Омаров Ғани Қалиханұлы Шілікті және Шағаноба қорғандарының зерттелуінен



Дата16.06.2016
өлшемі51 Kb.
#139542
Омаров Ғани Қалиханұлы
Шілікті және Шағаноба қорғандарының зерттелуінен (С.С.Черниковтың жарияланбаған 1959 жылғы архив материалдары негізінде)
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Шілікті жазығында орналасқан Шілікті обаларыерте темір дәуірінің ескерткіштері. Ұзындығы - 80, ені – 30 км Шілікті жазығын оңтүстігінде Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайқан, солтүстігінде Маңырақ таулары қоршап жатыр. Шілікті даласында сақ-үйсін дәуірінің 200-ден астам ескерткіштері бар. Олардың елу шақтысы патша және ақсүйек обалары. 1949, 1959, 1960, 1961, 1962 және 1971жж. Шілікті қорымдарында С.С.Черников қазба жұмыстарын жүргізді. Ол барлығы 13 обаны қазып зерттеді.

Біз қарастырып отырған 1959 жылғы С.С.Черниковтың басшылығындағы археологиялық экспедицияның алдына қойған мақсаты 1949 жылы басталған Шілікті қорымы және Шаған оба қорымын нақтылай зерттеу болып табылды. Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мұрағатында 1959 жылғы зерттеу жұмыстарының қысқаша есеп түріндегі С.С.Черниковтың қолжбасы ғана сақталған /1/. Далалық күнделік және қазба сызбалары мен фотоларын кездестірмедік. Қолда бар материалдарға сүйене отырып зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне тоқталайық.

Шілікті қорымы Шілікті жазығының орталық бөлігінде орналасқан. Д-80-100м, Н-12м-ге дейін үлкен қорғандар С-О-ке 15км тізбектеле орналасқан. Қорымның орталық бөлігінде 11 үлкен қорғандар және Д-10-30м шағын көлемдегі 40 қорған. Олардың ішінде 1959 жылы диаметрі 27-40м, биіктігі 1,7-1,9м төрт қорғанға қазба жұмыстары жүргізілді. Топырақ және топырақ пен тас аралас үйінді астында қабір ұзынша болып келіп шығыс жағында дромосқа жалғасады. Тоналған қорғандардан адамның қаңқа сүйектері ірі тұқымды ит қаңқасы, қола жебе ұштары, алтын жапырақша қаңылтыр, көлемді темір шығыршық (акинак жетесі?), сүйек бұйымдар табылды. Осы жылы зерттелген қорғандардың қысқаша сипаттамасына тоқталып кетейік:

№11 қорған. Топырақ үйінділі, Д-38м, Н-1,9м. Жер бетінен -25см тереңдікте ұзындығы-8м, ені-3м сопақша келген тас қаланды астында қабір шұңқырды жапқан ағаш қалдықтары табылды. Қабір ұзынша болып келіп шығыс жағында дромосқа жалғасады. Жалпы ұзындығы - 8,5м, ені - 2,4м. Ең терең жері -1,25м. Қабір тоналған. Адамның қаңқа сүйектері қабірде және дромоста шашылған күйде кездесті. Ірі тұқымды ит қаңқасы, екі қола жебе ұшы, алтын жапырақша қаңылтыр, көлемді темір шығыршық (акинак жетесі болуы мүмкін), екі сүйек бұйымдар табылған.

№12 қорған. Топырақ, орталық бөлігі тас үйінділі, Д-40м, Н-1,9м. Тас үйіндінің астында көне жер беті деңгейінде шірінді ағаш қалдықтары кездессе, оның астында адамның омыртқа және бірнеше қабырға сынықтары. Қабір тікбұрышты болып келген. Толықтай тоналған.

№13 қорған. Малта тас пен топырақ аралас. Д-37м, Н-1,8м. Жер беті деңгейіндегі қабір шұңқыр ұзындығы 18м (дромоспе бірге болар?) ені 2,5-3м, тереңдігі 1,5м. Шұңқырдың шығыс бөлігінің қабырғасын сазбен сылап, оның үстіне қызыл және ақ бояумен қиғаш торлы суреттер салынған. Қабірден кәрі адамның жақ сүйегінің сынығы ғана табылған.

№31 қорған. Топырақ үйінділі, Д-27м, Н-1,7м. Үйіндінің орталық бөлігінде 0,3м тереңдікте биіктігі-30см, ені-17см тігінен қойылған крынка тәрізді ыдыс қойылған. Қабір шұңқыр дөңгелене келген, тереңдігі 0,85м. Түбінде батыс қабырғаға таяу ұзыннан жерленген адам қаңқасының сегіз жерінде мүлде шіріген темір заттың қалдықтары кездесті. Қозғалмайтын тік тілді тоғадан басқаларының формасы мен неге арналғандығын анықтау мүмкін емес. Қазба барысында шұңқырдың оңтүстік қабырғасынан қоңырқай түсті шірінді қалдығы мен тырнақшаны еске түсіретін қола пластинасы бар ағаш бұйым, қола пластинка және қойдың екі жауырын сүйегі және осы қабырғадан 1,05м тереңдіктен бес үлкен гранит тақталар шықты.

Табылған заттарға қарап Шілікті қорымындағы №11, 12,13,31 қорғандарды б.д.д.V-IV ғғ. мерзімдеген.



Шаған оба қорымы – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы (бұрынғы Тарбағатай ауданы) Шілікті ауылынан 30км шығыста Шағаноба өзені бойында, шығысы және батысынан таулармен қоршаған жазықта орналасқан. Оның шығысындағы үш қорған ірілігімен ерекшеленеді, оның біреуінің (№1) Д-95м. Бұл қорғанды 1909-1910жж. Семейлік гидротехник Г.Бокий бастап қазып, қазба қабырғасының құлап кете беруіне байланысты толық аяқтамаған. Қорымда барлығы 47 құрылыс, оның 5 қорған емес. 1959жылы С.С.Черниковтың басшылығымен ШҚАЭ зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жиыны 14 шағын топырақ пен тас аралас қорғанға қазба жүргізіліп, малта тастан қаландысы бар құрылысқа (№11) барлау мақсатында траншея салынған. Тоналған қорғандардан 2 ұңғылы сүйек, 5 темірден жасалған жебе ұштары, тас қайрақ сынығы, сабы бар темір пышақ, қапсырмалы тесігі бар 16 темір қаңылтыр, анықталмаған үш темір пластинкалар, темір тілі бар екі қола айылбас және белдіктің фигуралы қоладан жасалған басы табылды.

3 қорған. Топырақ пен тас аралас. Д-7,5м, Н-0,7м. -0,6м тереңдікте 6х7м тас плиталардан дүниенің төрт жағына қараған тікбұрышты қоршау бар. Солтүстік қабырғасы жоқ. Тас қоршаудың осы деңгейінде сопақша келген күйген жер орны мен 2,5х1м алаңда күйген ағаш қалдықтары кездеседі. Сонымен қатар күйген жер дақтары орнынан ұңғылы жебе ұшы, 14,5см сабы бар темір пышақ, қапсырмалы тесігі бар 16 темір қаңылтыр, анықталмаған үш темір пластинкалар, темір тілі бар екі қола айылбас және белдіктің фигуралы қоладан жасалған басы табылды.

4 қорған. Топырақ пен тас аралас. Д-9м, Н-0,7м. -0,4м тереңдікте тікбұрышты 2,4х1,4м таспен толтырылған қабір шұңқыр. Қабірде -0,85м тереңдікте басы солтүстікке бағыттала ұзыннан жатқан ер адамның қаңқа сүйегі кездесті. Бас сүйекте сүйек пластина (садақтың накладкасы), сол жақ иығында 5 темір жебе ұшы қылшанда үйіле орналасқан, оң жақ бел тұсында темір жебе ұшы, ал аяқ жағында ердің 2 темір бекітпесі бар.

7 қорған. Дөңгелек үйінділі. Д-32м, Н-2м. Үйінді айналасында шағын тастардан қазылып қойылған белдеуі бар. Үйіндінің шығыс бөлігіне таяу дұрыс емес формада өзеннің малта тастарынан тығыз етіп қаланды қаланған. Бұл құрылыстың мағынасын анықтау мақсатында батыстан шығысқа қарай бағыттала ені 3м траншея салынған.Үйінді топырақ пен тас сынықтарынан тұрады. Ортасында тереңдігі 3м, 2х3м келетін сопақша шұңқыр бар. Тындырындыда күйген топырақ пен тас, көмір, бөрененің жанған қалдықтары, шлакқа айналған тастар, шлакта ағаш қалдығы, ал бір кесегінде мал сүйегі сақталған. Шлак, көмір және күйген бөренелер шұңқырдың шығысы мен батысында 7м қашықтыққа дейін ұшырасады. Үйінді етегінде ол кездеспейді. Шұңқыр жанында 0,7-1м тереңдікте 2 ұңғылы сүйектен жасалған жебе ұшы, тас қайрақ сынығы және жалпақ келген кремний жаңқа табылды. Қазба нәтижесінде бұл құрылыстың қорған емес екендігі анықталды. Тек қана б.д.д. VI-Vғғ. жататын табылған заттарға қарап құрбандық орны деп топшылауға ғана болады. Бұл қорымдағы №15,27,30,33,40 құрылыстар да осы тақілеттес.



№9 қорған. Топырақ пен тас аралас үйінді астынан басын СБ бағыттай ақіреттік заттарынсыз жерленген адамның шашылған қаңқа сүйектері ғана шықты.

№10 қорған. №9 қорғандағыдай. Басы СБ бағытталған.

17 қорған. Тас сынықтарынан жалпақ келген белдеуі бар үйінді астында адамның шашылған қаңқа сүйектері табылған.

37 қорған. Топырақ пен тас аралас үйінді, Д – 5,5м, биіктігі – 0,5м. Тас плиталарды 0,4м тереңдікте қырынан қойған квадрат қоршау ішінде бірнеше адамның шашылған қаңқа сүйектері ғана.

43 қорған. Д-5м ұсақ тас сынықтарынан құрылған қаланды. Тас плиталарды 0,55м тереңдікте қырынан қойған квадрат қоршау. Қоршаудың ортасындағы күл орнында шоқтар мен күйген сүйектер және сабы бар темір пышақ кездесті.

44 қорған. Жер бетіндегі екі жартылай бұзылған ұзындығы 3м келетін қоршаулардың бірінде 0,55м тереңдікте бірнеше шоқ қалдықтары табылды.

6, 11, 31, 45 қорғандар бос болып шықты.

№1 қорғаннан 200м солтүстікте тас сынықтарынан тұратын 16 шеңбер түріндегі тізбектің орташаларының Д-1,5м. Тізбек шығыстан батысқа созыла орналасып келіп 11 шеңбердің тұсында СБ бұрылады.

Табылған заттарға қарап бұл қорым б.д.д. VI-Vғғ. жататын ескерткіш деп мерзімделген.

1959 жылғы зерттеу жұмыстарында ерекше қызығушылық туғызатын жайт Шілікті қорымындағы №11 қорғаннан ит қаңқасының адам жерленген қабірден шығуы. Шығыс Қазақстанда алғаш рет С.С.Черников 1948 жылы Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Баты селосы маңында жерлеу ғұрпында адамммен бiрге ит сүйегi қоса қойылған Баты ескерткiшiн зерттеген болатын.

Ерте темiр дәуiрінде қайтыс болған адамның қасына ит қосып жерлеу рәсiмiнің жарқын бір көрінісі Құлажорға кезеңiне жататын (б.з.б. III-I ғ.ғ.) Баты қорғандар тобындағы №28 қорғандағы тас жәшiктiң батыс жағында iрi тұқымды иттiң сүйегiнің қойылуы. Онда қабiр шұқырының -1,2 м тереңдiгiнде батыс жағында оң қырымен аяқтарын созып жатқызған иттiң қаңқа сүйегi астында адамның анатомиялық тәртiбiн сақтаған аяқ, жамбас омыртқа сүйектерi табылған /2/.

2004 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Шілікті археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Шілікті-2 қорғандар тобындағы №1 қорғаннан да иттің бас сүйегі кездескен болатын. /3/.

Шілікті жазығы жан-жағын таулар қоршаған жазық дала болғандықтан аң аулауға өте қолайлы өлке. Сондықтан да тайпа ақсүйектері мен ру басылары қайтыс болғанда ең жақсы көретін аңшы иттерін иесімен бірге о дүниеде де қызмет етсін деп көмген болса керек.



Сақ тайпаларының діни түсініктері туралы жерлеу материалдарына қарап, сақтарда ата-баба аруағына, отбасылық - рулық әулиелер мен желеп жебеушілігіне сыйыну ғұрыптары болған. Сондай-ақ Шілікті-3 қорымы №1 (Бәйгетөбе) қорғанындағы сақ патшасы киіміндегі әрбір аң бейнесі (бүркіт, бұғы, архар, таутеке, қасқыр-қонжық) патшаға бағынған ру-тайпалардың тотемі, тайпа белгісі болуы да мүмкін.



  1. Черников С.С. Предварительный отчет о работах Восточно-Казахстанской экспедиции ЛОИА АН СССР 1959г. (Рукопись).

2. Черников С.С. Предварительный отчет о работе Восточно-Казахстанской экспедиции в 1948г. Архив. Ф.11, опись 2, дело 120.

3. Отчет по научному проекту «Сакские памятники Шиликтинской долины» по Государственной программе «Культурное наследие» 2004г. Рукопись.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет