Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қағидалары Жалпы ережелер



Дата29.06.2016
өлшемі219.29 Kb.
#166610
Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 20 қаңтардағы 
№ 20 бұйрығымен бекітілген

Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды
ұйымдастыру қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бастауыш, негізгі орта және жалпы білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – орта білім беру ұйымдары) білім алушыларға ақылы және тегін негізде тамақтандыруды ұйымдастыру тәртібін белгілейді.


      2. Білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру – бұл білім алушыларға, олардың білім беру ұйымдарында болу кезеңінде тамақтандыруды ұсыну бойынша қызмет көрсету үшін қажетті жағдай жасау.
      3. Тамақтандыруды ұйымдастырудың міндеттері:
      білім алуышыларды тиімді тамақтандырумен қамтамасыз ету;
      тағам әзірлеуде пайдаланатын тамақ өнімдерінің сапасына және қауіпсіздігіне кепілдік беру;
      білім алушылар арасында тамақтан уланудың алдын алуға және профилактикасына бағытталған санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау болып табылады.
      4. Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қоғамдық тамақтандыру қызметін көрсетуге мамандандырылған заңды немесе жеке тұлға болып табылатын көрсетілетін қызмет берушілер жүзеге асырады.
      5. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) әлеуетті өнім беруші – кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға немесе қызметті көрсету туралы шарт жасасуға үмiткер заңды тұлға;
      2) интернет-ресурс – конкурсты ұйымдастырушының немесе конкурсты ұйымдастырушының жеке интернет-ресурсы болмаған жағдайда білім беру органының интернет-ресурсы;
      3) конкурсқа қатысуға өтінім – конкурстық құжаттамаға сәйкес жасалған, қызметтер көрсету үшін материалдық, қаржылық және еңбек ресурстарына ие екенін растайтын, әлеуетті өнім беруші ұсынатын құжаттар;
      4) конкурстық комиссия – конкурс өткізуге конкурсты ұйымдастырушы құратын уақытша алқалы орган;
      5) конкурстық құжаттама – әлеуетті өнім берушіге конкурсқа қатысуға өтінім дайындау үшін және конкурс өткізу шарттары мен тәртібі қамтылған конкурсты ұйымдастырушы ұсынатын құжаттар;
      6) конкурсты ұйымдастырушы – орта білім беру ұйымы немесе білім беру ұйымы бухгалтерлік есепті өз бетінше жүргізбеген жағдайда, білім беру органы;
      7) көрсетілетін қызмет берушіні таңдау критерийлері – әлеуетті өнім берушінің қызмет көрсетуі бойынша мүмкіндіктері мен жағдайларын бағалау негізінде жасалатын белгілер;
      8) тиімді тамақтандыру – тамақтандырудың физиологиялық және жас ерекшелігі нормалары ескерілген үйлестірілген тағам;
      9) өнім беруші – кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға немесе қызметті көрсету туралы шарт жасасқан заңды тұлға;
      10) өнім берушінің біліктілік талаптары – қызмет көрсету туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті, материалдық, қаржылық және еңбек ресурстарына ие екенін растайтын құжаттар тізбесі.

2. Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды
тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын талаптар

      6. Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыру осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес ұйымдастырылады.


      7. Орта білім беру ұйымының әкімшілігі білім алушыларды тиімді тамақтандыруды, дұрыс тамақтанудың принциптері мен санитариялық-гигиеналық негіздерді қамтамасыз етуге, білім алушылардың ата-аналарымен (заңды өкілдерімен) консультациялық және түсіндірме жұмыстарын жүргізуге бағытталған ұйымдастырушылық-басқарушылық шешімдерді қабылдауды қамтамасыз етеді.
      8. Білім алушыларды тамақтандыру бекітілген ас мәзіріне сәйкес орта білім беру ұйымдарының асханалары мен буфеттерінде жүзеге асырылады.
      9. Білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастырудың тәсілдері:
      ас әзірлейтін бөлікте тамақ өнімдерінің сақтауды, өңдеуді және дайын тамақтар мен аспаздық өнімдерді, оны өндіретін жерден сатуды ескере отырып, азық-түлік шикізатымен жұмыс істейтін асханада білім алушыларды тамақтандыру;
      кремі бар кондитерлік бұйымдарды қоспағанда дайын тамақтарды, аспаздық және кондитерлік бұйымдарды сатуды жүзеге асыратын буфеттерде білім алушыларды тамақтандыру;
      мектептік тамақтандырудың базалық ұйымдарымен салқындатылған немесе мұздатылған әзірлігі жоғары деңгейлі аспаздық жартылай фабрикаттарды, дайын өнімдерді өнеркәсіптік өндіруді көздейтін білім алушыларды индустриалды тамақтандыруды ұйымдастыру болып табылады.
      10. Өнім беруші білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету процесінде орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызмет берушіні таңдау жөніндегі конкурстық құжаттамаға техникалық тапсырманы орындайды.
      11. Білім алушылар үшін әзірленетін тағамдар мен аспаздық бұйымдар, оның ішінде білім алушыларды тамақтандыру кезінде пайдаланатын шикізат пен тамақ өнімдері, оларды жеткізу жағдайлары, өндіріс технологиясы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық пен гигиеналық нормативтер саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарына сәйкес келеді.
      12. Білім беру ұйымдарының асханалары мен буфеттеріне тағамдарды мектептік тамақтандырудың базалық ұйымдарынан жеткізілген жағдайда тиісті температураны сақтауды қамтамасыз ететін арнайы ыдыстар (термоконтейнерлер) қолданылады.
      13. Білім алушыларды тамақтандыру тәртібі орта білім беру ұйымының басшысымен бекітіледі.
      Тамақты қабылдау уақыты белгіленген санитариялық нормаларға сәйкес белгіленеді. Оқу күні режимінде тамақтандыруға ұзақтығы 30 минут бір үзіліс немесе 20 минуттан екі үзіліс қарастырылады.
      14. Орта білім беру ұйымдарында тамақтандыруға жауапты, сынып жетекшілердің, педагогтардың оқушыларды асхана бөлмесіне алып жүруін қамтамасыз етеді.
      15. Дайын аспаздық өнімдерді және тамақ өнімдерін сату асхана және (немесе) буфеттің жұмыс уақыты ішінде жүзеге асырылады және оқу процессінің соңына кемінде бір сағат қалған уақытта аяқталады.
      Тамақ өнімдерін сатып алу білім алушылардың тамақ рационына сәйкес және оны сақтау (жарамдылық) мерзімін ескере отырып жүзеге асырылады.
      16. Органдар және орта білім беру ұйымдары интернет ресурсында «Мектептік тамақтандыру» айдарын ашады және білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша ақпаратты жүйелі орналастыруды қамтамасыз етеді.
      17. Көрсетілетін қызмет беруші орта білім беру ұйымының басшысына ай сайын тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, білім алушылар үшін пайдаланатын тамақ өнімдерінің тізбесі туралы мәліметтерді ұсынады.
      Көрсетілетін қызмет беруші болмаған жағдайда, білім алушыларды тамақтандыруға жауапты білім беру ұйымының қызметкері орта білім беру ұйымының басшысына ай сайын тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, білім алушылар үшін пайдаланатын тамақ өнімдерінің тізбесі туралы мәліметтерді ұсынады.
      18. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10275 тіркелген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 179 бұйрығына сәйкес білім беру органы маусымдықты, білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып бірыңғай перспективалы мәзір әзірлейді және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келіседі.
      Білім алушылардың мәзірі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес жасалады.
      19. Санитариялық қағидаларға сәйкес әлеуетті өнім беруші шығарылатын өнімнің ассортимент тізбесін санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органда бекітеді. Көрсетілетін қызмет беруші болмаған жағдайда шығарылатын өнімнің ассортименттік тізбесін орта білім беру ұйымы келісуді жүргізеді.
      20. Орта білім беру ұйымының басшысы перспективалы мәзірге сәйкес күн сайын алдағы күнге мәзірді бекітеді және оны асхана мен білім алушылардың ата-аналары немесе заңды өкілдері үшін қолжетімді жерде орналастырады.
      21. Күн сайынғы мәзірді көрсетілетін қызмет беруші күнін, жекелеген тамақты қабылдаудың атауын, тамақ және аспаздық бұйымдардың тізбесін, жас ерекшелігіне және басқа мәліметтерге байланысты дайын тамақ порциясының көлемі туралы мәліметтерді көрсете отырып әзірлейді.
      Көрсетілетін қызмет беруші болмаған жағдайда, мәзірді аталған талаптарды ескере отырып, орта білім беру ұйымының медициналық қызметкері және (немесе) білім алушыларды тамақтандыруға жауапты қызметкер әзірлейді.
      Тамақтанудың іс жүзіндегі рационы бекітілген перспективалы мәзірге сәйкес келуі тиіс. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес, ерекше жағдайларда бір өнімді, тағамды және аспаздық бұйымдарды басқаларымен ауыстыруға жол беріледі.
      Жекелеген оқушыларға жеңіл (емдәм) тамақтандыру ұйымдастырылады.
      22. Көрсетілетін қызмет беруші тағамды дайындау технологиясын және дайын тағамдарды калориялығына сәйкестігін сақтау мақсатында картотеканың бар болуын қамтамасыз етеді.
      Технологиялық карталарда азық-түліктерді таратып салу, тағамдардың түсімі, әр тағамның құрамы туралы және оның тағамдық құндылығы (ақуыздың, майлардың, көмірсулардың, витаминдердің болуы) және әр тағамның (аспаздық бұйымның) энергетикалық құндылығы (калориялығы) мен әр тамақты қабылдау жиынтығы туралы толық ақпарат көрсетіледі.
      23. Асхананың ас әзірлейтін бөлігінде тағамдарды және аспаздық өнімдерді дайындаудың технологиялық процесін қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастыруды өндіріс меңгерушісі қамтамасыз етеді.
      24. Асханада және білім алушылар үшін қолжетімді жерлерде ауыз суы бар ыдыстарды орнату есебінен ауыз су режимі ұйымдастырылады. Пайдаланатын ауыз су органолептикалық, микробиологиялық, физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес болуы тиіс.
      Ауыз су ұйымдастырылған жерде қажетті мөлшерде бір рет қолданатын стакандар қарастырылады. Көп мәртелік таза стакандарды пайдаланған жағдайда таза және лас ыдыстарға арналған екі таңбаланған подностардың бар болуы міндетті.
      25. Орта білім беру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес қажетті технологиялық, тоңазытатын жабдықтар, санитариялық-техникалық жабдықтар мен мүкәммәлмен, сондай-ақ асханалық жабдықтармен, тиісті жиһаздар және ыдыстармен жарақтандырылған шикізатты сақтауға, тағамдарды әзірлеуге арналған өндірістік бөлмелер қарастырылады.

3. Тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызмет
берушіні таңдау конкурсын ұйымдастыру және өткізу тәртібі

      26. Тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызмет берушіні таңдауды конкурстық негізде конкурсты ұйымдастырушы жүзеге асырады. Егер конкурсты ұйымдастырушы білім беру органы болған жағдайда, соңғысы конкурсты білім беру ұйымдары бойынша лоттар бөлінісінде өткізеді.


      27. Көрсетілетін қызмет берушіні таңдау рәсімі конкурсты ұйымдастырушының келесі жүйелі іс-шараларды орындауын көздейді:
      1) Қағидалардың 38-тармағына сәйкес конкурстық құжаттама әзірлеу және бекіту;
      2) әлеуетті өнім берушілерді интернет-ресурста және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында хабарландыру беру арқылы көрсетілетін қызмет берушіні таңдау рәсімін жүзеге асыру туралы хабардар ету;
      3) конкурстық комиссия құрамын қалыптастыру және бекіту;
      4) әлеуетті өнім берушілерден конкурсқа қатысуға құжаттарын қабылдау;
      5) комиссияның көрсетілетін қызмет берушілерге қойылатын талаптарға сәйкес келетін және (немесе) сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілерді айқындау үшін құжаттарды қарауы;
       6) қызмет көрсету туралы шарт жасасу.
      28. Конкурстық комиссия төраға, төраға орынбасарынан және комиссияның мүшелерінен тұрады. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрайды, бірақ жеті адамнан кем болмауы керек.
      Өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын атқарушы органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың және ата-аналар жұртшылығының өкілдері келісім бойынша конкурстық комиссия құрамына енгізіледі.
      Егер конкурсты ұйымдастырушы білім беру органы болған жағдайда орта білім беру ұйымдарының басшылары конкурстық комиссия құрамына енгізіледі.
      29. Білім беру ұйымының немесе органының бірінші басшысы комиссия төрағасы болып табылады.
      Комиссия төрағасы комиссияның жұмысын жоспарлайды және қызметін басқарады, комиссия отырыстарында төрағалық етеді және осы Қағиадалармен көзделген басқа функцияларды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын комиссия төрағасының орынбасары атқарады.
      30. Орта білім беру ұйымы басшысының орынбасары конкурстық комиссия төрағасының орынбасары болып табылады.
      Егер конкурсты ұйымдастырушы білім беру органы болған жағдайда, комиссия төрағасының орынбасары ашық дауыспен орта білім беру ұйымдары басшыларының ішінен сайланады.
      31. Комиссияның ұйымдастырушылық қызметін білім беру ұйымының немесе органының лауазымды адамдары ішінен айқындалатын комиссия хатшысы қамтамасыз етеді. Хатшы комиссия мүшесі болып табылмайды.
      32. Комиссия оның құрылуы туралы шешім қабылданған күннен бастап қызмет етеді және өзінің қызметін қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан күннен бастап тоқтатады.
      33. Егер комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда, конкурстық комиссияның отырысы заңды болып табылады. Конкурстық комиссия мүшелерінің бірі болмаған жағдайда, конкурстық комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебі көрсетіледі.
      Комиссия отырысы өткізілмей қатысуға арналған өтінімдерді қарауға жол берілмейді.
      34. Конкурстық комиссия шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің жалпы санынан оған көп дауыс берген жағдайда шешім қабылданған болып есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасы, ол болмаған жағдайда комиссия төрағасының орынбасары дауыс берген комиссия мүшелерінің шешімі қабылданған болып есептеледі. Конкурстық комиссия мүшелері конкурстық комиссия шешімімен келіспеген жағдайда төрағаға жазбаша түрде дәлелді қарсы пікірлерін ұсынады.
      35. Конкурстық комиссия шешімдерін хаттамалар түрінде комиссия хатшысы ресімдейді, оның әрбір парағына және соңына қатысып отырған комиссияның мүшелері қолын қояды.
      Комиссия отырысының хаттамасында қатысып отырған, қатыспаған комиссия мүшелері, дауыс санын (жақтау, қарсы) көрсете отырып, комиссия отырысында қабылданған шешім туралы мәліметтер болады.
      Әлеуетті өнім берушінің немесе оның өкілінің сұранысы бойынша қабылданған шешімге қатысты комиссия отырысы хаттамасының үзінді көшірмесі беріледі.
      36. Конкурсты ұйымдастырушы:
      1) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 1-қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызметтерді алушылар санаттарының тізбесін;
      2) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 2-қосымшаға сәйкес техникалық тапсырманы;
      3) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 34-қосымшаларға сәйкес заңды және жеке тұлғалар үшін конкурсқа қатысуға арналған өтінімді;
      4) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 5-қосымшаға сәйкес әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтерді;
      5) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес критерийлер тізбесін қамтитын конкурстық құжаттаманы бекітеді.
      37. Конкурстық құжаттаманың көшірмелері конкурсты ұйымдастырушының интернет-ресурсында және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарда орналастырылады және ол әлеуетті өнім берушілерге қағаз түрінде беріледі.
      Конкурстық комиссияның хатшысы конкурс қатысушыларына конкурстық құжаттаманың қағаз түріндегі көшірмелерін қол қойғызып береді және деректерді конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған тұлғаларды тіркеу журналына енгізеді.
      38. Конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған тұлғаларды тіркеу журналында конкурс атауы мен өткізу мерзімі, әлеуетті өнім берушінің не заңды тұлға өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жеке куәлігінің нөмірі, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлік нөмірі, орналасқан жері мен байланыс телефондары, конкурстық құжаттама көшірмесін алу уақыты мен күні көрсетіледі.
      Тұлғаларды тіркеу журналы тігіледі, беттері нөмірленеді, соңғы парағы конкурсты ұйымдастырушының мөрімен бекітіледі.
      39. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттама бекітілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде, бірақ әлеуетті өнiм берушiлер конкурсқа қатысуға өтiнiмдер беретін соңғы күнге дейін кемiнде күнтiзбелiк жиырма күн қалғанда осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша интернет-ресурста және тиісті әкімшлік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарда конкурс туралы хабарландыруды орналастыру арқылы әлеуетті өнім берушілерді хабардар етеді.
      Хабарландыруда конкурсты ұйымдастырушының толық пошталық мекенжайы, бөлме нөмірі, конкурстық құжаттаманы қабылдауға және тіркеуге жауапты тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, өтінім берудің күні және соңғы мерзімі, сондай-ақ конверттерді ашу күні, уақыты мен жері көрсетіледі.
      40. Конкурсқа қатысуға құқықтық қабілеті бар, төлеуге қабілетті болып табылатын, банкроттық не жою рәсімдеріне жатпайтын және материалдық, еңбек ресурстары бар әлеуетті өнім беруші үміткер болады.
      41. Әлеуетті өнім беруші немесе сенімхат бойынша оның өкілі конкурсты ұйымдастырушының пошталық мекенжайына немесе қолма-қол тігілген және нөмірленген, басшының қолы қойылып, мөрімен бекітілген құжаттар пакетін, оны ұсынудың соңғы мерзімі аяқталуына дейін жолдайды, онда келесі құжаттар қамтылады:
      1) осы Үлгілік конкурстық құжаттамаға 34-қосымшаларға сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалған және әлеуетті өнім берушінің қолы қойылып, мөрімен куәландырылған өтінім;
      2) құқықтық қабілетін және қабілеттілігін растайтын құжаттар:
      заңды тұлғалар үшін:
      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі немесе анықтама;
      заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген жарғы көшірмесі;
      жеке тұлғалар үшін:
      жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлік көшірмесі;
      жеке куәлік көшірмесі;
      конкурсқа қатысуға өтінім беруге, қол қоюға, комиссия отырысына қатысуға құқық беретін оның мүдделерін білдіретін адамға сенімхат;
      3) «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 желтоқсандағы № 1301 қаулысымен (бұдан әрі – ҚР ҮҚ № 1301) бекітілген нысан бойынша берешектің жоқтығы туралы анықтаманың түпнұсқасы.
      Әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің немесе банк филиалының банктің (банк филиалының) бірінші басшысының немесе оның орынбасарының қолы қойылып, банк мөрі бар әлеуетті өнім берушінің банктің немесе банк филиалының алдындағы міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан көп созылған мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы анықтаманың түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші бірнеше екінші деңгейдегі банктердің немесе филиалдардың, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады). Анықтаманың қолдану мерзімі кемінде конкурстық өтінімдері бар конверттер ашылатын күннің алдындағы бір ай;
      4) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5446т тіркелген «Дербес шоттарды жүргізу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 622 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша салық төлеушінің салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерінің жоқ екені туралы анықтама.
      Конкурстық өтінімдер бар конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан кешіктірмей алынған үш айдан астам салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және жинақтаушы зейнетақы қорларына әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екені туралы (төлеу мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда) «Салық төлеуші кабинеті», электрондық үкімет порталы, «Электрондық мемлекеттік сатып алулар» ақпараттық жүйе арқылы электронды түрде немесе салық органы басшысының не орынбасарының қолы қойылып, мөрімен бекітіліп алынған салық төлеушінің салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерінің жоқ екені туралы анықтама. Анықтаманың электрондық нұсқасы нотариалды куәландырылмайды;
      5) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінде (Салық кодексі) көзделген құжаттардың нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қазандағы № 1238 қаулысымен бекітілген нысандар бойынша қосылған құн салығы бойынша есепке алу туралы куәліктің көшірмесі;
      6) № 1301 ҚР ҮҚ бекітілген нысан бойынша конкурсқа қатысуға банктік кепілдік немесе кепілдік берілген ақшалай жарна түрінде өтінімді қамтамасыз етуді растайтын құжаттың түпнұсқасы;
      7) Үлгілік конкурстық құжаттамаға 2-қосымшаға сәйкес оқушыларды тиімді тамақтандыруды қамтамасыз ету үшін талап етілетін перспективалық мәзір қоса беріле отырып, техникалық тапсырма;
      8) Үлгілік конкурстық құжаттамаға 5-қосымшаға нысан бойынша қызметкерлердің біліктілігі туралы мәліметтер.
      42. Қатысуға өтінімді және тиісті құжаттарды әлеуетті өнім беруші конкурсты ұйымдастырушыға тігілген, парақтары нөмірленген түзетусіз түрінде ұсынады. Өтінімнің соңғы парағына бірінші басшының қолы қойылады және мөрімен бекітіледі.
      Егер конкурс лоттар бойынша бөлінген жағдайда, әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға құжаттарды әр лотқа бөлек ұсынады.
      43. Әлеуетті өнім беруші конкурсты ұйымдастырушының банк шотына банктік кепілдік немесе кепілдік берілген ақша жарнасы түрінде конкурсқа бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізеді.
      Қамтамасыз етуі жоқ конкурсқа қатысуға өтінімдерді конкурстық комиссия кері қайтарады.
      44. Конкурстық комиссияның хатшысы өтінімдері бар конверттерді қабылдайды және өтінімдерді тіркеу журналына конкурсқа қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім беруші туралы мәліметтерді енгізеді.
      Конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналы конкурстық құжаттама көшірмелерін алған адамдарды тіркеу журналына ұқсас өтінімді тіркеу немесе себебін көрсете отырып, тіркеуден бас тарту күні мен уақыты туралы мәліметтерді енгізуді есепке алып, ресімделеді.
      45. Конкурсты ұйымдастырушы бекіткен мерзім өткеннен кейін ұсынылған құжаттар тіркелуге жатпайды және әлеуетті өнім берушілерге қайтарылады.
      46. Конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушілердің құжаттары бар конверттерді ашуды хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау аяқталған күні мен уақытында өткізеді.
      47. Конкурстық комиссияның төрағасы қатысушыларға конкурстық комиссияның құрамы, белгіленген мерзімде конкурсқа қатысуға құжаттарды ұсынған әлеуетті өнім берушілердің саны туралы хабарлайды және әлеуетті өнім берушілердің конверттерін ашуды жүзеге асырады.
      Конкурсты ұйымдастырушының хабарландыруында белгіленген мерзімде ұсынылған конкурсқа қатысуға өтінімдері бар конверттер ашылуға жатады.
      48. Конверттерді ашу хаттамасы осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді, оған конкурстық комиссияның мүшелері әрбір парағына және соңына қолын қояды интернет-ресурста және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында орналастырылады.
      49. Мынадай:
      1) конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келмейтін конкурсқа қатысуға өтінім ұсынған;
      2) егер әлеуетті өнім берушінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса;
      3) біліктілік талаптарына сәйкес келмесе;
      4) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
      50. Өтінімдері бар конверттерді ашқан күннен бастап үш жұмыс күн ішінде конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға рұқсат беру үшін толықтығы және конкурстық құжаттамаға сәйкестігі тұрғысынан өтінімді қарайды. Конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келмейтін құжаттар қабылданбайды.
      Әлеуетті өнім беруші ұсынған құжаттардың дұрыстығын анықтау қажет болған жағдайда, комиссия тиісті мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалардан жазбаша түрде қажетті ақпаратты сұратады.
      Әлеуетті өнім берушілердің банкроттық рәсімдерге қатысы жоқтығы бөлігіндегі талаптарға сәйкестігін нақтылау мақсатында, комиссия банкроттық рәсімдерді жүргізуге бақылау жасайтын уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған ақпаратты қарайды.
      51. Конкурстық комиссияның өтінімді конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестендіруге байланысты сұраныстарына және өтінімді жетіспейтін құжаттармен толықтыруға, құжаттарды алмастыруға, тиісінше ресімделмеген құжаттарды дұрыстауға бағытталған әрекетіне жол берілмейді.
      52. Комиссия өтінімдерді ашу кезінде әлеуетті өнім берушілер және (немесе) олардың өкілдері өздерінің қалауы бойынша аудиожазба мен бейнетүсірілім жүргізу құқығымен комиссия қызметіне араласпай қатыса алады.
      53. Конкурстық комиссия конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындайды және оларды конкурсқа қатысушылар ретінде таниды.
      54. Осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық комиссияның шешімі әрбір парағына және соңына конкурстық комиссияның барлық мүшелерінің қолы қойылған конкурсқа қатысу туралы рұқсат беру хаттамасымен ресімделеді.
      Конкурсқа қатысу туралы рұқсат беру хаттамасы комиссия отырысы күнінен бастап бір жұмыс күннен кешіктірмей интернет-ресурста және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында орналастырылады.
      55. Комиссия конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамасы жариялаған күнінен бастап екі жұмыс күн ішінде рұқсат берілген әлеуетті өнім берушілердің құжаттамасын қарайды.
      56. Егер неғұрлым үздік сипаттамалары бар көрсетілетін қызмет ұсынылған жағдайда, әлеуетті өнім берушінің техникалық тапсырмасының конкурстық құжаттамада көрсетілген техникалық тапсырмаға сәйкес болмауына жол беріледі.
      57. Конкурстық құжаттама талаптарына және біліктілік талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады.
      58. Егер конкурсқа екі және одан да көп әлеуетті өнім берушілерге рұқсат берілген жағдайда Үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызмет берушілерді таңдау өлшемдері қолданылады. Бұл жағдайда, барынша көп балл жинаған және басқа әлеуетті жеткізушілермен салыстырғанда міндеттемелерді ең үздік орындау шарттарын ұсынған әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады.
      Егер конкурста конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес өтінімді ұсынған және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін бір әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда, ол конкурс жеңімпазы болып танылады.
      59. Конкурстық комиссияның төрағасы, ол болмаған жағдайда төраға орынбасары конкурстық комиссияның отырысына қатысып отырған тұлғаларға конкурс қорытындыларын жариялайды.
      60. Конкурс қорытындылары туралы хаттама осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша ресімделеді, оған комиссияның мүшелері әрбір парағына және соңына қолын қояды және конкурс қорытындылары туралы хаттама қол қойылған күннен бастап бір жұмыс күн ішінде интернет-ресурста және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында орналастырылады.
      Конкурс қорытындылары туралы хаттама қызмет көрсету туралы шарт жасасуға негіз болып табылады.
      61. Конкурсты ұйымдастырушы интернет ресурста және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында конкурс қорытындылары туралы хаттаманы жариялағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес Үлгі шартының талаптарына сәйкес қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты әлеуетті өнім берушіге жолдайды.
      62. Өнім беруші шарт жобасын алған сәттен екі жұмыс күн ішінде қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты конкурсты ұйымдастырушыға қайтарады.
      Егер әлеуетті өнім беруші осы мерзім ішінде шартқа қол қоймаса, ол шартты қол қоюдан жалтарған деп есептеледі.
      63. Қызмет көрсету туралы шарт қол қойылғаннан кейін, өнім беруші екі жұмыс күн ішінде шарттың жалпы сомасынан 3 пайыз мөлшерінде шартты орындауды қамтамасыз етуді енгізеді.
      64. Шарт тиісті қаржы жылына міндеттемелер бойынша бекітілген жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінген қаражат шегінде жасалады.
      Тамақтанушылардың саны өзгерген жағдайда қолданыстағы шартқа қосымша келісім жасалады.
      65. Конкурста жеңімпаз болып танылған әлеуетті өнім беруші күнтізбелік 15 күн ішінде мемлекеттік мүлік туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мектеп асханасының бөлмесін және жабдықтарын жалдау жөнінде шарт жасасады.
      66. Көрсетілетін қызмет беруші жалдау шартын алғаннан кейін білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметті көрсеткенге дейін кәсіпкерлік қызметіне санитариялық-эпидемиологиялық  қорытынды алады.
      67. Шарттық міндеттемелерді орындау процесінде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шешіледі.
      68. Конкурс қорытындыларын шығарғанға дейінгі кезеңге қажеттілікке сәйкес білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді көрсетуге қажеттілік болған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін тиісті өнім берушіні тарту туралы шешім қабылдайды.
      Аталған шешімді қабылдаған жағдайда конкурсты ұйымдастырушы орта білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша белгілі қызметтер көрсететін өнім берушіге сұрату жібереді.
      69. Тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін өнім беруші келіскен жағдайда конкурсты ұйымдастырушының хаты түскен күнінен бастап үш жұмыс күн ішінде заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе анықтамасының (заңды тұлғалар үшін) немесе жеке кәсіпкерлік ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің, жеке куәлігінің (жеке тұлғалар үшін), бар болса қосымша құн салығы бойынша есепке алу туралы куәлік көшірмелерін, техникалық тапсырманы және қызметкерлердің біліктілігі туралы мәліметтерін қоса беріп, жауап жолдайды.
      70. Конкурсты ұйымдастырушы қызмет көрсететін белгілі өнім берушіден хат алғаннан кейін бір жұмыс күн ішінде өнім берушіге конкурс қорытындылары шығарылғанға дейін пайдалану мерзімімен қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты жібереді.
      71. Өнім беруші шарт жобасын алған күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде қол қойылған қызмет көрсету туралы шартты конкурсты ұйымдастырушыға қайтарады.
      72. Көрсетілетін қызмет беруші мен конкурсты ұйымдастырушы арасындағы шарттық қатынастар осы Қағидалардың 61, 62, 63, 64, 65, 66, 67, 68, 69, 70, 71-тармақтарымен реттеледі.
      73. Конкурстық комиссияның хатшысы екі жұмыс күні ішінде интернет-ресурста және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында көрсетілетін қызмет беруші туралы ақпарат жариялайды.
      74. Конкурсты ұйымдастырушы:
      1) ұсынылған өтінімдер болмаған;
      2) конкурсқа қатысуға бірде бір әлеуетті өнім беруші жіберілмеген;
      3) конкурс жеңімпазы шарт жасасудан жалтарған жағдайларда, конкурсты өткізілмеді деп таниды.
      75. Конкурс өткізілмеді деп танылған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы конкурс өткізілмеді деп танылған күнінен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, бірақ әлеуетті өнім берушілер конкурсқа қатысуға өтінімдер беретін соңғы күнге кемінде күнтізбелік он күн қалғанда интернет-ресурста және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарда орналастыру арқылы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурсты қайта өткізу туралы жариялайды.
      76. Конкурстық комиссияның шешімі бойынша қайта өткізілген конкурс өткізілмеген болып танылған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы осы Қағидалардың 68, 69, 70, 71-тармақтарына сәйкес қызмет көрсету туралы шарттың қолдану мерзімін көрсете отырып, өнім берушіге сұраныс жіберу арқылы тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді көрсететін белгілі өнім берушіні тарту туралы шешім қабылдайды.

4. Білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру үшін
жағдайларды қамтамасыз етуге талаптар

      77. Тағамды дайындау кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес гигиеналық нормативтерді сақтау қамтамасыз етіледі.


      78. Орта білім беру ұйымының медицина қызметкері күн сайын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес бракераж журналына жазу арқылы дайын тағамның сапасына органолептикалық бағалау жүргізеді.
      79. Медицина қызметкері тағамдардың С-витаминдеуін жүргізеді, асхана қызметкерлерінің медициналық тексеруден уақытылы өтуін бақылайды.
      80. Аспазшы күн сайын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес дайын өнімнің тәуліктік сынамасын алуды жүзеге асырады.
      81. Орта білім беру ұйымдарында ата-аналар комитеті өкілдерінің, мектеп әкімшілігінің, медицина қызметкерінің және басқа адамдардың қатысуымен тамақтандырудың сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия құрылады. Ата-аналар комитетінің өкілі комиссия төрағасы болып табылады.
      82. Комиссияның міндетіне жеткізілетін тамақ өнімдерінің сапасына, тағамдарды дайындау технологиясына тоңазытқыш-технологиялық жабдықтардың жарамдылығына, өнімдердің және дайын тағамдардың сақтау мерзімдері мен жағдайларының сақталуына мониторинг жүргізу кіреді.
      83. Комиссия жұмысының қорытындылары тоқсан сайын ақпарат түрінде ресімделеді, кейін ол білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесінде қаралады және орта білім беру ұйымының интернет-ресурсында орналастырылады.
      84. Көрсетілетін қызмет беруші айына бір рет өндірістік өзін-өзі бақылау жоспарына сәйкес санитариялық өңдеуді қосқанда өндірістік бақылауды қамтамасыз етеді.
      85. Білім беру органдары жанында жұмыс істейтін тамақтандырудың сапасына бақылау жасау жөніндегі ведомстворалық сараптама топтары тамақтандырудың сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия қызметіне жүйелі мониторинг жүргізеді және оқушыларды тамақтандыруды тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдайды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет