелмеуінен туындайды. Диссертацияның ғылыми жаңалығы – мәселенің тұңғыш рет кешенді түрде зерттелуі. Зерттеу жұмысының негізі – ХХ ғасырдың 70-90 жылдарындағы Қызылорда облысындағы білім беру мен халық ағарту мекемелерінің қызметі ғылыми тұрғыдан талдауға алынып, көптеген мұрағаттық құжаттар арқылы алғаш рет зерттеліп, оның басым бөлігі ғылыми айналымға бірінші рет енгізіліп отырғандығы.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы төмендегідей:

- Облыс білім беру қызметкерлерінің өлкедегі халық ағарту саласын көтерудегі маңызы анықталды;

- өлкедегі оқу-тәрбие жүйесі алғаш рет мұрағат құжаттары негізінде баяндалды;

- облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы мен мұғалімдердің әлеуметтік жағдайына сараптама жүргізілді;

- өңіріміздегі халық ағарту мекемелер желісінің ұйымдастырылуы мұрағат деректері негізінде көрсетілді;

- облыс ұстаздарының шығармашылық жұмыстарының ұйымдастырылуы талданды;

- кеңестік идеологиялық өктемдік жағдайында аймақ мұғалімдерінің қоғамдық-саяси өмірдегі қызметі сараланды.



Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Қызылорда облысындағы білім беру мен халық ағарту мекемелерінің 1970 жылдан 1991 жылға дейінгі аралығындағы қызметін зерттеу нәтижесінде қорғауға мынандай тұжырымдар ұсынылады:

- Облыстық білім беру мекемелерінің сандық және сапалық құрылымы анықталды.

- Білім беру бөлімдері мен мекемелерін басқару жүйесі айқындалды.

- Халық-ағарту мекемелерінің сандық және сапалық көрсеткіші ғылыми негізде сараланды.

- Мектептердің материалдық-техникалық базасы және мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы айшықталды.

- Мұғалімдер мен оқушылардың жазғы тынығу-еңбек лагерлерінің тәжірибесі ғылыми негізде сараланды.

- Кеңестік идеологиялық өктемдіктің ағарту саласындағы зиянды зардаптары көрсетілді.

Зерттеу жұмысының негізгі нысаны Қызылорда облыстық білім беру мекемелері мен халық ағарту мекемелерінің қызметі.

Зерттеудің негізгі пәні Өлкедегі халыққа білім беру және ағарту мекемелерінің тарихы.


Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Диссертацияның қаралып отырған тақырыбына сәйкес оның қамтылу аймағы мен уақыты анықталды. Негізгі Қызылорда облысындағы білім беру мен халық ағарту мекемелері қызметінің 1970 жылдан бастап 1991 жылдар аралығындағы уақытын көрсеттік.

Тақырыпқа негіз болған зерттеудің территориялық қамту аймағы – Қазақстан Республикасының Қызылорда облысы.

Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен әдістері. Зерттеу жұмысын талдау барысында соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан жаңалықтар мен түбегейлі өзгерістері негізге алынды. Бұған дейін өлкелік халыққа білім беру мекемелерінің ағартушылық қызметтері кешегі Кеңестік әміршіл-отаршылдық жүйедегі тарихнамада мүлдем ескерусіз қалды. Сондықтан зерттеу барысында жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан жазылған зерттеулер басшылыққа алынды.

Диссертациялық зерттеудің методологиялық және теориялық негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен өркениеттілік, салыстырмалық, талдау, жинақтау және қорыту, жүйелілік әдістері арқылы берілді. Сонымен қатар тарихи ұстанымдар мен концептуальдық ережелер, танымдық теория негіздері сарапқа салынды.



Зерттеу жұмысының ғылыми және тәжірибелік құндылығы. Қазақстан мен Қызылорда облысы білім беру мен халық ағарту мекемелері қызметі мен тарихына байланысты арнайы зерттеу ретінде оның теориялық және методологиялық негізін жасауға мүмкіндік беретін ғылыми еңбек.

Зерттеу барысында көтерілген мәселелер облыс тарихын жете тануға ерекше мән беретін оқырмандардың да өткенімізді жаңаша саралануына септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының тұжырымдамаларын өлке тарихын танып, білгісі келетіндерге, тарихшы мамандарға, педагог кадрларды дайындайтын оқу орындарының магистранттары мен студенттеріне, тарих және педагогика факультеттерінде дәріс алатын болашақ зерттеушілерге арнайы курс және семинар ретінде пайдалануға болады.



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация жұмысының негізгі тұжырымдамалары екі республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес бір ғылыми мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған тізімге енген «Ақмешіт хабаршысы» журналында жарық көріп, сыннан өтті. Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тарих және тарихты оқыту әдістемесі» кафедрасында дайындалып, талқылауға түскен және қорғауға ұсынылды.

Диссертацияның құрылымы: Кіріспеден, екі тараудан, алты тақырыпшадан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Диссертацияның кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, тақырыптың зерттелу деңгейі, жұмыстың нысаны мен пәні, мақсаты мен міндеттері, деректік және методологиялық негіздері, ғылыми жаңалықтары мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдар баяндалып, зерттеу жұмысының ғылыми-тәжірибелік маңызы, сыннан өтуі мен құрылымы көрсетілген.

«1970-1991 жылдардағы Қызылорда облысындағы халыққа білім беру мекемелерінің жағдайы» деп аталатын бірінші тарауда білім беру мекемелері мен бөлімдерін басқару жүйесі, халық ағарту мекемелерінің сандық және сапалық көрсеткіші, мектептердің материалдық-техникалық базасы және мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы қарастырылған. Білім беру ісі қашанда қоғам дамуымен елдің рухани түлеуінің іргетасы бола отырып, сол қоғамның идеологиялық ұстанымына сәйкес дамып келеді. КСРО тарихында 1970-1991 ж.ж. «тоқырау» жылдары деп аталғаны белгілі. КСРО-ның тоқырауға ұшырауының обьективті себептері болды. КСРО сөз жүзінде федеративтік негізде құрылды, қоғамдық меншікке және жоғарыдан жасалған жоспарлы экономикаға негізделді, елді бір партия басқарды, ол біздің «ұйымдастырушы және дем беруші күшіміз», «Маркс-Ленин ілімі, оның теориялық негізі» деп насихатталды. Мұнан басқа баламалық пікір, ұсыныс айту бұл ілімге жат деп есептелінді. Маркстік-Лениндік консептуалдық іліммен қаруланған қоғам «Қоғамның бүкіл саласында жетістікке жетеді,» - деген түсінік үстем болды. КСРО-да қоғамның бағыт беруші және ұйымдастырушы күші Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы екені конституциялық баппен бекемделді. Бұл жүргізілген солақай саясат өз кезегінде халық-ағарту органдарында айналып өтпеді[14, 10 б.]. Жалпы Кеңес дәуірінде халық-ағарту саласы коммунистік партияның үлкен ықпал алаңына айналды. Сол кездегі әдебиеттерде кеңес мектебі оқыту орны ғана емес, - мемлекетіміздің жас ұрпаққа жан-жақты коммунистік тәрбие беретін идеологиялық мекемесі. деп айтылды. Кемелденген социализм жағдайында кеңес мектебі – біздің қоғамның маңызды ұясы, өйткені онда коммунизмнің болашақ құрылысшыларының жоғары адамгершілік сапалары қалыптастырылады. Жастармен жүргізілетін бүкіл тәрбиелік жұмыстың негізгі бағыты – идеялық-саяси, еңбек және адамгершілік тәрбиесінің берік тұтастығы. Сондай-ақ мектеп бітірушілер білім алумен бірге коммунизм ісі үшін идеялық күрескер болып шынығады деп баса айтылды. 1974 жылы мектептің бас педагогы – директордың жұмысындағы басты принцип – партиялық. Оның да бүкіл педагогикалық коллективтің де жұмыс мазмұны, формасы мен бағыты партиялық принципте құрылып, халық-ағарту саласында партия саясатын жүзеге асыруды, жаңа адамды қалыптастыру міндетін шешуде партиялық шешім жасауды алға қояды[15, 44 б.]. Жұмыстың басқа принциптері (ғылыми негізі, коллегиялдығы) партиялық принципке бағынып, соны анықтай түсетін шарттар деп баса айтылды. КСРО мемлекеті өзі өмір сүрген 70 жыл уақыт ішінде халық-ағарту саласында түрлі реформалар, бағдарламалар, мектеп өмірі туралы түрлі заңдар қабылдады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында, соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңдерде уақыт және өмір талабына сай болған бұл қаулы қарарлар мерзіміне қарай жетілдіріліп отырды[16,]. Қарастырып отырған кезеңде 1970 жылы 8 қыркүйекте КСРО Министрлер Кеңесі «Жалпы білім беретін мектептің жаңа жарғысын» бекітті. Бұл жарғы-СОКП бағдарламаларында, коммунистік партияның съезд шешімдерінде, СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 10-шы қарашадағы «Жалпы білім беретін орта мектептің жұмысын одан әрі жақсарту шаралары туралы» қаулысында қабылданған жалпы білім беретін орта мектептің алдына қойған міндеттерінің ықшамдалған жиынтығы болып есептелінді. Жарғы негізінен «Жалпы ережелер», «Оқу тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру негіздері», «Оқушылар, мұғалімдер, класс жетекшілері, тәрбиешілер», «Оқу-материалдық база», «Қорытынды және есеп беру», «Мектепке басшылық » деген алты тараудан тұрды. Уставта айтылғандай КСРО- да жалпы білім беретін орта мектеп жүйесі бірыңғай политехникалық еңбек мектебі болып табылады[13, 5 б]. Оның міндеттері қоғам дамуының және ғылыми техникалық прогрестің талабына сай оқушыға жалпы орта білім беру, жасөспірім ұрпақты маркстік-лениндік көзқараста қалыптастыру, отанды, өзінің халқын, кеңес одағының коммунистік партиясын шексіз сүюге баулитын кеңестік патриотизмге тәрбиелеу деп көрсетілді. Бұл қаулы-қарарлардың орындалуы, қабылданған бағдарламалардың іске асырылуы халық-ағарту органдарының мойнына жүктелді. Қызылорда облыстық, аудандық, қалалық білім беру органдарында өз уақыт талабына сай білімді де, білікті басшы болған азаматтар басқарды. Олардың басым көпшілігі жалпы халықтың ықыласына бөленіп, партиялық жолмен жоғарылатылып, кейбірі тіпті партияның сенім үдесінен шығып сала басшылығын ұзақ уақыт басқарды. Біз қарастырып отырған кезеңде облыстағы оқу-ағарту, білім мекемелерінің дамуы мен материалдық техникалық базасының нығаюына, мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндіктер жасауда, білікті педагог кадрларды іріктеуде 1963-1983 ж.ж. облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім, кеңес одағы халық-ағарту ісінің озаты, қоғам қайраткері Уәли Төралиев пен 1983-2001 ж.ж. облыстық білім басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, педагогика ғылымдарының докторы Әли Мүсілімовтың еңбектері халық-ағарту саласы өмірінен өзіндік орын алады[17]. Халық арасында бұл екі кісі де «Ұстаздардың ұстазы » деген атқа ие болды. Сондай-ақ облысқа қарасты аудандық оқу бөлімдерінің басшылары С. Ижанов, А. Айбосынов, Е. Исаевтар қажырлы еңбектерімен халық арасына өз есімдерін қалдырды десе болады. Қалалық оқу бөлімін осы жылдар аралығында басқарған Кенжалы Атабаев, (1974-1982 жж.) Сейітқасым Жүнісовтер (1982-1997 жж.)халық ағарту саласының дамуына елеулі еңбек етті. Сондай-ақ халық-ағарту саласындағы басты мекеме мектептегі оқу-тәрбие жұмысының табысы мектеп директорына байланысты екені белгілі. Осы орайда біздің облыста да есімдері облыс ғана емес, республика қала берді, одақ көлеміне есімдері белгілі болған мектеп директорлары болды. Директор мектептегі барлық оқу-тәрбие процесінің орталық тұлғасы болып табылады[18, 102 б]. Халық-ағарту ісін одан әрі дамытуда алпысыншы жылдардың 2-ші жартысында басталған мектеп реформасы нәтижесі өзгерістер әкелді. Ол 1966 жылы 20 қарашада қабылданған СОКП орталық камитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Жалпы білім беретін орта мектептер жұмысын одан әрі жақсарту шаралары туралы» қаулысынан басталды[19, 5 б]. Бұл қаулы арқылы мектеп құрылысын басқарудың волюнтаристік тәсілі шектеліп,жалпыға бірдей міндетті орта білімге көшуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға баса назар аударылды. Жалпы білім беретін мектептер 11 жылдықтан,қайтадан 10 жылдық өту мерзіміне көшірілді, 4 жылдық бастауыш білім беру орнына 3 жылдық бастауыш білім беру жүйесі енгізілді. Совхоздар мен колхоздардың іріленуіне байланысты олардың орталықтарында орта мектеп саны да көбейді. Сондай-ақ осы жылдары сегіз жылдық мектептер мен бастауыш мектептер саны азайып, жалпы білім беретін орта мектептер саны едәуір артты. 1965 жылы бұндай мектептердің саны республикада 1562 болса,ал 1970 жылы олардың саны 2444 артты[20,62 п.]. Біздің облысымызда да осы жылдар ішінде жалпы білім беретін мектептер жүйесі едәуір өзгерді сегіз жылдық мектептер мен бастауыш мектептер саны бірсыпыра азайып, жалпы білім беретін орта мектептер саны едәуір артты. Мысалға алатын болсақ сол кезеңде облыста 1970 жылы бастауыш мектептердің саны 80,сегізжылдық 93, орта мектептер саны 112 болса ,ал 1975 жылы облыс көлемінде бастауыш мектеп 55, сегізжылдық 77-ге кеміп, орта мектептердің саны 149 дейін көбейді. 1981 жылға қарай бастауыш мектептер 30, сегіз жылдық мектеп 64 дейін азайып ,орта мектептер 173-ке жетті. 1987 жылы бұл цифрлар тиісінше бастауыш мектептер 26, сегіз жылдық мектептер 67, орта мектептер – 183 болып өзгерді[20, 97 п]. Жалпыға бірдей орта білімге көшу орта мектептер санын молайтуды талап етті. Бүкіл Қазақстандағы сияқты аймақта да мектептерді ірілендіру бағыты берік ұсталды. Мектепті ірілендіру халық-ағарту орындарына бөлінген қаржыны көп үнемдеді. Бүкіл ел бойынша бір оқушыны шығаруға жылына үкімет 140 сом ақша шығарса, ірілендірілген мектептерде үш қатар кластарда жылына 50 сом жұмсалды,ал бұл кезеңде шағын комплексті мектептерде бұл шығын 5400 сомға дейін болатын[22, 89 б.]. Сондықтан да шағын бастауыш мектептер мен сегіз жылдық мектептер көптеп жабылып,бірнеше мектептер біріктіріліп ауылдардағы совхоз және колхоз орталығындағы ірілендірілген мектептерге айналды. Бұның өзі де КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «селодағы жалпы білім беретін мектептер жұмысының жағдайын одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар» туралы қаулысында арнайы көрсетілген болатын. Мектептердің көбеюі ең алдымен онда білім алатын оқушылар контингентінің өсуіне байланысты екені белгілі. Егер 1970 жылы облысымызда 107703 оқушы мектеп есігін ашса, 1975 жылға карай ол сан 123904-ке дейін өзгерді. Ал 1985-86 оқу жылында 146066 оқушы облыстың орта мектептерінде білім алды. 1990 жылға қарай өңір мектептерінде 154 мыңнан астам бала оқыды[23 6 п]. Сондай-ақ жоғарыды айтылған қаулының орындалуы біздің облысымыздағы ауыл мектептерін жаңа сатыға көтерді. Жаңа мектеп үйлері көптеп салына бастады. 1967-1977 жылдар аралығында селолық жерлерде мемлекеттің күрделі қаржы есібінен 33, иницативалық жолмен 72 мектеп үйлері, 50 интернат, 43 оқу шеберханалары т.б. салынды. Сөйтіп осы уақыт ішінде мектеп алаңы 72258 орынға көбейді.1977-1978 оқу жылы ішінде облысымыздағы ауылдық 94 мектеп жанындағы интернаттарда 4700 оқушы оқу-білім мен тәрбие алды. Мектепке алыстан қатынайтын 1212 оқушы арнаулы транспортпен тасымалданды[24, 11 п]. 1976-77 оқу жылында облыста ауылдық 45 бастауыш мектеп, 61 сегізжылдық мектеп, 97 орта мектепте 57207 оқушы білім алды,оның 190-ы қазақ мектебі, 1 орыс мектебі, 12-аралас мектептер болды. Жыл сайын ауылдық елді мекендерде орта мектептердің саны артып, шағын комплектілі мектептердің саны кеміп отырды. Облыстағы 203 ауылдық мектептің 171-де мектеп кітапханасы болды. 1974-1977 жылдары орта мектептердің саны 19-ға көбейіп, 12 шағын комплектілі мектептер өз жұмыстарын тоқтатты. Осы жылдары ауылдық орта мектептерде облыс бойынша 46506 оқушы білім нәрімен сусындады, ол яғни ауылдық мектептердегі оқушылар санының 89,9% пайызын құрады. Егер 1970-1971 оқу жылында әрбір ауыл мектебінде орта есеппен 250 оқушыдан келсе, ал 1976-1977 оқу жылында әрбір мектепте 458 ауылдық жас өрен оқушы партасына отырды[25, 216 п]. Жалпы кеңес өкіметінде әлеуметтік саланы қаржыландыру «қалдықтық принцип» негізінде жүргізілді. КСРО мемлекеттік комитетінің дерегіне қарағанда халыққа білім беру саласын қаржыландыру 60 жылдардың ортасынан бастап кеми берген. 1985 жылы қаржыландыру мөлшері 1940 жылғы деңгейде ғана болған. Қарастырылып отырған кезеңде КСРО дүние жүзіндегі халық ағарту саласына қаржыны ең аз жұмсайтын елдердің қатарында болды. Мысалы 1970 жылы халыққа білім беруге бөлінген қаржы жалпы ұлттық табыстың 5,5 пайызын құраса, 1988 жылы да осы деңгейде қалып қойды.

Диссертацияның «Білім беру мекемелері қызметкерлерінің қоғамның мәдени - саяси өміріндегі рөлі» деп аталатын екінші тарауында мұғалімдер мен оқушылардың жазғы тынығу және еңбек лагерлерін ұйымдастыру, облыс мектептеріндегі оқу-тәрбие жүйесі мен облыс мұғалімдерінің қоғамдық-саяси өмірдегі қызметі мәселесі жан-жақты талданады. Кеңес мектебі өзінің дамуының барлық кезеңдерінде оқушылардың еңбек тәрбиесі мен политехникалық оқуына база назар аударып келді. Коммунистік партия мен кеңес үкіметінің оқушы жастарды өмірге, еңбекке тәрбиелеу ісі айрықша қамқорындағы мәселелердің бірінен саналды. Мектептерде оқу шеберханалары мен кабинеттерінің саны көбейіп, олардың оқу-материалдық базасы нығая түсті, оқушы жастарға техникалық, ауылшаруашылық және тұрмыстық еңбек жөніндегі білім мен дағдыларды игеретін, олардың еңбекке коммунистік қатынасын қалыптастыратын оқу процесінің кластан және мектептен тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстарының формалары мен мазмұны жылдан-жылға жетілдіріп отырды. Көптеген мектептер оқушыларды еңбекке баулуды ауылшаруашылық өндірісімен тығыз байланыста жүргізді. Облыс мектептерінде оқушылардың өндірістік бригадаларының құрылып дамуының өзіндік тарихы қалыптасты десе болады. 1972-1973 оқу жылдарында Жаңақорған ауданының №52 Красная звезда, Шиелі ауданының № 49 Авангард, №50 Абай атындағы, Сырдария ауданының №40 Орджинкидзе атындағы, №43 Коммунизм, Жалағаш ауданының №33 Красный октябрь, Қармақшы ауданының №24 орта мектептерінде, Арал ауданының №19 Сольтрест орта мектебінде оқушылардың алғашқы өндірістік бригадалары құрылып, кейіннен олар облыс мектептерінде кеңінен қанат жайды, игі тәжірибелер қалыптасты. КОКП Орталық комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі 1977 жылдың 22 желтоқсанында «Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуді және оларды еңбекке даярлауды одан әрі жетілдіру туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулыға сәйкес барлық мектеп оқушылары үшін оқу-өндірістік комбинаттар ашу міндеті тұрды. Бұл комбинаттардың мақсаты оқушыларды- оқушыларды еңбекке қатыстыру, оларды кәсіби мамандыққа баулу, жоғарғы класс оқушыларының өнімді еңбегін ұйымдастыру, сондай-ақ қаулыда ауыл-село мектептерінде оқушыларды ауылшаруашылығы мамандықтарына мектеп қабырғасында жүріп-ақ дайындау мәселесі қамтылды[27, 5 б]. Қызылорда қаласында алғашқы өндірістік-оқу комбинаты 1973-1974 оқу жылында ашылып, оның алғашқы директоры Ю.Л. Ли болды. Бұл комбинатта жоғарғы сынып оқушылары 15 мамандық бойынша білім алды. Кейінгі оқу жылдарында мұндай оқу өндірістік комбинаты облыстың барлық аудан орталықтарында құрылды. 1979 жылы облысымыздың 18 мектебінде автомобиль, 68 мектебінде трактор басқа да ауылшаруашылық машиналарына оқытылып, оқушыларға куәліктер берілді[28, 44 п]. 1972-1979 оқу жылдары ішінде облыс мектептерінде 3586 оқушы ІІІ класты шофер, 5942 оқушы тракторист-машинист мамандығын алып шықты. Олардың басым көпшілігі өздерінің туған ауылдарында қалып, ауылшаруашылығы саласының еңбекшілерін толықтырды. Осы жылдар ішінде жылма-жыл жаз айларында 5 мыңнан астам жоғарғы класс оқушылары түрлі өндірістік бригадалар жасақтап халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек етті. 1979 жылы 12862 оқушы еңбек және демалыс лагерлерінде қоғамдық пайдалы еңбекпен айналысты. 1986 жылы жазғы каникул кезінде облыс аумағында оқушылардың 126 өндірістік бригадасы, 130 еңбек және тынығу лагерлері, 6 орман қорғау бригадасы, 189 жоғарғы класс оқушыларынан құралған құрылыс бригадалары жасақталды. Жалпы осы жылы облыстың еңбек бірлестіктеріне 30130 оқушы қамтылып еңбек етті[29, 16 п]. 1978 жылы облыс аумағында оқушылардың 118 өндірістік бригадасында 4252 оқушы, 148 тынығу-еңбек лагерлерінде 14557 оқушы, 99 жөндеу-құрылыс бригадаларында 6397 оқушы еңбек етті. Оқушылардың өндірістік бригадалары 2283 гектар жерді игеріп, одан 7500 центнер күріш, 287 тонна жүгері, 292 тонна картоп 41 тонна бақша өнімдерін алды. Сондай-ақ 12 мың тонна жем-шөп азығы дайындалып, 145 мың дана кірпіш өндірілді[29, 23 п]. 90-жылдары тәуелсіз мемлекетіміздің қазақ мектептерін халықтық педагогика құндылықтары негізінде құруға теориялық негіздер жасалса, қазіргі таңда қазақ мектептерінің қандай бағытта жұмыс жүргізуі мемлекеттік деңгейде шешіліп, халықтық педагогика құндылықтарын негізге алуға төте жолдың ашылғанын және оның өркениетті елдермен паритетті болуына қолайлы жағдай туғызылғанын атап өтуге болады. 70-80 жылдардағы тоқырау кезеңінде Қазақстанда Совет дәуірінің педагогикасы басымдықта болып келіп, халықтық педагогика құндылықтары ығысып, оның орнына Кеңестік жүйені мадақтайтын материалдар білім мазмұнының тірегіне айналады. Оқулықтар қазақ мектептеріне арналғанымен, оның басым көпшілігі орыс тілінен тікелей аударылғандықтан, қазақ мектептерінің оқу үрдісіне сәйкес келмеді. Халықтың ұлттық санасының орнына дүбәралық сипат орнын ауыстырды. Бұл кез – тоқырауды басынан өткерген уақыттың көрсеткіші болатын. 1989 жылдың қараша айының 13-14 жұлдызында Қызылорда қаласында №136 мектептің базасында оқушыларға ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Елім-ай» бағдарламасы бойынша Республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Ал, 1991 жылы «Елім-ай» этнографиялық бағдарламасы бойынша жас жеткіншектердің бойына халықтық салт-дәстүрді қалыптастыру мақсатында Республикалық семинар өткізілді. Мектеп осы бағдарлама бойынша облыстық атаулы мектептің орталығы болып жұмыс істеді. «Елім-ай» этнографиялық бағдарламасымен жұмыс жүргізген әуез пәнінің мұғалімі Дәуметов Тұрмағанбет Республикалық «Жыл мұғалімі - 91» сайысының жеңімпазы, ал Москвада өткен бүкілхалықтық байқауда жүлдегер атанды. 1991 жылы ол «Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.

Айтылған ой-пікірлерімізді қорытар болсақ: облысымыздағы білім мен мәдениеттің қалыптасуы мен дамуында халық ағарту мекемелері мен облыстық білім қоғамы ерекше белсенділік танытып, нағыз көшбасшысы болып табылды. Оған мұғалімдер мен оқушылардың жазғы тынығу-еңбек лагерлерін ұйымдастырылуы, облыс мектептеріндегі оқу-тәрбие жүйесі және облыс мұғалімдерінің қоғамдық-саяси өмірдегі қызметі толық дәлел бола алды.



Қорытынды бөлімінде зерттеу жұмысында алынған нәтижелер нақтыланып, білім беру мекемелері қызметкерлерінің қоғамның мәдени - саяси өміріндегі орны мен рөлі айшықталған. 1970-1991 жылдардағы Қызылорда облысының білім беру және халық-ағарту мекемелерінің қызметін нақтылы материалдар негізінде зерттеу барысында сол тарихи кезеңдегі құбылыстарды терең танып білуге және оларға дұрыс баға беруге деген мүмкіншілік артады. Мұны осы зерттеу жұмысының ғылыми нәтижелері нақтылай түсті.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.Назарбаев Н.А. Пять лет независимости.-Алматы: Казахстан, 1996.- 624 с.

2.Абжанов Х.М. Гурьевич Л.Я. Интеллигенция Казахстана: история, теория, современность. – Алматы: Кітап, 1991. - 141с

3.Алчимбаева А.Б. Қазақстанда білім саласы қызметкерлерін әлеуметтік-педагогикалық ынталандырудың тарихы. (1956-1991 ж.ж.) Тарих. ғыл. канд. дисс. авторефераты - Алматы. 2010 ж. -24 б.

4.Мұқатова. Д.М. Тоқырау жылдарындағы Қазақстанның саяси-әлеуметтік жағдайы (1971-1991 ж.ж.) Тарих. ғыл. канд. дисс. авторефераты - Алматы. 2007 ж. - 25 б.

5.Сманқұлова. Ж.Е. Қазақстан Республикасының кәсіби-техникалық оқу орындары (1970-2000 ж.ж.) Тарих. ғыл. канд. дисс. авторефераты - Алматы 2004 ж. - 29 б.

6.Беркімбаева Ш.К. Жалпы білім беретін қазақ мектебіндегі оқу-тәрбие үрдісінің дамуы. (1980-2000 ж.ж.) Тарих. ғыл. канд. дисс. авторефераты - Алматы. 2003 ж. – 28 б.

7.Сәтбай Т.Я. Шығармашылық одақтардың қалыптасуы және оның

Қазақстан мәдениетіне тигізген ықпалы (1970-1980 жж.). -Тар.ғыл. кан. ғыл. дисс. авторефераты. –Алматы, 1995. -23 б.

8.Өтегенов С. Қызылорда қалалық білім жүйесінің тарихы /1917-2003 ж.ж/. Қызылорда: Тұмар, -2004. -267 б.

9.Мүсілімұлы Ә. «Ізденіс пен Ізгілік» Астана: Сарыарқа, 2005, -342 бет.

10.Байжанов М. Мамандар біліктілігінің бастауы» тарихи-деректер. -Қызылорда: Тұмар, 2004.-157-б.

11.Атабаев К. Мектептегі әдістемелік жұмыстың құрылымы, формалары және мазмұны. –Қызылорда, 1993. -11-б.

12.Бекмамбетов. Ж. Кешегім мен бүгінім ұстаздық өмірім. -Алматы: Санат, 2005.-184 6.

13.Ұстаздар коллективінің басшысы.// Қазақстан мектебі. – 1971. - №10. - 3-8 бб.

14.«Мұғалімдер даярлау және мектеп»// Қазақстан мектебі. – 1974. - №7. – 4-11 бб.

15.Проблемы нацонального непрерывного образования.-Алматы: Білім, 1987.-253с.

16.Мүсілімов Ә. Мектеп реформасын жүзеге асырамыз.// Ленин жолы. - 1986. –

17.Шаймерденов К. Кәсіптік білім жастарға.// Ленин жолы. -1984.- №15.

18.Қалмырзаева А.С.Нация и общественное сознание.-Алматы: Казахстан, 1984.-207 с.

19.«Үлкен міндет, асыл мақсат»//Қазақстан мектебі. -1971. -№12. -4-8 бб.

20.ҚОММ. 121-қ, 1-т, 1280-іс.

21.Құдайбергенов Ә. Дәулетке сәулет сай болсын.-Алматы: Санат, 1991.-154 6.

22.Народная хозяйства Казахстана за 70 лет. Стат. Сб. .-Алматы, Наука, 1990. -231 с.

23.ҚОММ 127-қ, 1-т, 1231-іс.

24.ҚОММ. 127-қ, 1-т, 974-іс.

25.ҚОММ 127-қ, 1-т, 809-іс.

26.Оқу және тәрбие мәселелері.// Қазақстан мектебі. -1983. -№3. -2-7 бб.

27.Республика мектептері жаңа жылда.// Қазақстан мектебі. – 1972. - №1. -4-9 бб.

28.ҚОММ 127-қ, 1-т, 1248-іс.

29.ҚОММ 127-қ, 1-т, 976-іс.
диссертация тақырыбы бойынша жарияланған мақалалардың тізімі
1 «Тоқырау жылдарындағы мұғалімдердің қоғамдық-мәдени және саяси өмірдегі қызметі» (Қызылорда облысының материалдары негізінде) ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМЫЗ – СҮЙІКТІ ОТАНЫМЫЗҒА. Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 90 жылдығына орай өткізілген республикалық форум аясында дайындалған материалдар жинағы.I-Бөлім – Қызылорда, -2012 жыл. 173-178 бб.

2 «Кемелденген социализм дәуіріндегі ауыл-село мектептері» Ақмешіт хабаршысы. Қызылорда, - 2012 жыл №3

3 «Тоқырау жылдарындағы мектептер қызметі» (Қызылорда облысының материалдары негізінде) Университетің 75-жылдық мерейтойына орай шығарылған жас ғалымдардың ғылыми мақалалар жинағы. - Қызылорда, 2012 жыл. ақпан

4 «Тоқырау жылдарындағы мектеп басқару жүйесі» (Қызылорда облысының материалдары негізінде) Университетің 75-жылдық мерейтойына орай шығарылған жас ғалымдардың ғылыми мақалалар жинағы. - Қызылорда, 2012 жыл. ақпан




РЕЗЮМЕ

диссертации на получение академической степени магистра педагогических наук по специальности

6М011400-История
Омаров Даулет Карибаевич
Деятельность народно-образавательных и просветительских учреждений и Кызылординской области 1970-1991 гг.
Актуальность темы исследования: На сегодняшний день, на пороге цивилизационного развития методы изучение истории народного образования в Казахстанском обществе являются разными. Один из главных страниц истории связанная с политическими событиями является функция образовательных и общественно-просветительных учреждений по Кызылординской области которая считается одним из частей отечественной истории во время советского периода. Анализировать функции образовательных организации по Кызылординской области и оценит их по современному взгляду является особенно важным. Структуру системы общественно образованеия по Кызылординской области и историческое развитие исследовалас историками, выходили труды педагогов исследователей и они находили свое место в обществе. Но развитие общественно образования по Кызылординской области не полностью рассматривалас в трудах регионоведов и специально как цель исследования научно не обосновавшис не изучалас.

Цели и задачи работы: Основной целью исследователской работы является с помощью не изученных источников материала и анализировая с помощю новых взглядов функции образовательных и общественно-просветительных организации по Кызылординской области 70-80 годов ХХ века открыт методы его работы. Учитовая эту ситуацию исследовательская работа ставить перед собой следующие задачи:

- анализ функции системы советского образования в регионе годы застоя;

- рол и анализ функции общеобразовательных организации в открытие в регионе средних и специализированых образовательных учереждении в 70-90 годы;

- определить какой вклад вложили общеобразовательные организации в развитии культуры и просветительской деятельности по области;

- Опредилить основные моменты развития и станавление в регионе общеобразовательных организации;

- анализ качественного и количественного развитие общеобразовательных организации в регионе;

- определить уровень развитии в общей системы образования по области;

Научная новизна диссертационной работы:

- Определились сотрудники образования по области поднявшие уровен сферы общественно-просветительской деятельности в регионе;

- В первые образовательно-воспитательная система региона точно и документально показано;

- В первые проанализировано материально-техническая база школ и социальное положение учетилей по области;

- Показано архивные данные организации общественно-просветительской сети по региону;

- Проанализировано в источниках организация творческой работы учителей по области;

- Проведена исследовательская работа социально-политической деятельности учетилей по региону;

На защиту выносятся следующие положения.

- Определена качественная и каличественная структура общеобразовательных организации по области.

- Показано система правления образовательных отделов и организации.

- Научно обосновано качественного и каличественного показатель общественно-просветительских организации в регионе.

- Показано материально-техническая база школ и социальное положение учетилей по области.

- Научно обосновано опыт летних трудового лагеря для учителей и школьников.

- Исторический доказано что общественно-просветительская система образования имеет большое значение в процессе развитие образования.

Структура диссертации: Диссертация состоит из введения, трех глав, два частей, заключения, списка использованной литературы.

Omarov Daulet Karibayevich

The activities of the people and educational institutions and general-educational organizations of Kyzylorda oblast 1970-1991 years



SUMMARY

of the dissertation for the Master degree of History sciences

6M011400 – History
The actuality of the theme of research: Nowadays, on the threshold of civilization development methods to study the history of education in the Kazakh society are different. One of the main pages of stories related to political events is a function of educational, social and educational organization of the Kyzylorda oblast which is considered one of the parts of the country's history during the Soviet period. To analyze the function of educational organizations in the Kyzylorda oblast and assess them on the modern view is particularly important. The structure of social education of Kyzylorda oblast and the historical development are researched by historians, the teachers are published research works and they found their place in society. But the development of public education in the Kyzylorda oblast is not fully worked out by region leaders and specifically as the aim of scientific research is not learned out.

The aims and the objectives of the research: The main purpose of this work is the methods of its work with unstudied sources of material and analyzed with the help of new views of the function of educational, social-educational organizations of the Kyzylorda oblast of 70-80 years of the twentieth century are opened. According to this situation research is to set the following objectives: 

- analysis of the functions of the Soviet system of education in the region of the years of stagnation;

- the role and the analysis of the function and organization in the discovery of the region and of specialized secondary educational Institution in the 70-90 years;

- to determine what contribution educational organizations invested in the development of cultural and educational activities on the field;

- to determine the main moments of development and educational organizations in the region;

- analysis of qualitative and quantitative development of educational organizations in the region;

- to determine the level of development in the general education system in the oblast.

Scientific novelty of the dissertation work:

- The ​​education officials in the field who are raised the level of social and educational activities in the region are determined;

- The educational system of the region exactly and documental is shown for the first time;

- The material-technical basis of schools and social situation of teachers in the field is analyzed for the first time;

- Historical data of the organization of social and educational network in the region are shown;

- It is analyzed the sources of the organization of the creative work of teachers in the field;

- The research work of social-political activities of teachers in the region is carried out.



The following positions are submitted on protection

- The quality and ordinal structure of educational organizations in the field are determined.

- The system of government of educational organizations is shown in it.

- The quality and ordinal rate of social-educational organizations in the region is scientific.

- The material-technical basis of schools and social situation of teachers in the field is shown in it.

- The experience of summer working camp for teachers and schoolchildren is scientific justified.

- The social-educational system of education has a great importance in the process of development of education is historical proved.



Structure of the dissertation: The dissertation consists of an introduction, three chapters, two parts, a conclusion and the list of used literature.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет