Плутарх (б.з.б.45-120) Перикл кезеңінде дүниеге келген көркем ескерткiштi дәріптеп, былай дейді: «Бұл заманда ұлылықта, қарапайымдылық пен сұлулықта теңдесi жоқ туындылар жаратылды. Бұлардың әрқайсысының сұлулығы оларға көз тастаған адамның назарында бейне осы туындылар өзінің нәзіктігін, нақтылығын ғасырлар бойы сақтай отырып, тарих көшінен жеткен аманат сияқты көрінеді» [32,356].
Бірақ Афинаның бұл салтанаты ұзаққа созылмады. Афина мемлекеті мен Пелопоннес одағы арасында басталған соғыс (б.з.б.431-404) бұл қаланы, сонымен бiрге бүкіл Грекияны үлкен апатқа алып келді. Пелепоннес соғысына барша грек жұрты мен шет елдер де (Македония, Парсы) қатысты. Эллада жерін бойлай 27 жылға созылған өзара қантөгістер нәтижесінде грек мемлекеттерінің экономикалық және саяси дағдарысы күшейіп, мемлекет тұтасымен күйзеліске ұшырайды. «Ұзаққа созылып кеткен бұл ұрыс кезiнде,
- деп жазды Фукидид [1,23], - Элладаның басына бұрын-соңды болмаған қиыншылықтар түсті. Шынымен де ешқашан осынша көп қала қолдан кетіп, ойран болмаған... соғысқа байланысты, яғни өзара қырғын ұрыстар кезінде де мұндай көп адам қуғындалып, көп қан төгілген жоқ еді... Мұнан тыс, тосаттан болған жер сілкінісі... құрғақшылық және оның зардабы, аштық, үлкен апаттарға алып келген жұқпалы аурулар... Бұлардың барлығы соғыс келтірген зардаптарға қосымша болды».
Афина мемлекетін, сонымен бірге, бүкіл Элладаны апатқа алып келген тағы бір себеп, Афина мен оның одақтастары ортасындағы қатынастар болған. Парсы соғысы кезінде дұшпанға қарсы бірлесе күресу мақсатында Афинаның жетекшілігінде туған ірі грек мемлекеттерінің одағы алғашында барлық одақтастардың тең құқықтылығы негізінде құрылған болатын. Бірақ дұшпанды жеңген соң, бұл одақтың мүшелері соғыстан кейiн күшейіп кеткен Афинаға тәуелді болып қалды. Афинаны Грекиядағы құдіретті мемлекетке айналдыруды мақсат еткен Перикл одақтастарынан ақша есебінде алынатын салықты көбейтеді (мәселен, одақ құрылған кезде жылына 460 талант, яғни алтынмен бір миллионға жуық ақша
салық алынған болса, Пелепоннес соғысы уақытында бұл бара- бара 1300 талантқа жетеді) және оларды қалаған жеріне жұмсайды. Афинадағы биік ғимараттар да одақтастардан жиналған салықтар есебінен салынды. Периклдің мұндай әрекетіне ызаланған одақ мүшелері Афинаны «тапқан-терген ақшасына опа-далап алатын жеңілтек әйелге» теңейді. Бұл да жетпегендей, Афина мемлекеті тек парсыларға қарсы соғыстарда ғана емес, тіпті Грекияның басқа мемлекеттерімен болатын өзара ұрыстарда қатынасуы үшін де одақтастардан жаңадан-жаңа әскерлер беруді талап етеді. Афина мемлекетінің озбырлығы барған сайын күшейіп, одақтастардың ішкі істеріне де араласа бастайды, бақылап отыру үшін өз халқының бір бөлігін көшіріп әкеліп, одақтастардың жеріне орналастырады. Міне, осы зұлымдық пен әділетсіздіктерге наразылық білдірген, яғни одақтан шығуға ұмтылған мүшелерді «басқалар қорықсын» деген ниетпен, афиналықтар аяусыз жазалап отырды. Алдын әлсін- әлсін болып тұрған наразылықтар, соғыс уақытында тіпті өршіп кетті. Б.з.б. 404-жылы Афина мемлекеті жеңіліске ұшырағаннан кейін бұл одақ толығымен ыдырады.
Афина демократиялық мемлекетінің құлауындағы ең басты себеп, әрине, оның ішкі әлеуметтік-саяси жағдайы болды. Афина демократиясын әңгімелегенде мына нәрсені ескеру қажет, бұл демократия Афина мемлекетіндегі барша халыққа тегіс еркіндік берген демократия емес, ал құлдық негізге құрылған демократия еді. Афина азаматының пайдаланған құқығынан мемлекет халқының көп бөлігін құраған құлдар мен метектер (яғни басқа жерден келген келімсектер) және әйелдер мақұрым қалған еді. Грек мемлекеттері мен Афина үкіметінің экономикалық жетістігі құлдықтың өсуіне тәуелді болған. Құлдардың көбеюі олардың жағдайының күннен- күнге ауырласып баруына, мемлекет экономикасының дағдарысқа түсуіне жағдай жасады.
Б.з.б. V-IV ғасырлардағы грек тарихы оқиғаларға өте бай, әрі мазмұнды дәуір. Міне, осы ұлы өзгерістерге байланысты Афина мемлекетінде туған маңызды саяси және философиялық проблемалар әдебиетке мол тақырыптар ұсынып, одан түрлі мәселелерді шешуді талап етеді. Мұндай ұлы оқиғалардың енді ескі лирикалық өлеңдер аясына сыймайтындығы анық еді. Поэзия әдебиеттің әрқашан да негізгі түрі болып келгенімен, жаңа өмір жағдайларында оның қанаты кең жайылады, мүмкіндіктері
шексіз арта түседі. Бұрынғы поэзия көбінше билеуші топтардың мүдделеріне бағындырылып, кейбір жекелеген адамдардың көңіл- күйін суреттеген болса, демократиялық дәуірдегі аттика әдебиеті Афина азаматтарына қарай бет бұрып, заманының әлеуметтік-саяси талаптарын қамтыған маңызды мемлекет мәселелерін шешуге ұмтылады. Бұл мәселелер арасында ең маңыздылары – мемлекет пен халық ортасындағы, кейбір адамдар мен ұжым ортасындағы қатынастарды, проблемаларды шешу, сол дәуірдегі адам баласының міндеттері мен идеялық бағытын айқындау, оған жол көрсету. Халық мүддесіне жақындық, өзектілік, заманагөйлік, адамсүйгiштік – аттика әдебиетінің негізгі ерекшеліктері болды.
Достарыңызбен бөлісу: |