ОН АЛТЫСЫНДА ОТ КЕШКЕН
Едіге Алданов Ұлы Отан соғысына алынғанда небәрі он алты жастағы бозбала жігіт болатын. Ол 1942 жылдың наурыз айында өзі дүниеге келген Қазалы стансасынан (“Майдакөл” ұжымшары) бір топ жерлестерімен бірге вагонға отырып, Қиыр Шығысқа, яғни, Жапон елімен шекаралас жатқан Матцевский стансасына барады. Тұрғындар тыныштығын сақтап, жапон самурайын шекарадан өткізбейді. Жас сарбаз елге қорған, халыққа қалқан болып, шекара күзетеді.
Көктем өтіп, жаз шығысымен Чита қаласында әскери атыс қаруларын атып үйрену мақсатында әскери жаттығу сынақтарынан өтеді.
Қару-жарақтарды атып үйренуге машықтанған жауынгер Алданов 1945 жылдың басында жапон мелитаристеріне қарсы соғысқа қатысып, Хайлар қаласындағы ұрыста атой салады. Құралайды көзге атқан мергендігімен өзгелерден ерекшеленген қазақтың жап-жас жігіті ұрыстың алдыңғы шебінде жаумен соғысады.
- Ұрыс ұзаққа созылды. Хайлар қаласы оқ пен оттың астында қалды. Соғыстың қай жеңілі болушы еді. Қашан да оның зардабын шегетін қарапайым халық қой. Соғыстың аяғына таман Кеңестер Одағы әскер жағынан да, техника, қару-жарақ жағынан да қарсыластарынан едәуір басым бола түсті. Біздің жақтың басым түскендігі - Кеңес жауынгерлерін рухтандырып, жеңісті күндерге бір табан жақындатты. Менің дивизияма қалаға басып кіріп, жапон мелитаристерін кері қуып тастауға тапсырма берілген-ді. Осы ұрыста екі аяғымнан жараланып, төрт айға жуық уақыт Нижнийтагиль қаласының әскери госпиталінде емделдім, - дейді бізбен әңгімесінде соғыс және еңбек ардагері Едіге Алданов.
Екі аяғынан жарақат алған сарбаз комиссия шешімімен әскерге жарамсыз деп танылады. Ол 1945 жылдың 10 қарашасында елге, туған-туысқандарына екі балдақпен оралып, есендікпен қауышады.
Соғыстан кейінгі жылдары елді қайта қалпына келтіру саясаты жүргізілгені белгілі. Туған жерге амандықпен оралған ержүрек жігіт еңбек жолын Майдакөл ұжымшарынан бастайды. Ауылда жұмыс істей жүріп, 1946 жылы Қызылорда қаласында алты айлық курста білім алып, су шаруашылығы саласы мамандығын меңгеріп шығады. Өз мамандығы бойынша Қазалы аудандық су шаруашылығы мекемесінде еңбек етеді. 1960 жылы 28 сәуірде отбасылық жағдайға байланысты Төретам стансасына қоныс аударып, темір жол саласына жұмысқа орналасады. “Апат айтып келмейді” дегендей, 1985 жылдың 7 қаңтарында жұмыс барысында жарақатқа ұшырайды. Осы жағдайдан кейін Едіге Алданов 2-ші топ мүгедектігімен зейнеткерлік демалысқа шығады.
- Жастар – тәуелсіздігімізді қызғыштай қорғаулары керек. Тәуелсіздік ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы арман етіп, қолы жете алмай кеткен баға жетпес байлығымыз. Бүгінгі ұрпақ сондай бақ пен бақытқа ие болып отыр. Біздің қатар жылдан-жылға сиреп келеді. Біз қан майданда Отан үшін от кештік. Қаншама жауынгер жолдастарымыз майдан даласында оққа ұшты. Қаншамасы мүгедек болып қалды. Соғыс салған зардаптан елге оралғаннан кейін қаншамасы о дүниелік болды. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының: “Нағыз батырлар - қан майданда шейіт болғандар” деген көреген сөзі есімнен кетпейді. Шындығында да, жаумен қасық қаны қалғанша шайқасып, Отаны үшін ерлікпен қаза тапқандарды – нағыз баһадүр батырлар деп айтуымызға болады. Алдымыздағы жылы Аллаһ бұйыртса, 90 жасқа келемін. Тоқсан деген аз жас емес. Осы ғұмырымда жақсыны да, жайсаңды да көрдім. Елімнің игілігі жолында өлшеусіз еңбек еттім. Жан-тәнімді аяғаным жоқ. Өмірден көргеніміз де, көңілге түйгеніміз де көп. Жерімізде соғыс болмасын. Бүгінгідей қарышты дамып келе жатқан жас егемен еліміз – Қазақстанымыз гүлденіп-көркейе берсін. Халықтар арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастық одан әрі дамып, жас мемлекетіміз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарынан табылсын. Өсіріп отырған бала-шағамыз, ұрпағымыз дамыған, озық мемлекеттің тұтқасын берік ұстар азаматтар болсын, деген тілегімді білдіремін дейді абыз атамыз.
Ұрпақ демекші, Едіге атамыз зайыбы Сабила анамен 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары ата-аналарына 26 немере, 15 шөбере сүйгізді. Қызы Айымша ана бақытына бөленген жан. Оның ұл-қыздары Байқоңыр ғарыш айлағында жемісті қызмет етуде. Шахарманы да ұл-қыз өсіріп отыр. Немересі Мәскеу қаласында білім алуда. Өнерлі жас түрлі ән байқауларының жеңімпазы. Темірханының балалары заңгерлік білім алған. Балымшасы Жамбыл облысына қарасты Меркі ауданында тұрады. Ол да қыздарын мұғалімдікке оқытқан салиқалы ана. Ақжазығы Ресейдің Екатеринбург қаласында ішкі істер орындарында қызмет істеген, бүгінде запастағы офицер, өркенін жайған ардақты ана. Темірланы 3 қыздың әкесі, 3 немеренің атасы. Сұлушасы 3 бала, 1 немеренің аяулысы болса, әулеттің кенже баласы Мирлан да 3 баланың әкесі, 2 немеренің атасы. Оның алдыңғы 2 баласы еңбек етсе, кішісі мектеп жасындағы оқушы. Қазыналы қария бұл күнде кіші баласы Мирланның қолында тұрады.
Дариядай көңілі, ұрпаққа толы өңірі бар абыз ата шаңырағы қашан да шаттық пен қуанышқа толы. Отырған ордасының төрт бұрышын нұрға, ортасын гүлге толтырған абыз ата отбасынан кісі аяғы арылған емес.
Берекелі де мерекелі жанұяда өнегелі тәрбие алып келе жатқан жас ұрпақ аталарын асқар тауға теңейді.
Қадірменді қария ағайын, туған-туыс, ауылдастың ақылман-шежіресі. Саялы бәйтеректей тамырын тереңге, жапырағын кеңге жайған абыздың немере, шөберелері алыс-жақыннан жиналып, жиі дастархан басында бас қосуды дәстүрге айналдырған. Олар үшін атаның ақ батасы мен жылы алақанынан артық ештеңе жоқ.
С.РАЙЫМБАЕВА.
Достарыңызбен бөлісу: |