«Орта ғасырдағы Азия және Африка тарихы»



бет73/82
Дата01.11.2022
өлшемі0.66 Mb.
#463759
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   82
Азия

ХРИСТИАНДЫҚ . Христиан діні – әлемдегі ең көп тараған діндердің бірі, қазіргі таңда оның 2 миллиардқа жуық ұстанушылары бар. Христиандық православие, католицизм, протестанттық болып үш негізгі бағытқа жіктеледі. “Христос” сөзі грек тілінен алынған, мессия, құтқарушы деп аударылады. Көне Өсиетте Иисус Христос болашақта Израиль жеріне келіп, ол жердегі халықты қиыншылықтан құтқаратын, әділеттілікті орнататын пайғамбар ретінде сипатталады. Бұл дін біздің дәуіріміздің І ғасырында Помпей шапқыншылығынан кейін Рим империясының құрамына кірген Палестинада пайда болды. Палестинаның, әсіресе, оның орталық бөлігі – Самария тұрғындарының этностық құрамы әртүрлі еді. Бұл жерлерге қоныс аударғандар мұнда өз мәдениеттері мен нанымдарының белгілерін ала келді. Вавилон, парсы, македон басқыншылығын (б.д.б. VІ-ІІ ғғ.) және жат елдік Птоломейлер мен Селеквидтер әулеттерінің билігін бастан кешірген палестиналық еврейлер аз уақытқа саяси тәуелсіздікке қол жеткізеді. Б.д.б. 140 жылдан бастап тәуелсіз Иудеяны маккавей (хасмоней) әулетінің алғашқы священник-патшалары билейді. Олар ел аумағын ұлғайтумен қатар тұрғындарға иудей дінін қабылдатуға белсенді атсалысады. Б.д.б 36 жылы Рим қолбасшысы Гней Помпей әскерлері Иудеяны жаулап алады, сөйтіп, Сирия провинциясына қосылған Иудея Рим империясының бір бөлігіне айналды. Иудея мен Самария өзін-өзі басқарудың соңғы белгілерінен айырылды. Енді билік толығымен Рим тағайындаған билеушінің қолына шоғырланды. Бас абыз басқарған абыздар мен ақсүйек өкілдерінен тұрған кеңес – Синдрионның құқы шектеліп, ол римдіктердің толық бақылауына өтті. Саяси тәуелсіздіктен айырылуды Палестина тұрғындарының бір бөлігі қасірет ретінде қабылдады. Халық арасында әкелер өсиетін, діни рәсімдер мен тыйым салуларды бұзғаны үшін құдай қаһарына ұшырағандық туралы пікірлер кең таралды. Бұл еврейлердің діни-ұлттық топтары – хасидейлер (ізгі иудейлер) мен фарисейлер (жіктелгендер) ұстанымдарының нығаюына көп ықпал етті. Фарисейлер иудаизмнің тазалығы үшін, жат жерліктердің ықпалына қарсы күресіп, дәстүрлі тіршілік нормаларын сақтауға шақырды. Бұл Жаңа Өсиет мәтіндерінде көрініс тапты. Әлеуметтік құрамы бойынша фарисейлер қала тұрғындарының орта таптарынан (саудагерлер мен қолөнершілерден, синагога оқытушылары нан) тұрды. Жергілікті дәстүрлермен, киелі діни орындармен санаспаған жатжерліктер билігіне деген наразылық, Римге қарсы көтерілістердің аяусыз басып-жаншылуынан туындаған енжарлық, әлеуметтік және мүліктік теңсіздіктің тереңдеуі, ішкі қайшылықтар, сенімсіздік пен селқостық, болашақтың бұлыңғырлығы сезімі мен мистикалық сарыуайым сарындарын туындатты. Біздің дәуіріміздің І ғасырында Палестинада көп кешікпей құтқарушының, мессияның (машиах) “құдай белгісі бардың” келетінін және оның иудей халқын құтқарып, “иудей патшасы” болатындығын уағыздаушылар қаптап кетті. Шығыстың әртүрлі діни ілімдері сияқты Рим діні де аш-жалаңаш халыққа ешбір үміт бере алмады, Рим дінінің ұлттық сипаты ұлттық әділеттілік, аман қалу теңдігі идеяларын нығайтуға мүмкіндік бермеді. Христиан діні құлдық тәртіпті айыптап, қарапайым халықтың мүдделерін қорғауға талпынды. Сөйтіп, адамдарға Христос әкелген құдай ақиқатын тану арқылы әрбір адам бостандыққа жете алады деп жариялады. Адам төзгісіз қоғамдық қатынастарға қарсы шығып, әр адамға түсінікті адамгершілік құндылықтарды ұстануға шақырған христиан діні тез арада үлкен идеялық күшке айналды. Христиан дінін ұстанушылар бұл дінді адамдар ойлап тапқан жоқ, ол адамзатқа құдайдың жіберген діні дейді. Бірақ діни ілімдердің салыстырмалы тарихы христиан дінінің пайда болуына діни, философиялық, этикалық ықпалдардың болғанын айғақтайды. Христиан шылдық иудаизмнің, митраизмнің, көне шығыс діндерінің философиялық көзқарастарының тұжырымдамалық идеяларын игеріп, қайта қарастырды. Осының бәрі жаңа дінді байытып, нығайтты, оны ұлттық-этностық мәдениеттерге қарсы тұруға дәрменді мәдени-интеллектуалдық күшке, бұқаралық қозғалысқа айналдырды. Христианшылдықтың бұрынғы діни-мәдени мұраны игеруі жаңа ілімнің жалпыға танылуына мүмкіндік берді. Христиан ілімінің қалыптасуына Филон Александрийскийдің (б.д.б. 25-б.д. 50 жж.) неоплатонизмі мен римдік ойшыл Сенеканың этикалық көзқарастары ерекше әсер етті. Филон библиялық дәстүрге аян алуда танылатын және жаратушы сөзі ретінде түсінілетін Логос ұғымы мен эллинистік дәстүрде ғарыш қозғалысын бағыттайтын ішкі заң ретіндегі Логосты біріктірді. Филон Логосты мәнді пайымдауға мүмкіндік беретін Қасиетті сөз ретінде қарастырды. Филонның адамдардың туа біткен күнәһарлығы, мойынсұну, мәннің дүние бастауы ретіндегі ілімдері, Құдайға жақындау құралы – экстаз, жоғарғы Логос және Құдай ұлы болып табылатын логостар (періштелер) туралы идеялары, рухани бастаулардың иерархиялығы туралы түсініктері христиандық көзқарастардың идеялық алғышарттары болып табылады және бұл идеялар мен түсініктер христиандықтың қалыптасуына зор ықпал етті. Христианшылдықтың ізгілікке жету туралы адамгершілік ілімі Луцей Анней Сенека көзқарас тарына өте ұқсас. Сенека кез келген адам үшін бастысы құдайылық қажеттілікті түсіну арқылы рухани бостандыққа жету деп санады. Бастапқы христиандық қауымның құрамы негізінен қоғамның төменгі таптары – құлдар, ерік алғандар, қайыршылар және тағы басқалардан тұрды. Алайда ІІ-ІІІ ғасырлардың соңына қарай қауымдарда сенаторлық және әскери атағы бар адамдардың саны артты. Христиандық қозғалысқа ақсүйектер мен білімді адамдардың тартылуы оның әлеуметтік мазмұнын өзгертті. Жоғары тап өкілдері қауымда жетекші орындарға ие болды, мүлік жұмсау мен діни рәсімдерді атқаруға басшылық етті. Сол себепті олар теңсіздікті жою, қалыптасқан тәртіпке қарсы шығу идеяларын христиандықтан ығыстыруға тырысты. Римде императорға адалдық культі кең таралған еді. Император мүсінінің алдында құрбандық шалудан бас тарту саяси күмәнділіктің белгісі саналатын. Христиандар бұл рәсімді ұстанудан бас тартқандықтан, императорлар Траян (53-117), Марк Аврелий (121-180), Семтимия Север (146-221), Валериан (193-260 жж. шамасы), Диоклетиан (245-316) және т.б. кезінде қатты қуғынға ұшырады. Азап шеккендер культі христианшылдықтың таралуына және христиандардың бірігуіне ықпал етті. Көптеген христиандар қуғынан шөл далаларға қашты. Бұл осы уақыттарда христиан монахтығының пайда болуына ықпал етті. Қауымның әлеуметтік құрамының өзгеруі олардың әлеуметтік эволюциясын да анықтады. Бұрынғы демократиялық үрдістерден бас тарту күшейе түсті. Шіркеу мен қауым басшылары императорлық билікпен жақындасуға ұмтылды, ал императорлық билік өз тарапынан империяны бір дін аясында топтастыруға мүдделі еді. Ұлттық діндерді біртіндеп, атап айтқанда, рим дінін әлемдік дінге айналдыру сәтсіз аяқталды. Империя халқының бәріне түсінікті ортақ нәрсе қажет болды. Император Константин 312 жылы христиан дінінің мемлекеттік дінге айналуына бастау болған Милан шешімін қабылдады. Ал 325 жылы толыққанды билікке қол жеткізген Константин Рим империясының аумағында христиандықтың шектеусіз таралуын және оның басқа діндермен теңдігін қамтамасыз етті. Христиан ілімі Қасиетті Жазу – Библия мен Қасиетті Аңызға – шіркеу әкейлерінің айтқандарына, соборлардың шешімдеріне негізделеді. Алайда, ерте христиандықта бұл негіздер болған жоқ. Христианшылдық ұзақ уақыт бойы ауызша дәстүрге негізделген уағыздар айту, аңыз-әңгімелер – “игі хабарлар” арқылы таралды. Алғашқы ғасырларда әртүрлі қауымдарда әртүрлі евангелиялар, жеке адамдардың істері туралы жазбалар пайда болды. Сол уақыттарда белгілі болған жазулар: Петр, Андрей, Варфоломей, Лука, Иоанн евангелиялары, аталған Матвейден келген евангелиялардың әртүрлі нұсқалары еді. Сонымен қатар топтардың атауымен аталып, сол топтарда қадір тұтылған евангелиялар да, мысалы, назорейлер, эбиониттер, еврейлер евангелиялары да пайда болды. Бұдан басқа Петр Апокалипсисі, Павелдің лаодикейліктерге, александриялықтарға арнаған хабарлары, оның Сенекамен алысқан хаттары, Петр уағыздары, 12 апостолдар ілімі (“Дидахе”), Герма “Пастрі” сияқты аян алу жанрына жататын кітаптар да кездеседі. Христиандар арасындағы кикілжіңнің себебін түсінгісі келген император Константин епископтардан қасиетті кітаптар тізімін жасауды талап етті, сөйтіп канонды жасақтау ісін тездетті. Константиннің мақсаты бір орталықтан басқарылатын империяға сәйкес келетін бір орталықтан басқарылатын ортақ ілім негізінде шіркеулерді біріктіру болды. Константин қайтыс болғаннан кейін 363 жылы болған Лаодикей соборы канондалған христиандық шығармалардың тізімін белгіледі. Алайда, Жаңа Өсиет құрамына енген кітаптар тізімі 429 жылы Карфаган соборында бекітілді. Жаңа Өсиет құрамына 4 Інжіл, апостолдардың 21 өсиеті және Иоанның Апокалипсисі кірді. Бұлардың барлығы христиандар үшін киелі кітаптар болып саналады. Ал қалғандарын шіркеулік дәстүр апокрифтік (жалған) шығармалар қатарына жатқызады. Христиандық догматтардың бір де біреуі аяқталған күйде пайда болған жоқ, негізгі догматтар канондалғаннан соң даолардың төңірегіндегі пікірталастар толастамады. Соборлар мен олардан тыс жерлерде әртүрлі топтар арасында христологиялық пікірталастар жүріп жатты. Олар құдайдың үштік бірлігі, құдайға айналу (боговоплощение) және күнәдан арылу қағидаларының төңірегінде топтасты. Б.д. 325 жылы Константин талабы бойынша шақырылған және оның төрағалығымен өткен христиан шіркеулерінің Никей соборы құдай-әке мен құдай-бала бір мәнді емес деп тұжырымдаған александриялық епископ Арийдің және оның ізбасарларының ілімін айыптап, Афанасий Александрский ілімін қолдап, осы қағиданың түпкілікті түсінігін жасады. Құдай үш бірліктің тұтастығы және құдай-бала мен құдай-әке бір мәнді деп танылды. ІV ғасырдың 60 жылынан бастап бір-бірімен келіспейтін көптеген теологиялық бағыттарды тудырған Қасиетті Рух статусы туралы мәселе қойылды. Мысалы, духоборлар (македонияндар) Рухтың құдайылығын Әке мен Балаға теңестірмеді. Алайда, шіркеулік пікірталастар толастамады. Христиан мәселелерін талқылау барысында теологтар күннен-күнге көбейген ілім белгілерін анықтау қажеттілігіне тап келді. Құдайдың үштік бірлігі идеясымен қатар Иса пайғамбардың бойында адамилық пен құдайылық қалай ұштасады деген мәселе де күн тәртібінен түспеді. Б.д. V ғасырда адамға құдайылықтың қонуы туралы қағида төңірегінде қызу пікірталастар орын алды. Константинополь патриархы Несторий Христос бойындағы адами және құдайылық бастаулардың ара-жігін толық ажырату идеясын алға тартты. Алайда б.д. 431 жылы Ефес соборы “Христос бірлікте болады” деген шешімге тоқталды. Монофизиттер болса Христостың тек құдайылық табиғаты бар деп тұжырымдады. Монофизиттікті император Феодосий ІІ (401-450) мен 449 жылы эффестік “қарақшылар” соборы қолдады. Феодосий ІІ қайтыс болғаннан кейін император-әйел Пульхерия мен оның қостаушысы Маркиан Диаскор қарсыластарына қолдау жасады. Халкидон соборы Христос әрі Құдай әрі адам, Құдайылықтан мәңгі туыла отырып, ол Дева Мариядан адам болып туды, Құдайылық пен адамилық онда араласпайды, өзгермейді (монофизиттерге қарсы), ажырамайды (несториандарға қарсы) деген құдайға айналу догматын қабылдады. Император Маркиан бұл догматтарды мойындаудан бас тартқандарды қатал жазалау туралы заң шығарды. VІ ғасырдың ортасына қарай Иисус Христосты қалай бейнелеу керек деген пікірталас та шешілді. Бесінші Константинопольдық ІІ (553 жыл) Әлемдік Собордың 82-ережесі Құдай Ұлын агнец бейнесінде емес, адами келбетте бейнелеуге міндеттеді. Жаңа тұрпаттағы Христос бейнесі діндарларға мойынсұну мен бағынуды, жанашу мен аман алып қалатын құрбандықтың қасиеттілігін жеткізуі керек болды. Христиандық культтің орнығуы да талас-тартысқа толы болды. Алғашқы ғасырларда шіркеу әулиелерді бейнелеуге қатаң тыйым салды. Эльвирдегі шіркеулік Собор қабырғаларда табынатын еш нәрсе болмау керек деген ережені бекітті. ІV ғасырдың соңында шіркеу жазушыларының бірі – Евсевий діни ғұрыптарда иконаларды қолдануды пұтқа табынушылық деп санады. VІІІ ғасырда несториандар мен монофизиттер де иконаға табынуға қарсы болды. Осы кездерде иконаға табынуға тыйым салған үкімет қаулылары да шықты. Бұл пікірталас тек жетінші ІІ Никейлік (787) Әлемдік Соборда шешілді. Собор әулиелер мен қасиетті оқиғаларды бейнелеп, оларға табынудың қажеттілігі туралы ережені белгіледі. Ал христиандық құпиялардың және оларға тікелей қатысты рәсімдердің қалыптасуы тіптен ұзаққа созылды. V ғасырдың соңында шоқыну құпиясы, ал кейін евхаристия қабылданды. Бірнеше ғасырлар бойы христианшылдық біртіндеп шоқыну, хош иісті май жағу (миропо мазание), шырша майымен тазару (елеосвящение), неке, жалбарыну, тәубеге келу, қасиеттілік құпияларын енгізді. Христианшылдық біртұтас діни ағым бола алмады. Рим империясының көптеген провинцияларына таралу барысында ол әр елдің жағдайына, қалыптасқан әлеуметтік қатынастарға, жергілікті дәстүрлерге бейімделді. Христиан дініндегі ең ірі жіктелудің бірі негізгі екі бағыттың – православие мен католицизмнің пайда болуы еді. Бұл жіктелу бірнеше ғасырлар бойы жүрді. Ол Рим империясының батыс пен шығыс бөлігіндегі феодалдық қатынастардың даму ерекшеліктеріне және олардың арасындағы бәсекелестікке байланысты болды. Христиандықтың несториандық бағыты ІІІ-ІV ғасырлардан бастап Орта Азия аймағына кіре бастады. Ортодокстық христиандықтан айырмашылығы сол, несториандар Иисус Христосты Құдай Ұлы емес, қатардағы адам деп санайды. Тарихи деректер несториандықтың Орта Азия және Қазақстанда әсіресе патриарх Тимофейдің (780-820 жж.) тұсында кеңінен таралғанын айтады. Қазіргі таңда Қазақстанда христиандықтың үш бағыты да (католицизм, православие, протестанттық) көрініс тапқан. Сонымен қатар 1994 жылдан бастап Алматы қаласында Армяндық шіркеуге жататын армяндардың “Сурб Хач” (Қасиетті Шармық) атты діни жамағаты тіркеуден өтіп, қызмет етуде.
Қазіргі кезде діни мәселелер өзектілікке ие. Жалпы дін әрқашан өзектілігін жоғалтпайды. Әр-түрлі әлеуметік, саяси шиеленістердің себебі дінде болу жағдайлары кездесуде. Бұл әрине діни сауаттылықтың өз дәрежесінде еместігінен. Мектепте Діндер тарихы деген пәннің енгізілгені бостан-бос емес. Әсіресе әлем діндері туралы білімнің болғаны абзал. Діннің табиғаты не, функциялары қандай, түрлері туралы білу қазіргі заманның талабы. Осы сұрақтарға жауаптарды білетін азамат түрлі миссионерлердің арбауына ешқашан түспейді. Негізінен әр адам дінде қозғалатын әр-түрлі тақырыптар бойынша толғанады, бірақ сол сұрақтарға жауап беретін адамдар әрқашан табылмауы мүмкін. Ендігі мектептегі өзгеріс бұл мәселені біршама шешеді. Тек мұғалімдердің өзінің діни білімдері жетіп, оқушыларды шатастырмаса болғаны. Баяндамаға материалдарды іздеу барысында Адам және қоғам оқулықтарын қарастырдым. Бірақ дінге байланысты тақырыптардың аса сауатты жазылғанын байқамадым. Дін деген өте маңызды да нәзік адамның рухани өмір саласы. Бұнда өте мұқият болған абзал. Діндер тарихын оқытуда бірнеше қағидаларды қатаң ұстанған жөн. Олар: дін бойынша кемсітуге жол бермеу, әркімнің өз дінін ұстануына кедергі жасамау, әлем діндері жайлы мардымды ақпарат беру, секта, миссионерлік жайлы түсінік беру, ғылымилық принциптері. Осы принциптерді қатаң ұстану арқылы келеңсіздікке жол берілмейді. Қазақта қылшығын алайын деп былшығын алып жүрмейік деген мақал бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   82




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет