Өтетін күні: 18. 03. 2014 жыл Өтетін орны: акт залы Жүргізушілер



Дата17.07.2016
өлшемі77.71 Kb.
#206143
Тасмола орта жалпы білім беретін мектебі

Қош келдің, Әз Наурыз!

Мектепішілік наурыз мерекесінің сценарийі

Өткізген: Тәрбие ісінің орынбасары

С.А.Кужамкулова

2013-2014 оқу жылы

Армысың, Әз Наурыз!
Өтетін күні: 18.03. 2014 жыл

Өтетін орны: АКТ залы

Жүргізушілер: Қайыржанова Айым

Оңғаралиева Мөлдір



1-жүргізуші:
Бағыма көктемменен еніп едің,
Іздедім шуағыңнан көңіл емін.
Бір мезгіл жоғалғаным табылғандай
Шаттанды шашуыңнан төңірегім.
Көркейтсін баспасын да даланы мұң
Тербетсін табиғатты дана жырың
Қош келдің, төрімізге төрлет бүгін!


2-жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Бәріміздің көптен күткен Наурызымыз да келді!
Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді боп, тілектеріңіз қабыл боп, аман-есен тойдан тойға жетіп, ескі ауыртпалықтарыңыз ескі жылда кетіп, жаңа жылда, жаңа үміт, жаңа тіршілікпен, осы ұлыстың ұлы күнінде елімізге, жерімізге Наурызымыз есігін қуанышпен ашсын. Барлық жақсы ниет-тілектеріңіз қабыл болсын! Мектебіміздің «Армысың, Әз Наурыз» атты мерекелік кешіне қош келдіңіздер!
1-жүргізуші:

Бармысыздар, қадірменді халайық! «Ұлыс оң болсын! Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын», - деп, өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілеп, ақ көңіл, адал жүрекпен дос құшақтарды айқастырып табысатын қасиетті күн – Наурыз мерекесі құтты болсын!




2-жүргізуші:
Мерекелік құттықтау сөз мектеп директоры Айшуаков Ерлан Мәлікұлына беріледі.


1-жүргізуші:
Уа, жараңдар, жараңдар!
Көңілің бар алаңдар
Ата менен анаң бар 
Үлкен кіші ағаң бар
Наурыз тойы басталды
Бәрің бері қараңдар!

2-жүргізуші:

Ау, жарандар, жарандар!

Қызыққа мына қараңдар!

Ұлыс күні жаңаша,

Болыпты бір тамаша.

1-жүргізуші:

Түк татырмас Шығайбай,

Тек Алдардан ығар бай,

Мырза болып көл-көсір,

Өнерді бір шығарды-ай.
2-жүргізуші:

Оңға да, солға да шашылды, төгілді,

Бүгінгі мейрамда Шығайбай көңілді.

Бұрынғы өмірмен шорт кесіп құйрықты,

Бастамақ қайтадан жаңаша өмірді.
1-жүргізуші:

Бұрынғы әдетпен,

Алдауға, сынауға.

Бермесе байғұстан,

Өңешін бұрауға,

Алдар да кеп жетті.


2-жүргізуші:

Ал, енді, қараса,

Бұл неткен тамаша.

Шық бермес Шығайбай,

Бәйбіше, қызымен,

Қарсы алды таласа.


Алдар: Уа, кім бар екен! Құдайы қонақпыз!

Шығайбай: Қош келдің, қош келдің қонағым!

Алдар: Ассалаумағалейкум, байеке!

Шығайбай: Уағалейкумассалам!

(Екеуі төс түйістіріп амандасады).

Алдар: Ұлыс оң болсын, байеке, ақ мол болсын!

  • Бірге болсын! Әй, бәйбіше, Алдекең келді, құтты қонақ келді. Қазан көтеріңдер, ас салыңыздар!

Бәйбіше: Е, өзіміздің Алдаржан екен ғой. Жоғары шық, қарағым, төрлет. Бізбикежан, қонақ келді. Көрпе төсе, сусын әкел.

(Бізбике көрпе төсейді, екеуі төрге шығып отырады).

Шығайбай: Ал, Алдеке, көптен көрінбей кеттің. Аман саусың ба? Мал-жан аман ба? Не жаңалығың бар, айта отыр?

Алдар: Жаңалығым сол, жер-жерде жұрт Наурыз тойын тойлап жатыр екен. Елдің еңсесң биік, соған қуанам.

Шығайбай: Иә, Наурыз – құт-береке дарыған той ғой, ылайым солай болғай.

Міне, сусын ала отыр Алдеке.



(Бізбике айран әкеліп, қонақтарға ұсынады).

Шығайбай: Өзіңнің әзіліңді сағындым, бір нәрсе айтып, көңілімізді бір серпілтіп тастасаңшы.

Алдар: Не жайлы айтсам екен? (Айранға қарап)

Өкпелеп қалмайсың ба?



Шығайбай: О, не дегенің? Ұлыс күні өкпе-наз деген бола ма?

Алдар: Ендеше, мына айран туралы болсын:

(Тамағын кенеп)

Мынау тұрған айран,

Кез болдың маған қайдан?

Бәйбішеге жолығып,

Айыыырылыпсың-ау – майдан.

Қанша сенің, айран,

«Коммерческий» бағаң?

Шөліркеп отырған ағаң,

Е, қайран айран?

Шығайбай: Өй, Алдеке, тілің өткір ғой, шіркін! Түк өзгермепсің, ә!

Бәйбіше, тезірек асты қамдаңыздар, қонақтардың қарны ашқан шығар.



(Дастархан жайылып, тағамдар қойылады).

Шығайбай: Дәм алыңыздар, қонақтар! Қош келдіңіздер!

Бәйбіше: Наурыз – молшылықтың, берекенің тойы. Наурыз күні әр адам төріне дастархан жайып, бар жылы-жұмсағын дастарханға қояды. Шаңыраққа келген барлық қонақ дастарханнан дәм татып, ақ батасын береді. Сондықтан да, бұл күнді құт пен береке дарыған күн деп атайды.

Міне, мынау таба нан,

Қасиеті күшті қара нан.

Өмірдің нәрін сіңіріп,

Мирас болған бабадан.

Ауыз тисін алдымен,

Бастайық үлкен анадан.

(Залдағы үлкен кісіге шелпектен ауыз тигізеді).

Бізбике:

Құрт, бауырсақ тағы бар,

Қызылы бар, ағы бар.

Баласы қайда бұл тойдың,

Алыңдар қане, алыңдар!

(Балаларға бауырсақ шашады).

Алдар:

Қазақта «Қонақ кәде» деген болады. Мойнымызда қарыз болып қалмасын, содан құтылайық. Мына жолдасым жақсы ән айтып берсін.



(Сахнада наурыз тойы жайлы ән орындалады).

«Дастархан» әні шырқалады.
Шығайбай: Бәрекелді, жарайсыңдар жігіттер! Қызым, өнерден бізде құр алақан емес едік қой. Сенде ауылдың «алтыауызын» шырқатып жібер.

Бізбике: Мен ағалардың өнеріне тәнті болдым. Құрметті қонақтарға арнап би билеп берейін. Қабыл алыңыздар.

(Жайлы ырғақтағы әнге қазақ биі биленеді).
Ән: «Бала тілегі»

Орындайтын Мұқанова Мөлдір
Бәйбіше: Бұл – Наурыз көже – қасиетті ас. Бұған жеті түрлі тағам қосады. Ауыз тиіңіздер, бәріңізде!

(Алдымен өзі ішіп көріп) Бұл көжеде еліміздің ақ ниеті бар екен.

Шығайбай: Сезімнің шыңы – адалдық бар екен.

Алдар: Өмірдің нұры – адамдық бар екен.

Алдардың жолдасы: Анаға біткен мейірім бар екен.

Бізбике: Әкеге біткен қайрат бар екен.

1-жүргізуші: Балаға біткен қарыз бар екен.

2-жүргізуші: Ерге біткен парыз бар екен.

Бәйбіше: Қос қанатты арман бар екен.

Уа, халайық, халайық! Ауыз тиіңдер, қалмаңдар!


1-жүргізуші:
Ән: «Наурыз»


Орындайтын: Бисалиева Гүлсара



2-жүргізуші:
Жүріңдер Наурызға басып аяқ,
Қалыс қауым болмасын некен саяқ.
Ән шырқап, би билейтін қауым болып,
Тұрмайық, уақыт келді өнерді аяп.


Ортада Аскарова Райхан. Қазақ биімен.
1-жүргізуші:
Құт береке, Наурыз айым келді деп,
Жер түледі, жасыл желек желбіреп,
Айналайын ата мекен кең далам.
Толықсиды нұрға балқып, елжіреп.
2-жүргізуші:
Аспанымда ақша бұлттар аунайды,
Наурыз тойы көңілімді баурайды.
Тебіренген табиғат та мәз мейрам,
Аңқылдаған қазағымнан аумайды.


«Наурыз дәм». Ортада 5-сынып оқушылары.
Бата беру
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын.
Ұлыс береке берсін
Пәле-жәле жерге енсін
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып кәрі-жас,
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жұмырасып өріскен,
Шалдар бата беріскен
Ұлыс күні қазан толса
Ол жылы ақ мол болар
Менің берген бұл батам
Алланың құлағына шалынсын!

Әумин!


1-жүргізуші:

Салт-дәстүрмен жарасса,


Жыр оқиық тамаша.
Жарыса өнер көрсетіп,
Той тойлайық жаңаша.
2-жүргізуші:

Қыс өтіп, қар кетті,


Жырлайық жаз жетті.
Мейрамы ежелден
Құтты болсын Наурыз!

Оңғаралиева Айгерімнің орындауында «Наурыз» әні. Қарсы алыңыздар!
1-жүргізуші:

Күн менен түн теңелді,


Жер шуаққа кенелді,
Қуанышта ел енді.
Наурыз келді салтымыз:
Көгерсін деп халқымыз
Көшеге тал егеді.
Наурыз тойы – береке,
Наурыз тойы – жыр-аңыз.

Би: «Балалық шақ». Сахнада Оңғаралиева Мөлдір.
2-жүргізуші:

Уа, халайық, халайық,

Ақ сандықты ашайық.

Бұл мереке, бұл тойдың,

Жыр шашуын шашайық.
Ортада «Наурыз айтыс». Сахнада 9-сынып оқушылары.

1-жүргізуші:

Күн мен түн теңелді,

Жер шуаққа кенелді.

Соны тойлар ел енді.

Наурыз тойы – салтымыз,

Көгерсін деп халқымыз,

Көшеге тал егеміз.
Көрініс: «Күн мен түн»

Күн: Таңатар Арина

Түн: Батырғали Саягүл

(Ортаға күн мен түн шығады).
Күн: Сәулесі мол Күнмін,

Түн: Жұлдызы көп Түнмін.

Екеуі бірігіп: Бүгін біздер бірдей боп,

Теңелеміз бүгін біз.



Түн: Ал ертең, күн ұзақ,

Күн: Түн қысқарар бірақ.

Екеуі бірігіп: Ұйқы қанбай қалып,

Жүрмеңдер тек бірақ.


1-жүргізуші:

Әнім де саған, биім де,


Құт қонақ өзің үйімде.
Қуаныш сыйлар еліме,
Күлімде, Наурыз, күлімде.
Бисалиева Гүлсараның орындауында «Қыз сыны» әні. Қабыл алыңыздар!
2-жүргізуші:

Наурызым - тойлы нұрлы күн,


Мерейің асып тұр бүгін.
Жерімнің жүзін жылыттың,
Елімнің сақта бірлігін!

Ортада 7, 10 сынып оқушылары. «Тұсау кесу» рәсімі.
1-жүргізуші:

Ал, халайық, тұрмайық,


Әндетейік жырлайық!
Ортамызды ашайық,
Ырыс тілеп бұл жылға,
Әннен шашу шашайық!

Ән: «Шілдехана». Орындайтын Мұқанова Адина.



2-жүргізуші:

Кедеймін деп қысылма,


Өнерің болса қолыңда.
Өнерлінің ырысы
Жарқырап жатыр жолында.
Наурызда ән салайық, би билейік,
Өнермен өрге басып өрлейік.

Оңғаралиева Мөлдірдің орындауында би «Қамажай». Қабыл алыңыздар!


1-жүргізуші:

Наурыз тойы – береке,


Наурыз тойы – жыр – аңыз.
Қызық думан - мереке,
Қызық думан құрамыз.

Сахнада 6-сынып оқушылары. «Бесікке салу».
2-жүргізуші:

Наурыз – достық, Наурыз – күн,


Барша халық бірлігі.
Тағы келді Ұлыс күн,
Жалғасып ғалам тірлігі.
Ән: «Әгугәй»

Орындайтын: Оңғаралиева Ботагөз
1-жүргізуші:

Ән: «Бір бала»

Орындайтын: Мұқанова Мөлдір
2-жүргізуші:

Әнім де саған, биім де,


Құт қонақ өзің үйімде.
Қуаныш сыйлар еліме,
Күлімде, Наурыз, күлімде.


Ортада 8-сынып оқушылары. Қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі «Келін түсіру».



1-жүргізуші:

Наурыз – көктем мерекесі.


Наурыз – жыл басы.
Наурыз – жаңа серпін, жаңа леп.


2-жүргізуші:

Наурыз – қуаныш мерекесі,


Бақыт пен шаттық мерекесі.

Мұқанова Мөлдірдің орындауында «Тамаша» әні.
1-жүргізуші:

Құтты болсын жаңа жасың, қазағым,

Қызыл-жасыл тарқамасын базарың!

Биылғы Жыл – берекелі Жылқы жылы,

Арта берсін, елдің көркі, жер нұры!
2-жүргізуші:

Хош келдің Жаңа жыл,

Жаңа бақыт, жаңа нұр!

Төрлет Наурыз төріме,

Береке бер еліме!
Екеуі:

Құт-береке, бірлік-тірлік,

Ынтымақ орнасын еліме!
1-жүргізуші:

Ән: «Қош келдің, жаңа жыл»

Орындайтын: Оңғаралиева Ботагөз
2-жүргізуші:
Осымен «Армысың, Әз Наурыз!» атты мерекелік кешіміз аяқталды.


1-жүргізуші:
Наурыздан наурызға аман-есен жете берейік!

Қош келдің, Әз-Наурыз!



2-жүргізуші:

Көріскенше күн нұрлы болсын, ағайын!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет