Оқушыларды азаматтыққа және патриотизмге тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық аспектілері



Дата15.06.2016
өлшемі331.5 Kb.
#137798
ӘОЖ 541.124


Оқушыларды азаматтыққа және патриотизмге тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық аспектілері

Аппасова Еркежан Жиенбайқызы



Алматы облысы Талдықорған қаласы

14 орта мектеп-гимназиясы бастауыш сынып мұғалімі.



e.appasova@mail.ru

Білім берудің негізгі бағыттарының бірі тәрбие жұмысы болып табылады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», − деп көрсеткен болатын.

Қазақстандықтардың алдында тұрған аса маңызды міндет − «Mәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру. Оның іргетасы мектепте қалануы тиіс. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін мектептерде мақсатты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар оқыту процесінің тәрбиелік мәнін күшейту қажет.

Оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қазақстандық патриотизмді және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын өмірде жүзеге асыру ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған.

Оқушыларды азаматтыққа және патриотизмге, рухани-адамгершілік және көшбасшылық қасиеттері бар азамат және патриот қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының мейрамдарын: Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізу іс-шараларын кең ауқымда ұйымдастыру қажет екндігі барлығымызға аян.

Тәуелсіз Қазақстан үшін жалпы адамзаттық мәселе, рухани бай тұлғаны қалыптастыру мәселесі өзекті сипатқа ие болып отыр. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік-рухани қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеу үшін, жалпы адамзаттық құндылықтарды, азаматтыққа және патриотизмге тәрбиелеуді, адамгершілік ұстанымдарды, әділдік пен өзара көмекті ғұмыр бойы мұрат тұтуға бет бұруы қажет.

Болашақ  ұрпақтың  тәрбиелі, мәдениетті  де  білімді  болуы, ең  алдымен,  ата-анадан, отбасы-ошақ  қасынан  басталмақ. Өзімізді өзіміз тануды  халқымыздың алуан  түрлі дәстүрлерін: психологиялық, педагогикалық, әдептілік, физиологиялық бала тәрбиелеу ерекшеліктерін біліп, меңгеріп  отыруымыз  қажет. Ш. Айтматов: «Ешбір  халық өзінің тарихи тамырынан ұзап  кете  алмайды, жақсы болсын, жаман болсын, өзінің тарихымен бірге  болады» десе, М. Жұмабаев: «Әрбір тәрбиеші сөз жоқ ұлт  тәрбиесімен таныс болуға тиісті және әрбір  ұлттың баласы өз ұлты үшін қызмет ететін  болғандықтан, бүкіл  тәрбиені сол ұлт  тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті» дейді.

Тәрбиелеу дегеніміз-халықтың ғасырлар бойы жинап, іріктеп  алған тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас  ұрпақтың  бойына сіңіру, бала қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын, өнерге деген көзқарасын  және соған мінез-құлқын қалыптастыру.

Ата-аналар  мен  біздің яғни мектептің  басты  мақсаты–дені  сау, ұлттық  сана  сезімі оянған, рухани  ойлау  дәрежесі  биік,  мәдениетті, иманды, инабатты, еңбекқор, іскер, ұлтжанды, бойында  басқа  да игі  қасиеттер  қалыптасқан  жеке  тұлғаны  тәрбиелеу. Мұндағы  отбасында  берілетін  тәрбиенің рөлі  зор. Себебі  отбасы-таным  бесігі, отбасы-өркениет ошағы, отбасы-үлгі-өнеге  бастауы». Баланың  адамгершілігі  мол, тәрбиелі, парасатты  болып  шығуы  үшін  отбасындағы  татулық  пен   үйлесімділіктің  болуы  ерекше  маңызды. Әкеге  қарап ұл өсер, шешеге  қарап  қыз  өсер»  дейді  халық  даналығы.

Сондықтан  әке  де, шеше де балаларымен  әңгімелескенде  жандүниесіне  үңіліп, пікірімен санасып  отырғаны  абзал. Бала  алдында  әке мен шеше, үй ішінің  үлкендері  үнемі  әдептілік  танытқаны  жөн. Отбасының  негізгі  міндеті-баланы  еңбекке, адамдар  арасында  өмір  сүре  білуге  үйрету. Ал  даналар  сөзі  ұрпақ  үшін  тек  танымдық  дүние  ғана  емес,  ол  ата-аналар  үшін  де  ақсап, сусап  оқитын  тәлімдік, тәрбиелік  өнеге.

Отбасы-адамзат  бесігін  тербеткен  ұя  болса, баланың  бас  ұстазы-ата-ана. Сондықтан  бала  мектеп  табалдырығын  аттағанға  дейінгі  оның алғашқы ұстазы-ата-анасы. Отбасы  мектеппен  бірлесіп  оқу-тәрбие  үрдісінің  табысты-табыссыз  болуын  анықтайтын  тәрбиелеуші  орта  факторларының  маңызды  кешенін  туғызады.

Тәрбиелі білім-қазына, тәрбиесіз  білім-қасірет екендігі  баршамызға  мәлім. Сондықтан  кез-келген  сатыда  тәрбиелі  білім  беру-міндетіміз. Тәрбие  жұмысын  ұйымдастыру  барысында  ұлттық  салт-дәстүр, рухани  адамгершілік  құндылықтарын  дамыта  тәрбиелеуді  ұстанамыз. Бала  тәрбиесі  бір күндік  немесе бір уақытта  аяқталатын  әрекет  емес, тәрбие  отбасынан  басталады, мектеппен  бірге  қайнасады, өмір  бойы  жалғасады. Мектептің  ұйымдастырушы  тәртіп  орталығы  ретіндегі  қызметінің  ең  маңызды  бағыттарының  бірі- мектептің,  отбасының  және  жұртшылықтың  күшін  біріктіру. Мектеп  балалар  тәрбиесі  мен  отбасы  тәрбиесін  педагогикалық басқарудағы  тікелей  іске асыратын  маңызды  әлеуметтік  институт  болып  табылады. Жас  ұрпақты өмірге  дайындауда  жаңа  сапалық  белгілер  қалыптасып, дербестік  дамыту, кәсіптік  бағдар, білім  алу және  өздігінен  білім  алу, қабілеттерді  анықтау  және  дамыту сияқты мәселелерге  ерекше  маңыз  бере  бастады. Мектептің  және  отбасының  тәрбиелік  қызметінің  біртұтастығы  мектептің  мақсатты  түрде  жүргізген  жүйелі  жұмыстарының  нәтижесі. Өтілген тәжірибелік жұмыстың нәтижесін айтатын болсақ, балалар тәрбиесіндегі мектеп пен отбасы ынтымақтастығын орната отырып, біздің мектепте сынып жетекшілерінің, педагог-психологтың  ата-аналармен бірге көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Жаңа ғасырлардың белесінде өзінің 20 жылдық тарихына табан тіреген қазақ елінің патриоттардың мекеніне айналуы өзгеге үлгі, өзімізге медеу. Балқыған жас баланың бойына,  қанына, сүйегіне ұлт рухын сіңіріп, ел рәміздерін құрметтейтін «Қазақстан азаматы» деген атқа лайық болатын отансүйгіш, азаматтық ұстанымы басым болашақ жас ұландарды тәрбиелеу басты міндет.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік пен мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға, Қазақстан халқының рухани-мәдени топтасуын, сабақтаса және ілгерілей дамуды қамтамасыз етуге бағытталған  «Қазақстан- 2030»  Жолдауында «біздің балаларымыз бен немерелеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» деп нақты көрсеткен болатын.

Тәуелсіздік – әрбір мемлекеттің ерекше белгісі, тұрақты қасиеті десек, ал бостандық азаттық пен еркіндік сол мемлекеттің әрбір мүшесінің асқақ арманы мен өмір сүру тәсілі екені белгілі. Азаматтық тәрбие—азаматтықты адамға өзін-өзі заңды, әлеуметтік, ізгі және саяси әрекетке қабілетті сезіну мүмкіндігін беретін тұлғалық интегративтік қасиет ретінде қалыптастыруы.

Азаматтық тәрбиенің негізгі идеялары  Ю.П.Азаров,Ш. А. Амоношвили, А.А.Аронов , Н.И.Аполлонов, А. В. Беляев, О.С.Газман, В.П.Киселев, Б.Т.Лихачев т.б. ғалымдардың еңбектерінен көрініс тапты. Азаматтық  тәрбиелеудің мазмұнын мұғалімдерідің және ата-аналардың патриоттық тәрбиелеу ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру адамгершілік мәдениет бойынша жұмыстары құрайды делінген.

Бала бойында азаматтық және патриотизмді қалыптастыруда мектеп пен отбасының арасындағы қарым-қатынастың алатын орны ерекше.

Баланың алғаш бастапқы тәрбие мектебі алтын бесік — отбасы болса, екіншісі, алтын ұя — мектебі. Бұл екі ортаның да мақсат- мүддесі ортақ. Отбасы, ата-ана адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып жетілдірсе, адам бойындағы бар игі қасиет мектеп қабырғасында қаланады. Бұл киелі жерде қызмет ететін мұғалім мен ата- анаға жауапкершіліктің үлкен жүгі артылған.

Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы-ақыл, ғылым, жақсы ата- ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп көргендікпен ой түйген. Бала өміріне қажетті тәлім-тәрбиенің іргетасы ата-ана арқылы отбасында қаланады.

Отбасы – адам тәрбиесі үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасының басты қызметі – бала тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі.

Мектеп қызметі қазіргі заман талабына сай толық өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру үшін тұлғаға бағдарланған болуы тиіс. Демек, оқушыны өзін-өзі дамытатын мәдениет адамы ретінде қарастыратын балаға деген құндылық қатынас орнату керек. Оқушы өзін басқалардың арасынан шығарып, бөлек қарамайынша, өз өмірінің мағынасын, өзін-өзі жете түсінбейінше, толыққанды білім алып, дамуы мүмкін емес.

Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, қоғам мен мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды. Бала тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы отбасы. Тәрбие – алдын ала жасалған арнаулы жоспар бойынша мақсаты бағыттала және ұйымдастырыла жүргізіледі. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы – ата-ана. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі оның алғашқы ұстазы – ата-анасы. Отбасы мектеппен бірлесіп оқу-тәрбие үрдісінің не табысты не табыссыз болуын анықтайтын тәрбиелеуші ортаның факторларының маңызды кешенін туғызады.

Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекші негізгі рөл атқарады. Жалпы білім беретін мектептегі сынып жетекшісі – сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруымен, үйлестірумен және өткізумен айналысатын педагог. Бұл сынып ұжымындағы әр алуан тәрбиелеудің түрлері арқылы мектеп пен бала арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырып, әр оқушының жеке өзіндік ерекшеліктерін көрсете білуіне жағдай жасап, өз қызметін оқу тәрбие жұмысының бірыңғай жүйесінде жүзеге асыратын өз ісінің шебері.

Педагогикалық тәжірибеде оқушылар ата-аналармен мектеп пен сынып жетекшісі жұмысының түрлі қызметі анықталған.

Мектеп және отбасының қарым-қатынас принциптеріне тоқталатын болсақ. Тек өз күштерін біріктіру арқылы ғана мектеп пен отбасы өздеріне жүктелген егемен Қазақстанның болашақ азаматтарын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін абыроймен орындап шыға алады.

Қазіргі мектеп отбасының қолдауына бұрынғыдан да күштірек мұқтаж, бұл жерде сөз терең түсіністік пен өзара құрметке құрылған серіктестік жайында болып отыр. Педагогтың ата-аналармен жұмысы ынтымақтастық болмайынша, ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісіне белсенді тартпайынша мүмкін емес.

Мектеп пен отбасы қарым-қатынастарының принциптері:


  • өзара сенім мен құрмет;

  • өзара қолдау мен көмек;

  • бір-біріне төзімділік пен шыдамдылық таныту.

Бұл педагог пен ата-аналарға балаларда өзін-өзі тани білу және таныта білуге қажетті сапалар мен қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік жасау үшін күштерін біріктіруге көмектеседі.

Өзара қарым-қатынастағы сынып жетекшісінің негізгі функциялары:



  • ата-аналарды мектеп ұйымдастыратын оқу-әдістемелік процестің мазмұнымен және әдістемесімен таныстыру;

  • ата-аналарды психологиялық-педагогикалық жағынан хабардар ету;

  • ата-аналарды балалармен бірге жасалатын әрекеттерге тарту;

  • жекелеген оқушылардың отбасындағы тәрбиесіне түзету енгізу;

  • ата-аналардың қоғамдық ұйымдарымен қарым-қатынаста болу.

Педагогтардың, ата-аналар мен балалардың бірлескен әрекеті табысты болу үшін барлығы да бірлескен іске оң көзқарас танытып, ұйымдаса-бірлескен жоспарларды жүзеге асырып, ол әрекеттің қорытындысын шығарып отыруы тиіс. Қарым-қатынас балаға бірыңғай талап қою, бірлескен әрекеттерді ұйымдастыру баланың отбасындағы және мектептегі жүріс-тұрысын зерттеу, оның даму бағдарламасын жасаудан да тұрады.

Мектептің тәрбие жұмысын негізге ала отырып, тәрбие жұмысының 8 бағыттарын жүзеге асырып келемін.

І. Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие

ІІ. Рухани- адамгершілік тәрбие беру

ІІІ. Ұлттық тәрбие

ІV. Отбасы тәрбиесі

V. Еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие

VІ. Зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениет тәрбиесі

VІІ. Көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие

VІІІ. Дене тәрбиесі, салауатты өмір салты

Мектепте, сыныбымда тәрбие жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырады. Атап айтсам, Білім күні «Менің Отаным-Қазақстан!», «Оқушылардың тәртіп сақтау ережелері», «Қазақ батырлары жырлайды!», «Мен және менің міндеттері, құқықтарым», «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар», «Мемлекеттік рәміздері ұлттық мақтанышымыз», «Қарттар күні», «Ана тіліңді құрметте», «Туберкулездің алдын алу», «Тұмаудан сақтанайық!», «1желтоқсан-Тұңғыш Президент күні», «Әз Наурыз!», «Отанымыздың Ұландары», «9 мамыр-Жеңіс күні», Тарихи-өлкетану музейіне бару. Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтың біздің мектептің түлегі және туған жері Талдықорған қаласының «Өтенай» ауылының тұрғыны екенін мақтанышпен айта аламын. Биыл қазан айында қазақ халқының үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов туған жеріне, өзі оқыған, яғни біздің мектепке кездесуге келіп оқушылармен сұхбаттасты. Осындай мағыналы кездесулерден кейін оқушылардың бойында Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі мен құрмет сезімі арта түсті. Кез-келген оқушыдан сұрай қалсаңыз «Мен Айдын Айымбетов аға сияқты ұшқыш боламын» деген бала арманын ести аласыз. Сонымен қатар Қазақ хандығының 550 жылдығын, айтулы шараларды тойлау жоспарын қарастыру барысында менің 3Г сыныбымда «Қазақ батырлары жырлайды!» атты тәрбие сағатын өткіздім. Мақсатым: Оқушыларға қазақ халқының хан мен батырларын таныстыру. Еліміздің батырлары мен хандарын танып білу.Отанын, елін-жерін сүйетін, құрметтейтін, жаудан қорғайтын нағыз қазақ баласын тәрбиелеу. Себебі, Қазақ халқының тәуелсіздік үшін көп ғасырлық күрес жолында ұлы жеңістер мен ауыр жеңілістер болды. Осы үздіксіз күрестің тарихи тәжірибесі «Мәңгілік Ел» өзекті идеясының маңыздылығын – халықтың бірлігін дәлелдейді. Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын тойлау – өткен, осы және келер шақтың мирасқорлығын және ұрпақтың бабалардың алдындағы қазақи мемлекеттіліктің қайнар көзі.  

«Тарих – халықтың жады мен зердесі. Ендеше, «Өткенді білмей болашақты болжау мүмкін емес». Шынайы ел тарихын білу арқылы тарихи сана бекиді, тарихи сана арқылы ұлттық сана қалыптасады. Бұл түптеп келгенде тәуелсіздігіміздің баянды болуының кепілі. Дамыған елдер үшін де тарих тәрбие құралы.

«Мәңгілік Ел» – бұл бір ғана мерзімде болып өтетін науқандық ұғым емес. Оның бастау көзі сонау ата-баба ат артып, әлемдік дамуға бет алған кезеңдегі ұлт келешегінің биік мұратын, бағыт-бағдарын айқындайтын рухани құбылыс екендігі даусыз. Менің өзекті мәселем: «Әдебиеттік оқу сабағында оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыру». Тақырыбымды негізге ала отырып, сыныптағы оқушыларыма әдебиеттік оқу хрестомариясынан шығармашылық ізденіс жұмысы ретінде алдын-ала Несіпбек Айтовтың 29-37 беттеріндегі «Қабанбай батыр» жырын жаттауды тапсырдым. Дей тұрғанымен оқушылар бірден жұмысқа кірісе қоймады. Мен кезекті әдебиеттік оқу сабағы кезінде үй тапсырмасын сұрау барысында жырды сұрап отырдым. Осыдан кейін барып оқушылар бұл тапсырмаға өте белсенді қатыса бастады. Тіпті балалар өзара бәсекеге түсіп «Кім көп шумақ жаттар екен?» деген пікірлер қалыптасты. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып суырылып шыққан оқушы Рысбек Бекасыл бас жүлде (34 шумақ), Темешова Сабина, Рамазанұлы Мұхитдин (24 шумақ), Асетқызы Амина (20 шумақ) және т.б. оқушылар жүлделі орынды иеленіп марапатталды. Тәрбие сағатына қатысқан ата-аналар мен ұстаздар, оқушылар қуанышты түрде үлкен әсермен тарқасты.

Педагогтардың отбасымен қарым-қатынас сипаты жіктелімді болып келеді. Сынып жетекшісі барлығына бірдей қарым-қатынас формасын артпайды, ата-аналардың қажеттіліктеріне, сұраныстарына, отбасылық тәрбие ерекшеліктеріне бағдарланады, ата-аналарды мектеп, сынып істеріне араласытыруда асқан төзімділік танытады. Отбасымен жұмыс жасаудың негізгі формалары-топтық және даралық болып бөлінеді.

Даралық формалары: бала тәрбиесі мәселелеріне байланысты әңгімелесу, кеңес беру, отбасына бару.

Топтық формалары: ата-аналар жиналысы, ата-аналар клубы, ата-аналар дәрісханасы, ата-аналар білімі, жекелеген тәрбие мәселелеріне арналған конференциялар (медиктермен, психологтармен, заңгерлермен) кездесулер.

Отбасы мен мектептің қарым-қатынасы мектеп өмірінің барлық кезеңдерінде маңызды, дегенмен бастауыш мектептерде ол әсіресе өзекті. Бұл кезде бала әлі отбасымен тығыз байланысты ол әлі өзінің сезімін, өзінің тәртібін басқара алатындай қабілетке ие бола қоймаған, өзінің мінез-құлқымен еріксіз мектептен өзіне керегін іздеуге тырысатын кезі.

Оқушылардың  азаматтылығын қалыптастыру үшін мектеп отбасының өзара әрекетін ұйымдастыруды ғылыми-теориялық  және әдістемелік тұрғыдан негіздеу қажет деп санаймыз.

Ол үшін:


  • бастауыш сынып оқушыларының азаматтығын қалыптастырудың педагогикалық-психологиялық алғышарттарын айқындау;

  • бала бойында азаматтық пен патриотизмді қалыптастырудағы мектеп пен отбасынағы өзара әрекет ету моделін жасап, тәжірибеде тексеру.

Бала тәрбиесі себеп-сылтау іздеуге төзбейді. Оны жүргізу үшін педагогикалық ұжымның кәсіптік бірлігі, ата-аналардың сапалы көзқарастары және осы ұстанымға негізделген мектеп пен отбасы арасындағы тығыз байланысқан одақтың жұмысы нәтижелі болды десек, қателеспейміз. Демек, отбасымен мектеп тығыз байланысқанда, бірігіп жұмыс істегенде ғана оқу-тәрбие жұмысы оң нәтиже берері сөзсіз.

Өз ойымызды қорытындылай келе, бала бойында азаматтық пен патриотизмді қалыптастыруда мектеп пен отбасы қарым-қатынасын үздіксіз, дұрыс пайдаланғанда ғана, ізгілікті тәрбиенің негізі қаланып, жұмысымыздың ілгері жылжуына септігін тигізеріне сеніміміз мол.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 


  1. Құттыбаева С.Ж. Қазақстандық патриотизм мен толеранттыққа тәрбиелеу-мұғалімнің басты

борышы. // Тарих Қазақстан мектебінде. — №4. — 2010.

  1. Назарбаев Н.Ә.»Қазақстанның болашағы-қоғамның идеялық бірлігінде”Алматы, 2000.

  2. «Тәрбие құралы». Республикалық ғылыми — педагогикалық журнал № 5, 2009 жыл

  3. Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. № 1, 2007 жыл

  4. Бегалиев Т.Б. Педагогика. Қысқаша лекциялар курсы. Тараз, 1999.

  5. Милько О.Е. Патриотическое воспитание среди факторов формирования патриотизма.

Смоленск, Универсум, 2005 г.

  1. Ж.Б.Қоянбаев., Р.М.Қоянбаев. Педагогика. Астана: «ЕАУ», 1998 ж. 378б

  2. Б.И.Иманбекова.Тәрбиеге жетекші: - Алматы, 2004. – 224 бет. [145-146 б.]

  3. Н.Б.Қазбекова., Сынып жетекшісінің анықтамалығы. 2011. № 7 (31).




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет