Қазақстанның жануарлар дүниесін қорғау
Қазақстанның жануарлар дүниесін қорғау, олардың адам өміріне, халық шаруашылығына келтіретін зиянына қарсы күресу – мемлекеттік шара болып табылады. Жануарлардың сирек және құрып кетуге таяу аз түрі «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізіліп, ерекше қорғауға омыртқалылардың 125 түрі, омыртқасыздардың 96 түрі алынған. Олардың ішінде сүткоректілерден (қарақұйрық, арқар, қабылан, қар барысы, тянъ-шанъ қоңыр аюы, шағыл мысығы, күзен және т.б), кұстардан (қоқиқаз, бура және қызғылт бірқазан, қара және ақләйлек, тоқылдақ аққу, дала бүркіті, дуадақ, қырғауыл, ұлар және т.б.), жорғалаушылар, қосмекенділер мен балықтың бірнеше түрлері бар. Елімізде бұрын көп болған кұлан, қарақұйрық, ақбөкен сияқты аңдардың санын қалпына келтіру, сырттан әкелінген жануарларды жерсіндіру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Өзен бойларында ондатр, Алтай тауларында қара күзен мен балғын, Каспий жағалауында ит тәріздес жанат өсіру қолға алынған. Өзендер мен көлдерге балықтың жаңа тұқымдары жіберілуде.
Қазақстан табиғатының байлығы мен жануарларын қорғау максатында Ұлттық парктер (Баянауыл, Іле Алатауы, Қарқаралы, Алтынемел, Ордабасы) мен қорықтар (Ақсу-Жабағылы, Наурызым, Алматы, Барсакелмес, Үстірт, Қорғалжын, Батыс Алтай, Алакөл) ұйымдастырылған.Мемлекеттiк табиғи қорық — табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның қызметiнiң мақсаты өзiнiң аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi объектiлерiн, өсiмдiктер мен жануарлардың жекелеген түрлерi мен қауымдастықтарын, әдеттегi және бiрегей экологиялық жүйелердi сақтау мен зерделеу және оларды қалпына келтiру болып табылады.Қазақстанда қазіргі уақытта 10 қорық ұйымдастырылған. Қазақстандағы қорықтардың барлық ауданы 1 610 973 га.Бұлар, әрине, Қазақстан табиғатының алуан түрлі табиғат жағдайларын толық көрсету үшін жеткіліксіз. Сондықтан болашақта ғалымдардың, табиғатты қорғау коғамы өкілдерінің ұсынуымен тағы 15 қорық ұйымдастырылмақшы.Қорықтардың табиғи ұлттық парктерден айырмашылығы;табиғи парктерде кіріп серуендеуге мүмкіндік бар.Ал қорықтарда оған тыйым салынған.
Достарыңызбен бөлісу: |