ОҚу жүйесін компьютерлендіру мақсатында бейімдеу технологиясын пайдаланудың ерекшеліктері



Дата12.06.2016
өлшемі107.65 Kb.
#131087
ОӘК 001:378
Салғараева Гүлназ Ибрагимқызы – тех.ғ.к., профессор (Алматы, КазМем ҚызПУ)

Дархан Нұржанат Дарханқызы – магистрант (Алматы, ҚазМемҚызПУ)
ОҚУ ЖҮЙЕСІН КОМПЬЮТЕРЛЕНДІРУ МАҚСАТЫНДА БЕЙІМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Оқу жүйесін компьютерлендіру мен автоматтандыру Қазақстан Республикасының білім жүйесін болашақта заманауи технологиялардың қарқынды дамуы мен компьютерлік жүйені оқу-тәрбие үдерісіне енгізуімен тығыз байланысты. Компьютерлендіру – білім алушыны жеке тұлға ретінде дамытуға игі ықпал ететін, оның өз бетімен білім іздеуіне мол мүмкіншіліктер беретін білім беру әрекетінің жүйесі. Есептеу жүйелерін және компьютерлендіруді пайдалану негізінде автоматтандыру – ақпаратты пайдалану және өңдеумен байланысты заманауи қоғам өмірінің барлық саласының дамуының міндетті шарты және одан білім беру саласы да тыс қалмайды.

Білім беру жүйесін компьютерлендіру – нақты жағдайда нені оқу қажеттігін анықтауға, қашықтықтан оқыту жүйесінде білімді ұсынуға, тасымалдауға, алуға, іздеуді қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Ашық білім берудің заманауи концепциясы білім берудің көп деңгейлі сипатын, сонымен қатар, білім алушының сұраныстарына сәйкес келетін оқу құралын, орнын және уақытын таңдау мүмкіндігін болжайды. Оқу үдерісінің бейімделу мәселесін шешу үшін көп технологияның ішінен, әдетте, білім берудің бірізділікпен құрылу жолы таңдалады. Оқытудың бірізділікпен құрылу жолы мәселесін шешуде пәндік саланы домендік ұсынуда пайдаланылатын әдістер мен білім беру курсын генерациялауға арналған педагогикалық ережелер жиыны кеңінен таралған. Пәндік саланың домендік модельдерін тұрғызу қиындығы, оқу объектілерін білім құрылымымен байланыстыру, сондай-ақ, мамандандырылған контентті ұсынуда стандартталмаған шешімдерді қолдану оқу объектілерінің концепцияларын бірнеше рет қолдану мүмкіндігіне кедергі келтіреді.

Педагогикалық ережелерді құруда ықшамдауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған құралдардың бар болуына қарамастан кез келген жағдайға сәйкес келетін ережелерді генерациялау мүмкін емес [1]. Бұл оқытудың бірізділікпен құрылу үдерісі барысында әртүрлі тәсілдерді жасау мәселесіне алып келеді. Жоғарыда айтылғанның барлығы оқу объектілері негізінде бейімді оқу курстарын тұрғызу саласында қосымша зерттеулерді жүргізудің көкейкестілігін анықтайды.

Бейімдік үйретуші жүйе (БҮЖ) - білім алушылардың қажеттілігіне байланысты құрылымдарының немесе өзіндік параметрлерінің өзгеруіне бейімделуге қабілетті жүйе болып табылады.

Компьютерлендіру арқылы үйренушілерді бейімдеуді үш иерархиялық деңгейге бөлуге болады:


  • студенттерді тұтынушы ретінде бейімдеу;

  • студенттерді деңгейіне қарай топтастырып бейімдеу;

  • жеке тұлға ретінде бейімдеу;

Бейімдеудің бірінші деңгейі компьютерлік оқыту жүйесіндегі әрбір студентті тұтынушы ретінде қарастырып, олардың қажеттілігіне орай және де әрбір пайдаланушы тобына арнайы интерфейс құрылуына байланысты жүзеге асады. Осындай бейімділік әртүрлі компьютерлік жүйелерге тән болады.

Студенттердің интеллектуалды оқыту жүйесінде келесі мүмкіндіктердің болуы қажетті: үйрету, білімін тексеру, жаттығулар, анықтама мәліметтері және көмек, видео-дәрістер және олардың презентациялары, оқытушыға сұрақтар, конференциялар, студенттік форумдар, электронды әдістемелік құралдар, сабақ жүру барысына пікір енгізу және т.б.

Студенттерді деңгейіне қарай топтастырып бейімдеу таңдаған мамандықтарына, білім беру бағдарламаларына, тұлғаның жасына және психологиялық бағыттылығына қарай бейімделуін қамтамасыз етеді. Бейімделудің бұл деңгейі оқытудың мақсатын, яғни қажетті білімнің көлемін, біліктілік және оны игеру деңгейін анықтайды; студенттердің деңгейлік тобына қарай оқытудың әдістерін таңдауға, сонымен қатар ақпараттарды көрнекті көрсететін тәсілдерге негізделген [2].

Оқыту әдістерін таңдауда және ақпараттарды көрнекті түрде көрсету әдістерінде білім алушының жасы мен тұлғаның психологиялық бағыттылығы әсер етеді (өзіне, тапсырмаға әсер ету бағыттылығы).

Үшінші деңгей студенттерді жеке тұлға ретінде бейімдеудің ең үлкен дәрежесіне жеткізеді, себебі ол студенттің тұлғалық сипаттамасына, яғни студенттің осы уақытқа дейін және болашақта алатын біліміне, біліктілігі мен дағдысына, тәжірибесіне және т.б. негізделген.

«Оқу жүйесінде не бейімделуі мүмкін?» деген басты сұраққа жауап беру мақсатында, П.Брусиловский келесідей бейімдеу технологиясын ерекшелеп айтып өтеді [3]:



  • оқудың жүйелі түрде бірізділікпен құрылуы;

  • ақпараттың бейімділікпен берілуі;

  • шешімдердің зияткерлік талдануы;

  • мәселені шешуде интерактивті көмек;

  • навигациядағы бейімді көмек;

  • мысалдар негізінде есептерді шешу;

  • бірлестікке бейімделген көмек.

Осы бейімдеу технологияларын тереңірек қарастырайық [3].

Оқудың жүйелі түрде бірізділікпен құрылуы

Бейімдік жоспарлау технологиясының мақсаты - (оқуды жоспарлау технологиясы деп те аталады) білім алушыға аса қажетті жеке жоспарланған бірізділікті модульмен білім беру мен үйренетін тапсырмалардың белгілі бір ретпен жүргізілу жұмысы болып табылады (мысалдар, сұрақтардың т.б.). Басқаша айтқанда, ол білім алушыға оқытылатын материалдан тыс, «оңтайлы жолды» табуға көмектеседі.

Жүйеліліктің құрылуының 2 түрі бар: белсенді және пассивті.

Белсенді жүйеліліктің құрылуы оқытудың мақсатын негіздейді (мысалы, пән төңірегіндегі оқытылатын түсініктің көп болуы).

Көптеген жүйелер оқудың мынадай негізгі мақсатына ие, ол – оқу курсындағы түсініктің мәнді және мол болуы. Көптеген жүйелер бейімді түрде оқытушы немесе студентке осы мақсатқа сай көптеген оқу курсының біреуін таңдауға мүмкіндік береді.

Пассивті (түзетуші) жүйелеу кері байланыс технологиясы болып табылады және оқытудың белсенді мақсатын қажет етпейді. Ол пайдаланушының тапсырманы шеше алмаған немесе сұраққа дұрыс жауап бере алмаған жағдайда әсер ете бастайды. Бұл жағдайда коррективті технология пайдаланушыға көптеген қол жетімді ақпараттық материалдар арқылы студенттің қалып қойған білімін жетілдіруге арналған мүмкіндіктерін ұсынады.

Сонымен қатар, бейімдік жоспарлаудың 2 деңгейін бөліп көрсетуімізге болады. Олар: жоғары және төменгі. Жоғары деңгейлі реттеу немесе білімді реттеу келесі тұжырымдамаларды немесе тақырыпты анықтайды. Төменгі деңгейлі реттеу немесе тапсырмаларды реттеу ағымдағы тақырыптағы келесі оқытушының тапсырмаларын анықтайды (тапсырма, мысал, тест).

Қазіргі уақытта бейімдік жоспарлау технологиясы технологиялардың ең бастысы болып табылады және БҮЖ үшін ең танымал технология.

Шешімдердің зияткерлік талдануы

Білім алушы шешімдерінің зияткерлік талдануы бұл – үйретуші тапсырманың (программалаудың қарапайым сұрақтарынан күрделі тапсырмаларына дейін) себебін түсіндірместен алған ақырғы жауабымен жұмыс, яғни студенттің нақты берген жауабы,

Жауап дұрыс па, жоқ па содан басқаны анықтай алмайтын зияткерлік емес тексеруші программалардан айырмашылығы, бұл зияткерлік анализаторлар қайсысы дұрыс емес, қайсысы толық емес, қайсысы болмағаны немесе қатеге сай дұрыс емес мәліметті көрсетіп береді. Зияткерлік анализаторлар қатемен жедел түрде кері байланыс жасауға және білім алушы моделін түзетуге мүмкіндік береді.

Мәселені шешуде интерактивті көмек

Мәселені шешудегі интерактивті көмектің мақсаты - білім алушыға шешімнің әрбір қадамында зияткерлік көмек беру болып табылады, яғни білім алушыға келесі қадамды орындағанға дейінгі ишараның берілуі.

Бұл технологияны жүзеге асыратын жүйе, білім алушының іс-әрекетін бақылай алады. Оны түсінуге және осы түсінікті білім алушының үлгісін модельдеу мен көмек беруде қолдануға бағыттайды.

Мысалдар негізінде есептерді шешу

Мысалдар негізінде есептерді шешу контексінде білім алушы алдыңғы алынған тәжірибесінің мысалдарын көмек ретінде қолдана отырып, жаңа тапсырмаларды орындайды.

Бұл контексте БҮЖ білім алушыға ең ыңғайлы нұсқаларды ұсыну арқылы көмектеседі (мысалдар, оларды түсіндіру немесе олардың алдында шығарған есептері).

Ақпараттың бейімді көрсетілуі

Ақпараттың бейімді көрсетілу технологиясының мақсаты – пайдаланушының тапсырмасындағы гипермедиа бетінің мазмұны, оның білімі мен басқа ақпараттары пайдаланушының үлгісінде сақталуы болып табылады. Бейімді көрсетілу жүйесінде ақпарат беті статикалық болмайды. Олар бейімді түрде өңделінеді немесе әр пайдаланушы үшін бөліктерден құрастырады. Мысалға, бейімді көрсетілу технологиясын техникада қолдану кезінде жақсы дайындалған пайдаланушы тәптіштелген, терең ақпаратты алады, ал жаңа келген пайдаланушы қосымша түсіндірулерді ғана алады.

Бірлестікке бейімделген көмек немесе ынтымақтастықтың бейімдік қолдауы

Бірлескен жұмыстың бейімдік қолдауының мақсаты - бiрлескен жұмыс үшiн теңгерім жасалған топ қалыптастыруда (пайдаланушы үлгiлерiнде сақталған) әр түрлi пайдаланушылар туралы жүйенiң бiлiмдерiн пайдалану болып табылады.

Берілген мысалдар арқылы осы уақыт мезетінде бірлесіп тапсырма шешетін топ қалыптастыруға немесе тақырып бойынша сұрақтарға жауап бере алатын ең құзіретті, жетік білетін білім алушыны анықтауға болады (яғни, осы тақырып бойынша жақсы білім көрсететін маңғаздың табылуы).



Навигациядағы бейімдік көмек

Навигациядағы бейімдік көмек технологиясының мақсаты білім алушыға гиперкеңістікте көрінетін сілтемелерді өзгерте отырып, бағдар мен навигация беру арқылы көмек көрсету болып табылады. Жүйенің жеке жағдайында пайдаланушыға келесі сілтемені таңдауда жеңіл болу үшін ағымдағы беттегі сілтемелері іріктеп, ішінара сілтемелерді жасыруы мүмкін. Навигациядағы адаптивті қолдау (НАҚ) гипермедиа контексінде адаптивті жоспарлаудың қосымшасы ретінде қарастырылуы мүмкін. Ол білім алушыға оқытылатын материалдан «оңтайлы жолды» табуға көмектесетін тапсырманы шешуге қатысады. Бұл уақытта навигациядағы адаптивті көмек білім алушыны дәстүрлі адаптивті жоспарлауға қарағанда азырақ бағыт береді. Ол білім алушыны келесі тапсырманы орындау үшін немесе тапсырманың келесі фрагментін зерттеу үшін жанама түрде бағыттайды [4].



Білім берудегі компьютерлендірудің өзектілігі мына факторлармен түсіндіріледі:

  • Білім алушыны қазіргі қоғам сұранысына сай өзінің  өмірлік іс әрекетінде дербес компьютердің құралдарын қажетті деңгейде пайдалана алатындай жан-жақты дара тұлға ретінде тәрбиелеу.

  • Білім алушылардың коммуникациялық техниканың құралдарын пайдалану дағдысын қалыптастыру.

  • Білім алушының шығармашылық қабілетін, экспериментальды іскерлігін дамыту.

  • Компьютерді жекелеген пәндерде оқыту құралы ретінде пайдалана отырып, оқу тәрбие үрдісінің барлық деңгейін жетілдіру, тиімділігі мен сапасын жоғарылату.

Қорытынды. Еліміздің қоғамдық-әлеуметтік дамуында қазіргі уақыт сұранысына орай компьютерлік оқыту технологиясының алатын орны күн өткен сайын артып келеді. Компьютерлендіру – білім алушыны субьект дәрежесіне көтеретін, жеке тұлға ретінде дамытуға игі ықпал ететін, оның өз бетімен білім іздеуіне мол мүмкіншіліктер беретін білім беру әрекетінің жүйесі. Компьютерлік, ақпараттық техника мен технологиялар ақпараттандыру мен жаһандану кезеңінде білім алушылардың танымдық әрекеттерінің артуына, білім мазмұнындағы негізгі компонент оқу пәнін тереңірек меңгеруге себін тигізеді.

Сондықтан, мұндай технологияларды қолдану білім алушының дамуына өте қажет деп ойлаймыз.

ӘДЕБИЕТТЕР




  1. Karampiperis P., Sampson D. Adaptive Learning Object Selection in Intelligent Learning Systems // Journal of Interactive Learning Research. - 2004.-No. 15.-Pp. 389-409.

  2. Zaitseva L., Zakis. J. D. Course development for tutoring and training systems in engineering education // Global Journal of Engineering Education. - 1997. - Vol. 1, No.3. - Pp. 333 - 340.

  3. Brusilovsky P. Adaptive and Intelligent Technologies for Web-based Education // International Journal of Artificial Intelligence in Education. – 2003. Vol. 13, No. 2-4. - Pp. 159 - 172.

  4. Зайцева Л. В., Буль Е. Е. Адаптация в компьютерных системах на базе структуризации объектов обучения // Образовательные технологии и общество. - 2006. - Т. 9. - № 1. - С. 422 - 427.

Кілттік сөздер: Компьютерлендіру, технология, бейімдік технология, компьютерлік оқыту жүйесі, бейімдік үйретуші жүйе, бейімдеу.


ОӘК 001:378



Салғараева Г.И., Дархан Н.Д. Оқу жүйесін компьютерлендіру мақсатында бейімдеу технологиясын пайдаланудың ерекшеліктері  //ҚазККА Хабаршысы. – Алматы, 2014. – №1 . – С.

Бұл мақалада электронды оқу курстарын қалыптастыруда қолданылатын компьютерлік оқыту жүйесі қарастырылған. Және де осы компьютерлік оқыту жүйесіне бейімдеу технологиясын енгізу мәселесі, оқыту жүйелілігінің құрылуы, мәліметтердің адаптивті көрсетілуі, шешімдердің интеллектуалды талдануы, тапсырманы шешуде интерактивті көмек, навигациядағы адаптивті көмек, мысалдар негізінде тапсырмаларды шешу, біріккен адаптивті көмекке бейімделу технологиялары қарастырылған.

В статье рассмотрены компьютерные системы обучения для применения электронных учебных курсов. Также рассмотрены проблемы адаптации и введения этой технологии в систему компьютерного обучения, построение последовательности обучения, адаптивное представление информации, интеллектуальный анализ решений, интерактивная поддержка решения задач, адаптивная поддержка в навигации, решение задач на примерах, адаптивная поддержка сотрудничества.

The article describes the computer system of training for the application of e-learning courses. Also considered problems of adaptation and the introduction of this technology in computer training, construction of the sequence of learning, adaptive presentation of information, intelligent solution analysis, interactive problem solving support, adaptive navigation support, problem solutions on examples, adaptive collaboration support.



Авторлар туралы мәлiмет:
Салғараева Г.И. – тех.ғ.к., профессор, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Физика-математика факультеті, Информатика және қолданбалы математика кафедасының меңгерушісі.

Ұялы тел: +7 701 670 55 53, Жұмыс тел: 2 33 18 41, e-mail: gulnaz_sal@mail.ru

Дархан Н.Д. – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, 6М060200-Информатика мамандығының 2-курс магистранты.

Ұялы тел: +7 775 272 50 20, e-mail: nurjanat9090@mail.ru

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет