Өнегелі өмірдің көркем кестесі



Дата10.06.2016
өлшемі169.22 Kb.
#126967

Өнегелі өмірдің көркем кестесі


Егемен Қазақстан, 13.12.2013 07:35

Кеше бүкіл елімізде «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалпыұлттық таныстырылымы болып отті

«Қай заманда да, қай қоғамда да тарихи тұлғалардың уақыт бедеріндегі ізі көп ретте көркем туындының кейіпкері күйінде кестеленіп қалатыны анық. Арғы-бергідегі даңқты ата-бабаларымызды бәрінен бұрын тарихи дастандардың арқауына айналуы арқылы танитын, қадір-қасиетін соған қарап та бағалайтын біздер, қазақтар, мұны тіпті жақсы білеміз» – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріне арналған «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен» және «Темір тау» фильмдерінің Астанадағы тұсаукесер көрсетілімінен кейін жазылған газет мақаласында (2013, 4 желтоқсан) осылай делінген еді. Міне, енді сол лента бүкіл ел көлемінде таныстырылатын күн де келіп жетті. Кеше, 12 желтоқсанда Астанада, Алматыда, барлық облыс орталықтарында фильмнің жалпыұлттық тұсаукесері өткізілді. Оған шығармашылық зиялы қауым мен мәдени жұртшылықтың, депутаттық корпустың, қоғамдық институттар мен саяси партиялардың, ардагерлер мен жастардың, өндіріс орындары жетекшілері мен жұмысшыларының, әлеуметтік сала ұйымдарының, сондай-ақ көрермен қауымның  өкілдері қатысты. Бүкіл ел көлемінде ұйымдастырылған бұл акцияның нәтижесін  газет  бетіне жедел жеткізу  үшін біз өңірлердегі меншікті тілшілерге фильмді тамашалаған жұртшылықтың пікірлерін жазып алып, редакцияға шұғыл жолдауды тапсырған болатынбыз. Енді Елбасымыз туралы көркем туындыдан ел халқының алған әсерлеріне, зиялы қауым толғаныстарына назар салыңыздар.



*Астана. 12 желтоқсан. Бейбітшілік және келісім сарайы.

Көрдік, көңіліміз толды

Қабидолла СӘРЕКЕНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымдарының докторы.

Шыны керек, Елбасының еңбек, өмір жолы туралы кең көлемді жаңа кинотуындының түсіріліп жатқанын естігенде, қалай шығар екен деген ой ерік­сіз көңіл елеңдеткен еді. Бұл өнер түрінің қыр-сырына он­шалықты қанық болмағандықтан ба, заманымыздың заң­ғар тұлғасының жалындаған жастық шағынан қалыптаса бастаған, Абай ұлағатындағыдай, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» біткен бейнесін сомдауға талап оңай көрінбегені рас. Осындай қатарынан оза танылған адаммен Днепродзержинск қаласындағы металлургтер даярлайтын училищеде бірге оқу, сыйластық жарас­тыру бақытын тағдыр маңдайымызға жазған біздерге өзіміз куә шындықты қаз-қалпында көру мүмкіндігі бір жағынан қуантқан да болатын.

«Елбасы жолы» киноэпо­пея­сының Астанада өткен «Отты өзен» және «Темір тау» атты бөлімдері тұсаукесеріне үлкен толқыныспен баруым жасырарлық сыр емес. Кино өнерінің құдіреттілігі де сол ғой, бұдан ширек ғасыр бұрынғы дәурен шақ қайта айналып келгендей әдемі бір әсерді айтып жеткізу қиын. Болашақ Тұңғыш Президентіміздің ерте отыққан, ширыққан алғырлық, іскерлік, ұйымдастырушылық, қабілет-қасиеттері біз көрген, көзде қалған нақты оқиғалар желісінде өрбітіліп, кестеленген көріністер, тұрмыстың ыстық-суығы, тіршіліктегі күйініш-сүйініш бәрі-бәрі Сауытбек Абдрахманов «Егемен Қазақстандағы» «Ер жолы – ел жолы» мақаласында жақсы байыптағандай өмір шындығы. Фильмде тартымды суреттелгендей, жолдастыққа адалдық, еңбектестерімен аралас-құраластықтағы кішіпейілділік пен қарапайымдылық, ал іс бабында кім-кімге де биік талапшылдық бәрімізге үлгі болған тағылым.

 Мінеки, көріп, көңіл толғанда бұл фильмді айтулы туынды ретінде бағалауға тұрарлығын айта аламын. Барлық буынға өнегелік ғибраты өте мол, өмірдің өзінен алынып, көрермен көкірегін көркейтер мұндай көркем дүниелер түсіруге талпыныс құба-құп құбылыс дер едім.



Алтын парақ

Қуаныш ОМАШЕВ,

ардагер металлург.

Тұңғыш Президентіміздің үлкен жүректі азаматтарға тән тамаша адамгершілік қасиеттері маған тағдыр Теміртауда табыс­тырған, Қарағанды политех­ни­калық институтында қатарлас оқыған, металлургия комбинатында қолтықтаса еңбек еткен, жас отбасылық қуаныштарға ортақтас болған өрім шағымыздан етене таныс. Бір мен ғана емес, қиындығы да жетіп артылған сындарлы кезде суарылған сыйластық Алтынбек Асанов, Владимир Колбаса, Сатыбалды Ибрагимов, Владимир Кауц сынды замандастарыма да ыстық екені күмәнсіз. Арада біраз жылдар өтсе де Елбасының біздерді ұмыт­пай, үлкен басын иіп, арадағы қарым-қатынасты үзбеуі биік мәдениеттіліктің үлгісі екені даусыз.

Осынау фильмді тамашалау алдында әрқайсымыз жүрегіміздің түкпіріндегі оқиға-жағдаяттардың көрермен қауымға қалай жеткізілуі жөнінде әртүрлі ойларға тербелдік. Алғашқы көріністерден-ақ баурай бас­тады. Соңында тіптен ұнады. Елбасының жастық шағындағы бейнесімен қатар, өз бейнелерімізбен де қайта табысқандай болдық. Бұл киноэпопея еліміз мәдениеті шежіресінің бір алтын парағы дейтін деңгейде түсірілген екен.

Теміртаулықтар өз ортасынан өскен, Арғын Жү­ні­­сов ағамыз «Біздің Президент – металлург!» деп ар­қалана айтатындай, Тұңғыш Президенттерін мақ­та­ныш тұтады. Фильм бұл орынды мақтаныш екенін танытты.



Талдықорған

Еңбекпен қайнап өскен ер

Ардақ СЫДЫҚ,

Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Кеше біз жетісулықтар І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсіріліп, көрермендер назарына алғаш ұсынылған «Елбасы жолы» «Темір тау», «Отты өзен» атты фильмдерді көрдік. Нағыз өмірден ойып алып, еш әсірелеусіз түсірілген фильмнің тәрбиелік мәнінің өте жоғарылығына, Елбасының ұстамдылығына тәнті болдым. Мысалы өткен ғасырдың 60-жылдарында комсомолдық жолдамамен Теміртауға кімдер бармады. Сол жұмысшылардың ортасында ұлттық рухты биіктетіп, досына адалдығымен дараланып, өзіндік ұстанымымен ерекшеленген Нұрсұлтан Әбішұлының әр әрекетіне тәнті болдым, сүйіндім. Қара жұмыстан қашпай һәм қайыспай қайсарлығымен еңбектестерінен бір саты жоғары тұрғаны тағы бар. Ұлттық рухты биік ұстап, намысқойлығын да ретіне орай көрсете алғандықтан өзгелерден мысы басым болғанын да аңғардым. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеру барысында төзімділігін танытып қана қоймай, қайыспас қайсарлығын көрсете білгені қандай ғаламат.





Павлодар

Тұлға тағылымы

Ержан РАҚЫМЖАНОВ,

Павлодар облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы.

Бұл кинофильмді көруге, әсіресе, жас­тар көп келді. Оларға өткен өмірдің көріністері, әрине, таңсық. Елбасы туралы фильмді тамашалай отырып олар көп жайды көңілдеріне түйді. Үлгі-өнеге деген осы. «Елбасы жолы» – бүгінгі жастарға сабақ. Расында да, киноэпопея десе болғандай. Көрермендер Елбасының жас кезіндегі өмірін, қажыр-қайратты жігерін көрсете білген дарынды актер Нұрлан Әлімжанның да өнеріне сүйсініп тарқасты.

Бүгінгі ұрпақ Тұңғыш Президентіміз де біздің әкелеріміз бен апаларымыз көрген қиындықты көріп, еңбекте шыңдалып, өз күш-жігерінің арқасында үлкен мақсатқа қол жеткізгенін білулері қажет. Жастар, ұл-қыздарымыз иманды, еңбекқор, білімді, жігерлі болсын десек, атыс-шабыс, қорқынышты кинолардан гөрі тарих беттерін осылай ашып көрсетуіміз керек. Дүниеге өзгеріс келді деп жеңілтек ойларға еріп, жастарымыз имандылық дәстүрлерден айырылып кете жаздады. Сондықтан, «Елбасы жолы» – нағыз танымдық, үлкенге де кішіге де ой салатын кино деп бағалаймын.

Тараз

Ұрпаққа ұсынар үлгі

Айгүл ӘБИЕВА,

көпбалалы ана.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі, еңбек жолы туралы сыр шертетін «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен» және «Темір тау» атты екінші, үшінші тарауларының көрсетілімі маған үлкен әсер етті. Бұл сол заманның қиын да қызық тіршілігін бастан кешіп, болаттай шынығып, ел басқарған азаматқа айналған Елбасымыздың оттай жанған жалынды жолы болғандықтан да қымбат. Өткен ғасырдың басты оқиғаларының бірі – алып өнеркәсіп орындарының құрылысы, сол дәуірдегі қазақ жастарының еңбекке деген құлшынысы фильмде тамаша үйлесім тапқан.

Алты баланың анасы ретінде мен бұл фильмнің өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосатын туынды екенін айтқым келеді. Өйткені, осындай еңбек жолынан өткен Елбасымыздың бейнесі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Отанды сүю, ел үшін тер төгу, өз ісіне адал болу, таңдаған жолынан қайтпау секілді қасиеттер фильмнің басты идеясы деп білем. Көркем туындыны көрген әрбір есті азамат, өнегелі отбасы менің пікіріме қосылады деп сенемін.

Астана

Дәуір көрігінде шыңдалған

Гүлжиһан КЕҢЕС,

С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің аға оқытушысы.

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнінде «Қазақстан» концерт залында «Елбасы жолы» киноэпопеясының тұсаукесеріне қатыса алған адамдарға қызыға қарап жүрген едім. Олар фильмді алғаш көргендерін қуана айтып, лентаның шынайылығына, өмір суреттерін дәл бейнелегеніне нақты мысалдар келтіріп сөйлеген болатын. Енді, міне, кеше сол қуанышқа мен де бөлендім. Көптен күткен кинолента көңілімнен шықты.

Көрермендердің арасында бұл шығармаға күпті көңілмен қарағандар аз болмаған шығар. Елбасымыздың өмірін өзінің кітаптарынан, көптеген сұх­баттарынан, Президент туралы жазылған кітаптардан жақсы білеміз ғой. Сондағы деректер өнер тілімен қалай сөйлейді екен деп те ойланғанбыз. Өйткені, ғұмы­р­баян деректерінің бәрі бірдей шығар­ма арқауына айнала алмайды ғой. Осы тұрғыдан қарағанда, сценарий автор­лары Елбасы өмірінің драмаға, тар­тысқа толы тұстарын дәл таба біл­генін разылықпен айтқым келеді. Фильм­нің алғашқы кадрларынан бастап түйін­делер тұсына дейін көрермен назарын бір сәтке де босаңсытпай ұстай алға­ны сүйсінтеді. Мұның ең басты себе­бі, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың жас шағынан өмір көрі­гін­де құрыштай шыңдалып өскен өмір­баянының байлығы, мазмұндылығы. Фильм табысының негізгі сыры да осында.

Ақтөбе

Сырлы әлемнің сәтті суреттері

Азат ҚАМАРХАН,

қазақ-орыс халықаралық университетінің ІV курс студенті.

Облыс орталығындағы «Ло­ко­мотив» кинотеатрында Нұрсұлтан Әбішұлының «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кін­дігі» және «Еуразия жүрегінде» шығар­ма­ларының негізінде қойылған «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы «Отты өзен» және «Темір тау» фильмдері көрсетіледі дегенде шын көңілден асықтық. Тамаша туындыны көріп, ерекше сезімге бөлендік.

 Елбасы өмірінен алынып, тарихи оқиғалар тізбегінде жасалған фильм­дер шынайылығымен, шын­шыл­дығымен көрермендерді баурап алды десем артық айтқандық болмас. Фильмде баяндалатын оқиғалар мен көріністерде ешқандай жасандылық жоқ. Тарихи тұлғаның өмірі мен еңбек жолы өнермен өзектес өріліп, көркем дүние болып шыққан. Фильмнің басты кейіпкері Сұлтанның басынан өткен оқиғалар арқылы кеңес өкіметі тұсындағы өмір сипаты, ұлттар достығы, сол кездегі жастардың киім киісі, жүріс тұрысы, арман - мұраты көз алдыңа келеді. Сұлтанның адам­гер­шілігі, достыққа адалдығы, еңбек­қорлығы, ізденімпаздығы қисынды оқиғалармен сабақтастырылады.

 Фильмді көріп отырып, Елбасының бойындағы қасиеттердің ата-анасының қанымен, тәрбиесімен келгенін айқын аңғарасың. Қандай ортада өзінің көш­бас­шылық қасиетімен дараланып тұратын Сұлтанның әрбір іс-әрекетіне іштей сүйсініп отырасың. Киноны емес, өмірді көргендей әсерге бөлендік.



Шымкент

Рух пен күш берді

Арман ОСПАНОВ,

самбодан әлем чемпионы.

Бірден айту керек, кино өте сәтті шығыпты. Нұрсұлтан Әбішұлының бойында сол жылдардан-ақ көшбасшылық қасиеттердің таныла бастағаны, оның өз қатарластарының арасында топ бастар тұлғаға айналғаны фильмде шынайы көрсетілген. Жолдастыққа беріктігі, қамқорлығы, қандай қиын жағдай болса да араша түсіп, шындыққа белсене кірісіп, әділдік, адалдық үшін жалындап отқа түскені өте керемет шыққан. Елбасының осы қасиеттері зал толы көрермендерге үлкен әсер берді.

Әрине, Теміртау мен Днепрод­зержинскі қалаларында Нұрсұлтан Назарбаевтың жүріп өткен еңбек жолы туралы бұған дейін талай оқы­дық, естідік. Фильмде зауыттың төңірегіндегі құрылыстың арасында, балшық пен жаңбырдың арасында жүрген күндері өте нанымды түсірілген. Тура сол заман, сол уақыт тынысын, көрінісін көз алдыңызға келтіреді.

Жалпы, бұл фильм өз көрер­мен­деріне үлкен ой тастап, бойларына рух пен күш бергені анық.



Петропавл

Өмірмен өзектес өнер

Марат БАТЫРОВ,

Петропавл әскери институты басшысының орынбасары.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жайлы түсірілген «Елбасы жолы» киноэпопеяның «Балалық шағымның аспаны» атты алғашқы бөлімін көріп, өмірмен өзектес шынайы шындықты нанымды бере білген шеберлікке тәнті болып едім. Енді, міне, ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Елбасымыздың еңбекпен қайнаған бел-белестерін суреттеу­ге арналған «Отты өзен» және «Темір тау» тарауларын тамашалаудың сәті түсті. Облыс орталығындағы 450 орынды «Қазақстан» кинотеатрына келушілер қатары өте қалың болды.

Әлемге әйгілі тұлға жайлы эпопеялық туынды жасап шығару – қиынның қиыны десек, жұртшылық назарына құнды еңбек ұсына білген және осы сыннан сүрінбей өткен шығармашылық ұжымның еңбегін қалай мадақтасақ та жарасады. Бәріміздің көз алдымыздан Сұлтанның бозбала шағынан бастап, азаматтық тұлғалық деңгейге дейінгі қалыптасу өмір жолы еш боямасыз нанымды бейнеленген. Екі серия­лы фильмнің өне бойынан қазақ халқының дара да дана ұлының жүріп өткен жолдары әр кезеңнің уақыт табынан нақты бедер-белгі қалдырғандай үлкен әсер алдық.

Меніңше, «Елбасы жолы» эпопеясының тұсаукесерінің сәтті кесілгеніне қарағанда, өскелең ұрпақ үшін де тәлім-тәрбиесі мол өнер туындысы болары анық.





Қостанай

Мақсатқа жетуді үйретеді

Татьяна БУЛГАЦЕВИЧ,

қалалық перинаталды

орталығының директоры.

Фильмнен алған әсерім ерекше. Фильм біздің ата-аналарымыздың жастық шағының жеңіл болмағандығын көрсетеді. Соғыстан кейінгі кезеңнің ауырлығы кинода сенімді, содыр саясаттың ізі жақсы көрсетілген. Біз бала болсақ та ата-аналарымыз еліміздегі алып құрылыстарды салу жеңіл болмағандығын айтып отыратын. Елбасы мен оның замандастары қиындықтарды көріп жүріп, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтқандай, болаттай шыңдалды.

Фильм маған Елбасының адам, азамат, тұлға ретінде қалыптасуын боямасыз шынайы көрсетуімен ұнады. Мұнда ат жалын тартып мінгеннен-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының алдына мақсат қоя білгендігі байқалады. Бүгінгі әлем мойындаған тұлғаның саясаткер ретіндегі көрегендік ерекшелігіне де жас кезіндегі таңғаларлық табандылығы негіз болған шығар деген ойда отырдым.

Теміртауда бетін балқыған болаттың жалыны шарпып, шаршап жүрген Сұлтанның әрдайым кітап оқып отыратыны байқалады. Бұл, біріншіден, шынайы шындық, екіншіден, бүгінгі жастарға тамаша үлгі. Фильмнің көркемдігіне, режиссерлік байламдарына да риза болып отырасың. Тағы бір сүйсінткені, актерлер өте шебер ойнайды әрі дұрыс іріктеліпті.

Біз кинозалдан шыққанда ылғи жастар фильмнің келесі көрсетіліміне кезекте тұр екен. Осыған шүкіршілік еттім, бір жағы толқып та кеттім.

Атырау

Ердің жолы

Самат САҒЫНДЫҚОВ,

«Ембімұнайгаз» АҚ қызметкері.

Әдетте әр адамның азамат ретінде қалыптасу, өмірдің сан алуан қиындығында шыңдалу жолы әрқилы болып келеді. Ал тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев металлургтен бүгінгі Мемлекет басшысына дейінгі шыңдалудың шынайы үлгісін көрсеткен тұлға. Жалындаған жастық шағында жан қинамай-ақ табыс табатын кәсіпті емес, қызуы бет қаритын дом­на пешінің жанында тұрып, металл балқытатын металлург мамандығын таңдауынан қиындықпен күресе білетін табандылығын аңғарамыз. Әрине, әр мамандықтың өзіндік қиындығы бар десек те, металлургия саласында жұмыс жасау, біз ойлағандай, соншалықты оңай емес қой. Мұндай кәсіп атаулының ішіндегі қиындығы көп мамандықты жан-жақты меңгеруге ерік-жігері мықты азаматтар ғана төзе алады.

 Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинада оқыған кезінде қазақтың білімге құштарлығын танытуы мен металлургияның қазанында қайнап, кез келген қиындықты тайсалмай, жеңе білетін алғырлығын бүгінгі тәуелсіз еліміздің өрендеріне өнеге болатын ердің жолы деуге толық негіз бар. «Елбасы жолы» киноэпопеясын көргенде бірден осы ойға бекідік. Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытқан Тұлғаның әр кезеңдегі шыңдалу жолдары кино туындыда, әсіресе, «Отты өзен», «Темір тау» бөлімдерінде шынайы сомдалған. Бұл туынды осынысымен де құнды деп ойлаймын.

Өскемен

Отаншылдыққа тәрбиелейді

Валерий ҚАСЫМБАЕВ,

«Омарташы» шаруа қожалығының төрағасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы жолы» киноэпопеясын тамашалап отырғанда менің көз алдыма балалық шағым елестеді. Қазақтың ұлан-ғайыр сайын даласы көсіліп жатыр. Көлікке мінген жас жігіт Теміртауға жетіп, еңбек жолын бастағанша жүрегі алабұртып, жан-жағына құмарта көз салады. Нұрағаңның Қазақстан Магниткасындағы еңбек жолы, металлургтер арасындағы беделі, қызмет баспалдақтарымен тез өсіп кемелденуі, спортпен шұғылдануы сондай тартымды шыққан. Фильмнің екінші сериясында да Нұрағаңның бейнесі сәтті шыққан деп айтуға болады. Әсел Сағатова, Нұржұман Ықтымбаев, басқа актерлер Елбасы мен әкесінің, анасының рөлін тартымды сомдай білген.

Өскемендегі «Үлбі» Мәдениет сарайына жиналған бір мыңнан астам көрермен фильмді ерекше ықыласпен тамашалады. Айта кету керек, кино жастарға елді сүюде, патриоттық тәрбие беруде ерекше орын алады. Кез келген жас «шіркін мен де Нұрағаң сияқты еліме елеулі, халқыма қалаулы азамат болып өссем» деп армандайтыны белгілі. Қысқасы, фильм өте сәтті шыққан.

Көкшетау

Өрелі өнеге

Жылқыбай ҒАЛИАКПАРОВ,

«Жас» шаруа қожалығының жетекшісі.

Талғап қарайтын болсақ, кино өнерінің ғибраты жүрекке жақын тұрады. Мен бұл орайда тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайлы түсірілген деректі фильмдер мен хроникалық көрсетілімдерді қалт жібермеуге тырысамын. Өйткені, шалғай ауылдардың тұрғындары үшін бұл Елбасымен сырттай тілдесіп, сырласудың, құнды ойларынан тағылым өрбітудің оңтайлы мүмкіндігі.

Әу бастағы «Балалық шағымның аспаны» фильмінен біздің ұрпақ қымбат санайтын Қожа, Тимур сияқты балалардың бейнесі елестегені бар. Біздің ауылдың балалары Сұлтанға еліктегенін де байқағанмын. Киногерлеріміз тағы да ерлік жасады. Күтіп жүрген дүниеміз жалғасын тауып, «Елбасы жолы» киноэпопея­сына айналды. Осы шыншыл шығарманың Тұңғыш Президент күніне орайластырылып сомдалғаны, ұлық мерекеміз Тәуелсіздік күні қарсаңында экранға шығарылғаны халқымызды мақтаныш сезіміне бөлейтіні анық. «Отты өзен» мен «Темір тау» аудан орталығындағы ең әсем мәдениет үйінде жарты айдан астам көрсетілетін болады. Ауылдағы кісілерді алып келіп, алғашқы кезекте тамашаладық. Әсер ұшан-теңіз.

Бізді мерейлендіретін тағы бір жай, Сұлтан рөлінде жерлесіміз Нұрлан Әлімжанның ойнайтындығы. Біржан бабасының тектілігіне тартқан ұланымызға рахмет айтып, мақтан тұтамыз.



Алматы

Бойымды мақтаныш биледі

Меруерт ӨТЕКЕШОВА,

актриса.

Қазақ тарихында халқын ақылмен, парасаттылықпен бас­қар­ған тарихи тұлғалар болған. Солардың сара жолымен, сындар­лы саясатымен егеменді елімізді басқарып келе жатқан Н.Ә.На­зар­баевтың орны ерекше. Тұңғыш Президентіміздің еңбек жолы – қазақстандықтар үшін үлгі мен тағылымның мектебі.

 Бас кейіпкер Сұлтанның Теміртау қаласындағы метал­лур­гиялық зауытқа жұмысқа баруы, сол жерден Украинаға оқуға аттануы, Днепродзержинскідегі оқуын аяқтап, Теміртау қаласындағы зауытқа қайтып оралып, еңбек жолын бастауы фильмнің сюжетіне арқау болған.

Асылы, ықылым заманнан бері қоғамдық өмірде қалыптасқан белгілі бір құбылыс – кесек, біртуар тұлғалардың жаратылысы ерекше болып, көпшілік ортада бала кезден танылатындығы. Сөйтіп, жасынан көзге ілігіп, қай істе де мақсаткерлік мінез-болмысымен дараланып, шоқтығы биік тұратындығы. Фильмнің бас кейіпкері Сұлтан осындай жан. Құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек. Оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылысы.

Сұлтан неге жетсе де – моншақтаған терін қолымен сыпырып, от шашқан домна пешінің қызуына қақталып жүріп жетті. Өзінің жүрек отына сенді. Бейнеттен бойын тартпады. Өмірдің ыстық-суығына алмас қылыштай суарылып өсті. Осылайша, жас Сұлтанның алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды. Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа шақырылды. Фильмде Елбасымыздың жастық шағы осындай нақты оқиғалардың негізінде өрілген. Эпикалық құлашта түсірілген картинаны тебіренбей отырып көру әсте мүмкін емес.

Фильмнің идеялық-көркемдік деңгейі өте жоғары, заман ағымының, өз уақытының көрінісін, адамдардың өмірі мен тыныс-тіршілігін барынша жан-жақты, дәлме-дәл көрсете білген тамаша туынды.

Мұнда барлық образдарды шынайы бейнелей білген актерлер шеберлігінің де алатын орны үлкен. Бұл ретте, әсіресе, бас кейіпкерді сомдаған Нұрлан Әлімжанның еңбегі ерен. Фильмде оның таланты барлық қырынан жарқырай көрінген. Өзінің кейіпкері бейнесін, образын дәлдікпен нанымды жеткізе білген Сұлтанның жары Сараның бейнесін сомдаған жас актриса Мәдина Есманова үшін бұл үлкен кинодағы дебюттік рөл екен. Соған қарамастан ол қанатқақты бейнесін өз дәрежесінде көрсете білген. Фильмнен ерекше әсерлендім, бойымды мақтаныш сезімі биледі. Біздің ұлан-байтақ елімізді бала жасынан жеті өнерді жанына серік етіп өсіп, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып жетілген ұлы тұлға басқарады. Ұлтымыздың абыройына, киесіне айналған осындай нар тұлғалы Президентіміз үшін мақтанамын.

Қызылорда

Толайым туынды

Айжан ӨМІРСЕРІКОВА,

№101 орта мектебінің мұғалімі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы туралы көптеген мақалалар, деректі дүниелермен таныспыз. Ең алдымен ол біздің өзімізге керек. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанның тарихын жасаған толағай тұлғаның толайым тірліктерін білуге тиіспіз. Онан соң бала тәрбиесімен тікелей айналысқандықтан Елбасының бейнесін өскелең ұрпаққа танытып, Елбасының өнегесінде еліне адал қызмет етуге насихаттаймыз.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы жолы» атты киноэпопеяның түсірілгендігі туралы баспасөзден оқыдық. Кеше Қызылорда қаласында алғашқы көрсетілімі болды. Арнайы барып, тамашаладық. Баспасөзден, кітаптан Елбасы туралы оқыған бөлек те, ал оны кино арқылы тамашалау тіпті басқаша әсер етеді екен. Киноэпопеяның «Отты өзен», «Темір тау» атты тарауларында Елбасының өмірі шынайы көрсетіледі. Басынан өткен әртүрлі жағдайлар суреттеліп, көрерменге риясыз жеткізіледі. Шығарманы тамашалап шыққан көрермендердің көкірегінде мақтаныш сезімі тұрғаны анық. Себебі, Тәуелсіздіктің кемесін ешқандай қиыншылыққа ұрындырмай, халқымызды берекелі өмірге жеткізген тау тұлғаның өмірін, қиыншылығы мен қуанышын, мақсаты мен мұратын экраннан тамашалау әр қазақстандыққа ерекше әсер ететінін өз басымыздан өткеріп қайттық. Ең бастысы, бұл еліміздің болашағы саналатын жастарға жасалған ерекше сый. Олар Елбасының өмір жолына қарап тәрбие алады, сол арқылы биік мұраттарға ұмтылады.

Ақтау

Бүгінгі биіктің бастауы

Раушан НҰР,

Ақтау қаласындағы

№24 орта мектеп директоры.

«Елбасы жолы» фильмі көңілімізден шықты. Ауылдан арман қуып алысқа ат­тан­ған жас жігіт өмірдің қиындықтарына мойымай, еңбек майданында шыңдала, жі­герлене түседі. Жас жігіттердің өмірінде күш-қайраттың атқаратын рөлі мен алатын орны, маңызы аса зор. Босбелбеу бол­масаң ғана жолың ашық, мерейің үстем.

Туған жерден жырақта жүрген, шахтада жұмыс істеген Сұлтанның бойынан осы ер жігітке жарасатын жақсы қылықтардың барлығы табылуы – оны бүгінгі биік тұғырға бастаған секілді. Жастық шақтағы сүйіспеншілік сезімін бастан кешу, қызметтегі қиындықтар, көпті көрген аға буын ақылына құлақ асу, қызмет баспалдағының алғашқы сатыларына қадам басу және оны жауапкершілікпен атқаруға құлшыныс кинода тартымды, нанымды бейнеленген.

Әрбір өнер туындысы халықтық болуы үшін халықтың жүрегіне жақын, құлағына сіңімді болуы шарт, «Елбасы жолы» көркемдік сапа жағынан да көрнекті туынды болып шыққан. Отандық кино өнерінің жаңа туындысы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүріп өткен, шыңдалған жолын бедерлеген жаңа түсірілім өзінен кейінгі мағыналы ленталардың ізашары болғай!



Орал

Шығарма шырайы – шындық

Ақсерік ӘЙТІМОВ,

техника ғылымдарының кандидаты.

Фильмдегі режиссерлік шешім­дердің шынайылығы, тап-таза өмірдің өзінен алынған қоспасы жоқ көркемдік кестелері сүйсіндірмей қоймайды. Кинотуындыда бүгінгі Елбасының мамандық төресінің бірі – металлург болып жүргенде шетелдік кейіпкер қыздың оның келісті келбетімен құйып қойғандай киім киісі мен сымдай тартылған сымбатына қарап металлург екеніне күмән келтіруі де табиғи қалыпта суреттеледі. Тек ол қыз құрыш құюшының қолындағы мүйіздей қатып қалған сарғыш сүйелді көргеннен кейін ғана райынан қайтады. Фильмде мұндай өмір мен өндірістің өзінен алынып, шындықпен суарылған детальдар мен штрихтар аз емес екен.



 Боямасыз, қоспасыз айтылған өнер туындысы ғана жүректерге жете алады. Табиғилық қашанда адам жанына жақын келеді. Сондықтан да кез келген қарапайым адам мұндай шығарманы жақын қабылдайды.

Сол үмітіміздің ақталғаны үшін де отандық кинотарландарға шексіз ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Менің ойымша, бұл киноэпопея барша қазақстандықтардың бойында ел мен жерді шексіз сүйе білу сезімін қалыптастыруға, қазақстандық патриотизмді тереңдетуге, Отанға адал қызмет жасауға үлкен ықпалын тигізе алады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет